ШАҒЫН ЖИНАҚТЫ БАСТАУЫШ МЕКТЕПТІҢ БІРІКТІРІЛГЕН СЫНЫПТАРЫНДАҒЫ ЖАҢАШЫЛ МҰҒАЛІМ ЖҰМЫСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

0
398







Ұстаз тілегі сайтында материал жариялап тегін сертификат, алғыс хат және құрмет грамотасын алуға болады. Ол үшін сайтқа тіркеліп материал жариялау керек. Сайт бойынша барлық сұрақтарды 8-771-234-5599 номеріне ватсап арқылы қоюға болады




ШАҒЫН ЖИНАҚТЫ БАСТАУЫШ МЕКТЕПТІҢ БІРІКТІРІЛГЕН СЫНЫПТАРЫНДАҒЫ ЖАҢАШЫЛ МҰҒАЛІМ ЖҰМЫСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Автор: Молдашева Айгуль Ануарбековна

Бағыты: Барлық пәндер Бөлімі: Барлық материалдар Сыныбы: Барлық сыныптар

Жарияланған уақыты: 2019-01-20


Материал туралы қысқаша түсінік

баяндама бастауыш сынып




ШАҒЫН ЖИНАҚТЫ БАСТАУЫШ МЕКТЕПТІҢ БІРІКТІРІЛГЕН СЫНЫПТАРЫНДАҒЫ ЖАҢАШЫЛ МҰҒАЛІМ ЖҰМЫСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ Молдашева Айгуль Ануарбековна

