Қозы Көрпеш – Баян сұлу жыры — Ашық сабақтар

0

                  Қызылсая орта мектебі

Тақырыбы:

“Қозы Көрпеш – Баян сұлу”  жыры – қазақ ауыз әдебиетіндегі тұрмыс – салт жырларының айнасы                                                              

Ғылыми бағыты:

“Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырындағы салт-дәстүрді зерттеу

Орындаған: Аукарова Азиза Арманқызы

Жетекшісі: Бегалина Райхан Тоқсанбайқызы

Жоспар

   І. Кіріспе бөлім:

«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры – қазақ әдебиетінің зор мұрасы.

ІІ. Негізгі бөлім:

“Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырындағы салт-дәстүр.

ІІІ. Қорытынды бөлім:

«Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жыры қазақ даласындағы барлық лиро- эпостық жырларға жол салған шығарма.

І. Кіріспе бөлім:

  Ертеден келе жатқан көне лиро-эпостық жырлардың ішінен мол жайылған жырлардың бірі “Қозы Көрпеш – Баян сұлу ” жыры. Бұл жырда Қозы мен Баянның біріне-бірі шын көңілмен сүйіспеншілік сезімімен, адал ғашық болған екі жанды көрсетеді. “Қозы Көрпеш – Баян сұлу ” жыры нағыз қазақ тілімен жазылған, халық аузында айтылып жүрген жырлардың бірі.

«Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жырының көптеген нұсқалары бар. Бұл жырды XIX ғасыр бойында орыс ориенталистері жинап, бастырған еді. Ең алғаш бұл сюжеттің башқұрт тіліндегі бір нұсқасын 1812 жылы Т. Беляев жазып алып, Қазан  қаласында жарияланған.

   «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырының қазақ арасындағы сюжеттерін 1830 жылдардан бастап белгілі шығыстанушы

Г. Саблуков, орыс халқының ұлы ақыны А.С. Пушкин жазып алады. Бұлар жырдың қазақ тіліндегі нұсқасының  бастауынан алмаса да, «Қозы Көрпеш» жырымен орыс оқырмандарын тұңғыш рет таныстырады. Г.Саблуков жырдың бір сюжетін 1830 жылы Семей губерниясындағы орыс чиновнигінен түсіріп алады. Мұндай нұсқалар оның қолында көп болған. Оларда Шөже жырының әсері, содан туатын діни сарындар, ертегілік арна күштірек. Жырдың басқа да нұсқалары аз емес. Мысалы, «Қозы Көрпеш» жырының әлеуметтік- реалистік мазмұны басым үлгісін 1833 жылы А.С. Пушкин жазып алып, сол жайында поэма жазуды жоспарланғаны анықталды, — дейді фольклорист, ғалым Ә. Қоңыртбаев өз еңбегінде. Жырдың сюжетін

А.С. Пушкин Жайық бойындағы кіші жүз қазақтарынан жазып алған. Бұл вариант айрықша бағалы, халықтық мазмұны күштірек болғандықтан, академик А.С. Орлов өзінің «Казахский героический эпос» деген еңбегінде орыстың прогресті жұртшылығын ең алғаш қазақ халқының тамаша эпосы «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жырымен таныстырушы А.С. Пушкин болды деп дұрыс айтады.

Бұдан соң бұл жырдың бір нұсқасын Жанақ ақын аузынан қазақтың тұңғыш ағартушысы, демократы Ш. Уәлиханов жазып алған. Бұл өзіне мектеп жасаған дарынды айтушы, қобызшы Жанақтың өз аузынан шыққандықтан және Шоқанның, Г.Н. Потаннинің жақсы бағалаған жыры болғаннан «Қозы Көрпеш» дастанының бір құнды варианты делінеді. Жалғыз–ақ Жанақ нұсқасы Шоқанның қолжазбаларымен бірге Тезек төренің ауылында жойылған, бізге келіп жеткен жоқ.

«Қозы Көрпеш» жырының қазақ, ұйғыр, татарлардың арасындағы түрлі нұсқаларын халық аузынан жазып алып, сол елдердің өз тілінде тұңғыш рет жариялаған, айрықша еңбек сіңірген зерттеуші-академик В.В. Радлов. Ол «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жырының әрі алғаш жинаушысы, әрі зерттеушілерінің бірі болды.

