Қолма-қол ақша айналысы және оны ұйымдастыру — Ақша, кредит және банктер — Рефераты на казахском языке — Библиотека

0

 

Қолма-қол ақша айналысы ақша айналымының бір бөлігі ретінде бір елдің аумағында қолма-қол ақша (ұлттық валюта) айналымымен ғана байланысты болады.

Ол шаруашылықты жүргізуші субъектілердің халықпен есеп айырысуын, сондай-ақ халық топтарының арасындағы есеп айырысуды, нақты айтқанда, алынған шығындарды, сыйақыны, шәкіртақыны, жәрдемақыны, сақтандыру төлемдерін және басқа табыстар мен олардың тауарды, тұрмыстық және т.б. қызметтерді, көлік, байланыс секілді қызметтерді сатып алуға жұмсалатын шығындарын қамтитын халықтың ақшалай табысының алынуы мен жұмсалуын қамтиды.

Нақты қолма-қол ақшаға банк кассаларындағы және банкке қатысы жоқ салалардың, яғни кәсіпорындардың, ұйымдардың және мекемелердің кассаларындағы, халықтың өз қолындағы ҚР Ұлттық банк шығарған банкноттар (қағаз ақшалар) мен тиындар жатады. Қолма-қол ақша өз қозғалысын ақшаны айналымға шығаруға және ақша эмиссиясына монополиялық құқығы бар ҚР Ұлттық банктің кассасынан бастайды. Коммерциялық банктер қолма-қол ақшаны қаражатты қолма-қол ақшасыз аудару жолымен өз ресурстарының есебінен қолма-қол ақшаның номиналды құнын өтей отырып, Ұлттық банктен алады.

Қолма-қол ақшаның ұйымдастырылуына екінші деңгейдегі банктер маңызды рөл атқарады. Тауарлардың алмасуын қамтамасыз ететін қолма-қол ақшаның ауыспалы айналымында банк ақша қозғалысының бастапқы әрі ақырғы тармақтарын қамтиды. Кәсіпорындардың кассасына түскен қолма-қол ақша кәсіпорынның шотына есепке алынуы үшін банк мекемелеріне берілуі тиіс. Екінші жағынан, қолма-қол ақша айналасының саласына ақша банк кассасынан кеп түседі (еңбекақы түрінде немесе басқа қолма-қол ақшамен есеп айырысудың нәтижесінде).

Банк кассасында қолма-қол ақша сомасы мыналар үшін әруақытта болуы керек: осы банкте шоты бар өз клиенттерінің қолма-қол ақшаға деген қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін; қажет болған жағдайда банк кредит алатын клиентіне қолма-қол ақшаны ұсыну үшін; шоты басқа банкте болса да, осы банкте өз чегін өтеуге келісімі бар клиентке қолма-қол ақшаны беру үшін; басқа банктермен төлем айналымында пайда болған сәйкессіздікті баланстау (теңестіру) үшін.

Банк клиенттерін қолма-қол ақшаны қызмет көрсетуші банк кассасында өз шотындағы банк кредитке берген ақшалай қаражат есебінен алады. Олар оны тауарларды сатып алуға және қызмет көрсетулерге пайдаланылатын еңбекақыға, шәкіртақыға және басқа төлемдерге береді.

Белгілі бір уақыт аралағында қолма-қол ақшамен жүзеге асырылатын төлемдердің жалпы сомасы банк кассасынан берілетін қолма-қол ақшаны, банк кассасына түсетін ақшаны, пошта арқылы айналымда болатын қолма-қол ақшаны, кәсіпорындардың, ұйымдардың және мекемелердің халыққа төлейтін төлемдерін, азаматтардың арасындағы қолма-қол ақша айналымын қамтитын қолма-қол ақша айналымының шамасын сипаттайды.

Негізгі қолма-қол ақша айналымы экономикадағы кассалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын банк кассалары арқылы өтеді. Банктегі шоттарға ақшалай түсімдердің есепке алынуы мен әр түрлі мақсаттарға қолма-қол қаражаттың берілуі банктің кассалық операциясы деп аталады әрі осыған қарай банктердің кіріс және шығыс кассалары болады.

Кіріс кассасының жұмысы банк клиентінің түсімді белгілі бір күннің ішінде (кешкі касса) беруіне мүмкіндік тудыратындай етіп ұйымдастырылған.

Инкассация түсімді алынған орыннан банкке дейін жеткізілуін және оның жолда қорғалуын қамтамасыз етеді. Айтарлықтай мол болатын тұрмыстық, күн сайынғы түсімдер, сондай-ақ ойын-сауықтан түсетін түсімдер де инкассациаланады. Қолма-қол ақшаның инкассациясын банктер жоғарыда аталған клиенттермен келісімшартты бекітудің негізінде жүзеге асырады. Банктерге түскен қолма-қол ақша қайдан алынса, соған жұмсалуы керек.

Қолма-қол ақша айналымы қолма-қол ақшасыз айналымға қарағанда айтарлықтай аз болғанына қарамастан оның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан маңызы өте жоғары, ол халықтың ақшалай табысындағы өзгерістерді және тұтас ақша тұрақтылығындағы өзгерістерді жылдам байқайды. Осы қажеттілікке қарай бұл өте күрделі болса да мемлекет тарапынан реттеліп, бағдарлануы керек.

Қолма-қол ақша айналысының болжауы экономикалық бағдарламаның жалпы жүйесінің құрамдық бөлігі болып табылады, қолма-қол ақша айналысын болжаудағы ҚР Ұлттық банкі жүзеге асырады. Бұл үшін облыстарда және тұтас Қазақстан Республикасында әрбір тоқсанның кассалық айналымына болжау жасалады. Кассалық айналымды болжаудың негізінде алдағы кезеңде түсетін түсімдердің мөлшері, екінші деңгейдегі банктердің кассасына түсетін қолма-қол ақшаның көздері, қолма-қол ақшаның берілетін бағыттары, олардың айналысқа шығарылуы немесе айналыстан алынуы анықталады.

Қолма-қол ақша айналымы біз келесі тарауда қарастыратын ақшалай айналыстың заң талаптарын барынша жоғары деңгейде қанағаттандыратындай етіп болжануы керек. Бұл ақшаның сатып алу қабілетін сақтау үшін және экономикада барынша аз шығынмен айналысы үшін қажет.