Реферат: Тарих | Иран Ислам Республикасы
ТАБИҒАТЫ. Иран Армян таулы қыратының оңтүстік-шығысы мен Иран таулы қыратының батыс бөлігінде орналасқан. Шет жақтарында Солтүстік Иран (Эльбрус, Түрікмен — Хорасан), Оңтүстік Иран (Загрос, Мекран), Шығыс Иран (Серхед, Пеленган, Боран, Келат) таулары, орталығында Кухруд жотасы, Деште-Кевир, Деште-Лух шөлдері орналасқан. Солтүстік-батысын Оңтүстік Каспий және Кура-Аракс ойпаттары, солтүстік-шығысын Горган жазығы, оңтүстігін – Гермезир шөлі алып жатыр. Жері, негізінен, таулы. Климаты субтропиктік, континенттік, жазы ыстық, қысы солтүстігінде салқын, оңтүстігінде жылы. Парсы және Оман шығанақтары жағалауларының климаты тропиктік. Қаңтардағы орташа температура 20 С-тан 19,40 С-қа дейін, шілде айында 29,4 – 32,50 С. Жауын-шашынның жылдық мөлшері 500 мм. Эльбрус тауы беткейінде 2000 мм, Систан ойысында 50-60 мм. Жер беті суы аз. Ірі өзендері – Карун, Сефидруд, Гильменд, Қиыр солтүстігінде Атрек, Аракс өзендері бар. Таулы аудандарда көптеген көлдер кездеседі. Жері сары, қоңыр және қызғылт топырақты. Тау беткейлері орманды, өзендер бойы шалғын, ішкі аудандары шөл, шөлейт. Иран жерінде сүтқоректілердің 100-ге тарта, құстардың 400-ге жуық, бауырымен жорғалаушылардың 80-ге жуық түрі бар. Шектес теңіздері балыққа бай. Пайдалы қазыналары: мұнай, газ, тас көмір, темір, хромит, т.б.
ТАРИХЫ: Иран жеріне адам баласы тым ерте заманнан бері қоныстанған. Б.з.б. III мыңжылдықта қазіргі Иранның оңтүстік-батысында алғашқы мемлекеттер құрыла бастады. Б.з.б. II мыңжылдықта бұл аймаққа Орта Азиядан арий тайпалары келіп қоныстанды. Б.з.б. 673-672 жылы қазір Иранның солтүстік-батысында Мидия мемлекеті пайда болып, 616-615 ж. Ассирияны талқандап, аса ірі мемлекетке айналды. Б.з.б. 550 жылы өкімет билігі парсылық Ахемен әулетіне көшті (қ.Ахемен әулеті). Ахемен әулеті мемлекетінің шекарасы шығыста Үнді өзенінен батыста Эгей теңізіне дейін, солтүстікте Армениядан оңтүстігінде Ніл өзендеріне дейін жетті. Батыс пен Шығысты жалғастыратын сауда жолдары үшін бұл мемлекет гректермен ұзаққа созылған соғыс жүргізді. Сақтар еліне бірнеше дүркін басқыншылық жорықтар жасады. Ахемен әулеті мемлекетін б.з.б. 330 жылы Александар Македонский талқандады. Иран эллиндік мемлекеттердің билігіне көшіп, б.з.б. II ғасырдың орта тұсынан бастап Парфия патшалығына бағынды. 224 жылы Парфия мемлекеті құлап, орнына Сасани әулеті мемлекеті Оңтүстік Арабияны, Сирияны, Палестинаны, Мысырды жаулап алды. Византияға қауіп төндірді, Түрік қағанатымен соғыс жүргізді. Бірақ Сасани әулету шабуылынан құлап, VII ғасырдың II жартысында Иран Араб халифаты құрамына қосылды. VIII ғасырда Араб халифатының билеушісі Әбу әл-Аббас әс-Саффах халифат астанасын Бағдадқа көшірді. Иран аумағы ұзақ жылдар бойы Аббас әулеті билеген Бағдад халифаты құрамында болып, мәдени және экономикалық дамуды басынан кешірді. IX-X ғасырларда елде Араб халифатына шартты түрде ғана тәуелді болған әмірліктер құрылды. Елде экономикалық және мәдени өрлеу байқалып, қалалар өсе бастады. Сондай әмірліктердің бірі Самани әулеті биліктен кеткеннен кейін Шығыс Иран Ауғанстанмен және Орта Азияның бір бөлігімен бірге түркі тектес Ғазнауи әулеті билеген мемлекеттік құрамына кірді (қ.