Сабақтан тыс шара: «Білім шыңы» — Сценарилер — Bilim
Сабақтан тыс шара: «Білім шыңы»
Атырау қаласы, Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжі
Құқықтану мамандығы бойынша арнайы пән оқытушысы
Шайдоллаева Айсулу Нургабыловна
Мақсаты: Студенттердің танымдық–тапқырлық дағдысын жетілдіру, пәнге деген қызығушылықтарын арттыра отырып, ой-өрісін және танымдық қабілетін дамыту, шығармашылыққа баулу, өз ойын еркін жеткізе білу және өткенді жылдам еске түсіру дағдыларын қалыптастыру.
Барысы:
I. Сәлемдесу, сайыс тақырыбы, мақсат-міндеттері.
II. Ұйымдастыру.
1.1 Қатысатын топты таныстыру (7 топ қатысады.)
1.2. Әділ-қазылар алқасын сайлау.
1.3 Сайыстың кезеңдерімен таныстыру
Жүргізуші:
Ғылымның сырын ұғына,
Шығыңдар білім шыңына,
Дарындылық пен тапқырлық,
Жеткізеді сіздерді,
Заңгерліктің біліктілік туына
Сәлеметсіздер ме құрметті ұстаздар, қадірлі қонақтар және студенттер. Әлеуметтік-гуманитарлық бөлімінің Құқықтану мамандығының 2-курсында оқитын студенттер арасындағы өткізгелі отырған «Білім шыңы» атты сайысымызды ашық деп жариялаймыз! Мамандық — адамның өмір бойы табатын азығы. Әлемде мамандықтар саны өркениетті елдер дамыған сайын өсуде, бірақ құрмет тұтатын ежелден келе жатқан мамандықтардың орны ерекше. Ежелден келе жатырған мамандықтың бірі — заңгер мамандығы. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін өз Конституциясын қабылдап, басқару жүйесін, стратегиясын айқындаған болатын. Тәуелсіздігімізге мінекей 25 жыл да толды. Сол жолды аңсап, күреске шыққан аға-апаларымыздың үмітін ақтайтын жас толқын екенімізді дәлелдейтін кез келді. Соның ішінде еліміздің сыртқы және ішкі құқық бұзушылықтарына жол бермес үшін еңбектенетін болашақ заңгерлер, өз білімдері мен біліктіліктерін дәлелдейтін болады. Енді айналымдармен танысып өтсек:
Бірінші айналым «Таныстыру».
Екінші айналым «Бәйге».
Үшінші айналым «Дода».
Төртінші айналым «Үй тапсырмасы».
Бесінші айналым «Білімді мыңды жығар».
Алтыншы айналым «Өнерлі өрге жүзер»
Сайыстың әділқазыларымен және қатысушыларымен танысып өтсек.
Әділқазылар:
Құқықтану мамандығының Пәндік циклдік комиссиясының төрайымы: Шолпан Саламатқызы. Атырау қалалық прокуратурасының аға прокуроры: Таншолпан Сейтжанқызы
Атырау облыстық сотының бас маманы Ғабдолхаев Мирас
Қатысушы топтар: 7.15.21; 7.15.22; 7.15.23; 7.15.24; 7.15.25; 7.15.26; 7.16.21.
Ендеше бірінші айналым «Таныстыру». Әр қатысушы топ өздерін таныстырып өтетін болады. 1-5 балдық жүйемен өлшенеді.
