Саяси мәдениет | туралы қазақша

0

Саяси мәдениет. Саяси жүйенің саяси санамен байланысты субъективтік жағын білдіру үшін «саяси мәдениет» ұғымы қолданылады. Бұл ұғымды алғаш неміс ағартушысы, философ И.Гердер (1744-1803) қолданысқа енгізген. Саяси ғылымға оны нақтылы мазмұнда кірістірген америкалық саясаттанушы – Г.Алмонд. Саясат субъектілері өз әлеуметтік мүдделерін іске асыруға әрекет жасағанда, олардың іс-қимылдары ой-сана сүзгісінен өткізілген саясат әлемі турасындағы белгілі бір түсініктерге негізделеді. Бұл түсініктердің мән-мағынасы қоғамда қалыптасқан саяси мәдениет арқылы, яғни тұрғын халықтың көпшілігіне ортақ саяси құндылықтар жүйесі арқылы анықталады. Басқаша айтқанда, саяси мәдениет саяси іс-қимылдардың бағыт-бағдарын туралап, оларға мән-мағына беріп отырады. Саяси мәдениет деп қоғам мүшелерінің саяси тәжірибесін реттеп, саяси мінез-құлқын жөнге салып отыратын саяси өмірдің баршаға ортақ нормаларын, саяси құндылықтар, идеалдар, наным-сенімдер, бағыт-бағдарлар, дәстүрлер мен рәміздер жиынтығын айтады. Саяси мәдениет жеке тұлғалардың билікпен арақатынасын реттеп, қоғамды белгілі бір ортақ мақсат-мұраттар төңірегінде бірігуге, сөйтіп азаматтық үйлесімділік пен тұрақтылыққа жетелейді.

Америкалық саясаттанушы ғалым Г.Алмондтың пікіріне жүгінсек: «саяси мәдениет осы бір берілген саяси жүйе қатысушыларының жекелеген ұстанымдары мен бағадарларының жиынтығы болып табылады. Бұл дегеніміз – саяси іс-қимылдардың негіздемесін құрайтын және соларға мән-мағына беретін субъективтік сала». Біріншіден, мұнда саяси мәдениет – саяси іс-әрекетке деген бағдарлардың жиынтығы екені, яғни іс-әрекеттің өзі емес, тек соған деген субъективтік нұсқама ғана екендігі білдіріледі. Екінші жағынан, ол саяси бағдарлардың құрылымын былай анықтайды:

а) саяси жүйе туралы, оның рөлі, қызметі, саяси шешімдерді қабылдауға әсер ету мүмкіндіктері, айла-тәсілдері туралы білімдер – білімдік бағдарлар;

ә) саяси жүйе, оның құрылымы, қызметтері, қоғам өміріндегі рөлі және осыларды орындаушы саяси қызметкерлер жөніндегі сезімдер – сезімдік бағдарлар;

б) саяси жүйе, оның қызметтері, рөлі туралы құндылықтық мәні бар пікірлер, пайымдаулар мен түсінімдер – құндылықтық бағдарлар.

Г.Алмондың мойындағанындай, бұл ұғым сырт қарағанда бірдей болып көрінетін саяси жүйелердің сапалық өзгешеліктерін, яғни іс-әрекеттері нәтижелерінің неліктен әртүрлі болып шығатынын түсіндіруге мүмкіндік береді. Формалдық жағынан біркелкі сияқты саяси жүйелердегі бұл өзгешеліктер саяси мәдениет деңгейіне байланысты болады.

Саяси мәдениеттің қызметтері. Саяси мәдениет қоғам өмірінде мынадай қызметтер атқарады:

  • адамдардың қай әлеуметтік топқа жататынын түсінуге мүмкіндік беретін бірегейлендіру қызметі;
  • саяси құбылыстардың мән-мағынасын ұғындыратын бағдарлау қызметі;
  • саяси мінез-құлыққа дағдыландыру арқылы іске асатын бейімдеу және әлеуметтендіру қызметі;
  • әртүрлі топтардың құндылықтарды сақтауға және олардың төңірегінде бірігуіне бағытталған интегративтік қызметі;
  • саяси субъектілер мен институттардың белгілі бір таптаурындар (стереотиптер), әпсаналар мен рәміздер негізінде өзара әрекеттесуін іске асыратын коммуникативтік қызметі.