«Қозы Көрпеш» жырының қазақша нұсқасын В.В.Радлов 1865 жылы Аягөз бойынан жазып алып, өзінің «Образцы народной литературы тюрских племен» деген кітабының үшінші бөліміне қосқан. Бұл нұсқа 968 жол, он бір буынды қара өлеңмен жазылған.

В.В. Радловтан соң «Қозы Көрпеш» жырының қазақша бір нұсқасын 1876 жылы Петербург университетінің профессоры И.Н. Березин өзінің «Турецкая хрестоматия» атты жинағына енгізген. Бұл нұсқа – Жанақ, Шоқан вариантының бір көрінісі.

Қазақтың халық ақындары ішінен «Қозы Көрпеш» әңгімесін Абай ауданынан Шәкір Әбенов жаңғырта жырлаған. Оның өз поэмасы 1936 жылы шықты.

Шөже нұсқасы да революциядан кейін жазылып алынған. Оны бізге жеткізген Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының қолжазбалар қорында Шөже жырының тағы бір үлгісі бар. Айтушысы — Мұқан Машанов, жазып алған (1905)- Бозтай Жақыпбаев. Жырдың тағы бір варианты институттың қолжазбалар қорына 1947 жылы Ұлытау өңірінен келіп түскенді. Соның бәрін Ы. Дүйсенбаев тапқан Әбдірахманов, Фролов, Батырханов нұсқаларына қосамыз. «Қозы Көрпеш» жырының ел ішінде басқа да варианттары болуға тиіс.

Жырдың сан алуан нұсқаларын сөз еткенде, біз қай айтушы қандай өзгерістер енгізеді, оның ерекшелігі қайсы, сол сюжеттердің өзара айырмашылығы неде деген сауалдарға жауап іздейміз.

«Қозы Көрпеш» жырының варианттарын сюжетіне қарай үш түрлі салаға жіктеуге болады:

  1. Мұнда жырдың көпшілік сюжеті трагедиялы болып келеді. Оған Шоқан – Жанақ, Березин, Пушкин, Чеканский, Кастанье, Машанов, Тверитин, Әбенов, Жылқайдаров, Батырханов, Дербісалин, Ұлғашев нұсқалары, барыбы, башқұр, ұйғыр тіліндегі, тағы басқа бірнеше ұсақ кестелер жатады.
  2. Жырдың бұл саласында трагедиялық аяқтама жоқ. Оларда Қозы мен Баян феодалдық қоғам жағдайында өздерінің армандарына жетеді. Бұл — В.В. Радлов пен Бейсембай нұсқасы. В Радловтың қазақ арасынан жазып алған «Қозы Көрпеш» жыры трагедиясыз болса, барыбы татарларынан жазып алғаны- трагедиялы.
  3. Соңғы салаға жататын нұсқалар — Қазақ ССР Ғылым Академиясы Тіл және әдебиет институтында сақтаулы тұрған Мәшһүр Жүсіп Көпеев жазбалары. Бұл варианттарда Қодар қолынан өлген Қозы кейде отыз бір жыл, кейде жеті ай, енді бірде үш күнге тіріліп, Баянмен уақытша қосылып, біраз өмір сүргеннен соң қайта өледі.

Бұл жырдың  жиырмаға жуық нұсқасы бар.

Қозы Көрпеш пен Баян сұлу үшін салынған мазар бар дейді. Оның бір жағында Қозы, ал екіншісінде Баян жерленген. Екеуінің моласының үстіне өскен қос қызыл гүлдің ортасына көк тікенек шығады. Ол – Қодар бейнесі.

Жырда қазақтардың көшпелі тұрмысы, рулық коллективтегі адамдардың өзара қиян-қилы қатынастары дастанда кең де көркем бейнеленген, табиғат суреттері де әсерлі әрі мол қамтылған.

