«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының сипаты туралы қазақша

0
35

«Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырының архаикалық сипаты

Қазақ халқының даңқты ғашықтық жыры — «Қозы Көрпеш — Баян сұлудың» шығу тегі, тарихы және көркемдік шындығы, айтушылары, вариант-нұсқалары, жинаушылары, поэзиялық ерекшеліктері т.б. жөнінде зерттеулер бірнеше ғасыр бойында жүргізіліп келеді. Бұл жырдың көп қырлы сипаты мамандарға ғана емес, жалпы оқушы жұртшылыққа да танымал. «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» дастаны орта, жоғары мектеп бағдарламаларына енген. Атақты суреткер Ғ.Мүсіреповтің жыр сарынымен жазылған трагедиясына жамағат театр сахналарынан да, кино экрандарынан да қанықты. «Қозы Көрпеш — Баян сұлудың» мәтіні жеке кітап болып әлденеше рет басылып шыкқаны да әмбеге аян.

Дегенмен, атағы қазақ көлемінен асып, әлемдік денгейде әйгілі болған ұлы дастанды тану мен талдау ақырғы межесіне жетті деуге әсте болмайды. Қайта өзге де бірсыпыра эпостар секілді, «Қозы Көрпеш — Баян сұлуды» зерттеу жұмысы соңғы жылдарда баяулап қалғанын мойындауға тиіспіз. Эпостың 1500 жылдығына арналған конференция ғылыми-зерттеу істеріне жаңа серпін берер деп сенгіміз келеді.

Біз «Қозы Көрпеш — Баян сұлуға» қатысты көп проблеманың бір тармағы дастанның архаикалық белгілері деген мәселеге қысқаша кідіріп өткіміз келеді. Бұл — арнаулы зерттеулерді қажет ететін күрделі тақырып. Әлбетте, бір баяндама шеңберінде осы тақырыптан туындайтын міндеттерді толық қамту мүмкін емес. Сонда да болса, бұл бағыттағы кейбір методологиялық таяныштарды сөз ету қажет деп есептейміз.

«Қозы Көрпеш — Баян сұлу» — қазақ халқының ертедегі өмір ерекшеліктерін неғұрлым мол бейнелейтін жырдың бірі. Эпостың бітіміндегі осындай көнелік белгілерді көптеген зерттеушілер атап өткен. Солардың ішінде шығарманың түрлі нұсқаларын салыстыра тексеріп, ондағы архаикалық нышандарды анықтауға көңіл бөлген академик Әлкей Хақанұлы Марғұлан. Тақырыбымызға сәйкес болғандықтан, ғалымның бұл тараптағы ойлары мен тұжырымдарын келтіруіміз ләзім.

Қазақ ескілігінің білгірі Әлкей Хақанұлы «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырының пайда болу тарихын заттық мәдениет ескерткіштерімен, атап айтқанда Қозы Көрпеш — Баян сұлу кешенімен байланыстыра қарайды. «Аягөз бойында тұрған бұл кешенмен оның ішіндегі мүсін тастар исламнан көп бұрын жасалған өте ескі дәуірдің белгілері. Олар Түрік кағанаты кезінде шыққан. Адамның суретін, тас мүсінді халық сол кезден ерекше кадірлеген» (1), — дейді ол. Бұл — өте маңызды, «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырының шыққан кезеңін нақтылы пайымдаған пікір. Бұдан кейін Әлкей Хақанұлы осы ойларына қосалқы дәлел ретінде топонимикалық атауларды келтіреді: «Және бір ғажайып жері олардың (эпос кейіпкерлерінің. — Р.Б.) аты тек қана мүсін таста сақталып қоймай, жер аттарына да қойылып отырған. Оның зор дәлелі Баянның атымен аталатын сол жердегі «Баянжүрек» тауы… Аягөзге құятын екі өзеннің бірінің аты — Айтаңсық, бірінің аты — Айғыз. Бұлардың барлығы бір кездегі тарихта болған оқиғаны еске түсіріп, солардың халық ортасына көп тараған терең сырларын сақтап келген. Әсіресе «Баянжүрек» тауы Баян мен Қозы Көрпештің жиі қосылып, сүйіскен жері деп білу керек» (Сонда, 286-бет). Өзінің құрылысы мен архитектуралық стилі Қозы Көрпеш — Баян сұлу кесенесіне ұқсас дін-мұнара Қазақстанның әр өңірінде кездесетініне қарап, Ә.Марғұлан мұны сол замандағы ескерткіш салу дәстүріне тән құбылыс деп есептейді.

