Реферат: Социологиялық зерттеу
Социология ғылымының пайда болуы мен дамуы өмірлік тәжірибеден алынған мағлұматтарды талдаумен тығыз байланысты. Социологиялық зерттеулер дегеніміз – зерттеліп отырған нысан туралы объективті мағлұматтар алу мақсатындағы бір-бірімен өзара байланыста жүргізілетін логикалық, методологиялық, тәсілдік және ұйымдастырушылық-техникалық амалдар жиынтығы. Нақтылы социологиялық зерттеулер:
— қоғамдағы әлеуметтік құбылыстар мен процестердің шынайы сипатын білуге жағдай жасайды;
— әлеуметтік байланыстарды дамытудағы қайшылықтар мен тенденцияларды айқындауға мүмкіндік береді;
— экономикалық, саяси және әлеуметтік дамудың бағдарын айқындауға көмектеседі;
— қоғамдық процесс жолдарын анықтауға жағдай жасайды.
Социологиялық зерттеулер теориялық сипаттағы методологиялық тұжырымдамаларды және нақтылы әлеуметтік құбылыстарды немесе процесстерді зерттеуге арналған әдістерді қамтитын бағдарламалар жасаудан бастау алады.
Социологиялық зерттеулер әлеуметтік процесстер мен құбылыстарды танудың тек бір құралы ғана болып табылады, сондықтан да оның нәтижесін асыра дәріптеуге болмайды. Бірақ ол басқа тәсілдердің жанында біздің қоғамды тану мүмкіндіктерімізді арттыра түсетін, объективті мағлұмат алудың маңызды құралы.
Қолданбалы социологиялық зерттеулер әлеуметтік теориялардың тәжірибелік негізін құрайтын деректерді немесе тапсырыс берушілердің (мекемелердің, қоғамдық ұйым өкілдерінің, партиялар мен қауымдастықтардың, мемлекеттік басқару органдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының) нақтылы практикалық қажетін қанағаттандыра отырып, дербес, нақтылы-қолданбалы ұғымға ие болатын мәлімет жүйелерін алуға бағытталған. Ол теориялық болжамдарды дәлелдеу немесе жалған екенін анықтау мақсатында жүзеге асады. Қолданбалы социологиялық зерттеулер бір-бірінен зерттеу қызметінің сипаты мен мазмұны, қалыптары мен амалдары арқылы ерекшеленетін бірнеше кезеңнен өтеді. Бұл кезеңдер түпкі мақсат логикасына өзара байланысып жатады. Қолданбалы социологиялық зерттеулер негізінен төмендегідей кезеңдерге бөлінеді: 1) дайындық кезеңі; 2) жорық кезеңі; 3) мағлұматтарды таладу және социологиялық зерттеудің қорытынды құжаттарын дайындау кезеңі.
Қолданбалы социологиялық зерттеудің дайындық кезеңінде әртүрлі жұмыстар, ғылыми және практикалық амалдар атқарылады. Дайындықтың сапалылығы болашақта жиналатын мағлұматтардың сапалылығын қамтамасыз етеді. Бұл кезеңде тақырып анықталып, теориялық тұжырымдама, бағдарлама жасалады, іріктеу өлшемдері анықталады. Мағлұмат жинауға арналған әдістемелік құжаттар жасалып, зерттеу ауқымы мен құралдары анықталады, зерттеу топтары қалыптасады, жұмыс кестесі жасалады, ұйымдастыру шаралары жүргізіледі, жұмысты материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуге байланысты мәселелер шешіледі.
Жорық кезеңі ( немесе алғашқы әлеуметтік мағлұматтарды жинау кезеңі ) мағлұматтарды «алаңнан» (жеке адамдардан, аудиториялардан, сыныптардан, үйден, мекемеден, т.б.) жинаумен айналысты. Мағлұматтарды зерттеу бағдрламасына сәйкес, әртүрлі сұрау жүргізу (анкеталық, сұхбаттық, эксперттік, т.б.) бақылау, құжаттарға талдау жасау, эксперимент сияқты тәсілдер көмегімен жиналады.
Мағлұматтарды өңдеуге дайындау және өңдеу кезеңінде жиналған мағлұматтардың барлығы іріктеу өлшемдерінен ауытқуын тексеру тұрғысынан зерттеледі. Тексеру жұмысы әдістемелік құжаттардың дәлдігі мен толықтығына байланысты. Мұнымен қоса бұл кезеңде ашық сұрақтарды кодпен белгілеу жүзеге асады. Мағлұматтарды компьютерде өңдеудің логикалық бағдарламасы жасалады. Кейбір жағдайларда, (мағлұматтар аз болғанда) мағлұматтарды өңдеу қолмен атқарылады.
