Реферат: Толғау жанрының табиғаты

0

Толғау түрлері.
Ақынға дүниенің әдемілігі көрік пен махаббат екеуінде ғана. Өмірдің көрік пен махаббатқа дұрыс келетін істері сүйіндіреді. Теріс келетін істері күйіндіреді. Мұның мағынасы көңілді сүйінішті, күйінішті күйге түсіру болады. Күйініш көңілге наразылық тудырады. Көңіл наразылығы мұң, ой туғызады. Осы айтылған мәністерге қарай күйлі толғау бірнеше түрге бөлінеді.
1. Сап толғау — қорыққанда «Ойбай», қуанғанда «Алақай», қиналғанда «Уһ», таңданғанда «О», өкінгенде «Қап!» деген сияқты пайым, пікір, ой белгілі кіріспеген құстың сайрауы сияқты көңілдің таза күйінен шығатын сөз сап толғау сияқты сайрау деп аталады.
Мысалы: Көтеш ақынның мына өлеңінде көрінеді:
«Бала, бала!» деуменен мазалымыз.
Баладан болар білем ажалымыз,
Баламызға жалынсақ жан сақтар ек,
Келін деген даяр тұр тажалымыз!
2. Марқайыс толғауы – Көңіл шын ырза болып, марқайып өскен шақта шығатын сөз марқайыс толғау болады. Көңілдің шын өсіп марқаюы қуанышты ұлы оқиғаның үстінде болады. Ұлы оқиғалар ұлы адамдардың яки бүтін елдің, халықтың, таптың өмірінде де сирек болатындықтан марқайыс түрлі тұлғаларда әдебиет жүзінде ұшырайды. Марқайыс орнымен айтылса, ұнамды болады, ұнамсыз айтылсы, ерсі көрініп, марқайыс әсері болмайды, масқаралық әсері болып шығады.
Мысалыға Тәтіқара ақынның батырлардың ел қорғаудағы ерлік істері туралы, жұрттың рухын көтеретін үлкенді-кішілі жырларын, жауынгерлерді қиындыққа мойымауға, ерлікке үндеген толғауларын жатқызуымызға болады.
Қамыстың басы майда түбі сайда,
Жәнібек Шақшақұлы болат найза,
Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда,
Ер жігіттің ерлігі осындайда.
Бөкейді айт Сағыр менен Дулаттағы
Деріпсәлі, Маңдайды айт Қыпшақтағы,
Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын
Сары менен Баянды айт Уақтағы.
Ағашта биікті айтсаң қарағайды айт,
Жігіттік, ерлікті айтсаң Бөгембайды айт,
Найзасының ұшына жау мінгізген
Еменәлі Керейде ер Жабайды айт.
3. Налыс — Әркімнің өмір жүзінде мұраты болады. Яғни сол мұрат көрген нәрсесінің жолында болады. Мұратына жетсе, бақытты болады. Қайғы-қасіретсіз, уайымсыз, мұңсыз, қатерсіз, қауіпсіз, шатықпен тыныш өмір сүретін адамдар, тіпті болмайды. Өмір жолы мұратқа тура жүргізбейді. Тура жүргізбесе, көңілге реніш, шер пайда болады. Сондай өмір жүзіндегі түрлі опасыздық ақынды да ренжітеді, мұңайтады, ықыласын қайтарады. Ренжу, мұңаю, ықылас қайту ақынды көңілсіз күйге түсіреді, шерлендіреді. Шерлі күйден шыққан сөз мұңды болып шығады. Сондай мұңды, шерлі толғаулар налыс деп аталады.
Мұны Асан қайғының төмендегі жолдарынан көруге болады:
Құйрығы жоқ, жалы жоқ құлан қайтіп күн көрер,
Аяғы жоқ, қолы жоқ жылан қайтіп күн көрер!?
Шыбын шықса жаз болып, таздар қайтіп күн көрер,
Жалаң аяқ балапан қаздар қайтіп күн көрер!?
