Қонақтар — Төлен Әбдіков — Әңгімелер / Мақалалар — Bilim

0

Курорттан қайтып бара жатқан сапарларында жолай үйге соқпақ болған балаларын күтіп, Ерғабыл шал түн ортасы ауғанда жатса да, ертеңіне күн шықпай оянды. Алагеуімде үндемей жүріп киініп алды. Мәсісін де, шұлғауын да ешкімнен сұраған жоқ. Кенет әжептәуір қатқыл дауыспен:

— Әй, шақшам қайда? — деді ұйқылы-ояу жатқан кемпіріне.

— Кемпір естіді ме, естімеді ме — міз бақпады. Ерғабыл оның үстіне сәл төне түсіп:

— Кемпір, шақша көрмедің бе? — деді жұмсарып.

— Байғұс, «қайдалайды» да жүреді екенсің! Қойған жеріңді ұмытып қаласың ба?!. Мә.

Ерекең ләм-мим демей, алдымен бір атым насыбайды ерніне тастап, шақшасын қалтасына салды. Кемпірі басын ұстап, қайтадан төсегіне жантайды.

— Басым сынып, өлейін деп жатырмын, мазалай бермеші.

— Өлсең, Бағила кемпірді алып келемін, — деді шал бағанағыдай емес, көңілденіп.

— Иә, жетісерсің! Бала бір жақта, біз бір жақта. Мына қу моладан сүйегімізді табар бір күні. Осы Қаратүбектің басында жұмақ тұрғандай екі елі қия баспайсың… Бүгін келсін балалар, көрерсің, еріп кетемін. Қал жалғыз өзің, омалып. Кеше ноқтаның сағағын байламапсың ғой, кер кұлын ағытылып кетті.

— Ие, бүған бірдеңе айтсаң, бұл бірдеңе айтады.

— Е, неғыл дейсің маған. Бала… ыһ… тартып жіберші мына шетін, көтерсейші басыңды… мықтап ұста… ешқайда кетпес, оралар… Туып-өскен жері, елі… Ұста деймін, қаттырақ ұста. Қарайған малды тастап, қайда барасың?

— Сен шал алжисың. Осы ғой міне, алжыған деген осы шығар. Екі бие сенің басыңа көктас қоя ма? А-а-а, осыны алмаған құдайдың тамағы тоқ.

Ерекең ыңырана әндетіп, таяғына сүйенді.

—Ойпыр-ау, белім шойырылып қалғаны несі?! Осы мен таң намазын оқыдым ба?

— Намазды оқитын болсаң оқы да, оқымайтын болсаң қой, не ол, бір күн тастап, бір күн оқып.

— Құдайдың өзі кешірер, мен бір әдейі істейді деймісің соны. Жүрегім басында жел тұрғанын қарашы… Қой, сен кемпір мылжыңдай бересің. Намазымды оқып, биеге кетейін.

Ерекең сыртқа шықты. Күншығыс аппақ. Ауа сәл-пәл дымқыл екен. Қолын көлегейлеп, маңайына қарады. Көкжиек шыңылтыр ашық болатын. Бірақ шалға тұманытып көрінді. «Кеше кер құлынды бостау қосақтап едім, оралып қалмады ма екен, — деп ойлады ол. — Анау Қарабидайдықтың табанында жүрген солар шығар. Тұсауымен сонша жерге кетеді. Бұл иттерді байлап қоямын ба, не істеймін?»

Бір қолымен белін ұстап, шық басқан көк шөптерді таяғымен анда-санда қағып қойып, шабылған бидайдықтың жиегімен келе жатты. Лезде белі ұйып, шаршап қалды. Таяғына сүйеніп аз тұрды да, буындары сытырлап, сүрлеу жиегіндегі төмпешікке келіп отырды.

— Кәрілік! Е-е, жарықтық-ай! Уһ! — Орамалын алып, терін сүртті. Күн жылынған шығар деп жұқа барқыт бешпентін шешіп, қолына алды. Уқаланған өңірін жазып жатып: «Ертең сүйегіме шапан жетпей қалса, — деді ішінен, — Бектемірден қалған жалғыз Ерғабылдың басында түк болмады деген атаққа қалармын».

Әлдеқалай шалдың көз алдына өлгеннен кейін мұны жұрттың қалай шығарып салатыны елестеді. Елестегенде «құданың құдіретімен» өткендегі Айтыс сүйегін шығарғандағыдан бір айнымайды. Бір жұртқа үлестіретін киімі одан көп екен.

