Реферат: Құқық | Құқық жасаушылық
Қоғамдық қатынастарды реттеу негізінде әдет-ғұрып, дін, дәстүр сияқты көптеген әлеуметтік нормалар арқылы іс жүзіне асырылады. Сол әлеуметтік нормалардың сапында құқық нормалары ерекше пұрсатқа ие. Құқықтық реттеу басқа әлеуметтік реттеуге Қарағанда өте күрделі және қоғамдық қатынастардың барлық салаларын қамтиды. Осыған байланысты мемлекет өзінің тарапынан функцияларын атқару, іс жүзіне асыру барысында қоғамдық қатынастарды реттеу мақсатында құқық жасаушылықпен тікелей айналысады, және аса маңызы бар үрдіс болып табылады. Себебі, дүниеге қандай заң, қаулылар, өкімдер, инструкциялар, шешімдер келеді және олардың сапалық мазмұнына байланысты қоғамдық қатынастар да тиімді реттеледі.
Құқықтық нормалар мемлекеттің арнайы органдарының қызметтерінің нәтижесінде қабылданады, өзгертіледі және жоққа шығарылады. Мемлекеттің және оның органдарының құқық нормаларын жасауға бағытталған әрекеттерін құқық жасаушылық деп айтады. Мемлекет және құқық теориясында құқық жасаушылықтың ұғымы құқықты қалыптастырумен, құқық нормаларын жасаумен және қабылдаумен тікелей бай¬ланысты. Міне, сондықтан тек ғана құқық жасаушылықтың негізінде ғана күрделі процестен өтіп, заңдар, жарлықтар, қаулы¬лар және басқа да нормативтік кесімдер пайда болады.
Құқық нормалары адамдармен жасалынады, қабылданады және бекітіледі, олардын саналы қызметтерінің тікелей жемісі. Тарихтың қойнауына жүгінетін болсақ құқық жасаушылықтың пайда болуы мемлекеттің шығуымен тікелей байланысты. Алғашқы қауымдық құрылыста қоғамдық қатынастар әдет-ғұрып нормаларымен реттеліп отырған болса, мемлекет пайда болғаннан кейін шиеленісті қоғамды реттеуге әдет-ғұрып номаларының күші жетпейді, дәрменсіздік танытады. Осы кезеңде қалыптасып, пайда болған мемлекет қоғамдық қатынастардың реттелуі тиімді болуы үшін барлық халыққа міндетті құқық нормала¬рын қабылдайды, олардың бұлжытпай орындалуын талап етеді. Осылай эволюциялық, революциялық даму барысында құқық жасаушылық мемлекет және құқық теориясының үлкен және күрделі саласына айналды. Қазіргі кезеңде Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет ретінде құқық жасаушылықпен белсенді түрде шұғылдануда және оның негізгі формасы Консти¬туция өкілеттілік берген арнайы мемлекеттік органдардың нормативтік-құқықтық кесімдерді шығару болып табылады.
Құқық жасаушылық дегеніміз мемлекеттің қоғам мүддесіне сай, қоғамдық қатынастардың қажеттілігіне байланысты халықтың еркін, идеяларын, талаптарын заңға және басқа норма¬тивтік- құқықтық кесімерге айналдыруда жасалатын арнайы қызметі.
2. Құқық жасаушылықтың негізгі қағидалары
Құқық жасаушылық стихиялық немесе лезде пайда болатын құбылыс емес. Ол өте қүрделі, саналылықпен асқан көрегенділікті және табандылықты қажет ететін мемлекеттің арнайы қызметі. Сондықтан да құқық жасаушылықтың өзіне тән қағидалары бар.
Құқық жасаушылықтың қағидалары деп мемлекеттік орган-дардың нормативтік-құқықтық кесімдерді шығаруда тұрақты мағынада пайдаланылатын негізгі идеялардыц жиынтығын айтамыз.
