Реферат: Тарих | ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМ

0

ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМ

Мұртаза Жүнісұлы БҰЛҰТАЙ
Философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы

ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМ

Ғылым және технология дамудың шырқау шегіне шыққанына және адамзат бірін-бірін оңайлықпен тани алатын мүмкіншіліктерге ие болғанына қарамастан, соңғы жылдары діни экстремизм мен терроризм тақырыптарды бұқаралық ақпарат құралдарында жиі орын алуда. Хақ дін Исламды да шарпып өтетін осы мәселенің мән-жайы хақында өзімнің ойларымды былайша түсіндіргім келеді.
Исламият адам және табиғат жаратылысымен толық санасатын, адамның тумысынан пайда болған қажеттіліктерін жауыз санамайтын, оларды дұрыс һәм қажетті деп көретін нағыз орта жол. Мәселен, үйлену, жеп-ішу, жұмыс істеу, байлық тілеу, меншік жинау, араласу, ғылым іздену, тазалық, жыныси қажеттер т.т. осылардың күллісі де жұмыр басты пенденің бәріне қажетті нәрселер. Ислам жыныстық қатынасты шектемейді, не болмаса дін жолында жүрмек болғандар үйленбесін, жанұялы болмасын демейді, қайта, үйленуді, балалы-шағалы болуды, жанұя мен қоғамды сақтауды насихаттайды. Тек, адамның жаратылысымен пайда болған әр түрлі қажеттіліктерін халал жолмен табуды, қанағаттандыруды бұйырады. Сондықтан, зинақорлық, өсімқорлық, маскүнемдік, нашақорлық сықылды жат қылықтарды лағынеттейді.
Түркілер кіріп-шыққан манихейшілдік, бұддашылдық, маздак сықылды діндерде ет жеуге, мал союға мүлдем тыйым салынғаны белгілі. Кейін қабылданған христиандықта болса монахтардың (еркек яки әйел) үйленуіне, бала қызығын көруіне тыйым салынған. Кейбір діндер дүниелікті жауыз, күнәкарлық деп санаған да дүние-мүлік жинауды жексұрын ғып көрсеткен. Пайғамбарымыз жомарт байларды мадақтап, мұсылмандарды саудамен шұғылдануға, саудада адал болуға және қайырымдылық жасауға шақырған. Исламият дүниелік байлықты харам деп санамайды. Әбу Бәкір, Осман сықылды сахабалар өз уақытында дәулетті адамдар еді. Бірақ, дүниелік жинау өмірдің, жаратылыстың басты мақсаты болмауы керек. Аллаһ Тағалаға жақындататын жолдың бәрі халал, ал Оның разылығынан алшақтататын әр нәрсе жағымсыз, харам болып саналады, міне, критериямыз осы болмақ.
Маркстік фәлсәфә жеке меншікті (мүлкият) жамандық атаулының қайнар көзі деп санаған; сондықтан, меншікті құрытсақ, қоғамдағы барлық жамандықты жоямыз деп ойлаған. Бірақ, тәжрибе мұның солай болмағанын көрсетті. Үйткені, меншік сезімі адамның жаратылысында (фитрат) бар нәрсе, меншікті жою жаратылыс заңдарына қайшы келеді. Адам болмысындағы нәпсі, меншік хұқұғы болмаса да өзінің арманына жету үшін басқа қайла-шарғыларды іздейді, табады. Бұл болса қоғамда жаман қылықтардың көбеюіне, ахлақсыздыққа, құлдыраушылыққа (коррупция) апарып соқтырады. Сондықтан, Исламияттың нағыз орта жол екені, қайталап айтқанда машрұғ (шарғи, заңды) талаптардың харам саналмағаны анық болады.
Исламиятта фұндаментализм, экстремизм, терроризм деген нәрселер жоқ. Бұл Исламияттың өзегіне сәйкес келмейді, үйткені, Ислам дегеннің өзі бейбітшілік, тыныштық деген сөз. Исламның басты мұраты адамдар арасында бейбітшіліктің болғаны. Сондықтан, экстремист, террорист деп аталған топтардан діннен басқа себептерді, мақсаттарды іздеу керек. Олардың саяси, экономикалық, әскери т.т. мақсаттары, ойлары болғанын тексеру керек. Екінші мәселе, сондай саяси-экономикалық топтар туралы айтқанда не жазғанда міндетті түрде «Исламдық террористер» деген тіркеуді қосатындардың ойы бөтен. Егер, олардың мақсаты терроризмді, экстремизмді қаралау болса, онда тек террористтерді немесе экстремистерді айыптар еді олар, Ислам сықылды бәшериет (күллі адамзат) жаралғалы бері жеткен ең жоғары өркениет дәрежесіне, ең таза имандылыққа тіл тигізбес еді олар.
