Құзыреттіліктерді қалыптастырудағы психологиялық әрекеттерді зерттеудің ерекшеліктері

0

Жаһандану үрдісінің өмірімізге күнненкүнге тереңдей еніп, жаңалықтарға толы болуы заман талабы болып отыр. Жоғары оқу орындарын бітірген жас түлектің кәсіби құзыреттерін жан-жақты игеруі арқасында алған білімін қайнаған өмірде іске асыра алуы жоғары білім жүйесін модернизациялауға негізделіп отыр.

Дүние жүзілік білім беру практикасында құзыреттілік ұғымы білім берудің мақсаты ретінде басты ұғымдардың біріне айналды. Бұл бағыт жаңаша реформа жасаудың негізі болып есептеледі. Бұған себеп мыналар: құбылмалы өмір талабына ілесу, еңбек ету саласындағы жаңалықтардан қалыспау, ақпараттар легін қабылдау, жеке тұлғаны және дүниежүзілік стандарттарға сай мамандар даярлау.

Американ ғалымдары құзыреттіліктерді маманның нақты тұлғасының жалпы сипаттамасы ретінде қарастырды. АҚШ педагогикалық ғылымында құзыреттілік – ол жеке адамның жалпы міндеттемесі. Осы заманғы француз зерттеушілерінің пікірінше, құзыреттілік – мүмкін болған ісәрекеттің (эмоционалды, танымдық, психомоторлық) жиынтығы, бұл жеке тұлғаға іс-әрекеттің қиын түрін атқаруға мүмкіндік береді. Құзыреттілік ол субъектілікке, сосын микроқұзыреттіліктерге, немесе өзіндік ерекшеліктері бар құзыреттіліктерге бөлінеді [1,27.].

Заманауи білім беру жүйесінде қалыптасқан жаңа бағыттардың бірі – құзыретті білім беру. Бұл жеке тұлғаның  тек білімді меңгеріп қана қоймай, өзі өмір сүретін ортаға бейімделуін қарастырады. Ғалымдар құзіреттіліктердің бірнеше түрін анықтады. Оған мыналарды жатқызады: азаматтық-қоғамдық, мәдени-тұрмыстық қызметтерде құзырлы, толерантты болу, өздігінен    білім    алу, түрлі жағдаяттарға бейімделу, проблемаларды шешудің тиімді жолдарын қарастыру, ұжымда жұмыс істей алу, шешім қабылдауға қатысу, өзіне жауапкершілік алу, табысқа жету жолында жігерлі болу.

Құзыретті білім беруге негізделген жаңа жүйе танымдық және ақпараттық құзіреттіліктерді қалыптастырып, студенттердің өзінше жеке дара жұмыстар жасауына, яғни жаңаша ойлауына, ізденуіне зор мүмкіндіктер туғызу үстінде. Тіл үйрету сабақтарында көбіне қатысымдық, фонетикалық, танымдық және ақпараттық, семантикалық, лексикалық құзыреттіліктерді қалыптастыруға көңіл бөлінеді. Тіл үйрету үрдісінде түрлі құзыреттіліктерді қалыптастыру арқылы студенттерді қазақша еркін сөйлеуге, шығармашылықпен ойлауға, сауатты іс-қағаздарын жазуға үйрету және түрлі икемділіктер мен дағдыларды қалыптастыру жүзеге асырылады. Қазіргі заман талабы – болашақ маман өз кәсібін меңгеріп қана қоймай, шығармашылық ізденіске ынтасы жоғары, өз ойын еркін жеткізе алатын, бойында түрлі өзіндік қасиеттері қалыптасқан, құбылмалы заманға ілесетін, әмбебап шәкірттерді тәрбиелеу. Студенттер университет қабырғасында алған білім, білік, дағдыларын өмірде пайдалана алуы үшін психологиялық әрекеттерді жетілдірудің маңызы зор.

