Реферат: Әдебиет | Жалпы батырлар жөнінде түсінік
Адамзат қауымы қоғам, ел, мемлекет болып қалыптасқаннан бастап жаңа заманға, азаматтық қоғамға дейін, барлық халықтарда қоғамның негізін, үш үлкен әлеуметтік жіктер құрап келді. Олар — қоғамның негізгі қажеттіктерінен туындаған және сол қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін қызмет ететін, қоғамдық еңбек бөлісі барысында қалыптасқан кәсіби әскерилер әлеуметтік жігі (“әскери сословие”), дін қызметшілері (“діни сословие”) және түрлі еңбек иелері, яғни саудагерлер, қолөнершілер, шаруалар және т.б., Еуропада бұл “үшінші сословие” деп аталды. Осы үш негізгі әлеуметтік жіктің қоғамдық функциясына қарай, олардың қоғамдағы орынын, бір-бірімен ара қатынасын, сословиелік ерекшеліктерін реттейтін салт-дәстүрлер, заңдар, әлеуметтік нормалар пайда болды. Халықтың, қоғамның осылайша үш негізгі әлеуметтік жікке бөлінуі, олардың қоғамдық функциясының ерекшелінуі көптеген халықтардың мифтерінде, аңыздарында көрініс тапты. Бұл үш әлеуметтік жіктер кейбір халықтарда бір бірімен араласпайтын “каста” түрінде (мысалы, Индияда) немесе өкілдері бір біріне ауыса беретін “сословие” түрінде (мысалы, Еуропада”) дамыды.
Елдің қауіпсіздігін, мемлекеттің тәуелсіздігін, ел ішіндегі қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттілігі көшпелі қоғамда да әскери іспен кәсіби тұрғыда айналысатын адамдардың пайда болуын, олардың осы қоғамдық функцияларды атқаруды өз міндетіне алу барысында жеке әлеуметтік жік ретінде қалыптасуына әкелді. Басқа халықтарда әскери сословие өкілдерін “самурай”, “рыцарь”, “кшатрий” деп өзіндік атауымен атағаны сияқты көшпелі қоғамның кәсіби әскерилер әлеуметтік жігінің өкілдерін “батыр/баатур/бахадур” деп атаған. Басқа халықтардағыдай көшпелілер әскерилерінің – батырлардың ерекше әлеуметтік топ ретінде өзіндік идеологиясы, қоғамдық функциясына, қызметіне байланысты тек өздеріне тән өмір сүру салты, жауынгерлік салт-дәстүрі, басқа әлеуметтік жіктермен ара қатынасын реттейтін әлеуметтік нормалары, этикасы т.б. “сословиелік” ерекшеліктері қалыптасты. Бұл туралы құнды мәліметтер қазақ ауыз әдебиетінде – эпос, жырларда, жыраулар поэзиясында, батырлық ертегілерінде, басқа жазба деректерде көрініс тапқан.
Батырлардың ерекше әлеуметтік жік ретіндегі басты ерекшелігі – олардың тек қана әскери кәсіппен айналысуы. Жапонның самурайлары, француздардың рыцарьлары, индиялықтардың кшатрилері сияқты әскери қызмет көшпелілер батырларының, яғни қазақ батырларының да қоғамдық монополиясы болды. Басқа кәсіппен шұғылдануды олар өздеріне ар санады. Сондықтан олардың бар өмірі соғыста өтетін, эпос қаһармандары Қобыланды, Алпамыс батырлардың, берідегі тарихи тұлғалар Қабанбай, Амангелді батыр, Бөгенбай, Жәнібек, Қарасай батырлардың өмірлері де осылай өткен.
Соғыс ісі батырлардың негізгі кәсібі болғанмен, бұл кәсіптің басты мақсаты Отанды жаудан қорғау, елді шет басқыншылардан азат ету, халықтың қонысын, жерін кеңейту, тұтқында кеткен отандастарын азат ету, жау қолынан қаза тапқан ата кегін қайтару болды.
Қызыл қанымды төктім,
Қара терімді ағыздым,
Күш -қуатымды бердім.
Бұл түркі халқына
Қарулы жауды келтірмедім.
Атты әскерді жолатпадым.
Тоныкөк ескерткіші.
Жауға шаптым ту байлап,
Шепті бұздым айқайлап,
Дұшпаннан көрген қорлықтан
Жалынды жүрек, қан қайнап,
Ел-жұртты қорғайлап,
Өлімге жүрміз бас байлап.
Ақтамберді жырау.