Террорист ұйымның мүшесі қандай бір мұсылман елдің азаматы болса болғаны, әлгі бұлақтар дереу «мұсылман террористтер» дей салады. Ал, басқа діндегі террорист топтар туралы болғанда, олардың діні айтылмайды да басшысының ғана аты немесе шыққан жерінің аты, ең болмағанда саяси көзқарасы ғана айтылады. Мәселен, Испаниядағы «ЭТА-БАСК» тобы туралы ешқашанда «Христиан террорист Баск тобы» деп айтпайды олар. Солтүстік Ирландиядағы «ИРА» ұйымы туралы «христиан/католик террористік ұйымы ИРА» деп ешкім айтқан емес! Токйодағы метрода улы газ шашып көптеген адамдардың өлуіне себеп болған Жапониядағы бұддист «Аум Синрике» сектасы туралы «Буддист террористтер» деп ешкім айтқан емес. Сондықтан, мұның негізінде Исламды көре алмаушылық және Исламды жағымсыз етіп көрсету секілді жауыз пиғылдар болғанын айта кетуіміз керек.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев 16.03.2000 күні Құрбан Айт мерекесіне байланысты жұбайымен Астана орталық мешітіне барғанында баспасөз өкілдеріне берген сұхбатында былай деді: «Исламның ішіндегі эктремистер деп айтылып жатқан сөз жөн емес. Ислам деген дүние жүзілік дін. Екі миллиардқа жақын халық мұсылман дініне бағынады. Сондықтан, әлгі бандиттер мен экстремистер әр дінде болып жататын жағдай. Ол екеуін біз ажыратып айтуымыз керек. Ал енді, Мұхаммед Пайғамбарымыздан қалған, діннен қалған мәселелер ондай емес, еш уақытта мұсылманның діні соғыспен, қолына қару-жарақ алып біреуді өлтіріп, заңсыздыққа барып, мемлекетке қарсы жүру деген мәселелер болмайды мұсылманда. Сондықтан, осындай нағыз таза мұсылманның, Құранның жолыменен халық жүретін болса, ол елге жақсылық әкеледі, әр адамның өзіне де жақсылық әкеледі деген сөз».
Нағыз экстремистік топтардың тауқыметін батыс елдері көруде. Соңғы жылдары АБД, Еуропа елдерінде саңырау құлақша қаптап кеткен христиан фундаменталист ұйымдары мен түрлі-түрлі секталар салдарынан мыңдаған адамдар аянышты халде қаза тапты. Мәселен, АБД-нің Калифорния уилаятындағы (штатт) Сан Диего қаласында «Ұлық бұлақ» деп аталған сектаның 39 мүшесі 26 наурыз 1997 күні өздерін улап өлтірген. 18 қараша 1978 күні Оңтүстік Америкадағы Гуяна мемлекетінің Джеймстаун (Jamestown) қаласында «Халықтың храмы» деген сектаның 912 мүшесі циан газымен өз-өзін өлтірген. Фырансаның Сен Пиер қаласындағы «Күн храмы» сектасының 16 мүшесі 23 желтоқсан 1995 күні өз-өздерін өртеп өлген. Осы сектаның Швейцарияның екі қаласындағы мансұбтары (мүшелері) 5 қазан 1994 күні өздерін өртеп өлді. Күн храмы сектасының Канададағы белсенділері де тыныш тұрған жоқ: шығыс аймақтағы Морин төбесі деп аталатын мекендегі 5 адам 4 қазан 1994 күні, ал, Сен Касмирдегі 5 адам болса 23 наурыз 1997 күні өздерін атып не өртеп өлтірген. Американың Тексас уилаятындағы Вако қалашығындағы «Давидиан» сектасына мүше 80 адамның 19 сәуір 1993 жылы өздерін өртеп өлтіргені әлем жұртшылығының әлі де есінде. Филипиндегі рұһбан (монах) Дату Мангайаның сектасының акциясында 19 қыркүйек 1985 күні 60 адам өзін улы газбен өлтірген /[1]/. Жуықта, Орталық Африкадағы бір мемлекетте католик шіркеуінің бірнеше мың мүшесі бірге жан қию рәсімін жасағаны есімізде. Мұның бәрі де адастырушылардың ісі, бейкүнә адамдарды жалған уағдалармен алдаушылық. Жалпы ел болып, осындай қауіпті секталардан сақ болуымыз, балаларымызға лайықты дәрежеде көңіл бөліп, кесірлі ағымдардың қыянаттығынан сақтауымыз керек.
Соңғы кездерi баспасөз беттерiнде, теледидар хабарлары мен әуе толқынындағы таралымдарда бiзге орыс тiлi арқалы енген «фундаментализм» (iргешiлдiк) сөзiн жиi кездестiрiп жүрміз. Осы мағлұматтарда фундаментализм сөзі көбінесе мұсылмандық һәм осы дiнге сенушi халықтарға тән мағыналарда ғана қолданылады! Осы даурықпа хабарлар «исламдық фундаменталисттер», «мұсылман фундаменталисттер» немесе «мұсылмандардың заңнан тыс қауiптi ұйымдары мен зиянды iс-әрекеттерi» деп жырлайды. Бұл терминдi, шын мағынасын бiлетiн адамдар да бiлмейтiн адамдарша кез келген жерде қолданып, әйтеуiр, шулата бередi. Ал, ғылыми тұрғыдан екшеп, аталмыш терминнiң сөздiк һәм энциклопедиялық мағыналары мен дiни-саяси әдебиеттерде пайда болу барысына қарағанымызда, фундаментализм деген сөздiң хақ дiн Исламмен және осы хақ дiнге сенушi имандылармен үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын анықтаймыз.
Ең алдымен, мұсылмандарға пәле болып жабысқан осы фундаментализмнің сөздiк һәм энциклопедиялық мағыналарын түсiнiп алғанымыз жөн. Бұл сөздiң түбiрi, көне латын тiлiндегi fundare (фундаре) деген етiстiк. Фундаре – жерге төсеу деген мағынаны бiлдiредi. Осы етiстiктен fundamentum (фундаментум) зат есiмі пайда болған. Оның мағынасы – төсегiш, iрге. Кейiн келе мағынасы толығып, жер тағаны немесе iрге тасы деген түсiнiктердi беретiн болған. Жә, жоғарыдағы фундаментум, яғни осы күнгi батыс Еуропа тiлдерiндегi fundament (фундамент) пен онымен бір түбiрден өндiрiлген фундаментализм сөзiнің мағыналары тым алшақ.
