Ректор гранттарын тартып алған: Шәкәрім университетінің студенттері шу шығарды

0
123
Сурет: скриншот Stan.kz

Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде студенттері шу шығарды. Өйткені ректордың міндетін атқарушы студенттердің гранттарын тартып алған. Осы әрекетін оқу орнының басшысы студенттер түгілі, өз қоластындағы мамандарына да түсіндірмепті. Пандемия кезінде аяқ астынан осындай қиындыққа тап болған жоғарғы оқу орнының студенттері, ата-аналар мен оқытушылар жайнайқайын жеткізді, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Оқуға түскенде грантты жеңіп алған Мейіргүл Сейсек жақында тегін оқу мүмкіндігінен айырылды. Өйткені Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетіне келген жаңа басшылық осылай шешкен. Наурызда басталған кадрлық ауыс-түйіс соңы университеттің акционерлік қоғамға ауысымен аяқталған.

«Қазіргі таңда осы 2020-2021 біздің университет коммерциялық емес, акционерлік қоғамға ауысуына байланысты және ректордың ауысыуна байланысты деген ескертпемен бізді ақылы бөлімге ауыстырып отыр. Бұл ең біріншіден біздің ата-анамызға соққы болып тиіп жатыр. Неге? Өйткені бізге ескертпестен болған жағдай», – деді студент Мейіргүл Сейсек.

Пандемия кезінде осындай қиын жағдайға 60-қа жуық студент тап болған. Оларға қазіргі басшылық «емтиханға өткің келсе, оқу ақысының 50 процентін төле» депті. Біршамасы солай да жасаған. Ал, мүмкіндігі жоқтар, неге тегін оқу ақылы болды деп сұрамақ болыпты. Бірақ…

«Ректордың орынбасарымен жолыққан едік. Ректордың өзіне кірейік деп едік, ол кісі қабылдамады. Командировкада, іс-сапармен кетті деген сияқты. Ол рас па, жоқ па, білмейміз», – деді студент Ділнәз Байекенова. 

Білім алушылармен бөлек, өз мұңын университет ұстазы да айтты. Ол барлық былық ескі ректор наурызда кетіп, жаңа басшы ретінде келгенде басталды дейді. Гранттар дауы да аталмыш маманның университет табалдырығын аттағаннан кейін басталған.

«Өкінішке қарай, мен мұны түсіндіре алмаймын. Мен ресми түрде, ғылыми кеңесте ұсыныныспен шығып едім басшыға, жаға тағайындалған. Түсіндіріңіз халыққа деп. Ресми түрде жазба жазып едім қызметтік хат», – деді ректор кеңсесінің басшысы Марат Әбдікәрмов.

Ректордың міндетін атқарушы ұстаздың сауалдарына да жауап бермепті. Ал оның бастамасына қарсы шыққандарға оқу орны басшысы жұмыстан босату туралы хабарлама жолдайды екен.

«Мүлдем қарсы болған басшылық ұжымымыздан 27 зияткерлік ұстаздарымызға уведомление берген. Жұмыстан шығарамыз деген», – деді Марат Әбдікәрмов.

Балалардың ата-аналары да көмек сұрады. Олар қазіргі таңда жұмыссыз қалдық дейді.

«Екі жыл оқыды, үшінші курсқа көшкен кезде грантты алып тастады. Сондықтан пандемия кезінде ешқандай жұмыс жоқ,. Көріп тұрсыздар, бір үйден екі бала ақшаға оқып жатыр. Сол кішкене ауырлау болып тұр бізге», – деді ата-ана Дана Хайрулина.

«Бұл грантпен оқи алмайсыздар, шын емес деп, қайта-қайта мазамызды алады. Барып біліп едім, ректор ауысты біз ештеңе білмейіз деп, ешкім жауап бермейді», – деді тағы бір ата-ана.

Айта кетейік, бұл оқу орнындағы дау осындай бірнеше ай бұрын басталған еді. Ақпарат көздерінде, сондай-ақ университетке бір уақытта 3 басшы тағайындалғаны да хабарланған еді. Шәкәрім атындағы жоғарғы оқу орны 1934 жылы бой көтерген. Оның құрамына педагогикалық, ветеринарлық, технологиялық және қаржылық институттар кіреді.