Сақтардың мәдениеті | туралы қазақша

0
44

Сақтардың (скиф) рухани мәдениетіндегі рәміздік ұғымдар

Этномәдениетте көшпенділердің архетипін, ділі (менталитет) мен тарихын және ұлттық рухани құндылықтардың сабақтастығын жан-жақты зерттеп, көшпенділердің мәдениетін тұтас көрсетеміз. Еліміз егемендік алғалы бері көшпенділердің мәдени мәселелеріне қоғамда қызығушылық артты. Сондай-ақ бүгінгі күнге дейін Европа, Ресей ғалымдарының арасында сыңаржақты жаңсақ пайымдаулар ғылымда теріс пікірлер туғызды. Сондықтан көшпенділердің мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрі мен наным-сенімдерін жүйелеп, тұтас тарихи сабақтастығын қарастыруды жөн көрдік. Көшпенділердің мәдениеті туралы ежелгі жазба ақпарат мардымсыз болғандықтан артефактілерді сараптамадан өткізіп, қолдандық.

Ресей, Қазақстан ғалымдарының жүргізген археологиялық қазба жұмыстары сақ (скиф) мәдениетінің б.з.б. VIII — IV ғғ. өте жоғары деңгейде болғанын дүниежүзіне танытты. Сондай-ақ көшпенділердің археологиялық қазба жұмыстарынан табылған материалдық заттары ғылымда жаңа көзқарас қалыптастырды.

Сақ (скиф) дәуіріндегі мәдениетті Ресей археологтары мен этнографтары ежелгі өркениетті мемлекеттермен салыстырмалы түрде ғана зерттеді. Көшпенділердің мәдени және тарихи жетістіктерін гректер, египеттіктер мен парсылардың мәдени құндылықтарымен салыстырмалы түрде қарастырып қана қоймай, олар сондай-ақ көшпенділердің бейнелеу өнері мен мәдениетінің қалыптасуына ықпал етті деп тұжырымдады. Европа, Ресей ғалымдары өздерінің ұстанымдарында сақтардың (скиф) ежелгі өркениетті елдермен қарым-қатынасын мәдени-экономикалық саламен ғана шектеп қойды.

Ежелгі көшпенділердің қоғамдағы салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы мен наным-сенімдері сондай-ақ ділі, тілі ежежі антикалық авторлардың қолжазбасында үзік-үзік берілген. Сақтар (скиф) өз территориясында ерекше көшпенді тұрмыс-салтын қалыптастырғанын табылған көне ескерткіштерден көреміз.

Көшпенділердің қоғамында патриархалді тап болғанына қарамастан сақ (скиф) әйелдері еркектермен қатар аң аулап, соғыс жорықтарына қатынасып, ел-жұртын жаудан қорғаған.

Көшпенділердің негізгі кәсібі малшаруашылығы болғандықтан оларға үнемі кең алқап, құнарлы жерлер қажет болды. Құнарлы жерлер үшін сақ (скиф) тайпаларының арасында жиі қақтығыстар болып тұрған. Тайпалардың бір-бірінің малдарын айдап кетуі дәстүрге айналған десек те болды. Мұндай қарақшылық әрекеттер қазақ даласында кейінгі ғасырларда да сақталған. «Барымта — бір тайпа екінші тайпаның малын айдап кету сақ (скиф) кезеңінде пайда болған» — дейді С.И. Руденко.

Барымта қазақтарда Кеңес үкіметі орнағанға дейін сақталған. Мыңдаған мал ұстаған бай — шонжарлар мен ру арасындағы келіспеушілік кезінде бір-бірінің малын айдап кетіп отырған. Егер осындай тартыстың арқасында бір тайпа малын көбейтіп, жерін кеңейтсе, ал кішігірім жеңіліске ұшыраған тайпалар жаңа жер іздеп қоныс аударуларына тура келген. Хән патшалығы дәуіріндегі тарихи деректерде үйсіндердің байларының иелігінде 4-5 мың жылқы болды деп жазылған.