Фундаментализм дегенiмiз дүниежүзiлiк әдебиеттерде бiрiншi ретi Америкада пайда болған дiни-саяси термин. Мен осы мақаламда терминологиялық һәм этимологиялық анықтамалы екi беделді деректi алдарыңызға ұсынбақшымын. Бiрiншiсi күллі әлемге әйгiлi «Oxford Advanced Learners’ Dictionary of Current English» (Бүгiнгi ағылшын тiлiн кәмiл үйренушiлердiң Оксфордтық Сөздiгi) деп аталады. Менiң қолымдағы нұсқасы Оксфорд университетiнiң баспасы тарапынан 1982 жылы он алтыншы рет басылғаны. Бұл құнды деректе фундаментализм былай деп түсiндiрiлген; «maintenance of the literal interpretation of the traditional beliefs of the Christian religion (such as the accuracy of everything in Bible)», яғни «христиан дiнiнiң дәстүрлі сенiм-нанымдарын үзiлдi-кесiлдi сақтау (мисалы, Библияда жазылған нәрселердiң барлығының мүлтiксiз хақ екенiне сену)».
Жә, Америкада екi ғасырдан берi қарай жарияланып келе жатқан беделді «Webster’s New World Dictionary of the American Language» (Американ тiлiнiң Вебстер жаңа дүние сөздiгi), 1986 жылғы басылымы. Мұнда фундаментализмнiң екi мағынасы берiлген;
• Religious beliefs based on literal interpretation of everything in the Bible and regarded as fundamental to Christian faith and morals.
• The 20th century movement among some American Protestants, based on these beliefs.
Яғни;
• Библияның мазмұнына сөзбе-сөз һәм мүлтiксiз сенуге негiзделген және христиан руханияты мен иманының негiзi болып есептелетiн дiни нанымдар.
• Осы нанымдарға негiзделiп, Америкадағы кейбiр протестанттар тарапынан 20 ғасырда басталған қозғалыс.
Жиһан ғалымдары дәрiптеген осы екi беделдi деректе мұсылмандарға жала болып жабылған фундаментализм сөзінiң хақиқи мағналары көрсетiлген. Демек, фундаментализм мұсылмандармен ешқандай қатынасы жоқ ұғым. Христиан әлемiнiң, әсiресе, солтүстiк Америка мен батыс Еуропа християндарының, өздерiндегi рухани шиеленiстiктер мен қақтығыстар үшiн тапқан атауларын, сондай нұқсандар мұсылмандарда да бар шығар-ау деп, жаңылыстықпен қолдануының салдарынан осы күнi кенедей жабысқан, сүлiктей сорған, осы мұхиттың аржағынан келген жаладан құтыла алмай жүрмiз!
Фундаментализмнiң отаны Американың Бiрiккен Мемлекеттерi (АБД «АҚШ»). 1993 жылғы президент сайлауында Америкадағы фундаменталист ұйымдардың үлкен әсер тигiзгені мәлiм. Ал, олардың 1996 жылғы сайлауларға да күштiрек қатысқаны байқалады. Алдымыздағы жылдары фундаменталисттердің Американың iшкi һәм сыртқы саясатында ықпалды орындарда болатыны шүбәсiз шындық.
Фундаментализм ХХ ғасырдың бас шенiнде АБД-нің солтүстiгінде пайда болған ағым. Ол 1950 жылдары оңтүстiк аймақтарға дейiн таралып кеткен. Бұл екi мыңнан астам шiркеу өздерiн «Фундаменталист християндармыз» деп әшкере жариялауымен жиһанға белгiлi бола бастаған діни-экстремистік ағым. Жаппай қалаландыру һәм өнеркәсiптендiруден, сонымен қатар, шаруашылық тапшылықтардан әбден жаны қиналған кедей-жарлы һәм орташа ауқатты жүз мыңдаған християндар азаттықты осы шiркеулерде iздеп, жиналған.
Фундаменталист шiркеулер жамағаттарды христиандықтың жоғарыда аталған негiздерiне бағынуға шақырып, сондай жағдайда ғана кедейлiктен, әлеуметтiк қысымдар мен оның зардаптарынан құтылатмыз деп насихаттаған. Сүйтіп, үнемі өскен фундаменталист ұйымдар 1960 жылдары саяси қозғалыстарға айналады. Америкада сол жылдары фундаменталист болу үшiн протестант мәзһәбiнiң бiр тармағы пентекостал (Pentecostal) жолына кiру керек едi. Пентекостал тармағындағы протестанттар Киелi Рұхтың хауариларға (Апостолдарға) қонғанына сенедi һәм жексенбi күнiн ерекше қасиеттеп өткiзедi. Олар Киелi Рұхпен бүгiнгi күнде де бiрлесуге болады деп сенедi және Библияның сөздерiне, ешқандай тәфсiрсiз, яғни, сөзбе-сөз иланады. Фундаменталисттер Библияның алғашқы бес кiтабына аса мұқияттықпен, сөзбе-сөз иман етудi мiндеттейдi. Мысалы, Библияда, жер планетасы алты мың жыл бұрын жаратылды деп жазылған. Фундаменталисттердiң сенiмi бойынша, осы мәлiметтi қаз қалпында қабылдап, оған мүлтiксiз сену керек. Тағы да мысал келтiретұғын болсақ; Библияда жазылуына қарағанда, ұлық Тәңiр бұл жиһанды алты күнде жаратып, шаршағандықтан жетiншi күнi дем алыпты-мыс. Мiне, сол үшiн олар жексенбi күндерi дем алады екен. Фундаменталисттердiң имандарындағы осындай кереғарлықтардың басқа да мысалдарын келтiруге болады.