Ғазнауи әулеті). XI ғасырда Иранға түрік-оғыздар (селжұқ) басып кіре бастады. Көп ұзамай олар Ғазнауи әулеті әскерін талқандап, бүкіл Иранды және көрші елдерді басып алып салжұқтар мемлекетін құрды. XII ғасырда салжұқтар бірнеше сұлтандыққа бөлініп кетті де, осы ғасырдың аяғына таман бүкіл Иранды түркі қыпшақ тайпасынан шыққан Хорезм шаһы Текеш басып алды. 1220-1256 жылы Иранды Шыңғыс хан әулеті жаулап алды. Олар елде Хулагу әулетіне қарайтын ильхандар мемлекетін құрды. XIV ғасырдың 30-жылдары ильхандар мемлекеті бірнеше иелікке бөлініп кетті де, 1380-1393 жылдары Иранды Әмір Темір әскерлері басып алды. Әмір Темір өлгеннен кейін Шығыс Иран Темір әулетінің билігінде қалып, Батыс Иранда Қарақойлы мемлекеті құрылды. XVI ғасырда Кіші Азиядан шыққан түркі тайпалары (қызылбастар) Иранға басып кіріп, 1501-1610 жылы елді толығымен бағындырып, Сефеви әулеті мемлекетін құрды. XVII-XVIII ғасырларда Иранның экономикасы құлдырап, халықтың жағдайы нашарлап кетті. Ұсақ халықтар (ауғандар, түрікмендер, әзербайжандар, күрдтер, армяндар, грузиндер) орталықтың езгісіне қарсы жиі-жиі көтеріліс жасап тұрды. Әсіресе, XVIII ғасырдың 2-жартысында елдегі үстемдік үшін екі әулеттік (Зенд және Каджар) арасындағы үздіксіз соғыс халықты әбден қалжыратты. XVIII ғасырдың аяғында билікке Қаджар әулеті келді. Осы кезден елдің ішкі істеріне еуропалық мемлекеттер (Англия, Франция) араласа бастады. XIX ғасырдың басында болған орыс-иран соғысынан кейін елде шетелдіктердің билігі күшейіп кетті. XIX ғасырдың аяғына таман Иран еуропалық мемлекеттердің жартылай отарына айнала бастады. 1901 жылы ағылшындар Иран мұнайын шығаруға рұқсат алып, 1909 жылы бірлескен ағылшын-парсы мұнай компаниясы құрылды. Елдің солтүстігіне Ресей, оңтүстігіне Ұлыбритания қожалық ете бастады. 1905-1911 жылы елде шетелдіктерге қарсы ұлт-азаттық қозғалысы болып өтті. Оның барысында конституция жарияланып, меджлис шақырылды, ақсүйектік дәрежелер жойылды. Бірақ 1918 жылы ағылшындар бүкіл Иранды басып алып, 1919 жылы оны кіріптарлық шарттарға қол қоюға мәжбүр етті. Елде ағылшын үстемдігіне қарсы жаңа толқулар басталды. 1921 жылы ақпанда әскерилер Реза ханның басшылығымен мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырып, жаңа үкімет құрды. Жаңа үкімет халықтың қысымымен 1919 жылы ағылшын-парсы шартын жойылды деп жариялады. Армияға сүйенген Реза хан Орталықтың билігін күшейту үшін сепаратистік пиғылдағы ИТран ақсүйектерімен үздіксіз күрес жүргізді. 1925 жылы 31 қазанда 5-меджлис Қаджар әулетін тақтан түсті деп жариялады, 12 желтоқсанда Құрылтай жиналысы Реза ханды Реза шаһ Пехлеви деп жариялады. Елде нарықтық қатынастар тез дами бастады. Халықтың мәдени және тұрмыстық өміріне көптеген өзгерістер болып өтті. Алайда, 1929-1933 жылы болған дүниежүзілік экономикалық дағдарыс Иран экономикасын тұралатып тастады. Халықтың тұрмысы нашарлап, елде толқулар басталды. Ол толқулар күшпен басылып отырды. 