Кейінгі жылдардағы зерттеулерде саяси мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде қоғамда қалыптасып отырған бұқара халықтың көңіл-күйіне байланысты жағдаяттарға (мысалы, өміріне қанағаттану сезімі, басқаларға сенуге деген ықтиярлық және т.б.) назар аударылуда. Мысалы, «өмірге қанағаттану не қанағаттанбау» сезімі азаматтардың саяси жүйеге деген қатынасына күшті әсер ететіні анықталған. Азаматтардың өз мүдделері бойынша әртүрлі топтарға, қауымдастықтарға бірігу мүмкіндіктері «басқаларға сену» сезімінің қаншалықты дәрежеде дамығанына байланысты. Ал қоғамда әртүрлі саяси-әлеуметтік топтардың, бірлестіктердің, қауымдастықтардың болуы демократияның орын тебуінің шарттарына жатады. ХХ ғасырдың 90-жылдары жүргізілген зерттеулерге қарағанда өмірге өмірге қанағаттану сезімі Данияда, Исландияда, Нидерландыда, Швецияда, Канадада, АҚШ-та өте жоғары (80,6 – 85,7%), Бельгияда, Ұлыбританияда, Батыс Германияда (71,5 -78,4%) сәл төмендеу, одан төмені Италияда (71,1%), Португалияда (63,4%), Испанияда (67,0%), Францияда (58,9%), ал ең төмені шығыс Германия мен Словенияда (57,9%), Польшада (25%), Венгряда (43,9%), Ресейде (20%). Сол сияқты басқаларға деген сенімнің деңгейі де әртүрлі болып шықты: ең жоғарғысы Швеция, Норвегия, Дания, Нидерланд, АҚШ, Канада (61,1% –дан 51,5%-ға дейін), ең төмені – Франция (22,8%) мен Португалияда (21,4%). Бір қызығы, бұл көрсеткіш Шығыс Еуропа елдерінде (Венгрияда – 24,6%, Чехияда – 26,1%) бұдан сәл жоғарырақ, ал Ресейде (57%) тіпті жоғары. Соңғы елдердегі демократияның даму деңгейіне сай келмейтін бұл көрсеткіштің жоғары болу себебі бұрынғы социалистік идеологияның қалдық әсерімен және мұндағы халықтардың дініне тән қауымдық сананың басымдылығымен түсіндіріледі.

Саяси мәдениеттің типтері. Нақтылы қоғамда бағдардың қай түрі басымдық танытып отырғанына орай (мысалы, білімдік немесе сенімдік бағдар) саяси мәдениеттің үш типін ажыратуға болады: патриархалдық, бодандық және қатынасу мәдениеті.

Патриархалдық саяси мәдениет жергілікті құндылықтарға (мысалы, белгілі бір әулеттің, тайпаның, рудың, әлеуметтік таптың құндылықтарына) негізделіп, соған орай жалған патриотизмге, сыбайлас жемқорлыққа, жершілдікке, рушылдыққа жетелеуі ықтимал. Мұндай саяси мәдениет иегерлерінің қоғамның саяси жүйесі туралы түсінігі шамалы, олардың саяси өмірге қатынасы да шектеулі, нақтылы саяси рөл атқаруға деген құлшынысы төмен болмақ.

Бодандық саяси мәдениетке жататын адамдардың қоғамның саяси жүйесі туралы белгілі бір түсінігі болғанымен, олар саяси өмірге енжар ғана араласып, көбіне билікке, заңға мойынсынып өмір сүреді. Олар, бір жағынан, биліктен жасқанып, бодандық мінез танытса, екінші жағынан, оған иек артып, әртүрлі игіліктер, әлеуметтік жәрдемдер (жалақыны не зейнетақыны көтеру, тұрмыстық қызмет үшін төлемдерді азайту және т.б.) күтумен болады.

Қатынасу мәдениетіне саяси белсенділік тән, сондықтан оны басқаша азаматтық мәдениет деп те атайды. Азаматтар саясатқа белсенді араласып, саяси талаптар қою арқылы саяси жүйенің қызметіне заңды түрде әсер етіп отырады.

Нақтылы өмірде саяси мәдениеттің бұл үш типі таза күйінде сирек кездеседі. Олар араласып, белгілі бір пропорционалдық қатынаста қатарласа өмір сүріп, ұштасып жатады. Сондықтан біреуінің үстемдігі, басымдығы туралы ғана айтуға болады. Мысалы, дамуы жағынан артта қалған елдерде саяси мәдениеттің бірінші типі басымдық танытса, екіншісі тоталитарлық және авторитарлық саяси режімдегі елдерде басым түседі. Батыстың дамыған демократиялық елдерінде қатынасу мәдениеті үстемдік танытып отырады.

«Азаматтық қоғам» ұғымы. «Саясат», «билік», «мемлекет» үғымдары жеке адамдардың, топтардың, бүкіл қоғамның жалпы мәні бар мүдделерін іске асырудың тәсілдерін білдіреді. Алайда адамдардың өмірі тек осы жалпыға ортақ қажеттер мен мүдделерге ғана тәуелді емес, күнделікті өмірде адамдардың көбісі әртүрлі жекелеген мүдделерді жіне қажеттіктерді өтеумен айналысады. Бұл үшін адамдар саяси емес институттарды (отбасы, мәдениет мекемелері, ғылыми, кәсіптік және спорттық бірлестіктер, одақтар мен қауымдастықтар, бұқаралық ақпарат құралдары, діни мекемелер және т.б.) құрайды. Осы институттардың арқасында іске асатын адамдардың күнделікті өмірі азаматтық қоғам саласына жатады.