Америкадағы фундаменталисттердiң тұңғыш саяси дауы 1963 жылы басталған. Сол жылы Американың Жоғарғы Соты (American Supreme Court) мектептерде дiн сабағының оқытылуына тиым салады. Фундаменталисттер Америкада жаңа бiр дiн таратылады деп, бұл қарарға қарсылық бiлдiредi. Олардың пікірінше, Америкада таратылатын жаңа дiннiң аты «дүниешiл гуманизм» (Secular Humanism) едi. Фундаменталист ұйымдар осы жаңа дiнге қарсы айқасып келедi. 1973 жылы Жоғарғы Сот 46 уилаятта (штатта) ғамалия (аборт) арқалы жүктi әйелдердiң бала алдыруына рұқсат етеді, сол себепті мемлекет пен фундаменталисттердiң айқасы одан ары өршелене түседі. Басқа да християн топтары фунадаменталист болу үшiн алдымен «дiншiл» (Religionist) болу керек деп сенгендiктен, олар бiр дiннiң дiншiлiмiз деп фундаменталисттердi осы күрестерiнде қолдауға ұйғарысады. Сондай-ақ, католик әлемiнiң Ватикандағы бас рұһбаны (Папа) өзiнiң үндеуiнде; «дүниешiл гуманизм – християндықтың ең үлкен жауы!» деп жариялайды.
Ал ендi, Америкадағы ең белгiлi фундаменталисттер жөнiнде бiр-екi ауыз сөз айтатұғын болсақ;
1993 жылғы сайлауда Джордж Бушқа «Християндардың хұқұқтары» (Сhristian Right) атындағы фундаменталистiк ұйым болысқан. Бұл ұйымды католик фундаменталисттердiң жетекшiлерiнен Патрик Ж. Буханан да қолдап, көмек беруде. Екiншi үлкен фундаменталист ұйым Джерри Фальвелдiң жетекшiлiгiндегi «Рухани көпшiлiк» (Moral Majority) қозғалысы. Үшiншi орынды, «Теледидар рұһбаны» деп атағы шыққан Пат Робертсонға қарайтын «Христиан одағы» (Christian Coalition) ұстауда. Джерри Фальвелден бөлiнген фундаменталисттер (iргешiлдер) тарапынан құрылған «Християн әрекетi желiсi» (Christian Action Network) төртiншi орынды иемденуде.
Осылардан кейiн жүз мыңға жуық мүшесi бар екi қоғамды атауға болады. Бұлар – Луи Шелдонның жетекшiлiгiндегi «Дәстүрлі бағалар одағы» (Traditional Values Coalition) және Лон Мабонның басқаруындағы «Азаматтар бiрлiгi» (Citizen Alliance). Сонымен қатар ғамалия арқалы бала алдыруға қарсы күресушi «Құтқару әрекетi» (Operation Rescue) атындағы ұйым да жоғарыда аталған iргешiл қозғалыстарға болысуда. Олар, тіпті, ғамалияларды жасайтын дәрiгерлердi өлтiрiп, ғамалиятханаларды (операционное) жарылғыш заттармен атқылауға дейiн барған.
Бұларға қосымша ретiнде, жиһанға аты әйгiлi Американың «Time» (Тайм) апталығының 8 Мамыр 1995 күнгi санында үлкен мақалаға тақырып болған, фундаменталистiк көзқарастағы азаматтар тарапынан негiзi қаланған «Отансүйерлердiң жасақтары» атындағы белсендiлердiң заңнан тыс жасақтарын айтуға болады. Осы күнде, Американың Бiрiккен Мемлекеттерiне ең үлкен қауiп төндiрiп отырған осы iргешiл, асырашыл топтар. Атақты басылым үлкен мақаланы «Мемлекеттiң жаулары» (Enemies of State) деп атапты! Осы аса қауiптi ұйымдар қалың бұқараны қыру қимылдарына дейiн барған. Мысалы, 1995 жылы Оклохама қаласындағы бала бақшаны бомбалап, жүздеген бейкүнә сәбилер мен азаматтардың қырылуына себеп болған осы жасақтанған топтар (Алайда, қылмыскерлер ұсталғанға дейін батыс баспасөзі тек мұсылмандарды айыптаумен шұғылданған). Тайм басылымы, осы заңнан тыс қарулы топтардың негiзгi құрамын христиан фундаменталисттер, салықты сөгушiлер және Американың негiзгi заңын қорғаушылар құрайды деп тағриф қылады.
1993 жылдың 19 сәуiр күнi Одақтық Тергеу Кеңсесi (ФБР) Тексас уилаятындағы Вако қалашығындағы «Давидиан» фундаменталтисттерiнiң диқаншылық базасына шабуыл жасағанда 80 iргешiл ұсталатындарын аңғарып өздерін өртеп өлтірген. Мемлекеттiң бұл жойқын шабуылынан кейiн iргешiл топтарды жақтаушылардың саны күрт көбейеді. Осы топтардың аймақтардағы бастықтарының көбiнесе христиандық рұһбан қызметiндегi және ақ нәсiлдiң үстемдiгiн орнатқысы келетiн фундаменталисттер екенiн көремiз.
Мысалы, «Тайм» басылымының баяндауына қарағанда, «Християнның белгiсi» (Christian Identity) атындағы топтың өкiлдерi, солтүстiк Еуропалықтар Көне Өсиетте (Библия) аталған таңдаулы пенделер, ал, йаһұдилер (жөһиттер) – шайтанның ұрпақтары деп сенедi. Мишиган аймағындағы қарулы топтардың жетекшiсi Норман Олсон, баптист сектасының рұһбаны һәм қару-жарақ сататын дүкендер торабының иесi. Оның тобында он екi мың қарулы адам бар және олар БҰҰ, АБД-ін социалистiк елге айландырғысы келедi деп сенедi. Тағы да осы аймақта фундаментализмдi таратушы Марк Корнки «Дүниежүзiлiк христиан радиосы» (Worldwide Christian Radio) арқалы хабарлар таратуда.
1990 жылы Ирақ көршiсi Кувейтті жаулап алған соң, Американың Төрағасы Джордж Буш 11 қыркүйек 1990 күнгi арнауында «Бiрiккен Ұлттар Ұйымының жетекшiлiгiнде жаңа жиһан низамын орнату керек» деген еді. Фундаменталист бағыттағы қарулы топтар бұл жүйені Американың билiгiн қолынан тартып алғысы келетiн сионистiк жоспар дейді. Мисалы, Солтүстiк Каролайна аймағындағы «Конституцияға сәйкес мемлекеттiң қайтадан қалпына келтiрiлуiн жақтайтын азаматтар» (Citizens for Reinstatement of Constitutional Government) атындағы топтың негiзгi ұраны; «Қасиеттi Библияны және Атазаңды Американың негiзгi заңына айналдырамыз!» деп мәлiмдейдi Тайм апталығы.
Америкадағы экстремист ағымдар туралы толық бiр кiтап жазуға да болар едi! Бiрақ бұл мақаланың мақсаты осы деректi мысалдар арқалы экстремизмнің шын мәнiнде не екенiн, қайдан шыққанын анықтаумен шектеледі. Аталмыш фундаменталист ұйымдар Америкада ғана емес, сонымен қатар, Канадада мен Еуропа елдерiнде де ұйымдасқан түрде өсiп, өрбуде. Таяу уақыттарда осындай асырашыл топтардың кесiрлi қылықтарына куә болуымыз әбден мүмкiн.
Қорыта айтқанда, фундаментализм АБД-де және христиандықтан пайда болған. Мың төрт жүз жыл бойы жиһанды ғылымға, әдiлеттiлiкке, тазалыққа, имандылыққа, абзалдылыққа, өркениетке, адамшылыққа бөлеген хақ дiн Исламға және оған иман етушi мұминдерге фундаменталист деген жаланы жабудың жалғыз ғана мақсаты – ең жылдам һәм өздiгiнен өсiп, таралып келе жатқан хақ дiн Исламның алдын тосу, оған жүректерi жiбiп келе жатқан пенделердi айнытудан.
Ислам деген сөздiң өзi араб тiлiндегi «силм» — бейбiтшiлiк, тыныштық, берілу деген сөзден, жә, мұсылман деген мағнаны бiлдiретұғын «мұслим» сөзі – бейбiтшiлiкке берiлген, тәсiлiм болған һәм оны сақтаушы деген мағынадан шыққан. Демек, фундаменталист секiлдi дөрекi де кертартпа сөздер мұсылмандыққа әсте жараспайтынын, әлбетте, оңайлықпен аңдауға болады. Мұсылмандар амандасқанда-ақ «Әс-саламұ алайкұм!» яғни «Саған бейбiтшiлiк болғай!» деп, біріне-бірі татулық, тыныштық тілейді ғой. Ал, хақ дiн Исламның пайғамбары Әз Мұхаммед Ғалайһиссалам бір хадисінде «хайрұн нас, ман йанфағұн нас!», яғни «адамзаттың ең жақсысы, ең хайырлысы, адамзатқа ең пайдалысы!» деген. Пайғамбарымыз тағы да бiр сөзiнде «әс-салату ғимад-ұд-дин», яғни «дұға дiннiң дiңгегi, негiзi!» деген. Ислам ұғымындағы бейбiтшiлiк Аллаһ Тағаланың ризалығына ие болумен, яғни, жақсы ғамалдар iстеумен ғана пайда болады. Он төрт ғасырлық тарихында ғылымның, мәдениеттiң, әдебиеттiң ең озық және пайдалы үлгiлерiн мұралатқан хақ дiн Исламға және мұсылмандар хақында батыс өлшемдерiндегi атаулардың мағналары мен шығу тегіне мән берiлместен қолданылуы, бұл ғажайып байлық пен пәктікті жете түсiнбегендiктiң салдарынан дер едiм!
Ислам және түбірлес сөздер Құран Кәрімде мынандай мағнада қолданылған; құтылу, сәлеметте болу (68-сүре/43-аят), таза жүректі болу (26/89 және 37/84), бейбітшілік, амандық, азаттық (2/208, 8/61, 47/35), бейбіт бітім, тыныштық, татуластық (4/90-91, 16/28-87), жамандықтан, жауыздықтан ада болу, сәлемдесу (6/54, 7/46, 10/10, 11/69, 13/24 т.т.), берілу, тәсілім болу (19/33, 20/47, 8/43), құтылған, ыхыласты (2/71, 4/92, 4/125, 6/14 т.т.) /[2]/. Бір жолы, Мәдинедегі Хазраж руынан бір топ адам Расұлұллаһқа келіп, Ислам туралы сұрайды. Әбден ұғынып болған соң мұсылмандықты қабылдаған олар былай деген: «Біз өшпенділік пен күншілдік билеп алған бір қоғамның мүшелеріміз. Сенің дініңнің арқасында Аллаһ Тағала екі ру арасындағы өшпенділікті жояды деп үміт етеміз. Елімізге барып, үгіттеріңді түсіндіреміз. Аллаһ оларды сенің маңайыңда жинасын деп тілейміз!» /[3]/. Иә, Исламға дейін үнемі теке-тіресте, шайқаста болған Мәдинедегі Әус және Хазраж рулары мұсылмандықтан кейін татуласып, бауырласып кетеді.
