Құрманғазы жəне оның ізбасарлары | туралы қазақша
«Күй атасы» Құрманғазы – күй өнеріндегі орындаушылық үрдістің айтулы шебері, шыңы, ұлы тұлғасы. Домбыра əуезіне бір қағыспен тұтас бір əлем туғызған дəулескер күйші. «Тектілік қанмен келеді» деген ұғым бар емес пе? Құрманғазыға күйшілік өнер қайдан келген? Оның нағашы жұрты палуан, ақын, əнші керемет күйшілері де болған екен деседі дерек көздері. Анасы Алқаның өзі шашын түйіп тастап талай жігіттердің тізесін бүккізген. Оның өнерін бағалап, талантын таныған қолдау көрсеткен де анасы екендігі белгілі. Ұлын ер қасиетті азамат ретінде тəрбиелегендігі, зор үміт күткендігін оның Құрманғазы түрмеге түскеннен кейін, кездесуге барғанда ұлының налығанын, көзіне жас алғанын көріп: «Мен ер тудым, жүрсем, ез болғаныма, көз жасыңды көрсетпе» – деп шапалақпен жағына тартып жібергенін А.Жұбанов деректерінен оқып, ауыл қарияларынан естіп өстік. Біз мұны Құрманғазының ездігінен емес, музыканттық кең жүрегінен, күйге бұланған кеңпейілдігінен-ау болжамдаймыз. Адамның таланты тумысынан, тегінен болса да, ол талантты шыңдайтын ұстаз ғой. Құрманғазының негізгі ұстазы – Ұзақ күйші. Ол да өз заманында ғажап күйші болған екен. Құрманғазы бабаның тектілігі, ұстазының ұлылығы күйлерінен көрініп-ақ тұр. Қай тұсынан қарасақта, ол ұлтының заңғары мен зарын бар болмысын күй шанаққа хаттаған тұлға. Оның шығармашылығы мен орындаушылығын əлі ешбір күйші дəл солай қайталай алған жоқ. Төл шəкірті ұлы Динаның өзі «Құрманғазының орындаушылығы қандай еді?», – деп сұрағанда, «Домбыраны қайысша илейтін», – деп жауап берген екен. Құрманғазының «Менің оң қолымды, Динаның сол қолын бір адамға берсе, шіркін», – деген сөзі қалған. Ұлы күйшінің өзі, шəкірттен ұстаз озған қағидасымен жəне мықтымын дегеннен гөрі, онан да жоғары барын тануы көрегендігінің белгісі. Сондықтан да орындаушылық үрдістегі көркем өнерге керекті қасиеттердің бəрін терең философияны, сыршыл лириканы, дауылдатқан екпінді, ерлік пафосты өрлікті, виртуоздық мəнерді күйші өнерінен танып келеміз. Бұл тұрғыда күй өнеріндегі барша əдіс-амалды, аңыз, мазмұнын жадында хаттап, насихаттаушы, дəстүрлі-мектептерді жалғастырушы орындаушының орны ерекше. Орындаушылық үрдісті жаңа заманда ілкі негізін сақтап болашаққа жеткізу бізге міндет болғандықтан да оған терең бойлауды мақсат етіп қойып, əрекеттенудеміз.
