Реферат. 25 қазан Республика күні

0

Тәуелсіз мемлекеттің барлық тыныс-тіршілігін, оның мемлекеттік құрылымын әлеуметтік, экономикалық дамуы мен саяси жүйесін қалыптастырып, оны нығайтуға ат салысқан, қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған заңдардың қабылдануы да осы заң шығарушы орган – Парламенттің үлесіне тиесілі. Осы жолда депутаттар құрамы, яғни жалпы Парламент – парламентаризмнің қалыптасу, даму кезеңдерін басынан өткерді. Парламентаризм, президенттік, сот билігі, одан да басқа қоғамдық қатынастарды реттей­тін көптеген институттардың пайда болуын Кеңестер Одағы кезеңінен бастау алады деп келте жауап қайтаратындардың кездесіп қала­тыны жасырын емес. Ал шындығына келетін болсақ, қазақ қоғамында да дала демокра­тия­сының ертеден бастау ала­ты­нын, ондағы мем­ле­кетті құру, қалыптас­ты­ру, даму институт­тары­ның сол қоғамға, сол ке­зең­дерге сәйкес болғандығы туралы көп ай­ты­ла бермейді. Қа­зір­гі уақыттағы шынайы демо­кра­тия элемент­терінің бірі болып саналатын президенттік институттың көрінісін қазақ қоғамындағы хандық биліктен көруімізге болады.

Республика күні, 25 қа­занда Қазақстанның мұқым хал­қының достығы, төзімділігі, жеткен жетістігі, ұлттық стратегиялық мүд­десі мейлінше насихатталып, патриоттық, бүгінгі Қазақстан патриоттығын айқындайтын фак­торлар әлемге паш етілуі тиіс деп ойлаймын.

Тәуелсіздік декла­ра­циясын жарияладық, Конститу­ция­мызды қабылдадық, ұлттық стратегиялық мүдделерімізді анық­тадық. Сондықтан бұл құжат­тың маңызын кетіруге болмайды. Оны бірінші кезекке қоюымыз керек. Бұл күн тәуелсіздігіміздің күні болуы тиіс. Нақтырақ айт­қанда, 25 қазан Тәуелсіз Респуб­ли­ка декларациясы қабылданған мейрам күні болуы керек.
Ал 16 желтоқсанда ыңғайсыз жағ­дайға тап боламыз. Бір жағы­нан, мейрам, бір жағынан, траге­дия. Бұл күні қуанайын десең, қанды оқиға есіңізге түсіп, көңілі­ңіз жа­бырқайды. Сондықтан ме­ніңше, 16 желтоқсан – Желтоқ­сан кө­терілісі күні ретінде аталып өтілетін болса.

Ал Республика күнін тойлау мәселесіне келер болсақ, бұл саяси мейрам ғой. Сондықтан осы күні Қазақстан елі, жері, рәміздері, Президент жайлы, президенттік басқару туралы қысқаша деректер БАҚ арқылы беріліп жатуы керек. Ірі тұлғалар, қоғам қайраткерлері қалың бұқараға тәуелсіздіктің мәнісін, осы ұғымды тереңнен та­рихи тұрғыда талдап беруі қажет. Патриоттық шаралар – әскеріміз, Қарулы күштер жайлы мәлімет­тер­мен халық кеңінен таныс бола алуы керек. Ал кешке эстрада адам­­­дарының концерті берілуі тиіс. Онда да Қазақстан аспанын­да біздің менталитетімізге жақын, жүрегімізді тербетіп, жылу беретін ән-әуездер қалықтаса деп тілеймін.

1990 жылғы 25 қазанда Қазақстан Республикасының Егемендігі туралы декларация қабылданды, ол мемлекеттік билік тармақтарын бөлуді жария еткен бірінші құқықтық құжат болды. Әлемдік тәжірибеде мемлекетті басқару республикалық, яғни президенттік, парламенттік немесе аралас деп бөлінетінін ескерсек, Қазақстан Республикасында президенттік басқару нысанының таңдап алынғандығы тегіннен-тегін болмаса керек.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алған жылдардан кейінгі Жоғарғы Кеңестің ХІІ-ХІІІ шақырылымдарында Қазақстан Республика­сында парламенттік басқару нысаны тәжірибеде болғандығын, одан кейін басқару нысаны президенттік басқару жүйесіне ауысқандығын, сонымен қатар 1995 жылдың 30 қаңтарынан қызметін бастаған қос палаталы Парламенттің шығарған заңдарының нәтижесінде Қазақстан Республикасы экономикалық, әлеуметтік және саяси реформаларда үлкен жетістіктерге жетіп отырғандығын ешкім жоққа шығара алмайды.