Амангелді батыр, қазақ ауыз әдебиетінде әскери әулеттен шықан бала алғашқы ерлік жолын әдетте соғыста өлген әкесінің кегін қуудан бастайды, бірақ бұл кең ұғымда жалпы халықтың, елдің кегін қуу мағынасында түсінілген. Елді шапқан жаудан халық кегін алу батырдың басты міндеті саналды. Сондықтан елдің кегін кектеп, аттан түспеген батырлардың есімі халықтың жадында сақталып, өмірлері жырға өзек болып, есімдері ел ұранына айналған.
Кәсіби әскерилер жігінің екініші ерекшелігі – батырлар үшін әскери кәсіп ата кәсіп саналып, әкеден балаға мұра болып қалатын. Батырлар әулетінде туған бала 13-15 жасынан ел үшін соғысқа араласып, әскери кәсіппен айналысуға міндетті болды. Батырлық жырлардағы Ер Қосай, Едіге, Ер Тарғын, ХVIII-ХIХ ғасырлардағы Райымбек, Қабанбай батырлар, ұлт-азаттық көтерілістердің көсемдері Исатай, Жанқожа, Амангелді батырлар бәрі де ата-бабасынан ұрпағына дейін батыр болғандар. Қазақта мұны “шынжырлы тұқым” деп, ата кәсіптің батырлар әулетінде ұрпағына жалғасуын “шынжыры үзілмеу” деп атаған. Батырлар ұрпағы үшін ата кәсібін жалғастырмау – масқаралық саналды. Әр буынында бүкіл қазаққа әйгілі батырлар шыққан “шынжырлы тұқым” қазақ халқында көп болған. Әрідегі Қобланды батыр, берідегі Бөгенбай батыр, кешегі Амангелді сияқты батырлар шыққан, ел үшін қандарын төккен көптеген батырлар әулетін айтуға болады. Бірақ кәсіби әскерилер әулетінде туғанмен, “батыр” атағына жас жауынгер шайқастағы ерлігімен дәлелдеу арқылы ие болатын.
Әскери істі кәсіп еткендіктен батырлар жастайынан соғыс өнерін, жауынгерлік қару-жарақтың барлық түрімен соғысу әдіс-тәсілдерін жетік меңгеруге және жетілген шабуыл құралдары мен қорғаныс жарақтарымен жарақтануға тиісті еді. Олар көшпелілердің әскери өнерін, жауынгерлік тәжірибесін ұрпақтан ұрпаққа сақтаушылар және дамытушылар болды. Батырлар кәсіби әскерилер ретінде қазақ әскерінің негізін құрады. Соғыс жағдайында бүкілхалықтық жасақ құрылғанда батырлар жеке әскер бөліктерін басқаратын әскербасылар қызметін атқарды.
Қоғамдық функциясының маңыздылығына байланысты ХVIII ғасырда буржуазиялық-азаматтық қоғам қалыптасқанға дейін барлық халықтарда ел, мемлекет билігі әскерилер сословиесінде болды. Еуропада корольдер рыцарьлар әулетінен шықса, Индияла раджалар кшатрилер кастасынан, Жапонияла император самурайлардан шыққан. Көшпелі халықтарда да хандар, әміршілер, ел билеушілер батырлар әулетінен шығатын және осы әлеуметтік жіктің өкілі болды. Шыңғыс хан, Әмір Темір, Едіге, Мамай, Абылай бәрі де өздері де батыр болған және батырлар әулетінен шықан адамдар. Олар өздерінің ерлігінің, батырлығының арқасында жеке билеушілік дәрежеге көтерілді. Халықтың да хандық билікті елді қорғап, сақтай алатын адамдардың қолына беруі түсінікті. Көшпелілер ханда елдің құты болады деп санап, ел амандығын ханмен байланыстырып, ерекше батыр адамды қадір тұтып, қасиеттеп, бастарына көтеріп, хан сайлаған. Кейін патшалық, хандық тақ бір ғана әулеттің ұрпағына мұрагерлікке қалғанмен бұл сословиелік байланыс жойылған емес. Бір сословиенің өкілі болғандықтан хан мен батырлардың өзара қатынасы сюзерендік–вассалдық қатынас болды. Батырлар ханға әскери қызмет көрсетіп, оған адал болып, керек болса ол үшін жанын қиюға тиісті еді. Өз билеушісіне сенімді болу батырдың басты қасиеттерінің бірі саналды. Хан елдің, мемлекеттіктің символы болғандықтан ханға сенімділік батырлар үшін елге сенімділікпен, ханға қызмет елге қызмет етумен ұштасып жатты. Ханға қызмет ету батырлар үшін құлдық бағыныш емес еді, керек болған жағдайда батырлар артық кеткен ханның кінәсін бетіне айтып, ханға қарсы тұрып, онымен терезесін тең ұстаған. Бір әлеуметтік жіктің өкілі болғандықтан батырлар қашанда ханның тірегі болды. Қазақ тарихында әр ханның есімімен бірге оның айналасындағы батырлардың есімдері қоса айтылады. Есім ханмен оның белгілі батырлары Қоңырат Алатау батыр, Дулат Жақсұғұл батыр, Жанай батыр, Қарасай батырды айтсақ, Абылай ханмен Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек, Малайсары, Баян батырлар есімдері байланысты, Кене хан есімімен Ағыбай, Наурызбай, Бұғыбай, Иман батыр есімдерін еске аламыз.