Эпостың көнелігін сипаттайтын келесі бір жағдай — сол замандағы көш жолдарының аталуы. Дербісалин жазып алған жыр нұсқасында (1834) Қозы Көрпештің жаздыгүні отыратын жайлауы терістікте, Түменнен әрі, Мұз теңізіне таяу жерде деп көрсетіледі екен. Бұған жырдағы «Мұз тауына екі хан келді көшіп, байлығы шыққан екен талай-талай», — деген жолдар дэлел болғандай. Ә.Марғұлан осы бір куэліктен терең мағына табады, оны қазақ халқының мал шаруашылық кәсібінің ыңғайына қарай көші-кон бағытының ғасырлар бойында қалыптасқан дәстүрімен байланыстырады. «…V-Х ғасырларда оғыз бен қыпшақтардың қыс күні Сыр бойын қоныстап, жаз күні Сарыарқаға жайлауға шығатынын Жувейни, Рашидеддин, Абылғазы әдемілеп суреттеген. Демек, Оңтүстік пен Солтүстік арасында көшіп жүру тәртібі ту ескі дәуірден келе жатқан дәстүр. Қысты күні жылы жақты қоныстап, жаз шыға солтүстікке, салқын жаққа жайлауға көшу ескі сақтарда, ғұндарда, үйсін, қаңлыларда болған әдіс. Бұл жағдай ескі заманның әңгімесі Қозы Көрпеш — Баян сұлу аңызында жарқын көрінісін тапқан».

Әлкей Хақанұлы Марғұлан «Қозы Көрпеш — Баян сұлудың» тарихын Түрік кағанаты дәуіріндегі кешендерге қатыстыра қарастырумен шектелмей, одан әрідегі заттық жәдігерлер мысалына да назар аударады. Бұл ретте ғалым «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жыры — ең ескі аңыздардың бірі. Ол -көне замандағы түркімоңғол тайпаларының арасында көп тараған ғажайып бір оқиғаның сюжеті. Бұл аңыздың ең ескі дәуірдегі бейнесі жарқын өрнек теректің, оның түбіндегі екі жастың келбеті келтірілген… Бұл алтын бейне XVIII ғасырда Ертістің күншығыс жағында жатқан байтақ даладан, Алтай тауына таяу жерден табылған. Бұл эпостық алтын бейне біздің заманымыздан III — IV ғасыр бүрын жасалған» (3),-дейді. Әлкей Хақанұлының алтыннан жасалған Шоқтерек және оның түбіндегі адам бейнелерін Қозы Көрпеш — Баян сүлу аңызымен байланыстыруы батыл болжам. Ғалым Шоқтерек бейнесіне кездейсоқ көз тігіп отырған жоқ, ол эйгілі жырда Қозы мен Баянның кездесетін мекені болатын. Әлекең Шоқтерек деген жер аты да болғанын, Батыс Сібірдің он шақырымдық картасында (1909) Шоқтерек атты тоғайлы жер көрсетілгенін, ал поляк саяхатшысы Квартлей XIX ғасырдың 30-жылдарында да осы Шоқтеректің суретін салғанын куәлендіреді.

