Құрылыстың техникалық-экономикалық ерекшелігі | туралы қазақша

0
1
Advertisement

Құрылыстың экономиканың басқа салаларынан айырмашылығы, бірінші кезекте, оның өнімдерінің өзіне тән ерекшеліктерімен айқындалады. Кез келген салада өнім өндіру барысында: өндіріс құралдары, еңбек құралдары, жұмыс күші мен еңбек нысандары (өнімдері) секілді үш фактор біріктірілетіндіктен, өнеркэсіптегідей емес, құрылыстағы өнім қозғалмайды, ал аталған үш фактор, яғни: өндіріс құралдары, еңбек құралдары мен жұмыс күші орын ауыстырып жүреді. Одан өзге, құрылыстардың қайта салынып жатқанына байланысты, құрылыстың бір атаулы және бір тұрпатты өнімі баға жағынан әртүрлі болады, ал ол уақытта өнеркәсіпте бір атаулы және бір тұрпатты өнімге бірдей баға белгіленеді.

Ірі және орташа электр стансаларының құрылыстық құрамдас бөлшектерінің құны — 15%-тен 25%-ке дейін, жылу стансаларының құны- 10-15%-тен жоғары, ірі өнеркәсіптік металлургиялық кәсіпорындардың және өндірістің басқа түрлерінің құны бүкіл өнеркәсіптік кешен құнының 8-12%-інен жоғары соманы құрайды. Құрылыстың өндірістік сатысының ұзақтығына бола, құрылыс өнімін өндіру барысында уақыт факторы аса үлкен маңызға ие.

Бұл кезеңде айналым қаражаты «жансызданады», соның салдарынан кәсіпкерлердің құрылыстағы айналым қаражатының жетіспеушілігін өтімділігі жоғары активтерді салу есебінен толтыру үшін айтарлықтай тәуекелдіктерге баруына тура келеді. Осы фактордың себебінен құрылыс өнімінің бір бірлігінің капиталды қажетсінуі материалдық өндірістің басқа салалары өнімінің қаражат қажет етуінен бірнеше есе артық болып шығады.

Құрылыстағы өндіріс сатысының ұзақтығы геометриялық өрлеуде әртүрлі тәуекелдіктердің артуына келтіреді. Маңызды тәуекелдіктердің бірі құрылыс нысандарын пайдалануға тапсыру мерзімдерінің бұзылуы болып табылады. Жоғарыда айтылған ерекшелік өмірде құрылыстың дара ерекшелігін тудырды — ол жұмыстардың түрлері, құрылыспен аяқталған кезеңдер мен жалпы нысандар үшін есеп жүргізу. Бұл, өз кезегінде, пайдалы да, пайдасыз да жұмыстар мен кезеңдер, материалдар мен еңбекті қажетсінетін жұмыстар, кезеңдер туралы түсініктер тудырып, және, ақыр соңында, артықшылықтарға ие мамандандырылған құрастыру құрылымдарына, сондай-ақ артықшылықтары жоқ жалпықұрылыстық құрылымдарға ажыратуға келтірді.

Әлбетте, бұл соңғы қарама-қайшылық басқарудың командалық-әкімшілік жүйесі жағдайында кедергі болды, әрі ірі қаржы салымдарының бөлінетін мөлшерлері 70%-тен 100%-ке дейін «жерге көмілген» аяқталмаған құрылыс көлемдерінің және құрылыс-құрастыру жұмыстарының артуына келтірді.

Нарық жағдайында бұл қарама-қайшылық шешілді, өйткені мердігерлікке тендер ұтып ала отырып, құрылыс компаниясы оны жұмыстардың мамандандырылған түрлеріне бөлшектеуге мүдделі емес, әрі мүмкіндігінше жұмыстардың барша кешенін 100% өз күшімен орындап шығу мақсатында өзінің ұйымдастырушылық және өндірістік құрылымын әртараптандырады.

