Саяси билік ұғымы, анықтамасы | туралы қазақша
Билікті ежелден бастап қоғамдық өмірдің іргелі бастауына жатқызады. Ол адамның басқа адамдарға қатынастағы ең әмбебап нысаны болып табылады. Билік және бағыну қатынасы әртүрлі қауымдастықтарға тән. Отбасы, еңбек немесе әскери ұжым, көшедегі қозғалыс, мүдделестер клубы — бұлардың кез келгенінде басқа адамдарға қатынаста қандай да бір түрде басқарушы қатынасқа ие адамдардың болуы қажет.
Саяси биліктің ерекшелігі — ол адамгершілік және отбасылық билікке қарағанда тікелей емес, керісінше қоғамдық-жанама сипатқа ие, яғни адамдардың қалың бұқарасын реттейді және әлеуметтік топтар арасындағы қатынастарды қамтиды.
Билік қоғамда қабылданған ресми ережелерге сәйкес (заңдармен, жарғылармен, конституциямен және т.б.) жүзеге асырылады немесе қандай да бір бекітілген қүжаттық нормаларға сүйенбей-ақ дәстүрлерге, әдет-ғүрыптарға немесе адамдар қауымдастығының қарапайым келісіміне негізделе алады. Бірінші жағдайда биліктің институтталуын, яғни бекітілуі мен ресмиленуі туралы айтуға болады. Институтталу биліктің пәрменділігін қамтамасыз етуге арналған арнайы аппаратты (заң шығару, атқарушы және сот органдары) қалыптастырудан көрініс табады. Адамзат тарихында белгілі бір саяси-қайраткердің немесе қолбасшының әлем мен адамдардың үстінен толық үстемдік жүргізуге үміттене отырып, билікті абсолюттендіргені туралы мысалдар көп. Дегенмен ешқандай билік абсолютті бола алмайды. Өйткені қоғамда заңдар мен дәстүрлер, басқа адамның құқығын қүрметтеу бар, тіпті болмағанда, бір тұлғаның еркіне бағынбайтын табиғаттың объективті заңдары бар.
Билік қоғамдағы қатынастардың барлық деңгейлеріне тән. Отбасы, ұжым, мемлекет белгілі бір нақты реттеуші және бақылаушы күштермен өзара байланысқан. Билікті құбылыс ретінде арнайы ғылым — кратология зерттейді. Саясаттану биліктік қатынастардың саяси құрамдасымен байланысты қатынастармен ғана айналысады. Саяси билік мемлекет шеңберіндегі негізгі компонент болып табылады.
Қоғамдық қатынастардағы биліктің ең жалпылама белгілері қандай?
Билік — адамдардың әрекеттері мен қызметін, сонымен қатар уәкілетті тұлғаның адамдар ұжымының материалдық және басқа да ресурстарын басқару, бұйыру және бақылау мүмкіндігі.
Билік әлеуметтік топтардың, ал жалпы алғанда қоғам шеңберінде адамдардың арасындағы қатынастарды реттеудегі қажетті қүрал болып табылады. Ол ресми немесе бейресми ережелер мен нормалардың болуын, сонымен қатар белгілі бір әрекеттерге рұқсат беруді немесе тыйым салуды білдіреді.
Әдетте, қоғам шеңберіндегі биліктік қатынастар ұзақ эволюциядан өтеді және оның барлық қүрылымдарында көрініс табады. Кез келген мемлекеттің күрделі иерархиялық құрылысын және оның ішіндегі өзара қатынастардың көптүрлілігін әртүрлі әлеуметтік топтардың сұраныстары мен мүдделеріне, қоғамның психологиялық және мәдени өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес келетін, ішкі және сыртқы қатерлерге қатынаста өміршең болатын биліктік құрылымының оңтайлы үлгісін іздестіру нәтижесі деуге болады.
Билік ресурстары
Билік қоғамда белгілі бір ресурстарға немесе бастауға арқа сүйеуі тиіс. Осындай ресурстар ретінде байлықты, әлеуметтік мәртебені, ұйымдық құрылымдарды, күш пен ақпаратқа ие болуды қарастыруға болады. Адам қауымдастығының дамуының ерте дәуірлерінде физикалық күшке ие болу шешуші рөл атқаратын. Кейінірек беделді немесе дәулетті болу биліктің жетекші көзі ретінде қабылдана бастаса, біздің күнімізде білім мен ақпарат биліктің басты ресурстарына айналып отыр деуге болады. Сондықтан қазіргі күнде барлық мемлекеттер байланыс каналдарын дамытуға үлкен мән береді, ал ақпараттық ағымдардың ықпалы көбінесе өзінің әсері тұрғысынан заманауи қарулардың ықпалынан асып түседі. Жалпы, қандай да бір дәрежеде жоғарыда айтылған билік ресурстарының барлығы маңызды деуге болады.
Әдетте билік өзінің өмір сүруіне және оған заңды сипат беруге қажеттілік танытады. Яғни билік легитимденуге — халық тарапынан мойындалған билік ретінде танылуға тырысады. Оған әртүрлі жолдармен қол жеткізіледі.
Ежелгі дәуірде адамдар биліктің қүдайдан берілген сакральды қасиетіне сенді. Мәселен, монархтар билігі әдетте билік басында тұрған династия жер бетіндегі жоғарғы құдай билігін білдіреді деген түсінікке сүйенеді. Құдай — адамдардың аспандағы (о дүниедегі) әкесі және қорғаушысы, ал король (патша) — оның бұл дүниедегі қалауын білдіруші тұлға. Орта ғасырларда билікті дәйектеудің басқа теориясы да үстем болатын. Ол бойынша, билік елдегі барлық сословиелердің мүдделерін білдіретін жағдайда ғана уәкілетті деп саналды. Осылай, үкімет тұрғындардың кең топтарының арасында қолдау табуға тырысты.
Осы орайда билік және басқару ұғымдарын ажырата білу қажет. Олар бір-бірімен өзара байланысты болғанымен, бір үғым емес. Билік өзінің жалпы мағынасында обкектіні субъектіге бағындыру мақсатын қоятын болса, басқару ұғымы жүйенің пәрменді қызметін және алға қойған мақсаттарға қол жеткізуді білдіреді. Демек, билік пәрменділігі объектілерді басшының еркіне бағындыруға және оның барлық тапсырмаларын орындауға қабілеттілікпен бағаланады, ал басқару пәрменділігі алға қойған мақсаттарға қол жеткізумен анықталады. Билік басқарудың қажетті факторы әрі оның қозғаушы күші болғанымен ол өздігінен қажетті нәтижелерге қол жеткізуді қамтамасыз ете алмайды. Көне замандағы көптеген диктаторлар орасан зор билік ресурстарына ие бола отырып, өздері мәлімдеген мақсаттардың орындалуын қамтамасыз ете алмады. Бір мезгілде билік құзыретінің жоқтығы жоспарланған және қажетті шешімдердің орындалмауына алып келуі мүмкін.
Билік объектісі мен субъектісі
Биліктік қатынастар екі тараптың — билік құрушы мен оған бағынушы тараптың қатынастарына негізделген. Биліктің белсенді бастауы оның субъектілерінен — нақты адамдардан, ұйымдардан, мемлекеттік органдардан, тұтас алғанда халықтан көрініс табады. Саяси элита мен лидерлер үшін биліктік функцияларды іске асыру олардың кәсіби міндеті деуге болады. Билік объектісі биліктік қатынастардың екінші, пассивті тарабы болып табылады. Қоғамдық дамудың қажетті бағдарламаларын жүзеге асырудан көрініс табатын билік ету табыстылығы осы екі тараптың өзара әрекеттесу сипатына тәуелді. Субъект-объектілік қатынастардың өзіндік
ерекшелігі тұрғысынан билікті субъектінің өз қалауына сай обьектіні бағындыра алу қабілеті деп түсіндіруге де болады.
К.Дойч билікке келесідей анықтама берді: «Біз билікті индивидтің немесе ұйымның өзінің ішкі құрылымының экстраполяциясын немесе проекциясын қоршаған ортаға таңа алу қабілеті деп түсінеміз… Осы тар мағынадағы билік «шығыстың» «кірістен» үстемдігі, тыңдаудан гөрі сөйлеуге қабілеттілік болып табылады. Ол осы мағынада «үйренуді» міндеттемеуге қабілеттілік». Осы анықтама тараптардың тең құқықтылығын емес, керісінше билік субъектісінің қалауы үстем болатын ассиметриялық қатынас ретіндегі билік ерекшелігін анық көрсетеді.
Биліктік қатынастарды типологиялау
Билік түрлерін типологиялау — қазіргі күндегі саяси ғылымның орталық мәселесі. Бұл мәселе бойынша әртүрлі зерттеушілер классификациялауға қатысты өз нұсқаларын ұсынады, өйткені биліктің белгілі бір түрлерін бөліп көрсететін негіздемелер бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді. Осы орайда, саяси ғылымда мынадай түсініктерге негізделген классификациялау нұсқалары кең таралған.
а) билікті іске асыру саласы негізінде экономикалық, саяси, идеологиялық, ақпараттық және басқа да биліктерді бөліп көрсетуге болады;
ә) әлеуметтік-экономикалық формация түріне негізделген билік (құл иеленушілік, феодалдық, капиталистік және т.б.);
б) билік субъектісі мен объектісінің спецификасы негізіндегі билік (жеке және ұжымдық, мемлекеттік және мемлекеттік емес);
в) билік әдістері, немесе объектіні субъектіге бағындыру көзі мен түрткілері (сендіру, бедел, мәжбүрлеу және т.б.).
Саясаттануда соңғы нұсқа ең көп пікірталас тудырады. Әртүрлі ғалымдар билік әдістері (негізі) ретінде күшті, мәжбүрлеуді, ұстап тұруды, легитимді билікті және тағы басқа да әдістерді көрсетеді.
В. Ледяев объектіні субъектіге бағындыру көзі ретінде биліктің алты түрін бөліп көрсетеді: күш көрсету, мәжбүрлеу, итермелеу, көтермелеу, манипуляциялау және бедел.
Күш көрсету түріндегі билік субъектінің объектіге тікелей күш көрсету, психологиялық ықпал ету жолымен немесе оның әрекет ету мүмкіндігін шектеумен қажетті нәтижеге қол жеткізуіне негізделеді.
Мәжбүр ету түріндегі билік келеңсіз санкциялармен қорқытуға сүйенеді. Бір қарағанда, биліктің алғашқы осы екі түрі ұқсас тәрізді болғанымен, олардың арасында айтарлықтай айырмашылықтар да бар. Күш көрсету арқылы адамның өз еркіне қарсы келетін қандай да бір әрекеттерді іске асыруға көндіруге болады. Мәселен, билік оппозиция лидерін абақтыға қамап қою арқылы оған қарсылық акциясын ұйымдастыруға мүмкіндік бермейді. Ал мәжбүр ету жағдайында басқа тетіктер пайдаланылады: мұнда оппозициялық қайраткер күш көрсету қысымының ықпалымен өз ниетінен өзі бас тартады.
Көтермелеу түрін пайдалануда билік бастауы марапаттауға, яғни объектіге әртүрлі құндылықтар мен қызмет көрсетуді беру уәдесіне негізделеді.
Сендіру субъектінің объектіні бағындыру үшін пайдаланатын дәйектеріне негізделеді. Бұл жағдайда билік объектісі өзінің әрекет ету негізі ретінде субъектінің дәйектерін қабылдайды.
Манипуляциялау — субъектінің шынайы мақсаттары туралы ақпараттар мен мәліметтерден хабары жоқ объектіге жасырын ықпал етуді іске асыруды білдіреді. Манипуляциялау барысында маңызды ақпараттарды жасыру, ақпараттарды мақсатты түрде алдын ала бақылауға алу, дәрідәрмектердің, гипноздың, техникалық құрылғылардың, бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен жасырын түрде психологиялық ықпал ету әдістері кеңінен қолданылады.
Бедел — бұл объектінің субъектінің бойындағы қасиеттері, сипаттары мен мәртебесіне байланысты бағынуын білдіретін билік түрі. Бедел бағындыру көздеріне байланысты дербес (субъектінің тұлғалық сапасына негізделетін), дәстүрлі (дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға сенуге тұғырланған) және легальды (билік субъектісінің бұйрық бере алу құқының заңды екендігіне қатынастағы рационалды сенімге негізделген) болып бөлінеді. Дербес түрдегі беделде адамдардың жеке өзара қатынастары алдыңғы қатарға шығатындықтан, оған достық, сүйіспеншілік, сүйсіну түріндегі адами өзара қатынастар ықпал ете алады. Дәстүрлі бедел,субъектінің қасиеті мен сапасына емес, керісінше оның әлеуметтік рөліне байланысты болады. Мәселен, бұған ата-аналар мен балалар, жасы үлкендер мен кіші жастағы адамдар арасындағы өзара қатынастар мысал бола алады. Легальды бедел заң тұрғысынан мойындалған тәртіпке негізделеді.
Негізгі ұғымдар: билік, саяси билік, күш көрсету, сендіру, көтермелеу, мәжбүр ету, бедел, манипуляция, кратология, билік легитимділігі.
#Саяси #билік #ұғымы #анықтамасы
Рақмет ретінде жарнаманы баса кетіңіз