Шаруашылық қызметтің су ресурстары жағдайына әсері

0

Биосфера мен адам өмірі су қолдануға негізделген. Адамзат гидросфераға әр түрлі қысым көрсете отырып үнемі су пайдалануын жоғарылатуға тырысады. Гидросфераның суы бүкіл Жер шары массасының 0,03%-ын және жер қыртысы массасының 8%-ын құрайды. Бүкіл Жер шары суының басым бөлігі мұхиттардың (98%) үлесіне келеді. Жер шары бетінің 71%-ын мұхиттар мен теңіздер алып жатыр, олардың ауданы 361,2 млн км2 және көлемі 1,37 млрд км3; мұздақтар 16,3 млн км2 жауып жатыр (құрылықтың 11%); өзендер мен көлдер 2,3 млн км2; батпақ пен ылғалды жерлер — 3 млн км2. Сонымен, гидросфера Жер бетінің 75%-ын алып жатыр. Әлемдік мұхит суларының массасы 1,5″1024 г деп есептеледі.

Мұхит суларында дөңес, жазық және суасты жанартауларынан, Жер мантиясынан бөлінген газдар атмосфера газдарымен алмасқанда еріген газдар бар. Мұхит атмосферасында еріген газдардың негізгі массасын құрайтындар: көмір қышқыл газы — 1,4’1020 г (атмосферадағыдан 100 есе көп); оттек — 1,4’1019 г (атмосферадағыдан 10 есе аз); азот 1,8*1015 г. Мұхитта күкіртті сутек, аргон, метан еріген. Жалпы алғанда суда еріген газдардың массасы Жер атмосферасының массасынан шамамен 30 есе кіші.

Су қорларының ластануы деп зиянды заттардың түсуі нәтижесінде олардың биосфералық функциясы мен экологиялық маңызының төмендеуін айтады.

Судың ластануы физикалық және органикалық қасиеттерінің (мөлдірлігі, дәмі, түсі, иісінің бұзылуы), құрамында сульфаттардың, хлоридтердің, нитраттардың, улы ауыр металдардың көбеюіне, ауадағы оттегінің еруі азайып, радиоактивтік элементтер, ауру туындататын бактериялар және басқа ластаушылардың пайда болуына әкеледі.

Қазіргі техносфера дамуында, әлемде адамның биосфераға әсер ету дәрежесі өсіп, табиғи жүйе өзінің қорғау қасиеттерін жоғалтуда.

Картаға қарап отырсақ, әлемде су әлеуеті жоғары ел — Ресейде әр адамға жыл сайын мөлшері 30.000 м3 жоғары су келеді. Бірақ қазіргі уақытта Ресейдің көлдері мен өзендері ластануы мен бітелуінің нәтижесінде сапалы ішетін сумен қамтамасыз ету қабілетін 70%-ға жоғалтып, нәтижесінде халқының жартысына жуығы ластанған суды пайдаланады.

Табиғатты қорғау жұмысының ең маңызды құрамының бірі -гидросфера ресурстарына жататын су ресурстарын қорғау.

Гидросфера дегеніміз бүкіл Жердің су қауашағы, олар: теңіздер, мұхиттар, өзендер, көлдер, атмосферлық су буы, жерасты сулары, мұздар.

Әлемдік мұхит жер бетіндегі табиғат жағдайының тұрақтылығына күшті әсер етеді. Ол оның массасы алған ауданына байланысты.

Су Күн энергиясын күшті сіңіруші. Әлемдік мұхиттың Күн энергиясын сіңіру қабілеті құрлықтан 2-3 есе көп. Судың жылу сыйымдылығы ерекше болуынан мұхит Күн энергиясын жақсы жинақтаушы болып табылады. Судың ең көп деңгейде ысуы экваторлық белдеуде жүреді (оңтүстік ендіктен 150-тан 300 солтүстік ендікке дейін); жинақтаған жылуын мұхит екі жартышардың жоғары ендіктеріне береді.

Әлемдік мұхит сулары үнемі қозғалыста болады. Бұған атмосфераның циркуляциясы, Жердің біркелкі жылымауы, тұздану мен температураның әр түрлі қарама-қарсылықта болуы, Ай мен Күннің тартылу күші мүмкіндік береді.

Адам үшін маңызды гидросфераның құрам бөлігі — өзендерде су мөлшері аз болады. Бірақ бұған қарамай өзен суды жылдам жеткізуші өзендер жыл бойы массасы 4,5″1019 г суды сағаға жеткізеді.

Планетада қанша өзен, өзеншелер, тоғандар бар екені нақты белгісіз. Олардың саны біздің шаруашылық қызметімізге елеулі байланысты. Осы шаруашылық қызметі салдарынан су көздерінің саны шұғыл қысқаруда.

Биосфера компоненті ретінде Жер гидросферасы жаһандық ашық жүйе. Бұнда тек белгілі шектеуге дейін ғана, белгілі бір деңгейде антропогендік әсерге қарсы тұра алатын тұрақты құрылым мен үдерістер бар. Сондықтан «адам-табиғат» әрекетіндегі ең басты экологиялық талап, табиғатты пайдаланудағы ең бірінші мәселе — гидросфераны сақтау.

Соңғы он жылда тұщы су проблемасы күрт өзгерді: су көздеріне бай елдерде судың жетіспеушілік белгілері байқала басталды; жалпы планетарлық масштабта су балансының жетіспеушілігі айқын байқалуда.

Жердің «сусыздануы» су ағыстары мен суаттардың антропогендік ластануының өсуімен түсіндіріледі.

Қазақстан су ресурстарының үлкен жетіспеушілігі елдерінің санатына жатады. Қазіргі уақытта су объектілерін тау-кен өндіру, металлургия және химия өнеркәсібі кәсіпорындары, қалалардың коммуналдық қызметтері қарқынды ластауда және ол нақты экологиялық қатер төндіреді. Ертіс, Нұра, Сырдария, Іле өзендері, Балқаш көлі неғұрлым ластанған. Халықты ауызсумен қамтамасыз етудің негізгі көзі болып табылатын жерасты сулары да ластануға ұшыраған.

Су объектілеріне антропогендік салмақ пен олардың қалпына келу қабілетінің арасындағы теңгерімсіздік экологиялық қолайсыздықты іс жүзінде барлық ірі өзен бассейндеріне тән етті, ал су шаруашылығының мұқтаждарын жеткілікті қаржыландырмау су шаруашылық объектілерінің барынша қанағаттанғысыз (кей жерде апаттық) техникалық жай-күйіне және халықты ауызсумен қамтамасыз ету проблемаларының тым шиеленісуіне себеп болды.

Бұл мәселелерді шешу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 21 қаңтардағы №71 қаулысымен су ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану мәселелерін шешудің негізгі жолдары айқындалған Экономиканың су секторын дамытудың және Қазақстан Республикасы су шаруашылығы саясатының 2010 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды. Сондай-ақ халықты жеткілікті көлемде және кепілді сападағы ауызсумен тұрақты қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 23 қаңтардағы №93 қаулысымен «Ауызсу» салалық бағдарламасы бекітілді, Қазақстан Республикасының Су кодексі және «Су пайдаланушылардың ауылдық тұтыну кооперативтері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, 2005-2010 жылдары негізгі су бассейндерінің су ресурстарын кешенді пайдалану мен қорғаудың схемаларын әзірлеу жөніндегі жұмыстар жүргізілді.

Гидросфера Жердің барлық сулары әр түрлі әрекеттесу формаларында біріккен табиғи жүйе. Олар мөлшері мен жылдамдық деңгейі әр түрлі айналымға қатысады. Судың жаңғыру жылдамдығы да әр түрлі. Сондай-ақ, жерасты сулары көптеген мыңдаған және миллиондаған, әлемдік мұхит сулары — 3 мың жылда, көл сулары 300 күнде, өзен — 12 күнде жаңғырса, ал атмосфераның су буы 9 күнде жаңарады.

Көптеген маман-экологтар суды табиғаттың ең осал компонентіне жатқызады. Егер өнеркәсіп өндірістерінде, ауыл шаруашылығында және тұрмыста көбіне өзен, жерасты және көл сулары қолданылатынын ескерсек, бұған көз жеткізу қиын емес. Олардың барлығы бірігіп гидросфера су көлемінің 1%-ынан төменін құрайды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бұл су мөлшері шаруашылық-тұрмыстық мақсат үшін жеткіліксіз, сондықтан басқа көздерді тарту қажеттілігі туындайды. Мысалы, гелиоқондырғылардың көмегімен қалмақтардың жерасты тұзды суы тұщыландырылады. Бұл әдіс Ресей Федерациясының басқа жерлерінде — Краснодар өлкесінде, Волг оград облысының оңтүстігінде қолданылады. Жер құрылығы территориясында тұщы су біркелкі орналаспаған. Солай бола тұра бүкіл өзен ағыстарының шамамен 9%-ы жалпы әлемдік шаруашылық қажеттілігіне жұмсалады. Бірақ тұщы судың жетіспеуі тікелей суды пайдаланудан туындамайды, ол судың адам қызметі нәтижесінде пайда болған өнімдермен ластануынан немесе «сапасының әлсіреуінен» болады.

Соңғы он жылда тұщы су айналымының көп бөлігін өнеркәсіп және тұрмыстық сарқынды ағыстар, немесе ластанған сулар құрайды. Суды ең қауіпті ластаушыларға мұнай өнімдері, тыңайтқыштар, улы химикаттар жатады. Осылардың арасынан мұнай өнімдерін негізгі ластаушы ретінде атауға болады.

Ластаушы заттар әсерінен тұщы су экожүйесінің тамақтық пирамидасы және биоценоза байланыстарының сигнал (дабыл) беруі бұзылуынан, микробиологиялық ластануынан, эвтрофикация және басқа жағымсыз үдерістерден тұрақтылығы төмендегені байқалады. Бұлар гидробионаттардың өсу қарқынын, олардың өнімділігін төмендетеді, кейде олардың құрып кетуіне әкеледі.

Суаттардағы эвтрофикация үдерісі әбден зерттелген. Бұл барлық планеталардың геологиялық өткен уақытына тән табиғи үдеріс, әдетте ол өте ақырын және біртіндеп жүреді, бірақ соңғы он жылда антропогендік әсердің өсуіне байланысты оның даму жылдамдығы шұғыл өсті.

Үдемелі, немесе антропогендік эвтрофикация суаттарға едәуір мөлшерде биогендік заттар. — азот, фосфор және басқа элементтер, тыңайтқыш, жуғыш зат, мал шаруашылығы тасталымдары, атмосфералық аэрозоль және басқалар түрінде түсуіне байланысты. Қазіргі жағдайда суаттардың эвтрофикация үдерісі едәуір аз мерзімде — бірнеше онжылдықтарда немесе одан да аз уақытта жүреді.

Антропогендік эвтрофикация түщы су экожүйесіне теріс әсер береді, гидробионаттардың трофикалық байланыстарының қайта құрылуына, судың «гүлденуін» тудыратын, сапасы мен гидробионаттардың өмір сүру жағдайын төмендететін жаппай көк-жасыл балдырлардың көбеюі фитопланктондар массасының кенет өсуіне әкеледі. Ал фитопланктондар массасының өсуі әр түрлі түрдің кему іне әкеліп, орны толмас генефонның жоғалуына, экожүйенің гомеостазы мен өздігінен реттелу қабілетінің төмендеуіне әкеледі.

Антропогендік эвтрофикация үдерістері әлемнің көптеген ірі көлдері — Ұлы Америка көлі, Балатон, Ладога, Женева және басқаларды, сол сияқты су қоймалары мен өзен экожүйелерін, олардың ішінде бірінші кезекте кіші өзендерді қамтиды. Апат салдарынан бұл өзендерде көк-жасыл балдырлар биомассасынан басқа жағалауда жоғары өсімдіктер өседі. Көк-жасыл балдырлар өздері өмір сүру барысында күшті токсиндер бөледі, ал олар гидробионаттар мен адам үшін қауіпті.

Артық биогендік заттармен қатар түщы су экожүйесіне басқа да ластаушылар: ауыр металдар (қорғасын, кадмий, никель және т.б.), фенол, СБАЗ және басқалар жоятын әсер береді. Мысалы, Байкал су организмдері өзінің ұзақ эволюциялық үдерісінде өзен ағысынан химиялық қосылыстарды табиғи жинақтау қабілеті бола тұрып, табиғи суға тән емес химиялық заттарды (мұнай өңімдері, ауыр металдар, тұздар және т.б.) өңдеуге қабілетсіз болды. Нәтижесінде гидробионаттар азайып, зоопланктондардың биомассасы төмендеді, Байкал нерпі популяциясының біраз бөлігінің өліміне әкелді.

Судың ластануының белгісі суаттарда көк-жасыл балдырлардың өсуімен сипатталады. Осының нәтижесінде балықтар жаппай қырылады, суат өздігінен тазалану қабілетін жоғалтады.

Ғалымдардың есебі бойынша бүкіл әлем жұртшылығын елу жыл шамасында таза сумен қамтамасыз ету мүмкіндігі бар, біздің планетамызда сирек кездесетін Байкал көлінің тарихи тепе-теңдігі бұзылуда. Тек соңғы 15 жылда 100 км3 Байкал суы ластанды. Көлге жыл сайын 8500 т, жоғары мұнай өнімдері, 750 т нитраттар, 13 мың т хлоридтер мен басқа ластаушылар түседі. Ғалымдардың жорамалынша, тек көл мөлшері мен үлкен су көлемінің массасы, сол сияқты биотаның өздігінен тазалану үдерісі Байкал экожүйесін құлдыраудан құтқаруда.

Қолданылған әдебиеттер: Рыскиева Г.Ә., — Алматы: Өнеркәсіп экологиясы, 2011. -262 бет.