Әрине, бұның біраз кемшілігі де жоқ емес, бірақ бұл жағдайда оның ең үлкен артықшылығы фирманың жауапкершілікті және «құрылыс нысанын мерзімінде тапсырмау, әрі жұмыстардың жоғары сапасын қамтамасыз етпеу» тәуекелдігін толығымен өзіне алатыны болып отыр.

Құрылысты ұйымдастырудың жаңа әдістері қазіргі уақытта Алматы, Астана, Атырау және республикамыздың басқа да қалаларындағы ірі, орта және шағын құрылыстарда оң нэтижелер беріп жатқанын айта аламыз. Бірақ бұл жерде тендерлердің нәтижелері барлық жерлерде жабық түрде тендерлерді ұйымдастырушылардың материалдық мүдделерін инвестициялаудың белгілі бір үлестерімен алдын ала анықталып қоятынына назар аудару керек. Бұл құрылыстың сметалық құнын 5-10% көтеруге ықпал етеді, элбетте, құрылыс фирмасының тиімділігін сол шамада төмендетеді.

Демек, мердігер құрылыс фирмалары құрылыс материалдарын, бөлшектерді, конструкциялар мен құрал-жабдықтарды беру (жеткізу) мерзімдерінен сәл-пәл ауытқыса, нөл тиімділікпен жұмыс істеу, тұрақты экономикалық тоқырау мен банкроттық жағдайына тап болады.

Құрылыс құрылымдарының жоғарыда айтылған өзара байланыстары республика ішінде де, республикадан тыс жерлерде де тым әртүрлі. Олар, өз кезегінде, құрылыс өнімінің (нысанының) құнына әсер етеді, әрі оны өнеркәсіп өнімінен ерекшелейтін табиғи қасиеттер, сондай-ақ құрылыстың ерекшеліктері болып саналады.

Құрылыстың аса маңызды ерекшеліктерінің қатарына оның техникалық-экономикалық көрсеткіштеріне топографиялық, инженерлік-геологиялық, табиғаттық-климаттық жағдайлардың әсер ететінін жатқызуға болады.

Бұны кез келген құрылыс өнімінің қазылған орлар мен қазандықтарға салынатын негіздемесі болатынымен түсіндіруге болады. Демек, іргетастың конструкциясы жерасты суларының жатқан тереңдігіне, топырақтың түріне, сондай-ақ топырақ сипаттамаларының басқа түрлеріне байланысты.

Құрылыс үдерістерінің 70%-тен астамы ашық ауада және жыл бойы жүргізіледі. Бұл жағдайда құрылыстық темірқұйматас конструкцияларын тиісті өлшемдерге электрмен қыздырып жеткізу үшін, құрылыс алаңына электр энергиясын беру қажет.

Қабырғалары тұрғызылған және қоршаулармен қоршалған дайындығы бар құрылыс ғимараттарында әрлеу, ағаш жұмыстарын және жұмыстардың басқа түрлерін жүргізу үшін, қысқы уақытта салынып жатқан ғимаратты жылыту ұйымдастырылуға тиіс.

Қысқы уақытта жүргізілетін, жасалып жатқан құрылыс өнімі конструкцияларының құрамы мен құрылымына тікелей емес, жанама түрде қатысатын, бірақ оларды жүргізусіз өнімнің тиісті сапасын қамтамасыз ету мүмкін болмайтын барлық қосымша жұмыстар оның бағасына енгізіледі: құрылыстың бұл ерекшелігі осымен түсіндіріледі.

Пайдаланылған әдебиеттер: Аманбаев Ү.А., «Кәсіпорын экономикасы». Оқу құралы, Алматы: «Бастау» баспасы, 2012 — 432 бет.

#Құрылыстың #техникалықэкономикалық #ерекшелігі

Рақмет ретінде жарнаманы баса кетіңіз

Ең соңғы жаңалықтарды KzNews.KZ телеграм каналынан оқи аласыз! Телефоныңызға тікелей келетін ақпаратқа жазылыңыз. 

 
Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз