Құрманғазының өскен ортасы, шығармашылығы | туралы қазақша

0

Құрманғазы күйші Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Жиделі құмында қарапайым шаруа Сағырбай отбасында дүниеге келіп, байдың қозысын бағып, жоқшылық көріп, табиғатпен етене таныса жүріп, бала кезден ойыншық ойнамай иен далада домбыраны ермек еткен. Күйшінің туған жерін А.Жұбанов деректерінен кейін Батыс Қазақстан облысы, Жаңа қала ауылы деп дəлелдеушілер көп болды, бірақ белгілі журналист Ө.Əлімгереев өткен жылы өзінің күйші 190 жылдығына арналған «Құрманғазы» еңбегінде тарихи оқиғаларды, зерттеушілер мəліметтерін саралай, жоғарыдағы аталған деректі дəлелдеген. Бұл тарих үшін керек шығар, мамандар үшін бір Нарын құмын жайлаған екі облыстың таласының мəні жоқ, біз үшін маңыздысы күйші өнерінің құдіреті, оның қазіргі жағдайы болмақ.

Күйшінің туған жылының (1923 ж.) өзі де ұзақ талас-тартыстан кейін, Атырау облысы өлкетану мұражайының директоры қызметін атқарған, белгілі əнші, зерттеуші Қ.Жұмалиевтың Қазақстан ғылым академиясы ғалымдар мəжілісі сарабына салып, дəлелдеуімен соңғы кезде тұрақтады.

Жалданып қызмет ету, сонда да қарны тоймаған аштық, жалаңаштық, тиесілі еңбек ақысын ала алмау, ат жалын тартып мінген кезден көргені үстем таптың езгісі, яғни əлеуметтік теңсіздік Құрманғазының өмір сүру қалпына бұғанасы қатпаған балаң кезден өзгеріс əкелді. Тал бойына ерекше біткен намыс дарын дауылымен күрескерлік қасиетін шыңдады. 12-13 жасында кішкентайлығынан Исатай-Махамбет көтерілісіне ере алмағандықтан «Кішкентай» күйін шығарған деп жазады дерек көзі. «Бұл жаста мұндай күй шығаруы мүмкін емес» – , деп қарсы пікір айтушылар да болған, əлі де бар. Жоғарыдағы соңғы дерекпен жас шамасы келгенімен, ол күйді кейін шығаруы да ықтимал. Оған дəлел қəзіргі заманның өзінде бірнеше ғасыр бұрынғы оқиғаларға, тұлғаларға, күйші-жыршы, батырларға тарихнамадан алған əсерлерімен арналған күйшілер туындылары баршылық. Жалпы ауыз-екі жеткен өнер болғаннан кейін, күйдің ақиқатын көзін көрген қатарластарының, күй ұстартқан шəкірттерінің аузынан естіген дерек бойынша жүйеленгендері де баршылық. Айта қалғанда Құрманғазы күйлері Мəмен Ераліұлы, Ерғали Ещанов, Меңдіғали Сүлейменов, Дина Нұрпейісова сынды төл шəкірттері жəне асқан орындаушы шəкірттері Тоғайбай, Көкбала т.б. осылармен күй жарыстырған дарындар арқылы жетті. Мəменнің қолынан күй алған біздің заманның күйшілері М.Бөкейханов, О.Қабиғожин, Т.Аршанов, И.Жанханов, Қ.Жантілеуовтермен жəне елдегі қариялармен белгілі күйшілер Ə.Есқалиев, Ғ.Хайрушев, Ш.Шəріпов, З.Есжанова, Ə.Ізмұхамбетовалардың орындауы, айтуы бойынша тұрақтаған жəне дəйекті тағы басқа деректерді академик А.Жұбанов еңбектерінен, кейінгі Қ.Ахмедияров, Х.Тастанов, Б.Қарақұлов, Т.Мерғалиев, Ө.Əлімгереев т.б. зерделеу, зерттеу мəліметтерінен табамыз.

Ақаң күйші болған ортаны айлап-апталап суды қайықпен, құрғақты атпен, түйемен аптап ыстыққа, қарлы боранға қарамай, арасында жаяу аралай жүріп оның жүрген жолын бір емес бірнеше рет сүзіп шықты. Сол кезде А.Жұбановты қарсылап, жол көрсеткен елдің басшылары, жауапты қызметкерлері, түскен үйлеріндегі адамдармен «Мəдениетті қолдау» (2000ж.) жылы консерваториядан фольклорлы-этнографиялық топ құрып, Атырау облысының барлық аудан, ауылдарын, 2001 жылы Батыс Қазақстан облысы Нарын құмының арқа беті Бөкей ордасы аймағын араладық. Өнер ғұмыр қауыммен етене кездестік, көп мəліметтер жинақтадық. Мұнан бұрында жинақталған материалдарым ізінде күйге емежарқын жақын, мұрағаты өлке мəдениетінің небір жəдігерлерімен қордаланған журналист, күй танушы Ө.Əлімгереевтен, М.Ысмағұловтан Құрманғазының шəкірті Қ.Айсаұлының балдызы Ж.Қыдырəлиевке үйреткен күйлері үнтаспасын жəне басқа жəдігерлерді алдық. Жұбаныш күйшінің орындау мəнері тура Дина шешейдің қол алысы, тыңдау барысында қатты таңқалдық, тағы бір талант орталыққа жетпей ауылда қалып кеткені өкіндірді, əйтеуір жазылымның қолымызға түскеніне шүкіршілік еттік. Мұнан басқа əйгілі күйші тесік тамақ Сабырдың үнтаспаларын, қолынан күй үйренген М.Дəулетовтен, Ə.Ізмұхамбетовадан, Б.Махатов, Е.Қазиев т.б. белгілі күйшілердің тікелей жазылымдарын бұрынғы қорымызға қоса тыңнан жинақтадық. Құрманғазының «Бес тайлақ», «Қарасай», «Желкем қақпай», «Кішкентай демалыс», «Сары көл самар», «Тізе қақпай», «Мəшина-марш», «Сексен бие», «Сайра бұлбұл», «Повестка», «Бес мəнет», «Қарт Жігер», «80 бие» т.б. күйлері. Тіпті Ақаң мұрағатында шығарып кейбір үлгермеген күйлерін де таптық, мұның барлығын 81 күй (кейбірі түрлемдерімен) академик А.Жұбановтың 100 жылдығына орай оның «Құрманғазы» жинағын консерватория жəне атақты күйші Қ.Ахмедияров пен осы жолдар авторының демеуші болуымен қайта басылымында енді. Əрине, кейінгі мамандардың зерттеулері толықтырулар деп есептеймін, Құрманғазының тұлғалануын, сансалалы шығармашылығының шарықтауын, халықтық негізде тебіндегенін, тонның ішкі бауындай жақындығының дəлелденуі тікелей академик А.Жұбановтың еңбегі екендігі сөзсіз. Өйткені Құрманғазыда туындыларына арқауды халық болмысынан, оның өмір сүру, мəдениет, салт-дəстүр қалыптастыру ұстанымынан, өзіне дейінгі күйшілер төлтумалық, орындаушылық сүрлеуінен ала тұра, асқан дарындылығымен ерекше аймақтық, оның ішінде де өзіндік орындаушылық қырларымен күйшілік мектеп қалыптастырды. Ол халықтың бар болмысын күй тілімен сомдаушы саз суреткері, күй сырын киелі шанаққа хаттап, қос ішекпен құдіретті жырлаушы. Уақыт озған сайын күйшінің сүрген заманына, ондағы оқиғаларға орай күйдің тақырыбы, орындаушылық өресіне, біліміне байланысты əдіс-амалы дамиды, бірақ тілі, ділі, негізі сақталады. Бұл туралы өзінің «Ғасырлар пернесі» еңбегінде академик А.