Реферат: Тарих | Кіші жүз ханы Әбілқайыр хан

0


ӘБІЛХАЙЫР ХАН
(1693-1748)
Әбілхайырдың тарих сахнасынан алғаш рет көрініс беруі 1716 жылдан басталады. Бұл – тарихшы Левшиннің сөзімен айтсақ, «қазақ ордаларының нағыз Ликургі»- әз-Тәуке дәуірінің аяқталып, сол әз-Тәуке жүзеге асыра білген ұлттық, халықтық бірліктің қайтадан тігісінен сөгіле бастаған кезі еді. «Сиырдың бүйрегіндей болып» бөлініп; ру-ру, тайпа-тайпа болып отырған тілі де, ділі де бір қазақ халқын қаһармен, күшпен емес, кемел саясат, кенен ақыл-ойын біріктіруді ойлаған Тәуке тайпа, ұлыс адамдарының кемел ойлы өкілдеріне, Әйтеке, Қазыбек, Төле шендес ірі қайраткерлеріне арқа сүйеу арқылы бірлік идеясын, ұсынып, осы жолда тәп-тәуір табысқа да жеткен-ді. Бірақ, қалыптасып қалған ділді (менталитетті!) өзгерту қиын болды ма, әлде, бас-баспасына хан болуды ойлайтын сұлтандар идеялогиясы өз дегенін істеп тынды ма, әлде, осы екі фактор қатар әсер етті ме, әйтеуір, үш тарапты қадағалауға қойылған кіші хандар халықты үш жүзге бөліп тынды. 1715 жылы әз-Тәуке , одан бес жыл бұрын, Қожаберген жыраудың айтуынша; «төрелерге сенудің қажеті жоқтығын, басшыны қазақтан сайламайынша, қазақта бірлік болмасын» айтып кеткен ұлы би, кемеңгер саясатшы Әйтеке Бәйбекұлы — Әйтеке би – дүниеден өтті. Кейін, ел басына күн туған заманда, әлгі бірлік идеясының негізгі кілтін айтқан «Әйтеке өсиетін естеріне алып, Қазыбек, Төле, Ақсуат бас шайқатыны» негізсіз емес – қазақ бірлігіне еркінен тыс іріткі салатын билікке таласушы сұлдандар, хандар екенін кейінгі тарих тағы дәлелдеді. Үш ордаға бөлініп отырған жұртшылықтың ішкі қайшылықтары, әрқилы кедергілер, жер, мал, жесір, билік даулары қазақ жұртының сыртқы қауіпсіздігін едәуір әлсіреткені де шындық. Осы шындықты кей тарихшылардың сол кезгі сана, ұғым деңгейіне түсіп қарастыратыны ғана түсініксіз.
Қазақ елінің ішкі жағдайың қапысыз біліп отырған сыртқы жау өз дегенін істеп қалуға тырысты. Айта кететін нәрсе – халық бірлігінің бұзылуы Тәуке саясатының осалдығынан емес-ті (біреулер осыны дәлелдеп, Тәукені «айыптап» әлек!), әлі де тұтас ел болып ұйып үлгірмеген, сұлтандар партияларының ықпалынан шыға алмаған (төресіз ел болмас – сол идеологияның құрал-мәтелі) қазақ халқының объективті шындығы еді. Сол тарихи жағдайда қазақ жеріне шығыстан ежелгі жауы – жоңғар, батыстан Еділ қалмақтары мен башқұрттар, солтүстіктен сібір казактары оңтүстік Атырау жағалауынан парсылар мен түрікпендер көз аларта бастады. 1716 жылы Еділ қалмақтары мен башқұрттардың, сібір казактарының кіші жүз жеріне басып кіруі айтылып жүрген «Ақтабан шұбырынды» кезеңінен жеңіл болған жоқ. Еділ, Жайық, Ойыл, Жем, Елек, Ырғыз, Торғай бойындағы жалпақ ел жаудың тонауына ұшырады. Осы қайғылы, ер басына күн туған кезең туралы орыс тарихшылары да , өз тарихшыларымыз да орнықты пікір айтып, терең талдау жасамайтыны түсініксіз. Бұл — өзгенің қолымен от көсеп көруді діттеген Ресей саясаты еді. Кіші жүз жұрты қалың жаумен жеке соғысты, қазақ жұртшылығының қай қиырынан да көмек болған жоқ. Сол қиын тұста Әбілхайыр сұлтан, есет, Бөкенбай (Бөгенбаймен шатыстырмаңыз), Тойғұлы мен Қосқадым, Шолан, Тоқпан, Сабытай, Байқазақ, Тайлақ сияқты көптеген батырлар мен көсемдер күш қосып, халықты жауға қарсы көтерген-ді. Дәл осы соғыс тұсында-ақ Әбілхайыр өзінің әскери дарынымен, жеке батырлығымен, ақылдығымен көзге түсіп, қол бастады. Кіші жүзбен іргелес отырған Арғын, Қыпшақ, Керей, Уақ тайпаларының ірі бөліктерінің Әбілхайыр қол-астына табиғи түрде топталуына себепкер болған ортақ қауіп-қатер, мүдденің бірлігі еді. Қазақ батырларының басын қоса білген Әбілхайыр әскери қимылдарды да шебер ұйымдастырды. Бірінші соққыны Ресей жеріне көктей өтіп барып, Еділ қалмақтарына берді. Содан соң башқұрттарды қирата жеңіп, 1717 жылы Қазан губерниясының шебіне еніп, Новошелинск қаласын талқандап, орасан зор әскери олжамен, қыруар тұтқынмен қазақ жеріне қайтып оралды. Осы жорық туралы жазған А.И.Левшин: «Осы шабуылды жасаған Әбілхайыр ханның қоластындағылары еді, осы әрекет өзіне таңылып, өз бәсекелесі үшін босқа күйіп, жазаға тартылам ба деп қорыққан Қайып хан 1718 жылы Бірінші Петрге хат жолдап, оны мәңгі татулыққа және одақтастыққа шақырды» дейді…
Қайып бұл кезде әз-Тәукенің орнындағы бас хан болып есептелетін. 1717 жылы ол Әбілхайырды Дүрбін-Ойратқа жорық ұйымдастыруға көндіреді. Жолы кіші, әрі әскери дарыны мен ерлігі, сесі басым Әбілхайыр 30 мың әскері бар қазақ қолына сардар сайланады. Үш күн бойғы ұрыста 30 мыңдық Әбілхайыр қолына басқа тараптан ешкім көмекке келмейді де, күшін еселеп алған қалмақтар осы жолы қазақтарды орасан зор шығынға ұшыратады. Осы жеңілістен соң ықпалы жоқ, жігерсіз Қайып ханнан ел бастағандар да күдер үзген сияқты. Арыс, Шаян, Бөген өзендері алқабындағы елді қалмақтар ойсырата шауып, тонауға салатыны да осы тұс. 1718 жылы талайсыз Қайып хан кісі қолынан өледі. Тақ үшін болған сұлтандар арасындағы қырқыста қазақ шонжарлары өз мүдделерінің үстем болуы үшін азулы, жігерлі әрі заңды мұрагерлерді шеттетіп, әз-Тәукенің жуас, жігерсіз ұлы Болатты хан көтереді. Бұл оңсыз да әлсіреп тұрған қазақ ордасының іргесін сөгіп тынған оқиға болды. Батыс және солтүстік батыс аймақтың жұрты енді өз қамын ойлауға көшті. Сөйтіп, Кіші Жүз Әбілхайырды хан көтерді. Бұл да объективті құбылыс еді. Хан қоластына Кіші жүз тайпаларымен қатар Орта жүздің бірқатар тайпалары да кірді. Сыртқы жауларға тойтарыс берудің, ел болып бірігудің басталғаны да осы тұста. Әбілхайыр тайпалар көсемдерімен де, батырлармен де тіл табысып, өз хандығының шымыр бірлігін сақтай білді. Табын Бөкенбай, тама Есет, байбақты Шолан, адай Ақпан, Сабатай, Тобылды, Есенқұл, алтын Сәлтеке, Тойғұлы, Қосқадам, Саурық, Тайлақ, басқа да қағазға есімі түспеген батырлардың бірлік пен татулық үлгісін көрсеткені де осы кезең. Бұл — Әбілхайырдың билеушілік шеберлігі мен ерлігінің, ел алдыңдағы ересен беделінің дабырасыз-ақ мойындағанының белгісі…

2.2 Қазақ әскерінің бас қолбасшысы Әбілхайыр

…1710 жылы Қарақұмда қазақтың үш жүзінің игі жақсылары кеңес құрды. Қазақ ішіне сыналай еніп алған қалмақтың қарулы күшін кері ығыстыру мәселесін осы кеңес талқылаған-ды. Жоңғарлардың қазақ жерін жаулап алуға ұмтылуы 1618 жылдан басталған еді. Хо-Өрлік тайшының бос жатқан Сібір жеріне 50 мың түтін жұртымен көшкені, суыққа шыдамай, Еділ бойына ығысатыны да осы жылы. Ал Монғолияның батыс бөлігіндегі жоңғарлардың басын біріктірген Қара-хуланның ұлы Хотоқосын Батор 1635 жылы манчжурлардың Қытайға шабуыл жасаған кезіндегі қарбаласты пайдаланып, дербес Жоңғар хандығын құрған. Далай Лама оған Ерден Батор қонтайшы атағын лайықтап, батасын берген. Жоңғар мемлекетін тіктеп, айбынды елге айналдырған да осы. Одан билік тізгінін алған Қалдан Бошукты (Бошақ, Бошақты) Қытайға да, Қазақ жеріне де үздіксіз жорық жасап, мемлекет іргесін кеңейткен еді. Еділ қалмақтарын қаруландырған Ресей үлкен геосаясы ойынға кірісті. 1697 жылы Қалдан Бошақты у ішіп өлгеннен кейін таққа әйгілі Себен Рабтан қонтайшы отырғаны мәлім. Ол шығыс майданда да ықпалын күшейтті Қалмақ әскері қазақ даласына сыналап еніп, қоныстана бастады. 1710 жылғы кеңесте қазақ қолының бас сардары болып табын Бөкенбай тағайындалды, Әбілхайырдың жауынгерлік ерлігімен де, ақыл-ойымен де тұңғыш көзге түсетіні осы кез. Бұл кезде Тәуке тірі. Қалмақтар Ырғыз, Торғай өзендері қосылатын тұсқа тақап келіп, басып алып, Нұра тауының етегіне әскери бекініс салған. Мақсаты – бір жағы Ұлытауға, екінші шеті Мұғалжарға тірелетін алқапты уысында ұстай отырып, далаға одан әрі ендеп кіріп, Еділ қалмақтарына күш қосу арқылы ұлы жорықты бітіру болған секілді. Мұны сіре, Ресей де құптаған болар. Әбілхайыр мен Бөкенбайдың ұлы достығы да осы майданнан бастау алған. Сол алыс күндердің ескерткішіндей болып Ырғыз жерінде әйгілі Бөкенбай шоқысы тұр. Қазақтың әйгілі жазушысы һәм білімдары Әбіш Бөкенбаевтың «Үркер» романында баяндалатын оқиғалар осы шоқы тұрған алқапта өтеді. Бұл – тарихи хатқа түскен ақиқат.
Қазақтың хас батырлары қанжығалы Бөгенбай, шақшақ Жәнібек, қаракерей Қабанбай, бәсентиін Малайсары, Кіші жүз марқасқалары Бөкенбай, Тайлақ, Есет, Ақпан, Киікбай сияқтылардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұлы бірлік арқасында жоңғар әскерінің тауын шағып, бетін қайтаратыны осы тұс, осы дәуір-дәурен… Ырғыз өзенінің түбегіне мыңдаған қалмақты тықсырып әкеп қоршап, талқандаған жер қазір «Қалмақ қырылған» аталады. Қалмақ бекінісінің талқаны шыққан жұрты күні бүгінге дейін «Күйген қала» аталады. Сол жолы бас сардарлыққа Бөкенбайды Әбілхайыр сұлтан ұсынған деген әңгіме де бар ел аузында. 1712 жылы қазақ әскері жоңғарларды өз ұлыстарына дейін түріп қуып тастаған-ды. Қазақ бірлігінің жарқын көрінісі де сол жылдардағы осы жеңіс болатын…
… «Ақтабан шұбырынды» басталды 1723 жылы Қытай боғдыханы өлді. Дәл осы сәтті күткендей Себен Рабтанның екінші ұлы Шона-Доба қалың әскермен қазақ жеріне басып кірді. Жоңғарлар күллі оңтүстікті, Тәшкен мен Сауранды, Түркістан мен Шу, Арыс бойын басып алды. «Елім-айлап» босқан елдің бір тобы Ырғыз, Торғай бойына қарай шұбырды, енді біреулері Хиуа, Бұқара, Смарқан асты… Қанды қырғын, қатерлі жау қазақ тайпаларын қайта біріктірді. Озық ойлы, кемеңгер билер Төле, Қазыбек, Ақсуат, Малайсарылар (би) халықты бірлікке шақырды. Жоңғар қолы шеп құрып отырған Торғай, Ырғыз алқабындағы қазақтардың әскерінен аттап, ары бара алмауы – майдан шебі күшті еді. 1726 жылға дейін болған үзік-үзік шабуылдар болашақ ірі шайқастың