Реферат: Құқық | Құқықтық сана және құқықтық мәдениет

0
265

Құқықтық сананың құрылымы

Құқықтық сана мемлекет және құқық теориясының негізгі категориясы ретінде және күрделі, ең маңызды институты болғандықтан өзіне тән құрылымға ие. Заң әдебиетінде құқықтық сана дәстүрлі қағида бойынша екі құрылымға бөлінеді: құқықтық идеология және құқықтық психология.
Құқықтық идеология деп қоғамда жоғарғы деңгейде бейнеленген құқықтық көзқарастар, идеялар және теориялардың ғылыми негізде жүйеленген жиынтығын айтады. Құқықтық идеологияның өзіне тән мынандай ерекшеліктері бар:
1. Құқықтық идеология негізінде мемлекеттің жүргізген саясатының негізінде қалыптасып билікке ие болған ұлттың, таптардың, топтардың мүдделеріне тікелей байланысты болып қалыптасады. Мысалы, Кеңес мемлекетінің жеке меншікті тәркілеу саясаты, бір ғана идеологияны қалыптастыру, коммунистік партияның диктатурасын орнату, еркін пікір, плюрализмге жол бермеу, жаппай репрессия қолдану сияқты саясаты қоғамдағы құқықтық идеологиядан да өзінің шешімін тапты. Соның нәтижесінде Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары оның жүргізген саясатының әсерінен «пролетарлық құқықтық сана» құқықтың қайнар көзіне айналды.
2. Құқықтық идеология тікелей немесе жанама болса да қоғам¬дық және жеке адамның санасынан орын тебеді.
3. Құқықтық идеология мемлекетке жүргізілген саясатқа байланысты халықтың санасына гуманистік-демократиялық, реакциялық немесе діни ұстаным, бағыттарды міндеттеуі мүмкін. Сондықтан саяси процестер мен кақтығыс, шиеленістер әрқашан құқықтық идеологияға тікелей әсерін тигізіп отырады.
Кұқықтық психология дегеніміз әлеуметтік топтардың, страттардың, жеке адамдардық құқық пен құқықтық құбылыстарға деген сезімдерінің, хал-ахуалдарының негізінде стихиялық түрде пайда болатын жиынтығы. Құқықтық психология мы¬нандай сипаттармен ерекшеленеді:
1. Құқықтық психология жеке адамдардың, топтардың, страттардың күнделікті өмірлері мен қызметтерімен сырттан қабылдаған ақпарат негізінде қалыптасады және қоғамдағы өзгерістерге байланысты өздерінің пікірлерін мінез-құлық арқылы білдіріп отырады. Мысалы, нарықтық қатынастарда бағаның күрт өсуі құқықтық психологиядан лезде көрініс табады, наразылық білдіріледі. Немесе емтихан тапсырған студенттерден оқытушы пара алса, бұл қылмыстық әрекет шәкірттердің құқықтық психологиясына кері әсерін тигізеді.
2. Құқықтық психология негізінде заңдылықтың даму қағидасы бойынша құқықтық идеологияға жанасу бағытын көздейді. Себебі құқықтық идеология кең, қоғамның барлық саласына әсер етеді.
3. Құқықтық психология әр адамның санасының ажырамас бөлігі, тыныс-тіршілігінің көрінісі болса, құқықтық идеология¬ны қоғам, жалпы мемлекет қабылдаған.

3. Құқықтық сананың түрлері

Құқықтық сана субъектілері бойынша бірнеше түрлерге бөлінеді:
1. Дербес Құқықтық сана — жеке адамның ішкі сезімінен туындайтын құқыққа және оның қағидаларына деген көзқарастары мен қатынастары.
2. Топтық (корпоративтік) құқықтық сана — қоғамдық қатынастарға түскен субъектілердің кызметтері мен мүдделеріне бай-ланысты қалыптасқан сана. Бұл сана негізінде адамдардың мамандықтарына байланысты қалыптасады. Мысалы, мұғалімдер, фермерлер, бір партияның мүшелері, қозғалыстар және т.б. ұжым біріктірген адамдардың топтары.