Мағлұматтарды талдау және социологиялық зерттеудің қорытынды құжаттарын дайындау кезеңі – қорытынды кезең. Талдаудың методологиялық негізі – дайындық кезеңінде жасалған зерттеу бағдарламасы болып табылады. Талдау тәсілі социологиялық зерттеудің түріне, оның мақсаты мен міндетіне байланысты таңдап алынады. Талдау барысында алдын ала жасалған ғылым болжамдарды құптау немесе жоққа шығару туралы қорытынды жасалады, әлеуметтік байланыстар, тенденциялар, қайшылықтар, парадокстар, жаңа әлеуметтік мәселелер аңғарылады. Сонымен қатар, жасалған жұмыстардың нәтижелері айқындалады. Қорытынды құжат зерттеудің түріне және тапсырыс берушінің өтінішіне байланысты жасалады.
Зерттеудің сандық-сапалық талдау деңгейіне, шешілетін мәселелердің ауқымына және қиындығына қарай қолданбалы социологиялық зерттеулерді негізгі үш топқа бөліп қарастырады:
— прогноздық социологиялық зерттеулер;
— сипаттамалық социологиялық зерттеулер;
— талдамалық социологиялық зерттеулер;
Прогноздық, барламалық зерттеу өзінше бір сынақ болып есептеледі және негізгі жұмысқа дайындық сапасын тексеруге арналады. Оның қамтитын зерттеу ауқымы шағын болады және жеңілдетілген бағдарлама мен шектеулі зерттеу құралдарына негізделеді. Барламалық зерттеу кезінде болашақ негізгі зерттеудің барлық құрамдас бөліктері тексеруден өтеді, оның міндеттері және болжамдары анықталады, негізгі ұғымдарды операцияландыру сапасы тексеріледі, зерттеу құралдары анықталады, зерттеу ауқымының щекаралары нақтыланады, зерттеу барысында кездесуі мүмкін қиындықтар қарастырылады, мағлұматтар жинау тобы тәжірибе жинақтайды. Барламалық, прогноздық зерттеулердің нәтижесінде жаңа болжамдардың қалыптасуы және шұғыл әлеуметтік мәліметтердің жиналуы жиі кездеседі. Іріктеу көлемін анықтаудың арнайы бір мөлшері жоқ, әдетте зерттелетін ауқым 50-100 адамнан құралады, бірақ мөлшер зерттеу мақсатына жету үшін маңызды болып саналатын респондент топтарының барлығын қамтуы қажет.
Сипаттамалық зерттеу – нақтылы социологиялық талдаудың күрделенген түрі. Өзінің алдына қойған мақсаты мен міндетіне сәйкес ол зерттеліп жатқан құбылыс туралы және оның құрамдас бөліктері жайында толық мағлұмат беретін тәжірибе деректерін пайдаланады. Сипаттамалық зерттеу жеткілікті түрде өңделген бағдарламалар мен әдістемелік түрғыдан талдап алынған құралдар көмегімен жүзеге асырылады. Сипаттамалық зерттеу, көбінесе, талдау нысаны әртүрлі сипаттамалармен ерекшеленетін үлкен қауымдар болған кезде қолданылады. Бұл жағдайда зерттелінбек сипаттамаларды салыстыруға, ол сипаттамалардың өзара байланыстар орнатқанын, не орнатпағандығын айқындауға болады. Сипаттамалық зерттеудегі мағлұмат жинау тәсілін айқындау зерттеудің міндеті мен бағытына қарай анықталады.
Талдамалық зерттеудің мақсаты – зерттеліп жатқан құбылыстың құрамдас бөліктерін сипаттау ғана емес, сонымен бірге оның негізінде жататын және сипаты мен ерекшелігіне себепші болатын құбылыстарды анықтау. Бұл – социологиялық талдаудың ең күрделенген түрі. Сондықтан тиянақты жасалған даярлықты, бағдарламаны және зерттеу құралдарын қажет етеді. Талдамалық зерттеуде қолданылатын әлеуметтік мағлұматтарды жинау тәсілікешенді сипатқа ие, бұл жерде бір-бірін толықтыратын сұрау салу, құжаттарды талдау, бақылаудың әртүрлі үлгілері қолданылуы мүмкін.
Мұндай зерттеу кезінде, зерттеу нысандарының жағына қарай бөлінуі өзгеріссіз қалып, зертелінбек тарихи уақыт пен когорталар өзгеріп отырады. Мәліметтер бірдей әлеуметтік жағдайдағы нысандар зерттеле отырып алынады.