(Әр топ кезектілікпен таныстырады. 7.15.21; 7.15.22; 7.15.23; 7.15.24; 7.15.25; 7.15.26; 7.16.21)
Екінші айналым «Бәйге», яғни жалпы сұрақ оқылады, сол сұраққа шапшаңдықпен қол көтеру арқылы жауап беруі керек. Әр дұрыс жауап үшін бір ұпайдан беріледі. Ескерте кетер жәйт, жүргізуші жауап беретін топқа белгі бермейінше жауап айтылмауы тиіс. Шапшаңдық танытумен қатар, тыныштық та сақталуы тиіс. Сонымен бастаймын:
- Тәуелсіз Қазақстанның бірінші Конституциясының қабылданған жылы? 1993 жыл 28 қаңтар
- Мемлекет арқылы танылатын міндетті жүріс-тұрыс ережесі дегеніміз? Құқық
- ҚР Қылмыстық кодексінің қабылданған жылы? 2014 жыл 3 шілде
- Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі қолданыстағы Ата заңының қабылданған жылы? 1995 жыл 30 тамыз
- Мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі? Халық
- ҚР-ғы билік тармақтары? Заң шығару, атқарушы, сот
- ҚР Президентінің өкілеттік мерзімі? 5 жыл
- ҚР Парламентінің палатары? Сенат және Мәжіліс
- ҚР зайырлы, әлеуметтік, демократиялық және қандай мемлекет болып танылады? Құқықтық
- 2016 жылғы АЕК мөлшері? 2121тг
- ҚР Конституциясының құрылымы? 98 бап, 9 бөлім
- Сенат палатасындағы депутаттар саны? 47
- Мәжіліс депутаттарының саны? 107
- ҚР-ғы меншік түрлері? Жеке және мемлекеттік меншік
- ҚР-ның мемлекеттік тілі туралы Конституциясының қай бабында көзделген? 7-бап
- ҚР-ның рәміздері туралы Конституциясының қай бабында көрсетілген? 9-бап
- Ұлттық банктің төрағасы? Данияр Ақышев
- ҚР Қаржы министрі? Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтанов
- ҚР Сот жүйесі? Жоғарғы және жергілікті
- ҚР валютасы? Теңге
- Адамдарды бірлестіретін, ұйымдастыратын саяси ұйым? Мемлекет
- ҚР ның ең қымбат қазынасы? Адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары
- Мемлекет нысанының түрлері? Басқару, құрылым, саяси режим
- ҚР сы құрылым нысаны бойынша? Унитарлы
- ҚР сы басқару нысаны бойынша? Республика
- ҚР сы саяси режим бойынша? Демократиялық
- Демократия сөзінің мағынасы? «Демос» халық, «кратия» билік
- ҚР да қос азаматтық танылады ма? Жоқ
- ҚР ның президенті? Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев
- ҚР ның премьер министрі? Сагинтаев Бакытжан Абдирович
- ҚР ның Бас прокуроры? Асанов Жақып Қажыманұлы
- ҚР жоғарғы сот төрағасы? Мәми Қайрат Әбдразақұлы
- Атырау облысының әкімі? Нурлан Ногаев
Үшінші айналым «Дода». Әр топқа термин сөз жазылған, 2 құпия қағаз беріледі. Толық әрі нақты жауаптылыққа байланысты 5-10 балдық жүйемен белгіленеді. Ойымызды жинақтап, термин сөздерімізді түйіндеуге 2 минут уақыт беріледі. Ендеше іске сәт!
Девальвация (лат. de — күшін жою; valeo — мәнді, құны бар) — халықаралық қаржы нарығындағы, ұлттық қаржы курсының төмендеуі, қаржы резервінің азаюы, мемлекеттің төлейтін балансы және тез арадағы сауданың төмендеуімен байланысты, ұлттық ақша бірлігінің тұрақты құндылығының заңды дәрежеде төмендеуі, құнсыздануы.
Инаугурация (латынша іnauguro – арнаймын; ағылшынша іnauguratіon – қызметке кірісу) – мемлекет басшысының мәртебелі лауазымды атқаруға кірісуін атап өтетін салтанатты рәсімі.
Ратификация — [лат. ratus — бекітілген, facere — жасау] — жоғарғы мемлекеттік билік органдарының құзыретті өкілдерінің өзара келісімімен қабылданған халықаралық келісімдер мен шарттарды бекітуі. Ратификация келісімдердің заңдық күшіне енуіне мүмкіндік береді.
Амнистия немесе рақымшылық (грекше – кешіру) – адамдардың белгісіз бір тобын мемлекет басшысының немесе өкіметтің жоғары өкілетті органының шешімімен қылмыстық жазадан босату. Амнистия жалпы және ішінара болуы мүмкін. Қазақстанда рақымшылық туралы актіні Республиканың Парламенті шығарады.
Авторитарлық (лат. auctoritas – билік, ықпал) – саяси режимнің бір түрі. Мұнда саяси билікті нақты тұлға (тап, партия, элитарлық) топ және басқалай да бір өкіл жүзеге асырады. Халықтың билікке қатысуы өте төмен деңгейде болады.