2-дүниежүзілік соғыс жылдарыда Иранға одақтастар әскерлері енгізілді (1941 ж. тамызда ағылшын және кеңес әскерлері, 1942 жылдың аяғына таман АҚШ әскерлері). 1941 жылы 16 қыркүйекте Реза шаһ тақтан өз еркімен бас тартып, орнына баласы Мұхаммед Реза Пехлеви шаһ болды. 1942 жылы 29 қаңтарда Иран КСРО және Ұлыбритания мемлекеттерімен одақтастық туралы шартқа қол қойды. 1943 жылы 9 қыркүйекте Иран Германияға соғыс жариялады, бірақ соғыс қимылдарына араласқан жоқ. Тегеран конференциясы кезінде 1943 жылы 1 желтоқсанда КСРО, АҚШ, Ұлыбритания үкіметтері Иранға территорилық тұтастығын сақтауға әзір екендіктерін мәлімдеді. Соғыстан кейін Иран үкіметі Батыс елдерімен тығыз байланыс орнатты. 1953 жылы ел тәуелсіздігін күшейтуге тырысқан М.Мосаддық үкіметі құлатылды. Иран шаһы М.Р.Пехлевидің көмегімен АҚШ елдің ішкі өміріне белсене араласа бастады. Ел 1955 жылы АҚШ-пен әскери келісімдер жасасты, 1960 жылдан бастап Батыс үлгісінде дами бастады. Елде шет ел капиталының үстемдік алуы, ұлттық құндылықтардың аяққа басылуы 1978-1979 жылы халықтың шаһ үкіметіне қарсы жаппай бас көтеруіне алып келді. Оны елдегі шиит дінбасылары басқарды. 1979 жылы 11 ақпанда болған революция нәтижесінде шаһ үкіметі құлап, 1 сәуірден бастап Иран Ислам Республикасы жарияланды. Үкімет басына шиит дінбасыларының көсемі аятолла Р.Хомейни келді. Саяси партияларға тыйым салынды, шаһ үкіметі жойылды, Батыстың иелігіндегі барлық компаниялар мүлкі мемлекет меншігіне алынды, ел СЕАТО блогынан шығып, Блоктарға қосылмау қозғалысына мүше болып енді. 1980-1990 жылдары болған иран-ирак соғысы ел экономикасына өте ауыр (700 млрд АҚШ долларынан астам) зардаптар әкелді. Қазіргі кезде Иран үкіметі Батыс елдері қолданып отырған оқшаулау саясаты ықпалын бәсеңдету үшін белсенді сыртқы саясат жүргізуде.
ЭКОНОМИКАСЫ. Ел экономикасының негізгі мұнай және мұнай мен газ өңдеу өнеркәсіптері. Мемлекеттік кірістің 1/3 және экспорттың 90%-ына жуығы осы салалардан алынады. Елде жыл сайын 180 млн тоннаға жуық мұнай, 58 млрд м3 газ (қоры 14 трл. м3 шамасында) өндіріледі. Экономиканың басқа салалары да дамыған, бірақ сыртқы экономикалық байланыстардың нашарлығынан және қаржы жетіспеушілігінен толық қуатымен жұмыс істей алмауда. Өнеркәсіпке қажетті құрал-саймандар 90%-ға дейін шеттен әкелінеді Ауыл шаруашылығы нашар дамыған. Тұрғындар үшін бидай, күріш, қант, өсімдік майы, т.б. шеттен (жыл сайын 2 млрд АҚШ долларына) әкелінеді. Соңғы жылдары туризм дами бастады. Ұлттық байлықтың 36%-ы өнеркәсіптен, 22%-ы ауыл шаруашылығынан, қалғаны қызмет көрсету секторынан тұрады. Мұнай экспортынан жыл сайын 16,3 млрд АҚШ доллары шамасында. Елдегі басты проблеманың бірі – жұмыссыздық (3,5 млн адам. Мұнайдан басқа экспортқа кейбір өнеркәсіп тауарлары, ауыл шаруашылығы өнімдері, кілем, халық тұтыну тауарлары шығарылады. Шеттен – азық-түлік өнімдері (30%), машина, құрал-жабдықтар, кейбір өнеркәсіп шикізаттары әкелінеді. Негізгі сауда серіктестері: Германия, Жапония, Ұлыбритания, Түркия, Италия, араб елдері.