Сонымен, біз сөз болып отырған жырдың түбірі байырғы заман аңыз-әңгімесінен бастау алғанына, бұған осыдан бір жарым жыл бұрынғы Түрік кағанаты дәуірінің калыбымен салынған Қозы Көрпеш — Баян сұлу кесенесі, дастанда айтылатын бірталай жер, мекен аттары, тіпті біздің заманымыздан бұрын жасалған ескерткіштер дәлел бола алатынын көрдік. Мұның бәрі -зерттеушіге ой салатың, салдарлы қисындар. Сонымен қатар эпостың ұзына бойында «мен ескі дәуір куәлігімін» деп тұрған сарындар да жеткілікті.

Ең алдымен, «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жыры қазақ елінің ерте замандағы әлеуметтік, тұрмыстық жағдайларынан мол дерек бере алатындығымен құнды. Адамның бас бостандығы, сүйіспеншілік еркіндігі есепке алынбайтын көне дәуірдің шындығы мұнда бар болмысымен ақиқат баяндалған. Жырдың ғасырлар бойында ұмытылмай, ауыздан-ауызға тарап келуінің негізгі сыры да заманның бас қайшылығын, жастардын басындағы теңсіздік қасіретін көрсете алуында. Арманына жетпей, қайғылы түрде мерт болған Қозы мен Баян тағдыры тыңдаушыға күшті әсер еткен, жазықсыз жандардың көрген наласы мен шеккен азабын халық жадында сақтап, аяушылық білдіріп отырған. Жырдың үзақ өмір кешуінің түпкі себебі осында. Адамның жеке басының мүддесі ескерілмей, ескі салт-сананың құрбаны болғанын жыр айыптау үкіміндей әйгілейді. Қолы қысқа, талабы тұсаулы болса да, халық қиялы мен арманы еркін еді. Фольклор шығармаларының көбіне тән болып келетін өршілдік рухы осы жағдайға байланысты. Тіпті «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырының ақыры трагедиялық халге құрылуының да ел үшін тәрбиелік мэні болған. Қозы мен Баянның шәйіт өлімін көрсете отырып, жыршы, ақын елді зұлымдықтан шошытқысы келген, адамдарға ізгілік ғибратын таратқан…

«Қозы Көрпеш — Баян сұлуда», жаңа айтқанымыздай, қазақтың ескі көшпенділік қалпы тудырған көріністер мол. Бұл жағынан алғанда жыр нағыз қазақ өмірінің туындысы десе болады. Сарыбай мен Қарабайдың аңда жүріп кездесуі, ежеғабыл жолымен болашақ перзенттерін бір-біріне айттыруы, Сарыбай өлгенде, айтылған естіртуі, ас берілуі, Ай, Таңсықтың ауылы белгісіз алысқа көшерде туып-өскен ел Балталы-Бағаналымен қоштасулары, барлық оқиғаның мал баққан сахара елінің төл шындығы болып көрінуі, Қарабайдың тоқсан мың жылқыны жер-дүниеге сыйғыза алмай, талай өлкені кезіп, ақырында Сарыарқаның сайын даласына келіп қоныс тебуі, Қодардың қыруар көп малды шөлейт жерден қүдық қазып суарып, аман өткізуі секілді суреттің бәрі таза дала жүртының кәсібі мен іс-әрекеттері. Қарабайдың тоқсан мың жылқысы дегенде эпостық әсірелеу сезіледі. Дегенмен, бүл арада қазақ халқының ерте заманда, көші-қон аумағы тым ұзаққа созылатын кездерінде көбінесе жылқы малын өсіргенін ескерсек, мүндай әсірелеу өмір ақиқатына негізделгенін аңғарамыз. Тарихшылардың көрсетуінше, ұсақ мал өсірумен халқымыз бертінгі дәуірде, мал өрісі тарыла бастаған кезде шүғылданған. Жырдың көне табиғаты және эпостық зандылықтар ауқымында жасалғаны қаһармандарды суреттеген түстан-ақ бірден көзге шалынады. Қарабайдың «Тоқсан мың жылқы айдаған бай болса да, үйінде сілкіп киер киімі жоқ» деп сипатталуы, аң аулауға шығуы саятшылықтан емес, дүниеқорлықтан екені көрінуі; Қодардың «бойы он кез, жауырынының жалпағы үш жарым кез»делінуі, сезімі топас, қара күш иесі болып бейнеленуі оларды қарапайым адамдардан гөрі миф пен ертегі кейіпкерлеріне жақындатады.