Көшпенді қоғамының әр кезеңінде малшаруашылығы үлкен рөл атқарды. Тіршілікке қажетті заттардың барлығын малдан өндіріп алатындықтан, олардың байлықтары мал басымен (жылқы) есептелген. Төрт түлік мал сақтардың (скиф) дүниетанымы мен наным-сенімдері, әдет-ғұрпы, тұрмыс-тіршілігінде қолданатын қолөнер бұйымдарында бейнеленген. И.Е. Никонов: «Жылқы көшпенділерде киелі жануар болып саналған. Сондықтан сактар (скиф) жылқының суретін қолөнер бұйымдарына бейнелеген. Чертомылық обасынан табылған алтын жалатқан күміс құмырада жайылып жүрген жылқылар, сол сияқты асау аттың мойнына құрық салып, арқан тартқан үш сақтың (скиф) кескіні ойылып түсірілген. Ол көрініске қосымша атты тізесіне бүктіріп жаттықтырушы сақтардың да (скиф) суреті берілген» — дейді. Чертомылық қорғанынан табылған құмырада бейнеленген адам мен жануарлардың көріністері сақтардың (скиф) шынайы өмірінен алынған. Қорғандардың көбінде мәйітпен бірге жылқы көмілген, ал үйсіндердің обаларында қой сүйектері де кездеседі, олар төрт түлік малмен бірге қотан иттерді де бірге көмген. Мұндай көшпенділердің ежелгі ғұрпы орта ғасырда өмір сүрген қыпшақтарда да сақталған. Рубруктың деректерінде қыпшақтар төртбұрышты етіп тұрғызған бейіттің төрт тұсына төрттен он алты жылқының терісін ілу ғұрпы болғаны жазылған. Ежелгі қоғамда жылқыны ақша санатында қолданған. Қытай жылнамасында көшпенділер «адам өлтіруші жазаны аттың санымен өтейді» — деген жазба деректер сақталған. Көшпенділерде сондай-ақ үйлену кезінде қалың малды жылқы басымен төлеген. Ондай салт түркі тобына кіретін елдерде Қазан төңкерісіне дейін сақталған. Жылқы, түйе көшпенділердің ең киелі жануарлары.

Сақтардың (скиф) тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі мен шаруашылығы еуропалық және азиялық сақтарға (скиф) ортақ болды. «Қазақтарда елін қорғауға аттанған жауынгерлер сұқ саусағын құрбандыққа шалынған боз биенің қанына батырып, оны жалап тұрып ант берген. Бұл ғұрып жылқыны қасиетті санағаннан кейін туған ырым» — дейді З.Самашев. Ежелгі көшпенділердің бітімгершілік рәсімінде өзіндік ерекшеліктер кездеседі. Геродоттың деректерінде сақтар (скиф) қанмен шарап араластырып, ыдысқа қылышты батырған соң, сол шарапты кезектесіп ұрттап ішкен. Мұндай көріністер ежелгі көшпенділердің құмыраларында бейнеленсе, ал орта ғасырда өмір сүрген қыпшақтар соғысқа аттанғанда бір-бірімен «қан бітімгершілік» ғұрпын жасаған. Көшпенділердің қоғамда өмір сүрген ортасына орай наным-сенімдеріне байланысты өткізілетін рұсімдер аздаған өзгерістерге ұшырап отырды. Соған қарамастан көшпенділер ғасырлар бойы дәстүрлі тұрмыс — тіршілігін сақтап қалды. Мұндай ғұрып қыпшақтарда XVIII ғасырға дейін балбал тастарға ойып бейнеленген. Қолына ыдыс ұстап бейнеленген жауынгер кейпіндегі балбал тастар Евразия аймағында орта ғасырда кеңінен тұрғызылған. Сондықтан ежелгі сақтардың (скиф) бітімгершілік салттарының көрінісін алтын пластиналар мен құмыралардан ғана емес тас ескерткіштерден де көреміз.

Гиппократ сақтардың (скиф) көшпенді тұрмысын өз деректерінде сақтар (скиф) бір жерде малдарына шөп жеткенге дейін ғана тұрақтап, ал шөп бітісімен малдарымен басқа аймақтарға көшіп отырған дейді. Мұнда Гиппократтың «шөп бітсе басқа аймаққа малымен көшіп отырған» деген тарихи деректерінен, көшпенділер шөп болса болды басы ауған жаққа көшіп жүрген дегенді білдіреді. Малшаруашылығымен айналысқан көшпенділерде ежелден қыстау, көктеу, жайлау, күздеу деген тұрақтары б.з.б. пайда болды.

