Реферат: Әлеуметтану | Әлеуметтік топтар

0

Әлеуметтік топтар

Әлеуметтік топтар мен әлеуметтік қауымдастықтар қоғамның әлеуметтік құрылымының маңызды элементтері болып табылады.
Әлеуметтік қауымдастық — салыстырмалы тұтастығымен ерек-шеленетін және әлеуметтік іс-әрекеттің дербес субъектісі болып табылатын өмірде бар, эмпирикалық белгіленетін жеке адамдардың жиынтығы. Әлеуметтік қауымдастықтарды зерделегенде бірқатар сәттерді ескерген жөн [37]:
Біріншіден, әлеуметтік қауымдастықтар ғалымдар жіктеп бөлетін ойша құрылған абстракциялар емес. Олардың өмір сүруін эмпири-калық тіркеуге және тексеруге болады.
Екіншіден, әлеуметтік қауымдастықтар — жеке адамдардың, әлеуметтік топтардың немесе өзге де әлеуметтік құралымдардың жиыны емес, тұтас жүйелік сипаттамалары бар тұтастық.
Үшіншіден, әлеуметтік қауымдастықтар әлеуметтік қарым-қатынастар объектілері болып табылады. Бұл олардың өз дамуының және өзін-өзі ұсынуының көзі болып табылатынын білдіреді. Әлеуметтік қауымдастықтың қалыптасуы және қызмет атқаруы әлеуметтік байланыстар, әлеуметтік іс-әрекеттер мен қатынастар негізінде жүреді.
Белгілерінің күрделі жиынтығы барлық қауымдастықтарды неғұрлым кең ауқымды екі ішкі тапқа, бұқаралық және топтық қауымдастықтарға бөлуге мүмкіндік береді.
Бұқаралық қауымдастықтар мынадай белгілерімен сипатталады:
белгіленбеген сапалық және сандық құрамы бар неғұрлым кеңейтілген шекаралы құрылымдық бөлшектелмеген солқылдақ құралым болып табылады;
оларға жағдайға қарай өмір сүру тән, яғни олар қандай да бір қызметтің негізінде және шекарасында құрылып, қызмет атқарады, олардан тыс болуы мүмкін емес, сондықтан да тұрақсыз, бір жағдайдан екінші жағдайға дейін өзгеріп отыратын құралым болып шығады;
оларға құрамының әртектілігі, топаралық табиғат тән, яғни бұл қауымдастықтар таптық, топтық, этникалық және өзге де шекара-ларды бұзады;
өзінің аморфтық құралуы салдарынан олар неғұрлым қалың қауымдастықтар құрамында болуға, олардың құрылымдық бірлігі болуға қабілетсіз. Бұқаралық қауымдастықтардың типтік үлгісі қалың саяси немесе экологиялық қозғалысқа қатысушылар, эстрада жұлдыздарына бас июшілер, спорт командаларының жанкүйерлері және т.с.с.
Әлеуметтік қауымдастықтардың басқа бір маңызды түрі әлеуметтік топтар болып табылады. Әлеуметтік топ ұғымының әлеуметтануда бірнеше мәні бар. Барынша кең мағынасында ол тұтас қоғамды, тіпті барлық адамзатты қамтиды. Неғұрлым тар мағынасында бұл ұғым қоғамның ішінде белгілі бір жеке бастық, ұжымдық және қоғамдық мүдделер мен мақсаттарды жүзеге асыру үшін бірлесіп қызмет атқаратын адамдардың азды-көпті жиынтығы болып табылатын ішкі жүйені бөлу қажет болған кезде пайдаланылады. Бұл орайда “әлеуметтік топ” ұғымына адамдардың аса көп санды бірлестігі ретіндегі әлеуметтік қауымдастық және адамдардың сан жағынан салыстырғанда шағын жиынтығы ретіндегі әлеуметтік топтың өзі де кіреді (ал әлеуметтік топтардың өздері де үлкен және кіші болуы мүмкін). Бұдан әлеуметтік топты үшінші, бұдан да тар мағынасында түсіну қажеттілігі келіп шығады, ол көбінесе солай болады да.