Ел билігін қолға ұстаған әлеуметтік жік болғандықтан батырлар мемлекеттің ішкі, сыртқы саясатын анықтауға араласып, түрлі мемлекетаралық қатынастарға қатынасып, елшілікке жүріп, хан жанындағы әскери кеңес мүшелері, түрлі мемлекеттік лауазым иелері болды. Қазақ хандығы мен Орыс патшалығының ара қатынасына байланысты архивтік құжаттарда ру басшылары ретінде көптеген батырлардың аттар аталып, қолдары қойылып, мөрлері басылған.
Батырлардың қоғамдық жік ретіндегі тағы бір ерекшелігі – олардың үстем тап өкілдері ретінде үлкен меншік иелері болуы. Соғыс батырлар үшін әскери кәсіп қана емес, табыс көзі де болды. Көшпелі халықтарда қалыптасқан рәсім бойынша соғыстан түскен олжаның “сауға” деп аталатын бестен бір бөлігі ханға тиесілі болды да, қалғаны соғысқан қатысқандарға, олардың ерлігіне, жауды жеңуге қосқан үслесіне сәйкес бөлінетін. Соғысқа қатыспағандар да батырлардың әскери олжаларынан “сауға” сұрап алатын құқы болған. “Сауға” институтының, “сауға сұрау” дәстүрінің қалыптасуы ел ішіндегі асыраушылары жоқ, жарлы, кемтарлардың әскери олжадан үлес алуға мүмкіншілік беруден туған. Батырлар осылайша өз олжаларынан елге бөлісу арқылы елді асырайтын болған, сондықтан қазақта “Батырдан – сауға, аңшыдан – сыралғы” деген мақал осы күрге дейін сақталды. Сонымен бірге, атқарған ерекше әскери қызметі үшін хандар батырларға меншігіне жерлер, елді мекендерді немесе одан түсетін салықтарды беріп отырған. Бірақ соғыстан олжа түсіріп, әміршілерден сый-сияпат көретін батырлардың бәрі бірдей байлық иесі болмағанын да айта кету керек.
Батырлар әлеуметтік жігінің тағы бір ерекшелігі – еуропа рыцарьларының намыс кодексі, жапон самурайларының әскери этикасы “бусидо” (“Жауынгер жолы”) сияқты көшпелілер әскерилерінің, батырлардың да өздеріне тән жауынгерлік этикасы, моралдық нормалары, өзіндік әскери салт-дәстүрлері болды.
Оларды біз кейін арнаулы мақалада айтамыз.
Сонымен батырлар кім дейтін сұраққа жауап беретін болсақ, олар: 1) әскери өнерді жетік меңгерген, соғыс ісін тұрақты кәсіпке айналдырған; 2) бұл кәсібі бүкіл әулетіне, ұрпағына мұрагерлікке жалғасып отыратын; 3) елдің сыртқы қауіпсіздігі мен ішкі тұрақтылығына қызмет ететін; 4) елдік, мемлекеттік билікті қолдарына ұстаған; 5) хандық билікпен тығыз байланысты; 6) әртүрлі меншік иелері болған; 7) өзіндік жеке идеологиясы, моральдық этикасы, жауынгерлік салт-дәстүрлері бар, көшпелі қазақ қоғамының ерекше әлеуметтік жігінің өкілдері болды. Бұл қоғамдық жіктің осы әлеуметтік ерекшеліктеріне негізделген өмір сүру салты “батыршылық” деп аталды. Шығыста феодалдық әскери сословие өкілдерін парсы тілінде “сипай/сипах/сипаһ” деп атағандықтан (қазақ тілінде бұл атау “сыпай/сыпа” болып өзгерген), қазақ ауыз әдебиетінде кейде түркі тіліндегі “батыршылық” сөзінің баламасы, синонимі ретінде парсы тілінен енген “сыпайшылық” сөзі де қолданылады.