Дастанда көне заманның түсінігі молынан көрініс берген. Сарыбай мен Қарабайдың аң аулап жүріп кездесуі де жырдың стадиялық байырғы қабаттарының бірі болып табылады. Аңшылық — адамзаттың бақташылық, диқаншылықтан бұрынғы кезеңі екені мәлім. Сарыбайдың буаз маралды еріксіз атып, шошынып өліп кетуінде де барлық жан-жануардың киесі бар деп ұғылатын ерте кездегі түсініктердің ұштығы жатуы мүмкін. Жырда түс көру мен оны жоруға да мән беріледі.

Дастанға тән архаикалық сарынның бірі — каһарманның ғажайып туысы болса, «Қозы Көрпеш — Баян сұлуда» бұл да тиісті орын алған. Қозының «алтын айдарлы» деп суреттелуі — оның басқалардан өзгеше болмысы. Атышулы жаулаушыларды «қан уыстап туған» деушілік тәрізді Қозыны «алтын айдарлы» деп дәріптеу де тағдыр артық жаратқандық рәмізі есептелген.

Адамдар, жан-жануарлар түрлі жағдайда түсін өзгертіп, қауіп-қатерден құтыларлық айласы бар болып көрінуі де ескі магиялық, ұғымдармен түбірлес. Дастанның түрлі нұсқаларында мұндай көріністер кездесіп отырады. Мәселен, Қозы Қарабай ауылына «тазша бала» болып барады; ала тай Қозыға Баянды көруге «кеңес» береді; Баянға Қозынын хабарын беріп тұратын бозторғай болады; Баянға Қозының келгендігін тоқты «білдіреді»; Қозының, анық кім екеніне көз жеткізу үшін, қыз қой терісін жамылып келеді… Жырдың бірнеше нүсқасында Қозы Көрпештің алыс, қауіпті сапарға шығуына анасы ризалық білдірмей, теріс батасын береді. Қозының арманына жете алмай, қайғылы қазаға үшырауына теріс бата, қарғыстың да әсері бар деген ұғым да жырда сезілгендей. Қозының Шоқтеректің түбін мекен етіп жүруі де адам баласының мифтік дәуірдегі санасының алыс елесі секілденеді…

Эпостық ерлердің тагдыры, сәтті сапары айрықша жүйрік ат таңдап мінуіне байланысты болатыны — дәстүрлі көрініс. Батырлық дастандарда жағдай осындай болса, романдық (ғашықтық) эпостарда да бұл ерекшелік сақталады. «Қозы Көрпеш — Баян сұлудың» бір нүсқасында Қозының тандаған тайы лезде қүнанға, онан соң дөненге, ақырында бестіге айналады, жырда атқа соншалықты зор мэн берілетіні, оның көшпенді халықтар өмірінде орны ерекше болатындығына байланысты. Зерттеушілердің көрсетуінше, Қазақстанда жылқы өсірудің тарихы біздің заманымызға дейінгі төрт мың жылдыққа барады екен. Осы кезеңнің ішінде елдің жылқы малы туралы түсінігі қаншама кезеңдерден өткенін аңғаруға болады. Жүйрік ат көздеген жерге тез жеткізетіндігімен ғана емес, керек жерінде иесіне «кеңесші», камқор болып та көрінетіні ежелгі тотемдік түсініктерге де қатысты. «Қозы Көрпеш — Баян сұлудағы» ат бейнесі бүгінгі қазақ халқы ата-бабаларының ықылым замандардағы ұғымын елестете алатын архаикалық белгілердің бірі деп қарайтынымыз да осыдан,

