Реферат: ӨСІМДІКТЕР ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР
Егер, өткен ғасырдың 80-жылдарына дейін өсімдіктерді зиянкестер мен аурулардан қорғау үшін зәрлілігі өте жоғары, адам денсаулығына қатерлі ДДТ мен гексахлоран, сынап, органикалық препараттар кең қолданылса, соңғы жылдары олардың орнына нысанды организмдерге биологиялық тиімділігі жоғары, таңдамалы әсерлі, пайдалы организмдер мен қоршаған ортаға қауіптілігі төмен пестицидтердің жаңа түрлері келді. Дегенмен де, ауыл және орман шаруашы¬лы¬ғында қолданылатын препаратттардың қор¬шаған орта мен адам ағзасына қаншалықты қауіпті деген заңды сұрақ туындайды. Осы жайлы біраз деректерге тоқталайық. Өсім¬діктер қорғау химикаттарын шығаратын шет елдердің ірі концерндері мен компаниялары пестицидтерді өндірісте қолдануға ұсынбас бұрын, олардың қоршаған ортаға, жануарлар мен құстар және де топырақта тіршілік ететін макро және микроорганизмдерге әсерін жан-жақты зерттейді. Бұған 90-жылдары Жапонияның “Сумитома”, Германияның “БАСФ” және Швейцарияның “Сингента” химиялық компанияларының жұмысымен жете танысқанда көзіміз анық жетті. Нысанды организмге биологиялық тиімділігі бойынша іріктеліп алынған препараттар 4-5 жыл бойы лаборатория жағдайында жан-жақты тек¬серу¬ден өтеді. Пестицидтердің тірі организмдердің тұқым қуалау қасиетіне тигізетін әсерін анықтау үшін зерттеу жұмыстары жануарлардың 3-ұр¬пағына дейін жүргізіледі. Арнайы тәжірибелерде олардың жаңбыр суы арқылы топыраққа сіңу те¬рең¬дігі, онда тіршілік ететін қарапайымдылар мен микроорганизмдерге әсері, метаболиттерге ыды¬рауы және т.б. анықталады. Өндіріске ұсы¬ны¬ла¬тын бір препаратты шығару үшін 9-10 жыл¬дай уақыт кетеді, бұған 200-250 млн. дойчмарк жұм¬салды. Бұл қаражаттың 3/1 бөлігі пести¬цид¬терді токсикологиялық тұрғыдан зерттеуге ар¬нал¬ған. Міне, осындай жан-жақты зертханалық және танаптық зерттеулерден кейін ғана пес¬тицид тіркеуге, одан кейін ауыл немесе орман шаруашылығында қолданылуға ұсынылады.
Өсімдіктерді қорғау жайлы Қазақстанда 2002 жылы қабылданған заңға сәйкес өндірілетін мемлекетте тіркелген препараттар 2-3 жыл жергілікті жағдайда сынақтан өткеннен кейін ғана біздің елде тіркеліп, ауыл және орман шаруашылықтарында қолдануға рұқсат етіледі. Енді өсімдіктерді зиянкестерден қорғау үшін пестицидтерді қолдану көлемі жайлы кейбір деректерге тоқталайық. 1999- 2000 жылдары тек шегірткені ауыздықтау үшін инсектицидтер 2- 3-тен 8,2 млн. гектар ауыл шаруашылық айналымындағы және басқа жерлерге шашылды. Жылына 3-4 млн. гектар егіс алқаптарында арамшөптерді отау үшін гербицидтер, зиян¬кестер мен ауруларға қарсы 1,0-1,5 млн. гектарға инсектицид немес фунгицид қолданылады. Халық аса жиі орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысында мақта танаптарын зиянкестерден қорғау үшін 100-120 мың гектарға 2-3 рет инсектицидтер шашылады.