Әлем тарихын парақтағанымызда мұсылмандардың әр дәйім бейбітшілік жағында болғанын көреміз. Үстіміздегі ғасырда болған уақиғалар осыны растайды. Сондықтан, әлемдік бейбітшіліктің басты кепілі мұсылман үмметі десек қателеспесбіз.
Пайғамбарымыз Мәдинеге келген соң (622ж.) қаланың саяси тұрақтылығы мен мұсылмандардың амандығын қамсыз ету мақсатымен іске кіріседі. Үйткені, Мәдине тұрғындары Мекке сықылды біркелкі араб факторларынан емес, сонымен қатар йаһұдилер мен басқа жамағаттарды да қамтушы еді. Бұған дейін Мәдинеде орталық билік пен қала тұрғындары ортақ ымыраға (консенсус) келген басқару жүйесі болмаған еді. Сахаба Әнес Мәлікұлының (614?-715?) үйінде мұсылмандар мен ғайри-мұслимдердің уәкілдерімен кездесулер ұйымдастырылып, барлығы келіскен ортақ жазба мәтін дайындалады. 623ж. Мәдине тұрғындарының барлығы ұйғарысқан осы келісімшарттың жазба нұсқалары бүгінге жеткен. Осы тоқтамды Мәдине Ислам Мемлекетінің «конституциясы» деп атайды ғалымдар /[4]/. Осы негізгі заңда қамтылған тақырыптар мен баптардан, және де Пайғамбарымыздан кейінгі халифалардың жаңа ашылған елдерде ұстанған жолынан мұсылман билігінің басқа мәдениеттерге кең рұқсат бергенін байқаймыз.
Исламият бөтен мәдениеттерді жатсынған емес. Қайта, оларды өзіне баулып, олардың жақсы жақтарын алуда ешқандай оқа көрмеген /[5]/. Пайғамбарымыздың түрік-соғды сауытын киюі, қытайдан әкелінген заттарды пайдалануы, түрік шатырында соғысқа шығуы, Арабыстанның төрт жағындағы Мысыр, Бизантия (395-1453), Сасани (224-651) қатарлы патшалықтарға елшілер жіберіп (630ж.) оларды хақ дінге шақыруы, тіпті император Ираклиймен хат алмасып тұруы, Оның күллі адам баласына жіберілген елші екенін растайтын айғақтар. Халифалық дәуірінде де басқа діндер қудаланған жоқ, қайта, олардың еркін жұмыс істеуіне рұқсат етілді. Мұсылмандар ғайримұслимдердің, ал олар мұсылмандардың шәкірті, ұстазы болды /[6]/. Тіпті, академик Бартольд (1869-1930) христиан ғұламалардың өз діндестерінен гөрі мұсылман шәкірттерінің көбірек болғанын жазады /[7]/. Бұл факт мұминдердің ғылымға деген талабының бәрінен де жоғары болғанын көрсетеді. Ғылымды кім іздесе және дамытса, әрине сол қызығын көрмек. Ғылымға кім көбірек үлес қосса, соның ғылымы билемек. Сондықтан, мұсылмандар ғылымның жетекшілігін қолға алған соң, эллинизмнің беделі төмендеді де мұсылман мәдениеті жоғарылады; араб тілі һәм мұсылмандардың һәм ғайри-мұслимдердің ғылым тіліне айналды. Халифа әл-Мансұр (709?-775) Бизантия патшасына хат жолдап математика туралы кітаптар жіберуін өтінген. Грек, ибрани (иврит), сұрия, парсы тілдерінен көптеген әдебиеттер арабшаға аударылды. Грекшеден тәржімелер сонау VII ғасырдың аяғы мен VIII ғасырдың бас шенінде басталды. Әбу Сұфйанның немересі, Йәзид Мағауияұлының (уаф. 683) баласы Халидтің ханзадалық дәуірінде кейбір астрономия, медицина, химия кітаптарын грекшеден арабшаға аудартқызғаны белгілі. Арабшадан да көптеген туындылардың кейінгі ғасырларда аталмыш тілдерге тәржімеленгенін байқаймыз. Ғайри-мұслимдер мұсылман билігінде алтын дәуірін бастан кешіріп жатқанда, Еуропадағы халықтардың тым примитивті өмір сүргенін байқауға болады. Академик Бартольд литовцылардың сонау XII ғасырға дейін, ал Хиндұқұштағы кафирлардың XIX ғасырға дейін жабайылар болғанын атап көрсетеді /[8]/.
Ешқандай мәдениеттің өздігінен пайда болмайтыны рас. Әлемді тамсантқан Ислам мәдениеті пайда болғанда өзінен бұрынғы Мысыр, Месопотамия, Грек, Парсы, Үнді мәдениеттерін пайдаланғаны, олардың Исламның өзегімен ұштасатын тұстарын алып, дамытқаны белгілі. Мәселен, әл-Фарабидің басқа дін мен басқа ұлттың өкілі болғанына қарамастан Стагирит Аристотелдің (м.б. 384-322) пікірлерін дамытқаны осының бір айғағы. Осы орайда айта кететін бір жәһіт; ерте дәуірдегі мұсылман зерттеушілері грек, ибрани, парсы, үнді және түркі тілдеріндегі көп мұраларды хатқа түсіру не аудару арқалы әлемдік мәдениеттің маңызды мирастарының сақталып қалуына үлкен үлес қосты. Егер мұсылман ғалымдары мен көрегенді билеушілерінің осы қызметі болмағанда, бәшәриет көп нәрседен махұрым қалар еді, бүгінгі өркениет сәуиесіне жете алмас еді.