ӘДЕБИЕТІ. Иран әдебиеті ежелгі дәуірде және орта ғасырларда парсы тілі тобына жататын халықтар (парсы, тәжік, ауған, күрд) мен түркі тілінде сөйлейтін (өзбек, түрікмен, әзербайжан) халықтардың әдебиеті арқылы қалыптасты. Иран әдебиетінің классикалық дәуірін (VII-XVI ғасырлар) парсы не парсы-тәжік әдебиеті деп атанды. Сасани әулеті мемлекетін Араб халифаты басып алған соң (VII ғасыр), араб тілі негізгі әдеби тіл болып, парсы тіліндегі құнды шығармалар араб тіліне аударылды («Қалила мен Димна», т.б.). Парсы тіліндегі әдебиет, әсіресе, Рудаки (860-941 тұсында толық қалыптасты, кейін Фирдауси (940-1020 ж.ш.) «Шаһнама» эпопеясын жазды. Көрнекті ақын әрі ғалым Омар һайям (1048 ж.ш.т – 1122 жылдан кейін) сол заманның әлеуметтік болмысын жырлады. Әзербайжан ақыны Низамидің (1141-1209) «Бестік» («Хамса») атты шығармасы жазылған кезден бастап Иран әдебиетінде адамгершілік тақырыбы өріс алды. Иран әдебиетінің гүлденген кезі – XIII-XIV ғасырлар. Бұл кезде Зақани, ибн-Ямин, Сағди, Хафиз сияқты атақты ақында шықты. Иран революциясы (1905-1911) және азаматтық қозғалыс (1918-1921) кезінде А.Фарахани, М.Кермани, М.Т.Бехар, т.б. ақындар демократиялық идеяның жыршысы болды. Бұл кезде С.Хедаяттың «Қаңғыбас төбет» (1943), «Азғындық» (1944) әңгімелер жинақтары мен «Хаджи аға» повесі (1945), Б.Алевидің «Елу үш» (192), «Түрме жазбалары» (1941) сияқты түнек жылдарын суреттеген романдары жарияланды. Ирандағы әлеуметтік проблемаларды көрсеткен Ускуидің «Періште жылағанда» (1963), Саркоштың «Көз жасының зары» (1965), А.М.Афганидің «Аху-ханумның күйеуі» (1962), т.б. роман-повестері жарияланды. Иран әдебиетінен «Парсы ертегілері» (1958), Омар һайям рубаилары (1965), Сағдидың «Бустан» дастаны (1970), т.б. қазақ тіліне аударылды.
ӨНЕРІ. Иран территориясында неолит дәуіріне жататын, қабырғалары өрнектелген егіншілік құрылыстары, адам және жануарлар бейнелері, әшекейлі қыш ыдыстар (б.з.б. V-IV ғасырлар, Сузы, Тепе-Сиалк, Тали-Бакун) сақталған. Хұзыстан, Курдстан жартастарындағы рельефтер, Сұзыдан табылған, асыл металдан жасалған көркем заттар. Иран өнерінің өз заманында жоғары дәрежеде болғанын дәлелдейді. Иран жерінде сақтар тарихына қатысты мәдени ескерткіштер де мол сақталған (Бехистун сына жазуы). Сасани әулеті дәуірінде қалаларды қорған ішіне жүйелі жоба бойынша салу қанат жайды. Мүсін жасау, жартастарға рельеф қашау елеулі орын алды. Алтын, күміс, қола және әйнектен әр түрлі бұйымдар жасау, жүн және жібек мата тоқу өркен жайды. VII ғасырларда арабтардың ислам дінін таратуына байланысты мұнаралы мешіттер, медреселер, күмбездер пайда болды. 1305-1313 жылдары осы дәуірдегі сәулет өнерінің көрнекті ескерткіштері Ольджейту-Ходабенде кесенесі тұрғызылды. XIV ғасырдан кейін қолжазба көркемдеу, қабырғаға сурет салу дамыды. XV ғасырда Иран миниатюрасының өркендеуіне Герат мектебі үлкен әсер етті. XVI-XVII ғасырларда пайда болған Тебриз, Шираз, Исфаһан мектептері миниатюра өнерін жоғары дәрежеге көтерді. XVIII-XIX ғасырларда еуропалық өнердің ықпалымен сулы және майлы бояумен орындалған алғашқы туындылар өмірге келді. XX ғасырда жаңа типті архитектуралық құрылыстар салына бастады. Иранның жаңа архитектуралық мұралары қазіргі стиль мен ұлттық үлгідегі сәулет өнерін ұштастырған. XX ғасырдың басынан мүсін, графика, кескіндеме жанры дамып келеді. Сән және қосалқы өнердің дәстүрлі түрлері сақталған.