немесе Ақтамберді жыраудың мына өлеңі:
Дұшпаннан көрген қорлығым
Сары су болды жүрекке,
Он жетіде құрсанып,
Қылыш ілдім білекке
Жауға қарай аттандым
Жеткіз деп құдай тілекке!
4. Намыстаныс. Намыс толғау – басында тайғақ кешу, тар жолда, қиыншылық шегіне жетіп тақалған шақта шығатын сөз. Қиын хал нағыз қиын шегіне жеткенде, қиын істі істеуге керек қылады. Сол қиын істі істеуге көбінің батылы жетпей намысына тигізіп, қанын қыздырып сөйлеу қайрау сөз деп аталған. Сол қайрау сөздің өлеңмен айтылғанын намыс толғау дейміз. Намыс толғау соғыс кезінде соғысқа түсіру яки не өліп, не өлтіріп шығатын өлім жолына айдаған жерде айтылған.
Бұқар жыраудан:
Қарашы мынау ойда жатқан орысты,
Дін мұсылман жұртынан,
Шіркін, алған екен қонысты!
Аяғыңнан шалысты,
Күндердің күнінде
Басыңызға салып жүрмесін зор істі
5. Сұқтаныс. Сұқтану деп бір нәрсеге артықша назар түсуін айтамыз. Адам сұқтанғанда, жақсы нәрсеге сұқтанады. Жаман нәрсе қаншама ұлы болып, даамның назарын түсіріп, таңдандырғанымен сұқтандырмайды. Ұлы болсын, ұсақ болсын біз жақсы нәрсеге сұқтанамыз. Ол жақсы нәрсеге табиғат ісінің жүзінде де, адам ісінің жүзінде де болады. Солай болған соң сұқтаныс толғауда көбінесе ғаламның ұлылығы, табиғаттың сыры, шеберлігі, сұлулығы, адам ісінің де сұқтанарлық ұлылары, жақсылары, көркемдері сөз болады. Өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық сияқты нәрселердің мән-мағынасы турасындағы толғаулардың көбі де сұқтаныс табына кіреді.
Шал ақынның толғауы:
ЕРімнің бір тұрманы үзеңгісі,
Қыз он бесте келеді түзелгісі,
Аяғын көр, асын іш деген сөз бар,
Шешесін көр, қызын ал, сол белгісі.
6. Ойламалдау — Көңіл ырза болмаудан наразылық туады. Наразылық мұңға айналады. Мұңнан ой, қиял тербенеді. Сөйтіп көңіл ырза болмағандағы шығатын толғаулар көңіл-күйінің сөзі болмай, ой-қиял қатысып шығады. Сондықтан мұңды толғаулар ойламалдау деп аталады.
Шал ақыннан:
Екі қатын алғанның дауы үйінде,
Жаман қатын алғанның жауы үйінде,
Жақсы қатын алғанның тойы үйінде,
Жаман қатын алғанның соры үйінде.
Салақ әйел ауы да болар тесік,
Қолын тығып қасуға оңай десіп,
Тағдырда маңдайыңа жазған болса,
Табиғаттың ісіне амал нешік.
Кез болса ер жігітке жақсы қатын,
Жақсы қатын шығарар ердің атын.
Жаман болса өз қылған істерімен
Еріне қалдырады жаман атын.
Жақсы сол ерін күліп шаттандырса,
Атқарып тапсырмасын мойнына алса.
Ері жоқта күйзелтпей шаруасын
Ағайын, көршілерін жадына алса
Сапардан ері келсе үйге кіріп,
Жылы жүзбен қарсы шығып қолын алса.
Өз үлгісіне тура келмейтін істерді де ақын теріс көреді. Жамандыққа, кемшілікке, мінге сынайды. Өз үлгісі болсын, өзгенікі болсын, әйтеуір адамшылық үлгіге теріс келетін істі ақын айтпақшы. Айтқанда жай ақыл түрінде айтып даттайды да, үгіттегенде я даттағанда бүтін елдің, жұрттың басындағы мінін, кемшілігін, жамандығын көрсетіп те айтады. Бір адамның басындағы мін, кемшілік жамандықтарын да көрсетіп те айтады. Үгітті бүтін жұртқа айтса да, бір адамға айтса да, үгіт болады. Сөгіс бір адамға бастап айтылғанда – масқаралау (әлемдеу) болады да, жұртқа қастап айтқанда — әшкерелеу (даттау) болады.