Тарихи және когорталық бағыттың екеуі де адамның жекелеген тұрмыс-тіршілік жолдарына талдау жасауға мүмкіндік бермейді. Бұл үшін панельдік және лонгитюдтік зерттеулер жүргізіледі.
Панельдік зерттеу жүргізу барысында бұрын зерттелген адамдар тобы бірдей уақыт аралығы арқылы қайта тексеріледі. Қайталану жиілігі, сондай-ақ, тексеру ұзақтығы әртүрлі болу мүмкін және тексерістер арасындағы уақыт аралығы зерттеушінің өз қалауымен белгіленеді. Бірақ бірдей әдістеме қолданылады. Панельдік зерттеу барысында бұрыңғы бірлікті қатаң сақтау зерттеліп жатқан нысандардың жекелеген өзгерістері туралы мағлұматдұрыстығының маңызды шарты болып табылады.бір панельдік зерттеуден екінші панельдік зерттеуге дейін бұрыңғы іріктеудің сақталмауы үлкен кемшілік болып саналады. Бір рет іріктелінген топ уақыт өте келе негізгі зерттеу нысанына қатысты типін жоғалтып, олар туралы берілген мәліметтер құндылығынан айырылады. Сондықтан панельдік зерттеулер жүргізіліп жатқан нысан көлемі мен құрылымына қарай барынша тұрақтылығын сақтап қала алатындай уақыт аралығында жүргізілгені жөн.
Егер қайта тексеріс кезеңі зерттеліп жатқан нысанның түп төркініне үңіле отырып, нақтыланған даму сатысының жетістікке жету бағытына қарай іріктелген болса, онда бұл түрдегі зерттеулер лонгитюдтік деп аталады. Панельдік зерттеулерде тексеру нысаны ретінде әртүрлі жас топтары қарастырылса, лонгитюдтік зерттеуде тек серпімді дамушы топ ретіндегі жастар қарастырылады. Лонгитюдтік зерттеулердің қайта тексерудің басқа түрлерімен салыстырғандағы айырмашылығы – қарастырылып жатқан нысандардың даму процестерін түсіндіруге, сол нысан ішіндегі топтардың ерекше түрлерін анықтауға, әртүрлі әлеуметтік топтардағы индивидтердің қалыптасу тенденциясына талдау жасауға, қарастырылып жатқан белгілердің өзгерістерін айқындап, олардың даму процесінің детерминанттарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Лонгитюдтік зерттеу жүргізу ұзақ методологиялық және әдістемелік даярлықты және біршама уақыт пен қаржыны қажет етеді. Бұл жағдайда зерттеудің біркелкілігі сақталуы қажет.
Когорталық және тарихи зерттеу бағыттарын, панельдік, әсіресе, лонгитюдтік қайта зерттеудің барлық түрлерін жүргізу барысында компьютерлік мәліметтер базасын құру және арнайы бағдарламалық құрал-жабдықтарды қолдана отырып, алынған материалдарды өңдеу олардың нәтижелігінің басты шарты болып табылады.
Қоғамдағы басқару жүйесін жетілдіріп, әлеуметтік құбылыстарды жедел талдауды ұйымдастыру үшін саяси, экономикалық және әлеуметтік мазмұндағы күрделі мәлімет ағындарын қабылдап, талдап отыру қажет. Әдетте, жүйеленбеген, салыстыруға келмейтін мұндай мәліметтер әртүрлі тәсілдер арқылы жиналып, әртүрлі каналдардан келіп түседі. Нақтылығы әртүрлі деңгейдегі бұл мәліметтер кейде қосарланып түседі және бірі толық, екіншісі кемшіл соғып жатады. Сондықтан әлеуметтік шындықтан сенімді мағлұмат алу үшін белгілі бір аймақта, елді мекендерде әлеуметтік өзгерістерді барынша анық көрсететін, салыстырмалы түрде оңай жіктеліп, жүйеленіп, сандық түрде талданып қорытылатын мәліметтерді арнайы жинап өңду қажет.
Қоғамда кездесетін құбылыстармен процестер туралы үздіксіз, шұғыл мәліметтер алатын әлеуметтік мониторинг жүйесі бұл секілді мәселелерді шешудің нәтижелі жолы болып табылады. Социологиялық мониторинг – келіп түскен мәліметтерді жазып алуға, сақтауға және алғашқы талдау жасап шығуға мүмкіндік беретін біртұтас жүйе. Ол берік методологиялық базаны және оны іске асыру үшін қажетті техникалық жабдықтарды қажет етеді.
Социологиялық мониторинг жүйесін екі салаға: әлеуметтік мониторинг және статистикалық мониторинг деп бөліп қарастыру қажет.