Кәсіби және халық музыкасының ғасырлық дәстүрі бар. Иран музыкасы, негізінен, монодиялық (бір дауысты) түрде кездеседі. Халық музыкасының теснифа (баллада), теране (жергілікті әуен), қасида (ода), ғазел (лирикалық ән) түрлері көп тараған. Музыкалық аспаптары: саз, тар, кеманча, керней, зурна, зарб. Арабтар жаулап алғаннан кейін Иран музыкасына мұсылмандық араб мәдениетінің ықпалы тиді. IX ғасырдан бастап сарай өнері дамып, халық арасында мутребтердің даңқы жойылды. XIX ғасырдың 2 жартысынан Иран музыкасына еуропалық музыка мәдениеті әсер етті. XX ғасырдың 20-жылдары композитор әрі шебер орындаушы, Тегеран университетінің профессоры Әли Наги Уәзири ұлттық музыканы оқып-үйренудің негізін салды, музыка теориясынан оқулық жазып, Тегеранда музыкалық мектебін ашты. Иранда Рудаки атындағы Опера және Балет театры (1967, Тегеран), Телевизия балет труппасы, филармония (1953), 2 симфониялық оркестр жұмыс істейді.
Театр өнерінің негізі халықтық салт-дәстүрлерде жатыр. Ежелгі базигер театры жайлы деректер сақталған. Пантомима, көлеңке және қуыршақ театрлары болған. X ғасырда пайда болған мистерия діни ғұрып шахсей-вахсейдің құрамына енді. XVII-XVIII ғасырларда ол трагедиялық мистерия түрлерінің бірі – тазийенің негізін қалады. XX ғасырдың 30-жылдарына дейін кезбе актерлер – масқарапаздар өнер көрсетіп келді. 1911-1912 жылы еуропалық театрлар тәжірибелерін пайдалана отырып Ұлттық театр, 1917 жылы Иранның комедия театры ашылды. Бұл театрларды құруда актер Сейед Әди Нәсірдің еңбегі зор. 1929 жылдан бастап әйел актерлер көріне бастады. 1930-1940 жылдары театр репертуарларынан өңделген Батыс Еуропа драмалары мен мелодрамалар орын алды. 1940-жылдан Иран театры дағдарысқа ұшырады, 1960-жылдардың басында қайта өрлеу жолына түсті. 1963-жылы Тегеранда кәсіби актерлер дайындайтын драмалық студия ашылды. Тегеранда «25-шахривар», «Касра», «Нәсір», Мешхедте Ұлттық театр, Исфаһанда «Сепахан», Хамаданда «Були» театрлары жұмыс істеді. 1968 жылдан бастап Ширазда театр фестивалы өткізіліп тұрды 1973 жылы осы фестивальға Қазақ драма театрының труппасы қатысып, Ш.Айтматовтың «Ана – Жер ана» спектаклін көрсетті. 1930 жылы тұңғыш «Әб аби» атты фарстық фильм (режиссері Эханиян), 1934 жылы дыбысты «Лор қызы» фильмі (режиссері А.Х.Сепента) түсірілді. XX ғасырдың 40-жылдарына дейін, көбінесе, шетелдік фильмдер көрсетіліп келді. 1946 жылы Тегеранда «Митра-фильм» киностудиясы құрылды. 1960-1970 жылдары музыкалық комедияларға, шағын драмаларға, мифтік және тарихи сюжеттерге құрылған фильмдер қойылды. Тегеранда 1955 жылдан халықаралық, 1970 жылдан ұлттық кинофестивальдер өткізіліп тұрады. Иран кинематографиясының дамуына режиссер И,Кушан, М.Мисагие, Мохтасем, М.Мохсени, С.Ясеми, Ш.Рафия елеулі үлес қосты.
