Реферат: Әдебиет | Мұқағали Мақатаев » ZHARAR
Мұқағали Алматыдағы қазақ әдебиеті мен өнерінің қаймақтары шоғырланған ортада өткерген аз ғана жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын танытып, өнімді еңбектене білді. «Ильич» (1964), «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым келдің бе?», «Мавр» (1970), «Аққулар ұйықтағанда» (1973), «Шуағым менің» (1975) атты жыр жинақтарын көзінің тірісінде жариялап үлгерді.
Мұқағали поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман аңсары. Осының бәрін Мұқағали жас дарынға тән қайталанбас шеберлікпен, тәңірдің таңдайынан төгілгендей поэтикалық мінсіз үйлесіммен, әр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл сезіммен, нағыз поэзияға ғана тән бейнелі образдармен бедерлеп, өлмес өнер деңгейінде туындатып отырған. Ол өз шығармалары арқылы қазақ поэзиясын жаңа биіктерге көтеріп, мазмұнын байытты. Мұқағали поэзиясы тек өнер үшін туындаған өнер деңгейіндегі ғана құбылыс емес. Оның өлмес өнері, қанатты поэзиясы қазақ халқының сезімін байытып, кісілігін биіктетіп, парасатын кемелдендіре түсті.
Мұқағали аударма саласында да өзіндік шеберлік шалымымен толымды еңбектер тындыра алды. Ол Дантенің «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» атты бөлімін, Шекспирдің «Сонеттерін», Уолт Уитменнің өлеңдерін қазақ тіліне аударды.
Біртуар дара дарын Мұқағали Мақатаевтың қаламынан туған қанатты жырлар халқымен бірге мәңгі жасай бермек.
Мұқағали-мәңгілік жыр
ХХІ-ғасырдың төл перзенті және қазақ поэзиясындағы творчествосы күрделі нар ақындардың бірі – Мұқағали Мақатаев.
Бүгінгі таңда Мұқағалидың поэзиясы адамның жансарайын жаңғыртып, ой-санасын сәулелендіріп, болмыс-бітімін жаңаша жасандыра, жарқырата түсетін нақты рухани күшке айналып отыр.
М.Мақатаев қай өлеңінде, қай дастанында болсын ел алдында еркін сөйлеп, емірене еркелеп, тосылмай толғап, жан сырын жайып салатын жомарт ақын.
Қазақ халқы өзінің бар арман-мақсатын, мұң-қайғысын, үміт-тілегін Мұқағали мұрасы арқылы жалғанның жарығына жария етті. Оның өлеңдеріндегі образ — кілт сөздің қайталанып келуі музыкалық өрнектің де міндетін атқарғанын, кейіннен ақын жырларына жазылған әуен-саздарынан байқалады.
М.Мақатаев бүгінде бүкіл халықтың сүйіспеншілігіне бөленген сүйікті ақыны. Ақын жүрегін жарып шыққан ойлы жырлар кім-кімнің де көңіл пернесін дөп басып, жанына майдай жағып, сыр бөлісуге шақырып тұруы қандай ғажап. Жырларының бағасын, құдіретін ақынның өзінен асырып айта алмаспыз. ….
Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!
Дереккөз: zharar.com