Әлеуметтік мониторинг қоғамда болып жатқан өзгерістерді қадағалап отырудың біртұтас жүйесі болып табылады. Оның басты міндеті – жаңа, қажетті және жүйеленген мәліметтерді бірден емес, белгілі бір уақыттарда жүйелітүрде алып тұру болып табылады.
Әдетте, аса зәру проблемалар бойынша әр айда, тоқсанда экспресс сауалнамалар өткізіліп тұрады.
Статистикалық мониторинг – сандық сипаттамалар, нақтырақ айтқанда қоғам өмірінің түрлі жақтары туралы статистикалық көрсеткіштер мен коэффициенттер алу жүйесі. Оның басты мақсаты саяси, экономикалық, әлеуметтік т.б. құбылыстарды тиімді талдауға қажетті әлеуметтік және экономикалық статистика көрсеткіштерін жинап беру болып табылады.
Әлеуметтік және статистикалық мониторингтер түрліше мағлұматтар береді: әлеуметтік мониторинг түрлі мәселелерге қатысты адамдардың субъективтік пікірлерін білдірсе, статистикалық мониторинг объективті сандық көрсеткіштердің көмегімен түрлі құбылыстарды сипаттайды. Бірақ та әлеуметтік және статистикалық деректер сипатының түрліше болуына қарамастан әлеуметтік және статистикалық мониторингтер жүйесін ұйымдастыру принциптері бір-біріне сай келеді, бұл екеуі біріге келе әлеуметтік мониторингтік біртұтас жүйесін құрайды.
Сонымен, әлеуметтік мониторинг дегеніміз – қоғам өмірінің аса зәру проблемалары жайлы әлеуметтік және статистикалық, мәліметтер алу, өңдеу және сақтаудың тармақталған жүйесі. Әлеуметтік мониторингтің негізгі сипаты:
1) елдегі аса елеулі құбылыстарды қамтып отыруы;
2) әлеуметтік және статистикалық көрсеткіштердің белгілі бір тұрақты түрлерінің болуы;
3) пайдаланудың қажетсінуіне қарай өзгеріп отыратын, сөйтіп мониторингтің икемділігін қамтамасыз ететін уақытша көрсеткіштердің болуы;
4) мәліметтерді байланыс каналдары арқылы ортадық есептеу орталығына беру, оларды өңдеу және сақтау жүйесінің болуы;
5) мониторингті біртұтас ұйымдық орталықтан жүргізу;
6) бар мәліметтерді пайдалануды ұйымдастыру.
Әлеуметтік мониторинг жүйесі қызметінің аса мақызды міндеті әлеуметтік және статистикалық мәліметтерді кешенді түрде өңдеуді ұйымдастыру болып табылады. Мұндай мәліметтерді алу адамдардың іс-әрекетінің заңдылықтарын объективті негіздеуге мүмкіндік береді, адам мүдделері, құндылың бағыттары, сарындары, мақсаттары дәл сипатталатындықтан да әлеуметтік және статистикалық мәліметтерді өзара салыстыру қиындығы едәуір азаяды. Бірыңғай орталықтың болуы сұрыптауды дәл жүргізуді қамтамасыз етеді, зерттелінетін нысанның бір сарындылығын қадағалау алдын-ала жасалынған өлшемдер бойынша алынған мәліметтерді салыстыра қарауды жеңілдетеді.
Әлеуметтік мониторингті жүргізгенде мәліметтер жинаудың мынандай принциптері сақталуы қажет:
1) әлеуметтік және статистикалық бақылаудың бір территорияда немесе әкімшілік аймақта жүргізілуі;
2) әлеуметтік және статистикалық мәләметтер жинау мерзімінің жоспарлылығы;
3) мәліметтер алудың бырыңғай формаларының болуы;
4) әлеуметтік және статистикалық мәліметтерді салыстыру өлшемдерінің жасалуы;
5) бырыңғай әлеуметтік аңпарат банкінің болуы, оның сақталуы және толықтырылып отыруы.
Елдің басқару жүйесін, әлеуметтік ғылымды қоғам өмірі туралы туралы сапалы мәліметтермен қамтамасыз етіп отырумен бірге, әлеуметтік мониторинг кез-келген адамды, оны қызықтыратын барлық мәселелер бойынша материалдармен жабдықтай алатын болуы керек. Мониторинг жүйесінде пайдаланушыны бағдарламалық жағынан қамтамасыз ету аса маңызды. Оған мынандай міндеттер жатады:
1) түсінуге оңай мәліметтер ұсыну;
2) пайдаланушының мақсатына орай мәліметтерді тез тауып сұрыптау,
3) сұрыпталған мәліметтерді өңдей әдістерімен өңдеудің әдістерімен өңдеудің нақтылы нәтижелерін рәсімдеу формаларын таңдауға мүмкіндіктер беру.