Дастан он бір буынды қара өлең ұйқасымен шығарылған. Бірақ эпикалық баяндау сарынында тұрмыс-салт жырларының үлгілері жиі араласып отырады. Қазақ фольклорының шағын формаларын өз бойына дәл осы дастандай мол жинаған  көне шығарма жоқ шығар. Онда үйлену- салт жырларына жататын “жар-жар”да, “қоштасу” да, “естірту” де, “жоқтау” да бар. Бұлардың бәрі-бәрі дастанның сюжеттік желісіне қабыса кірігумен бірге дербес көркем шығармаға тән қасиеттерді де танытады.

 

 

 

 

 

 

 

ІІ. Негізгі бөлім:

   Анықтама

               Жырдан дәйектеме

1.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Түс жору

Түс көру және оны жору – түркі халықтарының ертеден келе жатқан ғұрпы, әдеті. Түс жору арқылы болашақты болжау және оған сендіре білетін белгілі адамдар, әулиелер болған. Түстің жаманы және жақсысы болады.

Тазша:

Ханым-ай, ақ сұңқарым, сені көрдім,

Біз ежелден хан-қарашы едік.

Мен шошыдым түсімнен бүгінгі күн,

Хан ием, жолыққалы сізге келдім.

Ханым:

Аптығып қотыр таймен келесің тез,

Бұл жалғанда ақылсыз адамнан без.

Көп шатып, тантырақтап, сөзді ұзартпа,

Қанекей, шошығаның, немене сөз.

Тазша:

Жаратқан бәрімізді тәңірім күшті,

Бұл дүние, ойлап тұрсам, енді екі ұшты.

Мен түсімнен шошимын бүгінгі түн,

Менің сәлдем басымнан жерге түсті.

Ханым:

А, тазша, олай болса, мал сойғаның,

Құдайым дәрмесіне сен тойғаның.

Сенің сәлдең басыңнан жерге түссе,

Бес уақыт намазға бас қойғаның.

Тазша.

Ойласам, бұл ханымның ақылы асты,

Қаршығаң дәл сіздей ме, жаман састы.

Мен түсімнен шошимын тағы,

Қолымнан жібек баулы сұңқар ұшты.

Ханым:

Мінезің, ойлап тұрсам, жаннан қылып,

Келдің бе қотыр таймен мені сынап.

Қолыңнан жібек баулы сұңқар қашса,

Көрген де қоян аңнан шабыт сұрап.

Тазша:

Қай адам Сарекеңдей ниетке жеткен,

Көп адам бізден бұрын өтіп кеткен.

Айрылдым қапыда сұңқарымнан,

Қолымнан абайсызда ұшып кеткен.

Ханым:

Мұңдар таз, бір сұмдық бар тіл жағында,

Сен келдің қотыр таймен бұл шағыңда.

Қолыңнан абайсызда ұшып кетсе,

Қара орнында болғаны, хан тағында.

Тазша.

А, ханым, бір сөзіме жаңа жеттің,

Қай сөзіңді бұзайын “мақұл” деппін.

Мен түсімнен шошыдым тағы бүгін,

Түсімде бір тұңғиық суға кеттім.

 

Ханым:

Құдайым енді саған дем береді,

Бойын салған базарға жол көреді.

Жүруші ең нәрседен шолпы тағып,

Түпсіз тәңірім, дариядай мал береді.

 

Тазша:

Ханым-ау, бұл ниетті ойға алайын,

Мәнісін, туру тартпай, не қылайын.

Жандап-жандап сөз айтсам, жуытпайсың,

Тұп-тура найзамды тік салайын.

Ханым:

Мұндар таз, маған келдің қаның қашып,

Антұрған, сені тұр ма қара басып?

Мен сенің қалжыңдасар  кісің емес,

Немене айтар сөзің найзаласып?!

Тазша:

Аңға да кеткен, Сарекем-ау,

Таң ертеңгі салқында.

Мінсіз бір туған жан еді ай-ау,

Өнеге бойы қалпында.

Келімсек төре хан болып,

Балталының халқына.

Өрісі толып малына ай-ау,

Қазынасы толған алтынға.

Алла ісіне шара жоқ-ау,

Жетпесті қуып алқынба!

Қайырлы ғұмыр бере көр-ау,

Қозыжанға артында.

Сізден де шығар адам жоқ,

Ойласаң ақыл тарпында.

Хан орнына хандық қыл,

Кеше билеп тұрған жарқында.

