Қоршаған ортаның экологиялық қауіпсіздігі |

0

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы үшін экологиялық қауiпсiздiкті қамтамасыз ету маңызды мәселелердің бірі. Тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап-ақ Қазақстан экологиялық мәселелерге маңызды көңіл бөліп келеді, өйткені еліміздің тұрақты дамуы үшін бұл басым мәселелер.

Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен тарихта бірінші болып ірі ядролық полигоның жабылуы, Арал теңізін сақтау және Каспийді қорғау бағдарламаларын халықаралық деңгейде ынталандыруы, сондай-ақ Қазақстанның басқа да халықаралық деңгейде орын алатын қоршаған ортаны қорғауға арналған тәжірибелі еңбектері соның айғақтары болып табылады.

Қазақстандағы басты мәселелердің қатарында: Арал теңізі мен Балқаш көлінің ахуалы, Каспий теңізіндегі бекіре балығының күрт азайып кетуі, жерлердің тозып, әрі шөлге айналуы, өңделмеген өндірістік қалдықтардың жинақталуы және олардың шектен тыс артуы, радиактивті улы заттар, қалдықтардың сұйық жəне қатты түрлеріне арналған инфрақұрылымдардың жетіспеушілігін атауға болады. Бұл техногендiк салмақ Қазақстанда көптеген онжылдықтар бойы қалыптасқандықтан әзiрге экологиялық жағдайды түбегейлi жақсарту оңай болмасы анық.

1990-шы жылдардағы құлдыраудан кейін соңғы жылдары қоршаған ортаның, әсіресе ауа сапасын, су сапасын, радиация мониторингі секілді салаларда қалпына келіп, мониторинг жасайтын бекеттердің саны өсе түсуде. Мемлекеттік қаржыландырудың ұлғайғаны есебінен ескірген құрал-жабдықтар ауыстырылуда. Мұндай жетістіктер адам денсаулығы мен экожүйеге зиян келіп отырған экономиканың жалпы өсімі себепті түрлі аймақтарда, əсіресе ерекше ластайтын өндіріс салаларында байқалып отырған кезеңде өте маңызды. Дегенмен, мониторингпен қамту ауқымы мен мониторингтің сенімділігі əлі де көңіл көншітпейді. Жұмыс жасап тұрған мониторинг торабы, əдетте, ластану деңгейін атмосфераға лас заттардың бөлінуі үрдісімен байланыстыра алмайды, яғни, əдеткі жұмыс барысында қоршаған орта сапасы өлшемдерін бұзатын іс-əрекет түрлерін айқындай алмайды.

Жыл сайынғы Елбасымыздың жолдаулары еліміздің жетістіктерін саралап, келешегімізді бағдарлауға, баршамызға ортақ ұлы мақсатқа жетудің дұрыс жолын бірлесе айқындауымызға бағытталып отыр. Қазақстан Республикасының саяси мақсаттарының бірі – ұлттық табиғат қорғау заңдарын халықаралық, əсіресе Еуропалық Одақта қабылданған нормалар мен стандарттарға сай ету болып табылады. Елде ратификацияланған конвенциялардың талаптарын орындауға бағытталған саясат пен іс- қимыл жоспарлары пысықталып та жатады.

Қазақстан Рио-92 декларациясына, Йоханнесбург декларациясына (2002 ж.) қол қойып, экология мен тұрақты даму салаларындағы Киото хаттамасын ратификациялады. Киото хаттамасының ратификацияланғаны ерекше маңызға ие, өйткені бұл Қазақстанға өз өндірістік құрал-жабдығын жаңартудың икемді тетіктерін қолдануға, бұған қоса жылыжайлық газдардың атмосфераға бөлінуін қысқартуға мүмкіндік береді.