Республикамызда кең қолданылып жатқан пестицидтерден қоршаған орта мен адам денсаулығына айтарлықтай қауіп төніп тұрмаған да шығар. Дегенмен де, “құдай сақтансаң сақтайды” деген мақалды еске алған жөн. Осыған орай пестицидтерді сақтау, тасымалдау мен қолдану шаралары толық орындалып, қоршаған ортаны олардың қалдықтарымен ластанудан сақтау, табиғаттағы айналымын қадағалау, адам ағзасына теріс әсерін болдырмау немесе азайту мәселелері егемен елімізде толық шешуін тауып жатыр ма? Өкінішке орай оған толықтай оң жауап беру қиын. Көршіміз Ресейде Ф.Эрисман атындағы гигиена ғылыми-зерттеу орталығы осы бағытта тиянақты жұмыс жүргізуде. Осы институттың директоры, Ресей медицина ғылымының академигі В.Н.Ракиц¬кийдің Бүкілресейлік өсімдіктер қорғау саласы бойынша өткен ІІ съезде мәлімдеуіне қарағанда, ауыр металдар мен пестицидтер адам ағзасын айықпас, созылмалы дерттерге ұшыратады екен. Өкінішке орай, тексерілген азық-түлік өнімдерінің 65%-нан осыдан 20-30 жылдай бұрын қолдануға тыйым салынған, аса зәрлі ГХЦГ мен ДДТ препараттарымен қатар, арамшөптерді отауға әлі де кең пайдаланылып келе жатқан 2,4 Д гербициді тіркелген. 2005 жылы Ресейде эпидемиологиялық жағдайды ушықтырмау және экологиялық зардаптардан туындайтын адам ағзасының аса қауіпті ауруларын емдеу үшін 4 млрд. рубль қаражат бөлініпті.
Өсімдіктер қорғау құралдарының қоршаған ортаға теріс әсерін төмендетіп, биологиялық және экономикалық тиімділігін арттыруда оларды қолдану тәсілдерін жетілдірудің де атқаратын рөлі аз емес. Біріншіден, оларды қолданатын техника өте жоғары талаптарға сай болуы керек. Мәселен, дамыған мемлекеттерде бүріккіш техника жыл сайын, немесе 2 жылда бір рет арнайы тексеруден өтіп, қолдануға жарамдылығы анықталады. Екіншіден, егістіктер мен шабындықтарға пестицидтер бүрку үшін техниканың белгілі бір түрі қолданылады. Мәселен, Германияда олар көбінесе тракторға тіркейтін бүріккіштер арқылы шашылады, жұмыстың 90%-дан артығы осы техника арқылы орындалады. Пестицидтерді ұшақтар немесе дельтаплан арқылы әуеден немесе аэрозолды генераторлармен жерден шашқанда әсерлі заттың біразы нысанаға дәл тимей, буланып ауа толқынымен жоғары көтеріліп кетуі мүмкін. Үшіншіден, ғылымның соңғы жетістіктерге сай пестицидтер егіске немесе шабындыққа жалпылама шашылмай, компъютерлік жүйелер мен жер серіктері арқылы тек нысаналы организмдер кездескенде ғана қолданылады.