Ақылдас еді Сарекем,

“Билеспес деп тартынба.”

Ханым:

Өлді ме, Сарыбай хан? Жұртым көрсін,

Жыламан, патша-құдай

иман берсін.

Ғаламнан Сарыбай өткен болса,

Еншалла тәуба, тәңірім артын берсін.

 

 

 

 

 

 

3.

Белқұда(еже-қабыл)

Бұл салт бойынша ата-аналары әлі дүниеге келмеген нәрестелерді күні бұрын атастырып, белқұда болып қояды.

 

Алланың әміріне көніселік,

Көздің қыры түскенін көріселік.

Ұл туар да, қыз туар заман болса,

Уағыдамен қолыңыз беріселік.

 

 

 

4.

Қарғыс (қарғыс қаза)

Зорлық – зомбылық жасап оны қарғау әдеті бар. Ол адамға да, малға да, дүние – мүлікке де айтыла береді. Қарғыс  ашу, ыза, кек үстінде айтылады. Ең ауыр қарғыс түрі ананың сүтін көкке саууыжәне атаның теріс батасы.

“Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырында жалғызын, яғни ұл бала күтіп жүрген Сарыбай Қарабайдың тілегі бойынша марал атады. Оқ тиген соң келсе, марал буаз екен. Ішінен екі лақ шығады. Соны көріп, дәті шыдамай шошып, түйткіл алған Сарыбай дүние салады.

  Сарыбай мен Қарабай аңда жүріп дос болады. Екеуі де перзентсіз екен. Достық белгісі  үшін екі бай іште жатқан екі баласын бір-біріне қосып, белқұда болады. Сарыбай өзінің ұлын көрместен буаз маралды атқаны үшін қарғыс қаза табады.

 

Шырағым, айналайын, барма балам,

Сіздерге Баянды айтқан қандай адам?

Ойында жоқ нәрсені ойға салып,

           Баламды бір қан жауғыр қылған алаң.

 

5.

Ант бұзу (антын жұту)

Бата, ант екеудің арасында , екі атаның туар өмір алдында бірігіп отырып жасаған байлауы. Ол бұзылса, тек сол екеуінің қайтадан бірігіп отырып ынтымақпен ғана бұзуына болады.

Қарабай “жетім ұлға қызымды бермеймін“ деп бұзыла көшеді. Антын жұтады. Қарабай көше қашады. Ол бата бұзушы да, өзі қосқан жастардың тағдырын бұзып, күйретуші де өзі.  Баян мен Қозыны қоспас үшін жас қыздың басын жаңа серт, уәдемен тағы шырмайды. Ол уәде – Қодарға берілген уәде.

Қарабай құдалық антын бұзып, Балталыдан ауа көшпекші болғанда әйелі:

Байғұс-ау, қандай адам серттен таяр,

Біліп пе едің тайғанды құдай аяр? – деп, үйін жықпайды.

 

6.

Ант – серт беру.

Ант, серт, уәде – халқымыздағы сенім кепілінің көрінісі. Ант алу, ел аралық уәде, келісім сияқты маңызы жоғары жағдайларда ғана айтылады.

Қозының анты:

Сенен басқа хор қызы,

Болса да көңіл салмаспын.

Шашы күміс, басы алтын,

Болса дағы алмаспын.

 

Танымасаң қыз Баян,

Танытқалы бармаспын.

Сені алмасам осы жол,

Тірі де жүріп оңбаспын.

Баянның анты:

Емін-еркін жапанда жүрген емен,

Бір Қозыдан басқаны көрген емен.

Елден бура жиып ап шөктіретін,

Мүйізі көк термешелі інген емен.

 

7.

Тәрік ету

өзінің мақсатына жету үшін, бардың бәрін құрбан ету.

Қозы Баянның жолына өзінде бардың бәрін құрбан етеді. Жылқысын жауға, түйесін шөлге, қойын аш қасқырға тапсырады.

Ақылым бұл уақытта зерек емес,

Көп тұрса, ертеңгі болады кеш.

Сансыз жылқы, сан қойым қалса артымда,

Бір күнде қырылса да керек емес, -деп Қозы мал- дәулеттің бәрін тәрік етеді.