Банкнот (Банк билеттері) – ұлттық банк шығаратын, айналым мен төлем құралы ретінде металл ақшаның орнына жүретін қағаз ақша. Ұлттық банктің мерзімсіз борыштық міндеттемелері болып табылады.
Алимент (лат. alimentum — «тағам, асырап-бағу») — заңда белгіленген жағдайларда бір отбасы мүшелерінің оның өзге мүшелерінің пайдасына төлеуге міндетті белгілі бір ақшалай қаражат. Алименттік міндеттемелер негізгі отбасылық қатынастар болып табылады, ал олардың мақсаты — отбасының еңбекке қабілетсіз және көмек қажет ететін мүшелерін асырау. Алименттер сот шешімімен (алименттер төлеудің соттық тәртібі) немесе тараптардың келісімімен (алименттер төлеудің ерікті тәртібі) төленеді.
Чек немесе түбіртек (ағылш. cheque‚ cheсk — тексеру‚ бақылау‚ кедергі жасау) — қатаң түрде белгіленген нысандағы бағалы қағаз, ақшалай құжат. Онда чек берушінің чекте көрсетілген ақшалай соманы чек ұстаушыға төлеу жөнінде банкіге берген жазбаша өкімі баяндалады.
Экстрадиция (фр. extradіtіon – беру, табыстау) – мемлекеттің өз аумағындағы қылмыскерді қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатымен немесе сол адамға қатысты шығарылған шетел сотының үкімін орындау үшін оны басқа мемлекетке беруі.
Мораторий (латын moratorіum – кейінге қалдыру, соза тұру) – мемлекеттің өз іс-әрекетінің, халықаралық міндеттемелерінің, шарттарының орындалуын тоқтата тұруы. Мысалы, 2003 жылы 17 желтоқсанда ҚР Президентінің“Қазақстан Республикасында өлім жазасына мораторий жариялау туралы” Жарлығы шықты.
Преамбула -халықаралық келісім, Ата Заңдағы және басқа да нормативтік актілердегі кіріспе бөлімі, онда келісім шарттың негізгі ережелері, мақсаты, міндеті және сәйкес келетін актінің жариялануы қарастырылады.
Референдум(лат. referendum — хабарлануға тиісті нәрсе) — мемлекеттік маңызы бар мәселені халықтық дауысқа салу. Мұндай демокр. институт алғаш рет Швейцарияда қолданылды. Арнайы даярлық қажет ететін төтенше, шұғыл мәселе дауысқа салынбайды. Референдумға заң немесе халықаралық шарт жобасы, басқару сипатындағы мәселелер ұсынылады.
Инфляция (лат. inflatio – «қабыну», «ісіну») — бұл бағаның өсуінен, тауарлар тапшылығынан және тауарлар мен қызметтер сапасының төмендеуінен туындайтын ақшаның құнсыздануы, сондай-ақ оның сатып алу қабілетінің төмендеуі.
Гипотеза (гр. ὑπόθεσις — негізгі, жорамал) — белгілі бір құбылысты түсіндіру үшін алға тартылатын және тәжірибе түрінде тексеруді және сенімді ғылыми теория болып қалыптасу үшін теориялық негізді талап ететін ғылыми болжам, дәлелденбеген тұжырымдама, жорамал.
Ал төртінші айналым үй тапсырмасы. Қатысушыларға алдын ала берілген тақырыптар бойынша өз жобаларын қорғайды, оған әр топқа 4 минут уақыт беріледі. Бұл айналымның шарты бойынша мынадай ережелер қатаң сақталуы тиіс:
- Тақырыптың өзектілігі
- Тақырыпты шешудегі ұсыныстар
- Шешу жолдары
- Түйін сөз
Нақты әрі мазмұнды тақырыпты ашу деңгейіне байланысты 5-10 балдық жүйемен бағаланады.
Үй тапсырмасына берілген тақырыптармен таныстырып өтейін:
Қазақстанда неке жасын азайту керек пе?
Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті…
Өлім жазасына мораторий жарияланғанғаны дұрыс па, әлде…
Атырау облысы экологиялық проблемалы аймақ па?
Экспо 2017 көрмесінің Қазақстанға пайдасы қандай?
Судьялардың этикасы Кодексінің қажеттілігі қандай?
