Home Білім Ресей империясы кезеңіндегі мешіттер | туралы қазақша

Ресей империясы кезеңіндегі мешіттер | туралы қазақша

0
59

Қазақтар діни білімді құрметтеген, бірақ Қазақстандағы мәдени ғимараттар аз болғандықтан, олардың қалыптасуына көбінесе татар (солтүстік-батыс аймақтар) және ортазиялықтардың (оңтүстікте) діни қауымдастығының іс-әрекеттері ықпалын тигізді. Қазақтардың көшпелі өмір салты мәдени ғимарат­тар салуға мүмкіндік бермеді, мұндай жайттар жер шаруашылығымен айналысатын отырықшы халық­тарға тән болды. Сондықтан Қазақстан жерінде мешіттер көп болған жоқ. Еліміздің оңтүстігінде олардың саны өсіп, ал солтүстігінде кеміді. Мұны оңтүстіктегі жер шаруашылығымен айналысатын аудандардың ортазиялық діни орталықтарға жақын орналасқандығымен түсіндірген жөн.

Ислам дәстүрлі түрде таралған басқа аймақтар­дағы сияқты Қазақстандағы мешіттер де діни орта­лықтар болып саналды. Мешіт, масджид (арабшадан аударғанда жердегілердің құлшылық ететін неме­се мінажат ететін орны дегенді білдіреді) – мұсыл­мандар ғибадат ететін және қоғамдық ғимарат. Мешіттердің негізгі сипаты VII ғасырдың аяғында анықталды. Көптеген мешіттерде бір немесе бірнеше мұнаралары болады, оларға азаншы шығып, азан шақырады. Ғибадат ететін бөлмеде сыйынушылар беттерін қарататын, Меккенің бағытын білдіретін михраб-мінбесі болады. Әрбір ислам қаласында жұма сайын қауымдасып намаз оқитын ірі мешіттер және махаллалық (кварталдық) мешіттер болады. Бірінші мешіт 623 жылдың ортасында Мұхаммед пайғамбардың үйінің қасынан хижрадан кейін салынған. Қағба мен оның айналасындағы аула мешітке айналған. Осыдан кейін мешіттер барлық мұсылман қалаларында салына бастады.

XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында Ресей тарапынан Қазақстандағы төмендегідей далалық облыстарда мешіт тұрғызуға рұқсат етілген: Ішкі істер министрлігі жергілікті әскери басқармасы­ның ұсынысымен «Құрылыс Жарғысының» баптарына сәйкес жаңадан құрылған Орал және Торғай облыс­­тарында (мешітке және діни қауымдастыққа қажетті қаржымен қамтамасыз ету мен оған келушілердің санына байланысты заңда көрсетілген қажеттілік), ай­мақтық генерал-губернаторының ұсынысымен Ақмола мен Семей облыстарында, Түркістан генерал-губер­­наторының ұсынысымен Жетісуда (Түркістан аймағына кіргеннен бастап) салуға рұқсат берілген [1.115-бет]. Ауқатты адамдар өз қаржысымен XIX ғасырдың екінші жартысында мешіттер сала бастаған.

Империяның қазақтарды жалпы басқаруына негіз болған алғашқы құжат болып табылатын 1822 жылғы «Сібір қырғыздарының Жарғысы» бойынша мәде­ни ғимараттарды салу ұсынылған. «Жарғының» 124-тарауында әрбір округте басқа да қоғамдық ғимараттармен қатар діни қауымдастыққа арналған сыйынатын тұрғын үйлерді салуға болатыны көрсе­тілген. 125-тарауында жергілікті қаржылары көрсетіл­ген жоспар мен шығын жобаларын құрастыру қажет­тілігі аталған. Бұл жоспарлар мен шығын жобалары өкіметпен бекітілуі керек болған. Жарғының 126-тара­уына сәйкес мұндай ғимараттарды тез арада салу облыстық басқармаға жүктелетін [2]. Бұл тараулар ме­шіттерді мемлекет мақсаттарын жүзеге асыруда пай­далануға байланысты кірістірілуі де мүмкін деген ой бар, сондай-ақ халықтың діни сипатта екенін көрсетіп, оған сыйынатын үйлердің қажет екенін білдіруі үшін де керек болуы мүмкін.

Өкімет мешіттің қызметтік рөлін ескере отырып, оны тұрғызуға адам көп келетін, тиімді жерлерді таңдап алуды талап еткен. «Құрылыс Жарғысына» «Мұхаммед үмбетеріне мешіттерді салу жайлы» тарау кірістірілген. Осы тараудың 264-інші және 265-баптарында былай деп көрсетілген: «Тиісті діни және азаматтық басқармалар қажет деп мо­ йындаған және қызмет етуі қамтамасыз етілген жаңа мешіттер жоба мен қасбет бойынша салы­ нады, 1844 жылы бекітілгендей ауылдық жердегі мешіттер алаңдарға салынып, 20-дан кем емес ағаш отырғызылуы қажет.” [3, 52-бет]. Мұсылман мешіттерін бақылау мақсатымен XIX ғасырдың соңында Ресей әкімшілігі діни мекемелер жайлы мәліметтерді жинақтау үстінде болды. 1881 жылы Ақмоланың әскери губернаторы уездік басқармалардан Мұхаммед үмбеттері мешіттерінің тізімін, кімге қарасты, молданың қызметін кім атқарады, құрылысқа рұқсаты бар ма екенін талап еткен.

Дала генерал-губернаторының кеңсесі 1891 жылы мұсылман қауымының тұрмысы мен дінге қатысы туралы мәліметтерді жинақтаған. Өлке басшылығын мешіттерге келушілердің саны, оның қаржымен қамтамасыз етілуі, түрі және құндылығы қызықтырды. Дала мешіттері қарапайым болды: төртбұрышты ұзынша келген ғимарат, намазхана мен ауыз үйді (кіре беріс бөлме) бөлетін қабырғасы бар, оңтүстік бөлігінде молда намаз оқитын сыртқа қараған мінбесі болады. Кішкентай мұнарасы бар шатырлы шағын үйлер. Ең қымбат мешіттер шалақазақ елді мекендерінде 500 сомға, ал болыстарда 200-300 және одан астам қаржыға салынған.

Қарқаралы уезіндегі мешіттер одан да кіші болып шықты: Қарқаралы елді мекенінде 130242 ер адамға арналған бір ғана мешіт болды. Сыйынатын үйлер болған жоқ, намаз жай күндері қыстауларда немесе киіз үйлерде, ал мереке күндері көшелерде оқылатын болған. Мешіттерге қоғамның жеке мүшелері ерікті түрде қаражат шығарып, өздері тұрғызатын болған. Олардың жоғарыда аталған мешіттерден айырмашылығы болмаған. Ағаштан салынған мешіттің құны аса қымбат емес, 1500 сомнан аспаған. Ақмола уезінің бастығы берген мешіттер жайлы мәліметі жоғарыда аталғаннан өзгеше болған жоқ. Ақмола уезінің үш болысына бір мешіт болған, құндылығы бір қабатты үй құнынан аспаған [ 4,168].

Семей уезінің бастығы татарлардың діні мен тұрмысы жайлы мәлімет берген. Оның жауабына қарағанда Семей қаласында 11 мешіт бар екен: 9-ы татардікі, 2-і сарттардікі, 10000 татар адамынан 1000-ы келетін болған. Сыйынатын үйлер болмаған. Семейдегі мешіттердің барлығы ағаштан салынған, біреуі ғана тастан қаланған. Уезд бастығының сипаттамасында ағаштан салынған ғимараттардың түрі айқын емес: бір немесе екі мұнарасы бар тұрғын үй түріндегі бөренеден салынған. Тастан қаланғаны мавритандық үлгіде салынған, ортасында күмбезі бар, екі мұнарасы бар, құрылысының құны 35000 сом шамасында. Қалған мешіттердің құны 6, 8 және 10 мыңнан аспаған [5,281].

XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда күмбезі бар мешіттер көп салынған. Олар Сырдария облысында – 68, жай мешіттер – 1414, имамдар – 1349. Ал 1895 жылы Ішкі істер министрлігі жергілікті басшылыққа бір болысқа бір мешіт қана салу жайлы №6500 түсініктемені жіберген. Бұл қазақ болыстарынан түсіп жатқан мешіт салу жайлы өтініштердің жиілеуіне аталған министрліктің жауабы еді. [6]. 1896 жылы осы министрліктің діни істер жөніндегі департаментінің №6416 бұйрығында бір болыста бір мешіт қана болатыны жайлы көрсетілген [7, 21-бет].

Түркістан генерал-губернаторлығындағы жағ­дай басқаша болды. 1867 жылы орнаған Ресей билігі өзіндік діни мекемелері мен нанымдарымен белгілі бір дәрежедегі исламды ұстанатын қауымға тап болды. Сондықтан да, «Уақытша» және «Дала» ережелерінің таралуына қарамастан, әкімшілік тұрғылықты халық­тың діни өміріне араласқан жоқ. Комиссия мешіттердің, әсіресе жұмалық мешіттердің, көп қаражатты қажет ететін және исламның құдіреттілігін танытып, оған сенушілердің бірігуіне себеп болатын ірі мешіттердің салынуына шектеу қойды. Комиссия дінге аса көңіл бөлмейтін қазақтар мешіттерді «татарлар мен оты­ рықшы сарт аудандарынан шыққандардың қиялы­ ның» ықпалымен тұрғызған деп есептеген. Ол осы топтағы адамдар исламды идеялық наным-сенім­­мен ғана емес, сондай-ақ материалдық тиімділік мақсатымен де таратады деп есептеген. Сондықтан, комиссияның пікірінше, мешіттерді өз еркімен салудың екі мақсаты бар болған: қазақтар арасында исламның бекуін қиындату және сарттар мен татарлардың ықпал ету амалдарының біреуін жою.

Әрине, ресейлік билік өкілдері ислам институтына немқұрайды қарай алмады. Сондықтан, алғашқыда билеушілер мешіттерді салып, діни келісімді орнату арқылы көшпенділерді қайта тәрбиелеп, Ресей жаққа шығаруға үміттенді. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін қазына қаражатымен мәдени ғимараттарды салды, келушілердің санын, олардың жобасы мен қасбетін, орналасатын жерін бақылауға тырысты. Ресей өкіметі мешіт салушыларға қарсы болған жоқ. Мешіт құрылысына қатысты мұндай көзқарас XIX ғасырдың бірінші жартысында орын алды. Қазақстан өлкесінде Ресей билігінің күшеюіне орай, және де халықтың исламданып, орыс ықпалынан шығып кетуінен қорқақтап, мешіттер санына шектеу қойып, олардың пайда болуын реттеп, құрылысына тыйым салуға ұмтылды. XIX ғасырдың екінші жартысындағы бұл саясат бақылаушы органдардың аздығымен ғана тиісті нәтижеге жете алған жоқ.

Пайдаланылған әдебиеттер:

Загидуллин И.К. Исламские институты в Российской империи: Мечети в европейской части России и Сибири.-Казань: Татар.кн.изд-во, 2007. – 416с. – 2000д.

#Ресей #империясы #кезеңіндегі #мешіттер