Мұсылман ғалымдар бар ғылымын жұртшылықтың пайдалануына ұсынды. Ғылымды күнкөріс пен мәртебе алудың құралы деп көрмеді олар. Бір мисал келтірелік: Иран патшасы I Шапұр кезінде (241-272) Хұзистан аймағында Жұндишапұр деген қала орнатылады. Осы шағын қалашық Сасани билеушісі I Хұсраудың кезінде (531-579) патшалықтың екінші үлкен қаласына айналады. Мұнда атақты дәрігерлік мектебі пайда болады. Алайда, Жұндишапұрлық дәрігерлер өздерінің кәсіби сырларын тек өз топтарында ұрпақтан ұрпаққа қалдырып сақтайды да монополия мен кірістен айырылмас үшін басқа ешкімге білдірмейді һәм үйретпейді /[9]/. Аталған аймақ мұсылман билігіне қаратылғаннан соң ғана мұсылман ғалымдар олардың кейбір ғылымын ашып, пайдалана алған-ды. Алайда, Ибни Сина сықылды біртуар дәрігерлер болса жазған кітаптары тек мұсылман елдерінде ғана емес, сонау Еуропаның өзінде кем дегенде алты ғасыр бойы бас оқулық есебінде оқытылған. Со ғасырлардың ең мықты батыс елдерінде мұсылман ғалымдарымен салыстырарлық ілімдарлардың шыға алмағаны осыдан.[10] Бұл жөнінде Бартольд (1869-1930) былай дейді: «Исламның басты артықшылығы, мұсылман әлемінің сол дәуірдегі білімді халықтардың алдында болуы, әрине, материалдық һәм рухани мәдениет жағынан бірдей мәдени біріншілікті ұстауында жатады» /[11]/.
Мұсылмандардың басқа мәдениеттерге қамқорлық жасағанының енді бір белгісі олардың жер-су атауларын, кісі есімдерін өзгертпеуі. Күні бүгінге дейін мұсылман елдерінде Исламнан бұрынғы жағырапиялық атаулар сол қалпында (дыбыс үндестігінен басқа) қалғаны мұны растайды. Мисалы, Түркиядағы жер, су, қала, аудан атауларының басым көпшілігі грек тіліндегі бұрынғы атауымен қалған. Тек, түрік тілінің үндестік заңына сәйкестендірілген; Ыстамбұл, Анкара, Измир, Трабзон, Анталя, Бұрса т.т. бәрі де ежелгі атауында. Бұдан басқа Солтүстік Африкадағы Триполи (Либия), Константин (Жазайыр), Казабланка (Мағриб), Александрия (Ескендерие, Мысыр) т.т. айтуға болады. Жә, мұсылмандар тарапынан Испанияда, Портұғалияда, Балқан елдерінде салынған қалаларды санап шығуға сан жетпейді. Мисалы; Италиядағы Палермо қаласының негізін мұсылмандар қалаған.
Тарихта бірінші рет халифалықтар дәуірінде дүние жүзі мәдениеттері тығыз араласты; қиыр шығыстағы Қытай мәдениетінің жетістіктері батысқа, мұсылмандардың ғылыми-мәдени табыстары болса қытай еліне мәлім болды. Талас (751ж.) соғысынан кейін Атлант мұхитынан Қытай мұхитына дейінгі халықтардың бірін-бірі жақын тануына мұмкіншілік ашылды. Мұсылмандар 3 құрлықтағы билігінің арқасында халықтар арасында мәдени байланыстардың орнатылуына орасан зор үлес қосты. Халифалар батыстағы франк, герман, рим патшаларымен және шығыстағы қытай ханадандарымен тығыз мұғамалада болды; мәселен, қытай деректерінде халифалықтан 651-798жж. аралығында 37 рет, ал 908-1168жж. аралығында болса 49 рет елшілік келгені жазылған /[12]/.
Қорыта айтатұғын болсақ, тарихта мәдениет қатынастарының дамып, өзара бірігуі һәм кірігуі (интеграция) тек Исламнан кейін ғана мүмкін болды. Оған дейін мәдениеттер арасында өшпенділік пен пышақ сырты ғана байланыс болған болса, Исламмен бірге шығыс пен батыстың барша мәдениеттері жамырасып, үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Оған дейін белгілі бір мәдениетке ғана тән боп есептелген нәрселер мұсылмандардың арқасында бүкіл әлемдік мәртебеге ие болды. Мисалы, араб цифрлары деп атағы шыққан сандардың ежелгі дәуірде тек Үндістандықтарға ғана мәлім болғаны белгілі. Мұсылмандар осы цифрларды жетілдіріп қана қойған жоқ, оларды құр символдықтан шығарып, мағналы белгілерге айналдырды. Бәшериет тарихында бірінші рет нөл (сыфыр) цифрін мұсылман ғалымдар тапты уә еңбектерінде пайдаланды; мәселен, нөлді бірінші рет сан ретінде қолданған Мұхаммед Мұсаұлы әл-Хорезми (780-850) болды /[13]/. Арал теңізі маңында дүниеге келген дана бабамыз сонымен қатар 1-ден төмен қарайғы сандарды белгіледі, жүздік, мыңдық және ондықтарды жүйелеп, бөліп жазуды көрсетті. Оның бұл табыстары мүмкін тарихтағы ең маңызды ғылыми жаңалықтарға жатады. Үстіміздегі информация ғасырында, телекоммуникация дәуірінде мұсылмандар ашқан осы жаңалықтың қызығын бүкіл әлем көруде. Орыс тіліндегі цифр мен батыс тілдеріндегі cipher сөздері арабша нөл дегенді білдіретін «сыфыр» сөзінен алынған. Шындығында араб сандары рим сандарымен салыстырғанда қолданымы өте икемді һәм оңай. Әл-Хорезми ашқан бұл жаңалық Еуропаға тек X-XIIғғ. ғана мәлім болған; осы жаңалықты батысқа жеткізген Герберт есімді адамның абырой-беделінің артқаны соншалық, кейін ол Рим Папасы сайланған /[14]/. Оның есімі Папа Силвестер II болып, Еуропа тарихында қалды. Әл-Хорезмидің «Китаб әл-жәбір уә-л Мұқабала» (Алгебра мен теңдіктер кітабы) латын тіліне аударылғанда (XIIғ.) әл-жәбір сөзі алгебра деп аударылғандықтан осы сөз термин боп қалыптасты. Оның екінші бір кітабы латыншаға «Algorithmi de numero Indorum» деп аударылғандықтан, алгоритм сөзі тағы да терминге айналды.