Қазақтар XXI ғасырға дейін әр жүз, әр ру ата-бабаларының қоныс тепкен жерінде өмір сүріп келеді. Көшпенділердің ғасырлар бойы малшаруашылығына қатысты сақталған дәстүрлері бар. Олар қыста қыстауда, жазда жайлауда өмір сүрген. Мұндай көшіп қону тұрмысы малдарға жем-шөп дайындамай-ақ тұрмыс кешуіне қолайлы болған. Сондықтан жерге байланысты соғыстар, дау-дамайлар көп болды. «Жер дауы» деген мәселелер осының салдарынан пайда болған. Ежелгі көшпенділердің малшаруашылығында қыстау, күздеу, көктеу, жайлау қоныс аудару дәстүрі бүгінгі күнге дейін өз өзектілігін жоғалтқан жоқ. Төрт түлік мал өсіруде қазіргі қойшылар осы дәстүрді сақтап қалды.

Көшпенділердің мыңғырған малдарына арнайы шөп дайындалмағандықтан олар жайылымдарын жиі ауыстырып отырған. Олар табиғатпен етене бауыр басып кеткен халық. Жерге, өсімдікке деген көзқарастары әрбір тайпаның малды белгілі бір жерге жаюды қалыптастырды. Мал жайылымы қыстау, жайлау, көктеу, күздеу деп бөлініп, көшпенділердің жылдың төрт мезгілінде де қоныс тепкен арнайы жерлері болды. Тау қойнауларының күнгей ойпандарын қыста қысы жылы, малға шөбі жеткілікті болғандықтан «қыстау» деп аталған. Жаз маусымында суы мол, шөбі шүйгін таулы жайылыстар мен көшіріледі де тау алды көлеңкелі ойпаңдарды «жайлау» — дейді, ал «көктеу» мен «күздеу» тау етегіне орналасады. Бұл жерлер ел көшкеннен кейін бірнеше ай бос жатады да, содан соң шөбі қайта қалпына келгенде маусымда оралған малдың жайылымы қажетті қамтамасыз етіледі. Көшпенділерде бір-бірінен қашық емес төрт маусымдық жайылыстың болуы мал өсіруге өте тиімді болған.

Тайпаның, әр рудың мал баққан аймақтары солардың меншікті жерлеріне айналды. Бір тайпаның жеріне екінші тайпа мал жаюға немесе рұқсатсыз көшуі үлкен дауға айналған. Ғұн баянында салт бойынша олар жайылымда мал бағып, аң аулап күнелтеді, ал жаугершілік бола қалса, барлық адам соғысқа аттанып, жортуылға шығады. Бұл олардың сүйегіне біткен табиғаты. Көпшенділер тұрмыс-тіршілігінде маңызды рөл атқарған малдарын сақтап қалу үшін түрлі шаралар қолданған.

Сақтар (скиф) мындаған жылқыларын қарақшылықтан сақтап қалу үшін арнайы салт атты жауынгерлер жасақтаған. Сонымен сақтар (скиф) көшіп-қону үшін ең қолайлы жануарлардың бірі жылқыны пір тұтқан. Таулы Алтайлықтар болса тек айғырды мініп, олар ешқашанда бие мен тайларды ерттемеген дейді ғалымдар. Жылқының еті мен қымызы ежелден бері көшпенділердің дәстүрлі тағамы болып есептелген. Бие сүтінің асқазан ауруларына, ал оның еті атресклероз, рак ауруларына қарсы шипалық қасиеті бар екені ғылымда дәлелденді.

Аптекарь — И. Сиверс:«Көшпенділер жылқы сүтінен қымыз ашытып, шипа ретінде қолданады. Өзінің алтай өңірінде қымыз ішіп көптеген аурулардан жазылғанын айта келе, тері ауру, жұқпалы, туберкулез аурулары оларда мүлдем кездеспейді» — дейді. Үйсін еліне арнайы патшаларға арналған самұрық құстың суреті бейнеленген күйме мініп келген Хән Шижүн ханша көшпенділердің тұрмыс — тіршілігі туралы б.з.б. мынандай бәйіт шығарған. Күмбезденген киіз үй, қабырғасы туырлық, Қорегі тек ет екен, айран, қымыз-сусыны — дейді.