әзәрлігі еді. Қазақ қолы ес жиып,күш біріктіріп алды. Сол жылдардағы әскери қимылдарды да Әбілхайыр хан басқарған хақ. Осы кезге дейін-ақ қазақ қолының бас сардары болып келген Әбілхайырды 1726 жылы Ордабасында болған ұлы құрылтай күллі қазақ әскерінің бас қолбасшысы етіп ресми түрде бекітті. Бұл заңдылық болатын. Соғыстардың талайын бастан өткерген дана қолбасшының мол тәжірибесі мен қазақ батырлары алдындағы теңдессіз беделі осы шешімге себепкер болса керек. Бұдан бұрын да соғыстың ауыр сынын бірге кешкен белгілі батырлармен бірге қимылдаған Әбілхайыр жоңғар әскерін ә дегенде-ақ ығысуға мәжбүр етті де, 1728 жылы Бұлантының Сарысуға құяр тұсында болған әйгілі ұрыста үзіліді кесілді талқандады. Қалмақтардың мысын құртып, қалың қазаққа жеңіске деген сенім сыйлаған осы ұрыс еді. Кейбір тарихшылар дәл осы ұрыстың бағасын әдейі кемітіп көрсеткісі келеді. Неге? Белгісіз Шындыққа жүгінсек, сол ұрыстан соң қалмақтың да айдарынан жел есе қойған жоқ. Кейінірек өз саясатының ұпайын ешкімге жіберіп көрмеген қытай 150 мың әскермен келіп, Жоңғарияны шапты. Жоңғаралар жойыла қоймағанымен жекелеген ұлыстарға бөлініп кетті, әскери қуатты ыдырай бастады. Әйгілі Әмірсанның қазақтармен бірге өз қандастарын шабуының себебі, сіре тереңіректе болса керек-қалмақтар да бөлек-бөлек ұлыстарға билік жүргізу үшін тырысып баққан, ол кезде бұрынғы жоңғар бірлігі жоқтың қасы еді…
Әбілхайыр бастаған қазақ қолы әлгі ұрыстан соң Кіші жүз бен Орта жүз иеліктерін босату үшін ұзақ жортуылдарға шығып, талай ұрыстарға кірді. Отан соғысының бас сардары Әбілхайырдың даңқы өрлей түсті. Ал Бұлантыдағы шайқас баяғы Күлік даласындағы (Куликово) шайқастан әскери, саяси тұрғыдан еш кем емес-ті. Ұлы жүз жері әлі де жоңғарлар аяғының астында жатыр еді. 1730 жылы Әбілхайыр бастаған қол Сарыарқаны көктей өтіп, Балқаш көлі маңындағы жоңғараларды шапты. Бұл жолы сан жағынан басым түскен жоңғарларды Әбілхайыр қолы әскери тәсілмен жеңді…
Дәл осы тұста батыс пен терістіктегі ата жау қайтадан атқа мінген еді. 1729-30 жылдары Әбілхайыр ат басын кері бұрып, Еділ қаламақтары мен башқұрттарға тағы да тойтарыс берді. Алайда, бұл кезде жоңғарлар қайтадан бас көтеріп келе жатқан. Ұзақ соғыс даланы шаршатып, халық тұрмысын құлдыратып жіберген еді. Ресей де аранын ашып, саяси құйтырқыны көбейте түскен. Ресейді дипломатиялық жолмен бөгеу ісі Тәуке тұсында-ақ қолға алынған-ды . 1697,1711,1714,1715 жылдары Ресейге елшілер жіберілгенімен, ол талпыныстар еш нәтиже бермеген. Қайып хан 1718 жылы 10-қаңтарда 1-мамырда және 28-маырда Ресеймен одақтасу үшін үш рет елшілік аттандырған-ды. Бәйбек батыр мен Төлебай батыр арқылы Тобылға (Тобольск) жіберген соңғы хатында Қайып хан Бірінші Петрге жалынып, әскери көмек сұраған, одақтасуды өтінген. Ресей бұған қымс етпеді. 1725 жылы Петр дүниеден өткен соң тәжді иемденген патшайымның қандай саясат жүргізгені, Ресейдің көрші елдерге ықпалы күшейе түскені белгілі. Сол тұста Польша қысымын, Түркия қысымын көп көрген Украина Ресейге арқа сүйесе ғана аман қаларын біліп, Богдан Хмельницкийдің басшылығымен Ресей империясының құшағына енді. Дәл осындай таңтдауды Әбілхайыр да жасады.
П.И. Рычков «Орынбор тарихы» аттты еңбегінде сол кезде қалыптасқан қиын жағдайды төптіштей жазады. Орыс боданы болған башқұрт пен қалмақ бір жағынан маза бермеген қазақтардың жағдайы қиындады, әрі баяғы Тәуке тұсындағы бірлік те жоғалып, саяси билік үшін күрес дала билеушілерін бөлшектеп жібергені де рас еді. Озық ойлы саясаткер Әбілхайыр 1730 жылы башқұрт старшыны Алдарға өз адамдарын ертіп Уфаға елшілік аттандырды, орыс патшасына бодан болу туралы өтініш жолдады. Уфа воеводасы Бутурлин арқылы патшаға жеткізілген өтініштегі айтылған мәселе мынадай еді. «Жоңғар билеушісі мен оның қалмақтарынан қазақтар запы болды, егер ұлы мәртебелі император өз қамқорлығына алса, қазақтар жоңғарлардан өз иелігін қайтарып алмақшы болған соғыстың соңы немен аяқталғаны белгілі болды. Ресей елшісі Тевкелев Әбілхайыр ордасына келді. Кейін табылған құжаттар бойынша, Еділ қалмақтары Әбілхайыр ордасының Реыейге қосылуы үшін амал іздейді, қазақтарды Ресей елшісі мен Әбілхайырға қарсы айдап салмақ болады. Бұл – қазақтарды дауға қалдыру үшін жасалған амал еді. Әбілхайыр майдандас: қандыкөйлек досы Бөкенбайды шақыртып, халықты жиып, бодандық жөнін түсіндіреді. Халық «хан шешімі дұрыс, бейбіт өмір сүрсек тірі сүйекке ет бітеді, ел болып оңаламыз, хан шешіміне келіспесек, ұстағанның қолы, тістегеннің аузында кетеміз» деген ұйғарымға келеді. Сөйтіп, 1731 жылы қазанның 10-ы күні Әбілхайыр бір кездері күллі қазақ өолын Қалмаққа қарсы тастүйін етіп көтере білген тұста, Ырғыз бойындағы Мәнітөбеде Ресей бодандығын қабылдады. Тарихшыларымыздың кейбірі Әбілхайырдан «сатқын» жасағысы келеді. Бұл сіре, тайыздықтың салдары болар. Орыс империясына арқа сүйеу – ол кезде қазақтар үшін жалғыз ғана жол еді. Мәселен, 1732 жылы Батыр сұлтан, 1733 жылы Сәмеке хан, 1734 жылы Ұлы жүз билеушілері Қодар, Төле, Сатай, Ханкелді, 1738 жылы Әбілмәмбет пен Абылай, 1735 жылы Барақ сұлтан орыс бодандығын қабылдауға өтініш жасады. Сонда….
Әбілхайыр бодан болдым екен деп ешкімге жағасын бастырғысы келмеді. 1736,1738 жылдары елінің мазасын ала берген соң Еділ қалмақтарының жерін түгелдей шауып алды. Орынбор комиссиясының бастығы Татищев 1838 жылы жарлық шығарып Әбілхайырды соғысты тоқтатуға әзер көндіреді. Сол жылы Әбілхайыр көтеріліс ашқан башқұрттарға келіп, бұрынғы жауына қожалық жүргізеді. Әбілхайырдан орыс наместнигі Татищев те қатты сескенгенге ұқсайды. Сол жылдары ел ішіндегі «Татищевтің маңында сегіз мыңадай еділ қалмағы бар» деген қауесетті естіп, Бөкенбайды аттандырған Әбілхайыр соңынан орыс әкімінің шақыруымен Орынборға таяп келіп шатыр тігеді. Орыс әкіміне сенбей, қитығады. Ақыры, Татищев оны ерекше құрметпен қабылдағанын П.И.Рычков тәптіштей жазған. 1739 жылдың 17 маусымында Татищевтің орнын басқан генерал-лейтенант, князь Василий Урусовқа тамыздың 28-і күні Орта жүз ханы Әбілмәмбет пен Абылай келген. Олар да бодан болуға өтініш айтқан. Соларға берілген салтанатты қонақасыға арнайы шақырылған Әбілхайыр келмей қалады. Ханның бұл қылығынан сескенген Урусов арнайы тарту-таралғысын, грамотасын беріп, Әбілхайырға поручик Дмитрий Гладышевті жібереді.
1741 жылы парсы шахы Хиуаны шауып алды. Әбілхайыр геодезист Муравинді жіберіп, «шах бұл жерді маған сыйласын» деген сәлем айтады. Шах көп адамды тұтқындап, парсыға қайтады. Ол кетісімен көтерілген халық парсы шахы сайлап кеткен ханды өлтіріп, Әбілхайырдың ұлы Нұралыны хан көтереді. Нұралы кейін қазақ арасына оралған. Осы деректердің өзі Әбілхайырдың қандай ірі қайраткер болғанын, оның сол тұстағы саясаттағы салмағын айқындай түседі. ….

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!