Қазақстанда парламентаризмнің қалыптасу тарихында ерекше рөлді 1990 жылғы 24 сәуірде сайланып, 1993 жылдың 13 желтоқсанына дейін заңды күшінде болған Жоғарғы Кеңестің XІІ шақырылымы атқарды. Бұл кезең тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына сәйкес келгендіктен, бұ­рын­ғы жүйеден әлі де толық арыла алмай, осы сай­лау үрдісін бақылауға тырысқан, бұрынғы бір партиялық жүйеге бағыныштылығына қарамас­тан Қазақстан тарихында өткізілген Жоғарғы Кеңестің ХІІ шақырылымы –баламалы өткі­зілген депутаттар сайлауы болды. Бұл сай­лау­да 360 депутаттық орынға 2 мыңнан артық үміт­кермен қатар, саяси партиялар және қоғам­дық бірлестіктердің өкілдері де үміткер ретінде қатысты. Барлық 360 депутаттық мандаттың 270-і мажоритарлық сайлау округі арқылы сайланды, 90 мандат қоғамдық ұйымдар мен партияларға берілді.

Бұл өкілді органның тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалауда атқарған рөлі ерекше екен­­дігін мемлекет үшін маңызды мына заң­дарды қабылдағанынан байқауымызға бо­ла­ды: ҚазССР-інің Мемлекеттік егемендігі ту­ра­лы декларация, “Қазақстан Респуб­ли­ка­­сы­ның мемле­кеттік тәуелсіздігі туралы” Конс­ти­туциялық заң, “Қазақ ССР Прези­ден­ті постысын бекіту” туралы заң, Консти­ту­цияға (Ата Заңға) өзгерістер мен толықтырулар енгізу, яғни тәуелсіз Қазақстанның бірінші Конституциясы (1993 жылғы 28 қаңтар).

1994-1995 жылдар қазақстандық парла­мен­таризмнің ерекше бір кезеңі болды. 1994 жылдың сәуірі мен 1995 жылдың наурызы аралығында жұмыс істеген Жоғарғы Кеңес­тің ХІІІ шақырылымы – депутаттар тұрақты негізде жұмыс істеген Қазақстанның тұң­ғыш Парламенті. Жоғарғы Кеңес депутат­тарының саны 360-тан 177-ге дейін қыс­қар­ды. Депутаттардың жалпы санының 52 пайы­зы өзін-өзі ұсынғандар, 30 депутат “Қа­зақ­стан халық бірлігі одағынан”, 9-ы “Қазақ­стан ха­лық конгресі” партия­сынан, 8-і Со­циа­листік партия, 4-еуі Шаруа одағы, 4-еуі “Лад” республикалық славян қозғалысынан және бір-бірден Республи­калық партия мен Қазақстан кәсіпкерлері конгресінен болды.

Қазақстан Парламентін парасатты, кәсіби Парламент ретінде тануға лайық алғышарттар осы кезеңдерде қалыптасты. Қазақстандағы қос палаталы парламенттің даму тарихына көз жүгіртсек, осыдан 3-4 ғасыр бұрын негізін қалаған ағылшын ғалымы Д.Локк пен француз ойшылы Ш.Л.Монтескье қалып­тас­тыр­ған мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот билігі тармақтары класси­калық үлгі болып танылып, күні бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ. Мұндағы тепе-теңдік және тежемелік қағидасы жоғарыда атап өткен үш тармақтың ешқайсысына билікті жеке-дара беріп қоймай, бір-бірімен келісе отырып жүзеге асыруға жағдай жа­сайды. Дәл осы тепе-теңдік және тежемелік қағидасы қос палаталы парламенттің қызметінде де көрініс тауып, маңызды рөл атқарады. Парламенттің қос палатасы, яғни Сенат пен Мәжіліс депутаттары да бір-бірімен кеңесе, сонымен қатар бір мезетте бірін-бірі тежей отырып, қызмет атқарады. Бір палаталы парламент кезінде заң жобалары бірден Жоғарғы Кеңес­тің қарауына түсетін де, егер Жоғарғы Кеңес қабылдамаса, онда кері қайтарылатын. Ал қа­зір­гі кездегі қос палаталы Парламент ұсыныл­ған заң жобаларын елеп-екшеп, сұрыптап барып қана қабылдайды. Мәжілістің қарауы­нан өтіп кеткен кейбір бір қайнауы ішіндегі заң жобалары Сенаттың бақылауынан тыс қал­майды. Бұл дегеніміз келіп түскен заң жо­ба­сы екі мәрте сүзгіден өтетіндігін білдіреді. Палаталардағы негізгі жұмысты комитеттер атқарады. Ата Заңда әр палата саны жетіден аспайтын тұрақты комитеттер құра алады деп нақты көрсетілген. Сонымен қатар, палата­лар­дың бірлескен қызметіне қатысты мәсе­лелерді шешу үшін Сенат пен Мәжіліс тепе-тең негізде бірлескен комиссиялар құруға құқылы. Міне, осылайша әрбір келіп түскен заң жобасы өз бағытына байланысты бюро арқылы комитеттерге бөлінеді. Осындай үздіксіз үдеріс арқылы әрбір депутат заңды талқылауға үлес қосады.