Қазақстанға келсек, пестицидтер қолдануға арналған техникалар талапқа сай ма, препараттардың қажет мөлшерін дәл бүрке ала ма? Өкінішке орай, мемлекет тарапынан бұны арнайы тексеріп, қадағалап жатқан ешкім жоқ. Пестицидтер тракторларға тіркелетін бүрік¬кіштермен қатар, арнайы автомайзерлер, тұмандатқыш генера¬тор¬лар және ұшақтар мен дельтапландар арқылы да шашылады. Республиканың көп¬те¬ген аймақтарында өнімділігінің жоға¬ры¬лығына қызығып, аэ¬розолды генераторлар кең қолданылуда. Олар пестицидті тұмандатып жатқанда желдің ба¬ғыты кенет өзгерсе, улы тұман айдалаға, тіптен ауылды мекен-дерге де ауып кетуі мүмкін. Әрине, су тапшы келетін шөлейт жерлерде шегірткеге қарсы аэрозолды гене¬раторлар мен авто¬майзерлердің артық-шылығында күмән жоқ. Соңғы жылдары ірі астық компания¬ла¬ры шет елден жоғары өнімді, алым ені 30 метрге жететін өзі жүретін бүріккіш қон-дырғылар әкелуде. Олардың біреуінің өзі күніне 1000 гектарға жуық егіс көлемін баптай алады. Осы тәріздес техникалар ірі шаруа қожалықтары мен серіктестердің бә¬рінде болса, пестицид¬тер¬ді қолданудың тиім¬¬ділігі артып, қор¬шаған ортаның ластануы біршама төмендер еді.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртүрлі зиянды жәндіктер мен аурулар және арамшөптерден қорғау үшін Ресейде 30 мың тоннаға жуық пестицид қолданылса, біздің елімізде де 10-15 мың тоннаға жуық қажет. Өкінішке орай, республикада оларды шыға¬ратын арнайы өндіріс орындары жеткіліксіз болғандықтан, қазір бұл мұқтажды өтеу үшін біз көбінесе шетел фирмаларына тәуелді болып отырмыз. Соңғы жылдары, Алматы маңында (Қайрат ауылы) “Агрохимия” мен Атбасарда “Астана нан” акционерлік қоғам¬дары өсімдіктер қорғау мақсатында қолда¬нылатын бірен-саран препараттарды шығара бастады. Көбінесе олар шетелден олардың дайын әсерлі затын әкеліп, сумен немесе органикалық қоспалармен араластырып, ыдыстарға құюмен айналысады. Көршіміз Ресейде өсімдік қорғау құралдарын шы¬ғару¬мен 30-дан астам арнайы фирмалар мен серік¬тестіктер айналысып, соңғы жылдары олар Қазақстан нарығына да ауыз салып жатыр.
Нағыз отандық пестицидтер шығару үшін Білім және ғылым министрлігінің ғылыми-зерттеу институттары бірлесе отырып, іргелі зерттеулер жүргізетін мезгіл жеткен сияқты. Оған үлкен материалдық-техникалық база, көп қаражат, білікті мамандар қажет. Осыған байланысты, 2005 жылы Бүкілресейлік ІІ съезде өсімдіктер қорғау химиялық құралдарын шығаратын ғылыми-зерттеу институтының бас директоры А.Ремизов келтірген деректерге назар аударуды жөн көрдік. Дамыған шет мемлекеттерде 1 жаңа препарат шығару үшін 184 млн. доллар жұмсалады. Ол осы бағытта Ресейде арнайы жұмыс істеп жатқан 3 ғылыми-зерттеу инсти¬тутына 2005 жылы 56 млн. рубль бөлінгенін, бұл қаржының мардымсыз екеніне тоқталған еді. Қазақстанға келсек 2001-2005 жылдары Білім және ғылым министрлігінің Химия инс¬титутының бір лабораториясына “Өсімдік¬тердің өсуін реттейтін және зиянкестерден қорғауға арналған химиялық құралдарын шығару” деген тақырыппен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге жылына 1,5-2 млн. теңге ғана қаржы бөлінген. Мұндай болар- болмас қаражатқа не істеуге болады?
Өсімдік қорғау саласы бойынша ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерге мемлекет тарапынан орасан зор көмек жасалып отырғанын айтпай кетуге болмайды. Аса қауіпті зиянкестер мен өсімдік аурулары және карантинді арамшөптермен күресу үшін бюджеттен жыл сайын бірнеше миллиард теңге қаржы бөлінеді. Оларға үйірлі шегірт¬келер, астық дақылдарының 3-4 зиянкестері мен тат және септориоз аурулары, мақтаның көбелегі, сары шырмауық, улы кекіре және т.б. жатады. Мәселен, 2000 жылы тек шегірткені ауыздықтау үшін 20 миллиард теңге, 2002 және 2005 жылы астық дақыл¬дарының тат пен септориоз ауруларының эпифитотия дәрежесіне дейін дамуына байланысты, оларды тежеуге бөлінген қаржы мөлшері 1,5- 2 млрд. теңгеге жуық болды. Сонымен қатар, астық өндірушілерге тікелей көмек ретінде тұқым дәрілеуге арналған препараттар мен гербицидтердің бағасы 40%-ға арзандатылып отыр.
