Қазақтың киіз үйі туралы қазақша

0
119

Киіз үй – «Атамыз – Алаш, керегеміз – ағаш», «Киіз туырлықты, ағаш уықты қазақпыз» деп, аталы сөз айтып қалдырған ата-бабаларымыздың негізгі баспанасы. Киіз үй – тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі, тіпті оған көршілес елдердің де тұрақ-мекені. Солай бола тұрса да, оны қастерлеп ұстап, ғасырдан ғасырға оның мән-маңызын өзгертпей жеткізген біздің қазақ халқы екенін әрдайым мақтанышпен айтамыз.

Шығу тарихы біздің заманымызға дейінгі ғасырларда пайда болған киіз үйді біздің халық қасиетті, киелі қара шаңырағымыз деп дәріптейді. Өйткені киіз үй қазақтың тұрағы, құтты мекен-жайы, еншісі, баспанасы, мүлкі, мақтанышы деп бағаланды. Әрине, киіз үйді әркім біледі, бағалайды. Шынында да, арғы-бергі тарихымыз бен мәдениетімізді зерделей қарасақ, киіз үйіміздің атқарған қызметі мен рөлі өте зор екеніне көз  жеткіземіз. Оған қарап отырсақ, бірнеше жүздеген, мыңдаған жылдар бойы ата-бабаларымыздың ақыл-ойы, тұрмыс мәдениеті, талғамы еш халықтан кем емес екен. Ғұламалар айтып кеткендей, осы киіз үйден қазақ халқының аспан әлеміне, есептеу жүйесіне, экономикалық біліктігі, мәдениет пен өнердегі талғамы – жалпы өмір тәжірибесіндегі іске  бейімділігі аңғарылады. Ал XII-XIII ғасырлардағы мемлекеттердің Алтын орда, Ақ орда, Көк орда деп аталуының өзі осы киіз үйге байланысты екенін Ш.Уәлиханов айтқан.

Тағы бір ерекше айта кетерлік жай: біздің киіз үйіміз тек баспана ғана емес, ол сәулет, құрылыс, сурет, қолөнер сияқты бірнеше өнердің басын құрайтын ғажайып туынды десек те болады. Басқа  елдердегідей емес, бұл ағаш, киіз, ши, ішінара күмістен құрастырылады, әрі көшпелі (жылжымалы) құрылыс түріне жатады. Дала тұрғындарының тапқырлық шешімін  осы тұрғыдан қарап бағалаған әлем ғылымы, мәдениеті мен өнерінің білімпаз сарапшылары дүниежүзілік, халықаралық этнографиялық көрмелерде қазақтың осы өнеріне әрқашан жоғары баға беріп отырған. Мысалы, 1861 жылы Алмас деген кісі Париждегі Дүниежүзілік этнографиялық көрмеге киіз үй апарып, еуропалықтарды таң қалдырып, бәйге алған. 1876 жылы Мейрам қажы Жанайдарұлы Петербургке, 1890 жылы Ибраим Әділов Қазандағы көрмеге кміз үй апарып, қазақ мәдениетін Еуропаға паш еткен. 1827 жылы Бөкей ордасының ханы Жәңгір Ресей патшасы I Николайға  киіз үй сыйлап, патша ағзам оған риза болған (Ә.Марғұлан). Жазушы Шыңғыс Айтматов  Батыс Еуропадағы белгілі мұражайлардың бірінен қазақтың киіз үйін көргендігін жазды. Сондай-ақ Германияның Гамбург, Майндағы Франкфурт қалаларындағы мұражайларда да қазақ киіз үйлері бар.

Көкшетаудағы Абылайдың ақ ордасы, Шыңғыс төренің 24 қанат ордасы, Жетісудағы Тезек төренің ордасы, Ырғыздағы Самырат байдың үйі,  Ақмоладағы паң Нұрмағамбеттің үйі сияқты елге аңыз болған үйлер көп болған. Киіз үй ішін жабдықтауға қазақ азаматтары байлығын аямаған және сол арқылы қазақ дәулеті мен мәдениетін таныта білген.

Байлығымен елге аңыз болған Кіші жүзден шыққан Байсақал қызын ұзатқанда оған арнайы отау әзірлеткен екен.

