Сарайшық қаласы туралы мәлімет | туралы қазақша
Сарайшық қаласы — ортағасырлық Қазақстан тарихында өзіндік ерекше орны бар қалаға жатады. Егерде еліміздің оңтүстік өңірі мен Жетісу өңіріндегі қалалық мәдениеттің көрінісін көптеген ортағасырлық үлкенді-кішілі қалалардан, қамалдардан, бекіністерден, елді-мекендерден көре алсақ, батыс өңірдегі қалалық — Сарайшық қаласы арқылы байқалады. Бұл — қаланың көп ерекшеліктерінің бірін құраса керек. Жалпы, ортағасырлық Сарайшық қаласы туралы тарихи дерек мәліметтері баршылық, зерттеу еңбектерінде бұл қала атауы жиі кездесіп отырады. Ал қаланың тарихына арналған арнайы зерттеу жоқ болатын. Сондай-ақ бұл мәлімет — Сарайшық қаласының тарихнамасында өзіндік орны бар еңбектер қатарына жататынына ешбір күмән жоқ.
Сарайшық қаласының қалыптасуы
Қаланың Сарайшық деп аталуы тегіннен-тегін емес, сол кенттің жанында бұдан мың жылдан астам бұрын іргесі көтерілген Сарайшық атты Алтын Орданың орыс деректері бойынша немесе Ақ Орданың (шығыс деректері бойынша) кезінде ірі қалаларының бірі болған.
Бұл қала неліктен «Сарайшық» аталды? Бұл туралы мәселе қозғасақ, сол дәуірдің дерек көздеріне жүгінуге тиіспіз. Мысалы, XIV ғасырдың алғашқы жартысында, Қыпшақ даласы арқылы Хорезмге сапар шеккен араб саяхатшысы Ибн-Баттута былай дейді: «Сарайдан шыққан соң он күннен кейін Сарайжук қаласына келдік, ол — Ұлы су (Жайық) жағасына орналасқан. «Жук» — деген сөз бұл жерде «кіші» — деген мағынада, сонымен бұл қала — «Кіші Сарай».
Қазақстан территориясында моңғол шапқыншылығынан кейінгі кезеңдерде елді мекендермен ірілі-ұсақты қалалардың пайда болуына «Ордалардың» әсері де болғаны анық. Өйткені, Шыңғыс хан Дешті-Қыпшақ бастаған ұлан-байтақ аймақтарды бағындырғаннан кейін осы басып алуларда елеулі ықпал еткен ұлдары мен белгілі немерелеріне «орда» үлестіргені орта ғасырлық деректерден белгілі.
«Орда» сөзі түрік-моңғол тілдері үшін ортақ және бұл тілдердің сөздігінде байырғы сөз болып есептелінеді. Оның бастапқы мәні — «үй, ханның үйі», «сарай үйі», «ханның, билеушінің резиденциясы, ордасы» деген жаңа мағына пайда болған. Түрік-моңғолдар ортасында ислам идеологиясына қарсы болмаған. Көп әйел алушылық жағдайында әр әйелге жеке үй беруді дұрыс санағандықтан «орда» сөзі, тіпті «әйел» деген секілді метафоралық мағынаға да ие болды.
Хан ордасының жанында, кең далада әдетте «қызмет кәрсету салаларының» басқа да өкілдері өздерінің отбасыларымен, қызметшілермен, барлық шаруашылықтарымен бірге жүрді. Хан ордасының жанында саудагерлер, елшілер, қолөнершілер т.б. хан ордасымен үнемі бірге көшіп жүріп, оның жанында көбіне өте үлкен «көшпелі қала немесе елді мекендер қүрайтын». Мұндай көшпелі қалалар «орда-базар» деп те аталатын, әлбетте, базар сөзінің шығыстық мағынасында. Өйткені, шығыста базарлар тек сауда-саттық орны ғана емес, сонымен қатар, түрлі бұйымдарды, тағам өнімдерін шығаратын орын болған. Осылайша, күтпеген жерден алыс шалғайларда, бұрын-соңды елді мекендер болмаған жерлерде кенет жаңа қалалар пайда болатын. Олар кейде көшпеліліктен шығып, отырықшы тұрақты тұрғындары бар елді мекендерге, тіпті, ірілі-ұсақты қалаларға айналған болар.