Құқық жасаушылықтың негізгі қағидалары заң әдебиетінде бір мағынада берілген және өзгеріске көп ұшырамаған. Қағидалар құқық жасаушылық барысында қатаң сақталып, іс жүзіне асатын болса, қабылданған нормативтік құқықтық кесімдердің тиімді болатыны даусыз. Құқық жасаушылықтың негізгі қағида¬лары мынандай түрге бөлінеді:
1. Демократияшылдық. Бұл қағида құқық жасаушылықпен шұғылданатын мемлекеттіқ органдардың нормативтік-құқықтық кесімдерді дайындау, қарау және бекіту барысында іс жүзіне асырылатын ең негізгі қағидалардың бірі. Бір сөзбен айтқанда нормативтіқ-құқықтық қесімдерді қабылдауда халық тікелей қатысуы тиіс, баспасөз беттерінде қабылданатын заң, қаулы, өкім, ережелер мен шешімдерге халық өз пікірлерін білдіреді, сын-пікірлерін айтады. Соның нәтижесінде нормативтік-құқықтық кесімдердің жобалары халықтың сараптауымен өтеді, ұсынған идеялары құқық жасаушылықпен шұғылданатын мемлекеттік органдарға жолданады. Халықтың пікірін ескеріп қабылдаған заң әрі тиімді, әрі ұзақ өмір сүреді, ал бұл жолдан тайып, асығыста, белгілі бір лоббистік топтардың ұсыныстарын нормативтіқ-құқықтық кесімдерге айналдыру шиеленісті зардаптарға әкеліп соқтырады.
2. Заңдылық. Құқық жасаушылық барысында құқық қабылдайтын мемлекеттік органдардың бәрі міндетті түрде Қазақстан Республикасының Конституциясы белгілеген, талап, құзырда және оған қарама-қайшы келетін әрекеттер жасау арқылы нормативтік-құқықтық қесімдерді шығаруға жол берілмейді. Конституцияның үстемдігі, заңдардың құқық жасаушылық барысында қатаң сақталуы заңдылық қағидасын нақтылы тәжірибеде қамтамасыз етеді. Заңдылық көп пікірлікті қамтамасыз етудің іргетасы. Заңдылық қағидасынан ауытқып кетіп, мақсатқа сай келетін құқықтық нормативтік кесімдерді қабылдау бассыздыққа кеңінен жол ашады, лауазымды тұлғалардын бақылаусыздығына жағдайлар туғызады. Не заңды болса, сол мақсатқа сай болуы қажет.
Мысалы, 2005 жылы наурыздың 9-ында Семей қаласының әкімі «Семей қаласында жасөспірімдердің бос уақытты өткізетін орындарға барулары туралы» деп аталатын № 133-қаулы қабылданған. Онда жасөспірімдердің түнгі 22 сағаттан кейін ата-аналарының ертіп жүруінсіз атракцион парктеріне, түнгі жерлерге, ресторандарға, казиноға және бильярд клубтарына кіруге тыйым салды. Әкімнің бүл қаулысы «Қазақстан Республикасындағы балалар құқықтары» (2002 ж. 8 тамыз, № 345) заңына қайшы болып табылады. Заңда әрбір жасөспірім өзінің жас мөлшеріне байланысты дем алуға, бос уақыттарын қалай өткізуіне құқықта¬ры бар екені айтылған.
Сонымен қатар бұл қаулы «Жергілікті мемлекеттік басқару туралы» заңына да қайшы келеді. Бұл заңның нормаларында жасөспірімдердің бос уақыт өткізетін жерлерде болмауы мүлдем көрсетілмеген. Осыған байланысты Семей қалалық әкімшілігінің қаулысымен жоққа шығарылған Заңдылық қағидасы салтанат құрды.
3. Ғылыми жағынан дәлелділігі. Бұл қағиданың талаптары бойынша қабылданатын нормативтік-құқықтық кесімдердің мазмұны заң ғылымдарының жетістіктеріне, жаңа идеяларына сүйенулері тиіс. Сонда ғана кесімдердің мәндік мағынасы реттеу мүмкіндігі және тиімділігі арта түседі, құқық бұзушылыққа барудын амалдарын, тетіктерін жоққа шығарады. Заң жобалары ғылыми жағынан дәлелді болу үшін оларды сараптамалардан өткізу қажет. Тәжірибеде білгір заңгер сарапшылар арқылы жобаларды бағалау, олардың пікірлерін ескеру-құқық жасаушылықтың беделін арттырады, тиімді, халыққа қажетті құқық нормаларын шығаруға тікелей ықпал етеді.