Қазақстандағы жұмыссыздық шешілер түйін бе, әлде…
Бесінші айналым «Білімді мыңды жығар» деп аталады. Бұл айналымда ҚР Конституциясынан және ҚР Қылмыстық кодексінен тапсырмалар беріледі. ҚР Қылмыстық кодексінен берілген баптар бойынша қылмыс құрамын саралайды және тиісінше белгілі бір бапқа сәйкестігін анықтайды, ал ҚР Конституциясынан берілген баптардың анықтамасын табасыздар. Әр топқа 3 тапсырмадан беріледі, оның 1 ҚР Конституциясынан, 2 ҚР Қылмыстық кодексінен болады. Тапсырманың толық әрі нақты орындалу деңгейіне байланысты 5-10 балдық жүйемен бағаланады. Ойлануға 4 минут уақыт беріледі.
І тапсырма
І. 2015 жылдың қаңтар айында Алматы қаласындағы түзеу мекемесінде жазасын өтеуші азамат Е. түнгі сағат 22.00 шамасында түзеу мекемесінен қашып шығып, Астана қаласына бой түзеген кезінде тәртіп сақшыларының көзіне түсіп, ұсталған.
Жазасын өтеушінің айтуы бойынша оның қашуына мекемедегі қатал тәртіп әсер еткен көрінеді.
Осыған қатысты түзеу мекемесіне тексеру жүргізіліп, азамат Е-нің айтқан мәлімдемесінің еш негізсіз екендігі анықталды.
Сотталған азамат Е-нің әрекетін қай заңмен, қай баппен саралар едіңіз?
Жауабы:
ҚР ҚК 426 – бап. Бас бостандығынан айыру орындарынан, қамақтан немесе күзеттен қашу
Жазасын өтеп жүрген немесе алдын ала қамауға алынған адамның бас бостандығынан айыру орындарынан, қамақтан немесе күзеттен қашуы –
үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ІІ. 385-бап. Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу
екі мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
- Қылмыстың объектісі — топтық объект: басқару тәртібі;
тікелей объект: мемлекет тарапынан құқық беретін куәліктердің, ресми құжаттардың, мөрлердің, Қазақстан Республикасының немесе КСРО-ның мемлекеттік наградаларының дұрыс қолданылуы.
- Қылмыстың объективтік жағы — құқықтар беретін немесе міндеттерден өзге де ресми құжатты қолдан жасау не сондай құжатты өткізу, сол сияқты қолдан жасалған мөртабандарды, мөрлерді, бланкілерді, мемлекеттік пошта төлемі белгілерін, Қазақстан Республикасының немесе КСРО-ның мемлекеттік наградаларын дайындау немесе өткізу.
- Қылмыстың субъектісі – 16 жасқа толған, ақыл есі дұрыс кез-келген тұлға. Жалпы субъект.
- Қылмыстың субъективтік жағы – қасақана.
ІІІ. ҚР Конституциясының 27-бабы
1. Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады.
2. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу — ата-ананың етене құқығы әрі міндеті.
3. Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті.
ІІ тапсырма
І. 2013 жылдың 25 қазан айында Алматы қаласының 4 азаматы күдікті ретінде қамауға алынды. Олар бұған дейін бірнеше рет еріккенің ермегі ретінде үйлерді және басқа да ғимараттарды жазулармен, суреттермен және өзге де адамгершілікті қорлайтын іс-әрекеттер жасау арқылы бүлдірген.
Сондай – ақ тергеу барысында белгілі болғандай олар бұл әрекеттерімен қоса көлікте және басқа қоғамдық орындарда мүлікті қасақана бүлдірумен айналысқандығы белгілі болды.
Күдіктілерге қатысты қандай іс қозғалды?
Жауабы:
ҚР ҚК 294 – бап. Тағылық
Тағылық, яғни ғимараттарды, өзге де құрылыстарды, тарих және мәдениет ескерткіштерін, мемлекет қорғайтын табиғи объектілерді жазулармен немесе суреттермен немесе қоғамдық имандылықты қорлайтын өзге де әрекеттермен бүлдіру, сол сияқты көлікте немесе қоғамдық орындарда мүлікті қасақана бүлдіру –
үш айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз қырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не жетпіс бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
ІІ. 320-бап. Науқасқа көмек көрсетпеу
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, үш жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз қырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не жетпіс бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
- Қылмыстың объектісі – топтық объект: медицина саласындағы заңдылық, тікелей объект: науқастың денсаулығы.