 

8.

Бата (оң бата, теріс бата)

Оң бата – адал ниет, жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Бата қысылғанда – қуат, қиналғанда – медет беріп, әрбір іс-әрекетке даңғыл жол ашып, бәле – жаладан қорғайды деп есептелген.

Теріс бата – бұл қарғыстың қатты, жазаның өте ауыр түрі. Мұндай бата сенімді ақтамаған, өзіне қолы, тілі тиген баласына әкенің қолын теріс жайып берген қарғыс түрі.

Жанақ нұсқасында, баласының алған бетінен қайтпайтынын көрген соң:

Қапы қалма, қарағым, дұшпаның көп,

Жолың болсын, бар енді рұқсат бердім, — деп, шешесі оң батасын береді. Сол сияқты Тайлақ та Қозыға оң батасын береді:

Шырағым, қайратыңа көңілім еріп,

Мен келдім қалайын деп сені көріп.

Тоқтатар сапарымды деп ойлама,

Амандасып қаламын бата беріп,-дейді.

Ал, 1909 жылы Қазанда басылған “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырында Қозы “Сапарыңды қи, барма” деген жалғыз анасының  да айтқанын істемейді. Сол үшін анасынан теріс бата алады. Анасының ықтиярынсыз сапар шегеді.

 

9.

Құрбандық шалу – мұсылман елінің басты әрі қасиетті тойы, әрі мейрамы – Құрбан айтында Мұхаммедтің әр үмбеті дін құрметіне, әруақтарға бағыштап мал сойып, құрбандық шалады.

Дұға қылу

марқұм болған ата – бабаларға, туған —- туыстарға ас беріп, дұға оқу.

Тасаттық

  1. белгілі бір тілектің орындалу мақсатымен Құдай жолына мал сойып, жұртқа тамақ беру,құрбан шалу әдеті.
  2. Садақа, құрбандық

 

Жанақ нұсқасында Қозы бар бөгеттерді оңай жеңіп, соңында сай шөлде аты арып, өзі қамығып жатқан шақта анасының түсіне кіреді. Анасы бүкіл елін жинап, Қозының тілегін тілеп, құрбандық шалады. Жұрттың тілеуіне қарай Қозыға бір ақ сақалды кісі жолығып, бата береді. Бұдан кейін Қозы Аягөзге жетеді.

“Құдая, ер Қозының жолын қыл деп!” – деп,

Баршасы көп зарланып қылған аза.

Құдайым құр тастамас,  сірә, көпті,

Дұға қылып, тасаттық тарап кетті.

 

10.

Зарлау

мұң – шерін айтып жылау, зар еңіреу.

Қозы ер жетіп, Баянды іздеп барғанда үш қыздың зарлануы:

Сәлем де олай болса дұғай-дұғай,

Біз жүреміз қайысында жылай-жылай.

Құдая сапарыңа дем бере көр,

Аға-екау, жылдамырақ жөнеле көр.

Анда – санда болмаса сөйлеспейді,

Жалғыз жатып Қозы үшін қылады зар.

 

Қозының зары:

Түлкіні келген екен соғып алып,

“Бұл досымды өлтірген Қодар құл,-деп,-

Сол жерде зар жылайды ойбай салып,

Құдай-ау, мен сорлының жолын қыл,- деп

Кеше ғана дос қылып сүйдім,- дейді,

Достығыңа қапа болып күйдім,- дейді.

Алайын тірі болсам достың құнын,

Сен үшін шыбын жаным қидым”, — дейді.

 

 

11

Сүйінші сұрау

Қуанышты хабар жеткізуші адам, «сүйінші, сүйінші!» деп келеді. Қуанышты үй иесі: «қалағаныңды ал», — дейді. Бұл шын қуанудың, ризалықтың белгісі.

Сексен бес жасқа келген Қарабайдың бәйбішесі қыз туып, бір сақау қатын өліп-өшіп Қарабайдан сүйінші  сұрай келгенде, құлқыны жаман бай оны “былшылдама” деп сөйлетпейді.