Демек, қаланың Сарайшық аталуы — Кіші Сарай атынан туындаған деп жорамал жасауымызға болады, өйткені, шаһардың бұлайша аталуы қаланың өмір сүрген кезеңдеріне тұтастай жалғасты және орта ғасырдан біздің дәуірімізге жеткен деректерде де өзгеріссіз сақталды.
Сарай — деп, негізінен ханның ордасы аталған. Олай болса, Сарайшық — бұл ханның екінші ордасы, яғни, жазғы мекені болуы мүмкін. Немесе басқа себептерден Алтын Орданың астанасы дәрежесіне жақындаған қала. Бұл пікірімізді нақтылай түсу үшін тағы да Ибн-Баттутаның Сарайшық қаласындағы Алтын Орда ханы Өзбектің (1312-1342 жж.) алтын шатыры туралы жазбаларына сүйенеміз: «Шатыр — алтын жапырақшалармен керілген уықтардан тұрғызылған. Шатырдың ортасында алтын жалатылған тақ, тақтың аяқтары таза күмістен құйылып, үсті асыл тастармен әшекейленген» — дейді.
Осыншама әсем, аса құнды Хан Ордасы «алтын шатырдың», яғни, баға жетпес тарихи жәдігердің бізге жетпей жоғалуы туралы дерек, Алтын Орданың барынша әлсіреген «аласапыран кезеңіне» сәйкес келетінін білдіреді: «Ол орыс деректерінде Тайдула деп аталатын ханшаның билік жүргізген кезінде Алтын Ордадағы аласапыран уақытында болған. «Шыңғыс-Наме» ол жөнінде: «Тай -Тоғлы бегім, яғни, Тайдула Хызыр ханды шақырып алып, оны Сайын тағына отырғызғанда некелесу үйі ретінде Өзбек хан мен Әз-Жәнібек ханнан қалған «алтын үйді» тіккізді. Айтушылар бегім шашын қара түске боятып, Хызыр ханға тұрмысқа шығуға ниет қылды дейді. Хан да оған үйленуге кет әрі болмайды. Бірақ, оған оның ықпалындағы найман тайпасының Құтлы-Бұға деген бегі қарсы болады. …«Үйленбе» — деді. Соның сөзін тыңдап, ол үйленбеді.
Бегім оның өзіне үйленбейтінін сезгеннен кейін, бұрынғы ізеті мен құрметін азайта бастады. Бұған ызаланған хан алтын үйді бұзып, алтынын қазақтарына үлестіріп бермек болады. Мұны естіген бегім ханға кісі жіберіп: «Олай жасамасын…» дейді. Хызыр хан оның сөзін тыңдамай, бұзып үлестіріп береді. Бегім ханның мұнысына кектеніп, ішкі бектерін жинап алып, ханды қуалап жібереді. Хан қайтып Ақкелге кетеді.
Ақкөл — қазіргі Ташауыз қаласының (Түркіменстан) терістік-шығысындағы Жыланшық өзені келіп құятын көл.. Бұдан кейін Ақкөл аймағына орналасқан Шайбан ұрпақтары, яғни өз туыстарынан қолдау тауып, қайтадан көп әскер жинап, Тайдулаға қарсы жорыққа аттанып, Сарай түбінде үлкен ұрыс болып, Базаршы мен бегімнің біріккен күшін талқандап, олар тұтқынға түседі. Осылайша, Хызыр Алтын Ордаға екінші рет хан болады. Тайдула бегімді жабық, күймелі шанаға мықтап бекітіп, шанаға асау айғырды жегіп, беті ауған жаққа қуалап жіберді. Тайдула осылай мерт болып, Өзбектің алтын шатыры да құрыды.
Сонымен қатар, белгілі археолог Г.И.Пацевич Сарайшық қаласында 1373-1374 жылдары Алтын Орда тағының мұрагерлері Ильбан хан мен Ала Ходжалардың қоныстанғанын растайды. Бұл дәлелдерден Сарайшық қаласының Жошы ұлысының бір ауданының орталығы болуы мүмкін деген қорытынды жасауымызға да әбден болады.
