Реферат: Биология | ЖАЛҒАНАЯҚТЫЛАР КЛАСЫ

0

ЖАЛҒАНАЯҚТЫЛАР КЛАСЫ
Жалғанаяқтылар – көпшілігі теңізде, тұщы суда, кейбіреуі топырақта, мүк арасында тіршілік ететін, белгілі дене дене пішіні сақталмайтын біржасушалы жәндіктер. Бұлардың денесін плазманелла деп аталатын қарапайым цитоплазмалы жарғақша қаптайды. Жалғанаяқтылар класында 11000-нан астам түр бар деп есептеледі.

АМЕБАЛАР. ҚАРАПАЙЫМ АМЕБАЛАР.
Тұщы суда, батпақты жердегі мүктер арасында тіршілік ететін амебалар жалаңаш амеба және бақалшақты амеба түрінде кездеседі. Амебалардың түрлері өте көп, тек теңізде ғана тіршілік ететін, қайырылған теңіз түбіндегі қалдықтар мен жыныстар арасынан бақалшақтары құрылысқа пайдаланылатын, диаметрі 0,1 мм-ден 20 сантиметрге дейін жететін ерекше бақалшақты шұрықденелілерді кездестіруге болады. Жалаңаш амебалар, бақалшақьы амебалар және теңіз тамыраяқтылар класына жатқызылады. Бұлардың дене пішіні, құрылысы, тіршілік әрекетінде өзгерістер болғанмен, негізгі белгілері ортақ болғандықтан, жалғанаяқтылар класына топтастырылады. Біз осы кластың өкілі, кез келген тоқтау суларда кездесетін қарапайым амебамен танысамыз.
Қарапайым амебаның тіршілігі, сыртқы құрылысы және қозғалуы. Бұл – жалаңаш амебалардың едәуір ірі денелі түрі, оның дене мөлшері мм-дің 1/5-3/4 бөлігіндей болады. Қарапайым амебаның негізгі мекені – су өсімдіктерінің шіріген жапырағы мен органикалық заттары мол суқойма түбіндегі тұнба. Оның тұрақты пішіні болмайды, денесі қоймалжың цитоплазмадан және кішкене ядродан құралған біржасушалы біртұтас тірі шырыштан құралады. Денесінің мөлшері өте кішкене болғандықтан, қарапайым амебаның құрылысы тек микроскоппен ғана анық көрінеді. Біржасушаның ішіндегі цитоплазма үнемі қозғалыста болады. Цитоплазманың қозғалу әсерінен амебаның денесінде ең алдымен томпақ пайда болып, ол бірте-бірте созылады да, жалғанаяққа айналады. Амеба жалғанаяқтары арқылы бір жерден екінші жерге жайлап қозғала алады. Жалғанаяқтар өсімдіктің тамыры тәрізді болғандықтан, амебаша қозғала алатын біржасушалы жәндіктерді кейде тамыраяқтылар деп те атайды. «Амеба» гректің сөзі, қазақша баламасы – «өзгергіш» деген мағына береді. Жалғанаяқтар дененің әр жерінен пайда болып, қайтадан жойылып тұратындықтан, амебаның дене пішіні үнемі өзгеріп отырады.
Қоректенуі. Амеба денесінің кез келген жерінен пайда болатын жалғанаяқтарымен тек қозғалыр қоймай, қорегін (ұсақ балдырлар, бактериялар) де қармайды. Қорек денеге тиген кезде цитоплазма өсінділері оны екі жағынан орап алады. Цитоплазмадан сұйықтық тамшылары – асқорыту сөлі бөлініп, қоректің түйірі орналасқан жерде вакуоль пайда болады. Вакольдің ішіндегі асқорыту сөлі қоректі ерітіп, денеге сіңіреді де, оның қорытылмай қалған бөлігі дененің кез келген жерінен сыртқа шығарылады. Сол кезде асқорыту вакуолі жойылып кетеді.
Тыныс алуы. Амеба суда еріген оттегімен бүкіл денесі арқылы тыныс алады. Цитоплазмаға сіңген оттегі ондағы қоректік заттарды өте қарапайым заттарға айырып, тотықтырады да, суға амеба денесіндегі көмірқышқыл газы бөлініп шығады. Амеба денесіндегі тотығу нәтижесінде ағзаға қажетті, оның тіршілік әрекетіне қажетті энергия бөлінеді. Денедегі заттардың тотығуы да жануға ұқсас, бірақ одан айырмашылығы: жылу мен жарықты жалын ретінде бөлмейді.
Зәр шығаруы. Зат алмасу туралы ұғым. Амебаның арнаулы зәр шығару мүшесі жоқ. Тіршілік әрекеті кезінде цитоплазмада әр түрлі зиянды заттар да ериді. Ол зиянды заттар амебаның бүкіл денесі арқылы сумен бірге цитоплазмаға түседі. Зиянды заттар ерітіндісінен цитоплазмада көпіршік – жиырылғыш вакуоль пайда болады. Микроскоп арқылы зер сала қарасаңдар, жиырылғыш вакуольдің 1-5 минут сайын бірде үлкейіп, бірде кішірейіп тұрғанын байқайсыңдар. Амеба вакуольге жиналған зиянды ерітіндісін көпіршікті жиыру арқылы мезгілімен сыртқа шығарып отырады. Сөйтіп жиырылғыш вакуоль амебаның денесіндегі суды, сонымен бірге ерімей қалған қоректік зиянды заттарды дененің кез келген жерінен сыртқа шығарып, цитоплазманы уланудан сақтайды, яғни зәр шығарады. Суда еріген оттегінің амеба денесінде тотығуы, оттегінің зиянды заттарға дейін қоректі тотықтыруы химиялық өзгеріс болып табылады. Ағзадағы барлық зат атаулылардың және энергияның өзгеруі, яғни химиялық реакцияның жиынтығы зат алмасу деп аталады. Табиғаттағы кез келген тіршілік иесі өз денесінде және айналадағы ортада зат алмасу құбылысы тежелсе, одан әрі тіршілік ете алмайды. Зат алмасу арқылы қоректік заттар ыдырап, энергияға айналады да, бейорганикалық заттардың қосылыстары жинақталған кезде басқа заттар түзілу арқылы жасушаның әрекеті күшейе түседі.
Көбеюі. Амебалардың көпшілігі жыныссыз жолмен көбейеді.Жыныссыз көбею амеба денесінің тең бөлінуі арқылы өтеді. Бұл кезде алдымен амебаның ядросы екіге бөлініп, денесі созылады да, жаңа пайда болған бір-бір ядромен екі жаққа ажырайды. Пайда болған екі жасушаның – екі жас амебаның біреуінде ғана бұрынғы жиырылғыш вакуоль сақталады, екіншісінде ондай вакуоль жаңадан түзіледі. Сөйтіп, амеба бөліну арқылы көбейеді.
Циста түзуі. «Циста» грекше «кистис», яғни «қаптама» дегенді білдіретін сөз. Қолайсыз жағдайға тап болған кезде амебаның денесі жұмырланып, сыртын қалың тығыз қабат қаптайды да, қоректенуін тоқтатады. Осындай тығыз қабықша циста деп аталады. Цисталанған амеба суқойманың суы суалса да, айналадағы температура күрт өзгерсе де төзеді. Цистадағы амеба жел арқылы басқа суқоймаларға оңай таралады.

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!