Қазақтың осындай байлығы мен сән-салтанатының куәсі болған киіз үйлер тәркілеу, соғыс, аштық, колхоздастыру сияқты жауыздық әрекет салдарынан құрып кетті. Сөйтіп, ХХ ғасырда қазақ мәдениетінің баға жетпес мұрасы – киіз үйдің құны мен маңызы төмендеді. Оның орнына кеңестік тәсілмен қалай болса солай жасалған, бір-екі жылдан артық тігуге келмейтін, қара құрым жабылған сапасыз бірдеңелер көптеп шығарылды да, ол киіз үй атты қасиетті, құтты орынның құнын түсірді.

ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдары қазақ мемлекетінің жеке шығуы ұлт мәдениетін, оның ішінде киіз үйдің қадірі мен орны өз дәрежесінде қайта дәріптелуі, оларға лайықты ас пен тойлардың өткізілуі және соған сәйкес ұлттық мәдениет рөлінің артуы киіз үйге деген көзқарасты айқындады. Енді той-думан тігілген киіз үй сән-сәулетімен, өнер шеберлерімен, ұлттық дәулетімен, түрлі спорт жарыстарымен дәрежеленетін болды. Мысалы, тоқсаныншы жылдар басында Абылай хан, Қабанбай, Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек батырлардың, Бұхар жыраудың, ұлы Абайдың, Жамбылдың тойында киіз үйлер жүздеп, мыңдап тігіліп, оларға бәйгелер белгіленді. Осы тойларда тігілген киіз үйлердің ішінде халықты таңқалдырған Торғай ордасы жұрттың әлі есінде. Алғаш рет Көкшедегі 1991 жылы Абылай хан асында тігілген бұл орда басында 12 қанат, кейін 18 қанат болып көлемі ұлғайтылды. Ол 1992 жылы қазақтардың Дүниежүзілік құрылтайында, 1993 жылы Есет батыр, Шақшақ Жәнібек батыр асында, 1995 жылы Абай тойында тігіліп, бірнеше рет жүлделі бәйгелерге ие болды. Бұл орданы дайындап, ұмыт болған істі батылдықпен қолға алған Торғай азаматтары сол кездегі Жанкелдин ауданының әкімі Жақан Қосабаев пен Ахмет Байтұрсынұлының жерлестері – Аңсаған Қоңқабаев және Болғанбай Қойшиндер еді.

Бұл киіз үйді ХХ ғасырдағы қазақ  ордасының басы десе де болады. Орданың биіктігі 8 метр, ішіне жүздеген адам еркін сияды. Киіздері ақ тоқтының жүнінен басылған. Іші-сырты тек қана ұлттық бұйымдармен, киімдермен, тұрмандармен жабдықталған. Желбау, басқұр, тұскиіз, ыдыс-аяғы, ең ақыры, төсенішіне дейін қолдан шыққан қазақы дүниелер. Осы үйде болған қазақ зиялылары, мемлекет қайраткерлері Халифа Алтай, Е.Әуелбеков, М.Сағдиев, Ө.Жәнібеков, К.Сағадиев, М.Қозыбаев, М.Жолдасбеков, Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбаев, Ф.Оңғарсынова, С.Жүнісов, Ш.Шаяхметов сынды білімді азаматтар, шетел өкілдері орданың ғажап шеберлікпен жасалып, тігілгеніне риза болды. Бұл жерде осыған өлшеусіз үлес қосқан Ахмет ауылының қыз-келіншектерінің баға жетпес еңбегін айтпай кетуге болмайды. Бұл орда бір ауылдың емес, бүкіл қазақ елі мәдениетінің, өнерінің үлкен табысы деп бағаланды.