Тұтынушыларға ақпараттық қызмет көрсетуді жаңаша ұйымдастыру – социологиялық зерттеудің сапасы мен тиімділігін арттырудың аса маңызды бағыты және қазіргі заманғы әлеуметтік мониторингтің негізгі мінднттнрінің бірі.
Социологиялық зерттеу бағдарламасы
Қолданбалы социологиялық зерттеу бағдарламасы зерттеудің барлық кезеңдерін жүргізудің теориялық-методологиялық негізін – мәліметтер жинау, оларды өңдеу мен талдауды қамтимды. Бағдарлама ғылыми құжат ретінде бірқатар талаптарға жауап беруі тиіс. Бағдарлама метологиялық, әдістемелік және ұйымдастырушылық ұйымдастырушылық сипаттағы түрлі қызмет атқарады. Бағдарлама қарастырылатын проблеманы дәл айқындауға, зерттеудің мақсаты мен міндетін белгілеуі, зерттеу нысаны мен пәнін анықтап, алдын ала талдаулар жүргізуге, болжамдар жасауға, негізгі ұғымдарды бөліп алуға, олады түсіндіріп, тексеруден өткізуге мүмкіндік беруі қажет. Бұл – оның метологиялық қызметі болып табылады. Бағдарламаның мұндай қызметі осы зерттеу жұмысында бұрын осы іспеттес проблемалар бойынша жүргізілген істерге белгілі бір көзқарастың қалыптасуынан да көрінеді. Бағдарламаның методологиялық бөлігі не зерттелінеді деген сауалға толық жауап беруі тиіс.
Әдістемелік және ұйымдастырушылық қызметті бағдарламаның екінші бөлігі орындайды. Онда зерттеудің қалай жүзеге асатындығы, мәлімет жинаудың қандай әдістері қолданылатындығы, сұрыптаудың қалай жүргізілетіндігі, алынған мәліметтердің қалай өңделіп, талданылатындығы көрсетіледі. Осылардың барлығы әдістемелік қызметтің мәнін білдіреді. Ұйымдастырушылық қызметті бағдарламаның зерттеу процесін нақтылы да тиімді ұйымдастыруды қамтамасыз ететін жұмыс жоспары, зерттеу ұжымының әр мүшесінің міндеттері, тапсырманы орындау мерзімі, жұмсалатын шығын көрсетілген бөлігі атқарады.
Бағдарламаның бірінші әдіснамалық тарауында бірнеше құрамдас бөлімдер болады. Оларға:
1) проблеманы талдау мен проблемалық жағдайды анықтау;
2) зерттеу нысанын айқындап, оны алдын ала ой елегінен өткізу;
3) зерттеу пәнін анықтау, оны алдын ала сараптау;
4) зерттеудің мақсаты мен міндетін анықтау;
5) болжам жасау;
6) негізгі ұғымдарды іріктеп алып, оларды түсіндіру.
Социологиялық бағдарлама жасағанда алдымен зерттелуге тиісті проблема ой елегінен өткізіліп, талданады. Әдетте, проблемалық жағдайлар біргнешеу болады, бірақ олар өзара бір-бірімен терең байланысып жатады. Оның үстіне бұл байланыстар әртүрлі болып келеді. Ал проблема проблемалық жағдайдан кең болуы мүмкін. Кейде, керісінше, проблемалық жағдайда бірнеше проблемалар болып немесе ол көптеген проблемалардан туындауы мүмкін. Проблемалық жағдай бір проблеманың аясында қаралуы мүмкін, бірақ ол одан кіші, не кең бола береді. Проблема мен проблемалық жағдайдың арақатынасы әлеуметтік нысанды зерттеудің түріне, ауқымы мен тереңдігіне байланысты. Социологиялық зерттеудің бағдарламасын жасау барысында біз нені, қандай ауқымда зерттейміз дегенді дәл анықтап мп алуымыз қажет. Егер проблема шешімін таппаған абстрактылы түрдегі міндет болса, онда проблемалық жағдай эмпириялық зерттеуге жататын қайшылықты нақтылы анықтайтын проблеманың квинтессенциясы іспеттес.