Күлікке тастай болып тимесе,
Үстіме көбе кимен-ді!
Күмістен екі қолтық жоқ болса, сыпайшылық сүрмен-ді!
Дулығамның төбесі
Туған айдай болмаса,
Батыршылық сүрмен-ді!
Шалкиіз жырау. Б.ғ. 41 б.
Алдаспан ауыр қылыш байлаған,
Сыпайшылық бұ-ды деп,
Ала білек оқ салған.
“Ер Шобан”. Б.ғ.15 б
Орыстың жазба деректерінде Кенесарының: “Мен батыршылдығымды ешқашан тастамаймын және ерліктің кереметін көрсетіп өлемін” — дегені айтылады. “Парпария” жырында қарт Аңшыбай батырдың алғашқы рет батыршылық жолына түскен немересі – Парпарияға айтқан өсиетінде батыршылдықтың негізгі қағидалары айтылған:
Ел қорғаны болам деген
Тілегіңді қабыл аламын.
Орнын тауып жұмсай біл,
Бойыңа біткен күш-қайрат,
Ақыл-ой мен сананың.
Аруағы жар болсын
Бұрынғы өткен бабаның.
Дүниенің сыры көп,
Әккі жаудың қыры көп,
Жан-жағыңа шолып қарағын.
Өз бойыңа сай болсын
Сауыт-сайман жарағың.
Тұлпар болсын — мінгенің,
Сұңқар болсын – ілгенің.
Сұлу болсын – сүйгенің,
Асыл болсын – кигенің.
Жауыңды жеңіп ел алсаң,
Қатын-балаға тимегін.
Жазықсыз жанды жылатпа,
Тарихи тамды құлатпа.
Қайратыңа мастанып,
Кем адамды кемітіп,
Қағып-соғып құлатпа.
Қартты көрсең қайырылып,
Барың болса беріп кет,
Үй-үйден қайыр сұратпа.
Таңдап ал балам досыңды,
Сайлап ал қонар қосыңды
Есіңе алып жүргейсің,
Өсиет деп осымды.
“Парпария”.49 б.
Ел қорғаны болу, өз ісіне сай кәсіби қару-жарақпен жабдықталу, әрқашан жақсы дайындықта болу, өз білімің мен күшіңді жетілдіру және оны орнымен қолдана білу, заттың жақсысын ғана пайдалану, әйел, бала, кәрі, кемтарларға қамқор болу, тарихи ескерткіштерді қорғау, дос пен жауды дұрыс айыра білу және т.б. – міне бұл қағидалар бүгінде де төл әскери-патриоттық тәрбиенің негізі бола алар еді.
Елдің, халықтың күш-қуаты, тәуелсіздігі кәсіби әскерилер – батырларға байланысты болғандықтан, батырларды дәріптеу, аруағына сыйыну, есімдерін рудың ұранына айналдыру, ұстаған заттарын кие тұту халықтық салтқа айналып, ұлттық санамыздың бір бөлігі болып қалыптасты. Қазақтың тарихы көнеден келе жатқан мәдениетінің көптеген түрлері – эпостар, тастағы жазулар мен суреттер, балбал тастар осы батырлар аруағына табынудан туған жәдігерлер. Француз халқының санасында рыцарьлық рухтың, жапондықтар санасында самурайлық рухтың көрініс тапқаны сияқты, батырлар қоғамдық жік ретінде жойылып кеткенмен батыршылдық рух та ұлттық қасиетіміздің бір сипаты болып қалды. Мамандығы ретінде әскери істі таңдаған қазақтың бүгінгі кәсіби әскерилері – қолбасшылары мен офицерлері де осы күні бар құрметке лайықты, олар да еліміздің қазіргі тәуелсіздігінің тірегі. Бүгінде офицерлік құрамды ғана емес, бүкіл әскерді кәсібилендіру болашақта батыршылық рухта қайта жаңғыртары сөзсіз.
Жоспар.
І. Кіріспе
1. Жалпы батырлар жөнінде түсінік.
ІІ. Негізгі бөлім
1. Амангелді батырлармен қоса басқа батырлардың сіңірген еңбектері.
2. Батырлар жөнінде жыраулар.
3. Елім, жерім деп қанын төккен батырлар.
ІІІ. Қорытынды.
1. Оның тәрбиелік мәні. ….