Болашақ экономист студенттердің қазақ тілінде еркін қарым-қатынас жасап, кез келген жағдаяттардан шыға білуі үшін мынадай психологиялық әрекеттерді қалыптастыруымыз қажет. Олар: тіл үйренуге деген уәжділікті туғызу, тілді оқып үйренудің мақсаты мен міндетін анықтау, өздік жұмыстарды қызығушылықпен орындау, ұтымды әдіс-тәсілдерді меңгеру, өзін-өзі бағалау,          тапсырмаларды шығармашылықпен  орындау  т.б. Құзыретті маман дайындау танымдық және ақпараттық құзыреттіліктерді қалыптастыруға негізделеді. Бұл тұрғыда психологиялық әрекеттерді зерттеп білудің маңызы зор. Мұндай психологиялық әрекеттерге ойлау, зейін, түйсік, қабылдау, ес, қиял, эмоция, ерік т.б. жатады.

Сөйлеу әрекеті тілдік білімдердің базасында емес, ойлау базасында іске асырылады. Қандай да болмасын бір тілді практикалық түрде меңгеру үшін тілдік білімдерге сүйенбей, қолданып отырған тілінде ойлау керек. Шетел тілінде ауызша сөйлеуді қабылдау кезінде ойлау басқаның ойын түсінуге бағытталады. Тіл мен ойлаудың лингвистика ғылымында алатын орны мен өзара қатысын әр ғалым өзінше қорытады. Е.И. Пассов шетел тілін оқыту үшін, алдымен дұрыс ойлауды оқыту, үйрету керек деді. Себебі алдымен іштей ойлау әрекеті пайда болады. Ойлауды дамыту теориясымен Л.С.Выготский, П.Я.Гальперин, В.В.Давыдов және т.б. ғалымдар айналысты.

Ойлау процесі тіл арқылы сыртқа шығып, адам ойын екінші біреуге жеткізеді. Ойлау мен сөйлеу қай тілде болмасын өзара тығыз байланысты. Тіл мен ойлау бір-біріне тікелей қатысты болғанымен, өзіндік ерекшеліктері бар әрекеттер. Мысалы: бір ойды әр түрлі сөйлемдермен жеткізуіміз мүмкін. Кейде ойымызды қанша әрлеп айтқанымызбен, дәл мағынасын бере алмауымыз мүмкін. Ойлаудың жеке ерекшелігіне танымдық әрекеттің мынадай сапалары да жатады: өзбеттілік, иілгіштік, ой жылдамдығы.

Ойлау жүйесінің нәтижесінде  тілдік және қатысымдық бірліктер қолданылып, сөйлеу үрдісі іске асырылады. Сондықтан тіл үйрену барысында әрбір  студенттің  жеке қабілеттері, саналылығы есепке алынып, жан-дүниесі ескеріледі және ойлау дағдысын бекітуге күш салынады.

Ғалым Қ.Жарықбаев ойлауға былайша анықтама береді: «Ойлау дегеніміз –  сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының байланыс қатынастарының миымызда жалпылай және  жанама  түрде сөз арқылы бейнеленуі» [2,238.].

Ойлау дегеніміз – бұл тұлғаның шындықты жалпылама және жанама бейнелеуге бағытталған танымдық әрекеті. Түйсік пен қабылдаудан бастау ала отырып, ойлау тікелей сезімдік біліктер аймағынан шығып, нақты қабылдаумен білуге мүмкін болмаған дүние құбылыстарын жанама қорытындылау арқылы біліп, танымдық шектерімізді кеңейтуге жәрдемдеседі [3,148.].

Ойлау – жоғары танымдық үрдіс. Ойлаудың танымның психологиялық үрдістерінен ерекшелігі – әрқашан адам өмір сүретін ортаның өзгеруіне тікелей байланысты. Сондықтан ойлау қашан да, қандай да болмасын мәселені шешуге бағытталады. Ойлау – индивидтің танымдық әрекетінің үрдісі, шындықтың бейнесі. Сонымен қатар қазіргі кезде ғалымдар ойлаудың үш түрін анықтады:

1) сыни ойлау;

2) проблемаларды шешуде қолданатын ойлау;

3) шығармашылық ойлау [4,29.].