Елбасының халыққа Жолдауында табиғи ресурстарды тиімді және ұтымды пайдаланудың технологиялары мен бағдарламаларын ендіруде экономикалық, әлеуметтік және экологиялық үдерістердің үндестігін сақтаудың тиістілігі басым айтылған болатын. Яғни, экономика мен экология арасындағы тепе-теңдікті қалыптастыра алмаған мемлекеттің болашағы да бұлыңғыр болары сөзсіз. Себебі, бүгінгі таңда қайтсек те экономикалық көрсеткіштерді арттырамыз деп, соның салдарынан келетін залалды жою үшін тапқан пайдамыздан он, тіпті, жүз есе артық қаражат жұмсауымыз мүмкін. Сондықтан, Қазақстан өзінің даму жолын тұрақты дамудың қажеттілігімен ұштастырып келеді. Елбасымыздың «Халықаралық стандарттарға сәйкес қоршаған ортаны қорғауды және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету» деген сөзі Қазақстан Республикасының экологиялық саясатын стратегиялық дамытудың негізі болып қалыптасты [1,2].

Қазақстаннның 2030-жылға дейінгі дамуының стратегисы немесе «Қазақстан-2030» деп аталатын бағдарламаны стратегиялық жоспарлаудың бір іргетасы деп атауға болады. Оны 1997- жылдың қазан айында Қазақстан Республикасының президенті жария еткен болатын. Бұл стратегия кең ауқымды саяси мақсаттарға жетуге бағытталған барлық стратегиялар мен тиісті жоспарлар үшін сілтеме жасалатын басты құжат болып табылады.

«Қазақстан-2030» жəне мемлекет таңдаған өзге де басты стратегиялық бағыттармен бірге қоршаған ортаны қорғау мен тұрақты даму бойынша бірқатар мақсаттарды біріктірген. Солардың ішінде: қоршаған орта сапасын тұрақтандыру, адам өміріне жайлы келетін ортаны қамтамасыз ету, келешек ұрпақ үшін табиғи байлықтарды қорғау мен солардың өндірілуі мен пайдаланылуын тиімді ету секілді мақсаттар бар.

Халық қауіпсiздiгiнiң маңызды бiр бөлiгi – ол экологиялық қауiпсiздiк. Елiмiзде экологиялық қауiпсiздiктi және тұрақты экономикалық дамуымызды қамтамасыз ету мақсатымен, 2003-жылы ҚР Үкіметі 2004-2015 жылдар аралағындағы Экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасын қабылдады.

Тұрақты дамудың маңыздылығы 2006-жылы қабылданған 2007-2024-жылдар аралығында тұрақты дамуға көшу тұжырымдамасынан көрініс тапты. Бұл концепция қабылдағаннан бастап елімізде көптеген маңызды өзгерiстер болып жатыр. Қоршаған ортаны қорғау заңдылықтар негiзi құрылып, бiрқатар халықаралық келiсiмдерге қол қойылды, сонымен бірге қоршаған ортаны қорғауды басқару жүйесi құрылды. Концепция қоршаған ортаны қорғау мониторингiнiң бiркелкi жүйесiмен iске асыруды ұсынады.

Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін технологиясы бар мемлекеттің келешегі зор. Бірқатар мемлекеттердің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуі, олардың халықаралық қатынастар жүйесінде өзінің экономикалық позициясын нығайтуға негіз болуда. Тауарлар мен қызмет көрсетуге сұраныстың белгілі бір экологиялық критерийлерге сай келетін ғаламдық өзгерістері әлемдік нарықтың салмақты сапалық өзгерістеріне әкелуде, онда экономикасының экологияландырылуы жоғары деңгейге жеткен мемлекеттердің өнімі ғана барынша бәсекеге қабілетті болуда. Олар әлемдік нарықта өз тауарлары мен қызметтерін өтпелі экономикалы елдерге сатып, экологиялық таза өнімге деген сұраныстарын арттыруға ұмтылуда.

Қазақстанда қоршаған ортаны қорғау мен тұрақты дамудың заңнамалық жəне саяси шеңбері едəуір жоғары. Осыған орай экологиялық басқаруды күшейту, азаматтық қоғамның рөлін күшейту, тұрақты даму жағдайын алға жылжыту, су ресурстарын басқарудың үйлестірілген əдістерін қабылдау, жердің шөлейттену үрдісін, ауа райын өзгерту, өндірістік қалдықтар мəселелерін шешу жəне экономикалық қызметтің экологиялық тұрақты түрлеріне арналған талаптар орнату мүмкіндері де жоқ емес.