ИРАН ИСЛАМ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНМЕН БАЙЛАНЫСЫ
Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар басын 1992 жылдың 29 қаңтарынан алады.
1992 жылдың 18 қазан мен 3 қараша күндері аралығында ресми іс-сапар барысында Н.Ә.Назарбав басқарған Қазақстандық бір топ делегация екі ел арасындағы байланыстың даму сатылары туралы келіссөз жүргізіп, бірнеше құжаттарға қол қойды.
Екі ел өзара қарым-қатынасты бірін-бірі түсіну, қос елдің суверенитеттерін құрметтеу, бір-біріне күш көрсетпеу, және адам құқықтарын сақтау негізінде құрылады деп шешті. Екі ел СІМ-лері (Сыртқы Істер Министрлері) бір-бірімен жоғары деңгейде диалог құрып, аймақтық, экологиялық проблемаларды шешуде бір-біріне көмек көрсету туралы қаулы қабылдады.
Қазақстан мен Иран бір-бірімен қарым-қатынасты саясат, сауда-экономика, ғылыми-техника, экология, мәдениет, гуманитарлық және басқа да сфераларда жүргізу керектігін айқындап, байланысты одан әрі тереңдету туралы қаулы қабылдады. Екі ел фирмалары мен жеке кәсіпорындарының дамуына мүмкіндіктер жасауы жайлы ауызша келісімге келді. Мұнымен қатар, Каспий теңізі арқылы екі ел арасындағы теңіз жолын ашу, тас жол салу, және Трансазиялық темір жолын салу жайлы, және де ланкестікпен күрес, терроризм, наркотикті контрабандамен тасуына (әуе жол арқылы, су жолы арқылы) жол бермеу сияқты мәселелер талқыланды.
Иран мен Қазақстан арасындағы сауда-саттық жайлы келісімде екі ел арасындағы тауар тасымалы қалай жүзеге асырылатыны жайлы сөз қозғалды.
Екі ел арасындағы сауда-экономикалық, шаруашылық және ғылыми-техникалық байланысты қадағалайтын ұжым құрылып, бұл ұжымның негізгі бағыты ретінде: екі ел арасындағы байланысты қадағалап, оны әрі қарай дамытып, нығайту болып табылады.
Бұл ұжымның бірінші отырысы 1993 жылдың 2-4 қазан айларында Тегеран қаласында өтті. Бұл отырыста екі ел арасындағы байланыс туралы құжаттың мәтіні дайындалып, 1993 жылдың 24-26 қазандары аралығында Қазақстанға ресми іс—сапармен келген Иран Ислам Республикасы Президенті А.Хашеми Рафсанджанимен қабылданды.
Бұл іс-сапар негізінде екі елдың басшылары қарым-қатынас және бірін-бірі түсіну туралы меморандумға қол қойды.
Бұл документта екі елдің сауда-экономикалық, және де басқа салаларда бір-бірімен байланысты одан әрі дамытуы жайлы мәселелер қарастырылған.
Мұнымен қоса Қазақстан мен Иран мынадай маңызды келісімге қол қойды:
екі ел арасындағы көлік және коммуникация, мұнай өңдеу, құрылыс, сауда, банк ісі, ауыл шаруашылығы салаларында байланысты орнатып, оның жоғары деңгейінде болуын қадағалау жайлы.