3. Қоғамдық құқықтық сана — белгілі бір мемлекетте немесе жалпы қоғамда бастапқылық дәрежеде бүкіл социум мүшелері мойындаған сананың түрі: қоғамдық құқықтық сана өз дәрежесінде билікті тұрақтылықта қамтамасыз етуі мүмкін. Сонымен қатар адамдардың сана наразылығы бақылаудан шығып, қақтығыстар мен шиеленістерді қалыптастыруы әбден мүмкін. Қоғамдық құқық сананың тұрақтылықта болуы көп жағдайда мемлекеттегі материалдық жағдайларға тікелей байланысты.
4. Жасөспірімдердің құқықтық санасы — жас ерекшеліктеріне, кәмелетке толмағандығына байланысты, өзіндік ерекшеліктері бар сана. Бұл сана жасөспірімнің организмі қалыптасып, жетілу кезеңіндегі ерекшеліктерден туындайды. Құқықтық тәрбие барысында осы өлшемдер міндетті түрде ескеріледі.
5. Студенттердің құқықтық санасы — жоғарғы білім алу ба-рысында қалыптасатын сана. Бұл сананың өзіне тән мынандай ерекшеліктері бар:
а) Болашақта құқықтық белсенділікті қалыптастырудың іргетасы қаланады, азаматтық ұстаным және патриотизм рухы қалыптасады.
ә) Саяси процестерге тартылып, сана болмысы шыңдалады. Бұл көрініс негізінде ірі қалаларда (Алматы, Астана) білім алу барысында іс жүзіне асырылады.
б) Құқықтық сана білім алу сапасының төмен деңгейіне, сауатсыздығына байланысты маргиналдық (шетте қалу) деңгейінде қалып қоюы мүмкін. Бұл сана формасын ұялаған субъектілер Американың социологі Р.Парлатовтың айтуынша мазасыз, агрессилші, өзін ғана құрметтеуші, сезімтал, жасқаншақ, эгоцентристік қасиет мінездерімен сипатталады.
6. Отбасылық құқықтық сана — негізінде отбасы, ошақ қасында некелік қатынастардан туындайтын және бір жанұяның дәстүрлік салт-санасымен қалыптасады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Әкеге қарап ұл өседі, шешеге қарап қыз өседі», «Бала тәрбиесі бесіктен», «Мейірімділікті анадан үйрен, әділдікті данадан үйрен» және т.б.
7. Әйелдердің құқықтық санасы – әйел заты ағзаның биологиялық процестерінің ерекшеліктеріне байланысты қалыптасатын сана нормасы. Оның өзіне тән ерекшеліктері бар, психологиялық әдебиеттерде көп жазылған.
Сонымен қатар құқықтық сана деңгейі (білімі) бойынша эмпирикалық, (кәдімгі) кәсіби және доктриналдық (ғылыми) болып саналады.
Эмпирикалық сана адамға сырттан қабылдаған ақпарат негі¬зінде қалыптасады, теориялық тексеріске шалдықпай бағаланады. Сондықтан көп жағдайда бұл сана формасы дұрыс қорытынды жасауға мүмкіндік бермейді, дау-дамай, жанжал, қайшылықтар тудыруы әбден мүмкін. Мысалы, сот отырысының залында отырған адамдар судьяның шығарған үкіміне наразылықтарын білдіреді. Ал, шынына келгенде үкім әділетті және заңды. Юриспруденциядан мүлдем бейхабар адам теориялық білімсіздіктен, іспен таныс болмағандықтан қызуқандылық негізінде әділетсіз деп бағалады.
Кәсіби сана — арнайы білімі бар заңгерлердің немесе арнайы дайындықтан өткен мамандардың кәсіби қызметтеріне байла¬нысты құқыққа деген көзқарастары мен идеялары.
Кәсіби сана арнайы білім деңгейі арқылы қалыптасады.
Доктриналдық сана — юриспруденция саласында ғылыми жұмыстармен шұғылданып, заң ғылымында идея, тұжырымдама ұсынған құнды еңбектер жазған заңгерлердің санасы. Доктриналдық сана құқықтық сананың ең биік шыңы және қоғамның құқықтық ақиқатына баға беріп, болашақтағы құқықтық дамудың теориялық негізін қалыптастырады, тәжірибеден озық болады. Болжау, көргенділік таныту — доктриналдық сананың ең негізгі мақсаты.