*****

Киіз үй – көшпенділердің тез жығып, шапшаң тігуге, көшіп-қонуға ыңғайлы баспанасы. Қыста жылы, жазда салқын келетін бұл құрылыс жер сілкінісі сияқты жаратылыстық апаттарға төзімділігімен, сәулет өнерінің жинамалы және жылжымалы үлгісі сынды болмысымен танымал. Киіз үйдің пайда болуы және қазіргі қаңқасының қалыптасуы сан мың жылдық тарихты бастан кешірді. Археологиялық қазба деректерден киіз үйдің қола дәуірінде қолданысқа түскені анықталды. Грек тарихшысы Геродоттың заманымыздан бұрынғы V ғасырда сақтардың киіз үйлерде отыратындығын қағазға түсірсе, үйсін еліне келін болып түскен Қытайдың хан династиясының ханшасы Ши Жүннің: Дөңгелек үй, туырлық там орнына, Ет жеп, айран ішеді ас- суына,-деп «жырлағаны» бар. Осыған қарағанда, зерттеушілердің киіз үйдің жасы «бес мың жылдан асып жығылады» деген межесі де негізсіз емес секілді. «Қай халықтың болса да рухани әлемі, ең алдымен, оның дәстүрлі өнерінен көрінетіні мәлім» (Өзбекәлі Жәнібеков). Дәл сол сияқты қаңқасы ағаштан, туырылығы киізден жасалған дәстүрлі қөлөнер туындымыздың бірегейі – киіз үйдің бойынан да халқымыздың бүкіл рухани әлемі, ұлттық болмысы, дүние танымы, естетикалық көзқарасы менмұндалап тұр. Мәселен: Геометрия, математика, физика ғылымдарының заңдылықтарын негізге алған кейбір зерттеушілер «уықтың біртіндеп иіліп, күштің уықтың қарынан иініне ауысатыны профилы парабола екендігін; киіз үйдің күмбез тәрізді жасалуы күн тіке түсетін беттің неғұрлым аз, ішкі көлемнің көп болуын қамтамасыз ететінін әрі ауа алмасуға өте қолайлы болатынын; киіз үйдің әдемі көрінуі оның пропортсияларына немесе «алтын қима» өлшеміне байланысты екенін; жалпы формасының дөңгеленіп келіп, бұрыштардың болмауы оның әсемдігін арттыра түскенін» алға тартса, астрономия ғылымы тұрғысынан зерттеушілер «темірқазық жұлдызы дәл ортасына орналасқан солтүстік нүкте шеңбері – киіз үйдің шаңырағына, тік сызылған аспан бойлықтары – киіз үйдің уықтарына, көлденең сызылған аспан ендіктері – киіз үйдің керегесіне ұқсайтынын» дәйекті дәлелмен көрсетеді. Алып аспанды «көк күмбезі» деп атаған халқымыз төбедегі аспанды шаңыраққа, одан төменгі кеңістікті уыққа, көкжиекті керегеге ұқсатып, киіз үйін ғаламның ортасы, кіндігі» деп танығандығына талас жоқ. Бұл жөнінде белгілі зерттеушісі Атилла Сансызбайұлы «Киіз үйдегі кеңістік – қазақ дүние танымының тоғысқан жері. Киіз үй – ғаламның моделі. Шаңырақ – күннің символы. Күлдіреуіш – төрт тарап. Уықтар – күннің сәулесі. Ошақ – адамның оты. Төр – ақ пен қараның ара жігін ажырататын адамның орны. Сол жақ босаға – әйелдің; оң босаға – еркектің символы» (ықшамдалып алынды) деп түйіндегеніне қарағанда, атамыз қазақтың «Есігің – есің, босағаң – сесің, табалдырық – тәубең, маңдайша – мәртебең, шаңырақ – пірің, туыс – керегең, төр – дәрежең, ошағың – ырыс, түтінің – тыныс, белдеуің – қорған, түндігің – тегің, туырлық – елің, уығың – ерің, осының бәрін көтерер – қасиетті қара жерің» деп тұжырымдауында да үлкен мән жатыр. Киіз үйді қазақтың ғана «еншісіндегі дүние еді» деуден аулақпыз. Қазақтан тыс, қырғыз, моңғұл ұлттары да киіз үйде тұрмыс кешіріп, «киіз туырлықтылар» атанды. Алайда, әр ұлттың ұлттық