Өкінішке орай, бұл орасан зор қаржының бәрі бірдей өз мақсатында, тиімді пайдаланылып отыр деп айту қиын. Оның бір себебі өсімдік қорғау саласындағы қызметтің бір жүйеге келмей, орынсыз тарамдалуы. Осының салдарынан негізгі мақсат — қалай да болса мемлекет бөлген қаржыны игеру, ал атқарылған жұмыстың тиімділігі мен түпкі нәтижесіне жете мән беріле бермейді. Мұны республиканың көптеген аймақтарында егіс алқаптарының фитосанитарлық жағдайын қадағалап, аталмыш аурулар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, оның нәтижелерін өндіріске енгізуге талпынғанда байқап жүрміз.
Қала экологиясы
“Менің уәделерім ешқашан бос сөз болған емес, ал сіздер маған үнемі үміт ұялатып, биік белестерге бастаған шын жүректен қолдау көрсеттіңіздер”, деді Пре¬зидент. Халқына қаратып айтылған аталы сөз осындай болмақшы.
Елімізде шағын және орта бизнесті да¬мы¬¬тып жатырмыз, шын мәніндегі халықтық капитализмге бет бұрдық дейміз; тәуелсіздік алғалы бері шетел инвестициясы¬нан елімізге қырық миллиард доллардан астам қаржы бұлағы бұрылды дейміз; кешірім жасалған көлеңкелі бизнестен жарты миллиард доллар қайтып оралып, ел игілігіне жұмыс істей бастады дейміз; ішкі жалпы өнім жылма-жыл жоғарылап, көңіл көншітеді дейміз. Әлемдік экономикада Қазақстан моделі өз алдына отау тікті. Білім және ғылым саласына екі-үш жыл көлемінде бюджеттен орасан мол қаржы босатылды. Ауыл шаруашылығына бөлінген дотация көлемі де айтарлықтай. Ендеше, елде қиын жүріп жатқан реформалар, атап айтсақ, білім және ғылым, әлеуметтік сала, коммуналдық қызмет, жерге жекеменшік, осылардың баспалдақтап көтерілу динамикасы көңілге орасан зор қуаныш шуағын құяды.
Осының мәнісін көп ойландым.
Бюджет халықтың маңдай тері мен табан ақысынан құралады. Оның үстіне шетелге шығып жатқан қазба байлықтарымыздың қарымтасынан толады. Енді осы екеуінен бас құрап, қазынамызды толтырған ырзық-несібені көздің қарашығындай сақтап, сыбайлас жемқорлардың апан аузынан арашалап алып қалу – мәселенің бергі жағы, ал сол қомақты қаржыны халықтың бүгінгі тоқшылығы үшін, ертеңгі болашағы үшін орнымен жұмсай білу – ыждаһатты есепқойлықты қажет етеді.
Осы жерде хакім Абайдың сөзі еске оралады. Азаматтарымыздың “…көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады”, – дейді. Осындағы байлаулылық сөзінде терең мән жатыр. Байлаулылық көбіне білімге, зеректікке келеді. Сол білімді, сол зейін, зеректікті қажет жеріне жұмсамай, жанып жүріп шаруа тындырмай, көштің соңынан еріп, жұрт жүрген жолды шаңдатып жөңкіле беру бәрімізге сын болмақшы. Атымыздың басын ұлы көштің бас жағына түзейікші, деді Президент өз Жолдауында.
Өз басым Президенттің әуел бастан екі мінезін ұнатамын, құлай құптаймын.