Әшкерелеу де, масқаралау да екі түрлі болады: жай сөгіс әшкерелеуі бар, күлкі қылып әшкерелеу бар. Масқаралау да сондай. Жамандық адамды кейітеді, қайғыртады, мұңайтады, ренжітеді, кемшілік пен мін даамның күлкісін келтіреді. Осыған қарай толғаудың ойламалдау түрі көбінесе не сөгіс толғауға, не күліс толғауға айналып кетеді.
Сөгіс толғау — Өмірдің жамандық жағына ырза болмай, міндеп шығарған сөздердің жалпы аты қазақ тілінде жқ. Сондықтан толғаудың бұл түріне сөгіс толғуа деп жаңадан ат қойылып отыр. Сөгіс толғау жамандықты жариялап, бетке басу ниетпен шығарылады. Үгіттеуден ұрысу күштірек. Жай айтудан ұялту күштірек. Сол мәніспен сөгіс түріндегі сөздер ел түзеу, құлық тазарту жағына көбірек әсер етеді деп саналады.Толғауға толғау емес сөздер де дәйім қатысып, аралас келіп отырады. Өйткені ақыл, қиял, көңіл деп үшке бөлгенмен, олар бірінің ісіне бірі қатыспай тұрмайды.
Мысалы Көтеш ақынның Абылайдың жазықты болып қалған кезде айтқаны:
Абылай, Ботақанды сен өлтірдің,
Есіл ер жазығы жоқ неге өлтірдің?
Хан басың қарашыңмен даулы болып,
Үстіне ақ орданың қол келтірдің.
Абылай, күйіп кетті салған қалаң,
Мейрамға не еді сенің жапқан жалаң?
Жанайды дәл бүгін күн босатпасаң,
Болады ертең жесір қатын-балаң!!!
Жамандық екі түрлі: кешірімді жамандық бар, кешірімсіз жамандық бар. Кешірімді жамандық тек кемшілік болады да, кешірімсіз жамандық айтып болады. Кешірімді жамандық – тек білмегендіктен болатын жамандық. Кешірімсіз жамандық – тек біле тұра істелетін жамандық. Толғаушы толғағанда, екеуін екі түрлі толғайды. Кешірімсіз жамандықты толғағанда, бет-жүзіне қарамай айыбын айқын айтып, бетіне басып сөгіп толғайды. Айыбын бетіне басып көрсету – күйе жағып көрсетумен бірдей болғандықтан даттау деп те айтылады. Кешірімді жамандықты толғағанда, жамандығын, кемшілігін айқын айтпай, күлкі түрінде көрсетіп ұялту, арланту ниетпен толғайды. Сондықтан күліс толғау күлкілеу, келемеждеу болып шығады. [5, 169-174]

Аты мәлім алғашқы авторлардың толғаулары біздің заманымызға бастапқы күйінде жетпегені белгілі. Сондықтан ХV не ХVІ ғасырлардағы толғаудың өзіндік сипатын арада бірнеше ғасырлар өткеннен кейін дәл мынандай еді деп кесіп айту өте қиын. Біздің жеке түйіндеріміз, топшылауларымыз бізге әр алуан өзгерістерге ұшырап жеткен шағын поэзиялық деректердің негізінде болмақ.
«Құнды сөз құнарлы ойдан шығады, ойы нәрсіздің тілі де нәрсіз», демекші адамзат санасындағы сан қилы сезімді бейнелі өрнекпен кестелеп сөз арқылы ғана жеткізуге болады. Өйткені көркем сөз- көрікті ойдың көрінісі. Сондай сөз шеберінің бірі-Сарышолақ жыраудың өрелі ойының терең иірімдерінен тамаша суретті сөздер өріледі. Оның ақ нөсердей төгілген жыр жолдарында өзіндік өмір өлшемдері, түйінді, тұғырлы таным дүниесі кестелі өрнекпен нақтыланып, даралық сипатқа ие болып тұрады.