салт-сана, діни сенім, тұрмыс мәдениетіндегі ұқсамастықтарға сай, киіз үйінде де айқын парықтар бар. Осы парықтарды ескерген зерттеушілер киіз үйді «қазақ үй» және «моңғұл үй»(гэр) деп екіге бөліп, олардың парқын: «үй ағаштарының жасалуы ұқсамайды; сыртқы жамылшыларының пішіліп, жабылуы ұқсамайды; сыртқы пішіні ұқсамайды; бау-шу, өрнектері, ішкі жиһаздалуы ұқсамайды» деп 4 түйінге жинақтайды. – Көшпелілердің сан ғасырлық тәжрибесі, өмірлік қажеттілігі, ой өрісі, талғам- танымы бір ғана киіз үйдің бойына шоғырланғандай. Олардың сұлулық туралы талғам-түсінігі, дүниені сұлулық заңдылықтарымен игеру мүмкіндігі негізінен осы киіз үй арқылы көрініс тапты,- деп жазады атақты ғалым Ақселеу Сейдімбек. Айтып-айтпай, киіз үйдің бойындағы сұлулықты тілмен түгендеу мүмкін емес. Оны көзімен көріп, оған түнеп шыққан жолаушының таңдай қағып, тамсанбағаны жоқ. Оған мысал ретінде Қытай ордасының атақты ақыны Бәй Жүй-иінің (772- 846) «киіз үй» (青毡帐二十韵) деген өлеңін (аударған Несіпбек Айтов) толығымен келтірейік: Киізіне жүні кеткен мың қойдың, Шаңырағы қайыңынан күнгейдің. Әрі берік, әрі ыңғайлы, әрі әсем, Дей алмаймын ағашына мін қойдым. Сайын дала оның мекен-тұрағы, Бірде көрсең терістікте тұрады. Сарбаздармен бірге көшіп сағымдай, Бір қарасаң түстік жақтан шығады. Шым жібектен мықты белбеу байлаған, Қозғалта алсын қандай дауыл, қай боран?! Кірсең жылы, іші қыж-қыж қайнаған, Көкжиектей дөп-дөңгелек айналаң. Тауқыметтің тартып едім талайын, Бұл киіз үй болды менің сарайым. Айлы күнгі көлеңкесі-ай көлбеген, қыста онымен бірге өтеді сан айым. Туырлықтың сыртын қырау шалса да, Ызғар өтпес боран соқсын қаншама. Сән-салтанат іші кірсең шыққысыз, Көрген пенде таңдай қағар тамсана. Жыршы төрде, бұлбұл құстай сайрайды, Бақсы билеп от басында ойнайды. Балдай қымыз балбыратып денеңді, Алпыс екі тамырыңды бойлайды. Қою түннің құшағында аунаған, Қандай ғажап жалынды ошақ лаулаған! От сәулесі аймалайды іргені, Дірілдеген қызыл гүлден аумаған. Кең ашылып түнгі ауаның құшағы, Қасиетті түтін көлбеп ұшады. Сәл сейілсе, кенет көктем суындай, Тасқындаған өлең көпті құшады. Мұнда отырған жанда қандай бар қайғы, Ұжымаққа шақырсаң да бармайды. Шөп күркеде күн кешкендер күйбеңмен, Май тоңғысыз қыстадағы жаурайды. Сопылар да киіз үйді армандап, Пысықай да қарызданар қалбаңдап. Мен осында ұрпағымды өрбітіп, Дәм-тұзымды жаям келген жанға арнап. Салтанатты сарайына патша мас, Сарай барлық үмітіңді ақтамас. Киіз үйдің құдыретіне жоқ талас, Сарайыңа бермеймін мен баспа-бас! Киелі киіз үйдің кереметі туралы бұдан артық айтудың қажеті жоқ. Өкінерлігі ата-бабамыз бағалы мұра ретінде ұрпағына қалдырып, сан ғасырдың сынағынан сүрінбей өткен киелі киіз үйдің соңғы кездері заманның дамуына, өндіріс-тұрмыстағы өзгерістерге ілесе, қолданыс аясы тараюымен қатар, сән-салтанаты жағынан да кетеуі кетіңіреп барады. Оның үстіне, киіз үйдің толық зерттеулмеуі, бертінге дейін дұрыс насихатталмай, «киіз туырлықтылардың баспанасы» деп ғана қаралуы да киіз үйді кім көрінгеннің «қолжаулығына» айналдырып жіберген сыңайлы. Киіз үймен байланысты ұмытылып бара жатқан атаулар да аз емес. Қолданылуына, үлкен-кішілігіне, тігілу