Бірінші мінезі – нені ойға алса да екі¬ұш¬ты сөйлемей, екіұдай жүрмей, екі жаққа жалтақтамай, сүйейсалды қылмай, жанып жүріп істейтіні. Жанып жүріп істеген іс әрдайым оңынан бітеді. Президент туралы жазылған бірді-екілі көркем шығармаларды, дерекке табан тіреген очерк кітаптарын оқып шыққанда, санаға сап ете қалатын ой – Нұрсұлтан Әбішұлының кешегі бала жастан маңдай терін тамшылатып, бейнеттің от-жалынында қайнап піскендігі. Жастайы¬нан ауыр жұмыстан бойын тартпай өскен¬дігі. Бозбала кезінде анасы Әлжанның бір жағына шығамын деп бөлініп берген бір гектардай қызылшаны суару, шөптеу, түбін қопсыту, жегілеу, жүйектеу шаруасына күні бойы кіріскенде алақаны ойылғанша қимылдайды екен.
Содан кейін Теміртаудың №3 шойын балқыту пешінің от-жалынына оранып, күпәйкесін тұзды суға малып, бірде кокс лақтырып, келесіде пеш науасынан шойын ағызып, жан алып, жан беріп жүргенде бас қорытпашы: “Шәкірттердің ішінен бір шыдаса – осы Сұлтан ғана төзіп шығады”, – дейді екен. Днепродзержинск училищесін бітіріп оралған отыз көгенкөздің ішінен екі-үш жылда қорытпашы болып Нұрсұлтан Әбішұлының әбден қалыптасуы – әлгі бас шебердің сәуегей сөзінің дәлелі. Сүйегі қатып үлгермеген жас кезінен бейнетте шыңдалған адам өмір жолында қандай қиындық кездессе де тайсалмайды, тура беттеп барады. Әлгідегі ойға алған шаруаны жанып жүріп тындырады деуіміз содан.
Президенттің екінші мінез қыры – тәуекелдің адамы. Қасиетті Құранда Алла-тағала тәуекелшіл кісіні сүйеді деген сөз бар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, қысқа жіп күрмеуге келмей жатқанда, Парламент мүшелерінің, зиялы қауымның “осы қалай болар екен” деген дүдәмалына қарамай, баяғы тәуекел деп аяғын үзеңгіге салған батыр бабаларына ұқсап, елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіруі, ақ қар, көк мұз 1997 жылдың ақпанында елорданың тұңғыш нобай-нұсқасына әлемдегі бір деген мықты сәулетшілерді шақырып, бәйге жариялауы – осы тәуекелшіл мінезінен туындап еді. Ел еңсесін түзеп алсын, оң-солымызға қарайық деп сөзбұйдаға салып жүре бергенде осы күнгі ғажайып қала – Астана салынып үлгермес еді.
Биылғы Жолдау да осы тәуекелдің ақ қағазға түскен көрінісіндей елестейді.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев инау¬гурацияда сөйлеген сөзінде болайын деп тұрған істі болғызбай жіберетіндер мен бол¬май¬тын істің өзін болғызатындардың ара-жігін ажыратып, жан аямай жарқырап жұмыс істейтіндер ғана қатарымызда қала¬ды, деді. Мемлекеттік құрылымдар мен лауа¬зымды тұлғалардың іс-қимылын реттеу қолға алынды. Министрлік пен ведом¬стводағы жүріп жатқан қатты қысқартулар осы пәрменнің нәтижесі. Сонымен қатар ақпараттық құралдарда мемлекеттік үлкен мәшиненің бір-бір тегершігі – мемлекеттік қызметшілерді жемқор етіп көрсетіп, жөн-жосықсыз айыптауды тиятын кез келді деп ойлаймыз.
Жоғарыда білім және ғылым саласына екі-үш жыл көлемінде мол қаржы босатыл¬ды дедік. Ал қазақ мектептеріндегі оқулық¬тардың сапасы Лиссабон конвенциясына еркін енетіндей әлемдік стандарт деңгейіне әлі көтеріле алған жоқ. Мектептеріміз мазмұн жағынан жұтаң, жаңашылдығы мардымсыз оқулықпен ілдәлдалап сауат ашып келеді. Жақында республикалық газетте қазақ мектептерінің 9-сыныбына арналған математика оқулығы қатты сынға алынды. Ресей оқулығынан жартылай аударма жасап, оның өзінде біраз дүниелерді дұрыс аудармай, мағынасын бұлыңғырлап, күлдібадам ғып шығарған оқулық жалғыз сол ма екен. Қайта жазылған Қазақстан тарихы да ауыл мектептеріне түгел жетпеді. Жалпы осы оқулық жағдайы мұғалімдердің қабырғасына батқалы қашан.