«Бір күні мені іздейді
Асылдан туған ұрпағым»,- деп келешек ұрпаққа өз аманатын қалдырған шайыр өзіндік сөз саптауымен, оралымды ойымен ХІХ ғасырда өмір сүрген ақын-жыраулардан кем емес. Бірақ, «елім» деп еңіреп, әділеттік жолда жалынды жырын жалау еткені үшін тарихтың «ақтаңдақ» бетінен орын алып, есімі көмескі тартты. Көненің көмбесіндей көміліп қалды. Оның өмірі ғана емес шығармашылық жолы да тым ауыр күй кешті Жыраудың жыраулығының ең басты белгісі – ақындық, яғни өз жанынан өлең шығарғыштық қабілетінің болуы.
Әсіресе келеңсіз заман мен кеселді заң зардабына ұшыраған ел, жер тағдырына жаны ауырып. Көңілінің қырағы көзі, санасының ұшқыр ойы елдің жайын ұғып. Атамекеннен ада боп, тарамдалған қазақ халі өзегіне өрт тудырып, өлеңнің өріне жетелегендегі ойының ою-өрнегі «Еділден бермен жайлаған» атты толғауында жарқын көрініс таппқан.

Жайықтың бойын бойлаған
Сағыз, Елек, Ойыл, Жем
Майлысай, Ырғыз суына да
Қауылжыр, Тебен, Қос-Шаған
Мыңғырған малмен симаған.
Сонау шеті Арал мен
Атырау, Үстірт, Құбажон
Орынбор, Сарыат, Оралмен.
Бәрі де тыю қазірде
Жандарал салған қарармен.
Еркін жүрген қазағым
Үйінде жатыр күрсініп,
Патша салды мазағын,
Көрген жаның түршігіп.
Айтқанменен не пайда,
Тұрған соң уақыт қырсығып.
Талай ауыл бар еді
Бәрі біздей сорлаған.
Жамылғаны қара еді,
Мезгілсіз нәубат торлаған.
Қалың әскер қоқаңдап,
Жоқты тап деп зорлаған.
Қарудан ығып ерлерім
Ақсақалдан жас парлаған.
Шығына қашып балалар
Мезгілсіз ана зарлаған.
Ашу буып дертпенен
Әжелер суырыла қарғаған.
Күнде өткен ат-ойнақ
Өмірде мұндай болмаған.
Атырау менен Үстіртте
Бәрі осындай қорғалаң.
Елімді кезген жалмауыз
Жексұрын тексіз оңбаған.
Мұндай қырсық көргенше

Бекер туған сорлы анам! деп синтаксистік инверсияға құрылған жыр жолдары өзіндік үйлесіммен берілген. «Тұрған соң уақыт қырсығып» деп жырау «уақыт» дерексіз ұғымын заттандырып бойына мінез көрінісін бітірген.
Толғаудағы негізгі пікір, — қазақтың ежелгі қонысы үш өзен саласы, түгел Батыс Қазақстан өлкесі, Атырау аңғары, Ойыл, Елек, Жем, Сағыз ойпаты қолдан шығып, ел жерден, жесір жаудан кесір көріп, барарға да басарға да өрелі өріс қалмай торығуы. Заманның түзелуден қалуы болса,
Жамылғаны қара еді.
Мезгілсіз нәубат торлаған.- деген жолдар да қырағы көзден тыс қалмақ емес. Шынымен-ақ, қазақ халқында «қара» сөзі түсті белгілеумен бірге ауыспалы мағынада да қолданылып, әдеби тілдің қорында өзіндік орнын табады. Яғни уайым, қайғы, қасірет ұғымдарын айқындап, символдық сөз ретінде жұмсалады. Ал, шайыр ел басындағы қасіретті «қара жамылу» деген тіркеспен жеткізіп, символ секілді сөз көркемдігіне жол береді. Мұндай қайғы елді түгел күңірентіп, тіпті «ақсақалдан жас парлады»,-деп мұндағы метонимия болып келетін «ақсақал» сөзін келісті өрнек ретінде пайдаланады.