Иран Президентінің сапары кезінде бірнеше еларалық құжаттарға қол қойылды. Соның ішінде 1993-1994 жылдар арасында екі елдің бір-біріне тауар алмасу мәселесі жайлы. Бұл документ қазақстандық-ирандық қатынастардың дамуына кең құлашты жол ашты.
1994 жылдың 14-16 мамыр айларында еліміздің Премьер-министрі С.А.Терещенков бастаған Қазақстандық бір топ делегаттар Иранға ресми іс-сапармен жолықты. Екі ел арасындағы тауар тасымалдау туралы келісмдер жүргізілді. Қазақстан жерінде газбен жүретін көліктерге арнайы АЗС-терді (Авто Заправочная Станция) құру мәселесі талқыға салынды.
Бұл іс-сапар барысында тағы көптеген халықаралық деңгейдегі құжаттарға қол қойылды. Олар: Екі ел арасындағы байланысты одан әрі дамыту туралы Меморандум; екі ел азаматтарының визаны тиімді уақытта жасау туралы Меморандум, Қазақстанның Ұлттық Банкі мен Иранның Орталық Банкі арасындағы Меморандум, т.б. Сауда-экономика, шаруашылық, ғылыми-техникалық, т.б. салаларда көптеген құжаттарға қол қойылды.
Екі ел басшылары сауда-саттық ғылым-техника салаларында бір-бірімен байланысын одан әрі арттырып, соның нәтижесінде халыққа қажетті жағдайды қалыптастыру мәселесін қарастырды. Осы мақсатпен екі ел бір-біріне қаржылай көмек көрсетіп, ортақ жобалар үшінші жақтың көмегімен жүзеге асыру саясаты жайлы сөз қозғалды.
1996 жылдың 15-17 қаңтар аралығында елімізде ресми іс-сапармен болған Иран Ислам Республикасының бірінші орынбасары Х.Хабибидің еліміздің Премьер-министрімен кездесуінде маңызды мәселелер талқыға салынды.
Келіссөз барысында қос ел министрлері арасында екі елдің түрлі салаларда байланысы туралы мәселелер қарастырылып, ой алмастырылды.
Бұл келіссөзде Иран мен Қазақстан Республикасының қысқа мерзімде жоғарғы деңгейде байланыс жүргізіп, сол байланыстың жылдан-жылға артуы айтылып кетті.
Мұнымен қатар, бұл келіссөз негізінде алдыңғы отырыста айтылған мәселерді жүзеге асырып, екі ел арасындағы көлік және коммуникация, сауда және банк ісі, шаруашылық, құрылыс, ауыл шаруашылығы саласындағы байланысты арттырып, одан әрі дамыту мәселелері қарастырылды.
1992 жылғы көрсеткіштерге сай Қазақстан мен Иран арасындағы сытқы байланыс 229 (екі жүз жиырма тоғыз) мың АҚШ долларын құрады.
1993 жылы бұл көрсеткіш 7,7 млрд АҚШ доллары пара-пар болды. Бұл алдыңғы жылғы қарағанда 33,5 есе жоғары, мұның 5,3 млрд АҚШ доллар көлеміндегі қаражат экспортке тиісті келсе, қалған 2,4 млрд АҚШ доллары импортты құрады.
1994 жылы екі ел арасындағы сыртқы сауда-саттық 22,3 млрд АҚШ долларына дейін арты, оның ішінде экспорт – 11,8 млрд АҚШ долларын құраса, импорттың үлесіне 10,7 млрд АҚШ доллары тиесілі.
1995 жылы сауда-саттық көлемі 58,9 млрд долларды құрады, оның ішінде экспорт – 43,8 млрд доллар, импорт 15,1 млрд доллар. Қазақстанда 14 біріккен қазақ-иран ұйымы тіркелген. Қазақстанда Иран сауда орталығын ашу мәселесі жүргізілуде.
Кемшіліктерді жою мақсатында 1996 жылы елімізге Х.Хабиби басқарған Иран делегаттарымен өткізілген кездесуде екі елдің министерлері арасында сауда-саттық мәселесі жайлы құжатқа қол қойылды. Бұл құжатқа сәйкес, қазақстандық делегаттар иранмен сауда-саттық байланысты жүргізуге дайын компаниялардың тізімін берді. ….