Танымдық құзыреттілікті қалыптастыруда ойлау әрекетін дамытудың маңыздылығы осында. Адамның ойлау мазмұны мен логикасын өмір ағымына қарай үнемі жаңартып, дамытып отыру қажет. Ал, ойлау адамның танымдық әрекеті болғандықтан, студенттердің ойлау жүйесін дамыту арқылы біз олардың танымын кеңейтеміз, яғни танымдық ақпараттық құзыреттілігін қалыптастырамыз.

Теориялық таным әрекеті ретінде ойлау қимылмен тығыз байланысқан. Әрекет – ойлаудың ең бастапқы формасы, ал қимыл болмаған жерде ойлау процесі де жоқ. Әр адамда оның ақыл-қабілетіне қарай өзіндік ойлау ерекшелігі болады. Осы ерекшеліктерден әр тұлғаның ақыл сапасы көрінеді. Тұлғаның дербестігі басты орынға қойылған мына заманда ойлау қабілетінің тереңдігі – оның құзыреттілігінің өлшемі болып табылады. Құзыретті тұлғаның ойлау қабілетінің жоғарылығы маманның өмірде өз орнын табуына көп септігін тигізеді. Сондықтан жас мамандарды университет қабырғасында оқып жүрген кезден бастап ойлауға үйрету керек.

Ойлау әрекеті қандай да бір мәселелерді шешуде нақты бір құрылымға ие болады. Іздеу-танымдық әрекеттің алғашқы кезеңі – индивидтің туындаған проблемалық жағдаятты сезінуі. Проблема қиындықты, кедергіні білдіреді. Ол психологиялық тұрғыдан зерттеуге арналған мәселені сезіну болып табылады. Проблемаларды шешу үшін адам бірінші орында ойлай білуі қажет. Біз өмір сүріп отырған заман проблемаларға толы. Студент университет қабырғасынан алған білімін проблемаларды шеше білуге бағыттауы үшін ой ұшқырлығын жетілдіруі қажет. Ақылды адам деп жадында көп ғылыми мағлұматтарды көп сақтаған тұлғаны емес, кез келген мәселені немесе проблеманы шеше алатын адамды айтамыз. Бүгінгі  заман талабы – жаңа технологияларға сүйеніп, түрлі проблемаларды нәтижелі шешетін тұлғаларды әзірлеу болып отыр. Терең ойлай білетін тұлғалар қоғам үшін өте қажет.

Бұрын тұлғаның дамуын білімділікпен байланыстырсақ, қазіргі күні бұл мәселені студенттердің өзіндік ой толғанысына (рефлексиясына) негіздейді. Рефлексия дегеніміз – ойланып-толғану, өз түсінігіңді қалыптастыру, өзіңді-өзің тану мен түсіну. Тұлға атқаратын барлық іс-әрекеттердің негізін рефлексия құрау керек. Сонда ғана студент алдында тұрған проблемаларды терең түсініп, оларды шешуге жол іздейді. Сондықтан құзыреттіліктерді қалыптастыруда студенттерді ойлау әрекетіне баулып, олардың танымын  кеңейтуге жағдай туғызуымыз керек. Құзыреттіліктерді қалыптастыру ойлау әрекетін дамытуға негізделеді. Ойлаудан тыс ешқандай әрекет іске асырылмайды.

Қоршаған әлем туралы бірінші ақпаратты түйсік пен қабылдаудың көмегімен аламыз. Қабылдау ми қабығының күрделі аналитикалық және синтетикалық қызметінің нәтижесі. Қабылдаудың объектісі кейбір жеке қасиеттерден, жеке бөліктерден тұрғанымен, біз оларды бүтіндей тұтас қабылдаймыз.

Қабылдау – бұл заттар мен құбылыстардың  өз  қасиеттері  және  бөлшектерімен бірге, сезім мүшелерімен бірдей әсер етуінің нәтижесінде тұтас түрде бейнеленуі. Түйсік пен қабылдау өзара тығыз байланысты. Қабылдау мазмұны адамның алдына қойған мақсат, мүддесіне де қатысты. Қабылдау ниеттелмеген (ырықсыз) және ниеттелген (ырықты) болып екіге бөлінеді. Қабылдау өз алдына дербес іс-әрекет түрінде бақылау процесінде көрінеді [3,134.]. Қабылдау бақыланатын үрдіс, оны еріктің көмегімен өзгертуге болады.

Адам өмірі тікелей қарым-қатынастардан тұрады. Қарым-қатынастарда белгілі бір мақсаттар қойылады. Іскерлік қарымқатынастар – бұл сезімдер арқылы алмасу және өзара әрекет ету, психологиялық байланыс. Іскер серіктестермен қарымқатынас жасауда табыстарға жету үшін оны жан-жақты зерттеу қажет. Адамды алғаш көргендегі қабылдауды дұрыс игеру келісімшарттар жасауда, келіссөздер жүргізуде, жұмысқа қабылдауда оң әсер қалдыру мақсатында өте маңызды. Тұлғаның өзін-өзі көрсетуі қарым-қатынаста үлкен рөл атқарады. Түрлі жағдаяттарда адамның серіктестерін алғаш рет көріп, қабылдау кезінде қателесуі мүмкін. Сондықтан жеке тұлғаның адамдарды  қабылдауын жетілдірудің маңызы зор. Қарым-қатынаста әрбір адам серіктесінің қабылдауына әсер ете алады. Серіктесінің қабылдауын басқару үшін оның сыртқы бейнесінің, мінезқұлқының сыртқы ерекшеліктеріне көңіл аудару керек. Серіктесін көргендегі алғашқы әсері оның дұрыс қабылдауына кедергі келтірмеуі тиіс. Қабылдаудың негізгі мақсаты – адам туралы алғашқы әсерді қалыптастыру. Көптеген зерттеулердің нәтижесінде психологтар мынадай тұжырымға келді: алғаш көргендегі әсер үш түрлі факторға байланысты қалыптасады: басымдылық,                   тартымдылық  және бақылаушыға қатынасы.

Ес – жеке тұлғаның мінездемесін анықтайтын сипаттама. Адам есі біздің мәдениетіміз бен шындық тұрмысты бейнелейтін әрекеттер құралады. Біз қабылдайтын әлем бір-бірінің артынан өтіп жатқан секундтардан тұрады. Әлем осындай қасиеттерімен  ерекшеленеді.  Болып жатқан оқиғалар біздің есімізде ғана сақталады. Ес дегеніміз – ақпараттардың жинақталуы, сақталуы және жаңғыртылуы.

Естің маңызды сипаттамаларына мыналар жатады:

  • ұзақтығы – белгілі бір уақытта қажетті ақпаратты ұстап тұру;
  • естің көлемі – естің интегральды сипаттамасы, ол ақпараттың сақталуы мен есте сақтау мүмкіндіктерімен сипатталады;
  • жаңғырту дәлдігі – адамның сақтау қабілетін көрсетеді, ең бастысы, есте қалған нәрселерді елестете алады;
  • жаңғыртудың жылдамдығы – адамның өзінде бар ақпараттарды практикада қолдана білу қабілеті.

М.И.Еникеевтің пайымдауынша, ес – адамның шындық пен өткен өмірінің өзара әрекетінің интеграцияланған психикалық бейнесі және оның өмірлік іс-әрекетінің ақпараттық қоры. Ақпараттарды сақтау қабілеті және оны адамның мінез-құлқын реттеуде қолдану – мидың негізгі қасиеті. Осыған байланысты естің арқасында адам осы кезеңі мен болашағын бағдарлай алады [5].

Ес  туралы С.Л.Рубинштейн  былай деді: «Без памяти мы были бы существами мгновения. Наше прошлое было бы мертво для будущего. Настоящее, по мере его протекания, безвозвратно исчезало бы в прошлом» [6].

