Қоғамның даму кезеңдеріндегі әр түрлі экологиялық проблемалар

0

Ғаламдық экологиялық — экономикалық проблемалар. Үшінші мыңжылдыққа адамзат баласы өзара байланысқан күрделі экономикалық, саяси, этникалық және ғаламдық экологиялық прблемалармен қадам басты. Қоғамдағы адамзат баласы рөлінің артуы экологиялық мәселелердің ғаламдық деңгейге көтерілуіне негіз болды. Бүгінгі таңда экологиялық мәселелердің алдын алу және жою шараларын жан-жақты жүргізу арқылы ғана адамзаттың терең де мағыналы өмір сүруін қамтамасыз етуге болады.

Экология анықтамасы ғылыми бағыт ретінде 1866 жылы қалыптасты, яғни немістің биолог-ғалымы Эрнест Геккель экологияға «ағзалардың қоршаған ортамен қарым-қатынасы туралы ғылым» деген анықтама берумен қатар, әр түрлі кезендердегі ұлы ғалымдардың еңбектерін саралай отырып, жаңа «экология» деген атауды ұсынды Қазіргі таңда, мол тәжірибелерді бойына жинақтаған экология ғылымы өзіне тән даму теориясы қалыптасқан ғьшым саласы болып табылады.

Жер бетінде бір дәуірден екінші дәуірге, бір кезеңнен екінші дамыған кезеңге өту халық санының біртіндеп артуына қолайлы жағдай жасаумен қатар, қоршаған ортамен байланысты экологиялық мәселелердің қалыптасуына өзіндік ықпалын тигізді тарихқа көз жүгіртетін болсақ, онда біздің ғасырымыздың басында жер бетіндегі халық саны 100-200 млн адамды құраса, 1500 жылдарда шамамен 450 млн адамды құраған. Дегенмен, тарихи мәліметтер бойынша жер бетінде халық саны бірде артып, бірде әр түрлі оба, ішсүзегі және тағы басқа жұқпалы аурулармен қатар, ауыл шаруашылығының өнімділігін төмендетіп, аштықты тудыратын табиғи-климаттық құбылыстардың әсерінен төмендеп отырғандығын байқауға болады.

XV ғасырдан бастап адамзат баласы аграрлық мәдениетті қалыптастыра отырып, тамақ өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту арқылы халық санының тұрақты артуына қол жеткізді. Осы кезеңдегі ұлы географиялық ашылулар барысында ғаламдық көші-қон үдерісі басталды. Көші-қон үдерісінің ғаламдық сипат алуы экологиялық мәселелердің кеңінен таралуына себепші болды.

Қоғам мен табиғаттың өзара байланысуының бастапқы кезеңдерінде жаңа аумақтарды ауыл шаруашылығы айналымына тарту біртіндеп табиғи ландшафттардың өзгеруіне, топырақтың тозуына, суармалы жерлердің тұздануына алып келгенімен, экожүйе айтарлықтай өзгерістерге ұшырай қоймады. Тек XX ғасырдың басында өнеркәсіптік революция салдарынан адамның табиғатқа ықпалы ғаламдық сипат алды. Осы кезенде жер, су, орман, пайдалы қазбалар секілді табиғи ресурстар шаруашылық айналымға кеңінен тартылып, осының салдарынан қоршаған ортаға келетін антропогендік жүктеме көбейді. Техносфера қарқынды түрде қалыптаса бастады. Қоғам дамуының алғашқы кезеңдеріндегі қоршаған ортадағы өзгеріс табиғи ландшафттардың өзгеруі есебінен болса, кейіннен қоғамның индустриялануы барысында өнеркәсіптік және тұтыну қалдықтарының ықпалы жоғарылады. Яғни, ортаның техногендік ластану үдерісі қарқынды сипат алды. Адам қолымен пайда болған экологиялық мәселелер кең ауқымда таралып, күрделі, төтенше, аса қауіпті сипат ала бастады.

Адамзат баласы биологиялық түр ретінде табиғи факторлардың ықпал етуімен дамиды. Ерте кездегі алғашқы адамдар табиғаттың өнімділігін өзгеріссіз қалпында пайдаланды. Бұл кезең жинау және аң аулаушылық кезеңі ретінде сипатталып, ресурстардың аздығы немесе болмауы адамдардың ресурстар мол шоғырланған аумақтарға ауысуына себепші болды. Табиғи ресурстардың молшылығы және қолайлы табиғи жағдайлар бір дәуірден екінші дәуірге өтуге негіз бола отырып, экономикалық даму қарқынын тұрақтандырып, әлеуметтік жүйенің гүлденуіне ықпал етті.

Тауар-ақша қатынастарының қалыптасуы жағдайында ресурстарды пайдалану қарқыны арта бастады. Ресурстардың жетіспеушілігі әлеуметтік қайшылықтарды туындатты және соның есебінен шешіліп отырды: мысалы, бөтен аумақтарды жаулап алу, табиғи ресурстарды қайта бөлу және т.б.

Өнеркәсіптің қарқынды дамуы барысында ресурстарды тұтыну физиологиялық нормалармен салыстырғанда он, жүз, мың есеге артты. Тек, 100 жылдың ішінде энергияны әлемдік тұтыну 14 есеге артқан. Энергия ресурстарын тұтыну шартты отынға қарағанда 400 млрд тоннаға артты.

XX ғасырдың екінші жартысында адамзат өзін планетарлық күш ретінде сезіне бастады. Дегенмен, осы кезеңде ресурстардың жетіспеушілігі, табиғи орта сапасының төмендеуі секілді мәселелерді әлеуметтік-саяси жанжал, көші-қон есебінен шешуге мүлдем болмайтындығы айқындалды. Бұл әдістер өткен кезендерде тәжірибеде кеңінен қолданылған, бірақ қазіргі жағдайда оларды қолдану мүмкін емес және дағдарыс жағдайын одан әрі күрделендіреді. Жер, биоресурстар, минералдық шикізаттарды кеңінен пайдалану планетаның табиғи мүмкіндігін шектеп, адам мен табиғи орта арасындағы қарама-қайшылықты туындатты. Қазіргідей адам санының тез қарқынмен артуы бұрын-соңды тарихта болмаған. Жер бетінде халық саны 2,5 есеге артты, мұндай жағдайда экожүйе жер бетіндегі халықтың туындаған барлық қажеттіліктерін қанағаттандыра алмайды, сонымен қатар, адамның өмірін қамтамасыз ететін ресурстар қоршаған ортаға қайтадан қалдық түрінде қайтарылады. Осының салдарынан табиғатта экожүйе бұзылып, биосфера тұрақсыздығы байқалуда.

Қолданылған әдебиеттер: Мұхажанова Н.А. Жаһандық экология: Оқу құралы. -Алматы: Экономика, 2011. — 172 бет.