Реферат: Әдебиет | Жамал Омарова

0

Омарова Жамал (1912-1976) — әнші (контральто). Қазақстанның халық артисі. Өзбек ССР-нің Янгиюль қаласында туған. Ташкент педагогикалық училищесінде оқу бітірген. Ж. Омарова қазақ ұлттық операсымен ән мәдениетін дамытуға үлкен үлес қосты. Ол 1934-1936 жж. музыкалық драмалық спектакльдерден Мақпал (Б. Майлиннің “Шұғасы”), Қамқа (Ғ. Мүсіреповтың “Қыз Жібегі”), Айман (М. Әуезовтің “Айман-Шолпан”) образдарын жасады. 1937-1976 жж.- Қазақконцерт пен қазақ филармониясының солисі. Оның репертуарында “Бипыл”, “Қараторғай”, “Ертіс”, “Ләтипа”, “Шынарай” сияқты қазақтың халық әндері, Ш. Қалдаяқовтың “Менің Қазақстаным”, А. Телғозиевтің “Менің елім” және т. б. әндері бар. Ж. Омарованың орындауында қазақтың халық шығармашылығына ұлттық сипаттар, оның әуезділігі, фольклорлық жанрдағы патетика тән.

Қазақ ССР-ның халық әртісі Жамал Омарова (1912 –1976) көзінің тірісінде-ақ бүкіл елдің зор сүйіспеншілігімен құрметіне бөленген шын мәнінде нағыз халықтың әншісі. Жамал Омарованың өмірі мен шығармашылығы кеңес дәуіріндегі қазақ музыка тарихының жарқын беттерінің бірі, оны мәңгіге жазып қалдырған жарық жұлдызы. Әншінің ешкімге ұқсамайтын қайталанбас ғажап дауысы күн сайын радиодан шырқалып, республиканың барлық облыстарын аралаған гастрольдік сапарларында елге кең жайылып таралып жатты. Жамал Омарова Қазақстанды, қазақ өнерін жауапты концерттерде, одақ көлеміндегі декадаларда паш етіп көпұлтты кеңестік өнердің мақтанышы бола білді! Жамал Омарованың өмірі мен шығармашылық тағдыры сол кездегі кеңес дәуірінің халық музыканттарына және жалпы халыққа деген ресми үстемдігін, ақ-қара беттерін айна қатесіз көрсетеді. Жамал Омарова Ташкент облысының Янгиюль ауданында бай қазақ отбасында дүниеге келген. Коллективтендіру кезінде қатты қуғындалып, әкесі репрессияға ұшыраған.

Бұл отбасының балаларына білім алуға ешқандай мүмкіндік жоқ еді. Сөйтсе де талантты қыз мектеп қабырғасынан-ақ көзге түсе бастайды. Орман шаруашылығы техникумында, жұмысшы жастар факультетінде, Ортаазиялық тау-кен институтында оқиды. Ал, музыкалық білім алу туралы айтуға да болмайтын. Асқан дарындылығымен өнерге деген құштарлығы арқасында Жамал Омарова 16 жасында-ақ Ташкент радиосында ән салады. Оның орындаушылық шеберлігі сол өңірдің халықтық ән дәстүрінің бай қазынасын бойына сіңіріп қалыптасқан деп айта аламыз.1928 жылы ЖамалОмарова Ташкентте өткен Ортаазиялық балалар олимпиадасында Гран-при жүлдесіне ие болады.

Оның Олимпиадаға қатынасуына себепші болған Құрманбек Жандарбеков еді. Құрманбек Жандарбеков тамаша музыкант, Қазақ ССР-ның халық әртісі, музыкалық театрдың алғаш қазақ режиссеры, Ташкент халық ағарту институтында оқыған, әншінің өзі де оны өнердегі ұстазы, тәлімгері тұтқан әрі әкесінің інісі – ағасының үзеңгілес досы болатын. 1934 жылдан бастап Жамал Омарова қазақ радиосында жұмыс істеді. Дәл осы кезден радиоға жұмысқа Ленинградтан келген, Қазақстан композиторлар мектебінің негізін қалаған халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әртүрлі жанрдағы көптеген музыкалық шығармалардың авторы композитор Евгений Григорьевич Брусиловский қабылданады. Әнші менен композитордың достығы, жемісті шығармашылық бірлесуі дәл осы кезден басталады деп айтса болады.