Едіміздегі табиғатты қорғау саласындағы заң қабылдау бағытында болған елеулі жетістік деп 2007-жылы қабылданған Экологиялық Кодекстің сомдалуын ерекше атауға болады. Себебі, бұл ТМД елдерінің ішінде бірінші болып қабылданды.

Экологиялық Кодекс қоршаған ортаны қорғау жөніндегі негізгі ұлттық заңнама, сондай-ақ, онда Базель Конвенциясы жəне Роттердам Конвенциясы сияқты көптеген халықаралық экологиялық конвенциялардың талаптары қамтылған [3].

Осы кодексте қалдықтар мен бақыланатын қалдықтар тобын анықтауды қосқанда, Базель Конвенциясының талаптарымен сəйкесетін зиянды қалдықтардың трансшекаралық қозғалысы туралы бап қарастырылған. Базель конвенциясы қалдықтардың ұлттық заңнаманың ережеге сәйкес жойылатын немесе жойылуға тиіс заттарды немесе пәндерді білдіретін анықтаманы береді.

Қазақстан Республикасының аумағына екінші шикізат жəне өнім түріндегі қалдықтарды шығарудың алдын алатын, зиянды қалдықтар декларациясының жаңа кедендік ережелері енгізілген. Қауiптi қалдықтардың трансшекаралық тасымалдау көрсеткiші қауiптi қалдықтардың трансшекаралық орын ауыстыруың сипаттайтын қозғаушы күштердiң көрсеткiшi болып табылады. Қауiптi қалдықтардың елден шығарылу көлемiнiң өзгерiс тенденциялары, ол бар қауiптi қалдықтардың азайтуын және олардың елдiң iшiнде қайта өңдеу мен қайталама қолдану қажеттiлiгін көрсетедi.

Базель Конвенциясының талаптарына сəйкес Қазақстан Конвенция Хатшылығына жылдық ұлттық есеп беріп келеді, сондай-ақ, елде зиянды қалдықтарды импорттауға жəне экспорттауға рұқсат беру жүйесі жасалынған.

Кейбір жағдайларда қауiптi қалдықтардың трансшекаралық тасымалдауы экологиялық қауіпсіз қолдану және қалдықтарды жою үшін қажет. Сонымен бiрге қауiптi қалдықтардың трансшекаралық тасымалдауы оларды қайталама шикiзат немесе энергия өндiру ретiнде қолдалану мақсаты болған жағдайларда ақталынады. Қауiптi қалдықтардың экспорт және импорты туралы толық мәлiметтер олардың қауiпсiз тасымалдауы және жоюың бақылауға көмектеседi.

Қоршаған табиғи ортаның сапасының нашарлауына қатысты өзекті мәселелердің бiрі қалдықтарды ұтымсыз, экологиялық қауiптi және ұйымдаспай орналастыруы болып табылады. Қалдықтардың өндiрiсi дәл қазiргі кезде бүкiл әлемде өсуде және оларды қайта өңдеу, полигондар мен қоқыс тастайтын жерлерде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Қалдықтардың ары қарай жинақталуы тұрғындар үшiн, соңдай-ақ қоршаған орта үшiн қатерлі жағымсыз салдарымен белгілі. Сондықтан өндiрiс қалдықтарын қысқарту, орналастыру, сақтау мен көму, қайта өңдеу және пайдалану бойынша бағыттарға үлкен көңіл аудару қажет.

Кəсіпорындар өз қызметінен шыққан қалдықтарды сақтау, кәдеге жарату жəне қайта өңдеу жұмыстарын өз бетінше ұйымдастырулары қажет. Елімізде қауіпті қалдықтарды кәдеге асыруға арналған балама технологиялардың жеткіліксіз болуына байланысты, қауіпті қалдықтар қалдықтардың басқа да түрлерімен қатар қоқыс үйінділерінде жиі сақталады немесе экспортталады. Бұл өз кезегінде қоршаған орта мен адам денсаулығына әсер ететіні белгілі.

Осы қалдықтар проблемасы біздің облысымыздың да күрделі проблемаларның бірі. 2014 жылдың 1 жарты жылдығында Жамбыл облысы аумағындағы қалдықтарды орналастыру бойынша көлемі 10883,85 мың тоннаны құрады, оның ішінде өңделгені  1724,401 мың тонна, яғни 15,8 пайызды құрады [4].

