Ши ораудың екі әдісі бар, тоқылатын ши,

0
Халқымыздың өрнекті өнерінің бірі шиді жүнмен орап, және оны өрнектеп тоқу ісі. Қолөнерінің барлық түрлері сияқты, ши тоқу, оны түрлі өрнектермен безендіру әдісі өте ерте заманнан бері келе жатқан өнер мұрасы. Сан алуан әдемі өрнектер орап тоқыған шым шилер киіз үйдің керегесі мен туырлығының арасына ыдыс — аяқ тұрған жаққа тұтуға, сондай — ақ үлкен үйлердің ішін бөлмелеп далда жасауға, итарқа құруға өте ыңғайлы. Ертеректе батырлардың оң салып жүретін қорамсақ қаптары да шиден тоқылған. Қолөнер ісінің басқа түрлеріне қарағанда ши тоқу әлдеқайда арзанға түседі, әрі төзімді келеді. Әсіресе киіз үйдің ішін әсемдеуде шидің алатын орны ерекше. Неше түрлі сырмен боялып, сағанақтары күмістендірілген кереге көздері мен құлпырған құр — таңғыштарға, термелеп өріп, жібекпен шашақтаған уық бауларға, зермен кестелеп, шұғамен оюлаған туырлық пен үзіктің ішкі өрнектеріне ши жалпы түр беру ретінде өте үйлесіп — ақ тұрады.. Әсем болумен қатар ши көші — қон жағдайында алып жүруге өте қолайлы. Сондықтан мал шаруашылығымен айналысатын елдер оны ерте заманнан бері пайдаланып келеді.

Қанат шилер
Ши бұйымын жалпы сырт көрінісіне қарай үш түрге бөледі: ақ ши, ораулы ши, шым — ши (шымораулы ши). Халық қолөнерінің шеберлері сол жоғары айтылған өрнектелген шилерді қанат шилер деп атайды. Қазақ арасында осы ши түрлерінің әрқайсысы орын — орнымен қолданылады. Мәселен, ақ шиді оралмай, құр өзі тоқылатын болғандықтан көбінесе киіз басуға, өре жаюға, сүзгіге, шыптаға мал сойғанда, еттің астына салуға, сырғауыл салынған үйдің төбесіне жабуға ұстайды. Ал өнебойы түгел оралған өрнекті шиді шым ши дейді. Оны киіз үйге, ас — су, ыдыс — аяқ тұратын жерге қоршау етеді. Кейде оны түскиіз орнына да ұстайды. Өнбойы тұтас емес, әр жерінен аралатын оралған шиді ораулы ши дейді.

Ши тарту, оны аршу, орау, жүн орап тоқу науқан сияқты, ауыл азаматтарының бәріне ортақ жұмыстар. Ши тартуға ауылдың қыз — келіншектері мен жігіттері жиналып, орталарынан соятын қойын, қымызын дайындап, домбыра, қобыз алып, ұйымдасқан түрде кірісетін. Қазақтың «ши тарту биі», «ши шымылдық» дейтін ұлт ойындары содан қалған.

Тоқылатын ши мал аяғы баспаған соны жерден, жаздың орта шенінде әбден бойлап өскен кезде тартылады. Шиді таңертең, кешке немесе жаңбырдан кейінгі шың кеппей тарту керек. Мұндай кезде жер жұмсақ, ши суырылғыш келеді. Әзірленген шидің қабығын аршып, бумалап, көлеңкеге кептіреді де, өрнектеп орайды.

Ши ораудың екі әдісі бар. Бірі — тоқулы тұрған даяр шидің өрнегіне сала отырып орау, екіншісі — жаңа өрнек үлгісімен орау. Оралып тоқылған даяр шидің өрнегіне салып орайтын шиді бір — бірлеп өрнек бойынша әр түсті оралған шидің буындарын дәл келтіріп, санап отырып орайды. Оралған шилерді өрнегіне сәйкес өз алдына бөлектеп жіңішке шуда жіппен тізіп отырады. Жаңа өрнек үлгісімен орағанда оралатын шиді үлгінің үстіне салып өлшеп, санай отырып буындарға бөліп орайды. Оралып, өрнектеліп болған әрбір тал шиді сол талдың өзі үйлескен (мұны шеберлер «иындасқан» деп атайды) шиіне шуда жіппен бір шалып байластырып қояды. Соңынан тоқығанда оларды шатастырмай, осы қатарымен алып тоқиды.