Адам хұқұқтары жөніндегі үндеудің ХХ ғасырда ғана бекітілгенін ескерсек, он төрт ғасыр бұрын Раббымыздың Құран Кәримінде барлық адамдардың хұқұқтарын қорғау міндетін бұйырғанын көріп таң қаламыз:
«26/183: Адамдардың хұқұқтарын қыспаңдар! Жер бетінде бұзақылық шығарып, бүлік жасамаңдар!» /[15]/.
Міне, көптеген аяттар мен хадистер мұсылмандарды орта жолға, қанағаттылыққа, адамгершілікке шақыруда. Сондықтан, Аллаһ Тағаланың бұйрығын орындағысы келетін мұсылман ешқашан да экстремист, террорист т.т. бола алмайды. Ислам дініндегі автоконтроль жүйесі мұсылмандарды асыра сілтеушілікке жібермейді. Ислам дінінде дүниедегі өмір мен ахиреттің, құлшылық пен пендеуи өмірдің, дүнияуилік пен ұхрауиліктің балансы жасалған. Мұсылман сондықтан ифрат уә тәфриттен, яғни әр түрлі әсірешілдіктен аулақ болады. Қоғамдағы һәм жанұядағы орнын сақтайды, көршілерімен тату-тәтті қатынас орнатады, мемлекеттің дамуына үлес қосады. Мұсылмандар ешқашанда «құлатушы» болған емес, қайта «тұрғызушы» болған үммет. Ал, Ислам атын жамылып адамзатқа зиянды іс-әрекет жасаушылардан сақ болған жөн, олардың негізінде Исламнан басқа нәрселерді іздестірген жөн. Үйткені, Ислам діні күллі адамзатқа рахмет ретінде жіберілген дін. Басты мақсаты адам нәсілін қорғау, көркем ахлақты уағыздау, бейбітшілікті орнату. Дініміздің қадірін білейік ағайын һәм дінімізді қанаушыларға жол бермейік.

ҺӘШИЯЛАР:
/[1]/. Yeni Yüzyıl газеті, 28.03.1997 күнгі саны
/[2]/. Çanga, Mahmut., Kuran-ı Kerim Lugatı, Timaş Yayınları, Istanbul, 1994, 249-251 беттер
/[3]/. İbni Hişam, Siretü’n Nebeviyye, I-том, 267-бет
/[4]/. Büyük İslam Tarihi, Çağ Yayınları, Istanbul, 1992, 1-том, 263-бет. Көбірек мағлұматтану үшін осы мәтінді терең зерттеген профессор Мұхаммед Хамидұллаһтың мына кітаптарын оқыңыз: Muhammed Hamidullah, İslamda Devlet İdaresi, Istanbul, 1973; İslam Peygamberi, Istanbul, 1980; әл-Уәсаиқ ұс-Сиясия, Бейрұт, Лұбнан, 1969 ж.
/[5]/. «Ислам терпимо относился к местным традициям и в то же время удерживал их в приемлемых для себя рамках… все участвовали в формировании исламской культуры, сами развивались и сохранились под покровительством ислама». Қараңыз: Кривец, Е.А., Ислам в Центральной Азии, Леном, Москва, 1999, 23-бет
/[6]/. Бартольд, В.В., Культура Мусульманства, Москва, 1998, 23-бет: «Стремление каждого возвеличить свой народ и свою веру не мешало этим культурным элэментам учиться друг у друга; христианин мог иметь учеником мусульманина или язычника, и наоборот»
/[7]/. Бартольд, В.В., Культура Мусульманства, 24-бет.
/[8]/. Бартольд, В.В., Культура Мусульманства, 12-бет.
/[9]/. Бартольд, В.В., Культура Мусульманства, 22-бет.
/[10]/. Бартольд, В.В., Культура Мусульманства, 23-бет: «Даже самый передовой из восточнохристианских народов, сирийцы, не выдвинули ни одного ученого, который мог бы сравниться с Фараби, Ибн Синой и Ибн Рушдом»
/[11]/. Бартольд, В.В., Тюрки-Двенадцать лекции по истории турецких народов Средней Азии, Алматы, Жалын, 1993, 54-бет
/[12]/. Hee-Soo Lee, İslam ve Türk Kültürünün Uzak Doğuya Yayılması, Türkiye Diyanet Vakfı, Ankara, 1991, 40- беттер
/[13]/. Numeral Systems, Encyclopaedia Britannica, 15th Edition, 1994-1998
/[14]/. Numeral Systems, Encyclopaedia Britannica, 15th Edition, 1994-1998
/[15]/. Құран Кәрім, Шұғара сүресі (26), 183-аят

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!