- Қылмыстың объективтік жағы — Қазақстан Республикасының заңына сәйкес немесе арнайы қағида бойынша науқасқа көмек көрсетуге міндетті адамның дәлелсіз себептермен оны көрсетпеуі, егер бұл абайсызда адамның науқастың денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соқтыруы.
- Қылмыстың субъектісі – 16 жасқа толған, ақыл есі дұрыс науқасқа көмек көрсетуге тиіс тұлға. Арнаулы субъект.
- Қылмыстың субъективтік жағы – қасақана.
ІІІ. ҚР Конституциясының 28-бабы
1. Қазақстан Республикасының азаматы жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негіздерде оған ең төменгі жалақы мен зейнетақының мөлшерінде әлеуметтік қамсыздандырылуына кепілдік беріледі.
2. Ерікті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша нысандарын жасау және қайырымдылық көтермеленіп отырады.
ІІІ тапсырма
І. Ағымдағы жылдың ақпан айының 21-де Атырау қалалық ішкі істер басқармасына С.есімді азаматша шағымданды. Азаматша С-ның айтуынша оның анасын 20 ақпан күні сағат 15.00 шамасында И.Тайманов көшесі бойынан қара түсті TOYOTA актокөлігі қағып, тоқтамастан оқиға болған жерден қашып кеткен. Азаматша С. сол сәтте дереу жедел жәрдем шақыртып анасын ауруханаға жеткізгендігін, ал дәрігерлер денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келгендігін айтқан.
Қалалық ішкі істер органдары тексеру амалдарын жүргізіп, күдікті ретінде 24 жасар Е.есімді азаматты ұстады.
Азамат Е-ге қатысты қандай іс қозғалуы тиіс?
Жауабы:
ҚР ҚК 347 – бап. Жол – көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу
ҚР ҚК-нің 345, 346 — баптарында көзделген ауыр зардаптар туындаған жағдайда (денсаулыққа абайсызда ауырлығы орташа зиян келу), көлік құралын басқаратын және жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзған адамның жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалуы –
белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ІІ. 177-бап. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентiнің –Елбасының өмiрiне қолсұғушылық
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентiнің – Елбасының өмiрiне оның заңды қызметiне кедергi жасау не осындай қызметi үшiн кек алу мақсатында жасалған қолсұғушылық –
он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға не өлiм жазасына жазаланады.
- Қылмыстың объектісі – топтық объект: мемлекеттің конституциялық құрылысының негіздері мен қауіпсіздігі, тікелей объект: Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің өмірі.
Қылмыстың объективтік жағы — Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының өміріне оның заңды қызметіне кедергі жасау не осындай қызметі үшін кек алу мақсатында қолсұғушылық жасау. - Қылмыстың субъектісі – 14 жасқа толған, ақыл есі дұрыс кез-келген тұлға. Жалпы субъект.
- Қылмыстың субъективтік жағы – қасақана.
ІІІ. ҚР Конституциясының 34-бабы
- Әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.
2. Әркім Республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті.
ІV тапсырма
І. Атырау қаласының ішкі істер бөліміне шағымданған азамат Т-ның арызы бойынша шұғыл іздестіру жұмыстарын жүргізілді. Арызда жәбірленушінің марқұм болған анасының мәйітінің және өзге де айналасындағы мәйіттердің бүлінгендігі, құлпытастарының аяусыз сындырылғаны баяндалған. Іздестіру нәтижесінде ешбір жерде жұмыс жасамайтын, бұрын сотталған қала тұрғындары күдікті ретінде ұсталды.
Оларға қатысты ҚР ҚК қай бабымен қылмыстық іс қозғалады?
Жауабы:
314 – бап. Өлген адамдардың мәйіттерін және олар жерленген жерлерді қорлау.
Өлген адамдардың мәйіттерін қорлау не олар жерленген жерлерді, құлпытас құрылыстарын немесе жерлеуге немесе еске алуға байланысты рәсімдер өткізуге арналған зират үйлерін жою, бүлдіру немесе аяққа басу –
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ІІ. 411-бап. Судьяға, алқабиге, прокурорға, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, сарапшыға, сот приставына, сот орындаушысына қатысты жала жабу
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
- Қылмыстың объектісі – топтық объект: сот төрелігі мен жазалардың орындалу тәртібі, тікелей объект: судьяның, алқабидің, прокурордың, сарапшының, сот приставының, сот орындаушысының ар-намысы мен қадір-қасиеті.
