Қоршаған ортаның ластануы жайлы түсінік
Қоршаған ортаның ластануы деп — әдетте оған тән емес, теріс салдарға алып келетін жаңа физикалық, химиялық, биологиялық немесе ақпараттық агенттердің келіп түсуін немесе пайда болуын айтады. Табиғи ортаның ластануы табиғи факторлардың әсері нәтижесімен қатар, адамның шаруашылық қызметінің нәтижесінде де болады.
Табиғи ластанулар табиғат апаттарының нәтижесінде пайда болады (жанартаудың атқылауы, жер сілкінісі, сел, дауыл және т.б. адамның қатысынсыз пайда болады). Антропогендік ластанудың мысалы ретінде радиоактивтік, химиялық, биологиялық заттардың таралуы себеп болатын өнеркәсіптік объектілерде орын алатын апаттар жатады. Алайда күнделікті шаруашылық қызметпен, кәсіпорындардың жұмысымен, көлік, қалалардың құрылысымен, территориялардың урбанизациясымен және т.б. байланысты ластанулар да өте қауіпті.
Ластанулар қоршаған ортаға әсер ету қасиеттеріне байланысты келесі топтарға жіктелінеді: физикалық, химиялық, физикалық-химиялық және биолоғиялық.
Сонымен, ластанулар — қоршаған ортада табиғатқа тән емес мөлшерде және тән емес уақытта пайда болатын және оның жүйесін тұрақты қалпынан шығаратын денелер, заттар, құбылыстар, үдерістер болып табылады. Ластаушы агенттердің экологиялық әсерлері әр түрлі байқалуы мүмкін; ағза деңгейінде, ол жеке бір ағзаға әсер етуі мүмкін, немесе таралым, биоценозда, экожүйеде және тіпті жалпы биосферада да көрінуі мүмкін.
Ағза деңгейінде жеке ағзалардың физиологиялық қызметтерінің бұзылуы, олардың іс-әрекеттерінің өзгеруі, даму және өсуінің төмендеуі, сыртқы ортаның басқа да жағымсыз факторларының әсеріне тұрақтылығының төмендеуі мүмкін. Таралым деңгейінде ластану олардың саны мен биомассасының өзгеруіне, туылуы, өлімі, құрылымындағы өзгерістер, жылдық миграция циклдері және т.б. қызметтік қасиеттеріндегі өзгерістерге алып келуі мүмкін.
Биоценотикалық деңгейде ластану бірлестіктердің құрылымы мен қызметтеріне әсер етеді. Бір түрлі ластаушы заттар бірлестіктің әр компонетіне әр түрлі әсер етеді. Соған сәйкес биоценозда сандық қатынастар өзгереді, бір түрдің мүлдем жоғалып, басқа түрлердің пайда болуы мүмкін. Бірлестіктердің кеңістіктегі құрылымы өзгере бастайды, өнімділіктен өлім басым бола бастайды. Соңынан экожүйенің дағдарысы болып, биосфераның қалыптасуындағы жағымды рөлі азайып, шаруашылық қатынаста құндылығын жоғалтады.
Жоғарыда айтылып өткендей, ластанудың екі түрі бар — табиғи және антропогендік. Қазіргі кезде антропогендік ластану көздерінің күші көп жағдайда табиғи ластанудың күшінен асып түсуде. Осылайша, азот қышқылының табиғи көздері жылына 30 млн т азот шығарса, антропогендік — 35-50 млн күкірт қышқылы тиісінше 30 млн т жэне 150 млн т шығарады. Адам қызметінің нәтижесінде биосфераға қорғасын табиғи ластанумен салыстырғанда он есе көп түседі.
Адамның шаруашылық қызметінің нәтижесінде пайда болатын ластаушы заттар және олардың қоршаған ортаға әсері әр түрлі болып келеді. Оларға келесілер жатады: көміртегі, азот, күкірт қосылыстары, ауыр металдар, әр түрлі органикалық қосылыстар, жасанды материалдар, радиоактивтік элементтер және т.б.
Осылайша, сарапшылардың бағалауынша, мұхитқа жыл сайын 10 млн т дейін мүнай түседі екен. Суда мүнай су мен ауа арасында болатын газ айналымына кедергі келтіретін жұқа пленка қабатын түзеді. Мұхиттың түбіне шөккен мұнай мұхит түбінде өмір сүретін жануарлар мен микроағзалардың табиғи өмір сүру жағдайын бұзады. Мұнайдан басқа, мүхитқа қүрамында өте күшті улы әсері бар қорғасын, сынап, мышьяк сияқты өте қауіпті ластаушылардан тұратын түрмыстық және өнеркәсіптік қалдық сулар төгіледі. Мұндай заттардың жинақталуы көптеген жерлерде қалыпты деңгейінен он еседен асып кеткен.
Әрбір ластаушы табиғатқа белгілі бір теріс әсерін тигізеді, сондықтан олардың қоршаған ортаға келіп түсуі қатаң қадағалануы керек.
