Қоғам мен табиғаттың өзара байланысуы нәтижесінде қалыптасқан экономикалық қатынастар

0

Қоғам мен табиғаттың өзара байланысу үдерісіндегі экономикалық қатынастарды адамзат тарихының барлық кезендерінен қарастыруға болады. Қазіргі экономиканың негізгі блоктары антикалық дәуірден қазіргі кезеңге дейінгі ұзақ уақыт аралығында қалыптасты.

Экономика туралы алғашқы көзқарастар ежелгі ойшылдар Платон, Аристотель, Ксенофонттың еңбектерінде берілген.

Б.д.д. 445-355 жж. өмір сүрген Ксенофонт «Экономика» деп аталатын үй шаруашылығын басқару жөніндегі еңбекті жазған. Грек тіліндегі экономика «шаруашьшық» және «заң» деген мағынаны, яғни тікелей аударғанда «шаруашылықты басқару заңдары» дегенді білдіреді. Ксенофонт еңбегінде экономикаға өз байлығын байыту туралы ғылым деген анықтама берілген.

Қоғамның дамуына, мемлекеттің қалыптасуына орай экономика мемлекеттік шаруашылықты жүргізу ережелерін айқындай бастады. Осы бағыттағы алғашқы зерттеулермен француз экономисі Антуан Монкретьен (1575-1622) айналысып, «Қоғамдық шаруашылық заңдары» атты еңбегін жарыққа шығарды.

Экономика ғылым ретінде XVI ғасырдың аягында XVII ғасырдың басында қарқынды дами бастады, бұл кезеңде меркантилизм (итальян тілінде «mercante» — көпес, саудагер) атты экономикалық ілім қалыптасты. Қоғамдағы буржуазиялық қатынастардың қалыптасуының алғашқы кезеңдерінде тауар және ақша айналымы қарастырылып, өндіріс саласы қарастырылмаған. Меркантилизм ілімі бойынша, байлық тек сыртқы сауданың нәтижесінде ғана жинақталады, сондықтан тек айналым саласын ғана зерттеу керек.

Кейіннен классикалық экономикалық мектеп теориясы қалыптасты. Бұл мектеп өкілдері шынайы байлықтың көзі сыртқы сауда емес, керісінше өндірісте, тауарда деп есептеді. Классикалық саяси экономияның жарқын өкілдері — Адам Смит (1723-1790) және Давид Рикардо (1772-1823).

Экономика ғылымының одан әрі дамуы XIX ғасырдың екінші жартысында пайда болған және қалыптасқан марксизм бағыты, XIX ғасырдың 90-жылдарында классикалық экономикалық теориямен байытылған, неоклассикалық деп атала бастаған маржинализм бағыты (француз тілінде marginalшекті) арқылы жүзеге асырыла бастады. Неоклассикалық мектеп өкілдері өздері жүргізген зерттеулерді «таза экономика» деп есептеп, зерттеу нысаны ретіңде өз пайдасын жоғарылататын жеке субъектілердің және тұтыну игілігін алғаннан кейін пайдалылықты жоғарылататын жеке тұтынушылардың мінез-құлықтарын қарастырды. Неоклассикалық экономикалық теория әлі де батыс экономикалық мектептерінде басымдық танытып отыр.

Ұзақ уақыт бойы қалыптасып дамыған экономикалық теорияның барлық бағыттарында экономикалық өсу үш фактормен анықталды: еңбек, капитал және табиғат ресурстары. Табиғат ресурстары шексіз болып саналғандықтан экономикалық дамудың техногендік типі қалыптасты. Дегенмен, XX ғасырдың 70-жылдарында күрделенген экономикалық жағдай мен табиғат ресурстарының тапшылығы экономикалық дамуды шектей бастады. Жоғары табиғат сыйымдылығы, қайта жаңартылмайтын табиғат ресурстарын шектен тыс пайдалану, ассимиляция мүмкіндіктерінен асып түсетін қоршаған ортаға әсер етуді күшейту дамудың техногендік түрінің ерекшеліктері болып табылады. Қазіргі уақытта қоғамдық қажеттіліктер биосфераның мүмкіндігінен де асып отыр. Дәстүрлі экономикалық сала өз зерттеулерінде қалдықтарды, кез келген материалдық өндірістің теріс әсерлерін, жоғалтуларды жан-жақты қамти алмағандықтан экономикалық дамудың басқа үлгісі — тұрақты дамуға өту қажеттілігі туындауда.

Қолданылған әдебиеттер: Мұхажанова Н.А. Жаһандық экология: Оқу құралы. -Алматы: Экономика, 2011. — 172 бет.