Алдағы, дәлірек айтсақ 2008 жылдан бастап 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшіп, мұғалімдердің кәсіптік деңгейін, оқулықтар мен білім беру сапасын арттыруға бағытталған межені Президент өз Жол¬дауында әдемі тарқатып айтты. 10 жыл¬дықты бітірген оқушы одан әрі кәсіптік-техникалық білім алып, отбасын құруға бет бұрса, бұған біздің қарсылығымыз жоқ, жас¬тардың бәрі жоғары оқу орнына ұмтыл¬сын деген талап қоймаймыз, деді Прези¬дентіміз. Аса дарынды, қабілетті жастар ғана жоғары білімге құлшыныс танытса құба-құп. Сондықтан қазақстандық білім моделін өзімізге лайықтап, жаңаша құрып, дүниелік деңгейге көтеретініміз ләзім деп қадап айтты.
Жоғары оқу орындарының білім беру сапасын тексеру, стандарттау, тестілік жүйеге түсу, білім саласына жаңа технология енгізу үшін аттай бес мемлекеттік қазына¬шылық кәсіпорын құрылған еді. Бесеуі де бюджеттен қаржыландырылады. Жоғары оқу орнының білім сапасын аккредитациядан өткізу қазынашылық кәсіпорны бір жыл болды әлі бір де бір жоғары оқу орнын аккредитациядан өткізген емес. Бұл мәселенің бір жағы ғана.
Әйнектің екінші жағынан көз салып көрелік. 2005 жылы елдегі министрліктердегі бюджет босатқан, әйтсе де жұмсаудың жолын таппай, тоғандағы тоспа судай іркіліп қалған қаржы көзінің өзі 29 миллиард теңге екен. Болайын деп тұрған істі болғызбай, аяғын сиырқұйымшақ етіп жіңішкертіп жіберетін шенеуніктер арамызда әлі күнге шіреніп жүріп жатқан секілді.
12 жылдық білім реформасы Лисса¬бон конвенциясына қосылудың алғы шарт¬тарын жүзеге асыра бастады. Коммуналдық тұрғын үй реформасы – өндіруші мен тұтынушы арасында нағыз нарықтық арнаға түсті, яғни халықтық капитализмге жол ашты.
2006 жылғы қаңтарда жарияланған экономикалық бостандық рейтингінде еліміз бір жыл ішінде 17 орынға жоғарылап, 122-орындағы Ресейді басып озып, мұның үстіне 111-орындағы Қытаймен құйрық тістесіп, дүниелік бәсеке жарысында 113-орынға табан тірегені қуантады. Ал бәсекеге қабілеттілік жөнінен былтыр 61-ші орыннан көрінгеніміз бар.
Бұл дегеніңіз – әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті, оза шауып бара жатқан маңдайалды 50 елдің қатарына ілігетін күн де қашық емес деген сөз.
Әлбетте, алынған асуды місе тұту тоғышарлыққа апарады, тығырыққа тірейді. Белгілі бір қол жеткен табысқа қарамастан, дүниенің бәсекеге неғұрлым қабілетті елдері бүгінгі таңда жаңа технология мен қызмет көрсетуді тұрақты, үзбей жетілдіру есебінен дамып отыр. Қазақстан экономикасы әлі де басым түрде шикізат өндіруші, сатушы рөлінде қалып келеді. Бұл ретте ЖІӨ өсімінің жартысынан көбі жаңа техноло¬гияға бағынышты, демек, технологияның сапа¬сын қарқынды дамыту арқылы әлгі жартылай жетістіктің олқысын толтыра алады екенбіз.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында елдің дәстүрлі бәсекелес басымдықтарын тиімді пайдалануды, сол арқылы сапалы серпінді секірісті талап етеді. Экономиканы түрлендіріп, жаңа бағыттарын іздеп табуды, бұған қоса жедел жаңғырту инновациясына жол ашуды міндеттейді. Басты нысан – азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру. Салық саясаты салық санын жинақылау арқылы кәсіпкерлік пен халықаралық сауданы дамытуды ынталандыра түспекші. Бюджет саясаты мұнай кірістерін пайдалану тетіктерін жетілдіруге, экономиканың басым секторларын дамытуға, халықтың кедей жіктерін әлеуметтік жағынан қолдай түсуге бағытталған.
