Ресей ХVIII ғасыр

0
39

Ресей ХVIII ғасырдың өн бойында өз шекарасын езгіге түскен, сан жағынан аз халықтарды империя құрамына күштеп қосу арқылы кеңейтіп отырды. Сөйтіп патшалық Ресей «халықтар түрмесіне» айналды. Батыс пен Оңтүстіктегі өзге жұрттың жер-суын жаулап біткен соң, Шығысқа — Орта Азияға қарай ойысты.

Тіпті Петр I патшаның өзі Қазақстанды Орта Азия, Индия және Батыс Қытаймен сауда жасауға оңтайлы «кілт – қақпа» деп санаған-ды.

II Екатеринаның тұсында патшалық Ресей Орта Азияға саяси ықпалын күшейте түсті. Башқұртстанды көмекейден өткізіп болысымен, Орта Азияны жұта салуға шақ тұрды. Әйтсе де, олай ету үшін әуелі Қазақстанды өздеріне қаратып, шабуыл бастайтын алаңға айналдыруға тиіс еді.

Қазақстанға келсек, патша үкіметі оны жедел түрде түгелдей жаулап болысымен, өндіріс және сауда-саттық мүмкіндіктерін таразылап, сүзгіден өткізуді кезек күттірмейтін міндет деп есептеді.

Десе де, Ресейдің Қазақстан мен Орта Азияға байланысты саясаты оның жалпы саясатының бір бөлшегі ғана іспетті, әрі патшалықтың Таяу Шығысқа қатысты мақсат-мүдделері және ағылшын империализмінің Азияны жаулап алу ниетіне қарсы күрес шараларымен тығыз байланысты болатын.

Және де бұл саясаттың патшалықтың экономикалық мүдделері, капитализмнің жылдам дамуы, Ресейдегі кейбір ішкі ушыққан ахуалдарды бәсеңдету мақсаттарынан туындайтыны айдан анық-ты. Сондықтан да орыс ғалымдары мен  ғалымсымақтары әскери-төрешіл топтардың қолайына жағып, көңілдерінен шығып отырды.

Қазақ халқының тарихын жазуда Ресейдің дворяндық-буржуазиялық тарихнамасы да көп іс атқарды: архив деректерінің недәуір бөлігі жарияланып, жалпы қорытынды жасалған ірі-ірі еңбектер жазылды. Мұны жоққа шығару — ақиқатқа қиянат. Бірақ, сонымен бірге олардың кейбір ірі кемшіліктері барын елемеу — әділетсіздікке саяды.

«Орыстың ғалымы – дүниенің кілті. Оның жақсысын үйреніп, жаманынан жирен», — дейді Абай. Орыс империясының екі басты самұрығы біздің даламызға екі жүзбен келіп қонды. Бірі жан-жағына білім шашып, нұрын төксе, бір басы жан-жағына от бүркіп, жалмады.

Әрине нұрынан зәрі көп болғаны тек кейінгі жылдары анық жазылып жатыр. Ал осы қанқұйлы саясатты жүзеге асыру үшін біздің халқымызды жан-жақты зерттеп, қыр-сырын түсініп, соған қарай әрекет ету үшін шенді-шекпенді ғалымдарын арамызға жіберді.

Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» еңбегінде татардың молдасы: «Орыстың алдымен пушкасы киләди, сонан кейін Пушкині киләди» дейтіні бар. Пушкасынан бұрын негізінде шолғыншы-барлаушылары: Бухгольц, Қадырғали Жалайыри мен Оразмұхаммедті ұрлап әкету сынды айлакерліктер болды. Әбден біліп осал тұстарымызды байқағаннан соң жаулап алуға түбегейлі кірісті.

.


Тағы рефераттар

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!