Сарыөзек тегіс келген секілді. Бата кейін атпен жарысып, мүше алып қашқандар да Жұрттың бәрі:

— Е-е, қайран дүние кімге опа берген, бұл кісілер де кетті-ау дүниеден. Мұндай кісілер енді тумайды, тумайды, — деп аза тұтып, енді біреулер:

— Шіркін, бала деген осы ғой! Сапабек өкесін қаңдай қып жөнелтті, ә! Ойпырмай, мұндай ұлы дүбірмен біздің елде әлі ешбір шал аттанбаған шығар, — десін, таң қалысып бара жатқанға ұқсайды.

Шал күлімсіреп, таяғын ұстады. «Айдалада өлген көрі қасқырға ұқсамай, ел-жұрттың алдында абыроймен өту — осыдан артықтың енді керегі жоқ». Орнынан тұра беріп — Сапабекжандар кеше келмегені несі, — деді күшене сөйлеп, — телеграмда кеше еді ғой.

Әлсін-әлсін дамылдаумен Қарабидайдықтың табанына келді. Бағанағы ой бекер екен. Жылқылар өріде — Шайтанкөңнің маңында жүр.

Ерекең зираттардың тұсына келгенде, ішінен деңелерді күбірлеп, көп созбай, қолымен бетін салды. Көп төмпешіктердің ішінен жақында өлген байдың қабірін көрді. Қызылкүрең, жас топырақ қыл күйі. Құрғамапты.

Шіміркеніп, тезірек жүрді. Салқын тер өне бойын шымырлатып, жылқыға жеткенше дем алған жоқ.

«Ғаріп пенде… Аруағы риза болсын. Жасаған қай кезде дәм-тұзды тауысамын десе өзі біледі… Өзі менен бірер жас кіші болу керек. Жылым ұлу дегендей болып еді.. Ерекең қайтып жаяу жетпесін білді де, кер құлынды ағытып, биені тұсауымен ноқталап алды. Арықтың ішіне енгізіп, жиектен асылып мінді. Әрең дегенде отырды.

— А-а-а, жетпіс бес, — деді дауыстап, көзге тап сондай біреумен сөйлесіп тұрғандай, — сен болар ма екенсің мені алып кететін, жоқ сексен бес пе екен. Түсімде айырып ести алмағанымды қарашы. Фью-фью, әй, жетер түнімен оттағаның.

Ерекең енді байқады, күн шығыпты. Бірен-саран қарайған малдар болмаса, төңіректе қыбыр еткен пенде жоқ. Әлі ұйқыдан оянбаған секілді. Кер бие дымқыл көк шөпті анда-санда бір шалып, күрт-күрт шайнап, біресе пысқырып, біресе «дұрыс қой, дұрыс қой» дегендей басын шұлғып қояды. Кер құлын шапқылап, озып кетті де, ойнақтап қайта оралып, қайта шапты.

«Баламысың деген, біз де осылай ойнақтадық-ау». Шалдың есіне өткен өмірінен бір қызық оқиға түскен болу керек, болмашы жымиып қойды. (Көбіне еске түсіретіні жігітшілік дәурені болатын).

Кер бие үйреншікті желінің басына тоқтады.

— Немене, ұзап кетіп пе? — деді кемпірі, құлынды байлап жатып. — Қажыған шығарсың, шай қояйын ба, мызғып аласың ба?

— Шөлдедік. Шайыңды қой.

Ерекең есік алдындағы бөгетке шықты. Әлдебір мұңды әнді ыңылдай айтып, таяғына сүйеніп, біраз тұрды. Өзен жиегіндегі қыстауын көріп, бағанағы кемпірінің сөзін есіне алды. «Осы Қаратүбек басында жұмақ тұрғандай екі елі қия баспайсың. Балаларға еріп өзім кетем».

«Әй, кемпір, — деді ішінен, бағанағы жерде айтатын сөзі ойына жаңа түсіп, — мен саған дейін үш қатыннан айырылғанмын. Азды-көпті ғүмырымның ішінде талай бақтан айырылып, талай баққа қолым жетті. Дүние бірде алдын берсе, бірде артын береді. Бірақ әкем көрген, әкемнің әкесі көрген қара орнымнан айырылып көрген күнім жоқ. Не тантырап отырсың!» Ерекең желі басында әлі күйбеңдеп жүрген кемпіріне зекіп жібергісі кеп, уыттанып, шақшия қарады. Кенет оның түк жазығы жоқ екені есіне түсіп, сабырмен ойға шомды.