Көшпенділердің өмірінде тағы бір маңызды жануар — қой. Қойдың жүні, сүті, еті қысы жазы оларды асыраған. Сондықтан көшпенділердің дүниетанымында қой тотемдік таңбаға айналып, оның магиялық қасиеті бар деп сенген. Қойға байланысты бейнеленген рәміздік таңбалар — бақыт-берекені тұспалдайды. Егер ауқатты сақтардың (скиф) байлығы ірі қара малмен есептелсе, ал қатардағы сақтар (скиф) қой, ешкі өсірген. Сол кезеңнің адамдарының киім-кешегі, үй жабдықтары, тіпті ет пен сүті осы қойдың арқасында қамтамасыз етілді.

Антика кезеңінде өмір сүрген сақтарға (скиф) тұрмыс-тіршілігі жағынан ұқсас ежелгі өркениетті Шумер мемлекетінде қой ең маңызды рөл атқарған. Қой жүнінен тігілген киімдерді киген шумерліктер дәулетті болып саналған, ал қой жүні жоқтарды «ну-сики» (бұл сөздің мағынасы жүні жоқ) деп атаған. Шумерліктердің патшасының эпитетінде қойшы «басқарушы, билеуші» (сипазид) болып саналады. Қой жануары олардың наным-сенімдерінде негізгі орын алған, өйткені оның «магиялық қасиеті бар» деп сенген, сондай-ақ мемлекеттің тағдырын да«қозының бауырына» қарап болжаған.

Гильом Рубрук пен Рашид ад-Диннің деректерінде түркі-моңғол көшпенділері жауырынға қарап бал ашқанын келтіреді. Сондықтан молаларда малдың дене мүшелері көптеп кездеседі. Мұндай ғұрып діни магиялық дүниетанымға байланысты болуы мүмкін. Сүйектегі жазулар түркі тілінде жазылған. Ондай сиыр жауырынына жазылған сүйек Аспарадан XV ғасырда табылған.

Қазақтардың тұрмыс-тіршілігі қой, қошқар малымен тығыз байланысты болғандықтан,бұл төрт түлік малдың біріне арналған наным-сенімдер мен ырымдар көп. Қой семірсе «құт» деп бақыт әкелетін малдың сілекейін барлық малдың басына жағып және сол малдың сілекейін өзінің жүніне шылап сенімді жерге тығып қояды, ал жаңа туған баланы батыр болсын деп, кіндігін қошқардың мүйізіне байлап жіберетін болған.

Мал төлдеп жатқанда кереге басына, бақанға қойдың құйрығына қызыл шүберек байлап іліп қояды. Оны елдің көзі төлге түспей, құйрыққа түссін дегені. Қасқырдың бас сүйегі мен жыланның бас сүйегін алып, жағын мықтап таңған соң, сандыққа сақтап қояды. Сонда олар, малды қасқыр жемейді, ал адамды және малды жылан шақпайды деп жорыған.

Қойға қатысты мифтік аңыздар, ертегілер көшпенділерде кеңінен тараған. Сақ (скиф) тайпаларының малға деген құрметі, жерлеу рәсімінде ерекше орын алады. X. Арғынбаев: «Төрт түліктің өзіне тән ерекшеліктеріне қарай әр-түрлі құбылыстарынан жаралады. Мәселен: жылқы — желден (жел аяқ, жүйрік болғандықтан таза ауаны сүйетіндіктен), түйе — сордан (сорлы жерді тәуір көретіндіктен), сиыр — сасық судан (судан да жерімейтіндіктен, қой оттан жаралады)» — дейді. Этнограф ғалымның төрт түлік малға берген мінездемесінен жануарлардың табиғатына сай айтылған. Жылқы, сиыр, қой барлық жерде бейімделіп өмір сүрсе, шөл далаға ең төзімді мал — түйе.

Сақтардың тұрмыс-тіршілігіндегі негізгі наным-сенімдер, салт-дәстүрлер мал мен аспан денелеріне қатысты болған. Оларға тылсым бір күштің иесі көкке қатысты космогониялық таңбалар ежелгі жазу мен олардың қолөнері мен бейнелеу өнерінің негізін қалайды.

