Реферат: Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар
Тұрғындарды қорғау.
Төтенше жағдай дегеніміз – табиғат немесе өндіріс апаттарының зардаптарын күнделікті қызметпен, қаражатпен жоюға мүмкіндік бермейтін, ол үшін әдейі материалдық, техникалық, ақша қаражатын және адам күшін талап ететін жағдай.
Қазақстан мемлекетінің орналасқан жері – орасан зор, кең байтақ. Ол жерлерде табиғат апатының неше түрі: жер сілкіну, қар тасқыны, қатты жел, су тасқыны сияқты құбылыстар жиі болып жатады.
Зілзала – бұл кенеттен пайда болатын, халықтың қалыпты тірлігін күрт бұзатын, материалдық құндылықтарды үлкен шығынға ұшырататын, сондай – ақ адамдар мен хайуанаттардың өлім – жітімі болатын табиғат құбылысы.
Әрбір зілзаланың өзіне тән физикалық қасиеті, пайда болу себебі, қозғаушы күші, сипаты мен даму сатысы, қоршаған ортаға өзіндік ықпал ету ерекшелігі бар.
Зілзала кез – келген мемлекет үшін үлкен ауыртпашылық, келтірер залалы мол төтенше оқиға.
Қазақстан Республикасы аумағында мынадай зілзалалар болуы мүмкін: жер сілкінісі, сел, қар көшкіні, сырғыма, дауыл, су тасқыны, буырқасын, өрт.
Дүние жүзінде су тасқынына бүкіл зілзаланың 40 пайызы келеді екен, 20% — тропикалық циклондары, 15% — жер сілкінісіне, ал қалған 25% — зілзаланың басқа түрлері.
Каспий теңізі деңгейінің өзгеруіне, Арал теңізінің құруына, Балқаш көлінің таяздануына байланысты құбылыстар табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар арасында ерекше орын алады.
Жер сілкінісі.
Жер сілкінісі кенеттен пайда болады және қас қағымда өтеді. Жер сілкінісі – бұл жер қыртысында немесе мантияның үстіңгі бөлігінде кенеттен болған қозғалыс пен жарылыс нәтижесінде пайда болған, елеулі ауытқу түрінде, үлкен қашықтыққа таралатын жер асты дүмпуі мен жер астының қозғалысы. Бұл құбылыс жер асты дүмпулерінен, тербелістен болады. Әзірге ғалымдар жер сілкінісі қашан, қайда, қанша уақыт болатынын және қандай зардап әкелетінін тура басып айта алмай отыр. Сейсмикалық станциялардың көрсетулері – дәл емес. Жыл сайын жер бетінде 100 – ден аса жер сілкіністері болып тұрады.
Жер қыртысының тектоникалық қозғалысын тудыратын жер сілкінісі өте жойқын болып келеді.
Жер сілкінісінің барысында адамдар қаза болады, үйлер, жолдар, көпірлер, каналдар, тоғандар мен басқа да инженерлік ғимараттар, су құбырлары, канализация, электр беру жүйесі қирайды, байланыс желісі бұзылады, қар көшкіні, сел, сырғыма мен қопарылыс пайда болады. Тау жыныстарынан тастар құлайды, адамдарда үрей болады. Су асты және су жағалауындағы жер сілкінісі кезінде, теңіз түбінің қозғалыс нәтижесінде теңіздің гравитациялық толқындарынан цунами пайда болып, құрылыста үлкен бүлінушілік жасайды.
Жер сілкінісінің жойқын күші оның әсерінен болатын апаттар көпшілікке мәлім. Өйткені Қазақстанның 450 мың шаршы километр аумағында жер сілкіну қауіпі бар. Бұл аймақта 6 милионнан астам халық тұрады, 27 қала, 400 – ден астам елді мекендер бар. Еліміздің 40 пайызға жуық өндірістік әлеуеті осы аймақта шоғырланған.
Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласы сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Онда өнеркәсіптің негізгі қорының 30% — ы шоғырланып, тұрғын үй қорының 35% — на жуығы орналасқан, Республика халқының 40% — ы тұрады.
Халықты, аумақты және шаруашылық объектілерінің ықтимал жер сілкінісінен қорғау мақсатындағы шаралар мыналарды қамтиды: сейсмологиялық бақылау мен жер сілкінісінің болжамының республикалық жүйесін дамыту; сейсмикалық аудандастыру сапасын жақсарту; сейсмикалық төзімді ғимараттарды жобалау және салу; халықтың сейсмикалық білімін жақсарту; басқару; хабарлау және байланыс жүйелерін тұрақты дайындықта болуын ұйымдастыру; дамыту және қолдау; жер сілкінісі кезінде Азаматтық қорғаныс күштерін тарту және тұрақты дайындықта ұстау.