Ертеректе, осыдан алпыс жылдай бұрын сонау қыстау маңы тізілген үйлер болатын. Бектемір әулеті тегіс осы араны қыстайтын. Өмір-бақи жан-жаққа пышырап корген емес, ағайыншыл еді ғой бәрі де. Көктемде ел қыстаудан көп ұзамай, өзен жиегіне қаз-қатар киіз үй тігеді. Жиен Қазыбайлар да малы жоқтығын сылтауратып, осында келетін. Ерекеңнің бала кезі. Ауыл жігіттеріне қосылып жылқы бағады. Тентек-ау, сен де адам болып, жылқы бағатын болдың-ау, — деп күлетін Қаншайым жеңгесі. Қаншайымның басында шашақтадған ак жаулық болады. Ажарлы еді пәтшағар…

Әлі есінде, бірде кешкілік қыз-келіншектердің көзінше алтыбақан сыртынан келіп, ат үстінен «Жеңеше» әніне бір салған еді-ау.

Айдап салдым жылкымды тепсең жерге, жеңеше-ау,

Сендей адам табылмас ексем жерге, жеңеше-ау…

Таяғына қаттырақ сүйенген Ерекеңнің жақ еттері жыбырлап, көздері қызарып, жасаурап кетті. Тым әріде, көз нұры, көңіл құрығы жетпейтін тым әріде қалған бейшара бір сағыныш жүрегінің түбін әлсіз түртіп, онсыз да қаусағалы тұрған әдіре қалғыр ит жанын күйзелткендей болды.

«Иә, одан бері талай аласапыран жыл өтті… Олар Сыр бойына көшіп кеткен. Содан оралған жоқ… Қайран Қаншайым тірі ме екен бүл күнде! О, пәни жалған! Ол тірі болып, жүздесе қалсақ, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей болмас па едік». Ерекеңнің алқымына ыстық жас тірелді. «Бізден кеткен бір қора Бектемір әулетінің не күйде екенін білмес пе едік. Өзі… Ойбай-ау, тірі ме деймін, менің өзім жетпіс беске келдім. Ол менен көп үлкен еді-ау».

Ол күндердің куәсі боларлық бір пендені тірі күйінде кездестірем бе деген үмітінің шындыққа үйлеспейтінін сезген шал өзін-өзі сөгіп, қай-қайдағы ойдың қайдан келетініне кейіп, шошынып, «алжыппын» деп мойындап, бөгеттен түсті. Ерекең шай үстінде көп сөйлемейтін. Сол әдетімен үнсіз тұқиып, қолдарының білеуленген тамырларын ұстап, ақ селеу сақалын сипап, ойланып отыр. Бас жағында сүйеулі тұрған ескі домбыраға шұқшиып қарады, қолына алған жоқ.

— Бір құй, — деді тершіген ақшыл білегімен кесесін нұсқап, — шөл қанатын емес. Ішім кеуіп кетті.

— Сапашжандар неге кешікті екен? Кеше емес пе келем дегені.

— Келетін шығар бүгін.

— Сен шал осы жөніңді айтшы дұрыстап. Осы келгенде Жеңістайды алып қаламын деп тұрсың ба? Жоқ, әлде еріп өзіміз кетеміз бе?

— Бос сөз сөйлеме.

— Несі бос сөз. Менің өлейін деп отырғаным мынау. Шай қайнатып беруге де шамам келетін емес.

— Ыһ. Баяғьща қосыларда кәрісініп ең, жарамауға айналдың ба?

— Жоғалшы әрі. Ұят жоқ, аят жоқ, қартайғанда не болса соны… Құдай біледі, осыны жұрттың көзінше де айтасың ғой.

Ерекең кеңкілдей күліп, орамалмен көзін сүртті.

— Қайдан білейін, қит етсе шамам жоқ, шамам жоқ деп шыға келеді. Әлде…

— Ерекең сөзін аяқтамай тізесін ұстап, — екі тізем қақсайтыңды шығарыпты, кемпір, — деді неге қақсайтынына түсінбегендей ақжемденіп кеткен боз көздерімен ажырая қарап.

Кемпір жауап қатпай, самауырды алып, шығып кетті. Ерекең шалқасынан жатып, ашық түндіктен аспанға қарады. Ақ шарбы бұлттар көшпей, бір орында тұр екен.

— Қара арғымақ арыса, қарға адым жер мұң болар, — деп мақалдап, көзін жұмды. Ерекең ұйықтамаса да көзін жұмып отыруды ұнататын. «Уақыт шіркін зымырап өтті де шықты. Тәңірінің құдіреті күшті-ау. Енді міне, тірліктегі ырыздық-несібенің таусылуы да тақады. Әйтеуір артымызда бір жаман бар. Тұяқсыз пенде емеспіз… Жылда қолдарына шақырады. — Ерекеңнің ойына кемпірінің сөзі түсті. — Уай, ақымақ кемпір. Өлер шақта тұрмыс қуып, тентіреп жүре алмаспын. Ағайын жұрт, өз еліңдей елді табамын деп отырсың ба басқа жақтан… Айдаладағы бір қаладан».

Ерекең көзін ашып қалып еді, шаңырақта тұрған ақ шарбы бұлтты тағы көрді. «Бұл дүниенің бұлай тез өтерін кім білген. Заманымызда біз де шалқыдық. Сайраңдап бақтық. Бірақ ештеңе бітірмеппіз. Е, шіркін, баяғының кісілері-ай! Осы күнгінің адамы ұсақтап кетті ғой. Әйнекібайлар тізерлеп отырғанда түрегеп тұрған адаммен бірдей еді. Пай-пай, жарықтықтар-ай! Біз күзектеміз сонда… Атты қазақтар үстімізден өтіп, адамдарды атып, ауылды тонап, жылқы алып кетіп жатты. Сонда Әйнекібай екеуіміз ауыл адамдарын жиып, қол бастап, ұйықтап жатқан орыстарды байлап тастап едік».

Ерекең уақыт бойынша қуалап, өзінің ғұмырындағы бірлі-жарымды ерлік істерін көз алдынан өткізіп жатты.

«Е-е, еске түсіргенмен не пайда. Біздің қолдан келері тек осы жерде дәм-түз бітсе, ата-баба қабірі тұсынан бір уыс топырақ бүйырса, қалғанын бір құдайға тапсырып, ризашылық білдіру». Сөйтіп жатып Ерекеңнің көзі ілініп кетті.

Машинаның гүрілінен оянды. Шаңқай түс. Іргеге созылған сол қолына күн сәулесі түсіп, қыздырып тұр.

— Ойбай, бала келіп қалды, — деп кемпір үйге жүгіріп кірді. — Әй, біліп ем ғой бүгін келерін.

Заматта гүріл үй сыртына келді. Бір-екі рет үстемелете арылдап, өшіп қалды. Машинадан улап-шулап түсіп жатыр. Бала даусы, әйел даусы… Ерекең қапелімде тұра алмай қалды. Тырбыңдап, қолымен жер тіреп жатқанда:

— Ассалаумағалейкүм, — деген бірнеше дауыс қатарынан шықты. Ауыл жігіттерінің бірі болу керек:

— Үйбай-үйбай, шалды қара, тұра алмай жатыр, — деп шиқылдап күліп жіберді.

— Қуаныш қой, қуаныш. Қуанған мен қорыққан бірдей дейді ғой.

— Қуаныш құтты болсын!

Ерекең жаңа қаз тұрған балаша тәлтіректей көтеріліп, ат жақты, қапсағай сары жігітті құшағына қысты. Одан соң омырау, жеңдері ашық, шұбар көйлек киген, шашын қидырған топ-толық, ақсары, ажарлы келіншекті шіміркеніңкіреп, маңдайынан сүйген болды.

— Әлгі жаман қайда? Әкеліп пе едіңдер?

— Әкелдік қой. Әй, Жеңіс қайда? Жеңіс!

— Жеңіс!

Жаюлы сөреден құрт алып үлгірген аяқ-қолы шидей, көзі қитар, алтылар шамасындағы ұл бала табалдырықты кесіп тұра қалды.

— Бар, бар, атаңа бар.

Шал өзіне зорға келген немересін бауырына басып, бетінен сүйді. «Ой, тентек, атаны сағынбайсың-ау», — деп жаулықтай үлкен ақ орамалының шетімен көзін

сүртті.

— Кел, келе ғой, әй, — деді есік жақтан көрші кемпірлердің бірі қолын созып. — Шалдың баласысың ғой, кел.

Қитар ұл енді ешкімге бармады. Тіпті шақырған Ерекеңнің өзіне де жолаған жоқ.

— Келсеңші, ей, жаман неме. Өзі қазақша білетін бе еді, Сапабекжан? — деп әлгі кемпір қапсағай сары жігітке қарады.

Сапабек алдына келген баланың қысқа кекіліне қолын тигізіп:

— Ептеп түсінеді, — деді.

— Қой, қазақша үйретіңдер.

— Алдымен анау отырған шешесі қазақша білмейді, қайта бұған кінә жоқ, — деп Сапабек қазақша білмейтініне риза болғандай күлімсіреп, ақ сары келіншегіне қарады. — Тома, мынаның бет-аузы кір, жуындыршы, — деді орысшалап.

Көп ұзамай ауыл қонақтары да жиналып қалды. Ерекең сыртқа шығып, қой-ешкілерін жинап, бір семіз тоқтысын ұстап, бауыздап, «қолыңның қаруы бар ғой» деп кепкесін теріс киген бір жігітке терісін іреттіртіп, мүше-мүшеге бөлдіріп, қалғандарын қатындарға тапсырып, үйге кіргенде бағанағыдай емес, әңгіме қыза түсіпті. Көрші ауылдан шалдар келген. Сөйлеп отырған Сапабек.

— Жалпы геология халық тіршілігінің ең басты қажеттілігіне айналды, — деді ол «мұны тыңдап алыңдар, бұл өте қажет жері» деп балаларды өзіне қаратқан мұғалімдей жастар жағын көзімен шолып. — Мынау тұрған жердің асты — тұнған байлық. Біздің Қазақстанда өте сирек кездесетін элементтер бар. Асыл тастар қаншама! Меруерт, маржан, інжу, жақұт, гауһар — не керек, бәрі бар. Гранитке байланысты пайда болатын мөлдір, қызыл, көк түсті слюда, ашық кызыл микроклин, мөлдір көк флюорит, қою жасыл турмалин, қан қызыл граниттердің өзі неге тұрады. Бұл жөнінен бар ғой, бұл жөнінен біздің Қазақстан бүкіл дүние жүзіне әйгілі.

— Шырағым-ау, — деді қатар отырған қоңқақ мұрынды Абыл қарт. — Сол тасыңнан өзі пайда бар ма? Маған біреуін әкеп берсеңші.

Тілі ащы шалдың қиқар сөзіне бұрын күліп үйреніп қалғандар қарқылдап күлісіп алды.

— Оның пайдасы деген пайда шаш-етектен, ақсақал. Мәселен, сонау Украина гранитті бізден алады. Оны өңдеу тәсілін шығарған да біздің ғалым. Жалпы мұның маңызы деген маңыз тіптен керемет.

— Қайдам, — деді Ерекең. Осының маңызына онша түсінгісі келмей, — осы бір тастардың соңында кеттің ғой өзіңмен өзің болып. Тым болмаса жылына үйге бір апта да түнеп кетпейсіңдер.

Сапабек әлденеге қынжыла күлді. №2 ферманың санитары, жуан қара Ерментай шалдың надаңдығын бетіне басты.

— Шалдар бар ғой, әйтеуір кері тартасындар да отырасыңдар. Ал сенің қасыңда қалды, бала бақты, сені бақты. Ал сонда не бітірмек. Осынша оқып, мына колхоздың жұмысын істемек пе? Мейлі, бағы алда. Ғылым қуды… Абай айтқан емес пе: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», — деп. Сол айтқандай, осы сендер мен біз құр қалған қалпымызда қала берейік. Балаларға тыйым салуға болмайды. Солай емес пе, Бәке?

— Әрине, әрине, — десті біреулер.

Бұдан соң Сапабек дүйім жұртты аузына қаратып, өзінің Лондонға, Будапештке, Мароккоға, Италияға барған сапарларын әңгімеледі. Бөтен, жат халықтардың дәстүрін, мәдениетін, адамдарын мақтады. Италиядағы кедейлердің ауыр тұрмысына аяныш білдірді. Шалдарға бұл әңгімені түсіну тым қиын еді. Сондықтан олар жастарға араласпай, өздеріне түсінікті басқа әңгімеге ауысты. Босағада отырған Тома мүлде жалғыз қалды. Қала қыздарына тән епсіздікпен кішкентай қиықша көрпенің үстінде қалай отырарын білмей, біресе қолымен жер тіреп, бір жамбастап, жұрттың сөздеріне толық түсіне қоймай, әркімге бір қарап, үнсіз отырды. Кенет енесінің самауыр көтеріп келе жатқанын көріп, жүгіріп барып:

— Аже, бер, дайте мне, дайте, — деді елпектеп.

Бұрқырап самауыр келді. Қызыл жолақ дастарқан жайылып, майы шылқыған күрең бауырсақтар төгілді. ІІІайды Тома құйды. Кемпір онша сеніңкіремей, қарсы отырып, қосарланып сүт құйып: «былай, былай, иә, солай, сүт құй, ақ су, шай» деп бір-біріне байланыспайтын бір сөздерді айтып отыр. Сөйтсе жақсырақ түсінеді деп ойлайтын секілді.

Сапабек жастыққа шынтақтай жатып:

— Геологияның болашағы деген болашақ керемет қой. Әрине, ешбір қоғам мұнсыз күн көре алмас еді, — дегенде әзілқой шалдардың бірі Ерекеңе:

— Өлетін кезің болды. Кезек сенікі, енді неге өлмейсің, — деп қолқалап отырған кезі еді.

— Иә, иә, Қазыбай тұқымыңда жетпіс беске келген ешкім жоқ. Мына Бектеміс жетпіске жаңа жетті. Кезек өзіңдікі. Киімдеріңді қимай отырсың ба? Бөркіңді, есіңде болсын, өзім аламын, — деді шоқша сақалды, қара шал қулана күліп.

Ерекең көзі жұмулы, риза болғандай: «Е-е», — деп жымиып қояды.

— Ереке-ау, ішігің менікі онда, — дейді Абыл қарт.

— Е-е.

— Былтырғы бір оюланған мәсің қайда…

— Әй, шал, бешпентіңді маған берерсің.

— Е-е.

— Таяғыңды мен алам.

Ерекең көзін адырайтып ашып алды.

— Шатпа, — деді көздері қызарып, — ой, жаман Қазыбайдың тұқымы, шатпай отыр… Таяқты ешкімге де бермеймін. Баламдікі.

Шалдар насыбайдан сарғайып кеткен сойдақ тістерін көрсетіп, әрқайсысы әрқалай, қарқылдап, кеңкілдеп, қайсыбірі жөтел қысқандай булығып күлді.

Даладан жүгіріп келген қитар ұл Томаның жанына тізерлеп отыра қалды:

— Мама, мама, ребята идут к озеру…

— Ты что сума сошел! — деді Тома әрі сөйлетпей. Дауысы шаңқ ете қалғандай болды, өйткені осы кезде шалдар оқыс жалт қараған еді. Тома ұялғандай болып, баласының құлағына зәрін төгіп сыбырлады.

— Біздің мынау да геолог боламын деп жүр, — деді Сапабек иегімен ұлын көрсетіп.

— Әке жолын қуалайын деген ғой.

— Бос сөз сөйлемевдер! — Ерекең жастар жағына зекіп қалды. — Әке жолын қуса, мына менің жолымды қусын, Ие болсын мына қу шаңыраққа!

Жұрттың бәрі тым-тырыс.

— Жастардың бөрі сол, Ереке, — деді Абыл күрсініп. — Менің әлгі кішкентайым, құдай-ау, немене дейді… бірдеңе боламын дейді. Мені бақпайсың бадесем, хе-хе-хе… бақпаймын дейді. Хе-хе-хе.

— Еһ-еһ-еһ… сол-сол.

Ерекең күлген жоқ.

— Сонда бұлар кім үшін туған, — деді кейіп. — Кімге керек сонда бұлар.

Сапабек осы сөздердің тура өзіне айтылып отырғанын мойындағандай, маңайындағыларға көзін қысып, жымиып қойды.

Жұрттың бөрі шай ішіп болып, Ерекең бәле-жаланың бәрін жатқа жіберіп, бақ пен ырыс, несібені от басы, ошақ қасына қалдырып, шаңырақтың амандығын тілеп, бата қайырды. Шалдар да, жастар да, тіпті Тома да қолдарымен бетін сипады.

Күн еңкейіп, шаңырақтан құлаған ақ сәуле жоғарыға, туырлыққа шығып кетті. Шалдар құбылаға қатар тұрып, бесін намаздарын оқыды. Біраздан соң ет келді. Сапабек жастар жағына чемоданынан югославиялық коньяк алып құйды. Жұртқа бұрандалы тығынын көрсетіп, югославиялықтардың коньякты сол тығынға құйып ішетінін айтты. Жалпы еуропалықтардың ішімдік жағына жоқ халық екенін әңгімеледі. Ауыл қонақтары еттен соң тарап кетті. Кешкілік тағы да қонақтар келді. Тағы да ет асылды, югославиялық коньяк құйылды. Югославиялықтардың бұрандалы тығынға құйып ішетіні айтылды.

Ерекең еттен соң ұзын, сүйір аршасымен тісін шұқып отырғанда, Сапабек қайдағы бір қар адамы жайында, Америкадағы ұлттардың теңсіздігі жайында, қазіргі жетілген техника жайында қызық бір әңгімелерді соғып отыр еді.

— Әй, доғаршы енді, — деді Ерекең шыдай алмай. — Анау өзіміздің Аспандиярға домбыра берші, ән салсын.

— Ал ән тыңдайық, — деп, кисайып жатқан жұрт бастарын көтеріп алды.

Иегі шығыңқы, ірі, қапсағай жігіт кішкене ескі домбыраньщ ішектерін арбиған саусақтарымен еріне шертіп, құлағын бұрады. Біраз дыңылдатып отырып, сен үшін айтып отырмын дегендей Сапабекке қарап, жуан қоңыр дауыспен жеңіл бір әнді былқылдатып бастап кетті. Әнді толық айтпай, ортасынан үзіп тастап, домбырасын қайта бұрады.

Ерекең ашық түндіктен жұлдыздарға қарап жатқан. Әлдеқалай көңілі онша көтерілмей, немересінің шақырғанға келмегеніне, келінінің аяқ-қолының жалаңаш отырғанына, Сапабектің таусылып бітпейтін мылжың әңгімесіне қырыстанып отырған.

— Әй, айтатын болсаң, айтсаңшы, — деді ақырып. — Кешегі әкең Дүйсенбі домбыра саусағына тиер-тиместе айғайлайтын. Неден мұнша жаман болып тудыңдар.

Аспандияр бағанадан осы сөзді күтіп отырғандай, домбыраны тырнаңқырап қағып-қағып жіберіп, тамағын кенеп алды. Кенет соншалықты зор, биік дауыспен шырқай көтеріп, тынып қалып, домбыраны қайта сөйлетті. Одан соң алғашқы ащы айқайға түк қатысы жоқ жоғарғы ішектен күмпілдеген бір әнге ілесіп кетті:

— А-а-а-а…

Неғылып жөнге келмей тұр.

Домбырамның пернесі…

Ерекеңнің көзінен бір от жылт етіп:

— Е, осылай термеңе бас, — деді.

— Балалы арқар баурайды,

Баласыз арқар зарлайды.

Атасы жаман қандай-ды,

Бас білмейтін нардай-ды.

—  О, шіркін, сөз-ақ қой!

Аспандияр термені аяқтап, домбырасын қайта тыңқылдатып аз-кем отырды. Сырттан ән тыңдауға келген қыз-келіншектерге есік жақтан орын болмай, қайсыбіреулері үйге кірмей, даладан сығалап тұр.

— Қарағым, басшы айғайға, — деді Ерекең қуана күлімсіреп.

Аспандияр іркілген жок. Бағанағыдан да зор, айбарды, биік үнмен:

— Ей, қалқа-а-а, а-а, а, а, — деп толқындатып, созып әкетті. Көмекей бұғақтары қан толып, білеуленіп, күреңітіп кетті. Ерекең тұла бойы шымырлап, өтіп кеткен бір оқиғаны айқынырақ көргісі келіп, көзін жұмды. Тома осынша зор дауыстан шошып кетіп, бәрі содан болып тұр ма дегендей, Аспандиярдың көзге бірден түсетін шығыңқы, үлкен иегіне қарады. Ерекең тағы да көзін ашып қалып еді: «Ей, қалқа» деген күйінішті қаһарлы үннен түн сілкініп, түндіктегі жұлдыздар діріл қағып тұр екен.

— Айырылып сенен, сәулем, қайтқан түні Әніне бір басайын Алтыбасар…

— Бас, — деді айғайлап. Көзіне ыстық жас тіреліп, «Ба-а- ас» дегісі келді тағы да барқырап. Бірақ олай еткен жоқ. — Е, е, жастық шіркін, — деп дірілдеген саусақтарымен сақалын салалады.

Аспандияр әннің көтерілер кезінде тұрып кеткісі келіп отырған адамдай жоғары емініп, аузын кең ашып, көкке қарап шырқады.

— Ішінді… — деді ән біткен кезде Ерекең кімді боқтап отырғанын өзі де білмей. Ән бітті. Сапабек қайран қалып, басын шайқады.

— Тамаша, тамаша! Не істейсің қазір, Аспандияр?

— Тракторшы, — деді басқа біреу ол үшін.

— Тракториспін, — деді содан кейін Аспандиярдың өзі.

— Мынау дауысты құртуға болмайды. Мынау деген нағыз оперный баритон ғой. Так же, Тома? Тебе как, нравится?

— Мощный голос, — деді Тома басын шайқап.

Біраздан соң қонақтардың бәрі тарқап, үй іші өздерімен өздері қалды. Өз төсегінде малдасын құрып отырған Ерекең:

— Тағы бір қонып, кетесіңдер ме? Жоқ, боласыңдар ма біраз? — деді баласына тура қарап.

— Ертең жүруіміз керек. Отпускамыз бітті, көке-ау, Онсыз да кешігетін болдық. Курорттан қайтарда сіздерге соға алмай кетеміз бе деп әбден састым өзім. Жол бойында ұшаққа отырудың өзі құдайдың бір азабы, халық көп…

— Баланы ше? Жеңісті тастап кетпейсіңдер ме? Екеуден-екеу қашанғы отырамыз сойдиып.

— Оны өздерің білесіңдер, мазаларыңды алады демесеңдер…

Ерекең үндеген жоқ. Төсегін салдырып, жатып қалды. Бірақ ұйықтамады. Мазасы кетіп, жүрегі қатты соғып, әлдебір қолайсыз жағдайға тап болғалы тұрғандай өрекпи берді. Біресе кемпірінің баяу қорылына, біресе шымылдықтың ар жағында сыбырласып жатқан баласы мен келінінің орысша сөздеріне құлақ түріп, үнсіз жатыр. Ештеңе де түсінген жоқ. Бірақ келінінің ашынған, батыл үніне қарап, онша жағымды бірдеңе айтып жатпағанын сезген еді. Сезіп қана қойған жоқ, анық білді.

Ертеңіне тұрысымен Сапабек қайтуға жиналды. Әке-шешесіне алған базарлықтарын, біраз жинаған ақшаларын қалдырды.

— Осының бәрі Томаның жинап жүргені. Сіздерге деп осы шыбын-шіркей болып жүреді. Мен болсам, қалтама түскен затты сол күні құртам ғой, — деп қойды. Осыдан барысымен посылка салатынын айтты. Одан соң:

— Ал енді мына балаларың, — деді Жеңісті көрсетіп, — бір түйір қазақша білмейді. — Чемоданының аузын жаба алмаған болып біраз қиналды, — таттанып қалған ба немене? …Ал енді оқу уже басталып қалды. Бұл арада орыс мектебі жоқ. Мұны қалай оқытамыз деп отырсыңдар. Биыл жетіге келді.

Ерекең төмен қарап, үн-түнсіз ұзақ отырды.

— Алып кет өзіңмен бірге, — деді бір кезде даусы қарлығып. — Оқыт, өзіңдей қаңғыбас етіп шығар.

Сапабек тағы да қынжыла күлді.

— Ой, көке-ай, мені бір баласырап барады деп ойлайсың ба? Орыс мектебінің жоқ екенін айтып отырмын ғой. Әйтпесе…

— Бар, бар, алып кет, — деді Ерекең. — Жолдарың болсын!

Түстен кейін жалдап алған машиналарының кабинасына Жеңіс пен Томаны отырғызып, сыртқа Сапабектің өзі отырып, әке-шешелерімен тура өткен жылғыдай сүйісіп қоштасып, «ренжімеңдер» деп ақыл айтып, ауылдан шығып кетті. Машина қарасы үзілген кезде ғана кемпір үн-түнсіз жаулығының шетімен көзінің жасын сүртті.

— Көзің ағарсын сенің, — деді шал ақырып, — жылама!

* * *

Келесі күні Ерекең кетпенін алып «қысқа отын жоқ, бар кезінде қи ойып алайын» деп қыстау жанындағы қораға кетті. Уайымын басу үшін тағы да жігіттік дәуренін, бұрынғының адамдарын еске түсірмек болды. Қаншайымды, баяғы Сырға көшкен ағайын жұртты ойлады. Бірақ құлазыған көңіліне ештеңе алданыш болмады. Тек төбесі шұрқ-шұрқ, ескі қораның ішіне еніп, қоңырсы иісі мүңкіген қара қошқыл, дымқыл қиға өткір жалпақ кетпенін құлаштай сермеп, жұмысқа кірісіп кеткенде ғана кәрі сіңірлері жазылып, құрыстары тарқап, көңіліндегі ащы уайымы да бірте-бірте жоғала бастағандай болды.


Дереккөз: bilim-all.kz