Қоғамдық және құқықтық сананың түсінігі мен мазмұны

Адам тарихи қалыптасқан іс-әрекеттер, дағды мен тәсілдерді игеріп, әсіресе тілді үйрену нәтижесінде айналадағы заттар мен құбылыстардың объективті заңдылықтары мен қасиеттерін танып біледі. Адам айналадағы дүниеге өзін қарама-қарсы қойып, белгілі мақсатта іс-әрекетпен шұғылданғанда сол объективті шындық туралы өзінің білетін түсінігі мен біліміне сүйенеді. Бүкіл адамзат тарихының барысында қалыптасып жинақталған рухани қазына, мәдениет, мораль, дін, қоғамдық психология, өнер құрал-жабдық адамның шығармашылығынан туып, оның қолымен жасалған бүкіл заттық дүние түгелімен адамзаттың қоғамдық санасы болып табылады. Сана тарихи тәжірибені, білім мен ойлау тәсілдерін бойына сіңіріп, шындықты, рухани идеалды игеріп, алда тұрған мақсат, міндеттерді белгілеп, адамзат қоғамының бүкіл практикалық іс-әрекетін бағыттайды. Адамдар өзінің шығармашылық ойларын жүзеге асырып, табиғатты, қоғамды дамытумен бірге, өздерін де жетілдіреді.
Құқықтық сана – қоғамдық сананың бір түрі. Саяси және моралдық санамен тығыз байланысты. Мазмұны жағынан тиісті мемлекетте қолданылып отырған құқық нормалары, заңдылық пен құқықтық тәртібі, қылмыс және оны жазалау, қоғам мүшелерінің құқықтары мен көзқарастары жатады. Антагонистік қоғамда таптардың өзіне тән құқықтық санасы болады. Оның мазмұны әр таптың қоғамның экономикалық, саяси, мәдени өмірінде алатын орнына байланысты.
Қоғамдық сана – объективті дүние мен қоғамдық болмыстың адам санасында бейнеленуі. Қоғамдық сана адамның тәжірибелік іс-әрекеттерінен байқалады. Сана қоғамның рухани мәдениетінің құрамды бөлігі болып табылады. Қоғамдық сананың түрлері: саясат, құқық, философия, мораль, өнер, дін, қоғамдық болмысты бейнелей отырып, оған белсенді ықпал етеді. Қоғамдық сананың түрлерінің әрқайсысының өз объектісі мен бейнелеу тәсілі болуына қарамастан, болмыс пен адам санасына өзіндік әсерін тигізеді. Идеологияның саяси құқыклық нысандары қоғамның экономи-калық қатынасын саяси және кұқықтық тілде, ал өнер-көркемдік образдармен, мораль – адамдардың мінез-құлқының белгілі қағидалары мен ережелері түрінде бейнелейді.
Қоғамдық сананың түрлері қоғамның экономикалық базисымен байланыс жасау сипатына қарай әр түрлі болады. Мысалы, идеологияның саяси және құқықтық түрлері басқа нысандарына қарағанда экономикалық базиске жақын тұрады. Бұлар қоғамның өндірістік, шаруашылық қатынастарын тура, тікелей бейнелеп, олардың төте ықпал жасауымен қалыптасады. Қоғамдық сананың түрлері тарихи өзгерістерге түсіп, белгілі тарихи кезінде осы нысандардың бірі қоғамның рухани өмірінде үстем болып, қалғандарын өзіне бағынышты етеді. Мысалы, феодализм дәуірінде дін үстемдік етті. Капиталистік қоғамда құқық пен саясат билік алып, философия, өнер мораль мен діннің дамуына зор ықпалын тигізді.
Құқықтық нормаларды жүзеге асыру – қоғамға пайдалы іс-әрекет құқық нормаларының талабына орындау заң белгіленген мүмкіндікті пайдалану үшін азамат белгілі бағытта әрекет жасап, белсенділігін көрсетуі қажет. Құқықтық белсенділіктің екінші жағы адамның сана сезіміне байланысты. Құқықтық сана-сезім белгілері мыналар:
– Құқықты белгілеу.
– Құқықты түсіну.
– Құқықты құрметтеу.
– Құқықтың дұрыстығына және әділдігіне сену.
– Құқықты сақтауға дағдылану.
– Құқықтың талаптарын бұлжытпай орындау.
Құқықтық сана – Қазақстан Республикасы азаматтарының жүзеге асырылып жүрген заңдарға, оларды қолдануға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына және қалауына, құқыққа басқа да құқықтық құбылыстарға құқықтық сезімдерінің, әсерлігінің, көзқарастарының, пікірлерінің, бағаларының жүйесі.
Құқықтық сана қоғамның құқықтық өмірін жандандыру және дамытуға үлкен үлес қосады.
1. Құқықтық сана – құқық нормаларының қалыптастырудың қажетті шарты. Олай дейтін себебіміз, құқықтық нормалар заң шығару органның саналы түрдегі ерікті қызмет арқылы өмірге келеді. Адамдардың белгілі бір мүдделері мен қажеттіліктері заң нормаларында бейнеленбестен бұрын, ол нормаларды құрушы лауазымды тұлғалардың ой-санасынан өтеді. Сондықтан да құқық нормаларының сапасы олардың қоғамдық даму қажеттілігіне сәйкес келеді, ол нормаларды құратын органның құқық көзқарасы, құқық санасының деңгейімен тығыз байланыста болады.
2. Құқықтық сана құқық нормаларының нақты және толығымен іске асырылуының ең басты шарты. Құқықтық нормаларының талаптары тікелей азаматтарға қойылады. Бұл талаптарда олардың саналы түрдегі ерікті әрекеттері арқылы орындалады. Яғни неғұрлым құқықтық сананын деңгейі жоғары болса, соғұрлым құқық нормаларының ережелері нақтырақ орындалады.
Қоғамдық мәдениет саласында құқық мәдениетінің жетістіктерін ғана басқарып, реттеп отырады. Мәдениет өзінің даму процесінде қоғамның рухани байлығын, халықтың сана сезімін дамытып, жоғары дәрежеге көтереді. Құқықта өз кезегінде мәдениетгі қорғап, реттеп отырады. Осыдан келіп құқықтық мәдениет қалыптасады. Ол өзара байланысты элементтер арқылы көрініс табады.
– қоғамдағы құқықтық сананың жағдайы, құқықты түсінудің деңгейі, заңдылықтың талаптарын орындау қажеттігін түсіну.
– заңдылықты сақтау;
– заң шығарудың ерекшелігі, оның мазмұны мен нысанына көңіл бөлу;
– Сот, прокуратура басқа да заң органдарының жұмыс атқару сипаты.
Сонымен сана – объективті шындықты идеалды түрде бейнелеудің адамға тән ең жоғары нысаны. Сана адамның өз болмысы мен объективті дүниенің мән-жайын, мазмұнын, ұғымын білуінде белсенді қызмет атқаратын психикалық процестердің (түйсіну, сезіну, қабылдау, ойлау т.б.) заңды нәтижесі болып табылады. Сана негізінен жеке адам санасы және қоғамдық сана болып екіге бөлінеді.
Құқықтық сана-сезімнің негізгі функциялары: бірінші – халықтың құқықтық білімін арттыру; екінші – сана-сезімді дұрыс дамыту үшін тәжірибелік жұмысты жақсарту; үшінші – қоғамдағы қатынастарды реттеуді, басқаруды жақсарту үшін адамдардың сана-сезімін көтеру. Құқықтық сана-сезім нормативтік актілердің негізгі, қоғамдағы қатынастарды дұрыс реттеуші, басқарушы күш. Ол құқықтық нормалардың дұрыс дамуына, дұрыс орындалуына және оның болашағын дүрыс болжауға ете зор әсер етеді.
Құқықтық сана-сезімнің ерекшеліктері:
– құқықтық сана-сезім қоғамдағы тек нормативтік актілер мен құбылыстарды, қатынастарды бейнелейді. Ол жаңа нормалардың қабылдану және олардың процесін қамтиды. Саяси, моральдық, ұлттық т.б. көзкарастар құқықтық сана-сезімге әсер етіп, құқықтық нормалардың дұрыс дамуына, орындалуына ықпал етеді;
– қоғамның даму процесін, құбылыстарын сана-сезім құқықтық тұрғыдан сезініп, сол позициядан қорытынды тұжырымдар жасап, баға береді. Мысалы: құқықтық қатынас, құқықтық жауапкершілік, құқықтық тәртіп т.б.