Азаматтық қорғаныс мен құралдарының және өзге де шараларға жер сілкініс салдарын жою жоспарына сәйкес өзге де шараларға басшылық жасау.
Сел.
Сел – тау өзенінің өз арналарынан кенеттен көтеріліп, деңгейінің күрт өзгеруі және тау жыныстары бұзылуынан болатын қуатты ағын.
Сел ұзақ нөсердің салдарынан, мұз бен қардың жылдам еруінен, моренді, мұзды өзендердің бұзылуынан, жер сілкінісінен, адамның шаруашылық қызметі нәтижесінен пайда болады. Тасқындардың басқа түріне қарағанда сел әдеттегідей үздіксіз емес, жекелеген толқындар мен 10 м/с және одан көп жылдамдықпен қозғалады.
Іле, Жоңғар, Талас Алатауының жоталарында, сондай – ақ Қаратай, Кетмен және Тарбағатай тауларындағы өзендер Қазақстандағы сел қауіпі күшті аудандар болып табылады.
Халыққа сел тасқынының жақындауы туралы хабарлаған жағдайда, сондай – ақ оның пайда болуының алғашқы белгілері білінген сәтте, ғимараттан тез шығып, бұл туралы төңіректегілерге ескертіп, қауіпсіз орынға бару керек. Өрт болмау үшін үйден шыққан кезде пешті сөндіріп, газ бұрандасын жауып, жарықты өшіріп, электр заттарын ажырату керек. Егер уақыт болса, қауіпті аймақтан малды айдап кеткен жөн. Халық қауіпті аудандардан уақытша қауіпсіз орынға көшіріледі.
Сел тасқынына тап болған адамға қолда бар барлық құралдармен көмек көрсету керек. Мұндай құралдар құрқарушылар беретін таяқ, арқан, сырық, шынжыр және т.с.с. болуы мүмкін. Тасқын ішіндегі адамды оның шетіне біртіндеп жақындата отыра, тасқынның бағыты бойынша шығару керек.
Сел қауіпі кезінде көшіруге қатысушы адамдар қауіпті жерлерден қарттар мен балаларды, аурулар мен өз бетінше жүре алмайтын адамдарды шығарады. Еңбекке қабілетті бүкіл халық тоғандарды нығайтуға, кедергілер тұрғызуға, ағызғыш каналдар қазуға міндетті.
Қар көшкіні.
Қар көшкіні – бұл қар массасының тау беткейі бойынша төмен қарай жылдам лықсуы.
Қазақстанда 95 мың шаршы км тау аумағы қар көшкіні қауіпіне ұшырайды.
Қазақстанда қар көшкіні қалың қар көп жауатын және қолайлы геоморфологиялық және топырақтық – ботаникалық жағдайлары бар Батыс Тянь – Шань, Алтай, Іле Алатауы мен Жоңғар Алатауының жоталарында.
Қазақстанның бүкіл таулы аудандарында қар көшкіні болып тұрады. Ол негізінен қардың түсуі мен күннің жылуына байланысты. Қар көшкіні болатын ең қауіпті кезең қараша – сәуір, биік тауда қазан – мамыр.
Тауда болған кез келген адам қысқы кезеңдегі таудағы қауіптерді, барша жұрт сақтауға тиіс сақтандыру шараларын білуге міндетті.
Тауда болған кезде қоршаған ортаға мұқият қарап, кездескен жабайы хайуанаттардың мінезін зерделеген жөн, сондай – ақ беткейдегі қардың төзімділігін қолда бар қауіпсіз әдістермен тексеру қажет.
Опырылмалар.
Опырылмалар – ауырлық күшінің әсерімен ылғалды топырақ массасының төмен қарай сырғуы. Тау жыныстарындағы және жартастардағы жекелеген жақпарлардың немесе құрғақ, тік, еңіс беткейлердегі жақпарлардың құлауы.
Опырылмалар Қазақстанның барлық таулы аудандарында болып тұрады. Олардың пайда болу себептері жерүсті және жерасты сулар мен топырақтың ылғалдануы, жер сілкінісі, сондай – ақ адамның шаруашылық қызметі болып табылады. Аса ірі опырылмалар тектоникалық ұсақталуға байланысты.
Тұрғындар қопарылманың басталғандығы туралы хабарды алған бойда үй – жайдан жылдам шығып, төңіректегілерге қауіп туралы ескертіп, қауіпсіз орынға барған жөн.