№20 ЖОББМ

Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы

Шағын жинақты мектептерді дамыту мәселелері Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесін жаңғыртудың өзекті проблемалары болып табылады. Бүгінде шағын жинақты мектеп жұмыстарын жетілдірудің басты бағыты – мұғалімдердің теориялық және әдістемелік деңгейін арттыру. Жаңа заман талабына сай жас жеткіншектерге білім беріп, оқу үрдісін тиімді ұйымдастыру, оқытудың жаңаәдіс тәсілдерін ұтымды қолдану-оқытудың негізгі талабы. Жаңашыл мұғалім оқушының тақырыпты өз бетімен меңгеріп, түсінуін, бағалай алуын қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда білім беру жүйесінің барлық саласында жаңа ақпараттық технологияларды жоспарлы түрде енгізу арқылы оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырып, ізденушілікке баулу қалыптастырылуда.Шағын жинақты мектептердің біріктірілген сыныптарында мазмұны ұқсас тақырыптарды біріктіре оқытудың мақсаты: шағын жинақты мектептердің біріктірілген сыныптарында пәндерді кіріктіре оқыту жүйесін және оның практикалық негіздемесін құру.Шағын жинақты мектеп оқушыларының жас ерекшеліктерін ескере отырып, ұқсас тақырыптарды кіріктіре оқыту тиімді. Белгілі бір тақырыпты екі немесе үш , төрт сыныпқа бірдей бір мезгілде түсіндіріледі. Содан соң жаңа сабаққа байланысты жаттығулар мен тапсырмаларды жас ерекшеліктеріне қарай әрбір сыныпқа лайықтап, саралап әрқайсысына жеке орындатылады. Шағын кешенді мектеп дегеніміз – біріккен сынып құрамында шағын оқушылары бар жалпы білім беру мектебі. Ауылдық жерлерде шағын кешенді мектептер жиі кездеседі. Шағын жинақталған мектептің тарихы ерте кезден, сонау Л. Толстой, К.Д. Ушинский, өмір сүрген кезеңнен бастау алады. Қазақстан топырағында ондай мектептің пайда болуы Ы. Алтынсаринның ағартушылық қызметімен тікелей байланысты XVIII ғасырдың 60-жылдарында дүниеге келді.Жалпы жаңа жүйе бойынша оқыту жұмысын ұйымдастырғанда мынадай шарттар ескерілуі керек:а) сабақ оқу бағдарламасына сәйкес жоспарлануы тиіс;ә) бірнеше сыныптың материалы бір тақырыптық жүйеге ыңғайластырылуы;б) көрнекті дидактикалық құралдардың алдын ала дайындалуы;в) сабақ тақырыбындағы өзара байланыс халықтық педагогикаға негізделуі тиіс.Мұндай мектепте бір мұғалім бір мезгілде екі сыныппен қатар жұмыс істейді. Сабақтың өзіндік ерекшелігі : оқу үрдісі бір мезгілде екі сыныпта бірдей ұйымдастырылады. Мұның өзі мұғалімнің әр сыныпқа сабақ уақытының жартысын ғана жұмсауына мүмкіндік береді. Мұғалім бір сыныпқа жаңа материалдарды түсіндіріп жатқан кезде басқа сыныптың оқушылары өз бетінше жұмыс жүргізеді. Бұл, көбінесе әдебиеттік оқу , математика, дүние тану, қазақ тілі пәндерінде қиындық туғызады. Өйткені, берілген тақырыптар аумақты, сондықтан уақытты тиімді пайдаланған дұрыс.Шағын жинақталған мектептерде, бастауыш мектептерде пәндерді кіріктіріп оқыту үшін күнтізбелік жоспарларды кіріктіріп құрған тиімді. Ол үшін сыныптарды біріктіру қажет мысалы, 1-3, 2-4 сыныптарды біріктіріп алып пәндер бойынша кіріктірілген күнтізбелік жоспар негізінде сабақтың жоспарын дайындап, оқу – тәрбие жұмысын ұйымдастырған тұлғаны жан–жақты дамыта оқытуға жетелейді. Күнтізбелік жоспарды кіріктіріп құру үшін бағдарлама, оқулықтар алып тақырып бойынша топтап алған жөн. Мысалы : дүниетану пәнінен ұқсас мазмұнды , бір тақырыпты мәтіндерді кіріктіруге болады. 