Сайлаулар. Сайлау жүйелері | туралы қазақша

0

Әрбір азамат өз елінің саяси бағытына қалай ықпал ете алады? Сайлаулар — тұрғындардың мемлекет өміріне қатысуының пәрменді тетіктерінің бірі болып табылады. Белгілі бір кандидатқа дауыс беру мемлекеттің одан кейінгі даму бағытын айқындайды. Сайлаушылар осы арқылы елдің саяси болашағына қатысты өз көзқарасын ұсынатын үміткерлердің бағдарламаларына қатынасын білдіреді. Азаматтардың сайлауларда өз ерік-қалауларын білдіруі билікке және заңнамалық үдеріске ықпал ету тәсіліне айналады. Қазақстанда жалпыға ортақ сайлаулар жолымен Президент, Парламент депутаттары және жергілікті өкілді органдар болып табылатын мәслихат депутаттары сайланады. Халық белгілі бір нақты кандидатқа дауыс бере отырып, өзіне жақын әрі түсінікті саяси ұстанымды қалайтынын білдіреді. Демек, азаматтар сайлауларға қатысу арқылы мемлекетті басқаруға қатысады.

Азаматтардың саяси белсенділігі, олардың өз қажеттіліктері мен саяси мақсаттарын түсінуі қоғамның демократиялық даму көрсеткішін білдіреді. Қоғамның ертеңгі күні қандай бағытқа өзгеретіні, оны және оның балаларын не күтетіні — әрбір дауыс берушіге тікелей байланысты. Бізге сайлау нәтижелері сол елдің саяси даму болашағын ғана емес, сонымен қатар экономиканы, мәдениетті және азаматтардың жеке өмірін айқындаған бірқатар жағдайлар жақсы таныс

Демократиялық сайлаулардың ерекшеліктері:

  1. Сайлаулар жалпыға ортақ және тең сайлау құқығы негізінде өткізіледі.
  2. Сайлаулар Конституция мен заңнамалар талаптарына сәйкес ұйымдастырылады.
  3. Билік үшін күрес барысында әртүрлі ұстанымдарды, партиялар мен қозғалыстарды білдіретін кандидаттар күреседі.
  4. Барлық үміткерлер митингтер мен жиналыстарда, бұқаралық ақпарат құралдарында өз бағдарламаларымен таныстыруда тең мүмкіндіктерге ие.

Енді осы принципттерге тоқтала кетейік. Жалпыға ортақ және тең сайлау құқығы — демократиялық қоғамның ажырамас атрибуты. Бұл ереже кез келген адамның әлеуметтік тегіне, этникалық және діни ерекшелігіне, жынысына, дәулетіне және тағы басқа да сипаттары негізінде сайлауларға қатысуына шектеуге жол берілмейтінін білдіреді. Әрбір азамат дауыс беруге қатысу-қатыспауын өзі шешеді.

Тарихтың өткен кезеңдерінде көптеген мемлекеттерде сол елдің азаматтарының барлығы қоғамдық істерді басқаруға қатыса алмағаны мәлім. Тек XX ғасырда ғана барлық азаматтар сайлау құқығына ие болды. Ал ерте дәуірлерде ең демократиялық мемлекеттердің өзінде түрғындардың азғана бөлігі ғана азаматтық құқықты иеленетін.

Демократиялық принциптер көптеген Еуропа елдерінде XVIII ғасырдан бастап кең тарала бастады. Соның өзінде сайлауларға біршама деңгейдегі қажетті кірісі бар немесе жоғары тапқа жататын айтарлықтай үлкен жастағы ер адамдар ғана қатыса алатын. Сайлаушыларға белгілі бір шарттарды қоюға мүмкіндік беретін ереже сайлау цензі деген атқа ие болды. Оларды түрлеріне қарай мүліктік ценз, жас мөлшері цензі, тұрғылықты жері бойынша цензі, білім деңгейі (сауаттылық) цензі деп бөліп қарастырады.

Жалпыға ортақ және тең сайлау құқығы тек сайлай алу мүмкіндігін ғана емес, сонымен қатар белгілі бір лауазымдарга сайлана алу құқығын да білдереді.

Сайлай алу құқығын, яғни сайлауларда сайлаушы ретінде қатысуды белсенді сайлау құқығы деп атайды.

Сайлана алу құқығын, яғни Президент, Парламент немесе жергілікті өкілді органның депутаты болып сайлана алуды белсенсіз сайлау құқығы деп аталады.

Мүліктік ценз. XX ғасырға дейін сайлаулар өткізген елдердің барлығында белгілі бір көлемдегі мүлікке ие (көбінесе жылжымайтын мүліктің болуы талап етілетін) немесе бекітілген сомадан төмен емес салықтарды төлеген адамдар ғана сайлаушы бола алатын. Бұл жеке меншігі бар адамдар ғана мемлекет істеріне мүдделілік білдіреді деген оймен түсіндірілді. Яғни, меншік иелену адамды жауапты етеді және қазынаға салықты көп төлеген адам соған сәйкес саяси өмірге де белсенді түрде ықпал етуі керек деп саналды. Салықтарды төлеу толыққанды азамат мәртебесін алудағы белгілі бір түрдегі төлем көзі болды. АҚШ-тың 1787 жылғы конституциясына сәйкес, 3 миллионға жуық ел тұрғындарының ішінен тек 120 мың адам ғана дауыс беру құқығына ие болды.

Мүліктік ценз тек сайлауға ғана емес, сонымен қатар сайлану құқығына да таралады. Мәселен, Қазақстанда Президент немесе мәжіліс депутаттығына кандидат болған азамат алдын ала белгіленген сайлау жарнасын төлеуі тиіс.

Жас мөлшері цензі. Қазіргі күнде көптеген елдерде сайлау құқығын 18 немесе 21 жасқа толған азаматтар алады. Кейбір елдерде азаматтың жасына қойылатын талап одан да төмен. Мәселен, Иранда бұл көрсеткіш 15 жас болса, Куба мен Никарагуада — 16 жасты қүрайды. Сайлана алу құқығына қойылатын жас мөлшері цензі сайлау құқығы цензімен сәйкес келуі де мүмкін. Мәселен, осындай ереже Швейцария, Ұлыбритания, Ирландия, Дания және басқа елдерде әрекет етеді. Көптеген елдерде депутат немесе тіпті президент болып сайлану үшін біршама өмірлік тәжірибенің болуы талап етіледі. Сондықтан белсенсіз сайлау қүқығы жоғары жастағы шеңберден көрініс табады. Әдетте, Парламенттің төменгі Палатасының депутаты 21 — 25 жастағы, жоғарғы палата депутаты — 35-40 жастағы, ал мемлекет басшысы 35-40 жастағы адам бола алады.

Сонымен қатар, кандидаттардың жасына қойылатын жоғарғы шек те болады. 1998 жылға дейін Қазақстан Конституциясында 65 жастан асқан адамның ел Президенті бола алмайтыны туралы талап болатын. Алайда бұл талап кейінірек өзгертілді. Қазіргі күнде біздің елімізде ел Президентінің төменгі шегі — 40 жас көрсетілген. Парламент депутаттары бұл мәселеге қатысты өз шешімдерін елді айтарлықтай үлкен тәжірибесі бар, азаматтардың бірнеше ұрпақтарының өмірімен таныс адам ғана мемлекеттің ең жоғарғы лауазымында отыруға лайық деген пікірмен дәйектеді.

Тұрғылықты жері бойынша ценз — мұнда кандидаттан елде немесе оның нақты бір өңірінде белгілі бір уақыт өмір сүруі талап етіледі. Бұл ереже елдегі немесе сол өңірдегі ахуалды жақсы білетін және маңызды міндеттерді іске асыруға дайын кандидаттардың сайлауларға қатысуын қамтамасыз етеді. Бұл қатардағы ең жоғары талап мемлекет басшысы лауазымына қойылады. Мәселен, біздің елімізде Қазақстанда туылған және республика аумағында 15 жылдан аз емес уақыт өмір сүріп отырған азамат қана мемлекет басшысы бола алады. Осындай норма Құрама Штаттарда да әрекет етеді.

Енді осы мәселе бойынша орын алған қызықты жағдай туралы айта кетелік. Альберто Фухимори көп жылдар бойы Перу президенті болды. Ол 2000 жылы өз отаны Жапонияға жасаған сапары кезінде аяқ астынан өзінің отставкаға кететіндігін жариялады. Халық ызасынан қашуға ұқсайтын «өз еркі» бойынша мемлекет басшысы лауазымынан кеткеннен кейін ғана оның тіпті Перу азаматы болмағаны анықталды. Жапонияның тумысы ретінде Фухимори сайлау алдында құжаттарын жасанды түрде өзгерткені белгілі болды.

Демократиялық мемлекеттерде өзге сайланбалы лауазымдар үшін кандидаттарға тұрғылықты жері бойынша қойылатын ценз аса көп емес. Ол әдетте бірнеше айдан бастап 5-6 жылға дейінгі уақытты қамтиды.

Білім (сауаттылық) цензі. Бұл ценз сайлауларға сауатсыз немесе білімі жоқ адамдардың қатысуына тосқауыл қоюды көздейді. Бірқатар елдерде бұл норманың болуы білімі жоқ адамдардың дербес таңдау жасай алмайтындығымен түсіндіріледі. Осы уақытқа дейін білім цензі Латын Америкасының жекелеген елдерінде сақталып отырған болса, көптеген елдерде мұндай шеттетуге заңмен тыйым салынады. Мәселен, тұрғындарының айтарлықтай бөлігінің сауаты жоқ Үндістан мен Пәкістанда көптеген адамдар сайлаулар кезінде өздері дауыс беріп отырған партия рәміздерінің қасына жай белгі қоюмен шектеледі. Адам мұндай жағдайда әріп танымаса да, өз сеніміне жақын және өздерінің мүдделерін абыроймен білдіре алады деген партияның немесе кандидаттың пайдасына саналы таңдау жасай алуы мүмкін.

Осы ретте, әйелдердің сайлау құқықтарын қорғау ерекше рөл атқарады. 1789 жылғы француз революциясы кезінде Адам және азамат құқығы декларациясы қабылданғаннан кейін де әйелдер сайлау учаскелеріне бару мүмкіндігін алмаған еді. Көптеген шығыс елдерінде (негізінен ислам қоғамдары) қазіргі күннің өзінде әйелдер азаматтық құқықтары мен бостандықтарынан айырылған күйде қалып отыр. Дегенмен, қазіргі әлемнің заманауи даму жағдайы бірқатар елдердің қоғамдық және саяси өміріндегі әйелдердің рөлін көтеруге мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі күндегі мемлекеттерде әйелдер орын алмайтын парламент жоқ десе де болады, тіпті оларға елдер мен үкіметтерді басқаруға да сенім білдіріледі. Мәселен, Исландия, Ирландия, Ұлыбритания, Үндістан, Пәкістан, Никарагуа, Филиппин, Жаңа Зеландия елдерінде президент және премьер-министр лауазымдарын әйелдер иеленді.

Жалпы, сайлауларға қатысу демократияның қол жеткізген маңызды жеңісі екені сөзсіз. Жалпыға ортақ және тең сайлау құқығын қамтамасыз ету жолында көптеген көрнекті тұлғалар, саяси партиялар мен қозғалыстар ұзақ уақыттар бойы күрес жүргізді. Тек біздің күнімізде ғана сайлау құқығы адамзаттың басым бөлігінің игілігіне айнала алды. Дегенмен, әлі де болса көптеген мемлекеттерде адамдардың саяси құқықтары жоқ, мұндай елдерде дауыс беру көп жағдайда демократиялық емес жүйені жасыратын бетперде түріндегі бос ресмилікке айналады.

Сондықтан, еліміздің әрбір азаматы қоғамның маңызды мәселелері бойынша өз пікірін білдіре алу мүмкіндігін бағалап, оны белсенді түрде пайдалануы керек.

Сайлауларды өткізу. Сайлауларды ұйымдастыру мен өткізу ұзақ уақытты қажет ететін үдеріс болып табылады. Жалпы сайлау кампаниясын келесідей кезеңдерге бөлуге болады:

  1. кандидаттарды ұсыну;
  2. сайлау алды үгіт жүргізу;
  3. дауыс беру.

Сайлаулар туралы заңдар сайлау алды күресінің әрбір кезеңіндегі сайлаушылар мен үміткерлердің әрекет ету тәртібін бекітеді. Сайлаулардың әділ түрде өтуі осы тәртіптерді сақтауға тікелей тәуелділікте көрініс табады.

Кандидаттарды ұсыну. Бастапқы кезеңде сайланбалы лауазымға (орынға) мүдделі кандидаттардың құрамы анықталады. Әдетте үміткерлерді саяси партиялар немесе азаматтар топтары ұсынады (егер ол заңмен көзделген жағдайда). Сонымен қатар, егер ол оны мүмкін деп тапқан жағдайда, азамат өз кандидатурасын ұсына алады. Адам ресми түрде кандидат болып, оның аты-жөні дауыс беру бюллетеніне енуі үшін арнайы құрылған сайлау комиссиясында тіркелуі қажет.

Сайлау комиссиясы — сайлауларды ұйымдастыру мен өткізу үшін құрылған орган. Аталған комиссия барлық кандидаттарға қатынаста бірдей және объективті ұстанымда болуы тиіс және онда кандидаттардың жақтастары, туысқандары мен жора-жолдастары болмауы керек. Тек комиссия төрағасы ғана сайлау нәтижелерін жариялай алады.

Көптеген елдерде кандидаттар тізіміне ену үшін депутат немесе президент болу тілегі аздық етеді, өйткені көп жағдайда адамнан тұрғындардың қолдауына ие болу және өзін қолдаушылардың қолдарын жинау талап етіледі. Сайлау комиссиясы кандидаттардың өмірбаянын (оның талаптарға сәйкес келу-келмеуін) және оның жақтастары жинаған қол қою парақтарын мұқият зерттейді. Кейде өткен өмірі күмәнді, түзету мекемелерінде жазаларын өтеген және тіпті іздеуде жүрген адамдар билікке қол жеткізуге тырысады. Ондай адамдар қоғамды алдауға және өздерінің өткен өмірлерін жасыруға тырысады. Жекелеген елдерде парламентте қылмыстық биографиясы бар депутаттардың отыруы да жиі кездесіп отырады. Бұл жерде оларды диктаторлық билік тұсында өз көзқарастары мен ұстанымдары үшін жазаларын өтеген саяси тұтқындармен салыстыруға болмайды. Танымал саяси тұтқындар -азаматтардың басым көпшілігінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін заң шығарушы органға ұсынылған беделді және уәделеріне берік саяси қайраткерлер болып табылады. Осы қатарда КСРО кезіндегі А.Сахаров, С.Ковалев тәрізді тұлғалардың есімдері көпшілікке таныс.

Сайлауалды үгіт. Кандидаттар тіркелгеннен кейін сайлауалды үгіт жұмыстарын бастайды. Олар сайлаушылар алдында өз бағдарламаларын түсіндіру үшін сөз алады. Митингілер мен жиналыстардағы сөздердің мәні өте үлкен, өйткені тұрғындар осы шараларда үміткерлердің өз алдарына қойып отырған мақсаттары мен міндеттерімен таныса алады. Біздің елімізде сайлаушылармен кездесулер әдетте былайша өтеді: кандидат бастапқыда мәселелерді өзінің қалай түсінетіні және оларды қандай жолдармен шешетіні туралы сөз алады, одан кейін азаматтар оған сүрақтар қояды. Мұндай жиналыстарға кандидаттың жақтастарымен қатар оның қарсыластары да келетіндіктен өткір пікірталастар орын алуы мүмкін. Ал батыс елдерінде, мәселен АҚШ-та, сайлауалды митингілер байсалды және тыңғылықты әңгімеден гөрі жарқын шоуға ұқсайды. Үміткердің партиялас жақтастары сол адамның халықтың көп бөлігінің қолдауы мен сүйіспеншілігіне ие екендігін көрсетуге тырысады. Әсіресе, сайлаушылар тыңғылықты және сыни әңгімелерге нақты лауазымнан үміткер адамдар кездесетін сайлауалды дебаттарда кенде болады. Бұл жерде кандидаттардың қарым-қатынастары ашылып, ол азаматтармен бетпе-бет кездеседі. Мәселен, американдық телеарналар көрермендердің үлкен аудиториясын теледидар экрандарына тарта алатын дебаттарды көрсетуге құштарлық танытады.

Сайлау жүйелері. Қазіргі күнде, сайлауларды ұйымдастыру тәсілдеріне байланысты екі негізгі сайлау жүйелерін бөліп қарастырады: мажоритарлық және пропорционалдық.

Мажоритарлық жүйе. Сайлауларды ұйымдастырудың бұл түрінде сайлаушылар дауыстарының басым көпшілігін жинаған кандидат сайланды деп саналады. Әдетте, ол үшін кандидатқа дауыс беру құқығына ие азаматтардың жартысынан астамының дауыс беруі талап етіледі (50% + қосымша бір дауыс). Кандидаттардың бірде-бірі қажетті дауыс санын ала алмаған жағдайда, дауыс беру тізіміне алғашқы турда көп дауыс алған екі кандидат енгізіледі. Бұл жағдайда екінші турда көп дауыс алған кандидат жеңіске жетті деп мойындалады. Мажоритарлық жүйенің осындай нұсқасы абсолюттік көпшілік жүйесі деп аталады.

Сайлауларда әрбір кандидаттан жеке түрде көп дауыс жинаған адам жеңіске жеткен жағдайда мажоритарлық жүйенің мұндай түрі салыстырмалы көпшілік жүйесі деп аталады. Сайлаулардың осы түрінде қалған екі кандидат тиісінше сайлаушылардың 33% және 29% дауыстарын иеленсе, 38% дауыс жинаған үміткер мандатты ала алады.

Пропорционалдық жүйе. Пропорционалдық жүйе барысында дауыс беру партиялық тізім бойынша жүргізіледі. Яғни, сайлаушылар бюллетеньде өз дауыстарын бергісі келген партияны белгілейді. Пропорционалдық жүйе барысында бюллетеньге енгізілген әрбір партия үшін берілген дауыс нәтижелері есептеледі. Егер бір партия — 35%, екіншісі — 22%, ал үшіншісі -15% дауыс алған болса, осы партиялар парламентте де соншама орынға ие болады. Санаудың мұндай жүйесі мажоритарлық жүйеде депутаттық мандатқа қол жеткізуі неғайбыл шағын партиялар үшін өте пайдалы.

#Сайлаулар #Сайлау #жүйелері

Рақмет ретінде жарнаманы баса кетіңіз