4. Парламент пен атқарушы органдар арасындағы үйлесімділік. Заң шығару барысында атқарушы мемлекеттік органдар қабылданатын заң бойынша өзінің ұсыныстарын, идеяларын, пікірлерін берулері тиіс. Парламент шығарған заңдарды іс жүзіне асыру барысында атқарушы органдар өз тараптары жағынан оған қарама-қайшы келетін нормативтік-құқықтық кесімдерді қабылдамаулары тиіс. Парламент пен атқарушы органдардың арасындағы үйлесімділік орнаған мемлекетте құқық жасаушылық қызметі тиімді болып, сапалы заңдардың шығуына кеңінен жол ашылады.
5. Жариялылық. Бұл қағида негізінде демократияшылдық қағиданың құрамдас бөлігі ретінде танылады. Құқық жасаушылықпен шұғылданатын органдардың қызметтері жариялылық, ашық түрде жүргізілуі тиіс. Парламент талқылайтын заң және мәслихат қабылдайтын шешімдердін жобалары баспасөз беттерінде күні бұрын жарияланады, радио, теледидар арқылы халық, зиялылар жоба туралы пікірлерін ортаға салады. Пікір таласқа жол беріледі, жобаның баптарына өзгертулер енгізу қажеттілігін дәлелдейді. Соның нәтижесінде заң, қаулы, шешім жобалары жариялылық қағидасы негізінде жетілдіріледі, мекемелік сипаттан, мүддеден халықтық мағынаға ұласады.
6. Құқық жасаушылықтың икемділігі. Құқық жасаушылықтың икемділігі қағидасы формализм мен бюрократияға жол бермеу болып табылады. Нормативтік құқықтық кесімдерді шығару барысында, оның әрбір сатылары құқық нормаларымен реттеліп, тиімділік пен икемділікті бар жағынан қамтамасыз етеді. Қағаз үстемдігі мен бюрократия мейлінше шектелуі тиіс. Бюрократияның тамырына балта шабу үшін құқық жасаушылықпен айналысатын органдар сауаттылыққа, кәсіби деңгей сапасына ерекше мән берілуі тиіс.
7. Құқық жасаушылықтын жеделділігі. Бұл қағида бойынша қоғамға өте қажетті нормативтік-құқықтық кесімдер жедел түрде қабылдануы керек және ол құқықтық реттеудің тиімділігін арттыра түседі. Заң жобалары әрқашан Парламентке түскен реті бойынша қабылдануы тиіс.
3. Құқық жасаушылықтың негізгі сатылары
Құқық жасаушылық қүрделі процесс болғандықтан бірнеше сатылардан өтеді. Тек ғана белгіленген сатылардан өткен соң құқық жасаушылық аяқталып, құқық нормалары қабылданады және қоғамдық қатынастарды реттеу функциясын атқарады. Құқық жасаушылық бірнеше сатылардан тұрады.
1-сатысы. Нормативтік құқықтық кесімдердің жобасын дайындау. Бұл сатыда мемлекеттік органдар әлеуметтік тәжірибеде жинақталған фактілер мен жағдайларды мұқият зерттеп, болашақта қабылданатын нормативтік құқықтық кесімдердің бап, норма, көлеміндегі негізгі қаңқасын жасайды. Жоба мұқият талқыланады, жаңа идеялармен толықтырылуы мүмкін. Өңделген жоба басқа мемлекеттік органдармен келісім рәсімінен өтуі де мүмкін.
2-сатысы. Нормативтік құқықтық кесімдерді құқық жасаушылық қызметін іс жүзіне асыратын мемлекеттік органның (Парламент, Үкімет, мәслихат және т.б.) талқылауына жобаны түсіру. Егер ол заң болатын болса, парламентке түсіруді заң шығару бастамасы дейміз. Қазақстан Республикасының Конституциясының 61-бабының 1-тармағына сәйкес заң шығару бастамасы құқығы Парламенттің депутаттарына, Республика Үкіметіне берілген.