Аспан денелерімен ежелгі адамдардың өмірі өте тығыз байланысты болған. Аспандағы аққан жұлдыз көшпенділердің наным-сенімдерінде адам өмірінің сөнуін тұспалдайды деп сенген. Сақтардың (скиф) қорғандарынан табылған қола айналар күннің (солярлік) рәміздік ұғымын береді. Кейіннен бұл үрдіс басқа кезеңдерде де жалғасын тапты.

Ежелгі адамдар өздерінің табынған дөңгелек күн пішіміндегі (солярлік) таңбаға байланысты қорғандарды шеңбер қылып салып, кіре берісін күннің шығысына қаратып жасаған. Олар өздерінің қүрбандыққа арналған жылқысын да, осы қорғанның шығыс жағына әкеп шалған. Күнге байланысты көшпенділердің ғұрыптары ежелгі шумерлерде де кездеседі. Күн шеңбер бойымен әлемді бір айналып өз орнына келгенде шумерліктерде жаңаруды тұспалдайды. Көшпенділерде ежелден тойланатын наурыз мейрамындай, сол күні шумерліктер қарыздары мен өкпелерін кешіреді.

Шеңбер Күн нұсқасындағы қола айналар обалардың бәріне мәйітпен бірге салынған. Жауынгерлер қола айнаны белдігіне кісе сияқты тағып, олар сондай-ақ соғыс уақытында қола айнаны қару ретінде де қолдануы мүмкін. Бұл дәстүр ме, әлде қорғанға арнайы салынатын қосымша бүйым ба? Бұл туралы ғалымдардың арасында ортақ пікір жоқ. Мұндай қола айналар Қытай, Сібір, Таулы Алтай, Қара теңіз өңіріндегі барлық қорғандардан археологиялық қазба жұмыстары кезінде молынан табылды. Сактар (скиф) айнаны жүздерін көру үшін ғана емес, сондай-ақ олар балгерлікте де қолданған.

Шамандар қола айна арқылы жын-шайтандарды қуса, көріпкелдер соғысқа аттанған әскердің тағдырын қола айнаға қарап болжаған. Сақ (скиф) шамандары, көріпкелдері қола айнадағы магиялық тылсым күшке сенген. Геродоттың деректерінде жазылғандай сақтардың (скиф) өмірінде бақсылар мен шамандар негізгі рөл атқарған. Қола айна мен қысқа таяқшаларға қарап шамандар (көріпкелдер) болашақты болжаудан басқа, олар ауру адамдарды емдеген. Ежелгі сақтардың (скиф) балгерлері қатар қойылған ағаш шыбықтарды кезекпен-кезек алып соған қарап бал ашқан. С.С. Бессонова: «Айна, дөңгелек ыдыс, шаманның дөңгелек дабылы (музыка аспабы) әлемдік символды білдіреді» — дейді. Мұндағы айна, дөңгелек ыдыс және дабыл күнді тұспалдайды. Ежелгі көшпенділер күнге, отқа табынған.

Герродоттың кітабында балгерлер туралы деректер кездеседі. Сақ (скиф) патшасы ауырса ең мықты деген үш балгерді шақыртып, олардан болашақта не болатынын сұрайды. Егер балгердің айтқаны сәйкес келмесе, басын шауып, оның мүлкін қалған екі балгерге таратып берген. Патшаға бал ашардың алдында шамандар (бақсылар) оттың жанында тұрып, құдайға шын ниетімен ант еткен.

Ежелгі көшпенділерде шамандар, бақсылар мен көріпкелдер қоғамда маңызды рөл атқарған. Сақтар (скиф) жеті құдайдың ішінде от құдайына табынған. От қатал табиғатта тіршілік ету үшін ежелгі адамдарда өмірмен теңестірілді (мұндай ұғым Зороастризм дінін қалыптастырды). Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған қола айналардың нұсқаларының үлгісі бір-бірін қайталамайды.

Жергілікті жерде қола айна жасалған ба? — деген сұрақтарға, ғалымдар әртүрлі болжам айтады. Кейбір ғалымдар қола айналар қытайдан әкелінген десе, С.И. Руденко: «Қола айналар жергілікті жерлерде жасалған» деп тұжырымдайды, ал В.В. Радлов: «Қоладан құйылған мүсіндер көшпенділердің мәдениеті және оның құрамы туралы ақпарат береді» — дейді. Көшпенділердің қарумен бірге беліне асып жүретін айналардың пішімі мен оған салынған таңбалар жергілікті жерде дайындалғанын көрсетеді.