Сарайшық қаласының өмір сүрген дәуірін «Археологическая карта Казахстана» деген жинақта былай деп үшке бөледі: «Бірінші дәуір — ХІ-ХІІ ғасырлар, яғни, моңғол үстемдігіне дейінгі мезгіл, екінші дәуір — ХІІІ-ХІV ғасырлар, яғни, Алтын Орданың немесе Ақ Орданың кезі, ал үшінші дәуір — XV-XVI ғасырлар, бұл дәуірді ноғайлық дәуір», — деп атаған.
Алайда, бұл пайымдауларды бүгінгі таңда еш өзгеріссіз мойындап, қабылдау ұлттық тарихымызға жасалған қиянат болар еді. Өйткені, халқымыз: «Елу жылда — ел жаңа, қырық жылда — қазан» деп, елдің қоғамдық дамуының қарқынды қадамын меңзеген сияқты. Бұл халық даналығын тәуелсіздік алғаннан кейінгі серпінді дамуымыз бен ғасырлар тоғысында, яғни, үшінші мың жылдыққа адамзат қауымдастығының қатарында Қазақ халқының да нық сеніммен енуіне жігерлендірумен қатар, ұлттық тарихымызды жаңа жағдайларға орай терең саралауды міндеттейді. Өйткені, «өткенге көзі жеткеннің — келешекке де көзі жетеді», — дейді халық.
Қазақ хандығы кезіндегі Сарайшық
Алтын Орданың ыдырауы — Қазақ халқының бірігуіне жол ашса, Әбілхайыр хандығының ыдырауы мен Моғолстанның әлсіреуі — Қазақ халқының қалыптасу процесін біржолата аяқтауды шапшаңдатып, халықтың саяси бірлігінің негізі -мемлекеттілігінің де құрылуын тездете түсті. Өйткені, бұған дейін-ақ көшпелі мал шаруашылығы мен отырықшы-егіншілік және қала шаруашылықтары қалыптасқан аумақтардың өзара экономикалық байланыстарының қоғамдық өмірде тұрақты орнығуы қазақ тайпаларының бір тұтас саяси құрылымға бірігуіне мемлекет қана халықтың этникалық бірігу барысындағы әртурлі ықпалдардың әсерін жойып, халықтың этнос ретіндегі мәдени, шаруашылық дамуын қамтамасыз ете алар еді. Мысалы, «Қазақ қоғамы дамуының бүкіл барысындағы ұзаққа созылған ішкі соғыстар мен талас-тартыстар және қазақ билеушілерінің көршілес Орта Азия, Шығыс Түркістан, Сібір, Жоңғария аумақтарындағы ерікті-еріксіз жүргізген сыртқы соғыстары сияқты факторлардың да теріс ықпал жасағаны аз болған жоқ. Бұл факторлар объективті түрде пайда болған шаруашылық, мәдени және этникалық байланыстарды қайта-қайта үзіп отырды».
Осыған орай XV ғасырдың екінші жартысында көшпелілердің, яғни, бүгінгі Қазақстан аумақтарындағы ру-тайпалардың мемлекеттілігі туралы мәселе — болашақтың кепілі ретіндегі мәнге ие бола бастады. Өйткені, бұл кезең- Қазақтың жаны мен Ұлттық мінезінің және Рухының қалыптасу дәуірі болды. Себебі, қазақ халқының біртұтас саяси құрылымға ұмтылуына сол кезеңдегі Шығыс Дешті-Қыпшақ пен оған іргелес аймақтардағы геосаяси ахуалдар да айтарлықтай ықпал ете бастады. Мысалы, қалыптасқан қазақхалқының онан әрмен қалыпты дамуына моңғол ұлыстарының күйреген орындарында пайда болған бірнеше саяси құрылым-мемлекеттерге — Ақ Орда, Әбілхайыр хандығы, Моғолстан, Ноғай Ордасы және Сібір хандығы бөлшектенуі — халық санының азайып, экономикалық құлдырауға ең бастысы — туыстас этникалық топтардың өзара алшақтай түсуіне, саяси және шаруашылық байланыстарының үзілуіне әкеп соқтырған дұшпандық әрекеттері үздіксіз созылған соғыстарға ұласа бастады.
