Схоластикалық философия — Философия — Рефераты на казахском языке — Библиотека
Патристикалық философия христиан дінінің негізгі қағидаларын жүйеге келтіріп, XI ғасырға қарай діни философияның екінші сатысына өтуге жағдай жасады. Патристиканың мистикалық жағы жаңа жағдайда көп ойшылдарды қанағаттандырмай, Тертуллианның жоғарыда келтірген нақыл сөзі басқаға «credo ut intelligam» (сенемін — түсіну үшін) ауысады.
Құдайға сену бұрынғыдай бірінші орында болса да, қазір одан кейін білім қойыла бастайды. Негізгі мақсат — құдіретті аян арқылы берілген ұғымдардың мазмұнын анықтау, ақыл-ой елегінен өткізу, бір-бірімен үйлесімді түрде ұштастыру т.с.с.
ХІ-ХІІ ғасырларда алғашқы рет универсалиялар (жалпы ұғымдар) жөнінде қарама-қарсы тұрған екі бағыт — номинализм және реализм пайда болды (realis — лат. сөзі, шындық, заттық; nominis — лат. сөзі, затқа қойылған ат).
Схоластиканың пісіп-жетілген уақыты XIII-XIV ғасырларда. Негізгі идеялар университеттерде шыңдалады. Негізінен алғанда, бұл уақытта платонизмның негізгі идеялары сыртталып, аристотелизм оның орнына келеді.
Схоластиканың соңында (XV ғғ.) сенім мен ақыл-ойдың үйлесімді болуына күмән келтіріліп, бірте-бірте «екі ақиқат» ілімі тарала бастайды.
Бүкіл схоластика шынайы өмірмен байланысы жоқ, өткен ғасырлардан жеткен кітаптардағы ой-пікірлерді зерттеп, солардың ашылмаған сырын табуға бағытталған философия болды. Сондықтан жаңа заман келіп, «тәжірибелік білім» етек жайған кезде, «схоластика» деген ұғым теріс мағына алып, мазмұны жоқ, өмірден алшақ, бос сөз ретінде қаралып және бүгінгі өмірде де солай түсініледі.
Схоластиканың алғашқы кезде қойған мәселесі универсалиялардың табиғаты (universalis — лат. сөзі, жалпы) жөнінде болды. Бүгінгі таңда универсалиялар деп біз филоофиядағы ең жалпы ұғымдарды айтамыз.
Универсалиялар жөніндегі ілім алғаш рет Плотиннің философиядағы «идеялар» теориясында кездеседі. Плотиннің ойышпа, қайсыбір жалпы ұғымға сәйкес келетін идея бар, олар нағыз болмыс -«идеялар әлемін» құрайды. Жердегі сезімдік заттар болмысын алсақ, олар көптікке жатады, жалпылық өзгеріске түсіп, бөлініп, жеке затта ешқашанда толығынан көрінбейді.
Аристотель танымдағы жалпылық жеке заттардың болмысын бейнелейді деген болатын. Қысқаша айтқанда, универсалия мәселесін Орта ғасырдағы философ Порфирий былайша қойды: «Тек пен түр өзінше өмір сүре ме, олай болса олар дене ме әлде денесіз бе? Егер тек қана ақыл-ойда болса, олар бөлек өмір сүреді, әлде олар сезімдік құбылыстарда ма?»
XI ғасырдың аяғы мен XII ғасырдың басында бұл мәселені шешуде үш ағым пайда болды. Олар номинализм, реализм және концептуализм.
Номинализм (nominis, — лат. сөзі, заттың аты) — схоластикадағы жалпы ұғымдардың болмыстық мағынасын мойындамайтын, олар тек қана ой-өрісте ғана деп санайтын ағым. Номиналистер: «Шын өмірде тек қана заттар өмір сүреді, универсалиялар — жалпы ұғымдар, тек қана заттардың аты, біздің аузымыздан шығатын дыбыстар ғана», — деген пікірге келеді. Осы тұрғыдан олар Құдайдың үш тұлғалығын да қатты сынға алды.
Реализм бағытына келер болсақ (realis — лат. сөзі, шынайы зат), олар номинализмге қарсы бағыталған. «Универсалиялар жалпы ұғымдар, шынайы және адамдардың санасына тәуелсіз өмір сүреді», — деген пікірді ұстайды.