Әлеуметтік және ғылыми проблеманы ажырата білу керек. әлеуметтік проблема дегеніміз – оны шешуге бағытталған іс-әрекеттер ұйымдастыруды талап етіп отыратын өмірдегі әлеуметтік қайшылықтар. Ғылыми проблема дегеніміз – қоғамның белгілі бір іс-әрекеттерді қажет етуін білу мен оларды жүзеге асырудың тәсілдере мен құралдарын білмеу арасында туған қайшылықтар. Оның үстіне, ғылыми проблеманың қойылуы зерттелгеннен зерттелінбеген ауқымға шығуды да білдіреді. Әлеуметтік проблема әртүрлі масштабта болады. Бірақ шағын әлеуметтік топтарды (оқу орны, кәсіпорын ұжымдары), не шағын территорияны (шағын аудан немесе шағын елді мекен), екіншісі үлкен әлеуметтік топтарды (кәсіптік топ, этникалық топ, жастар), әлеуметтік институттарды (отбасылар, әскери қызметкерлер, білім беру саласы қызметкерлері, т.б.), тұтас аймақтарды, үшіншісі бүкіл қоғамның қажеттіліктері мен мүдделерін (әлеуметтік, экономикалық, саяси, т.б.), төртіншесі бірнеше көптеген елдерді толғандыратын әлеуметтік проблемаларды (экологиялық, ұлттық азшылық, демократияның дамуы т.б.) қамтиды.
Танымдық проблема (ғылыми, әлеуметтік) өзінің күрделігіне, белгілі бір қайшылықтарды шешуде әлеуметтік қажеттіліктің пісіп жетілу деңгейіне (тұтастай қоғамдық, не бір әлеуметтік құрылым проблемасын шешу қажеттілігін түйсініп, оны шешуге даярлығына), осы сала бойынша ғылыми білімдердің дәрежесі мен социологтардың практикалық тәжірибелеріне келіп тіреледі. Бағдарламаны жүзеге асыру, зерттеу түріне байланысты. Шын түрін анықтағанда, зерттеу нысаны мен пәнін зерттеу тереңдігі негізге алынады. Осы негізде зерттеулер – барламалық, сипаттамалық және талдамалық түрлерге бөлінеді. Бұлардың ішінде, талдамалық зерттеу ең күрделісі және тереңі саналатындықтан да оның бағдарламасы барынша жетілген әрі терең болуы керек.
Сонымен, социологиялық зерттеу нысанына айналуға тиісті проблема бар делік. Проблеманы айқындау әлеуметтік білімдермен шектеліп қана қоймайды. Эмпирниялық социологиялық зерттеудің бір ерекшелігі – оның бірнеше пәндерді қамтуы. Сол себепті де социологиялық зерттеу әлеуметтік проблеманы талдау барысында нақтылы проблеманы зерттеуге көмектесетін әр түрлі деректерді пайдаланады. Бұл деректер философия, экономика, саясаттану, халықтану, құқықтану, педагогика, т.б. салалардан болуы мүмкін. Социолог әлеуметтік проблеманы зерттеп, ол туралы материалдар жинай бастағанда, ғылыми әдебиеттермен, оқулықтармен, анықтамалықтармен, сөздіктермен, мерзімді басылымдармен танысу, арнаулы теле және радио хабарлар көріп, тыңдау, мамандармен кеңесу, олардан алған ақпараттарды өз әріптестермен талқылау, өзінің ғылыми және практикалық тәжірибесін пайдалану, т.б. іс-әрекеттердің барлығы кедеге асатын болады. Басқа ғылым салаларының жетістіктерін ескермеу, әріптестерінің тәжірибелеріне онша мән бермеу проблеманы зерттеу ісінде біржақтылыққа, субъективтілікке апарып соқтырады.
Проблеманы қарастыру дегеніміз – оған логикалық талдау жасау деген сөз. Әдетте, алдымен мәселе жалпылама қойылады да артынан барып оның кейбір жақтары нақтылана түседі. Проблемаға логикалық талдау жасау екі түрлі болады: 1) жүйелі немесе құрылымдық; 2)функционалдық немесе факторлық. Біріншісінде зертеленетін құбылыстың, не процестің құрылымын (немесе жүйесін) анықтап, қарастыру көзделеді. Мұнда проблема ішкі жағынан қарастырылады. Процесс не құбылыс құрамдас бөліктерге бөлшектеніп, олардың өзара байланыстары мен сипаттары анықталады. Функционалдық (факторлық) талдауда қарастырылып отырған процеске, құбылысқа сырттан әсер ететін факторлар айқындалады. Бұлар әлеуметтік процестің немесе құбылыстың дамуына қолайлы жағдай жасайтын, не кедергі келтіретін факторлар болуы мүмкін. Сондай-ақ, зерттеліп отырған процестің не құбылыстың өзінен үлкен әрі күрделі әлеуметтік процестер мен жүйенің құрамына енуін айқындайтын байланыстар мен механизмдері де анықталады. Бұл ретте қарастырылып отырған құбылыстың не процестің пайда болуына, дамуына әсер ететін әлеуметтік жағдайларды жүйелеу қажет. Бұл жағдайлардың әсер ету дәрежесін анықтау дегеніміз оладың қайсысы бірінші кезекте, шешуші, маңызды, қайсысы екінші кезекте, жанама, онша маңызды емес екенін сараптау. Осылайша проблеманы логикалық жағынан терең ойластыру, мәселені зерттеудің негізгі принциптерін айқындауға көмектеседі. Эмпирикалық зерттеуде проблемаға логикалық талдау жасағаннан кейін барып, проблемалық жағдайды дәл белгілеуге болады. Зерттелініп отырған проблеманы неғұрлым дәл, анық түсінсек, проблемалық жағдай да соғұрлым ықшам әрі түсінікті болады.