Жамал Омарованың репертуары өзі туған жерінен алып келген халық композиторларының және халық әндерінің өңделген түрлерінен құралған. Бұлар елге кең жайылған, халық сүйіп тыңдайтын – Кәмила, Бипыл, Шынар-ай, Ақбөпе, Секіртпелі-сем-сем, Ахау айым, Абай гүлім-ай, Ой көк және т.б. әндер. Қазақстандағы хор капелласын құрушылардың бірі – хормейстер Борис Васильевич Лебедевтің арқасында осы кезден бастап әншінің европалық музыкалық білім алуы, яғни нотаны үйренуі басталады. Қазақ даласы үшін ерекшелік болып табылатын сол кездегі композиторлармен әншінің шығармашылық бірігуі, ұлттық ән салу мәдениетінің өскендігі, өзі туған өңірдің халықтық ән дәстүрінің бай қазынасын бойына сіңірген оның табиғи аса дарынды тума таланты — Жамал Омарова сынды феноменді дүниеге әкелді.

Әнші репертуарының шұрайлы бөлігін оның дауысына арнайы жазылған Қазақстан композиторларының әндері құрады. Олар – Е.Брусиловскийдің атақты “Алтайы” мен “Гүлденген Қазақстан”, Ш. Қалдаяқовтың “Менің Қазақстаным”, Б. Байқадамовтың “Бөбегім”, “Досыма” әндері. Бұл шығармалардың жазылуына әншінің де қосқан үлесі зор. Көп ұзамай Жамал Омарова халықтың ең сүйікті және танымал әншісі атанады. 1943 жылы Жамал Омароваға Қазақстанның еңбегі сіңген әртісі атағы беріледі, Қазақ ССР халық әртісі деген атақты да осы жылы алады.

Жамал Омарова әншілік өнердің зейнетін көрген бақытты өнер саңлағы. Ол көптеген концерттік сапарларда атақты дәстүрлі өнер тарландары Жаппас Қаламбаев, Қали Жантілеуовтермен бірге Қазақстанның барлық аймақтарында өнер көрсетті. Қытай халық Республикасында, Мәскеудің сахнасында ән салды. Жамал Омарованың ән шығармашылығын айтқанда оның ажырамас концертмейстрі Қазақ ССР еңбегі сіңген әртісі М. В. Смитровичті атамай кетуге болмайды. Кейіннен оны Республикаға еңбегі сіңген әртіс С. Б. Коган сүйемелдеді. Олардың орындаушылығына – нәзік музыкалық талғам, жоғары деңгейдегі кәсібилік тән еді. Әнші мен фортепиано сүйемелі бірігіп, үйлесіп астасып жататын.

Қазақ халқында әйелдер әнді төменгі дауыспен салады. Мұндай дауыс Ү.Тұрдықұлова, Р. Есімжанова, Р. Қойшыбаева, Р.Мұсабековаларда бар еді. Ал, Жамал Омарованың дауысында өзгеше бір бай, қуатты қою үнмен қоса жағымды жұмсақ сарын, күмістей сыңғырлаған тазалық бар еді. Оның даусы тұңғиықтай терең ғана емес, төменнен басталып күңіреніп шығатын халықтық иірімге бай дауыс. Оның жүректен шымырлап шыққан қою қоңыр даусы тыңдаушының жүрегіне жетіп жығылып, көңілді қош ететіндей бір асқақ сезімге бөлейтін. Әннің жағымды ырғағы сөзімен бірге құйылып қойғандай кірігіп, әуенге малындырып, әр дыбысты дауыс иірімімен өрнектеу Жамал әншіге ғана тән. Әннің қайбір тұсында дыбыстардың құйқылжып, мың түрленуі, сынаптай сырғып жүз құбылуы жезтаңдай әншінің асқан шеберлігі. Тыңдаушысын таң қалдыратын “күміс көмей, жезтаңдай” дейтін асқан әнші, дәстүрлі ұлттық әншілік өнер шеңберінен әлдеқайда тыс СССР халықтары әндерін, композиторлық шығармаларды меңгерген Жамал Омарова — халықтың сүйіктісі, тума таланты, жарық жұлдызы болған ерекше құбылыс.

Өмірбаяндық мәліметтер мен нақты деректер Жамал Омарованың қызы Жұпар Омаровадан және Орталық Мемлекеттік кинофото фонодокументтер мұрағатынан алынды. ….

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!