Концептуализм бағыты (conceptus, — лат. сөзі, ұғым): «Жалпы ұғымдар бөлек өмір сүре алмай, болмыстық орны болмағанмен, бірақ олар тек қана заттарға қойылған ат емес, негізінде ақыл-оймен қорытылған заттардың жалпы қасиеттерін бейнелейді», — деген пікірге келеді.
Сонымен концептуализм бір-біріне қарсы тұрған екі бағыттың сыңаржақтығын байқап, универсалия мәселесін дұрыс шешу жолына шығады.
Схоластика философияның пісіп-жетілген кезінде өмір сүрген Орта ғасырдағы аса ұлы тұлғалалардың бірі — Фома Аквинский (1221-1274 жж.). Италия елінде бай ақсүйектердің отбасында дүниеге келген. Неаполь университетінде оқыған. 1256-59 жж. Париж университетінің теология кафедрасын басқарған. Өмірінің соңында ел аралап, Европа университеттерінде лекциялар оқиды. 1323 ж. «әулие доктор» атағы беріліп, шіркеудің бесінші ғұламасы болып есептелген.
Өмірінің және өзінің жазған еңбектерінің түкке тұрғысыздығы Фомаға өлерінің алдында ашылса да, соған қарамастан ол кітаптарын жазуды қоймады. Өзінің көмекшісінің демалыңызшы деген тілегіне: «Жоқ, себебі менің осы уақытқа дейін жазғанымның бәрі қазір менің көз алдыма келген аянмен салыстырғанда күл сияқты», — деген жауабы аңыз болып қалған.
Фома Аквинскийдің негізгі еңбегі «Теология жинағы», «Табиғаттың бастамалары», «Мән мен өмір сүру жайлы» т.с.с.
Ортағасырлық схоластикада Фома Аквинский ең көлемді, жан-жақты Құдайдың болмысын дәлелдеулерін келтіреді. Олар -бесеу.
1. Қозғалыс арқылы дәлелдеу. «Бұл Дүниеде бірдеңе қозғалатынына ешкім күмән келтірмес», — дейді ойшыл. Мысалы, оттың актуальдық жылуы ағаштың потенциалдық жылуының актуальдық жылуына өтуіне, яғни оны өзгеріске, қозғалысқа әкеледі. Бірақ белгілі бір зат бір уақытта потенциалды және актуальды бір қатынаста бола алмайды. Актуальды ыстық зат потенциалды ыстық бола алмайды. Олай болса, бірдеңе бір уақытта қозғалушы және қозғалтушы бола алмайды, яғни заттың өзі — өз қозғалысының қайнар көзі емес. Онда қайсыбір қозғалыс басқа қозғаушы күшті талап етеді, соңғы тағы да басқаны т.с.с. Бірақ оны шексіздікке кетіру мүмкін емес. Олай болса, біз бірінші өзі қозғалмайтын қозғаушы күшті қажет етеміз. Ол — Құдай.
2. Тудырушы себеп арқылы дәлелдеу. Сезімдік заттарға назар аударсақ, біз тудырушы себептердің бірінің артынан бірі келіп отыратынын байқаймыз. Алайда бірде-бір өзін-өзі тудырған затты ешкім көрген жоқ. Олай болатын болса, зат өзінің алдында өзі Дүниеге келер еді, ол мүмкін емес.
Алайда тудырушы себептерді шексіз соза берсек, онда бірінші себеп болмас еді, ол жоқта салдарлар да жоқ болар еді. Ол ақыл-ойға сыймайды. Олай болса, алғашқы Дүниені тудырған себепті мойындау керек. Ол — Құдай.
3. Мүмкіндік пен қажеттілік арқылы дәлелдеу. Біз Дүниеде болулығы мүмкін және мүмкін емес заттарды күнбе-күн көреміз. Бүгін бар, ертең жоқ. Бірдеңе Дүниеге келіп, содан кейін кетеді Мұндай заттардың мәңгілік болмысы жоқ. Бірдеңенің бейболмысқа өтуі мүмкін болса, ол ертелі-кеш оған өтеді. Олай болса, Дүниедегінің бәрі де бір күні жоқ болуы мүмкін. Олай болса, біз шынайы, бейболмысқа өтпейтін мәңгі Құдайды қажет етеміз.
4. Сатылық арқылы дәлелдеу. Біз заттардың ішінен әртүрлі сатыдағы кемеліне, игілігіне, сұлулығына келгендерді көреміз. Дүниедегі заттарды біз бір-бірімен салыстыру арқылы бағалаймыз, бірақ мұның өзі ең кемеліне келген, сұлу, игінің қажет екенін талап етеді. Сұлулықтың, Ақиқаттың, Игіліктің соңғы себебі — ол Құдай.
5. Табиғаттағы тәртіп арқылы дәлелдеу. Табиғаттағы ақыл-ойы жоқ заттардың болмысы белгілі бір мақсатқа лайықтылыққа бағытталған. Ал олардың санасы жоқ болса, олар белгілі-бір сананың, еріктің басшылығымен өмір сүреді деген ойға келеміз. Ол атылған оқты еске түсіреді, бірақ ол оқты жіберген садақшыны естен шығармауымыз керек. Олай болса, бүкіл Дүниеге мақсат берген саналының бар екенін мойындауымыз керек. Ол — Құдай.
Онтология (болмыс) мәселелері
Фома Аквинскийдің болмыстық ілімінің қайнар көзі Аристотельдің «потенция» және «акт» деген ұғымдарына кетеді Потенция (мүмкіндік) дегеніміз ол болуы да, болмауы да мүмкін, шайқалған, тұрақталынбаған, өзгеруге ашық, аяқталынбаған, кемеліне келмеген. «Таза потенциалдық» — ол материя, болмыстың ең әлсіз түрі. Ол тек өзгертіледі, сыртқы әсерлер қабылдайды. Актуальдықты (шындық) алатын болсақ — ол іске асқандық, өмірге кіргендік, аяқталғандық, кемеліне келгендік. Актуальдық -ол форма (бітім), сол арқылы заттар өзінің болмыстық дәрежесіне көтеріледі. Абсолютті актуальды — Құдай, қайсыбір бітімнің қайнар көзі. Олай болса, Құдай — болмыстың өзі де, ал Дүние — болмысқа ие ғана. Тек Құдайда болмыс пен мән-мағына бір-біріне сәйкес келеді, сондықтан ол — таза акт (шындық), өзіне-өзі жеткілікті болмыс. Ал Дүниедегі жаратылғандардың бәрі — өмір сүруге бағытталған ғана. Дүниедегі заттар бұл Дүниеде болуы да, болмауы да мүмкін, ол қажетті емес. «Олардың өмір сүруімен мән-мағынасы толығынан бір-біріне сәйкес келмегеннен кейін, оны бүкіл жаратылған дүниеге таратып, ол болуы да, болмауы да мүмкін еді, онда бұл Дүние мүмкіндік пен кездейсоқтықтан пайда болды», -деген пікір айтады. Фома Аквинскийдің бұл ұлы ойларын талай ғасырлар өткеннен кейін, XX ғасырда ғалымдар растады. Қазіргі Дүние жөніндегі түсініктер бойынша Дүние өзінің ішінде орасан зор потенцияны (мүмкіндікті) сақтайды, соның кішкентай ғана бөлігі кездейсоқтық арқылы іске асады (актуальділікке айналады), потенция-шындықтың толқыны, қай толқын дүниеге айналады, ол кездейсоқпен байланысты. Толық болмыс тек Құдайда ғана болса, жаратылған дүние болмыстыққа қатысады. Сондықтан болмысқа келген заттардың өзінің мән-мағынасын ашудағы, шындыққа айналдырудағы мүмкіндігі зор, олай болса Фома Аквинскийдің философиясы — оптимистік философия. Өйткені біздің бұл Дүниеге келуіміз де, келмеуіміз де мүмкін еді. Бірақ біз бағасы жоқ қымбатты сыйға — өмірге ие болып, көз алдымыздағы болмыстағы таңғажайып құбылыстарға шаттанып қараймыз, өзіміздің ішкі мүмкіндіктерімізді, табиғи дарындарымызды өмірге өткізуге, іске асыруға тырысамыз.
«Адам ақыл-ой иесі болып жаратылғаннан кейін, ол әр заттың ішкі мақсатын, не үшін жаратылғанын біле алады. Сондықтан адамның іс-әрекетінің алдында не істейтінін түсіну жатыр. Жердегі заттар мен адамдар жаратылған Дүниеге жатқаннан кейін (Жаратушы біреу ғана, ол — Құдай), олар әртүрлі сатылық деңгейде болады, ал ақыл-ойға келер болсақ, оның әртүрлі құндылықтарының ішінен өзіне керектерін тандап алуына мүмкіншілігі бар. Ақыл-ойдың осы еріктігінде зұлымдықтың түп-тамыры жатыр», — дейді Фома Аквинский.
Әрине, адам Құдайды, Дүниеде не істеу керектігін – бәрін біледі. Ерікті адам белгілі бір мақсатқа жету үшін өзін-өзі жетектейді. Ол садақшының жіберген оғы, адамдардың ойнайтын әуен құралы емес.
Бірақ Дүниені түсіну мен соған сәйкес іс-әрекет ету — екі түрлі нәрсе. Адам күнәға батқанда, сол өзіне тән еріктіктің негізінде ақиқаттан алшақтап кетуі, тіпті оны ұмытып кетуі мүмкін.
Фома Аквинский Дүниеде үш түрлі заңдар бар дейді. Олар:
1. мәңгілік заң (lex aeterna);
2. табиғи заң (lex naturalis);
3. адамдардың қабылдайтын заңдары (lex humana);
4. Бұлардан оқшау тұрған Қүдайдың аяны бар (lex divina).
Мәңгілік заң — ол Құдайдың ойынан шыққан жоспар, жаратылған Дүниедегі заттардың тәртібі, әрбір зат пен құбылыстың ішкі мақсаты (Аристотельдің тілімен айтқанда — энтелехиясы). Бұл заң тек Құдай мен әулиелерге мәлім. Адам да, әрине, саналы пенде ретінде болмыстың мәнгілік өміріне жартылай қатысты болуы мүмкін.
Табиғи заң адамның ақыл-ойдың иесі ретіндегі жақсылық пен жамандықты айыруынан шығады. «Жақсылыққа ұмтыл, зұлымдықтан аулақ бол» деген қағида — ол табиғаттан шығатын заң Табиғаттың ең биік құндылығы — өмір. Олай болса, адам өз өмірін сақтауы керек, ол табиғи заңға жатады. Табиғи заңға еркек пен әйелдің қосылуы, балаларды тәрбиелеу, басқа адамдармен біргіп өмір сүру, өзара адамдардың бір-біріне көмектесуі, істеген нәрселерімен алмасуы, бәрі де — табиғи, адамның ақыл-ойынан шығатын нәрселер.
Адамдардың қабылдаған заңдарына келер болсақ, олар қылмысқа, зұлымдықтың қайсыбір түріне қарсы бағытталған заңдар. Олар — адамның ақыл-ойының туындылары. Заңда қандай мақсатқа жетіп, оған жету жолында қандай құралдарды пайдалану керектігі көрсетіледі. Егер Августин заңдардың керектігін адамзаттың алғашқы тектік күнәсінан шығарса, Фома Аквинский оны табиғи қажеттіктен шығарады. Адамдардың шығаратын зандары табиғи заңдардан өзінің қайнар көзін бастап, соларға сәйкес келуі керек. Ой арқылы табиғи заңдардан адамдардың құқы құрастырылады. Ал соңғыдан оны нақтылау арқылы азаматтық құқ пайда болады. Мысалы, табиғи заң — өмірдің құндылығы, оны сақтау керектігі. Одан «Өлтірме» деген адам құқы пайда болады. Ал азаматтық құқта нақтылы түрде адам арам пиғылдың негізінде өлтірілді ме, әлде кездейсоқтық жағдайда қаза болды ма, әлде мас адамның іс-әрекетінен өлді ме, зерттелу негізінде әртүрлі жағы қолданылады.
Қайсыбір заң зұлымдық жолына тосқауыл қойып, оны бұзушыларға күш жұмсау, қамау арқылы, қалған адамдардың бейбіт өмірін сақтайды. Сонымен табиғаты бұзылған адамдар заңның күші арқылы, алғашқы уақытта сырттай оның талаптарына көнеді, жүре келе ол әдетке айналады. Мүмкін, олар соңында ізгі адамдарға айналуы да ғажап емес. Олай болса, қайсыбір заң тек қана қоғамды зұлымдықтан қорғау ғана емес, сонымен қатар тәрбиелік қызмет атқарады.
Адам — міні көп, кемеліне келмеген пенде. Заңның керектігі осы іргетасты қағидадан шығады. Адамның барлық кемшіліктерін есептеп оны заң арқылы тежеу мүмкін емес. Ал, бірақ бүкіл қоғамға, басқа адамдарға кеселін тигізетіндерін заң арқылы тежеу керек. Мысалы, адам өлтіру, ұрлық жасау — ол бүкіл қоғамның өміріне қауіп туғызады. Оларға заңдық тосқауыл қойылуы қажет.
Аса көңіл аударатын нәрсе — егер адамдардың шығарған заңы табиғи заңға қайшы келсе, — ол заңдық мәртебесін жояды. Қайсыбір заңның негізінде әділеттік жатуы керек, басқаша жағдайда, біз түгел шарпыған жемқорлыққа келеміз. Мүмкін, бүгінгі кең етек жайып кеткен жемқорлықтың себептерінің ішінде осы да болса керек. Фома Аквинскийдің осы ойлары бізді моральдық, адамгершілік мәселелеріне әкеліп тірейді. Заңның моральдық құндылығы табиғи заңмен байланысты. Әділетсіз заң зорлық-зомбылыққа жеткізеді.
Адам заңы Құдай заңына қайшы келсе, одан үзілді-кесілді бас тарту керек. Тиранияға қарсы көтерілісті де ақтау керек, өйткені одан артық зұлымдық қоғамда жоқ.
Фома Аквинскийдің айтуына қарағанда, монархиядан артық билік формасы жоқ, ол – тәртіп пен мемлекет бірлігінің кепілі. Ең жаман билік формасы — ол тирания, өйткені ол зорлық-зомбылыққа, заңсыздыққа негізделген, қоғамға зұлымдық әкеледі. Бұл билік күшейген сайын, оның зұлымдығы да арта түседі.
Мемлекет адамдарды игілік жолына бағыттап, бұзылған адамдарды тәрбиелеп, ізгілікке сілтейді. Адамдардың жасаған заңдары арқылы қоғам өмірінде тәртіп орнап, адамдар бір-бірімен әртүрлі қарым-қатынасқа түседі.
«…Бірақ мемлекет адамдардың барлық рухани ұмтылысын мақсаттарын өтей алмайды. Табиғи заңдар да, адамдардың жасаған заңдары да оған жеткіліксіз. Сондықтан Құдай адамдарды сүйіп, оларға аянмен берілген зандарды ұсынды (lex divina). Сол себепті адамның басшылыққа алатын заңдарын әрқашанда Библиядағы заңдармен толықтырып отыруымыз керек», — деп қорытады Фома Аквинский.
Фома Аквинский философия тарихында өзінің ерекше ізін қалдырды. Оның сәулелі ойы, мөлдір логикасы, Құдайға деген шын ниеті, адамды сүюі осы күнгі заманға дейін үлгі болып, қазіргі адамзаттың рухани өміріне әсерін тигізуде.
Уильям Оккам ілімі
Орта ғасырдағы ой-пікірдің көрнекті өкілдерінің бірі Уильям Оккам (1280-1349жж.) Оксфорд университетін бітірген. Негізгі еңбектері: «Логика жинақтары», «Құпиялықтар жөніндегі трактат», «Сұхбаттар» т.с.с.
Егер Фома Аквинский схоластикалық философияда өзінің ең биік шыңына жетсе, Уильям Оккамнан бастап, оның тек құлдырауы басталады. Біріншіден, сенімнің ақыл-ойдан дербестігі оларды бір-бірінен ажыратады. Уильям Оккам сенім мен ақыл-ойды бір-бірінен айырып алыстатуға тырысады.