«Қозы Көрпеш — Баян сұлудың» кейбір нұсқаларында (Ш.Уәлиханов, Н.И.Ильминский, Н.И.Пантусов т.б.) өлген Қозы Көрпештің бірде үш күн, үш түнге, екінші жағдайда жеті айға қайта тірілетіні айтылады. Тағы бір нұсқада Қозы мен Баянның Сая Төлек деген ұлы болады. Зерттеушілер бұл халді жырды тыңдаушылардың Қозы мен Баян мұратына жетсе екен, тым болмаса, азын-аулақ өмір қызығын көрсе екен деген тілегінен туған деп жорамалдайды. Әрине, мүндай пікірдің де жаны бар. Өйткені, эпостық жырларда өмірде болған ғана емес, болуы мүмкін жайлар да орын алады ғой. Қозы мен Баянның махаббаты трагедиямен біткенін жұртшылық зор өкініш, мұң ретінде қабылдаған. Сондықтан да халық қиялы бұлардын мезгілсіз өліп кетпей, бақытты өмір кешуі жағында болатыны күмәнсіз… Сонымен бірге Қозының өлген жерінен уақытша болса да қайта тірілуі адамдардың ертедегі анимистік наным-сенімдеріне де байланысты. Барлық тіршілік иесінің жаны болады, адам өлгенмен, оның рухы (жаны) өлмейді деген ұғым замандар бойында сақталған. Ертегілерде жалғыз көзді дәулердің «жаны» денесінен бөлек жерлерде жасырулы тұрады деген түсінік жиі орын алатыны белгілі… Қалай болған күнде де анимизм әлем халықтары тарихында ұзақ ғасырлар бойында ұстанған наным-сенім болып табылады. Бұл жөніндегі анықтаманы ғалым Э.Тэйлордың кітабынан келтіруге болады. «Анимизм дикарей, основанный на учении о душах, развитом у них в гораздо более широком масштабе, чем в цивилизованном мире, и развернутом в еще более обширном учении о духовных существах, которые оживляют вселенную и управляют ею во всех ее частях, этот анимизм становится мало-помалу теорией олицетворенных причин, переходящих в общую философию человека и природы. С этой стороны на него можно смотреть как на прямой продукт естественной истории».

«Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырының архаикалық белгілері» деген мәселе — дастанды жан-жақты тексеру міндетінен туатын тақырыптың бір тарамы. Алдағы кезде эпосты зерттеуді фольклортану ғылымының осы заманғы денгейі дәрежесінде жаңа биікке көтеру қажет болады. Жырдың шығу мерзімін бір жарым мың жылмен мөлшерлеу шартты. «Қозы Көрпеш — Баян сұлуға» негіз болған сарындар түрік халықтарының көшпенді дәуір кешкен бүдан екі мың, тіпті одан да әріректегі кезеңіне ұласатыны анық. Дастанның алтай, башқұрт, ноғай, қырым, татар варианттары мен версияларын қамти отырып, кешенді зерттеулер жүргізуді жоспарлау жөн. Сондай бір соны серпілістен кейін эпостың екі мың жылдығын ЮНЕСКО шешімімен халықаралық қөлемде өткізуге негіз салынар еді. Жырды адамзат тарихында қайталанбас орны бар көшпенділер өркениетінің аса көрнекті көркемдік мұрасы ретінде жаһандык биікке шығару парызымыз. Болашақта филология факультеттерінде «Қозыкөрпештану» арнаулы курсын жүйелі, жоспарлы түрде өткізу қажеттігі сүранып тұрғанын да айтуымыз керек. Ол үшін жырдың барлық вариантының ғылыми түсініктемесін текстологиялык сараптан өткізіп, бірнеше кітап етіп шығарып, оларды түрік, ағылшын, орыс тілдеріне аудару шарт.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Марғұлан Ә. Ежелгі жыр, аңыздар. — 1985, 285-бет.
  2. Прошлое Казахстана в источниках и материалах. Сборник 1. — 1997.
  3. Ковалевская В.Б. Конь и всадник. М., 1977. — 18-бет.
  4. Тэйлор Э. Первобытная культура. М., 1939. — с. 321.

#Қозы #Көрпеш #Баян #сұлу #жырының #сипаты