- Қылмыстың объективтік жағы — істердің немесе материалдардың сотта қаралуына байланысты судьяға немесе алқабиге қатысты жала жабу.
- Қылмыстың субъектісі – 16 жасқа толған, ақыл есі дұрыс кез-келген тұлға. Жалпы субъект.
- Қылмыстың субъективтік жағы – қасақана.
ІІІ. ҚР Конституциясының 40-бабы
1. Қазақстан Республикасының Президенті — мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға.
2. Республиканың Президенті — халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі.
3. Республика Президенті мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді.
V тапсырма
І. 2016 жылдың қазан айында Алматы қаласының тұрғындары ағайынды Еспановтарға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Алдын – ала тергеу дәлелдегендей ағайынды Еспановтар ҚР Ұлттық банкінің жалған банкноттары мен шетел валютасын өткізу барысында қолға түскен және тінту барысында осы заттардың сақталған біраз бөлігі мен оны жасаудың құралдары табылды.
Күдіктілерге ҚР ҚК қай бабы бойынша айып тағылып отыр?
Жауабы:
231 – бап. Жалған ақша немесе бағалы қағаздар жасау, сақтау, алып өту немесе өткізу.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің жалған банкноттары мен монеталарын, мемлекеттік бағалы қағаздарды немесе Қазақстан Республикасының валютасындағы бағалы қағаздарды өткізу мақсатында жасау немесе сақтау, өткізу –
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ІІ. 254-бап. Мiндеттерiне адал қарамау
Коммерциялық немесе өзге де ұйымда басқару функцияларын орындайтын адамның өз қызметiне адал қарамауы немесе ұқыпсыз қарауы салдарынан өз мiндеттерiн орындамауы немесе тиісінше орындамауы, егер бұл адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса, –
белгiлi бiр лаузымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
- Қылмыстың объектісі – топтық объект: коммерциялық және өзге де ұйымдардың қызмет мүдделері, тікелей объект: коммерциялық және өзге де ұйымның заңды мүддесі және адамның денсаулығы мен өмірі.
- Қылмыстың объективтік жағы — коммерциялық және өзге де ұйымда басқару функцияларын орындайтын адамның өз қызметіне адал қарамауы немесе ұқыпсыз қарауы, міндеттерін орындамауы немесе тиісінше орындамауы, адамның өліміне және денсаулығына зиян келтірсе.
- Қылмыстың субъектісі – 16 жасқа толған, ақыл есі дұрыс коммерциялық және өзге де ұйымның қызметкері. Арнаулы субъект.
- Қылмыстың субъективтік жағы – абайсызда.
ІІІ. ҚР Конституциясының 49-бабы
1. Парламент — Қазақстан Республикасының заң шығару қызметін жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкілді органы.
2. Парламенттің өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған сәттен басталып, жаңадан сайланған Парламенттің бірінші сессиясы жұмысқа кіріскен кезден аяқталады.
3. Парламенттің өкілеттігі Конституцияда көзделген реттер мен тәртіп бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
4. Парламенттің ұйымдастырылуы мен қызметі, оның депутаттарының құқықтық жағдайы конституциялық заңмен белгіленеді.
VI тапсырма
І. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Тараз қаласының азаматтары ерлі – зайыпты Ноғаевтардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы қолданылды. Тергеу барысында белгілі болғандай ерлі – зайыптылар ұзақ уақыт бойы Өзбекстан елінің азаматшасы Е. – нің құжаттарын алып қойып, оның тәуелділігін пайдаланып, күндіз үйінің тірлігін жасатып, түнде жезөкшелікпен айналысуға тартып, одан тапқан ақшасын алып отырған. Азаматша Е.бұл тірліктен бас тартып қашпақшы болған әрекетінен нәтиже болмағандығын, керісінше ерлі – зайыптылар енді қашса оны өлтіретіндігін айтып қорқытқан.
Ерлі – зайыпты Ноғаевтарға ҚР ҚК қай бабы бойынша айып тағылды?