3-сатысы. Жобаның құқық жасау мемлекеттік органдарда талқылануы.
Бұл сатыда жоба мұқият талқыланады, қажет болған жағдайларда кәсіби мамандар қатысады. Егер ол заң болса, парламентте депутаттар талқылайды, қосымша өзгертулер мен толықтырулар енгізеді. Құқық жасаушылықтың дәл осы сатысында үлкен сауаттылық, кәсіби дайындық қажет. Заңның сапалылығы Парламенттің кәсіби деңгейіне тікелей байланысты.
4-сатысы. Нормативтік құқықтық кесімдерді қабылдау. Талқылаудан өткен нормативтік құқықтық кесімдер мемлекеттік органмен қабылданады. Заң болса, Парламентпен көп дауыспен қабылданып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне жіберіледі. Конституциялық Кеңес заңның Конституцияға сәйкестігін Президент қол қойғанға дейін қарайды. (72-бап, 2-тармақ).
5-сатысы. Нормативтік құқықтық кесімдерді жариялау. (Промульгация) Парламент қабылдаған заң Конституциялык Кеңес мақұлдағаннан кейін Президенттің колы қойылып, жарияланады. Негізінде заңның мәтіні «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Заң газеті», «Юридическая газета» басылымдарында жарияланады. Заңның күшіне енетін мерзімі мәтінінде көрсетіледі.
Әлеуметтік тәжірибеде көп жағдайда құқық жасаушылық барысында қабылданған заңдар орындалмайды. Неге?
Біріншіден, Қазақстан Республикасында Парламенттік бақылау жоқ. Парламент заңның орындалуын бақылай алмайды. Салалы министрліктер, лауазымды тұлғалар заңды емес, атқарушы биліктің (Үкіметтің) қаулыларын, өкімдерін бұлжытпай орындауға дағдыланған.
Екіншіден, заңды бұрмалаған, орындамаған жоғарғы және жергілікті лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі жоққа тән.
Үшіншіден, Парламент қабылдаған заңдар көп жағдайда шикі түрінде илеуі қанбай өтіп кетіп жатады. Бізде әлеуметтік тәжірибені объективтік түрде талдау жасау, социологиялық зерттеулер жүргізу мүлдем жоқ деуге болады. Қабылданған заңдар өмірден мүлде алшақ, қоғамдық қатынастарға сәйкес келмейді, сондықтан тиімді реттемейді. Заңды дайындау процесі дұрыс жолға қойылмаған, заң кабинете дайындалады, көп заңдарымыз Ресейдің шығарған заңдарынан көшіріп алынады. Бұл жұмысты жақсарту үшін заң дайындайтын комиссия, Парла¬мент, фирмалардың, ғалымдардың, жеке адамдардың, саясаттанушылардың, сол саланың тікелей мамандарымен кеңесіп, пікірлерін ескеру арқылы заңның алғашқы жобасын қалыптастырып, оны тыңдауға кәсіпкерлерді, ауыл шаруашылық мамандарын, ғалымдарды, мүдделі қоғамның өкілдерін шақырып, талқылау қажет. Олардың барлық ескертулері мен ұсыныстарын қорытындылап тағы талқылауға салып, Парламенте түсіру абзал.
Төртіншіден, заң шығаруда әрқашан ғылымның ұсыныстарын міңдетті түрде ескеруіміз қажет. Бізде осы күнге дейін заң жобасын жасауға мүдделі мекемелер мен органдар қатысады. Ал, олар өздеріне қажетті заң жасауды көздейді. Одан ол заң қалай орындалсын, оны аттап өтудің тетіктерін мүдделі мекеме жазған болса.
Бесіншіден, сапалы, орындалатын заң шығару үшін кәсіби Парламент құру қажет. Яғни, сайланған депутаттар жоғарыда көрсетілген факторлардың тетіктерін жақсы меңгерген маман заңгер — ғалым, экономистерден сайлануы керек. Жалпы аппараттық қасиеттерден ада оқшау ойлары бар білімпаз қайраткер болуы шарт…..