Биосфера күннен-күнге антропогендік фактордың әсерінен пайда болған тірі ағзаларға, зиянды заттарға толып бара жатыр. Бұл заттардың миллиардтаған тонналары атмосфераға шығарылады, су қоймаларына тасталынып, қоқыстар күйінде жинақталуда. Ауа, өзен, теңіз ағындары арқылы зиянды заттар мемлекеттер шекараларынан өтіп, үлкен қашықтықтарға таралып, ғаламдық ластану мәселесін тудыруда, адамдардың денсаулығына, табиғатқа, материалдық құндылықтарға зиянын тигізуде.
Физикалық ластанулар деп қоршаған ортаның физикалық параметрлерінің: жылулық, жарықтық, акустикалық, электромагниттік, радиациялық өзгеруінен пайда болатын ластануларды айтамыз.
Мысал ретінде өнеркәсіптегі жылы қалдық сулардың төгілуі, жылы ауа ағындары, газ, түтінмен байланысты пайда болатын, қоршаған орта температурасының жоғарылауынан болатын жылулық ластануды келтіруге болады. Екіншіден, жылулық ластану антропогендік әсермен ауаның көмір қышқыл газымен, метан, фтор, хлорлы көміртекпен ластануының нәтижесінде пайда болатын қоршаған ортаның химиялық құрамының өзгеруінен болуы мүмкін. Олар Күн сәулесін өткізеді, бірақ жер бетінде жылуды ұстап қалады, сондықтан атмосфераның температурасын жоғарылатады.
Су қоймаларының жылулық ластануы балдырлар бірлестігінің қалыптасуы мен құрылымына өзгерістер алып келеді. Өнеркәсіптің дамуы қоршаған ортаның акустикалық ластануына алып келеді, ол шуылдың табиғи деңгейінен жоғары болуы және дыбыс сипатыньщ қалыпты жағдайынан ауытқуы (дыбыстың күші, ырғақтылығы). Эволюция барысында тірі ағзалар бейімделмеген табиғи дыбыс көздерінен шықпайтын кез келген дыбыс антропогендік шуыл ластануы деп қарастырылады. Шуыл әр түрлі жиілік және қуаттағы дыбыстардың ретсіз байлынысы секілді кез келген тірі ағзаға, әсіресе адамдарға теріс әсер береді, шаршатады, ақыл-ойдың белсенділігін, еңбек өнімділігін төмендетеді, соматикалық және психикалық ауруларға алып келеді.
Қоршаған ортаның ластануын радиациялық және радиоактивтік деп бөлуге болады. Радиациялық иондаушы сәуле шығарудың нәтижесінде болады, ал радиоактивтік — қоршаған ортада радиоактивтік заттардың қалыпты деңгейінен жоғарылауынаң пайда болады. Радиациялық және радиоактивтік ластану — эволюция барысында барлық тірі ағзалар бейімделген Жер шарының табиғи радиациялық фонын жоғарылатады. Радиоактивтік және радиациялық ластанулар қатаң қадағаланады. Олардың нормативтен асуы қоршаған ортаға және адам ағзасына күрделі өзгерістер алып келуі мүмкін. Радиациядан болатын мутагендік әсер (генетикалық өзгерістер) ластанудың бұл түрінен болатын ең қауіпті салдар. Мутация тұқым қуалап, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп биосферадағы тұрақты өзгерістерге алып келуі мүмкін.
Ғылыми-техникалық прогресе кезеңінде ластанудың жаңа түрлері пайда болуда, айта кетсек — электромагниттік. Радио, теледидар, электр тасымалдаушылардың қызметі, өнеркәсіптік құралдардың белгілі бір түрі жұмысының нәтижесінде пайда болатын ластанудың бұл түрі жасушалық мембрананы өзгертеді және молекулярлық деңгейде әсер етіп, жалпы тірі ағзалардың тіршілігін өзгертеді.
Химиялық ластану — қоршаған ортада қандай да бір химиялық элементтің немесе заттың мөлшері көпжылдық орташа өзгерісінен асып, оның химиялық қасиеттерінің өзгеруінен болады. Әсіресе өнеркәсіптік кәсіпорындардан құрамында қышқылы бар қалдықтарының тасталынуы және олардың азот қышқылы ретінде өзгерісі өте қауіпті болып келеді, ол қышқыл жаңбырдың түсуіне алып келеді; қоршаған ортаға күкірт, ауыр металдардың, әсіресе сынаптың, жанып бітпеген жанармай қалдықтары бар күлдің ұшқыны, азот оксидтері, фторлы қосылыстардың қоршаған ортаға түсуі елеулі мөлшерге жетеді. Сараптаушылардың бағалауынша, қоршаған ортаның химиялық ластануына қалдықтардың ішінде ең қауіпті саналатын қорғасын қосылыстары, көмір қышқыл газын бөлетін автокөлік елеулі әсерін тигізеді.
Адамзат қызметінің нәтижесінде болатын қоршаған ортаны ластайтын 7000 химиялық қосылыстың ішінен жалпы токсикологиялық, аллергендік, эмбриогонадотроптық, мутагендік және канцерогендік заттарды бөліп көрсетуге болады. Олардың ішінен ең қауіпті жетеуін атап көрсетеді: ауадағы азот тотығы, ауадағы бензол, судағы пестицидтер, судағы нитраттар, топырақ пен тамақ өнімдеріндегі диоксиндер, тамақ өнімдеріндегі полихлорлы дифенилдар, топырақтағы тұз қышқылы.