1- сыныптың тақырыбын сол қалпында қалдырып, 3 – сыныптың тақырыптарын көтеруге, орын ауыстыруға болады. Қазақ тілі пәнінен де бір тақырыпты сабақтарды кіріктіре оқытуға болады. Мысалы: 3 – сынып, Етістік, 4 – сынып «Дара және күрделі етістік». Бір тақырыпты кіріктірілген сабақтарда шағын жинақталған сынып жағайында мұғаліммен жұмыс, өзіндік жұмыс, ортақ тапсырмалар, ортақ сергіту , ортақ шығармашылық тапсырмалар, т.б. кезектеле ауысып отырады. Сонымен қатар бір тақырыпты кіріктірілген диктант, мазмұндама, шығарма жаздыруға да болады.Мысалы: 2 – 4 сыныптарда қазақ тілінен кіріктірілген бақылау диктантынан тақырыбы: «Күз» 2- сыныпта 30 сөз себебі әлі 3 тоқсан аяқталған жоқ, ал 4 – сыныпта 60 сөз (3 тоқсан әлі аяқталмаған, сондықтан 60 сөз алуға болады). Диктант жаздырмастан бұрын мұғалім 2 – сыныпқа соңғы сөйлемнен кейін грамматикалық тапсырмалар беретінін ескерту; тапсырмалар мезгілінде тақтаға алгоритм арқылы беріледі: 2-сынып тапсырмаларды орындап отырады (өзіндік жұмыс), ал мұғалім 4 – сыныппен диктантты жалғастыра береді. 4 – сыныптың соңғы сөйлемінен кейін олар тапсырмалар орындауға кіріседі. 2 – сынып та 4 – сынып тапсырмаларды орындап болған соң, мұғалім мәтінді басынан оқып, 2 – 4 сынып өздерін тексеріп отырады.Кіріктірілген математика сабағында тақырып мазмұнды есеп шығарумен байланысты. Мұғалім 1 -3, екі сыныпқа да тапсырманың шартын ұсынады, есеп құрастыруды ұсынады. 1 сынып мұғалімнің басшылығымен құрастырады, ал 3 – сыныпқа есепті күрделендіру ұсынылады.Шағын жинақталған мектептер жағдайында дидактикалық бірлікті ірілендіру тиімділігін сабақта ұйымдастырудың технологиялық механизмі – оқулықтағы жаттығулардың басқа оқулықтағы жаттығуларға қарағанда аздығы, бірақ оның әрқайсысы көп салалы.Мысалы: берілген есептің сұлбасын сызу, оны орындау, кері есептің сұлбасын дайындау, оны орындау, есептің алғы шарттарын күрделендіру. Мұғалім қысқа нұсқау негізінде процесті басқарып, оқушылардың қажетсінуіне қарай көмек береді. Шағын жинақталған мектептерде пәндерді кіріктіре оқыту білімді беру, меңгерту, жаттықтыру, бекіту, қолдана алу жұмысында маңызы зор. Пәндерді кіріктіре оқыту тұлғаның жан – жақты қабілеттері: оқушылардың толық фантазиялық еркіндігі, зерттеу жұмыстарын жүргізуі, шығармашылығын дамытады. Біріктірілген сыныптарда сабақты өткізудің тиімді әдіс-тәсілдерін таңдау, әрі қолдана білудің өзі ұстаздардан кәсіби шеберлікті, ізденімпаздықты талап етеді. Осыған орай білім берудің формалары мен сабақтың түрлерін өзгертіп отыру тиімді. Шағын жинақты мектеп ерекшеліктерін ескере отырып, сабақты тиімді ұйымдастыру үшін жаңа технологияларды қолдану көзделеді. АКТ-ны сабақта қолдану – оқушының қабылдауына және де соңғы үлгіде шығып жатырған ақпараттық құрылғыларға деген қызығушылықтар туындап, сонымен жұмыс істей білуге бағытталады әрі ынталы болады. Дыбысты есту, бейнені көру, оны іс-әрекет арқылы жүзеге асыру барысында орындалған жұмыстар оқушы жадында ұзақ уақыт сақталады,келесі тақырыпты меңгеруде еш қиындық тудырмайды. Шағын жинақты мектеп жағдайында жаңа технологияларды қолданудың тиімділігі:1. Әртүрлі әдістерді пайдалану сабақтың нақты мәнін терең ашуға көмектеседі; 2. Оқушылардың барлығын сабаққа қатыстыруға мүмкіндік туады; 3.Оқушылардың әрқайсысының деңгейін анықтауға болады; 4. Оқушылардың көбін бағалауға мүмкіндік бар; даму деңгейін бақылап отыруға мүмкіндіктер молаяды, жеке тапсырма беруге, тексеруге уақыт жеткілікті5. Оқушыларды ізденіске баулып, өз бетімен жұмыс істеуге үйретеді; 6. Оқушылардың қабілеттері, сөз саптау еркіндігі, ұйымшылдығы, шығармашылық белсенділігі артады; 7. Жеке тұлғалық сипатын дамытуға, шығармашылығын шыңдауға, өзіне деген кәсіби сенімін қалыптастырады,  оқушы тұлға ретінде өзін көрсете алады.8. Әрбір оқушының іс-әрекеті мұғалім назарында болады; Әр оқушының дара ерекшеліктері, танымдық қызығушылығы есепке алынады.Шағын мектеп мұғалімі әр оқушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, тапсырма дайындайды, дәптерлерін тексеруге уақыт аз кетеді. Сонымен қатар оқушылардың сабақтағы белсенділігі артады, ал сабақта белсенділік танытатындардың есте сақтау қабілеті артады, білімді орнықты меңгереді, танымы кеңейеді, шығармашылығы артады.Қазіргі кезде кез келген ауыл мектебі компьютермен, т.б. техникалық құралдармен барынша жабдықталғын. Интернет жүйесі іске қосылған, басқа да ақпараттық құралдар, әдістемелік баспасөз құралдары: газет, журналдар, олармен байланыс бар.  Шағын жинақталған мектеп мұғалімдерінің шеберлігін шыңдаудың тағы бір жолдары – шағын жинақталған мектеп мұғалімдері үшін сайыстар, байқаулар, бір пәндік немесе бір тақырыптық панорамалық сабақтар сайысын, имитациялық ойындар өткізу. Мұндай жұмыстар мұғалімдердің шағын жинақталған мектерде жұмыс жасаудағы кәсіби шеберліктерін шыңдайды. Шағын жинақты мектептің қызметін ұйымдастыруда мынадай қағидалар ескеріледі:біріктірілген сыныптарда бірпәндік, біртақырыптық ұстанымдарға негізделген кіріктіре оқытуды ұйымдастыру;біріктірілген сыныптардағы сабақтың дидактикалық кезеңдерін тиімді үйлестіретін икемді сабақ кестесін құру;кіші және жоғары сынып оқушыларымен өздігінен жұмыстарды өткізуге мүмкіндік беретіндей сабақ жоспарларын ұйымдастыру;оқу үдерісін әрбір оқушы тұлғасына психодиагностикалық сараптау, оның даму динамикасына байқау жасау, соның негізінде тиісті түзетулер енгізу арқылы ұйымдастыру;әрбір білім алушы үшін оқытудың өзіндік траекториясын белгілеп, даралап және саралап оқытуға жағдай жасау;білім беру процесінің технологиясы мен мазмұнының икемділігін, вариативтілігін жүзеге асыру;әрбір оқушының өзін-өзі көрсете білу, өздігінен білім алу қабілетін дамыту;білім берудің дамытушылық, шығармашылық және инновациялық сипаты;шағын жинақты мектептің мәдени орталықтардан шалғай орналасқандығын ескере отырып, мектептегі тәрбиелеу және дамыту жұмыстарын басты назарға алу;шағын жинақты мектеп жағдайында оқытудың ерекшеліктеріне сәйкес тиімді педагогикалық және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану.1-сынып оқушылары жеке оқытылады. Мектепке енді қадам басқан оқушылардың оқу әрекетiне бейiмделуі, талаптануы, зейіні тұрақтануы мен ынтасының артуы үшiн оларды сынып-кешеніне қоспай, жеке оқытқан дұрыс.Біріктірілген сыныптарда пәнді кіріктіре оқыту мұғалімдер мен оқушылар үшін төмендегідей тиімділіктерді көрсетеді:оқушылар әртүрлі сыныпта оқығанымен, олардың назарын бір пәннің мазмұнындағы ұқсас тақырыптарға аударуға мүмкіндік жасалады;-әр оқушы білім деңгейіне қарай өзіндік жұмыс түрлерін орындайды;өзіндік жұмыстарды оқушылардың жас ерекшелігіне қарай деңгейлеп беруге жағдай жасалады;оқушылардың бір-біріне көмектесіп, ұжымдық қарым-қатынасқа түсуіне мүмкіндік беріледі;оқушылардың бірін-бірі, өзін-өзі тексеруі, бағалауы жүзеге асырылады;жоғары сынып оқушысы төменгі сыныптың жұмысын тексеріп, бағалау арқылы өз білімін іс жүзінде қолдануына мүмкіндік туады.Бастауыш шағын жинақты мектеп жағдайында балалардың бағдарламалық материалдармен ұйымдастырылатын өзiндiк жұмысына кететiн уақыт мөлшерi сақталуы керек:жазу сабағы бойынша 2-сыныпта 20 минуттан, 3-сыныпта 25 минуттан;математика сабағы бойынша 2-сыныпта 15 минуттан, 3-сыныпта 20 минуттан аспауы тиiс.Шағын жинақты мектепте оқу үдерісін ұйымдастыруда тиімді педагогикалық технологиялар (деңгейлеп, саралап оқыту, ұжымдық оқыту, дидактикалық бірлікті ірілендіру, дамыта оқыту, модульдік оқыту, ақпараттық-коммуникациялық технология және т.б.) қолданылады.Деңгейлеп оқыту оқушылардың жас және білім деңгейі ерекшеліктерін ескере отырып, деңгейлік тапсырмалар беру арқылы олардың танымдық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.Ұжымдық оқыту әдісі динамикалық жұптар құра отырып, оқушылар арасында танымдық қарым-қатынасын, оқушылардың бірін-бірі оқытуын ұйымдастыру болып табылады. Ұжымдық оқыту әдісі балалардың қарым-қатынасы тапшылығын азайтуға, ауылдық жерлерде оқушылардың аздығы жағдайында оқушылардың монологтік және диалогтік сөйлеу қабілеттерін дамытуға жағдай жасап, мұғалімнің жалпы сыныппен жұмысын азайтып, жекелей оқыту уақытын көбейтуге мүмкіндік береді.Дидактикалық бірлікті ірілендіру (ДБІ) – ақпараттардың біртұтас игерілуін қамтамасыз ететін, мағыналық қисынды байланыстар негізінде білімдік ұғымдарды біріктіру жүйесі. Бұл технология оқу пәндері және салалас пәндер блоктарының ішіндегі материалдардың дидактикалық құрылымын құру арқылы аралас сынып сабақтарын ұтымды өткізуге мүмкіндік жасайды. Дамыта оқыту технологиясының әдіс-тәсілдерін кең қолдану – әр оқушының жан-жақты дамуына жағдай жасау арқылы белсенді тұлға тәрбиелеу.Шағын жинақты мектеп жағдайында ақпараттық-коммуникациялық технологияны қолдану арқылы білім беру, ғылым мен мәдениет және т.б. салаларда ақпараттардың халықаралық дереккөздерін, электрондық оқу материалдарын пайдаланады, тірек мектебімен (ресурстық орталықпен) байланыс орната отырып, сессияаралық кезеңде олардың білім қорларын пайдаланады, қашықтан оқытуды жүзеге асырады.Жақын орналасқан шағын жинақты мектептерді біріктіретін, білім беру ұйымы болып табылатын тірек мектептер (ресурстық орталықтар) оқушылардың сапалы білімге қол жеткізуіне жағдай туғызады. Тірек мектептер (ресурстық орталықтар) базасында шағын жинақты мектеп оқушылары үш рет (оқу жылының басында, ортасында жəне соңында) он күннен (сессия) білім алады əрі онда аралық жəне қорытынды аттестаттау тапсырады. Сессия аралық кезеңде шағын жинақты мектептерде оқыту тірек мектеп мұғалімдерінің қатысуымен жəне қашықта оқыту технологияларының көмегімен жүргізіледі. Тірек мектептердің қорларын қолдану негізінде білім сапасы, мектептердің педагогикалық өзара қарым-қатынасы, тәжірибе алмасу жүйесі дамытылады.Шағын жинақты мектептің бірнеше өзіне тән тиімді жақтары да бар:– балалардың саны аз, сондықтан мұғалім әрбір оқушыны, оның қызығушылығын артыруына, отбасын тез, жақсы тануына көп мүмкіндік бар;– дәптер тексеруге, жеке – дара өздік жұмысқа арналған жаттығулар іріктеуге аз уақыт жұмсалады;– оқушылар бірінші сыныптан бастап, өз бетімен жұмысқа бейімделеді;– бір оқу бөлмесінде күнделікті бірге болғандықтан, жоғары сынып (3 – 4 сынып) оқушылары кіші сынып оқушыларына көмек береді;– әрбір баланың білім денгейлерін анықтап, олардың білім, білік, дағдыларының денгейлерін көтеруге мүмкіндік мол;– аталмыш мектеп мұғалімі пәнаралық байланысты жүзеге асыруға, кенінен қолдануға тырысады. Екі немесе үш сыныппен өткізілетін сабақты ұйымдастырғанда  оқушының білімін