«Азаматтық қоғам» ұғымын сәл басқалай да түсіндіруге болады. Қазіргі қоғамдық-саяси жүйені, тұтас алғанда, оның мынадай негізгі жүйешелерін – өндірістік немесе экономикалық-шаруашылық, әлеуметтік, рухани және саяси – атап көрсетуге болады. Өндірістік жүйеше  қоғамның материалдық негізін, ал саяси жүйеше тұтас қоғамдық-саяси жүйенің барлық негізгі элементтерінің жалпы мүддесі мен еркін іске асырудың тетігін қамтамасыз етеді. Әлеуметтік және рухани салалар өзара бірлесіп азаматтық қоғамды құрайды. Азаматтық қоғамның қойнауында қоғамның барлық мүшелеріне ортақ түпкілікті құндылықтар, нұсқамалар, бағдарлар мен принциптердің бірегей кешені жасақталады. Ал бұлар әрқашан жетіліп, жаңара отырып қоғамды бірегейлендіреді, сөйтіп экономикалық та, саяси да жүйешелердің негізгі сипаттамаларын анықтайды.

Экономикалық және саяси жүйешелердің сипаттамалары азаматтық қоғамға тәуелді болады. Өйткені олардың қай-қайсысында болсын басты рөлді азаматтық қоғамды құрайтын адамдар атқарады. Азаматтық қоғам мен оны құрайтын адамдар қандай болса, экономика мен саясат та сондай болмақ. Басқаша айтқанда, экономика мен саясат азаматтық қоғамның туындысы болып табылады.

Сонымен азаматтық қоғам дегеніміз – қоғамда мемлекеттің араласуынсыз және мемлекеттік органдар арнасынан тысқары дамитын тұлғааралық қатынастардың, отбасылық, қоғамдық, экономикалық, мәдени, діни және басқадай құрылымдардың жиынтығы. Мемлекетке тәуелсіз институттар мен тұлғааралық қатынастардың жүйесі жекелеген адамдар (индивидтер) мен олардың топтарының күнделікті қажеттерін өтеу үшін, сөйтіп олардың өз-өздерін іске асыруы үшін жағдайлар жасайды.

Азаматтық қоғам мен мемлекет арақатынасы. «Азаматтық қоғам» ұғымы «мемлекет» ұғымымен қатар қолданылады. Олар қоғам өмірінің бір-біріне қарама-қарсы келетін әртүрлі жақтарын бейнелейді десе де болады. Азаматтық қоғам жеке адамдардың бір-бірімен қатынсындағы абсолютті еркіндік саласын құрайды; яғни ол жекебасының мүдделерін іске асыруды, сөйтіп өз талғамдарымен өмір сүруді көздейтін еркін адамдардың өзара әрекеттесе отырып тоғысатын аясын білдіреді. Ал мемлекет, керісінше саяси түрде ұйымдасқан субъектілердің (мемлекеттік құрылымдардың, соларға қарайлас саяси партиялардың және т.б.) регламенттелген қарым-қатынастарының кеңістігі болып табылады. Сондықтан азаматтық қоғам мен мемлекет бірін-бірі толықтырып, біріне-бірі тәуелді болады.

Жетілген азаматтық қоғам болмаған жерде дамыған демократиялық мемлекет құру да мүмкін емес. Өйткені тек еркін азаматтар ғана біріккен саналы іс-әрекеттерінің нәтижесінде адами қауымдастықтың ақылға сыйымды формаларын жасай алатыны сөзсіз. Азаматтық қоғам белгілі мағынасында еркін адам мен орталықтандырылған мемлекеттік еріктің арасындағы дәнекерлік буын рөлін атқарады. Ал мемлекет болса, тұлғалардың басын біріктіріп, күйзеліске ұшыратпай, құлдыраудан, ретсіздіктен сақтап, олардың құқықтары мен еркіндіктерін іске асыру үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз етуге міндетті.

Азаматтық қоғам құлдық және фоедалдық құрылыста болмаған, өйткені мұнда мемлекеттік билік толығымен үстем таптардың қолында, ал бұқара халықтың оған тіпті қатынасы болмаған еді. Сондықтан мемлекеттің де олармен ісі жоқ болатын. Азаматтық қоғам тарихи түрде тек буржуазиялық қоғамдық құрылыстың туындауымен бірге дүниеге келді, сонда ғана оның негізін құрайтын еркін адам пайда болды.

Еркін адамға оның әлеуметтік тегіне, иелігінде не бар, не жоғына қарамастан құқықтар мен еркіндіктер беріліп, енді ол қоғамдық өмірдің тең құқықты, толыққанды мүшесі саналады. Адам еркіндігінің ең маңызды экономикалық алғышарты есебінде жекеменшіктің пайда болуын көрсету қажет, өйткені оның пайда болуы азаматтың дамыған өзіндік сана-сезімінің қалыптасуына септігін тигізеді.

Тек осыдан кейін ғана, сословиелік теңсіздіктің құрдымға кетіп, қоғамдық қатынастардың мемлекет ұсынған шығу үдерісінде ғана, яғни адамдар мемлекет бодандығынан құтылып, еркін меншік иесі – азаматқа айналғанда ғана, мемлекеттен бөлектенген азаматтық қоғам қалыптасады.

Азаматтық қоғам өз күрделі құрылымы бар, көп деңгейлі жүйе есебінде қарастырылады. Азаматтардың мудделері әркелкі әрі алуан түрі болғандықтан, оларды іске асыратын мемлекетке тәуелсіз қоғамдық институттардың да әртүрлі болып келуі орынды. Азаматтық қоғамның құрылымына мемлекет шеңберінен тыс және оның қатысуынсыз дамитын тұлғааралық қатынастардың бүкіл жиынтығы мен күнделікті индивидуалдық және ұжымдық қажеттерді атқаратын мемлекетке тәуелсіз қоғамдық институттардың тармақталған жүйесі жатады. Осы айтылғанға орай азаматтық қоғамның бір-бірімен сыбайлас, бір-біріне ұштасып, байланысып жатқан экономикалық, мәдени-әлеуметтік және саяси-мәдени үш саласын атап көрсетуге болады.

Экономикалық салаға адамдардың тамақ, киім, тұрғын үй және т.б. өмірлік мұқтаждықтарына байланысты қалыптасатын өндірістік қатынастар және осы қажеттіктерді өтеу үшін құрылатын қоғамдық институттар (акционерлік қоғамдар, серіктестіктер, жалдық ұжымдар, корпорациялар, кәсіптік бірлестіктер және т.б.) жатады.

Мәдени-әлеуметтік салаға денсаулық, ұрпақ жалғастығы мен балаларды тәрбиелеу, рухани жетілу, ақпарат алмасу, сұхбаттасу сияқты қажеттіктерді өтеуде қалыптасатын некелік-отбасылық, діни, этносаралық, т.б. қатынастар және осыларды өтеу жолында қызмет ететін институттар (отбасы, білім және ғылым, жалпы мәдениет мекемелері, шығармашылық одақтар, спорттық қоғамдар, бұқаралық ақпарат құралдары және т.б.) жатады.

Саяси-мәдени салаға саяси өмірге қатынасу қажеттіктеріне сай қалыптасатын қатынастар мен соларды өтеуге байланысты құрылатын институттар (партиялар, қозғалыстар, мүдделі топтар және т.б.) жатады.

Дамыған елдерді мысалға алып, олардағы азаматтық қоғам кейпін елестетер болсақ, онда әртүрлі бағытта дербес түрде іс-әрекет жасап жатқан сансыз көп адамдар топтарын байқар едік. Мысалы, АҚШ-тың азаматтық қоғамының құрылымында кейбір азаматтар өз еркімен ұйымдастырған қауымдастықтар, мүдделі топтар, клубтар, муниципалдық коммуналар, қайырымдылық қорлары, шығармашылық және кооперативтік бірлестіктер, тұтынушылық, спорттық және т.б. қоғамдар, діни, қоғамдық-саяси және басқа ұйымдар мен одақтар көптеп кездеседі. Ондағы тәуелсіз қоғамдық-саяси инстиуттар жиынтығы, олардың дербес те сан қилы іс-әрекеттері америкалық демократия тұрақтылығының кепіліне айналып отыр деуге болады.

Азаматтық қоғам қойнауында жеке адамдардың әлеуметтік пісіп жетілуіне, олардың әртүрлі меншік формалары негізінде еркін дамуына мүмкіндіктер жасалады. Онда әрбір азаматтың мүддесін, еркіндікке, өмірге деген табиғи құқығын жан-жақты қорғауға, қоғамдық өмірдің барлық салалары мен деңгейлерінде өзіндік басқаруды іске асыруға деген барша жағдайлар қамтамасыз етілуі тиіс. Сонымен бірге азаматтық қоғамда жекелеген адамдардың, топтардың қарым-қатынастары азаматтық құқық негізінде міндетті түрде реттеледі. Болуы мүмкін жанжал-қақтығыстарға жол берілмей, бүкіл қоғам мүддесіне сай жалпы саясатқа қажетті нормалар мен құндылықтар айшықтала түседі.

#Саяси #мәдениет

Рақмет ретінде жарнаманы баса кетіңіз