Облыстың ең ірі мекемелерінде өнеркәсіп қалдықтарын орналастыратын полигондары бар. Онда жиналған қалдықтар көлемі 112393 мың тонна.

«Қазфосфат» ЖШС филиалында 2023 жылға дейін «Өндіріс қалдықтарын пайдалану және басқару бойынша бағдарлама»  рәсімделген.

Қалдықтар үйінділерін азайтып қоршаған ортаға әсерін төмендету мақсатында жүргізілген іс-шаралардың аясында Жаңа Жамбыл фосфор зауытында фосфор пештерінде жылына 12,0-13,0 мың тонна шламды қайта  өңдеу технологиясы енгізілген. Соның нәтижесінде №3 және №4 үйінділерінен 5613 тонна фосфор шламын қайта өңдеуден қосымша 2184 тонна сары фосфор алынған.

«ТМЗ» мекемесінің фосфорит ұнтақтарынан тарихи техногенді минералдық пайда болу үйінділерінен, сары фосфор өндірісінде шикізат есебінде «Қазфосфат» ЖШС филиалы (ЖЖФЗ) жыл сайын 70,0 мың. тонна ұнтақтарды пештерге пайдаланыуда.

ТФ «Казфосфат» ЖШС «Минеральдық тыңайтқыштар» зауытында табиғатты қорғау шаралары жоспарын жүзеге асыру аясында КОФ цехының фильтрден ұшқан 1159 тонна  шаң қалдығын аммофос өндірісінде пайдалануда, сонымен қатар 1974,14 тонна фосфогипс жөнелтілген болатын.

Бұдан да басқа ЖФ «Қазфосфат» ЖШС 307,299 мың тонна шлак түйіршіктерін қайта өңдеу мақсатында Жаңа Жамбыл фосфор зауытына жіберіліп, шыққан өнім цемент өндірісі үшін жарамды шикізат болып саналуда.

Келесі аса маңызды мәселелердің бірі облыс аумағында 6381,281 мың. тонна тұрмыстық қалдықтарды көму және қайта өңдеу. Шын мәнінде күннен күнге қалдықтар үйіндісі апатты жағдайға дейін шоғырлануда.

Дегенмен бұл жұмыстар облыстың қалдықтар мәселесін толықтай шешіп отырған жоқ. 2005 жылы Тараз қаласының қалдық өңдеу зауытының ТЭН (техника экономикалық негіздемесі) рәсімделгенмен, қаражат жағынан қолдау таппады. Әзірге инвестор тарту жақтары жан-жақты қаралуда.

Жалпы табиғи ресурстарды ұтымды және тиімді пайдалану тұрақты дамудың маңызды элементі болып табылады. Қалдықтар – бұл материалдық және энергетикалық ресурстардың едәуір ысырабы. Қалыптасқан қалдықтарды өңдеу және алып тастау қоршаған ортаның ластануына және адамдарға зиянды заттардың және инфекциялық ағзалардың әсер етуіне себеп болуы мүмкін. Қалдықтардың қалыптасу көрсеткіші елдегі экономикалық белсенділік деңгейімен тығыз байланысты және қоғамда қалыптасқан өндірістің және тұтынудың құрылымын көрсетеді. Қалдықтардың қалыптасу көлемінің қысқаруы экономика секторларының өндірістің және тұтынудың материал сыйымдылығы аздау құрылымдарға жақындау көрсеткіші қызметін атқарады.

Қазақстанның қазіргі кезеңдегі даму жағдайында табиғи ресурстарымызды тиімді пайдалану және оның заңмен қорғалуы, сондай-ақ, адам өмiрiндегi ең маңызды жағдайларды ескере отырып экономикалық даму жолында экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету аса маңызды.

Әдебиет

1 Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» атты 2006 жылғы Жолдауы.

2 Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заңы, 1998 жыл, 26 маусым.// Егемен Қазақстан газеті.

3 Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі, 2007 ж. 26 мамыр.

4 Жамбыл облысы бойынша экология Департаментінің 2014 жылдың 1 жарты жылдығы есебінен

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз