Шілдехана сценарий — Қазақша сценарийлер

0

Шілдехана тойы қазақ халқының ежелгі дәстүрі бойынша нәресте
қырқынан шыққан соң өткізіледі. Яғни, өмірге іңгәлап келген сәбидің буыны
бекіп, сүйегі қатая бастаған шағы.

   Қазіргі шілдехана
тойына нәрестенің ата-анасының туыстары, құда-жекжат, достары, ұжымдастары,
көршілері, жалпы көңіл жақын адамдары шақырылады. Арнайы шақыру хаттарын
жасатқан жөн.

   Отбасының қуанышы
қызықты өтуі үшін алдын-ала әзірлік жасалсын. Бұл тойдың жинақы, мәнді де сәнді
өтуіне бірден-бір ықпал етеді. Сондықтан тойды қалай бастап, қалай аяқтаудың да
өзіндік мәні зор екенін есте сақтаған абзал.

   Адам сезімін оятып,
ақыл, сана, түйсік көздерін аша білетін небір жан тебірентерлік сөздер
халқымыздың рухани қазынасында мол. Сондай сөздермен қонақтарды таныстырып
отырса, тойдың сәні кіре түсері даусыз. Бірақ тойды асабаның бастауы міндет
емес. Той иесі – үлкен ата-әжесі, әке-шешесі бастап, содан кейін барып асабаны
халыққа таныстырса жарасымды болып шығады.

   Тойды әрі қарай
асаба қызықты етіп өткізуге кіріседі. Тойды бастамас бұрын, тойбастар айтылмас
бұрын адам ниетін түзеп, тілек тілейді. Өз мақсатына жету үшін Аллаһ Тағала жол
іздеп, Жаратқан Иеміздің рұқсатымен ғана бастайды. Бүкіл ой, ниет, тілек
түгелімен шарболаттай сығымдалып, сөз болып бір арнаға құйылады. Бұл – Тілек, Бата
болып табылады. Қазақтың Ақ Батасы – Жаратқан Аллаһ Тағаламен шын жүректен
байланысу арқылы бар жақсы тілегін ұрпағына жеткізіп, бір Аллаһтың қолдауымен
ғана көмек беретін, қасиетті асыл қазынасы. «Бабадан асқан әз болмас, батадан
асқан сөз болмас» демекші, дүниеге келген жас нәрестеге үлкен ақсақал бата
беріп, тілек тілейді. Халықтың жас нәрестеге, сәбиге арналған ақ батасынан
мысал келтірейік:

 

Көтерейік білекті,

Нұрға бөлеп жүректі.

Бөбекке бата берейік,

Ағынан айтып тілекті:

Сәбиіміз сүйкімді болсын,

Өнер-білімге икемді болсын,

Бәйтеректей бойшаңданып,

Өрен, өршіл, өркенді болсын!

Жақсы жолды таңдасын,

Жамандық тәлім алмасын!

Даналардың дәстүрін,

Жаңаласын, жалғасын,

Шұғылалы шуақты күн кешсін,

Басын сұр бұлт шалмасын,

Қос топшысы талмасын,

Қырандай биік самғасын!

                           
******

Бір үйдің баласы болма,

Бүкіл елдің санасы бол!

Бір елдің баласы болма,

Бар елдің данасы бол!

Бір тонның жағасы болма,

Көп қолдың ағасы бол!

Ақты ақ деп бағала,

Қараны қара деп қарала!

Өзегің толса, елдің ішін арала.

Басыңа іс түссе, көпшілікті сағала.

 

Өзіңе-өзің кәміл бол,

Халқыңа әділ бол!

Жауыңа қатал бол,

Досыңа адал бол!

                    
****

Аламан болып ер жетсін,

Ақсақал болып төрлетсін!

Қас батырдай көрікті,

Ғұмыры болсын берікті!

Азамат болсын аруақты,

Мінезі болсын салмақты.

Өнері болсын жан-жақты,

Осы айтқанның бәрі қабыл болып,

Аллаһ Тағала берсін зор бақты!

                     
******

   Асаба: Қадірлі
қонақтар! Бүгінгі тойдың иелері! Құрмадай алтын әжелер мен ардақты аталар.
Топырақтай асыл ағалар мен жапырақтай жасыл жеңгелер. Уыздар тәтті қарындастар
мен жаңғақтай қатты інілер. Бүгінгі тойдың себебі баршаңызға мәлім. Мынау
заманда, егеменді елімізде өмірге іңгәлап келген жас нәрестенің бауы берік
болсын! тойларыңыз құтты болсын! ендеше халқымыздың ежелгі әдеті бойынша
ауылдың алты ауызын айтып,

той бастайық. Тойбастар жырын айтқан адамға дайындалған
сыйымыз да осал емес.

   «Тойбастар» бірнеше
кісі қосылып жалғастыруға болады. Тойбастар үлгісі:

 

Ал, ағайын , туғандар,

Мені де бір тыңдаңдар.

Домбырасын қолға алып,

Келіп отыр өренің.

Арқасында елімнің,

Шалқып жүрген сері едім.

Құлақ түрген халыққа

Ұнар болса өлеңім,

Рұқсат алып сіздерден,

Жолыменен көненің,

Той бастасам деп едім.

Өзекжарды жырымның

Ағытайын көгенін,

Өлең сөзге келгенде

Желмаядай желемін.

Ақын жігіт жұртынан

Аямайды өнерін.

Тебіренген теңіздей,

Тербеп ойдың тереңін.

Абай менен Жамбылдай,

Сөз маржанын теремін.

Жас сәбиге бақ тілеп,

Тамашаға жиылған

Келіп отыр елімді

Қуанышқа бөлегім.

Ақылменен ойласақ,

Ұрпақ жайы қиын іс.

Ойға салар адамның

Сезімтал мен зерегін.

Артыңда ұлың болмаса,

Кімге болар керегің.

Өзегіңе құрт түссе,

Құлайды екен терегің.

Перзентсіз өткен пенденің

Біледі кімдер дерегін.

Бір перзенттің жоғынан

Қапа боп қайран көңілің,

Бойыңа батпас жегенің.

Осынау тойдың сондықтан

Әркім-ақ ұғар себебін,

Той иесі, алдымен

Ұлды болған шаттығың

Құтты болсын дер едім.

Жаны жайсаң жігітті

Туысымдай көремін.

 

Анасының аяулы

Жарып шыққан кемерін.

Қадам басып өмірге,

Жас шыбықтай бүр жарып,

Жаңа жайған желегін,

Торсық шеке, ақ маңдай,

Өсе берсін бөбегің.

Өмірі ұзақ болсын деп,

Көңілі нұрға толсын деп,

Ақ батамды беремін.

Азамат боп ер жетсін,

Қиын кезде жолдастан

Аямайтын көмегін.

Тойың тойға ұлассын,

Бола берсін дегенің!

(халық әндері де айтыла береді).

 

   Тойға келген қонақтарға
сөз берудің де өз реттілігі бар. Ел аузына ілініп, жұрт құрметіне бөленген
қадірлі адамдардың алғаш сөз алуы да тойға жарасымдылық береді. Әдетте тойға
келушілер саны көп те, сөйлеушілер саны аз болады. Оның бәріне сөз беріп, босқа
уақыт созу елді жалықтырып та жібереді. Сондықтан тойға ақ тілек, адал ниетпен
келген адамдардың көпшілігінің көтеріңкі көңіл-күйінен естелік қалдыру
мақсатындағы шаралардың бірі – тілек бұрышы ұйымдастырылса той көрігі қыза
түсетіндей. Бұл — әрі қызықты, әрі уақытты үнемдейді. Сөз кезегі келіп, өз
лебізін, құттықтауын білдірген адамдар тойға деген сыйлығын да беріп жатады.
Сыйлық түрі әркімнің жүрек қалауына байланысты.

 

   «Алаған қолым –
береген» дейтін қазақ халқы той-жиынға шақырылған  ет-жақындары әкеліп қосатын той-таралғыларды
(немесе тойшашу, тойқана, көрімдік, байғазы, бәсіре, т.б. атаулары да бар)
қаржылай немесе заттай тікелей той иесі алуы күні бүгінге дейін ыңғайсыздық
туғызып келеді. Сондықтан да біз қай тойдың төріне де арнайы – «Үлкен
Тойқоржын» жасап қойып, оның қасына жақын туыстардан екі-үш адамды
«Тойсеріктер» етіп сайлап, тойға түсетін барлық тойшашуларды сонда – арнайы
«Той кітабына» жазып алып, жинақтаған жөн деп, ұсыныс жасаймыз. Ал, оны
шілдехана тойында «Шілдехана қоржыны» деп атауға болады.

 

   Арнайы шақырылған
әншілер мен бишілер ара-тұра өз өнерлерін көрсетіп, той қызығын арттыруда.
Асаба болса, халқымыздың рухани қазынасындағы адам сезімін оятатын, ақыл, сана,
түйсік көздерін ашатын небір асыл сөздерін айтып халықты тамсандырып, әртүрлі
әзіл-қалжың мен сықақ өлеңдерін оқып жұртты күлкіге батыруда. Бұлардың барлығы
асабаның біліктілігі мен белсенділігіне байланысты.

   Қонақтарға
алдарындағы дәмнен, әртүрлі тағамнан да алып, жеп отыруларын айтып отыру да
мәдениеттіліктің бір түрі. Буы бұрқырап ыстық тамақ келеді. Қымыз, шұбат,
әртүрлі сусындар ішіледі.

   Үзіліс кезінде
өткізілетін шаралардың да  алдын ала
ойластырылғаны жөн. Кімдер билеп, ән айтады, өнер адамдарынан кімдер
шақырылады, қандай ұлттық ойындар ойналады, бәрі де тойға келген қонақтардың
жасы, талғам ерекшелігіне орай шебер ұйымдастырылуы керек.

   Тойдың басталып,
оның қалай өтуіне ғана емес, аяқталуына да ерекше мән берген жөн. Нәрестеге
бата беру мақсатында қадірлі, сыйлы бір ата, апаларға сөз беріледі.

   Қазіргі заманда той
соңында тойбастар беріліп жүргені бәрімізге аян. Бұл – той бітпесін, келесі
тойдың басы осы болсын деген мақсатта болса керек. Бірақ тойбастар тойдың
басында айтылып кеткен себепті және әр тойдың басы бар, аяғы бар дегендей
соңында тойтарқар айтылса, жарасымды сияқты. Тойтарқар жадынан шығарып та,
халық әндерін айтса да болады.

                                             
***********

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!