Жұбанов «Күй – əуен-сазбен өрілген жыр шежіре. Күйлердің өмірге жақындығы əлеуметтік мұқтаж- зəруліктен туатындығында жəне олардың өзгеше тарихи сипатын күйшілердің қозғаған тақырыбы мен қойған аттарынан да аңғаруға болады» – дейді. Міне, біз сөз еткелі отырған ғасырлар ғаламаты күй атасы Құрманғазы да осындай ұлы өнерде айрықша қол таңбасы бар, киелі қасиеттердің баршасы бір жүрекке қонған, топырақтан, қаннан дарыған тума талант, дарқан дарын иесі. Арғы бергідегі қалың күйшілер арасында Құрманғазы дара, қайталанбайтын құбылыс. Ол, домбырашыға табиғаттан сирек қонатын шығармашылық қасиеті мен ғажайып сыры көп ерекше дүлдүл орындаушылық шеберлігімен де ерекшеленеді. Бірінші ақиқат «Ат аунаған жерде түк қалар» –, дейді халқымыз. Күйші əрқашанда өз қоғамының жаршысы, саяси тұлғасы, оның шығармашылығының арқауы өзі өмір сүрген ортасы. Бұған күйші шығармашылығының сан – салалы тақырыбын саралау арқылы түйіндеуде көз жеткіземіз. Жалпы қазақ күй тақырыбының ауқымы кең, сонымен бірге күй құрылымдық заңдылықтарынының даму жүйесі де авторлық шығармалардан бұрын қалыптасқан. Мұның дəлелі – Қазақстанның барлық аймағында кездесетін авторлары ұмытылған халық күйлері аталынып жүрген мол мұра. Құрманғазының алдында да ұстазы Ұзақ, Байжұма, Боғда, Махамбет сынды күйшілердің болуы оның өзіндік, ерекше күй мектебін қалыптастыруына жол ашты. Ұзақ, Байжұма, Соқыр Есжан туралы дерек көздері өте мардымсыз. Махамбет, Түркеш (Тұрып), Сейтек т.б. өмір-деректері, шығармашылығы кейінгі кезде 1975-85 ж.ж., А.Жұбановтың бастамасымен барынша толықтай зерттелді деуге болады. Ол күйшілердің іздеу керек жəдігерлерін атымен атап аманат еткен. Қарап отырсақ қазақ халқына «Алтын ғасыр» сыйлаған күйшілер өмірінің Тəттімбет, Дəулеткерейден басқа бір жайлысы жоқ. Төре тұқымынан шыққан олардың да қоғамына қанағатсыздығынан ішіп-жер, киер бүлдеге кем болмасада рухани тойымсыздықтары, ішкі дүние арпалысы күйлерінің əуезінен естіледі. Ал, басқа күйшілер шығармашылығынан маңдай терін төкседе қарны тоймаған аштық, күрмеуге келмеген қысқа жіптей қол байлаған жоқшылық, өмір үшін жəне əділетсіз қоғаммен күрес, қарсы келгені үшін бай-манаптардан көрген қуғын-сүргін т.т. тəпəріштер сыңсып қоя береді. Тоз-тозы шыққан елдің ортасында болып, соның аузымен айтып, өзегін өртеген өкінішті екі ішекке тізіп, домбыра шанағына құндақтаған күйші бабаларымызды əулие десек, қазақ халқы жер бетінде тұрғанша тұратын қақ тағаладан түскен құрандай, күй өнерін адамнан түсірген дəулескерлер əулие десек артық емес. Қазаққа əлемде теңдесі жоқ ұлы өнерді машық еткен дəулескерлер арасында Құрманғазы күйшілік мектебі, түпсіз терең мұхиттай, адамның көзі жетпес асқардай, құс қона алмайтын шыңдай оқшау тұрады. Күйшінің шығармашылығындағы қай күйдің тақырыбын, əрқайсысының атауын, ауыз екі жеткен аңызын алсаңызда олардың халықтың тарихынан, оның өмір сүрген заманынан, пəни ғұмырында азабы мол жүріп өткен жолы, дүниетанымы (менталитеті), күй шығармашылық тілі, осыған байланысты күй құрылымдық табиғаты, музыкалық мəдениет деңгейі, білім жəне рухани дəрежесі т.б. көрініс табады. Бұл категориялардың бəрінде заман мен адамның, қоғамның саяси əлеуметтік жағдайына байланысты өзгерістерге орай даму үдерісінің сан – салалы бел алуы заңды құбылыс болса, күйші шығармашылығындағы дəстүр сабақтастығы негізінен өріс алып жаңашылдығымен сипатталуы осының айқын дəлелі.

Домбыраның қос ішегіндей дəстүрдегі орындаушылық пен қатар күй шығармашылық дара қасиет бір адам пешенесіне, Құрманғазы күйшіге ерекше қонақтаған. ХІХ – ғасыр күйші композиторлары қатарынан Құрманғазы Сағырбайұлын даралайтын тұсы да осы. Ол, саны да сапасы да, дəстүрлі жалғастығы да заманмен ғарыштаған жəне өзіне дейінгі күйшілік мектептерді дамыта жаңашылдығымен халық жүрегіне ұялаған 100-ге тарта күйдің авторы, өкінішке орай кейбірі бізге əлі жетпеген, сөз жүзінде қалып отыр.

Күйшінің əркімге беріле бермейтін шығармашылық қасиетінде кəсіби композиторлар, зерттеуші ғалымдар, күй танушылар, музыка тарихы мамандары əр қырынан А.Жұбанов негіздеріне сүйене қалам тартты. Бұл деректерден жəне консерватория қабырғасында өткен ұстаздық, күй танушылық қызметте түйгеніміз Құрманғазы шығармашылығында əсерлі, жалынды да жігерлі, жойқын екпінді тартылатын, ерлік тақырыбындағы күйлер көп кездеседі. Шебер орындаушылығы арқылы автордың тапқырлығы, қиюластыруы, стильдік ерекшеліктері қалыптасып, ол, кемерінен асқан төкпе дəстүрлі күй мектебінің абыройын асқақтатты. Ол, өзіне дейінгі қуғын-сүргінде жүріп атамекенін, жердің тұтастығын аңсаған, көп толғаған күйшілер жəне тұстастарының күйлерін жаңа қырымен жалғастырды. Əрбір күйшінің тақырыбы, оның өмір сүрген ортасы мен тұрмыс ахуалына жəне сол дəуірдегі дəстүр-салтына орай өрістейді. Құрманғазы күйшіде осы ізгілікті жолдан терең тəлім алған, оны бой тұмардай қадірлеген, шығармашылығына түпкі негіз ретінде сақтаған. Оның күйлерінде дəстүрлі тақырыптық жүйе сақталғанмен сонылық басым, драматургиялық элементтер мейлінше орын алған, өзіндік перне аралық жүйеде тебіреніспен толғайды, сондықтанда күйлерінде бұрынғы үлгіден кең дамыған диапозондық ерекшелік домбыра мойнының өн бойын сарқа пайдалануы күй өнерінде екінші саға шарықтау шегін туындатты.

Əр автордың өз идеясы, сюжеті, құрылымы, ладтық (тұғырлық) жүйесі, осыған орай перне аралық жүйесі, қалыптасқан дыбыстық бояуы, жанры, стилі, музыкалық тілі болады, бұл қырыда күйшіде ерекше мектеп.

Құрманғазының шығармашылығында күйші ұстазына, тұстастарына, қоғамдағы саяси, тарихи оқиғаларға, бар сезім сарайының сыр толқынын қозғаған барша себептен күй арнау үрдісі автор шығармашылығының ауқымды бөлігін қамтиды жəне əр қырынан келеді. Күй арнау шығармашылықты тұлғаға қаннан берілген, жалғасқан дəстүрлі үрдіс. Қарапайым отырып күй арнай бермейтіні кім-кімгеде түсінікті. Арнау болып аталмаса да нысанаға алған мазмұн межесінен шығуға əр күйші өз шеберлігі, түсініп түйсінуі арқылы туындатып, кейде қосарлы атау береді. Күйдің шығуына себеп болатынын, сол түрткі болған құбылыс, жағдайды туындыда суреттеп, арнаған адамының, нəрсесінің атымен атау, оның мазмұнына, екпініне, қағыстық табиғатына, жанрлық сипатына орай айдар тағу, осы жəне т.б. аспектілерді тақырыбына арқау етеді. Мысалы «Ақбай», «Айжан қыз», «Теріс қақпай», «Тізе қақпай», «Серпер», «Перовский марш» «Адай» «Ілме», «Арба соққан» «Түрмеден қашқан», «Кісен ашқан», «Көбік шашқан» «Аман бол шешем, аманбол» т.б. Кейде осылайша арнаған нысанасының айтулы жақтарына берген атауы күй өнеріндегі жанр (Байжұма, Ақжелең, Жігер) болып жалғасын тапса, қосымша сын есімдік болмаса ерекше тұстарын теңеулермен айдар тағып, күй мазмұнында ашып береді. Кейде тұлғаның, оқиғаның, сезім сілемдерінің себепке байланысты атын да қояды. Мысалы «Қапы», «Серпер», «Балбырауын», «Бозқаңғыр», «Итог» т.б.

Құрманғазы шығармашылығында дəстүрлі күй жанрының жалғастыру, дамыту бағыты нақты айқындалған. Мұның дəлелі: халық күйлерінде көп кездесетін «Ақжелең» жанры. Құрманғазының «Ұзақ Ақжелең» күйін ұстазы Ұзақтың туындысы деген дəлелсіз желеулер айтылып келеді. Бірақ ол туралы Құрманғазының бірде-бір тұстастары дерек жеткізбеген. Тағыда бұл жанрда белгілі күйші М.Өскенбаев жеткізген «Бас Ақжелең» атты күйі де бар. Ол бір жағынан тек қана Маңғыстаудан жетуі Құрманғазының жүрген жолын, екіншіден сол өлкеде күй жарыстырса да сол Ақжелеңдерден өзгешелігі əруақыт жаңашылдық үдерісін дəлелдейді. Онда Ақжелең жанрлы күйлердің аз болуы, шығара алмағандықтан емес, өмірінің қуғын-сүргінді, ақжелең дəуір кеше алмаған тартысты мəнінде болса керек. Келесі Құрманғазы күйші шыңға көтерген жанр – «Байжұма». Құрманғазыға дейін Байжұма Досмекейұлы атты шебер күйші болған. Оның біздің мұрағатымызда қарапайымдау осы аттас «Жаппас Байжұмасы» күйі бар. Жеткізушінің олақтығынан болар өріс алып кете алмады. Құрманғазының «Байжұма» күйі кейбіреулер айтып жүргендей «пара фраз» емес, нағыз жанр бастауы. Біздің қолымызда бір-біріне атымен ұқсас, құрылымы, дыбыс палитрасы, орындаушылық əдісі шеберлікті керек ететін 10-ға тарта «Байжұма» күйлері бар (Дəулеткерей,Түркеш, Дина, Орынша, Сейілхан, Тайман, Қаршыға, Айтқали, Қуаныш т.б.) Міне, қысқаша айтқанда ол, өзіне дейінгі ғасырлардан саз тартқан күй өнерін ерекше биікке ұластырып, ұлағатты мектеп қалыптастырған, күй өнеріне өшпес өмір мен жарқын болашақ сыйлаған күй өнерінің жеке дара қонатын екі шыңын игерген ерен тұлға. Осы өнер қалай өміршеңдік бағыт алды дегенде, бағзыдан жеткен, күйші бабалар қалыптастырған – орындаушылық өнер жəне мұрагерлері еске түседі.

#Құрманғазының #өскен #ортасы #шығармашылығы