Қоғамдағы құқықты дамыту үшін, заңдылықты, тәртіпті қатаң сақтау үшін құқықтық сана-сезімнің маңызы өте зор. Бұл сана-сезімді қоғам көлемінде дамыту керек, әсіресе заңгерлердің, органда қызмет атқаратын азаматтардың білімі, тәжірибесін, сана-сезімін көтеруді қажет етеді. Сонда ғана қоғамда заңдылық, құқықтық тәртіп болады.
Халықтың, әсіресе, заңгерлердің белсенділігі үш түрлі, үш деңгейде болады: біріншісі – құқықтың субъектілері өзара қатынасты тек дұрыс басқарып, жаңалыққа ұмтылмау – сылбыр, енжар деңгейі; екіншісі – эвристикалық деңгей – құқықтың субъектілерінің жаңалыққа талпынып, мәселені шешудің жаңа жолдарын табу; үшіншісі – интеллектуалдық деңгей – жаңалықты ашуда үзілістің болмауы, жоғары дәрежеде белсенділікті көрсету. Белсенділіктің соңғы екі түрі Құқықтық сана-сезімнің дамуына өте зор әсер етеді.
Құқықтық сананың мазмұны әр таптың, қоғамның экономикалық, саяси, мәдени, өмірінде алатын орнына байланысты. Құқықтық сана халықтың саяси және құқықтық жауапкершілігін арттырады, өздерінің заңдарда көрсетілген құқығы мен міндеттерін адал орындап отыруына, мемлекет және еңбек тәртібін қатаң сақтауға зор үлес қосады.
Қоғамдық сана-сезімнің басқа нысандарына қарағанда құқықтық сана адамдардың ой-өрісіне, рухани ойлану процесіне өте зор әсер етеді. Себебі құықтық қатынаста адамдар нормативтік актілерді бұлжытпай орындаулары керек, екі жақты құқық пен міндет бар, дұрыс орындалмаса жауапкершілік бар. Сондықтан құқықтық қатынастардың субъектілеріне түсетін ауыртпашылық айтарлықтай мол.
Құқықтық сана-сезім өзінің құрылымы жағынан екі түрге бөлінеді: Құқықтық идеология және құқықтық психология.
Құқықтық идеология дегеніміз – қоғамдағы құбылыстарды, қатынастарды құқық тұрғысынан ғылыми жүйеге келтіру. Құқық жөніндегі пікірлер мен көзқарастар белгілі бір жүйеге түсіріліп, ғылыми негізде дәлелденген күйде болады. Бұл идеологияны қалыптастыруға заңгерлер, саясатшылар, экономистер, философтар, тарихшылар т.б. мамандар қатынасады. Құқықтық идеология қоғамдағы әр бағыттағы, әр саладағы мақсаттарды біріктіріп, дамытады.
Құқықтық психология дегеніміз – қоғамның құқықтық сезімін, ақыл-ойын, әдет-ғұрып, дәстүрін біріктіру. Жеке адамдардың, қоғам мүшелерінің әр түрлі топтарының санасында – заңдарға олардың қолданылуына байланысты туған әсерлер, көңіл-күйі және сезімдер жатады. Қоғамдық көлемде осы мәселелерді біріктіріп дамытып, халықтың сана-сезімін көтеріп, демократияны нығайту, құқықтық мемлекет қалыптастыру.
Құқықтық сана-сезімнің жүйелері мен түрлері:
1). Қатынастың субъектілеріне қарай құқықтық сана-сезім үшке бөлінеді: жекелік, топтық, қоғамдық сана-сезім. Бұл үшеуі бір-бірімен тығыз байланысты. Сонымен бірге олардың өз дербестігі болады. Әр жеке адамның сана-сезімі әр деңгейде болады: өте жақсы дәрежеде, жақсы, орташа, нашар дәрежеде. Егерде топтың, басым көпшілігінің сана-сезімі өте жақсы дәрежеде болса, онда бұл топтан жақсылықты күтуге болады. Топтың көпшілігінің, керісінше, сана-сезімі нашар болса, ол топтан жақсылық күтуге болмайды.