Қар басу.
Қар басу — табиғаттың тосын күштері көріністерінің бірі. Бұрқасынмен, қарлы боранмен тығыз байланысты. Ол бірнеше сағаттан бірнеше тәулікке дейін жауған қалың қардың әсерінен пайда болып, қалыпты тіршілікті бұзады, ал кейде адамдар құрбандықтарына, малдың шетінеуіне және материалдық құндылықтарының жойылуына әкеліп соғады.
Қар жауған кезде және одан кейінгі уақыттағы негізгі жұмыс түрлері: жоғалған адам мен малды іздеу; зардап шеккендерге алғашқы дәрігерлік көмек көрсету; жол бойындағы, үй – жай төңірегіндегі қарды тазалау; жолда тұрып қалған көлікке көмектесу; коммуналдық және энергетикалық желідегі аварияларды жою.
Жолдағы көктайғақ аса қауіпті, ал қиылысы көп жерлерде автомобиль қозғалысын мүлдем тоқтатуы мүмкін. Жаяу жүру өте қиын, әр түрлі заттардың құлауы және ұшуы өте қауіпті. Бұл жағдайларда ескі құрылыстардың маңынан, электр желілерінің және олардың діңгектерінің жанынан аулақ кеткен жөн.
Қар басуы, боран туралы хабарды алған бойда, уақыт болса, жалпы қоршаулар, жолдағы ғимарат шетінен 15 – 20 метр қашықтықта жел соғатын жақтан қалқандар орнатылады.
Су тасқыны.
Бұл құбылыс та біздің елімізде, жерімізде жиі болып тұрады. Тек соңғы бес жылдың ішінде, Атырау облысының өзінде ғана бірнеше су тасқыны болды. Бұл өзгерістердің барлығы тек табиғат күштерімен ғана болып жататын құбылыстар.
Табиғи өрттер.
Қазақстан Республикасында табиғи өрттердің негізгі түрлері ландшафты өрттер – орман, орманды дала, дала өрттері болып бөлінеді.
Ормандағы өртті сөндірудің негізгі жолы суды пайдалану, ал ол мүмкін болмағанда өртті қолда бар құралдармен сөндіруге күш салады. Мысалы, отты топырақпен көму, оттың шоғын бұтамен жанып кеткен жерге қарай сыпыру, қарсы от қою, тулақты немесе киізді пайдалану т.с.с.
Ормандағы өрттердің 80 пайызы халықтың еңбек немесе демалыс орындарында өрт қауіпсіздігі шараларын бұзуынан сондай – ақ орманда ақаулы техниканы пайдалану нәтижесінде болады.
Орманның жоғарғы жағындағы өртті сөндіру қиын, сондықтан оны кедергі жасау, күйдіру және суды пайдалану арқылы сөндіреді. Бұл жағдайда кедергінің ені ағаш биіктігінен кем болмауы керек, ал жоғарыдағы өрт аумағының алдындағы күйдірілетін кедергінің ( жердің ) ені кемінде 150 – 200 м өрт қанаттарының алдында кемінде 50м болуға тиіс.
Өрт адамдарға психологиялық тұрғыдан үлкен әсер етеді. Тіпті кішігірім өрттің өзінде адамдарды жаппай үрей билеуі адам шығынына алып келуі . Өзін – өзі ұстап үйренген адам қиын сәтте өз өмірін құтқарып қана қоймай, басқа адамдарды, материалдық құндылықтарды да құтқара алады.
Егер сіз орман өртін сөндіру жөніндегі топқа кірсеңіз панахана орны мен оған апаратын жолдарды жақсы білуіңіз керек. Оттан қорғайтын киім киіп, керекті жарақтарды пайдалану керек, әр топта сол аймақты жақсы білетін жол серік болғаны дұрыс. Егер түтіндену аймағындағы көру шегі 10 метрден аспаса, онда оған кіруге болмайды.
Өрттен адамдарды құтқару кезінде өте жылдам әрі тиімді қимылдау қажет, себебі түтін, улы газ, жоғары температурадағы ыстық, ғимараттың құлауы, тез жанатын және улы газ бөлетін заттардың болуы сияқты қауіптер кез – келген жерден шығуы мүмкін. Жанған ғимарат арқылы үсті – басқа ылғал мата жауып, түтіннен жорғалай немесе тізерлей қозғалу керек.
Көп қабатты ғимараттарда, егер подъезден шығуға мүмкіндік болмаса, балконды, апатты люк пен балкондағы баспалдақты, көрші подъезд арқылы, құтқаруға арналған төбенің люгін пайдаланыңыз. Құтқару жұмысына қатысатын адам, алғашқы медициналық көмекті көрсете білуге тиіс.
Таудың су тасқыны.
Таудан аққан көп су аз уақыт ішінде дүлей күшке айналып, жолындағы тау тастарын, топырақтарын ала төмен құлайды. Олардың биіктігі 10–20 метрге, кейде 40-50 метрге дейін жетеді. Құлау шапшаңдығы 3-5 метрді құрайды. Су тасқынының пайда болу себептеріне таудағы жауынның ұзақ болуын, мұздың кенеттен мол еруін, сол жердің топырағының бостығын, тас жиынтығының көптігін жатқызуға болады.
Республика бойынша 300 – ден аса осындай қауіпі бар тау бассейндері бар. Әсіресе қауіпті жерлерге Іле, Жоңғар, Талас, Алатау, Қаратау, Кетмен, Тарбағатай таулары жатады. Бұл тауларда осындай тасқындар жыл сайын болып тұрады.
Тау су тасқынынан сақтану жолдары:
— Жауын уақытында және жауын өткеннен кейін 2 күндей тауға шықпау.
— Тауда тек бұрын адам жүрген жолдармен жүру.
— Жазда тауда түс қайтқанда, күн қызғанда жүрмеу.
— Тұманды күні тауға шықпау.
— Тауда жүргенде айқайламау, шуламау ( дауыс ауаға әсер етеді, ауа қарды қозғап жіберуі мүмкін ).
— Қар басқан тау бөктеріне жақындамау.
— Егер тасқын жылжып келе жатқанын сезсеңіз, оның жолынан шығуға тырысу.
— Күделікті теледидар, радиодан берілетін хабарларға көңіл аударып жүру.
Дауыл.
Дауыл – жойқын күші бар және едәуір созылатын, 30 м/с жылдамдықпен соғатын жел.
Дауыдардың пайда болуына ауа айналымының ерекше жағдайында пайда болып, атмосферадағы тепе — теңдіктің өте жоғары жылдамдықпен аяқ астынан бұзылуы әсер етеді.
Дауыл үлкен бүліншілікке ұшыратып, адам құрбандықтарын алып келеді, малдар шетінеп, материалдық залал келтіреді.
Ең қауіпіті аймақта тұрғын үй салуға тыйым салынып, ал қалған аймақтарда сейсмикалық аудандар үшін қабылданған құрылыс нормалары енгізіліп, онда пайдаланылатын материалдардың қолайлы үлгілері көрсетілуге тиіс. Дауыл өзінің алапат күшімен инженерлік ғимараттарға жер сілкінісінен кем әсер етпейді.
Шаңдақ дауыл – бұл күшті жел салдарынан шаңның, құмның, топырақтың, тұздың және көлемі 1мм аз басқа да бөліктердің ауаға көтерілуі.
Қазақстан аумағында шаңдақ дауыл – сәуір, мамыр және қыркүйек айларында жиі байқалады.
Дауылдың жойқын салдарын төмендетудің тиімді шарасы, ол – таянған дауыл қаупін тұрғындарға дер кезінде хабарлау және дауыл болып тұратын аудандағыларды осыны ескере отырып орналастыру. Ең қауіпті аймақта тұрғын үй салғызбай, ал қалған аймақтарда сейсмикалық аудандар үшін қабылданған құрылыс нормаларын енгізіп, бақылауға алып көмектесу керек.
Дауылдың жақындағаны туралы хабарды алған соң, мына іс — әрекетті жүзеге асыру қажет:
панахананы, жертөлені әзірлеу; есікті, терезені, шатырдағы люкті нығыздап жабу; саңылауларды бекіту; төбеден, лоджиядан, самалдықтан жел ұшырып кету қауіпі бар заттарды шығару; даладағы заттарды бекіту және үйге кіргізу; газды, электр жүйесін ажырату, суды жабу; пешті сөндіріп, қажет болса қорғаныс панаханаларына барып орналасу керек.