Ес адамның барлық өмірінің негізінде жатады. Оның дамуы мен сақталуы білім, білік, дағдылардың пайда болуына негіз болады. Студент қазақ тілін еркін меңгеру үшін жеке сөздерді, сөз тіркестерін, терминдерді, грамматикалық ережелерді есте сақтауы қажет. Олар алған тілдік білімдерін есте сақтаумен қатар, оны сөйлемдер                             құрастыруда    дұрыс пайдалануына үйретеміз. Тіл үйрену кезінде алған білімдерін өмірде қолдана алуы үшін есте қалдыру, есте сақтау, тану және қайта жаңғырту үдерістерін игеру нәтижеге қол жеткізеді, жеке тұлға сонда ғана өз ойын толық жеткізе алатын болады.

Іс-әрекет мақсатына байланысты ес ырықты, ырықсыз болып бөлінеді. Ырықты есте  ақпарат  арнайы тәсілдер  арқылы мақсатты түрде ұзақ сақталады. Ұзақ мерзімді ес аймақ көлемінің шегі мимен байланысты. Әрбір жеке адамның миының есте қалдыруы оның биологиялық, әлеуметтік дамуына байланысты. Ұзақ мерзімді есте сақталатын материалдар сырттан келіп жатқан жаңа ақпараттардың әсерінен ұдайы қайта жасалып жатады. Есте сақталған материалдардың кейбір бөліктері жойылып отырады. Ақпараттың сақталғанын және оның өзгеріске түскенін тану мен қайта жаңғыртуда анықтауға болады. Қазір ақпараттық технологиялардың, ақпарат көздерінің көбеюіне байланысты ақпараттарды есте сақтауға мүмкіншіліктер азаюда. Сондықтан   студенттерді      керексіз ақпараттардан аулақ болуға шақырып, есте сақтауды жаттықтырып отыру керек. Оперативті есте сақтауда тиісті шараларда ғана жетістікке жету үшін таңдалған ақпараттар сақталады. Адамның есте сақтауы неғұрлым жоғары болса, соғұрлым оның интеллектісі жоғары болады. Адамдар қатысым әлемінде ақпараттар алмасу үрдісін іске асырады. Бұл жерде ұзақ мерзімді естің ақпараттарды сақтауына көп нәрсе байланысты. Қарым-қатынаста қажетті ақпараттарды есте сақтау арқылы көзделген мақсатқа жетуге болады. Жеке тұлғаның ақпараттық құзыреттілігін қалыптастыруда естің, есте сақтаудың, танудың, қайта жаңғыртудың ерекшеліктерін білудің маңызы зор.

Іскерлік қарым-қатынастың үш жағы бар: қатысымдық (ақпараттар алмасу), интербелсенді (тұлғалардың өзара әрекеттесуі) және перцептивті (қабылдау). Бірлескен әрекеттерді іске асыруда ес маңызды рөл атқарады. Жеке тұлғалар арасындағы қарымқатынасты қалыптастыру еске көп байланысты. Түрлі кездесулерде, пікірлесімдерде адамдардың аттарын есте сақтап, оларды шатастырмау керек. Бұл жағдай әріптесіңізді өзіңізге бір қадам жақындатады. Сонымен қатар қарым-қатынаста болатын адамдардың жеке қылықтарын, қасиеттерін есте сақтайтын болса, іскерлік кездесу нәтижелі өтеді.

Зейін деп – адам санасының белгілі бір затқа  бағыттала  тұрақталуын  көрсететін құбылысты айтады. Дәлірек айтқанда, зейін дегеніміз айналадағы объектілердің ішінен керектісін бөліп алып, соған психикалық әрекетімізді тұрақтата алу [2.169.].

Ұлттық педагогика ілімі саласында өз қолтаңбасын қалдырған М.Жұмабаев адам зейінін ерікті, еріксіз, табансыз, ішкі, сыртқы деп бөледі [7].

Адамның іс-әрекетінің нәтижелі болуына зейіннің тигізетін әсері зор. Тіл үйрену үрдісінде студент зейінінің тұрақты болуы өте маңызды. Зейін ес, ойлау, қиял үрдістерінде көрініс табады. Адам басқа қимылдарды жасай отырып, басқа мәселелерге де зейін қоя алады.  Бір нәрсенің шешімін табуды ойлап отырып, басқа нәрсені еске түсіріп отыруы мүмкін. Адамда зейіннің тұрақты болуы оның ісәрекетінің ұйымдастырылған, өнімді, белсенді болуына әсер етеді. Адам зейіні әрқашанда бір нәрсеге топталып, шоғырланып тұрады. Оқу үрдісінде, еңбек ету әрекеттерінде адамдар бір нысандарға ерекше назар аударып, соған барлық әрекеттерін арнап отырады. Адамның психикалық әрекеттері ылғи да бір нәрсеге бағытталып отырады. Зейін құбылмалы болып келеді. Зейінді басқа нәрсеге аудару жоспарсыз атқарылады. Адамға тән әрекеттің кез келген түрінде зейін орын алмаса, оның нәтижелі болуы қиын. Зейіннің тұрақтылығын қалыптастыру адам мінез-құлқының қалыптасуына негіз болады. Зейіннің тұрақтылығы сананың шоғырлану дәрежесін көрсетеді. Мысалы, баяндамашылар баяндаманың аудиторияға қызықты болуы үшін дауыс ырғағын құбылту арқылы тыңдаушылардың зейінін өзіне аударады. Оқытушының да басты міндеті – студенттердің зейінін тұрақтандыруды қызықтыру арқылы іске асыру.

Іскерлік пікірталастар кезінде қарымқатынас пәні және қатысушылардың  қатысы керек. Серіктестерінің жағдаяттар туралы көзқарастарына зейінін аударып, түсіну нақты нәтижеге қол жеткізеді. Пікірталасқа  қатысушыларды қызықтыруда, пікір алмасуда, тақырыптан ауытқымауда, топ мүшелерінің бір пікірге келуіне, соңында қорытынды шығаруда, шешім қабылдауда, қатысушыларға алғыс айтуда зейіннің атқаратын рөлі зор.

Іскерлік қарым-қатынастарда сөз сөйлеудің мәні зор. Бұл кезде тыңдаушылардың біреуіне ғана көз тоқтатпай, барлық аудиторияны қамтуға тырысу керек. Бұл тыңдаушылардың зейінін сізге аудартып, олардың іске қызығушылығын арттырады. Тыңдаушылардың зейінін күшейту арқылы олардың көңіл-күйлерін көтеріп, келіссөздің табысты аяқталуына әсер етеді болады.

Қорыта келгенде, құзыреттіліктерді қалыптастыруда студенттердің психологиялық әрекеттердің ерекшелігіне сүйенуінің маңызы зор. Бұл кезде тілді сауатты меңгерген, түрлі қарым-қатынасқа еркін түсетін студенттердің түрлі құзыреттерді игеруіне жол ашылады.

 

Әдебиеттер

  1. Жұмашева С. Спорттық педагогтың кәсіби-педагогикалық құзыреттілігін дамытуда, шетел тәжірибелерін пайдалану мүмкіндіктері. // Білім. №3 (51) 2010. – 152б.
  2. Жарықбаев Қ. Психология негіздері. Алматы: ТОО «Эверо», 2005. – 450б.
  3. Бап Баба С.Б. Жалпы психология. Алматы: Заң әдебиеті, 2005. – 268б.
  4. А.Әлімов. Интербелсенді әдістерді жоғары оқу орындарында қолдану. Алматы, 2009. – 328б.
  5. Еникеев М.И. Общая и социальная психология. М.,2002.
  6. Рубинштейн С.Л. Основы общей психологии. В 2-х т. Т 1. М., 1989. 302с.
  7. Жұмабаев М. Педагогика. Ташкент, 1922.