Қазақ хандығының пайда болуының дәл уақыты жөніндегі зерттеушілердің пайымдаулары әртүрлі. Мысалы, белгілі тарихшылардың бір тобы-қазақ мемлекеттілігінің негізі Орыс хан тұсындағы Ақ Ордада қаланды — деп тұжырымдайды. Зерттеушілердің екінші тобы-хандық Керей мен Жәнібек сұлтандардың Моғолстанға көшуімен басталды десе, үшіншілері хандықтың құрылуын ХV — ғасырдың 60-жылдарының ортасынан бастайды, төртіншілері Қазақ хандығы ХVІ-ғасырдың өларасынан бастау алады дейді. Ал, бесіншілері тіпті кейінірек, ХVІ ғасырдың 30-40 жылдарына шегереді.
Бұл пайымдаулардың барлығы да Қазақ халқының тарихында елеулі ізі бар тарихи құбылыстарға негізделгендігі белгілі. Алайда, белгілі тарихшы Т.И.Сұлтановтың пайымдаулары көңілге қонымдырақ, өйткені ол «Қазақ хандығыиың құрылуы бір мезгілде жүзеге асқан бір сәттік акты емес, ұзақ уақытқа созылған процес» — деген пікір айтады.
Еліміз үшін бүгінгі таңдағы аса жауапты жаһандану дәуірі тұсында Қазақ хандығының құрылуы сияқты өте өзекті мәселеде ғалымдар арасында сан түрлі көзқарастардың орын алуы заңдылықта болар. Дегенменде, тарихтың нақты деректерге ғана сүйенетіндігін ескерсек, әзірге қолда бар орта ғасырлық жазба деректерде Қазақ хандығы туралы мәліметтер — ханзадалардың Моғолстанға көшу дәуірінен бергі кезеңдерді ғана қамтитындығын мойындауға тура келеді.
Алайда, Қазақ хандығының құрылуы — бір мезгілде жүзеге асқан бір сәттілік акты емес, ұзақ уақытқа созылған өте күрделі процес екендігі айқын. Себебі, Керей мен Жәнібек сұлтандардың Моғолстанға көшуі-Қазақ хандығының құрылғандығын білдіретін жалпы Ұлттық ауқымдағы уақиға емес екндігі байқалады,өйткені, батыс Моғолстанға көшкен Керей мен Жәнібек сұлтандарға бастапқыда Қазақ тайпалаларының мардымсыз аз ғана бөлегі ерген. Егер де Дешті-Қыпшақ тайпаларының елеулі бөлегі қолдаса, билікқұмар және тақтан үміткер ханзадалардың басқа елге қоныс аударып, басқа елдің билеушілеріне тәуелді болуы мүмкін бе? Екіншіден, билікқұмар Есен-Бұға мен Жүніс хандар билеген Моғолстан мемлёкетінің аумағында жаңа мемлекеттің ірге көтеруі ойға да қонымсыз және жоғарыдағы хандардың жол беруге де реті жоқ оқиға. Үшіншіден, ең бастысы мұндай аса маңызды геосаяси мәні бар оқиға жөнінде ешбір деректің сақталмауы немесе тұтас бір жаңа халықтың жаңа мемлекетінің құрылуы — орта ғасырлық тарихшылардың, шежірешілердің, ақын-жыраулардың назарларынан тыс қалуы мүмкін емес.
Сарайшық — Қазақ хандығының Астанасы
Сарайшық тарихының төртінші кезеңі — Қазақ хандығының құрылуымен басталады. Өйткені, Қазақ хандығының құрылуына және едәуір күшейуіне айтарлықтай қайраткерлігі мен бүкіл күш-жігерін жұмсаған Керей ханнан кейін мемлекетті билеген Бұрындық хан ежелден Дешті-Қыпшақ тайпалары кіндік қаны тамып, мамыражай көшіп-қонып, атамекен еткен сары даланың төсіндегі Сарайшықты ел ордасы — етіп таңдаған. Бұл жөнінде Қазақстанның орта ғасыр тарихының білгір маманы, әйгілі шығыстанушы В.В.Вельяминов-Зернов былай дейді: «Сарайшықты Қазақ ханы Бұрындық бағындырып, алғашқы астана етті».