Бұл ретте ойда болар маңызды нәрсе, әлеуметтанушылардың бір бөлігі “әлеуметтік топ” пен “әлеуметтік қауымдастық” ұғымдарының арақатынасын анықтаған кезде біріншісін негізге алып, әлеуметтік қауымдастықты үлкен, бұқаралық әлеуметтік топ ретінде қарастырады; ал басқалары — екіншісін негізге алып, әлеуметтік топты шағын әлеуметтік қауымдастық деп есептейді. Сондықтан аталмыш ұғымдарды бөлу неғұрлым шартты түрде алынады, өйткені бұл орайда тапты да, ұлтты да, отбасын да әлеуметтік қауымдастық ретінде де, әлеуметтік топ ретінде де қарастыруға болады.
Әлеуметтік топтар бұқаралық әлеуметтік қауымдастықтардан өзгеше: 1) олардың кеңістікте және уақытта өмір сүруінің беріктігі мен тұрақтылығына жағдай туғызатын орнықты өзара іс-әрекетімен; 2) салыстырмалы түрде алғанда жоғары топтасу дәрежесімен; 3) құрамының айқын көрініп тұрған біртектілігімен, яғни топқа кіретін барлық жеке адамдарға тән белгілердің болуымен; 4) құрылымдық құралым ретінде неғұрлым қалың қауымдастықтарға кіруімен сипатталады.
Бұдан шығатын қорытынды — адамдардың топқа бірігуінің кез келгені әлеуметтік топты құрай бермейді. Күнделікті өмірде біз адамдардың субъектілер арасындағы өзара байланыстар мен өзара іс-әрекеттердің тұрақсыздығы, қысқа мерзімділігі, тарлығы тән (тобыр, тыңдармандар аудиториясы, әлеуметтік топтар және т.б.) бірлестік-терімен жиі ұшырасамыз. Олар шынтуайтына келгенде әлеуметтік топтар болып санала алмайды, сондықтан да көбіне квазитоптар деп аталады.
Әлеуметтанушылар “әлеуметтік топ” ұғымын әр қалай анықтайды.
Р.Мертон әлеуметтік топты белгілі бір жолмен бір-бірімен қарым-қатынаста болатын, өзінің сол топқа жататынын ұғынатын және басқа адамдардың көзқарасы бойынша оның мүшесі болып саналатын адамдардың жиынтығы ретінде анықтай отырып, оның үш айырмашылық белгісін бөліп көрсетеді — өзара іс-әрекет, мүшелік және сәйкестілік. Ұқсас анықтама бере отырып, Н.Смелзер адамның мінезін көбіне оның қандай да бір топтың адамы екендігімен түсіндіретінімізді айтады. С.С. Фролов әлеуметтік топты оның әрбір мүшесінің басқаларға қатысты белгілі бір жолмен қарым-қатынаста болатын жеке адамдардың жиынтығы деп түсінеді. Бұл анықтамада жиынтықты топ деп санау үшін қажетті екі маңызды шартты көруге болады: 1) оның мүшелері арасындағы өзара іс-әрекеттің болуы; 2) топтың әрбір мүшесінің басқа мүшелерге қатысты әрекетерінің болуы.
Әлеуметтік топтар өзінің шамасы, саны бойынша шағын (екіден он бес адамға дейін) және үлкен болып бөлінеді. Шағын әлеуметтік топты ажырату белгілері: 1) құрам санының аздығы; 2) мүшелерінің кеңістіктегі жақындығы; 3) өмір сүру ұзақтығы; 4) топтық құндылықтардың, нормалардың және мінез-құлық үлгілерінің ортақтығы; 5) топқа кірудің еріктілігі; 6) адамның мінез-құлқын бақылаудың бейресмилігі болып табылады.
Шағын топтарды қандай түрлерге және типтерге бөлуге болады? Зерттеу мақсаттарына қарай бір емес, бірнеше тұрпаттама болуы мүмкін. Егер де бізді топ мүшелерінің тұлғааралық қарым-қатынастарының тереңдік дәрежесі қызықтыратын болса, онда топтарды ресми және бейресми топтарға бөлеміз. Олардың алғашқысы — мынадай негізгі ерекшеліктері болатын ресми ұйым-дардың түрлері:
— ол ұтымды, яғни оның негізінде орынды, белгілі мақсатқа қарай саналы түрде қозғалу принциптері жатыр;
— ол принципті түрде тұлғасыз, яғни жасалған бағдарлама бойынша араларында жетілген қарым-қатынастар орнайтын абстрак-тілі жеке адамдарға арналып есептелген. Мұндай топты, әдетте, неғұрлым жоғары деңгейдегі әлеуметтік жүйе құрайды, оның функцияларын да, құрылымдарын да береді. Мұндай топтағы көшбасшының беделі, мәртебесі тек қана оның жеке басының қасиеттерімен емес, “жоғарыдан”, сырттан алатын лауазымымен де анықталады.