Алдағы уақытта бәсекелестікті одан әрі арттыру және ырықтандыру үшін шұғыл шаралар қабылданады. Банктердің сырттан қарыз алуы шектеле түседі. Қосалқы бөл¬шек¬тер мен ауыл шаруашылығы мәшине¬лерін жасау үшін бірлескен кәсіпорындар құрылады. Мұнай-газ саласына арналған мәшинелер мен жабдықтар өндірісін жолға қою көзделеді. Бұл істерге кеудесінде оты бар, білімі мен білігі жоғары, қай деңгейде болсын жұмыс істеуге қабілетті, дарынды мамандар тартылмақ.
Президент Жолдауында Астананы дамыту айрықша көңіл көншітер мәртебеге ие болған.
Астанада ғажайып жобамен Бейбітшілік пен келісім сарайын, қысы-жазы істейтін жабық стадион және Президент паркін салу жоспарланған. Есіл өзенінің сол жағалауына элиталық университет салу, келешекте ол оқу орнын Англияның Кембридж, Оксфорд, Американың Гарвард, Египеттің Әл-Азхар университетінің білім беру деңгейіне дейін көтеру көзделеді. Сол жақ жағалаудың көлік қатынасын жақсарту мақсатында 2 көпір, 4 жол айрығы іске қосылады. Осы жылдың өзінде іргетасы беріктен қалана бастайтын диагностика, нейрохирургия орталығы, төрт бірдей амбулаторлық-емхана кешені, бес мектеп кереге жайып, көңілге қуаныш пен сенім сәулесін құяды.
Алдағыны болжау, келешекке көз жіберу – лидерлерге тән іс.
Мидай жазық Сарыарқа төсінде дүркіре¬тіп жаңа қала салғанда шетелдік мейман¬дардың көзімен қарап, көңілімен пішетін жобалар болғаны ләзім. Қазақтар жартылай көшпелі, жартылай отырықшы өмір сүріп, ұлан-ғайыр далаға иелік етіп, ешкімге ұқсамайтын, ешкімге етегін басқызбайтын өркениет жасап үлгерді. Сол өркениетті өмірге заман талабына сай нәр беру – біздің ұрпақтың борышы.
Щучье-Бурабай курорттық аймағын өркендету, Қорғалжын қорығын шетелдік кезбелердің көз құртына айналдыру бергі ауылдың әңгімесі. Ал келешекте шетелдік туристерге арнайы ашылатын аңшылық, саят, балық аулау, бүркіт салу, дала сафариін көз алдына мөлдіретіп қайыра әкелу – Астанамыздың абыройын аспандата түсері кәміл.
Кез келген бәсекеде тізгін қағыса алатын құрылыс материалдары, жиһаз жасау, тамақ өнеркәсібі қарқындап дамитынына сенесіз. Бұған қоса қала экологиясы дүниелік стандартқа деңгейлес, сай болмақшы.
Астанаға қарап кеңдікті сезініп, Астананы аралап кемелдене түсеріміз кәміл. Астананы айтқанда аузымызға ең әуелі үлкен, биік деген сөздер жиі түсетін болады. Қаланы аралағанда кеудемізге нұрлы сезім толады. Өркениетті елдердегідей тұрғындары рухани кемелдене түседі әлі-ақ!
Елдігіміздің бет-бейнесінің басым көрінісі мәдениет, ақпарат және спортты дамытудан басталады. Барлық азаматтардың белгілі бір көлемде мемлекеттік тілді игеруі үшін жан-жақты жағдай жасалады…..