Сарайшық шаһарын Қазақ хандығының астанасы етуінің сол дәуірлік сыры сан алуан. Сол сырдың бірі — біздіңше, Қазақ хандығы құрылуының бастапқы ауыр кезінде Бұрындық ханның Шығыс Дешті-Қыпшақтағы түрлі тайпалардың күнделікті тұрмыстық байланыстары ертеден орныққан Сарайшықты бағындыруы және астана — деп, ту тігуі, жергілікті тұрғындардың мәртебесін арттыруымен қатар, қыпшақ-маңғыт тайпаларының Қазақ хандығына бағыныштылығы мен берілгендігін нығайтып, өз еліне деген ел жандылық, ұлтжандылық рухының қалыптасуына пәрменді ықпалы болғаны сөзсіз. Мысалы, Шығыс Дешті Қыпшақта XV ғасырдың соңғы ширегі мен XVI ғасырда қыпшақ этникалық қауымдастығына біріккен 24 ірі тайпалардың қауымдастығы негізінде айтарлықтай әскери-стратегиялық күш жинақталғандығы. Атап айтқанда, елбөрілі, тоқсоба, жетіоба, дурут, әларс, буржоғлы, маңқұтоғлы, имек, тағ, башғұрт, куманлы, базанақ, бажна, қарабөріклі, ұз, жартан, ұрандар, баят, азкиши, тургеш, қаңлы, қарлұқ, жікіл және қай тайпаларымен қатар, бұл өңірге жаулаушылық кезінде келген моңғолдық маңғыт, үйсін, қият, дулат, барлас және қоңырат тайпаларында жергілікті қыпшақтармен бауырласып орныққанын ескерсек, Бұрындық ханның Сарайшықты астана етуінің алысты болжаған ел болашағы үшін аса маңызды көрегендік саясат жасағанына көзіміз жетеді.
Өйткені, жоғарыда аты аталған 30 тайпалық бірлестіктердің жүздеген мың мүшелері Шығыс Дешті-Қыпшақты алғашқы қазақ хандығына мықты тірек аймағына айналдырумен қатар, Бұрындық ханның өз дұшпандарына қарсы қаһарлы айбарының орнығуына шешуші ықпал еткені айқын.
Әсіресе, Қасым хан түсында Қазақхандығының нығаюы экономикалық және стратегиялық жағынан қалалардың рөлінің өмірлік мәні артты. Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани Сығанақты Дешті қыпшақтың сауда аймағы- деп атай келе, былай деп хабарлайды: «бұл елге Дешті жағынан, Хажы Тарханнан көптеген игіліктер, семіз қойлар және аң терісінен, яғни, бүлғын мен тиін терлерінен тігілген тондар, берік садақтар, ақ қайыңнан жасалған жебелер, жібек маталар сияқты бағалы тауарлар және өзге де асыл бүйымдар жеткізіледі».
Ал, Хажы Тархан мен Сығанақты байланыстырған игілікті сауда жолы Сарайшық арқылы жүргендігі күмәнсыз. Сөйтіп, сауда-экономикалық байланыстардың маңызы арта түсті. Алайда, қазақтардың күш-қуатын әлсіретуді көздеген Мұхаммед Шайбанидың қазақтардың қалаларда сауда жасауына тиым салуға тырысуы кездейсоқ емес. Демек, тұрақты сауда байланысы үшін күрес қазақ және өзбек хандарының XV ғасырдың соңы мен XVI ғасырдағы өзара шиеленістерінің күрмеуі қиын қайшылықтарының біріне айналдырды.
Сондықтан да, Қазақ хандығының алғашқы орныққан, нығайған кезеңінде Сарайшық қаласы далалық өңірдегі Жалқы ірі шаһар болғандықтан да орны айрықша екендігін мойындауға тура келеді. Өйткені, Сырдария бойындағы қалаларды иелену Орта Азиялық түрлі ұлттар мен мемлекеттер мен ұзаққа созылған азапты да, қасіретті қантөгістер мен үздіксіз жүргізілген соғыстарға киліктірді. Себебі, бұл аймақтағы қалалардың экономикалық-әлеуметтік және саяси-стратегиялық маңызы ежелгі замандардан-ақ баршаға аян болатын.
Ал, Сарайшық қаласы орналасқан аймақ Қазақ хандығы қүрылған дәуірде, ең бастысы — қарулы қақтығыстардан тыныш — қоғамдық дамуға ең қолайлы өлке болғандығы даусыз. Өйткені, Алтын Орда кезеңінен бастап, батыс пен шығысты байланыстырушы — Ұлы Жібек жолының аса маңызды бір тармағы осы өңір және оның бірден-бір ірі шаһары Сарайшық арқылы өтіп, Дешті-Қыпшақтың даңқын шартарапқа жайғандығы белгілі.
Оның үстіне, Қазақ хандығы нығаюының алғашқы кезеңінде бұл аймақта стратегиялық түпкі мақсатқа кедергі келтіріп, қарсы тұратындай саяси күштер де жоқ еді, яғни, Маңғыт жұрты құрған Ноғай ордасы әлсіреп, ыдырап кеткен болатын. Екіншіден, Ресей патшалығы да әлі де өте әлсіз еді.
Демек, Сарайшықтың Қазақ хандығының, алғашқы астанасы болғанына күмәндану шын мәнісінде, күні кешегі тәуелсіздікке дейінгі ұлттық тарихымыздың бұрмалануымен әдейі күңгірттендірілген ықпалынан шыға алмау болып табылады.
Өз тағдырына — өзің ие болу үшін — «Жаныңның — азығы, санаңның — қазығы болғаны ләзім» — демей ме? Олай болса, орта ғасырлық Сарайшық қаласы — ұлттық санамыздың баға жетпес асыл қазықтарының бірі.
Қазақ хандығына әкесі Керей ханмен бірге негіз қалаған Бұрындық хан мен Қазақ хандығын барынша кеңейтіп, нығайтқан хан Қасым неліктен Сарайшықты алғашқы Қазақ мемлекетінің астанасы етті? Бұл сауалға жауапты төмендегі тұжырымдауларымыздан шығаруға болады:
Біріншіден, Сарайшық шаһарының жайқалған жұғымды жайылымдары мен шәрбәттай дәмді, мөлдір сулы, өмірге қолайлы Жайық өзенінің бойына орналасуы;
Екіншіден, еуразияның ең төте, сондықтан да ең тиімді байланыстырушы шебіне ірге орнықтыруы;
Үшіншіден, теңіздей толқыған, сан ғасырлар бойы ұрпақ үшін, ел үшін, жер үшін қиян-кескі арпалыспен күн кешкен көшпелілердің шаруашылық-тұрмыстық мүдделеріне сай;
Төртіншіден, халықаралық мәнге, яғни, еуразиялық сауданың дамуы тек Қазақ халқына ғана емес, барша осы құрлықтарды мекендеушілердің экономикалық мүдделіктеріне орай;
Бесіншіден, Сарайшық шаһары — Қазақ хандығына дейін-ақ, Алтын Орда мен Маңғыт жұртының даңқты хандары мен билерінің, мәңгіге топырақ бұйырып, жергілікті тайпалар мен рулардың имандылығы мен ата-баба аруағына бас иер қасиетті орталығы болуы.
Міне, осындай Қазақ болмысы үшін аса мәнді Сарайшық қаласы Қазақ хандығының — алғашқы астанасы болды — деген қорытынды жасауымызға әбден болады. Өйткені, қандай мемлекет болмасын, қай дәуірде де өз басшылары мен сыйлы тұлғаларына мәңгілік орынды астанасынан, яғни, мемлекеттің орталығынан әзірлеген. Бұған дәлел ретінде, сол дәуірдегі тарихшылар пікірлерін ескере отыра, кейіннен XVI ғасырдың аяғында Түркстанның Қазақ хандығының астанасы болғанынан кейін, Есім ханнан бастап Қазақ хандары мен зиялы билері, сұлтандарын Түркстанға, Ел ордаға жерлегендігін айтуымыз керек.
Қолданылған әдебиет: Мұстафин Жеңісбек Жұпболұлы. «Ортағасырлық Сарайшық». Атырау: «Ағатай» баспасы, 2015жыл. 177-бет
#Сарайшық #қаласы #туралы #мәлімет