Жауабы:
308 – бап. Жезөкшелікпен айналысуға тарту
Күш қолдану немесе оны қолдану қатерін төндіру, тәуелді жағдайын пайдалану, бопсалау, мүлкін жою немесе бүлдіру жолымен не алдау арқылы жезөкшелікпен айналысуға тарту –
мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлщерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ІІ. 347-бап. Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу
Осы Кодекстің 345, 346-баптарында көзделген ауыр зардаптар туындаған жағдайда, көлiк құралын басқаратын және жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзған адамның жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалуы –
белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Зардап шегушiлерге көмек көрсетуге байланысты жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалған адам осы бап бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
- Қылмыстың объектісі – топтық объект: көліктердің жүру заңдылығын реттейтін ережелер, тікелей объект: жол жүру ережесі (жүру заңдылығын реттейтін ережелер) және адамның денсаулығы мен өмірі.
- Қылмыстың объективтік жағы — (осы Кодекстің 345, 346 – баптарында көзделген) абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соққан жағдайда, көлік құралын басқаратын және жол жүрісі немесе көлік құралын пайдалану қағидаларын бұзған адамның жол – көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалуы.
- Қылмыстың субъектісі – 16 жасқа толған, ақыл есі дұрыс кез-келген тұлға. Жалпы субъект.
- Қылмыстың субъективтік жағы – абайсызда.
ІІІ. ҚР Конституциясының 31-бабы
1. Мемлекет адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етіп қояды.
2. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін деректер мен жағдаяттарды лауазымды адамдардың жасыруы заңғасәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.
VII тапсырма
І. Атырау қалалық Ішкі істер басқармасына арызданушы түнде кафеден шыққан кезде көшеде белгісіз үшеудің өзіне шабуыл жасап, ұрып-соғып, 150 000 (жүз елу мың) теңгесін тартып алып кеткенін хабарлаған.
Күні бойы полицейлер жедел шаралар жүргізген. Ал кешкісін арызданушы бүкіл ақшасына ішіп қойғанын, отбасында кикілжің болмасын деп, өз бетін жарақаттап, полицияға арыз түсіргенін мойындады.
Оған қатысты ҚР ҚК қай бабымен қылмыстық іс қозғалады?
Жауабы:
ҚР ҚК 419 – бап. Көрінеу жалған сөз жеткізу
Қылмыс жасалғаны туралы көрінеу сөз жеткізу –
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ІІ. 316-бап. Жануарларға қатыгездiк жасау
екi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не алпыс тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
- Қылмыстың объектісі – топтық объект: имандылық, тікелей объект: жануарлар дүниесі, олардың өмірі
Қылмыстың объективтік жағы — жануарларға олардың өлуіне немесе мертігуіне әкеп соққан қатыгездік жасау, егер бұл іс-әрекетті бұзақылық ниетпен немесе садистік әдістерді қолдана отырып немесе жас балалардың көз алдында жасау. - Қылмыстың субъектісі – 16 жасқа толған, ақыл есі дұрыс кез-келген тұлға. Жалпы субъект.
- Қылмыстың субъективтік жағы – қасақана.
ІІІ. ҚР Конституциясының 19-бабы
1. Әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы.
2. Әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар.
Алтыншы айналым «Өнерлі өрге жүзер» деп аталады. Аты айтып тұрғандай әр топ өз өнерлерін көрсетеді. Бұл айналымның ең басты ерекшелігі студенттер өнерін қазақи нақышта көрсетуі керек. Бұл айналым салт-дәстүрді дәріптеуді мақсат етеді. 5-10 балдық жүйемен бағаланады.
Алдымен 7.15.21 тобы 7.15.22 тобы 7.15.23 тобы 7.15.24 тобы 7.15.25 тобы 7.15.26 тобы 7.16.21 тобы
Білім деген биік шың,
Бақытқа сені жеткізер.
Білім деген ақылшың,
Қиындықтан өткізер.
Ендеше, Өнер мен білімді бірге сабақтас қып жүрген, болашақ заңгерлер өздерінің білімді өрен, білікті маман, өнерлі өскелең ұрпақ екендіктерін көрсетті деп есептейміз. Қорытынды сөз кезегін әділқазыларға берсек.