Шиді орағанда оның түп жағы мен шашақ жағын үнемі кезектестіре салып отыру керек. Әйтпесе шидің бір шеті жұқа, майысқақ болып, екінші шеті (яғни шидің түпкі шеті) тым қалыңдап кетеді. Ондай шиді жинау да қиын. Шиді тоқуға арналып иірілген жіп екі қабатталып ширатылып, бірнеше домалаққа төгіледі. Домалақтарды салмақты ету үшін жіпті темірге немесе тасқа төгеді. Мөлшері орташа бір қанат шидің өн бойы 9 — 11 жерден тоқылады. Тоқу ісіне керекті ең негізгі станок — арқалық (сырық). Арқалықты екі басынан жіппен байлап, биіктігі шамамен 1 м. 20 см келетін ағашқа асып қояды. Арқалықтың өн бойын әр жерден тоқылатын жіп ілінетіндей етіп кертеді. Содан кейін домалақталған жіптерді арқалыққа дәл ортасын келтіріп көлденең асады. Осылай қатарына асылып тұрған жіптің ортасына әкеліп бірінші шиді сырықты бойлата салады да, әлгі жіптерді әрлі — берлі айқастырып домалақтарын ауыстырады, яғни тоқушы арқалықтың ар жағындағы домалақты оң қолымен алып, бергі жағына түсіреді, бер жағындағысын сол қолымен ар жағына түсіреді. Осы тәртіппен шидің өн бойы тоқылып шығады. Ши мен шиді тізетін тоқу жібі әрбір шиді ораған сайын екі жіп өзара бір айқасып есіліп отырады. Мұны шебер өз жағындағы домалақты біресе оң қолымен, біресе сол қолымен ауыстыру арқылы оңай орындайды.

Тоқылатын шидің басталған жағы мен аяқталған жақ шетіне үш шиді қабаттап әуелі өз алдына бір рет жай жіппен ерсілі — қарсылы сирек орап байланыстырады. Қара жүннен иірілген жіппен ақ шиге оралған осы бір сайластырудың өзі үшбұрыштардың тізбегі сияқты өрнек болып шығады. Мұны ши ораушылар «шыбын қанат» өрнегі дейді. Тоқи бастағанда бір немесе екі қарыстай жерге ыңғай осыларды салып тоқиды. Сонда тоқылған шидің екі жақ шеті қалыңдап, берік шығады. Ши тоқушылар мұны қарақұс деп атайды. Бұған шидің бауы бекітіледі де, оны басқа бір затпен байланыстыруға мүмкіндік жасайды. Тоқылып болған шидің бас аяғын тегістеп қырқады. Кейбір адамдар қырқылған шидің екі жақ шетін әдемі матамен, киізбен көмкеріп тігеді.

Халық шаруашылығында шиді орап тоқумен қатар шиді, қамысты, сыптығыр бұталарды байластырып тұрғын үй, мал қора салу, қар тоқтатқыш қалқандар тоқу, өзін — өзін түйіп әр түрлі шыпталар, төсеніштер жасаудың да маңызы зор. Бұл әрі оңай, әрі арзанға түседі, әрі неше алуан мәнермен өрнектеліп тоқылады.

Шиден жасалатын заттар: алаша ши, ас шиі, аяқ қап, есік, кілем ши, киіз басатын ши, күрке, күзу шиі, қазан жапқыш, масахана, терезе жапқыш, етқана, жолым, ши қора, ши қалпақ, шыны қап т. б.

Дереккөз: http://bilimsite.kz/