Иә, аталыдан ар кетіп, адамы түгел зар шеккен, ел ішін азғын, тозғын, жылпостар жайлаған кезең жырауға ұнамайды. Ұнамақ түгілі, ашуға буындырып «жексұрын, жалмауыз, тексіз оңбаған» сияқты сөздерді тілге оратып, әдебиет теориясында дисфемизм аясында қарастырылатын сөз тізбегін жасайды.
«Мұндай қырсық көргенше
Бекер туған сорлы анам», — деп өмірге келгеніне өкініш білдіруі – Сарышолақтың өз ұлтына, жұртына деген патриоттық сезімнің күштілігін аңғартады.

«…Дегені болып, тұрған соң
Оязың иттей жынданды.
Алдына барсаң іспенен
Өзінше керги шоңданды.
Жерден шыққан жегідей
Қазақты көрсе таңданды.
Мұз құрсаудай тоңданды.
Жоғарғы ұлық менсінбей
Сөйлеуден де қалған-ды.
Запыран буып жүректі
Сөйтіп елім найза алды.
Жеріме салып гранды
Қада қақты бұранды.
Қолпаштап оны жүр тағы
Кешегі некесіз құранды.
«Мына жерді бүйтем», — деп
Қай қазақтан сұранды.
Қынадай қырып барлығын
Салар ма еді ұранды!
Есіне алмай құдайын
Бара жатыр шығандап,
Төменшік болған аулымның
Басы қашан құралмақ?
Көз жасын кешіп сорлының
Жүре ме бұлар сылаңдап?
Қайраулы жатқан қылышты

Қынынан қашан шығармақ?» деген жолдардан елдің жайын одан да терең толғаған ақынның қанық бояуға ие сөз саптау шеберлігінің куәгері боламыз.
Леонардо да Винчидің: «көркемсурет – тілсіз поэзия, ал поэзия көрінбейтін көркемсурет», деген пікіріне еріксіз жүгінеміз. «Поэзия мен бейнелеу өнері ілгері дамыған елдерде, әсіресе, қыл қалам шеберлері мәңгілік туындылар жасаған елдерде адам күйінің бар сырын поэзия тереңірек аша ма, әлде көркемсурет дәлірек көрсете ме”,деген сауалдардың жауабын аламыз.
Сарышолақ шығармаларында өмір құбылысын сурет арқылы көзге елестету жиі кездеседі.Тіл байлығы сөз өнеріндегі мазмұн байлығына әкелері сөзсіз. Ал халыққа қажет шығарма мазмұнды шығарма. Шайырдың сондай мән мағыналы шығармаларының сәнін айқындаулар яғни эпитет секілді көркемдегіш құралдар одан әрі жандандырады.
Күйеуді пайдалансаң жөнін тауып
Алтын піспек, жібектен болар сабаң
Береке қашып көбімнен
Жазықсыз жүрек шошынар.
Рамазан Тілеуі
Мұнартқан таудай көрінген
Ұрынған жауға әр кезде
Үкілі найза саптаулы
Шеркеш пенен Беріші
Қорғаған жалпақ өрісін
Шұрайлысын шайқап ішіп елімнің
Нулы жерді айналдырды тақырға
Бұл өлең жолдарындағы эпитеттер сөздерді ажарландырып, өлең мазмұнына бояуы қанық нәр берген. Жыр ағымын жандандырып, мән-мағынаны тереңнен жарқырату үшін шайыр эпитеттің күрделі түрін ұтымды қолданғандығын көрсетсе.
Тізбелі күміс, шынжыр бау
Қас шебердей қақтаған
Келеміз салаланып белес болып
Кең тоғай, өріс алып, қалың нудан
… Қысқа ғұмыр, ұзын жол
Өзіңе тоқтар қонағың деген ақын «тізбелі» мен «шынжыр», «кең» мен «қалың» «қысқа» мен «ұзын» деген айқындауларды бір тармақта қолданғандығын байқатады. Тіпті «қысқа», «ұзын» сөздерінің өзі антонимдік қарам-қарсылық боп өмір шындығын өнерде шынайылап тұрғандығын аңғартады. Сонымен қатар, бір нәрсеге тұрақталып, бекітілген тұрақты эпитеттерге де өлең-толғаулары құр алақан емес екендігін төменгі жолдар арқылы дәлелдейді.
Сарышолақ, құлаш жая шалқи серме
Тиек жоқ қызыл тілде бөгелетін
Есепті кем білмейді Қабақтағы
Дұшпаның тығып тынған суық көрге
Академик З. Кабдоловтың: «Әдеби тілдің әсемдігі ғана емес, әсерлігі үшін де орасан қажет тәсіл-құбылту, яки троп (грекше tropos – мін, иірім) – сөздерді тура мағынасында қолдану, шындықты бейнелеп кейде тіпті өңін айналдырып айту»,-дегеніндегі ой мен сезімді көркем образды, әсем де әсерлі беру үшін әдеби тілді ажарлау немесе құбылту шайырдың шұрайлы шығармаларында шеберлікпен берілген. Соның бірі – метафора немесе ауыстыру. Ғалым Қ. Жұмалиев өзінің «Қазақ әдебиеті мәселелері және Абай поэзиясының тілі» атты еңбегінде «Метафора тіл табиғатында терең тамыр жайған сөйлеу өнеріміздің барлық саласынан бой көрсететін жалпы тілдік категория, сөзді астарлай қолдану» десе, академик З. Қабдолов өзінің «Сөз өнері» атты еңбегінде «Метафора (грекше Metaphora – көшіру) – сөз мәнін өңдендіре өзгертіп айту, суреттеліп отырған затты не құбылысты айқындай, ажарландыра түсу үшін оларды өздеріне ұқсас өзге затқа не құбылысқа балау; сөйтіп суреттеліп отырған заттың не құбылыстың мағынасын үстеу, мазмұнын тереңдетіп, әсерін күшейту», — дейді. (8)
Асанқайғының атына байланысты өлең, аңыздарды сөз еткенде ең алдымен ауызға алынатын шығарма «Құйрығы жоқ, жалы жоқ…» деп басталатын поэзиялық жолдар. Бұл өзі үлкен бір дүниенің кішкене ғана сынығындай мейлінше аз нәрсе. Оның біз үшін бағалығы – қазақ жерінің қай түкпірінде де Асаннның атымен сақталуы, айтылуы, өзге авторларға телінбеуі. Екіншіден, ұзақ шығарманың шағын үзігі бола отырып, оның бастапқы мазмұны мен түрі жайынан аз да болса, түсінік беруі, демек, әуелгі сыры мен сипатын біздің дәуірімзге азды-көпті сақтай жетуі.Осы төрт тармақ өлең жолдарына байыптай қарасаң, оның өмір құбылыстарында, тіршілік аясында үйлесімін таппаған кереғар жайлардың көптігін көріп, күйзеле, күңірене сыр шерткені, бұл сөз соның айзынан шығуға лайықтылығы бірден көңіліңе ұялайды. Одан дала перзенті өзіндік өмір салтымен, өзіне тән дүниетаным, көркемдік түсінігімен көрінеді. Оның ісі де, сөзі де, тірлігі де өзге елдің, әсіресе, отырықшы елдің тірлігіне, арманына ұқсамайды. Көп үшін қажет жайлы жер, жақсы қоныс іздеп, желмаямен күн-түн қатып, сағым қуа жортқан Асанның көз алдына алдым ен даланың тағы құланы мен жыланы келеді. Ақын олардың өміріндегі жетімсіздікті көріп қиналып, күңіренгендей болады. Бірақ, бұл адам өмірі үшін қажет мәселені толғауға әкелудің өзіндік бір көркем жолы, тәсілі ғана.
Біздің заманымызға жеткен осы төрт жол өлең Асан жайындағы аңыздардың негізгі түйіні болумен қатарн, ол туралы сөздердің түпкі мазмұнын, бағытын да білдіреді. Шумақтан көбіне көп өмірдің қиын да көлеңкелі жайларын көріп, олардан шығу жолын білмей, үнемі тығырыққа тығылып, қапалануымен болған қайғылы қартың бейнесі көз алдыңа келеді. Асанның атына қайғы эпитетінің қосылып айтылуына осындай бір топ өлең-толғау мен олардағы мәселенің қиындығы себепші болғандай.
Оның философиялық, патетикалық мәндегі бұл ұзақ жырының бізге жеткен шағын үзіндісі толғаудың жеке авторлар творчествосымен жедеқабыл көріне түскен тұсынан бастап қоғамдық маңызы жоғары мәселелрге байланысты туғанын дәлелдейді. Яғни, толғау әуелі баста ерлік, елдік жайлар деңгейінде, белгілі әлеуметтік міндет арқалай пайда болды деген тезисті нақтылай түседі.
Тәлім-тәрбиелік мақсатта туған толғаулар өмір құбылыстарындағы ортақ жайларды салыстыру негізінде тыңдаушысына нақты тағлым беруді көздесе, арнау толғауларында жырау хан ісінің терістігін тура өз атынан сынай, әшкерелей отырып, өзінің ой-түйіндерінің, қорытындыларының қауым үшін дұрыстығын дәлелдеуге тырысыады. Сондықтан мұнда ою түюден гөрі, шығармаға арқау болып отырған мәселені ашуға, айқындауға, оның көпшілік үшін немесе автор үшін пайда-зияны мен артық-кемін көрсетуге баса назар аударылады.
Асанның Жәнібекке айтқан толғауларын оқи отырып қазақ поэзиясының кейінгі біраз кезеңіне ортақ өзге жайларды да байқаймыз. Мұнда, әсіресе, жыраудыңханға не өзге билеушілерге көпшілік атынан тура сөз айта, ашық пікір білдіре алушылық әлеуметтік салмағымен бірге, толғау жанрының әуелі баста осындай биік өреде пайда болып, кейін біраз уақыт бойы қауым мен билеуші арасындағы бірден-бір поэзиялық құрал ретінде қызмет атқарғанын атату қажет.
Ей, хан, мен айтпасам білмейсің,
Айтқаныма көнбейсің.
Жайылып жатқан халқың бар,
Аймағын көздеп көрмейсің.
Қымыз ішіп қызарып, Мастанып, қызып терлейсің,-
Деген жолдар өзінің бүкіл асқақ та жоғары үнімен, екпінімен автордың осы тақырыптағы толғауларының негізгі қасиеттерін білдіреді. Асан хан болмаса да, ханға биіктен сөйлейді, тұщы етіне ащы таяқтай тиетін сөздермен оның ісіне терістігін қауым алдында әшкерелейді, көбіне-көп бұл сөздер дос-жаран адамдардың арасында айтылатын ашық пікірден гөрі, бір-біріне қарсы топтардың бітіспес үні мен үкіміндей естіледі.
Әдебиеттің қандай дәуірде, қандай деңгейде дамығанына қарамастан негізгі объектісі – адам, адамзат қоғамының проблемалары болғанын білеміз. Адам концепциясының қойылу, шешілу сипатына қарап, әдебиеттің көркемдік деңгейін тануға да болады. Көптеген әдебиеттер адам бейнесінің алғашқы нышанынан бастап автор ойынан туған типтендірілген жинақтаушы образдар жасауға дейін бірнеше ғасырды бастан өткізген. Қазақ поэзиясы жөнінде де осыны айтуға болады.
Аздаған өлең-толғаулары біздің заманымызға өз атымен жеткен бастапқы ақын, жыраулардың жекелеген туындыларына осы тұрғыдан келсек, ең алдымен арнау толғаулары көзге түседі. Мұнда, әрине, алыс замандағы сөз иелерінің адам бейнесін жасау мақсатын көздемегенін, тіпті ондай ниеттің болмағанын атап айту қажет. Адам образын жасау дегеніміз өскен, өркендеген тұсында ғана туатын көркемдік ұғым. Арнау толғаулардың авторлары өз туындыларында адам бейнесін жасауды көздемегенімен, жеке адамның іс-әрекетін, мінез-құлқын, оның қауымға қатысын өз кезеңінің көркемдік құралымен бейнелеп берді.
Кейінгі ғасырларда кең қанат жайған толғау түрінің бірі – заман, өмір жайындағы толғау болса, мұның да әуелгі, кішігірім нұсқаларын Асан атына байланысты кездестіреміз. Олар – «Бұ заманда не ғаріп», «Көлде жүзген қоңыр қаз». Толғау үшін дәстүрлі суреттеу тәсілдері, әсірсее замана тақырыбындағы толғауларда толық орын алып отырды. Мұны тек Асан толғаулары ғана емесе, кейінгі тұстағы өзге авторлардың толғаулары жайында да айтуға болады.
Заман жайын қозғайтын толғаулардың өзіндік ерекшелігі – олар нақты бір тақырыптың көлемінде қалып қоймай, өмірдің, табиғаттың, адам мінез-құлқының әр алуан құбылыстарын тізбелеп баяндай, жақсылық жамандығын саралай, әр түрлі паралелльдер арқылы суреттей отырып, тыңдаушысының белгілі мөлшерде тәлім-тәрбие, тағлым алуын көздейді. Толғаудың әрбір компоненті немесе поэзиялық әрбір сөйлемі автордың, халықтың өмір тәжірибесі негізінде анықталған кішігірім түйінді мәлімдеу арқылы өзінше бір шағын шындықты, ақиқатты білдіцріп, шығармадағы негізгі бойға үн қосып, оны қуаттандыра түседі. Осындай жеке де шағын бөліктер мен шындықтардан құралған әрбір тирада немесе толғау сырттай қарағанда өмір мен адам мінезінің поэзия түріндегі жалаң ережелері, нормалары сияқты болып көрінеді.
Жыр жолдарының көбінесе етістіктің шартты рай және көсемше түріндегі қосымшалары (-са, -се, -ған, -ген т.б.) арқылы жасалуы әсіресе, осы заман, өмір жайындағы толғауларға тән құбылыс.
Мыс:
Көлде жүрген қоңыр қаз,
Қыр қадірін не білсін.
Қырда жүрген дуадақ,
Су қадірін не білсін! — немесе,
Ел жағалай қонбаса,
Бетегелі бел ғаріп.
Қаз үйрегі болмаса,
Айдын шалқар көл ғаріп.
Толғау жанрының туып, қалыптасуына көрнекті үлес қосқан әдебиет өкілдерінің бірі – Қазтуған жырау. Оның туындылары көлемі жағынан шағын болса да, ішкі мазмұны жағынан толғау түрін өзге бір қырынан танытады. Оның толғауларынан ерлік рухы, батырлық лебі еседі. Асан сөздеріндегі елдік мәселесіне Қазтуған толғаулары ерлік мазмұнымен қосылып, бірін-бірі толықтыра түскендей болады.
Айдаса қойдың көсемі,
Сөйлесе қызыл тілдің шешені,
Ұстаса қашағанның ұзын құрығы,
Қалайылаған қасты орданың сырығы,-
Деп келетін төкпе жыр үлгісіндегі толғңау сыртқы пішіні жағынан айтарлықтай өзгешелігі болмаса да, көркемдік бітімі жағынан бөлек.
Қазтуған жыраудың толғаулары сыртқы пішіні, түрі, ұйқасымен ған емес, бүкіл рухымен осы жанрдың жалынды сипатын мол танытады. Оларда толғауға тән елдік, ерлік мәселелрі ерекше асқақ шабытпен нөсерлей жырланады.
ТОлғау жанрында ел болу мәселесінің ерлік, батырлық әуенімен толыға түсуі Қазтуғаннан басталса, кейінгі кезеңдерде бұл үлкен ақындық дәстүрге айналып, әркім оған өзіндік азды-көпті үлесін қосып отырды, оның арнасын барған сайын кеңейте, күшейте түседі…..

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!