Осы әдіс-тәсілмен қоғамның сана-сезімінің дәрежесін, деңгейін білуге болады. Сол арқылы қоғамның қай саласында, адамдардың қандай тобына жұмыс жасау бағытын анықгауға болады. Осылай қоғамның сана-сезімін реттеп, басқарып отыруға болады.
2). Мазмұнының тереңдігіне қарай құқықтық сана-сезім тағы да үшке бөлінеді: күнделікті құқық саналығы, кәсіпқойлық құқық саналығы, теориялық құқық саналығы. Адамдардың күнделікті құқықтық сана-сезімі олардың рухани, парасаттылық, инабаттылық, өмір тәжірибесі арқылы қалыптасады.
Кәсіпқойлық құқық саналығы қоғамның әр саласында жұмыс істейтін заңгерлердің тәжірибесі арқылы қалыптасады. Олардың құқықтық білімі де, тәжірибесі де мол болғандықтан сана-сезімдері көпшілігінің жоғары дәрежеде болады. Сондықтан құқықтық нормалар дұрыс орындалып, заңдылық, құқықтық тәртіп жақсы дамиды.
Теориялық құқық саналығы қоғамдағы заң ғылымының жан-жақты, жақсы дамуы арқылы қалыптасады. Жақсы дамыған заң ғылымы қоғамның сана-сезімнің дәрежесін, деңгейін көтереді, сол арқылы құқықтың жақсы дамуына зор әсер етеді.
Құқықтық сана-сезімнің бұл жүйелері мен түрлерінің қоғамда атқаратын жұмыстары өте зор. Олар бәрі бірігіп құқықтық нормаларды өмірге әкеледі, оны дамытады, олардың дұрыс орындалуына жан-жақты үлес қосады. Қоғамдағы құқықтық саналықтың деңгейі неғұрылым жоғары болса, соғұрлым заңдылық та, құқықтық тәртіп те жақсы дамиды.
Құқықтық сананың субъектілері, әлеуметтік тұрғыдан бірнеше түрге бөлінеді:
– жеке адамның құқықтық санасы есін білгеннен қалыптаса бастайды;
– ұжымдық құқықтық сана. Әр ұжымның қызметінің ерекшеліктеріне байланысты ұжымдық-құқықтық сана-сезім қалыптасады;
– қоғамдық құқықтық сана. Адамдар жасына, жынысына, ұлтына, әлеуметтік жағдайына, байланысты сан алуан бірлестіктерге бөлінеді. Әр топтың ерекшеліктеріне байланысты құқықтық ой-санасы, көзқарасы қалыптасады.
– Халықтың құқықтық санасы. Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің, бірден-бір бастауы, қайнар бұлағы. Демек, халықтың да құқыққа өз көзқарасы, сана-сезімі бар.
Құқықтық сананың тарихи даму кезеңдері мен типологиясы жобамен төрт дәуірге бөлуге болады: көне дәуір, орта ғасырлар, жаңа кезең және қазіргі заман.
Көне дәуірде ешқандай құқықтық сана деген жеке заңды ұғым болған жоқ. Орта ғасырларда да құқықтық сана толық қалыптасқан жоқ, аздап бұл туралы пікірлер, зерттеулер болды.
XVI-XVIII ғасырларда көптеген пікірлер, ғылыми зерттеулер өмірге келді. Қоғамдық ғылымдардың алдына көп талаптар қойылды: демократияны дамыту, абсолюттік монархияны жою, мемлекеттік билікті бөлу, адамдардың табиғи бостандықтарын, құқықтарын шектеуге жол бермеу т.б.
Қазіргі заманда құқықтық сана өмірде де, ғылымда да жан-жақты зерттеліп қоғамның, мемлекеттің дамуына зор үлес қосуда, мемлекеттік аппарат күрделі дамуда, заң шығармашылық процесс сапалы жұмыс жасап, қоғамдағы барлық қарым-қатынастарды реттеп, басқаруда.
Сонымен, құқықтық сана – қоғамдағы құқықтық құбылыстарға адамдардың, сезімдерінің, әсерлерінің, көзқарастарының, пікірлерінің, бағаларының жүйесі; ол заң шығарудың, нормативтік актілердің дұрыс орындалуының, құқықтың сапалы дамуының негізгі шешуші механизмі деуге болады…..

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!