Қоғамдық қатынас үнемі даму үстінде, ол ешқашан бір сәтке толастаған емес, соған сәй­кес Парламент депутаттарының міндет­тері­нің бірі қоғам үшін ертең керек заңды бүгін шығару болып табылады. Оның үстіне Елба­сы Н.Назарбаев халыққа биылғы Жол­дауында Қазақстанды әлемнің бәсекеге барынша қабілетті елу елінің қатарына қосу туралы міндет қойды. Дәл осы тұста шығып жатқан заңдардың саны ғана емес, сапасына да көп нәрсе байланысты екендігін айта кеткен жөн.

2005 жылдың 27 мамырында Астанада парламентаризм мәселелері жөнінде халық­аралық конференция болып өткені белгілі, осы басқосуда алыс-жақын шет елдерден келген өкілдер, Қазақстан Республикасы Пар­ла­менті депутаттары өз ойларын ортаға салды. Франциядан келген сенатор Э. де Монтескью өз ойын: заң шығарушылықпен өте көп әуес­тенуге болмайды, одан да қабылданған заң­дар­дың іс жүзінде қалай жүзеге асырылып жатқандығын бақылау маңызды болар еді деп қорытындылады.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғаннан кейінгі Жоғарғы Кеңестің ХІІ және ХІІІ шақырылымдары, 1996 жылдың 30 қаңтарынан бастап өз өкілеттілігін бастаған қос палаталы Парламенттің І, ІІ және қазіргі уақытта жұмыс істеп жатқан ІІІ шақыры­лым­дарына қысқаша талдау жасап өтер болсақ, Жоғарғы Кеңестің ХІІ және ХІІІ шақырылымдары, қос палаталы парламенттің І, ІІ және қазіргі уақытта жұмыс істеп жатқан ІІІ шақырылымдары депутаттарының қыз­мет­тері бірін-бірі толықтырып, жалғастырып отыр­ды. Біреуінде кеткен кемшілік екінші­сінде қайталанбай, үлкен өмір мектебінен өтті деуге болады. Осының нәтижесінде бүгінгі таңдағы Қазақстан Республикасы Парла­мен­тін парасатты, әрі кәсіби деңгейі жоғары Парламент деп атауға толық негіз бар.

Жасай бер, жайнай бер, Республикам меніҢ!

 

Қиялым қыран құстай қанат сермеп,

Шарықтап, барған сайын қияға өрлеп,

Жүрегім жүйрік аттай көсіледі,

Шапқылап, тамырымда қан дүбірлеп.

 

Әрқашан мен өзімді сезінемін,

Көңілім ашық күндей, жаным сергек.

Бүгінде дүниенің шалғайынан,

Саңқылдап естіледі даусым да ерек.

 

Жаңарып, жасарып тұр байтақ Отан,

Халықтың пейілінен нұр себелеп.

Елімнің болашағы өрендер ғой,

Тастүлек, құрыш білек, жалын жүрек!

 

Білгенде егемен ел, Отанымды –

Кетеді жүрегімді шаттық кернеп.

Көк туы – Күн шапақты, қыран қанат,

Шалқиды ел төрінде нұр салтанат.

 

Уығын егемен ел, керегесін

Ұстап тұр тұлпар тұғыр қара шаңырақ.

Шырқалса “Алтын күн” деп Әнұраны,

Ғажайып құйылады жанға шуақ.

 

Жігер ап Елбасының ұлы ісінен,

Халықтың көңлі жарқын, тынысы кең.

Жайқалып ойда егіні, қырда малы,

Қоғамның бір ісі артық бір ісінен.

 

Ұрпағым не болар деп жалтақтамай,

Қарайды ертеңіне ел сеніммен.

Отаным – Қазақстан рухы биік,

Бар елмен әлемдегі терезем тең!