Зиянды заттар мен олардың қосылыстарының саны күнненкүнге өсуде. Өндірістің қоршаған ортаға тастайтын қалдықтары ауа, су, топырақ, тағам өнімдерін ластайды. Мұнайды тасымалдаудағы апаттан болатын жұқа мұнай қабаты су бетін жауып, планктондардың қырылуына алып келеді, биогеоценозды ластайды, атмосфера мен гидросфера арасындағы газ алмасу үдерісін бұзады.
Қоршаған ортаның биологиялық ластануы биотикалық (биогендік) және микробиологиялық (микробтық) деп бөлінеді.
Биотикалық ластануларға қоршаған ортада биогендік заттардың таралуы жатады, оларға фермалар мен шаруа қожалықтарындағы жануарлардың қалдықтары, азық-түліктің белгілі бір түрін өндіретін (ет комбинаттары, сүт, сыра зауыттары), антибиотик өндіретін кәсіпорындар қалдықтары, сонымен қатар жануарлардың өлі денелері мысал бола алады. Биотикалық ластанулар топырақ пен судың өзін-өзі жаңарту үдерісіне кедергі келтіріп, табиғи зат айналымның бұзылуына алып келеді.
Микробтық ластану адам шаруашылығының көбеюі нәтижесінде қалыптасады. Субстраттың өзгеруі нәтижесінде бұрын қауіпсіз болған микроағзалар патогенді қасиеттерге немесе бірлестіктегі басқа ағзаларды жою қабілетіне ие болуы мүмкін.
Сонымен қатар, жалпы ластануды масштабына қарай жаһандық, аймақтық және жергілікті деп бөлуге болады.
Жаһандық ластануды сонымен қатар фонды-биосфералық деп те атайды. Олар планетаның кез келген жерінен, көбіне пайда болған көзінен әлдеқайда қашықта табылады. Көбіне мұндай ластану антропогендік болып келеді және адамның экологиялық фактор ретінде елеулі әсерімен байланысты болады.
Аймақтық ластану — ортада әдетте оған тән емес физикалық, химиялық, биологиялық, ақпараттық агенттердің пайда болуы немесе аталып өткен агенттердің ортада жинақталуынан көпжылдық табиғи деңгейінің артуы. Олар елеулі кеңістікте таралады, бірақ бүкіл планетаға емес.
Жергілікті ластану — елді мекен, өнеркәсіптік кәсіпорын, автокөлік кәсіпорындары, шахта және т.б. айналасында қалыптасқан шағын ауданның ластануы.
Ластанудың «жергілікті» көздеріне қазіргі кезде иесіз тұрған нысандар: мұнай-газ және гидрогеологиялық ұңғымалар, шахталар, кеніштер (оның ішінде радиоактивтік қалдықты), елдің экологиялық қауіпсіздігіне нақты қатер болып табылатын қалдық сақтағыштар мен ағынды сулар жинақтауыштар жатады.
Жер маңы және ғарыштық кеңістікке кездейсоқ орбиталы объектілерді шығару және осы кеңістікті ғарыштық объектілермен ластау ғарыштың ластануына алып келеді. Орбитадағы ядролық реакторлардың бұзылуынан ғарыштың радиоактивтік ластану жағдайлары байқалған.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының аумағында төрт әскери сынақ полигоны және «Байқоңыр» кешені жұмыс істейді. Зымырандардың жерге түскен және құлайтын бөліктері, аса улы отынның төгілуі және қоршаған орта мен тікелей жақын жерде тұратын халыққа қолайсыз әсер ететін басқа да факторлар нақты экологиялық қауіп төндіреді. «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымыран тасығыштарды ұшыру бөлінетін бөлшектер құлайтын жалпы ауданы 12,24 млн га аудандармен қамтамасыз етілген. Осы жағдайларда қоршаған ортаның жай-күйін бағалау ғарыш қүралдарын, әскери техниканы және әскери объектілерді шығару, сынау, сақтау және пайдалану орындарында, сондай-ақ өнеркәсіп ұйымдары орналасқан, зымыран ғарыш қызметін жүзеге асыратын әскери бөлімшелер мен қүрылымдар түрған орындарда техногендік ықпалдың алдын алу мен оны жою проблемасын шешуде маңызды орын алады.
Сонымен қатар, биосфера қабаттарының — атмосфера, гидросфера, әлемдік мұхит, жерасты сулары, топырақтың ластануы болып келеді.
Жаңа ластанулардың туындауына жол бермеу мақсатында олардың пайда болуын болдырмайтын құқықтық, экономикалық және өзге де тетіктерді әзірлеу және енгізу қажет.
Пайдаланылған әдебиеттер: Рыскиева Г.Ә., Өнеркісіп экологиясы – Алматы: Экономика, 2011. -262 бет.