Қола айналар сақ (скиф) қорғандарының барлығында дерлік кездеседі. Қола айнаны бақсылар діни рәсімдерінде қолданса, сақ (скиф) жауынгерлері қола айнаны белдеріне қару секілді асынып жүрген. Антика кезеңінде туған аңызда Архимед Сиракуз Гаванында өте зор сфералық айнаның көмегімен күн сәулелерін фокустеп (күн сәулесінін бір жерге шоғырлануы) рим флотын өртеп жіберген. Айнаның оптикалық ғылыми ұғымын білмегенімен, олар айнаның магиялық қасиетіне сенген. Көшпенділердің жауынгерлері айнаны соғыста қандай тәсілде қолданғаны туралы әзірше ақпарат жоқ, соған қарамастан қола айналар соғыс кезінде алыстан күннің сәулесіне шағылыстырып белгі (сигнал) беруге әбден жарамды болуы мүмкін. Евразия аймағында ежелде өмір сүрген көшпенді тайпалардың бір-бірін қайталамайтын тұрмысында өзіндік ерекшеліктер кездеседі.

Сақтардың (скиф) массагет тайпалары туралы тарихшы Страбон: «Кейбіреулер таулы жерді мекендесе, жазық дала мен өзен жағалауында, тіпті аралдарда тұратындары да бар. Аралдарда тұратын массагеттер мал өсіріп, егін егіп жер өңдемейді. Өзен жағалауындағы сазда тұратын сақтар балық аулаумен шұғылданады» — дейді. Таулы өңірде өмір сүрген массагеттер азын-аулақ қой өсіріп, олардың сүті мен жүнін пайдаланған. Массагеттер жер өңдеп дәнді-дақылдар екпейтін, олар тек мал өсіріп көпшенді тұрмыс кешкен. Көшпенді өмір сүру салты сақтардың (скиф) негізгі кәсібі малшарушылығымен байланысты. Сактардың (скиф) ішінде мал, егін шаруашылығынан басқа да балық, аң аулап өмір сүрген тайпалар болды. Сонымен сақтардың (скиф) кәсібі өмір сүрген аймақтарына қатысты болды деп айтуға болады.

Массагеттер (сақтар) күнге табынған, сондықтан оларда күнге арнайы құрбандыққа жылқы шалу дәстүрі ғұрпы. Массагеттер туралы тарихи деректер парсылықтардың тасқа түсірген сына жазуларында кездеседі. Геродот, Ксенфонт массагеттерді қас жауынгер ретінде сипаттайды. Олар малшаруашылығымен қатар аң аулаумен айналысқан. Массагеттер бір әйелге ғана үйленген, егер олардың басқа әйелге көңілі түссе сол үйдің төбесіне найзасын қадап кететін салты болған. Массагеттерде иссендондықтар сияқты қайтыс болған адамның етін жеу ғұрпы болған. Олар аурудан қайтыс болған адамды ғана жерлейтін.

Темір дәуіріндегі қала тұрғындарына сақтардың (скиф) ішінде будиндерді жатқызуға болады. Сақ (скиф) — будиндер өз үйлерін, діни орындарын және қамалдарын ағаштан тұрғызған. Олар үш жыл сайын Диониске арнап той шараларын өткізіп отырған. Будиндер этникалық жағынан сақтардың (скиф) құрамына кірген европалық нәсілді ежелгі тайпалардың бірі. Олардың шаштары сары, көздері ашық көк болып келген. Сарматтар (языгтар, роксаландар) б.з.б. III — IV ғғ. Тобыл мен Дунайдың аралығын мекендеген тайпалардың жалпы атауы. Олар малшаруашылығымен, егін салумен айналысқан. Сарматтардың бір бөлігі языгтар мен роксаландар болған.