Логикаға негізделген ақыл-ой сезімдік дүниені тануға мүмкіндік береді, оларды тексеруге, дәлелдеуге болады.
Сенім акиқаттарына келер болсақ, оны ақыл-ой арқылы түсіну де, дәлелдеу де мүмкін емес. Аян ақиқаттарын біріктіретін логика емес, Сенім ғана. Мысалы христиан дінінің үштік қағидасына Уильям Оккам мынандай баға береді: «ол қайсыбір мән-мағына, ақыл-ойдан басым». Сондықтан ақыл-ой сенімге тірек бола алмайды. Сезім, ақыл-ой мен діни қағидаларды талдаудың өзі күнәға жақын, өйткені Құдай бізді сүйіп, өзінің аянын сыйлады, оны біз сол күйінде іштей қабылдауымыз керек.
«Егер Құдайдың құдіретті күші сондай шексіз, ал біздің Дүние оның ерікті түрде тудырған мүмкіндігінің бірі ғана болса, онда Құдай мен шектелген өтпелі Дүниенің арасында Құдайдың жасампаз еркі мен құдіретті ақыл-ойынан басқа не бар?» — деген өткір сұрақ қойып, өзі қойған сұраққа: «Олай болса, Августиннің универсалды мәндері жер мен Құдайды дәнекерлік етіп жалғастырып тұратын ол адамның бос тәкаппарлығы емес пе! — деп ашық жауап береді.
Уильям Оккамның номинализмі
Құдай мен жердегі өтпелі әлемді бір-бірінен айырғаннан кейін, Уильям Оккам: «Әлемде жекеліктен басқа еш нәрсе жоқ», деген пікірге келеді. «Ақыл-оймен танылатын жанның сыртындағы еш нәрсе өзіне, я болмаса, басқаға универсалды емес, ол адамның қай жағынан алғанда да есек емес екені сияқты». Универсалиялар -(жалпы ұғымдар) заттарға қойылған аттар ғана, олар шындықтың негізі бола алмайды. Универсалияларды тудыртатын — заттардың бір-біріне ұқсастығы. Мысалы, Сократ — ол нақтылы адамның аты, ал «адам» — универсалия. Олай болса, Дүниенің ешқандай ең жалпы заңдылықтары, олардың баспалдақтық бір-бірімен байланыстары т .с.с. жоқ.
«Универсалиялардан тұратын білім ешқандай нақтылы нәтижеге әкелмейді, оның ешқандай жемісі жоқ. Егер біз тәжірибеде кездесетін заттардың арасындағы қайталанулықты зерттеп, оның болашақта болуы туралы болжам жасасақ, сол жеткілікті», — деген пікірді Уильям Оккам ұсынады. Ал мұндай көзқарастан белгілі бір таным принципін шығару мүмкіндігі пайда болды.
Уильям Оккам ұстарасы
«Мән-мағынаны қажеттіктен жоғары көбейтпеу керек».
Бұл — Уильям Оккамның ұстарасы. Ол арқылы Уильям Оккам метафизикалық ұғымдардың көбін теріске шығарады, өйткені олар дәлелденбейді және пайдасыз. Біз заттардың сапасы мен қасиеттерінен басқа тәжірибелік зерттеуде еш нәрсе таппаймыз. Олай болса, метафизикалық жалпы ұғымдар мәнсіз, тек таным процесін қиындатады. Сондықтан тек тәжірибелік танымға ғана сүйену керек. Ол -танымның іргетасы.
Әрине, мұндай көзқарас схоластикалық философияға үлкен соққы жасап, болашақ тәжірибелік танымға жол ашты.
Ал оның қоғамның әлеуметтік-саяси өміріне тигізген әсерін алатын болсақ, онда жекелікті, жалқылықты ғана мойындау, діни көзқарасты ғылыми білімнен бөлу идеясына келеміз. Қоғамның саяси саласында діни биліктің саясаттан бөліну керектігі жөніндегі идеяны туғызады. Ал Дүниеге келген жаңа идея іске аспай қоймайды. Оның ар жағында жеке адамның құқы, оның мүддесінің жалпы адамның мүддесінен басымдығы жөніндегі идея да алыс емес.
Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!