Проблеманы талдау барысында зерттеу нысаны айқындала түседі. Социологиялық зерттеудің нысаны ретіндегі әлеуметтік өмір белгілі бір жәрежеде әлеуметтік қайшылықтары бар әлеуметтік институттардың, топтардың, процестердің қарым-қатынастары түрінде ұғынылады. Кең мағынасында, социологиялық зерттеудің нысаны әртүрлі қауымдарға, топтарға, ұйымдарға топтасып, түрлі әлеуметтік процестерге тартылған адамдар болып табылады. Осы адамдар белгілі бір әлеуметтік проблеманың иесі болып танылады.
Эмпирикалық зерттеу нысанын белгілер алдында кеңістіктік-мерзімдік, сапалық-сандық сипаттамалар анықталуы қажет. Бағдарламаның «Зерттеу нысаны және оны алдын ала талдау» деп аталатын тарауында нысанның мынадай белгілері көрсетілген:
1. кеңістігі (ел, аймақ, қала, кәсіпорын);
2. мерзімі (зерттеу жүргізу мерзімі);
3. саласы (өнеркәсіп, білім беру, мәдениет, коммерция, т.б. салалар).
Зерттеуге таңдап алынған әлеуметтік нысан тұтас жүйе ретінде сипатталып, екі тұрғыдан қарастырылады:
1) одан да үлкен біртұтас жүйенің бір бөлігі ретінде, яғни факторлық (функционалдық) талдау жүргізіп, зерттеу нысанына әсер ететін сыртқы факторлар, олардың әрекетету шарттары, әрекеті, дамуы анықталады;
2) зерттеу нысаны жеке бөліктерден тұратын біртұтас жүйе ретінде, яғни нысанның ішкі құрылымына (мысалы, студент жастар әлеуметтік нысан ретінде жігіттер мен қыздардан, түрлі жастағы, әлеуметтік шығу тегі әртүрлі топтардан, түрлі мамандық бойынша оқып жатқандардан тұратын тұтастық ретінде) талдау жасалады.
Біріншісінде, нысан үлкен жүйенің құрамдас бөлігі болып, сыртқы байланыстарымен сипатталса, екіншісінде, ішкі құрылымы қарастырылады.
Көбінесе социологиялық зерттеу нысанының құрамдас бөліктері тұтас қамтуға сыймай жатады. Сондықтан да нысанды таңдағанда зерттеліп отырған жүйенің жалпы ерекшеліктерін сипаттайтын құрамдас бөліктер, яғни оның шамамен алғандағы негізгі жиынтық мөлшері анықталады.
Нысанды бөліп алу социологиялық зерттеу пәнін анықтаумен тығыз байланысты. Эмпирикалық социологиялық зерттеудің пәні нысанның әлеуметтік проблеманы шешу үшін аса маңызды жақтары, өзіндік ерекшеліктері мен қарым-қатынастары болып табылады. Пәннің нысанда пайда болған қайшылықтарды неғұрлым толық сипаттайтын жақтары болады. Бір нысан түрлі әлеуметтік проблема тұрғысынан зерттеліп, соған орай бірнеше пәнге айналуы мүмкін.
Эмпирикалық социологиялық зерттеу пәні зерттеліп отырған әлеуметтік нысан көлемінде шектеліп, құрылымы күрделі болып келеді. Эмпирикалық зерттеудің пәніне нақтылы әлеуметтік нысанның тікелей сипаттауға, жіктеуге келетін, әлеуметтік факторларды статистикалық жинақтау жолымен өлшеуге болатын жақтары, қасиеттері мен қарым-қатынастары жатады. Эмпириялық зерттецу пәні абстрактылы әлеуметтік нысандарды, теориялық схемалар мен модельдерді қарастыратын теориялық зерттеулер пәнінен ерекшеленеді.