Өндірісте барлық сыртқы жұмыстарды тоқтату, қондырғыларды бекіту, агрегаттарды, механизмдерді ажырату және панаханаларға жасырыну, ауылды жерлерде фермалардағы мал үшін жемнің, судың қорын даярлау, панаханада радиоқабылдағышты тұрақты қосып қою керек. Ғимарат ішінде болғанда әйнек, шыны сынықтарынан және жарықшақтардан сақтанған жөн. Далада қалған кезде ең жақын шұңқырды, жел өтінен сақтайтын жерлерді іздеу керек немесе жерге етпетінен жатады. Орманда қалғанда ең жақсысы ашық алаңға шыққан жөн, нөсерлі дауыл, найзағай жарқылдаған кезде жалғыз тұрған ағашқа жасырынбаңыз, электр беру желілерінің діңгектеріне жақындамаңыз. Дауылды жел, қарлы боран кезінде үйден тек ерекше жағдайда ғана бірнеше адам болып шығады. Шаңдақ дауыл жақындағанда үйде есік пен терезені нығыздап жауып, ғимараттан шықпаған жөн. Үй хайуанаттарын қораға немесе ғимарат ішіне қамау керек.
Егер сіз ауылдан алыс жердегі құмдақтағы жайылымда болсаңыз, малды тасаға қажет. Жақын жерде сексеуіл, шеңгел тәрізді бұталы жерде малды ұстай тұрған жөн.
Егер дауыл кезінде елді мекеннен қашықта болсаңыз, көру қашықтығы азайып, адасып кету қаупі туса, онда қозғалысты тоқтату қажет. Егер адассаңыз, жарақат алсаңыз, онда өз орныңызды білдіру мақсатында түтіні қатты шығатын матаны, бұтаны, көк шөпті жағып, дыбыс беріп, алыстан көрінетін ашық затты биік жерге іліп, қам жасағаныңыз жөн.
Егер шаңдақ дауыл кезінде жапан далада қалсаңыз киімдеріңізді түймелеп, бас киімдеріңізді киіңіз. Көзіңізге шаң мен тас, қоқым түспес үшін арнайы көзілдірік киіңіз. Егер қандай да бір жамылғы болса, оны шаңнан суық желден, дененің суынуынан қалқа ретінде пайдалануға болады.
Дауылдан, бораннан, буырқасыннан кейін құтқару бөлімшелері еңбекке жарамды тұрғындармен бірге жасырынған, жарақаттанған адамдарды шығарып, қауіпсіз жерге немесе емдеу мекемесіне апарады.
Су басуы.
Су басуы — өзен, көл немесе теңіз суының деңгейінің көтеріліп, жердің белгілі бір бөлігінің су астында қалуы. Ол елді мекендердің су астында қалуына, адам мен малдың өлім – жітіміне алып келеді.
Көптеген су басудың негізгі себептеріне нөсер жаңбыр жаууы, қардың, мұздақтардың үздіксіз еруі жатады.
Сырғымалар, бөгеттерден, тоғандардың кенет бұзылуынан пайда болатын су басу өте қауіпті болады.
Судың көтерілуінен болатын су басуы Қазақстанның барлық аймақтарындағы өзендерде болып тұрады. Оңтүстік Қазақстан өзендерінде мұндай құбылыстар ақпан – наурыздан, оңтүстік – шығыс және Шығыс Қазақстанда – наурыз – шілдеде, республиканың жазықтағы өзендерінде – наурыз – маусым айларында болады.
Су тасқыны апаты кезінде мүмкіндігінше төменгі жерден жылдам кетіп, биік жерлерге көтерілу қажет.
Республика аумағындағы көптеген тасқындардың су деңгейінің көтерілуінің болатындығынан белгілі. Алдын алу жұмыстарының тұтас жүйеісі бар: судың басуы болатын аумақтағы тасқын судың арнасын бұру; су қоймасы, бөгет, тосқауыл тұрғызу; жағаны биіктету және су түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу; ғимараттар мен үй – жайларды судан оқшауландыру қондырғысын қою; қысқа бұталы ағаштар отырғызу; жүзу және құтқару құралдарын жасау және даярлау; толқын соққыларына төзетін күрделі құрылысты тұрғызу; отбасының барлық мүшелерін жүзуге үйрету; қайықтың болуы; жақын орналасқан биік жерді білу; жақындаған зілзала туралы хабарды алуға дайын болу; тұрғын үйдің жанына топырақ салынған тосқауылдар қою, топырақ төгу.
Су басқан аумақтағы адамдарды іздеу шұғыл ұйымдастырылып, осы жұмысқа АҚ және ТЖ құрамалары, әскери бөлімдері, жүзу құралдарының экипажы мен басқа барлық қолда бар күш пен құралдар тартылады. Құтқару жұмыстары кезінде ұстамдылық танытып, құтқарушылар талабын бұлжытпай орындау керек. Жүзу құралдарына шектен тыс салмақ алуға болмайды, өйткені бұл адамдардың өміріне қауіпті. Көмектің бірінші кезекте балаларға, ауру адамдар мен қарттарға көрсетілетінін есте ұстаған жөн…..