Парсы деректерінде амюргейліктер бастарына киізден «шошақ төбелі бөрік» (конус), садақ, қанжар, айбалта сияқты қару — жарақтарды асынып жүреді — деп баяндайды. Геродот өз деректерінде сақтар (скиф) өмір сүрген қоғамда салт-дәстүрдің, қолөнердің, бейнелеу өнері және діни көзқарастары мен наным-сенімдер бәріне ортақ болғанын жазды. Ежелгі дәуірдің бір қоғамында өмір сүрген сақ-номадтар мен сақ-егіншілерінің қоғамдық құрылысында айырмашылық болды. Европалық сақтарда (скиф) патриархальді құрылыс болса, ал савроматтар мен массагеттерде матриархальді құрылыс ұзақ сақталды.

Ежелгі тарихи деректерде келтірілгендей патриархальді құрылыста көшпенділер үлкен ұлдарының жанұясын бөлек шығарып, өзінің мұрагері қылып кіші баласың қалдыру салтын ұстанды. Сақтардың (скиф) бұл дәстүрі қазақтарда бүтінгі күнге дейін сақталған. Аримасптардың жоғарғы жағында гиперборей (сақтар) тайпалары қоныс тепкен. Басқа сақтарға (скиф) қарағанда бұлар алыста жатқан тайпалармен мәдени қарым-қатынас жасап отырған.

Қазақ қоғамында бүгінгі күнге дейін сақталған ақсақалдардың кеңес өткізу дәстүрі сақ (скиф) дәуірінен басталады. Сақ (скиф) кезеңінде рулық топтар мен тайпалардың арасындағы жерге, малға қатысты дау-дамайларды ақсақалдар кеңесінде шешіп отырған. Бұл жиындарға жергілікті ру мен тайпалардың көсемдері мен тайпалардың беделді адамдары қатыстырылған. Олар өзара келісімшарт жасауды дәстүрге айналдырған.

Сақтардың (скиф) ұғымында барлық келісімшарттар «құдайдың бұйрығымен жоғарғы жақтан жасалады» деп қан араласқан шарап ішіп, бір-біріне ант берген. «Сақтар (скиф) бір-бірімен келісімшартты жасау үшін арнайы діни рәсімдер өткізген. Ол үшін қыштан жасалған ыдысқа шарап құйып, сол рәсімге қатысатын адамдардың барлығы өздерінің қанын тамызады. Олардың ырымында ыдысқа найзаның, қылыштың, жебенің, айбалтаның ұшы салынады, содан кейін олар ұзақ бата оқиды. Сақтардың (скиф) келісімшартқа қатысушылары мен тайпадағы беделді деген адамдары ыдыстан бір ұрттап шығады» — дейді Геродот.

Сақтардың (скиф) келісімшартқа қатысты өткізілетін арнайы рәсімі Күл-Обада табылған күміс ритондарда (ыдыс) бейнеленген, сондай-ақ алтыннан жасалған кішкентай мүсіннің көшірмесінде екі сақтың (скиф) бір ритоннан (ыдыстан) ішіп тұрған сәті көрсетілген. Сақтардың (скиф) бір ыдыстан ұрттап қан аралас шарап ішуі, бірі-бірімен «бауырлас, қандас» болу деген рәміздік ұғымды білдіреді. Гермес: «Бот хе — тип чаши винопитя и символ материнства, а также свет славы» — дейді. Арнайы өткізілетін рәсімдерде, сақтар (скиф) ас беру кезінде, немесе бір жылда бір өткізетін жиында ақсақалдар кеңесін құрады. Бұл сақ (скиф) салты өз маңызын бүгінде жойған жоқ. Керісінше қазақ ділінде (менталитет) сақталған бұл дәстүр еліміздің рухани жағымызды байытып, әр ру адамдары шыкқан тегінің тарихын біле бастады. Ө. Жәнібековтің пікірінше: «Ата-бабасын құрметтеу қазақ халқының моральдық-этикалық нормалар мен адамгершілік қағидаларымен ұштасып жатыр. Тарихи қиын-қыстау кезендерде халықтың сынақтан өтуі үшін этникалық бірлігін сақтауға бұл үрдіс прогрессивті ықпал етті» — дейді.

Өмірбекова М.Ш. Көшпенділер мәдениеті. Қазақтың дәстүрлі өнерінің мәдени рәміздік негіздері. Ғылыми-танымдық басылым. — Алматы: РПБК «Дәуір», 2015 — 292 б.

#Сақтардың #мәдениеті