Сонымен проблема, проблемалық жағдай анықталып, зерттеу нысаны анықталды. Эмпирикалық социологияның нысаны мен пәнін белгілеп алған соң, алдағы жұмыстардың мақсаты мен міндеті айқындалуы тиіс. Мақсат – зерттеудің жалпы бағыты, күтілетін соңғы нәтижесі. Проблеманы шешу барлық уақытта да мақсатқа байланысты. Мақсатты дәл айқындау – бағдарламаның аса маңызды методологиялық талабы. Эмпирикалық зерттеудің мақсатын белгілегенде, міндетті түрде тапсырыс берушімен келісу керек. Егер эмпирикалық социологиялық зерттеудің мақсаты зерттеуші мен тапсырыс берушіге толық түсінікті болмаса, онда соңғы сатысында екеуінің арасында келіспеушілік тууы мүмкін. Мақсат дәл де түсінікті болуы үшін ол бүге-шүгесіне дейін аәқындалады және бағдарламада мақсатқа негізделген басты және қосымша міндеттер көрсетіледі. Міндеттер болашақ зерттелуге дайындық, белгілі бір әдістемелік мәселені шешу үшін де қойылуы мүмкін.
Міндеттерді негізгі және қосымша деп бөлу социологтарға күші мен уақытын тиімді пайдалануға, ең алдымен, басты міндеттерді шешуге күш салуға мүмкіндік жасайды. Алға мақсат пен міндеттің қойылуы социологиялық зерттеу ісінде жүйелілікті қамтамасыз етеді.
Бағдарламаны жасаудың келесі сатысы – жұмыс болжамдарын ұсыну. Болжам дегеніміз – зерттелінетін социологиялық нысанның құрылымы, оның құрамдас бөліктері арасындағы байланыстардың сипаты, әлеуметтік проблеманы шешудің мүмкін жолдары жайлыалдын ала жасалынған пайымдаулар. Болжам – ғылым дамуының деңгейін көрсететін білім түрі де болып табылады. Бірақ социологиялық зерттеулерде нақтылы бір проблеманы қарастыруға қажетті теориялық білімдер қоры барлық уақытта бола бермейді. Жұмыс болжамдары деп құбылыс пен процесті алдын ала түсіндіретін және зерттеудің алғашқы сатысында қолданылатын болжамдарды айтамыз.
Болжам жасауға белгілі бір талаптар қойылады. Болжам арнайы не жалпы социологиялық теорияға сәйкес, ғылыми негізді (яғни дәлелденгенге қайшы келмейтін), зерттелінетін проблема бойынша мағыналы, эмпириялық жолмен тексерілетін, логикалық тұрғыдан қайшылықсыз балуы керек.
Болжам жасаудың негізгі қиындығы оның зерттеу мақсаты мен міндетіне сай келіп, ұғымдарының анық ойдың екі ұшты болмауына байланысты.
Ереже бойынша эмпирикалық зерттеу алдын ала сұрыпталған жиынтық нысанға жүргізіледі. Сұрыптаудың түрі мен тәсілі зерттеудің түріне, оның мақсаты мен болжамына тікелей байланысты. Талдамалық зерттеудегі сұрыптауларға неғұрлым қатаң талаптар қойылады. Олардың ішіндегі ең бастысы – оның репрезентативтілігі, яғни сұрыпталған жиынтық бас жиынтықтың негізгі сипаттамаларын білдіруі қажет.
Сұрыптау тәсілі екі принципті шартқа негізделген: 1) зерттеу нысаны сапалық сипаттамасының өзара байланыстылығы мен шарттылығы; 2) құрылымдық жағынан біртұтас бас жиынтықтың шағын моделі болып табылатын оның бөліктерін қарастыру негізінде алынған тұжырымдардың бүгінге айналуға да қақылығы.
Сонымен, бағдарлама зерттеу жұмыстарының белгіленген бағытта жүргізілуін ұйымдастырып, бағыттап, оның жүзеге асыру жолдарын көрсетіп отыратын өзіндік бір темірқазық сияқты.
Бағдарламаны дайындау жоғары кәсіптік билікті, уақытты қажет етеді. Ереже бойынша, оны жетекші мамандар даярлайды; ал оны жасауға зерттеу ісінің өзіне кететін уақыттан артық болмаса, кем уақыт кетпейді. Эмпириялық социологиялық зерттеудің жетістігі көбіне жүргізу бағдарламасының сапасына байланысты ….