Күй орындаушылық өнер негізінде құйма- құлақ тəсілімен зердеге ұялап, қолдан қолға өту арқылы ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан құндылық. Күй өнерінің даму, болашаққа жалғасу үдерісінің басты функциясын «орындаушы» атқарды. «Орындаушы», «орындаушылық» – «орындау» сөзі мəнінің туынды түсінігі екені белгілі, яғни «орындаушы» – адам, ал, «орындаушылық» қандайда болмасын жалпы өнерді тыңдаушыға жеткізудегі, сол салаға тəн дəстүрде күйші қалыптастырған ерекше үрдіс. Күй өнері қыр-сырын түйсініп, жүрегі домбырамен үндескен ерекше қасиетті орындаушыны тыңдарман аса құрметтеген. Орындаушының, күйшінің қоғамдағы қызметі мен маңыздылығын профессор С.Күзембаева былай деп атап өткен: «Хранителем и носителем кюйя в музыкальном быту народа был кюйши – особо одаренная личность, обладающий даром импровизации, имеющий феноменальную память, одаренный чертами природной музыкальности, артистизма, свободно владеющий поэтическим и исполнительским талантом» [4, с.47]. Осы орайда күй өнерінің бізге жеткен орындаушылық бағыттарының дамуы жайында кейбір мəселелерді салыстырмалы түрде қарастырсақ, бүгінгі таңда қандай күйшілердің шеберлігін тəлім тұтамыз, ғибрат алар, ұстартар үлгілеріміз қаншалықты деген кезде, алдымен жоғарыда айтып өткен ХІХ ғасырдағы домбыра өнерінің дəулескер дарындардың ғибратнамалық мектептері еске түседі. «Күй көпті көрген қарияның көкірек күйі», – деп А.Жұбанов қазақ өнерінің ренесанс дəуірі ХХ ғасыр да, соған дейінгі жəне ХІХ – «алтын ғасырдың» мұрасын тарихи дерегімен, орындаушылық биігінде, ділінде хатталғандай күй тілімен жеткізген М.Сүлейменов, Д.Нұрпейісова, Н.Бөкейханов, М.Бөкейханов, Қ.Медетов, Қ.Жантілеуев, О.Қабиғожин, Л.Мұхитов, М.Өскенбаев, Ə.Өтеғұлов, Ж.Айпақов, М.Жаппасбаев, Ж.Қаламбаев, Д.Мықтыбаев, Т.Аршанов, Қ.Ержанов сынды күйші- орындаушылардың өнерін танып білгеннен кейін бағалаған. Əрине, мұның бəрін орындаушылық өнерде біз бейне, үн таспалары қолымыздағы Д.Нұрпейісова мен М.Өскенбаевтан басқасын А.Затаевич пен А.Жұбановтың ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы зерттеу еңбектеріндегі күйлерге, мұрағаттардағы деректерге сүйенеміз. А.Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» атты еңбегі – ХІХ ғасырдағы ұлы күйшілермен қатар, мол мұраны жеткізуші орындаушылар қақындағы өте құнды еңбек. Орындаушы- күйшіні, күйшілік қасиетті адам ретінде жете танымаса, күйін түсініп келешекке жеткізе алмауы ықтимал. Орындаушы сондықтан парасатты ойшыл, тарихшы болуы өз алдына, ол күйші композитордың музыка арқылы жасаған образының көркем бейнесін тыңдаушыға орындаушылық шеберлігімен елестеттіре, түйсіндіре алғанда ғана керекті деңгейден көрініп, аралық ролін нанымды атқарғандары ғана халық қалаулысына айналған. Тыңдаушы қауым күйшінің мұндай шеберлерін «дəулескер», «дүлдүл» сынды атақтарымен құрметтей, «Домбыраның құлағында ойнайды», «Домбыраны қайыстай илейді», «Бармағынан бал тамған», «Күйдің майын тамызады», «Домбыра пернесінен сыр сауған» сынды теңеулермен ұлықтап қадірлеген. Бұған да 1934 жылы «Өнершілер слетіне» келген орындаушылар қақындағы А.Жұбанов пікірі дəлел бола алады. «…Лұқпан, Қошқар, Абыл, Тазбаланың, Науша, Əлікей, Салауат, Тұрып, Байжұма, Оқап Құрманғазының «Серперін, «Балбырауынын», «Сарыарқасын», т.б. оншақты күйін, біресе сыбырлатып, біресе шынтақты көтеріп дүрілдетіп, көсіп қағып «Адайды», Қали Жантілеуов,оң қолы мен сол қолы домбырадан екі елі жоғары көтерілмей, жабысып айрылмайтын Жəлекеш, жанған оттай албырт Матов Ғабдылман, салмақты Мəлік, Əлмұрат 4,5 күйден алып келіп тартты» (Өскен өнер) делінген. Бір сөзбен күйшілердің екі қол алысы, қызу қандылығы, екпіні, дыбыс əуезін жасауына орай, орындаушылық қырларын суреттейді жəне əрқайсысының əдістері əртүрлі, екі қолға байланысты сол қол саусақтарының перне басудағы мығымдығы, перне сөйлетудегі саусақ бүлкілі, оң қол жақтан осымен үндескен бірде сипай, бірде түйдектей білезікпен саусақтарды кезектестіре қағу шапшаңдығы жатқан бір мың құпия.
Өмір өткінші, өнер мəңгілік деп санаған жазушы Т.Əлімқұлов: «Осыдан мың жыл бұрын өмір кешкен Қорқыттың ақындық тілі бізге танық болса, күмбірлеген, күңіренген күйлері қазақша сайрап тұрады. Сондықтан тілінен көкейі ұзын күйге тіл бітірудің ғанибеті, қуанышы, уанышы бар!» дегені де орындаушының автор ойын тыңдаушы жүрегіне нанымды ұялатудағы көрегендігін көрсетеді. Ол: «…күйді прозадан гөрі поэзияның əсерлі де шебер бейнелей алатыны шындық. Мен қабілетім жетсе, сөзден гөрі ұзақ жасайтын күй шығарар едім. Бəлкім күйші боп кетер едім», – деуі де табиғатынан талантты бола тұрсада күйшілік, орындаушылық қасиеттің кез келгеннің пешенесіне бұйыртпайтындығын, тегінен, табиғаттан даритындығын пайымдап, қолдан қолға өткен күйден гөрі сөздік қорымыздың көп өзгеріске түскенінінің дəлелдейді. Бұл орайда музыкалық салада өнердің басқа түрлерімен салыстырғанда орындаушылық үрдісінің маңызын ерекше тағы қайталап айтуға тура келеді. Мысалға, орындаушылықты бейнелеу өнерімен шендестіре қарастырсақ, кез келген көрмеге келген көрермен сол саланың маманы жан-жақты түрде көркем суреттің вербальдық деректерін бере тұрғанның өзінде абстрактылы түрде қабылдайды. Көзбен көру жəне ақпараттық хабарлама екі жақты түрде де автор ой қиялын жеткізуге музыкаға қарағанда мүмкіншілігі шектеулі, тіпті кемшін десекте қателеспеспіз. Ең мықты деген суретшінің өзі сол образды қайта бейнелесе де, нəтижеге жақындамайды. Мұнан күйдің коммуникативтік қасиетінің ерекшелігі туындайды. «Құлақтан кіріп, бойды алар, əсем əн мен тəтті күй» деп ұлы Абай айтқандай орындаушы есту арқылы болатын əсерді өз өнерімен нанымды жасақтаушы. Ол автормен тыңдаушы арасында күйді жалғаушы, осыдан келіп мосының үш бұтағындай тепетең тұрған «автор – орындаушы – тыңдаушы» одағын құрады. Тыңдаушы деңгейінде тану əсері кейінірек іске асады. Тыңдаушы тəжірибесіне арқа сүйеу образ – эталонның қажетті түрімін таңдауға көмектеседі, шығарманың жекелеген қасиеттерін белгілейді.
Бұл үштікте автордың туындысы эталондық басымдыққа ие, бірақ таңдауы бойынша өміршеңдікті авторлық эталон түрлемінен гөрі, мықты орындаушының қолына түскен түрлемі иеленіп, жалғасып отырған. Жалпы шебер орындаушылар шығармалары дəстүрлі өзегімен қатар, жаңашылдық үрдістерімен, сан-қырлы шеберлігімен, əдістемелік мазмұнымен, тақырыптық болмысқа біте қайнасқан қағыс табиғатымен, домбыраның бар мүмкіншілігін толығымен пайдалануға бағытталған жаңашыл жолдарымен жеткізуі арқылы ерекшеленеді. Мұнан шығатын қорытынды күй мұрасын сақтау мен дамуындағы орындаушының маңызын танытады. Осындай орындаушылық өнерде аты аңызға айналған, Құрманғазының төл шəкірті – осы салада тың деректерді, ұстазының орындаушылық деңгейі бағасын бізге жеткізуші, күйші Д.Нұрпейісова. Ол, ұлы ұстазының жанына 11 жыл еріп, ұлы күйшілік ұлағатын ерек ұққан талант. 1937 жылы Дина шешей Алматыға келісімен халық өнерпаздарының байқауында 1 орын алады. Бұл күй анасы Дина күйшінің əлемге танылар бастауы еді. 1939 жылы 77 жасында Мəскеуде өткен Бүкілодақтық бірінші байқауда да жүлделі 1 орынды иеленеді. «Домбыраның жамбылы» атануы да осы сапарда. 1944 жылы 83 жасында Орта Азияның бес республикасы өнерпаздары қатысқан онкүндігінде тағыда 1 орын Қазақстан күйшісінің қанжығасына байланады. Күйші өнеріне тəнті болған музыка зерттеушісі А.Островский өзінің «Музыкальная культура Узбекистана» еңбегінде «Онкүндік кезінде халық дарындарының шоқ жұлдыздары көрсеткен өнердің бірде-бірі əйгілі Құрманғазының тамаша шəкірті қазақтың 80 жастағы домбырашысының шаңына да ілесе алмады. Ол меңгерген шеберлік қиялдай ғажайып. Осынау дəулескер домбырашының алуан түрлі тəсілге салып, байырғы аспаптың көмейінен небір саз-сарынды ақтаратынын айтсаңшы… Нұрпейіс келіні Динаның монументалды алып бейнесі дəстүрлі халық музыкасының тегеурінді ықпалында жарқын айғақ ретінде біздің санамызға орнап қалды (аударма біздікі)», – деп жазған.
Күйшінің екі қолының өзара үндестігі туралы ой қозғағанда сол қолының шеберлігі турасында айта кеткен жөн. Құрманғазының: «Сенің сол қолыңды, менің оң қолымды бір домбырашыға берсе, таңқаларлық теңдесі жоқ орындаушы болар еді», – деген ұстазының бағалауы өнер сүйер қауымның көпшілігіне А.Жұбанов еңбектерінен белгілі. Күйшінің орындаушылық қырларын əрі қарай жалғастырсақ, оның жанында болып, өнер жолын зерттеген өнертану ғылымдарының кандидаты, Ғ.Бисенова Дина күйлерінің «Əсем қоңыр» (құр. Қ.Ахмедияров) жинағында домбырашы форшлагтарды (аралық ноталарды, үнөрнек (мелизм) – К.С.) жиі қолдана отырып, бейнелеуге мүмкін емес ерекше сұлулық дүниесін туғызатындығын атап келтірген. Ал, кейде ол тек сол қолының перне басуы арқылы бірнеше нотаның (дыбыстың К.С.) үнін шығаратын, ал мұндайда оның оң қолы домбыра ішегіне жоламайтынына баса назар аударған. Тағы да ол, Дина Нұрпейісованың көркемдік тəсілдерінің бірі – паузаның (тыныс – К.С.) ерекше роль атқаратындығы. Ол – шығарманың кейбір эпизодтарында (бөліктерінде – К.С.) күй өрісінің одан əрі дамуына тыңдаушылардың назарын ынтықтыра аудару үшін əдейі қолданатын тəсіл екендігін атап өткен. Сұңғыла орындаушының күйдің кем кетігін жетілдіріп, иірім ырғағын зерлеп, орындаушылық қасиетімен əрлеп жаңа тыныс беретінін, екі қолды кезектестіре пайдаланып ғажайып дыбыс қасиетін, əуезін туындататынын да, күй табақтан құлақпен қабылдау кезінде ұқтық. Динаның сол қолының еркін қозғалғаны өз алдына, пернені басқаннан кейін саусағын көтергенмен шектен айырмайтын ерекшелігін көп уақыт жұмсай отырып айқындадық. Нотаға түсіріп орындағанда өлшем, ырғақ дұрыс, бірақ бір аралық дыбыс жалғастық берумен қатар, күй мазмұнына қауыстыратын лүпілдеген əуез өрісі естіледі. Бұл күйді бұрын естіген жəне естімеген домбырашыларды тыңдағанымызда нотаның құр сүлдерін орындап берді. Компьютерге терілген нотаны дыбысталынуында да дəстүрлі қазақ күйлеріндегі дыбыс жалғастыру (лига), сол қол саусақтарымен ілу (+ – ішекті саусақпен іліп тарту) сынды əдістері дыбысталынбайды екен. Қазақ күйінің орындаушылық өнеріндегі өзіндік құпиясына қазіргі техниканың да құдіреті жетпеді. Сондықтан мұндай орындаушыға ғана байланысты жұмбақ тұстарын арнайы белгі тұрақтандырып нотада көрсету ізденістері қазіргі күй өнеріндегі күй танушылардың жаңалықтары, орындаушылық өнер саласындағы зерттеу бастамасы болып есептелінеді. Мысалы, жоғарыда сөз болған қолды ішектен ажыратпай қозғау халық арасында айтылатын «жорға» күйшілік қасиетті алдымен ауызша айтып, сосын қолдан үйретіп тараттық, кейін жоғарыда айтып өткен Дина шешейдің бұл қасиетін (сол қолын ішектен көтермей дыбыс жалғастыруын) төмендегідей белгілеуді күй өнеріне енгіздік ( – сол қол саусақтарын ішектен айырмай қозғау белгісі). Екінші жағынан құлақ құрышын даңғаза музыка дертіне шалдықтырған дүдара кейбір орындаушылар мұны естімеуі де мүмкін, бұл осы өнердегі орындаушыға керек құбыла қасиет.
#Құрманғазы #жəне #оның #ізбасарлары