Әйел:

Қартайғанда көріпсіз бір перзентті,

Шынымене бір шапан бермейсіз бе! – дегенде:

Сегіз өрме, бұзау тіс қамшысы бар,

Сақауыңды кетеді бартылдатып, — деп жырланады.

 

 

12.

Кісі қайтқанда бата оқу, жасау

Өлген адамға бағышталып, оқылатын дұға. Қолындағы барымен ақшалай, заттай көмек жасау.

Көңіл айту-

Жақын адамы қайтыс болғанда оның туған – туысқандары мен таныстары, іліктері қазалы үйге әдейі барып бата жасап, көңіл айтады. Көңіл айтудың мәні — мұңды адамды жұбату, сергіту, қайрат беру.

Сарыбай өлген соң Қарабай бата оқуды ойлап, жиырма шапан, тоқсан саба қымыз әзірлеп, Сарыбайдың ауылына бармақ болады. Бірақ өзі әуелі салт барып, баланы көреді де:

Мені жұтар жалмауыз туыпты деп,

Тантық шал Бақа айғырға міне қашты, — деп жырланады.

 

 

13

 Ақты төгу(кесапаттық, қасиетсіздік)

Халқымыз ақты жерге төкпейді, аяққа баспайды. Ал кейде сол ақты жерге төгетін де ырымдар бар. Мысалы, қалың өрт келгенде ақ шашады және жылан үйге кіргенде, үйден басына ақ құйып шығарады.

 

Пейілі Қарабайдың сондай кеңіп,

Бір сарттан жиырмалап шапан алды.

Менің құдам Сарыбай далада өлді,

Деді де, тоқсан саба торлтырғызды.

 

Қозыны  көріп, шошып, үйіне келген Қарабай:

“Мені жұтар жалмауыз туыпты”,-деп,

Тантық шал Бақаайғырға міне қашты.

 

 Тоқсан нарда сабаны жарып тастап,

Бір қобыны қымыз қып жөнеледі.

Сөйтіп, теңеген сабаларды пышақпен жарып тастайды. Ақты төгеді, ақ ниеттен таяды. Ақты төгу, ант бұзу қазақ ұғымында үлкен кесапаттық.

 

 

14.

Қоштасу —

Қыздың елімен, жерімен қоштасқанда айтылатын өлең.

Балталы, Бағаналы ел, аман бол,

Бақалы, балдырғанды көл, аман бол,

Кірім жуып, кіндігім кескен жерім,

Ойнап, күліп, ер жеткен жер, аман бол!

Қара басқан қашқынды қоя берме,

Ел жақсысы, Тайлақ би  ақылы мол,

Осы ізі тосқанның соқпақ болар,

Жоғалмас қайда барса қазылған жол.

Тайлақтың енді аман бол қалған елі,

Аман бол қалың ағаш,  аққан селі,

Теруші ем ермек етіп еріккенде,

Екпе жиде, алма ағаш көлеңкелі…

 

…Жібектей шалғынына ойнап өскен,

Сегіз сай, тау біткенді, сала аман бол!

Үйеңкі, қайың, терек, тал аман бол,

Халайық қалған елдің, шалы аман бол!

Қарабай қайын атаң сенен  қашты,

Жөргекте Қозы Көрпеш бала, аман бол!

 

Балталы, Бағаналы халық, аман бол,

Жөргекте Қозы Көрпеш жалқы, аман бол!

Жеңеше, келін-кепшік, құрбы-құрдас,

Халайық бізді ойлаған жалпы, аман бол!

 

 

15

Жар-жар

Қызды әкесінің үйінен ұзатып, жөнелтер шағы болғанда айтылатын өлең түрі.

Бекер босқа жүресің Қодар батыр, жар-жар,

Менің айтқан сөзімді тыңда да тұр, жар-жар.

Ойлап тұрсам жүзіңде жоқ екен ар, жар-жар,

Сен кеткелі он үш күн болып қалды, жар-жар.

Сонан бері бикешпен бірге жатыр, жар-жар,

Күнде ойын, күнде жиын, рахат онда, жар-жар.

Беріп жатыр мырза боп, елге сайын, жар-жар,

Қозы Көрпеш жүр екен, тазша болып, жар-жар.

Көрсетейін сен жүрсең жатқан жерін, жар-жар.

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!