бағалау, жеке жұмыс жүргізу, тапсырманы өздігінен қалай орындағандықтарын бақылап, жұмыстарын тексеріп отыру да педагогикалық шеберлікті, жете мән беруді талап етеді. Яғни, 45 минуттық бір сабақтың ішінде шағын жинақты мектеп мұғалімі 3, тіпті кейде 4 сабақты өткізіп, 3 не 4-сынып оқушыларын қатар оқытуға әрі әрбір «кіші сабақтың» білімділік, тәрбиелік, дамытушылық мақсаттарының орындалуын қадағалауға мәжбүр болады. Осыған орай сабақтың құрылымы да өзгереді. Бүгінгі күнге дейін сабақтың екі кезеңі анықталған болатын: мұғалім басшылығымен жұмыс және өздігінен орындалатын жұмыс. Бұл екі кезең «үлкен сабақтың» өн бойында бірнеше рет қайталанып отырады. Енді осы сабақтардың ұйымдастыру барысына тоқталайық: ортақ тақырыптық қағиданы ұстанғандықтан белгілі бір тақырыпты барлық сыныпқа бір мезгілде өткізуге болады. Жаңа сабаққа байланысты жаттығулар мен тапсырмаларды жас ерекшеліктеріне қарай әрбір сыныпқа лайықтап, саралап, әрқайсысына жеке орындатуға болады. Сабақ екі кезеңнен: біріктірілген (ортақ) бөлімнен және сараланған (дифференцияланған) бөлімнен тұрады. Бір сыныпта жаңа материалды түсіндіру, ал екінші сыныпта өткенді пысықтау немесе қайталау, оқушылардың білімін есепке алу сабағын жоспарлағанда жұмыстың барысы жаңа материалдың қай сыныпта түсіндірілетініне қарай анықталады.  Шағын жинақталған мектептердегі біріктірілген сыныптарда оқушылардың білім сапасын және шығармашылық қабілеттерін арттыру әр мұғалімінің көкейтесті мәселесі болып табылып отыр. Шағын жинақты мектептің педагогикалық ерекшеліктерін ескерген мұғалім ғана өзінің шығармашылық жұмысын ұйымдастыра алады. Кез – келген әрекет талдаудан басталады.Шағын жинақты бастауыш мектепте оқушыларды талдауға үйретуде тәсілдер жүйесін мақсатты түрде пайдалана білген жөн. Сабақ – оқытуды ұйымдастырудың негізі. Демек әрбір сабақ – оқу үрдісіндегі шешуші буын, сондықтан ол – оқытуды жетілдіру, қажетті түрлендірулер мен мақсатты нәтижеге жетуді ойластыру. Сонымен бірге жоғары шеберлікті үнемі қажет ететін, дамуды керек ететін, даму үстінде сапалы оқуды іздестіретін үрдіс. Сол үшін бүгін жақсы оқытуымыз керек, ал ертең бүгіннен де жақсы оқуға тиіспіз. Ең бастысы оқушының психологиясына айрықша көңіл бөліп, терең зерттеу жүргізіп, оның барлық тәрбиесін назардан тыс қалдырмаған жөн.  Ұстаз алдындағы ортақ міндет – заман ағымына ілесе алатын жаңа тұлғаны тәрбиелеу. Жаңаша оқыту-заман талабы. Жаңаша оқыту арқылы шығармашыл ұстаз қалыптасады.Шығармашыл ұстаз ғана шәкірттің шығармашылық қабілетін оята алады. Мұғалім – мектептегі негізгі тұлға. Оқушының білімді өз бетімен меңгеруі үшін оған жетекшілік ететін мұғалім. Өз бетімен білім алу әдістерін меңгерген, оны өмірде қолдана алатын, функционалдық сауаттылығы дамыған, жан жақты құзіретті, сыни ойлай алатын, болашақта бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу үшін оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдердің маңызы зор.

Пайдаланылған әдебиеттер:1.Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мелекеттік бағдарламасы.2.Шағын жинақты бастауыш мектептегі педагогикалық үдеріс теориясы мен технологиясы . Ж. Қ.Астамбаева , Г.И. Уәйісова. Алматы, 2010 ж.  3.Шағын жинақталған мектептерде пәндерді оқытуда жаңа педагогикалық әдістерді пайдалану жолдары.(Әдістемелік нұсқау) Алматы, 2002 ж.







Материалды сайттан тегін жүктеу

Жүктеу

Материал ұнаса парақшаңызға сақтап қойыңыз!


Өз пікіріңізді қалдыру үшін тіркелу қажет.