Бейресми топқа келер болсақ, ол мүшелерінің бір-біріне тұлғалық, эмоциональдық икемделу қатынасының нәтижесі ретінде құрылады; ол оны құрайтын жеке адамдардың бастамасы бойынша аяқ астынан (өздігінен) жасақталады. Шағын топтардың қызметінде ұйымдардың барлық белгілері айқын көрініс табатын болғандықтан, бейресми топтар да ресмиден тыс (ресми топтардың шеңберінде қалыптасатын) және әлеуметтік-психологиялық (кез келген жерде пайда болатын) болып бөлінуі мүмкін.
Шағын топтарды бастауыш және екінші деп бөлу тұрпаттаманың маңызды түрі болып табылады. Мұндай бөлудің салыстырмалы екендігін әуел бастан ескерте кеткен жөн. Бастауыш топ — мүшелерінің өзара байланысулары жоғары (кейде неғұрлым жоғары) жиілігімен және тығыздығымен ерекшеленетін шағын топ. Бастауыш топ көбінесе басқа шағын топтың құрамдас бөлігі болып табылады, бұл жағдайда ол алғашқы топқа қатысты алғанда екінші топ болады. Егер де біз мысал ретінде студенттік (академиялық) топты қарастырар болсақ, онда ол бірнеше топтарды біріктіретін курсқа (лекке) қатысты алғанда бастауыш топ болады.
Г.С.Антипинаның көрсеткеніндей, бастауыш шағын топтың өзіне тән белгілері мынадай: құрам санының аздығы, кеңістіктегі жақындық, өмір сүру ұзақтығы, мақсат бірлігі, топқа кіруге еріктілік және мүшелерінің мінез-құлқына бейресми бақылау. Ч.Кули ғылыми айналымға бастауыш топ ұғымын енгізе отырып, оның интимдік, жүзбе-жүз (face-to-face) байланысумен және ынтымақтастықпен сипатталатынын атап өткен.
Кейбір екінші топтарды, мысалы, кәсіподақтарды қауымдастықтар ретінде сипаттауға болады, олардың ең кем дегенде кейбір мүшелері өзара әркеттеседі, біртұтас, барлық мүшелері бөлісетін нормативтік жүйесі және қандай да бір ортақ, барлық мүшелері бөлісетін корпоративтік өмір сүру мағынасы болады.
Қоғамда шағын топтар атқаратын әлеуметтік функциялар орасан, оларды басқаша бағалау мүмкін емес. Конт бір кезде қоғамның ұясы деп атаған отбасын еске алсақ та жеткілікті — бұл ылғи да шағын топ және де өзі құрамына енетін көптеген басқа топтар мен ұйымдарға қатысты бастауыш топ болады. Төменде атап өтілетініндей, сол отбасы адам тұлғасының қалыптасуында маңызды рөл атқаратын бастауыш әлеуметтендірудің басты агенті болып табылады. Дегенмен, отбасы ғана емес, өзіміз құрамына кіретін басқа көптеген бастауыш және екінші топтар да біздің өмірбаянымызда маңызды әлеуметтендіруші рөл атқарады: құрбы-құрдастар топтары, дос-жарандар, әуесқойлар үйірмелері, спорт командалары — біз дәл осылар арқылы замандастарымыз бен отандастарымыздың кең қауымдастығында қалыптасқан дәстүрлердің, нормалардың және құндылықтардың барлығын игереміз. Көптеген зерттеушілердің бастауыш түріндегі байланыстардың жетіспеушілігін адамның тұлғалық қасиеттерінің нашарлауына және тіпті девианттық мінез-құлықтарда белгілі бір сапасыздыққа апарып соғуы мүмкін деп ұйғаруы кездейсоқ емес.
Жеке адам үшін өзі жататын бастауыш топ өте маңызды референттік топтардың бірі болып табылады. Бұл терминмен құндылықтар мен нормалар жүйесі жеке адам үшін өзіндік эталон болатын (шынайы немесе қиялдағы) топты белгілейді. Адам әрқашан — ерікті немесе еріксіз түрде — өзінің ой-ниеттері мен іс-әрекеттерін өзі пікірлерін қадір тұтатын адамының қалай бағалайтынымен салыстырады. Жеке адам осы сәтте жататын тап та, бұрын мүшесі болған топ та және мүшесі болғысы келетін топ та референттік бола алады. Референттік топты құрайтын адамдардың дербестелген бейнелері “ішкі аудиторияны” құрайды, адам өзінің ойға алғандары мен іс-әрекеттерінде соны бағытқа алады.
Шағын топтар теориясының айтарлықтай маңызды бөлімі ондағы серпімділік процестерін зерделеу болып табылады. Бұл зерттеулер микроәлеуметтану мен психологияда шағын топтардың өмір сүру және даму заңдарын сипаттауды негізге алатын өзара әрекеттес және бірін-бірі толықтыратын тұжырымдамалардан тұратын ерекше бағыт болып бөлінген. “Топтық серпін” терминінің өзін ғылыми айналымға 1930 жылдары Курт Левин енгізген. Негізгі теориялық қағидалардың бірі топтық қызметтің жүйелілік сипатын атап өтуден тұрады: тұтас алынған топ оған кіретін жеке адамдардың жай қосындысы емес, одан артық. Сонымен қатар, шағын топтарда жүретін құбылыстар мен процестерді сипаттайтын заңдар одан да ірі әлеуметтік бірліктердің серпінін сипаттауға қолданылуы мүмкін.
Топтық серпін теориясының дамуына американдық (тегі — румын) әлеуметтік психолог Джейкоб Морено маңызды үлес қосқан. Ол шағын топты зерттеудегі екі маңызды бағыттың: әлеуметтік драманың (немесе психодраманың) және әлеуметтік метрияның негізін қалаушы ретінде танымал. Әлеуметтік метрия — эмоционалдық және тұлғааралық өзара әрекеттестіктердің біртұтас “топтық өрісін” құрайтын топ мүшелерінің арасындағы байланыстарды айқындау және сандық өлшеу әдістерінің жүйесі.
Кез келген шағын топта оның туғанынан өлгеніне дейін жүретін серпінді процестерді қысқаша тізбектеп шығуға тырысар болсақ, онда мынадай негізгі құбылыстарды түйіндеуге болады:
топтық ықпалдасу — топ мүшелерінің бір-біріне лайықтанып, бейімделуі негізінде топтардың біртұтас нәрсеге айналуы;
құрылымдалу — көшбасшылар мен басқа да мәртебелік позицияларды бөліп және тиісінше сол мәртебелерге сәйкес рөлдер суретін жасай отырып ішкі құрылымның жасақталуы.
Берілген топқа тән нормалар мен құндылықтар жүйесі қатар дамиды; кей кезде бұл бірлескен іс-әрекеттерде, уақытты бірге өткізетін кезде қатар болатын ерекше жоралғылар жасаумен қатар жүреді. Бұл нормалар мен құндылықтарды сақтау үшін топ мүшелеріне топтық қысым жасалады. Ол оң және теріс әр түрлі топтық санкциялардың көмегімен жүзеге асырылады.
Әлеуметтік топтарды жіктеу топтарды шағын және үлкен, бастауыш және екінші деп бөлуді ғана көрсетпейді. Қоғамдық топтардың әлеуметтік жағдайлары бойынша өзгешелігі бейнеленетін қоғамның әлеуметтік құрылымының сипаттамасы тұрғысынан әлеуметтік-таптық қауымдастықтар (таптар, қабаттар); әлеуметтік-демографиялық қауымдастықтар (еркектер, әйелдер, балалар, ата-аналар және т.б.); этникалық әлеуметтік қауымдастықтар (ұлттар, ұлыстар, тайпалар, ұлттық және этнографиялық топтар); әлеуметтік-аумақтық топтар (қала, ауыл, аймақ); әлеуметтік-кәсіптік қауымдас-тықтар және т.б. сияқты әлеуметтік топтарды бөліп қарау ерекше маңызды….

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!