әдісіне, түсіне байланысты атауларды айтпаған күнің өзінде киіз үйімен қатысты балаған, шайла, ақтақыр, жоламай(жолым үй)… сияқты баспаналардың атының өзі ұмытылып барады. Демек, киіз үй қазақтың мәдени мұрасы дегенімізбен, бабаларымыздың ісмер қолынан шыққан талай өнер туындылары бұл заманға жеткен жоқ. Алты алаш өсіп-өнген қасиетті киіз үй мереке-мейрамдарда сән үшін тігілгені болмаса, қаланы қойып қазақтың кең байтақ сахарасынан киіз үйді табу барған сайын қиындап барады. Әсем Астана салып, сан түрлі құрылстың үлгісін әкелгенімізбен, бас қаланың өзінде киіз үй формасында жобаланған бір құрылыс жоқ. Бұл жағынан көрші ел Қытай бізден көш ілгері. Атап айтқанда, Қытайдың Мори қазақ автономиялы ауданында салынған 800 шаршы метрлік алып киіз үйдей бір киіз үй жоқ Қазақстанда. 1000 нан актық адам сиятын бұл киіз үйдің іші қазіргі заман ағашпен, киізбен безендірілген. Ішінде қазақтың қайқы бас төсегі, асадал сияқты бұйымдардың бәрі бар. Дүниедегі ең алып киіз үй саналатын бұл құрылысты көруге алыс-жақыннан келген туристердің таңдай қағып тамсанбайтыны жоқ. Ал Қазақстан «қазақ-қырғыз халықтарының киіз үй дайындау және тігу өнерін» ЮНЕСКО-ның адамзаттың бейзаттық мәдени мұрасы тізіміне енгіздік(2014 жылы 26-қараша) деп мақтанғанымен, киіз үйді ұрпақтарға дәріптеу жағынан пәрменді жұмыстар істеп жатқан жоқ. «Адамзаттың бейзаттық мәдени мұрасы тізіміне енді» деп марқайғанымызбен, киіз үй жасайтын шеберлерге ұлт өнерінің мұрагері ретінде қолдау көрсетілмесе, ертең киіз үй мұражайларда ғана қалып, тұрмысымыздан тысқары қалмай ма?! Өйткені әлемдік техниканың дамуы мен оның жетістіктері киіз үйді жер бетінен жойып жіберуге итермелеп отыр. Оның алғашқы сатысы киіз үй жасайтын, үй ағаш басатын шеберлердің азаюынан бастау алды. «Шаңырақты киіз үйдің терезесі» деп білетін «осы замандық» идеядағы адамдардың көкейінен киіз үй жөніндегі көп атау көтеріліп ғана қалмай, «қазақ киіз үйде тұрған» дегенге арланатын ұрпақ та өсіп келеді. Сондықтан ендігі жерде кезінде дүние жүзі саяхатшыларының таңдайын қақтырып, талайдың басын игізген қасиетті киіз үйдің қазақ халқы үшін қаншалықты маңызы бар екенін ұрпақ санасына сіңіру айрықша маңызды. Ол үшін киіз үй жөніндегі зерттеуді, үгіт, нәсихатты күшейту керек. Қазіргі сұраныс қажетін ескере отырып, қазақ киіз үйін жаңаша пайдаланудың жолын іздеу, нарық заңдылығына бейім шешімдер тауып, киіз үй жасайтын шеберлерге экономикалық жақтан көмек көрсету қажет. Сонымен бірге, ғимараттар, шағын архитектуралық құрылыстар киіз үй формасында жобаланса да құба-құп. Қазақ халқының адамзат мәдениетіне қосқан, тұтас әлем мойындайтын үлестерінің ішінде ең әйгілісі жылқыны қолға үйрету болса, енді бірі доңғалақты арбалар жасап, оның үстіне киіз үй тіккені болуға тиіс. Қазақ тілінде «күрен» деп аталатын бұл үйлер бір қанша тарихи фильмдерде көрініс бергені болмаса, қазыр көп елдің санасынан өшіп тынғаны өтірік емес. Қытайда жасалған «Шыңғыс хан» киносынан кейін «күренді» моңғұлға тәуелдейтіндер де кезікті. Нағында әлемді билеген Шыңғыс хан әулетінің мақтанған шағында, өздерінің өзгеден артық екенін, бай екенін суреттеу үшін «дидар сұлу қыздарды, қазақ күйме мінгізіп» деген теңеуді пайдаланғанын ескерсек, күрен де қазақ өнерінің туындысы екеніне шүбәләнбайсыз. Оның үстіне, күрен жайлы тарихи жазбалар да аз емес. «Олар тұратын үйлер ағаш кеспектерінен құрастырылып, бұтақтармен шабақталған, төбесінде жоғары қарай мойнын созып, ықшамдана түсетін оттықтікі сияқты дөңгелек түтігі бар арба үстіне орналастырылады да, үнемі аппақ болып жарқырап тұруы үшін жүнге ак, ақ топырақ, сүйек ұнтағын қосып басқан ақ киізбен қапталады екен. Үйлер мейілінше кең, ені 30 фут, дөңгелектерінің арасы 20 фут болған. Осындай үйлі арбаға 22 өгіз жегілген(Гилом де Рубрук)» (Өзбекәлі Жәнібеков, «Жолайырықта»). Шынын қуғанда, киіз үй қазыр бүкілдей қолданыстан қала қойған жоқ. Саяхат орындарында, той-томалақтарда киіз үй әлі де көп тігіледі. Бірақ шын киіз үйлер жоғалып, оның орнын киіз үй формасында сүйегі басқа матриалдан, жамылшысы шекпеннен жасалған «дөрегей» үйлердің басып бара жатқаны көпке мәлім. Тасымалға қолайсыз, зілдей ауыр, жарты жыл өтпей қара қожалақ болып кететін бұл «үйсымақтардың» кемшілігі шәш етектен. Уық- керегесі темірден жасалған киіз үйлердің таулы, жаңбыр көп жауатын орындарда найзағай түсіп, өмірге қауып төндіретіні тағы бар. Талдан үй ағаш басу мүмкіндігіміз де азайып барады. Үй ағаш тұр ғой, отын алғызбайтын орман қорғау орындары шырпы сындырсаң, шырылдатқалы тұр. Осы жағдайды ертерек ескерген, Қытай қазақтарынан шыққан құрылыс инженері, қазақ киіз үйін архитектуралық тұрғыдан зерттеушілердің бірі Болат Кәрібай әйнек талшықтан киіз үйдің қаңқасын жасады. Өзі жобалап, Қытай мемлекеттік білім меншігі ұқығы мекемесінен ZL1012 2 0578640.7 нөмірлі патент ұқығын алған бұл киіз үйдің «үй ағашының» сырттай қарағанда, ағаш үйден еш парықы жоқ. Көші-қонға қолайлы, жеңіл, тат баспайды, неше жыл өтседе түсі таймайды, аумайды. Оңай сынбайды, тіпті ағаштан да мықты. Оның үстіне, бұл үй, уығының қаламы жоқтығы болмаса, қазақ киіз үйінің барлық ерекшеліктерін негізге ала отырып жасалған. Керегесі жел көз, кереге басының сыртына сәл шалқақтығы, кереге көзінің өлшемі, сағанағы, уығының ұзындығы, алақаны, шаңырағының тоғыны(шеңбері), күлдіреуіші, тиегі, есігі, керек десеңіз, керегенің көгі, уықтың бауына дейін бәрі қазақ киіз үйінің өлшемі бойынша жобаланған. – Бұл үйді жобалап, жасатудағы себебім,-дейді Болат Кәрібай; – Ел ішінде үйшілер сиреп кетіпті, ағашты да кестірмейді. Темірден жасасаң ауыр, қолайсыз. Міне осы себептер киіз үйдің сүйегін жасауға пайдаланылатын материял іздеуіме түрткі болды. Ең соңында осы әйнек талшыққа тоқтадым. Өйтмкені бұл мықты, шымыр, денсаулыққа залалы жоқ, қалағаныңша иуге, бояуға болады. Үйді жасату барысында да киіз үйдің формасы келсе болды дегем жоқ. Қазақ киіз үйінің әр сүйегінің сандық мәні кереге саны мен шаңырақ өлшемдеріне бағынышты. Архитектуралық формасы да тұрақты. Барлығын сол заңдылық, сол өлшем бойынша жасаттым. Мұндағы мақсатым да «үй ағашты» станокта жасуға жол ашу. Жақсы жасалды. Тек керегенің көгі ғана метал шегемен бекітілді, бұйырса оның орнына да болашақта шылғи қайыс сияқты оңай үзілмейтін материял тапсам деген ойдамын. Әрине, бүгінгідей дамыған заманда, киіз үйдің сүйегі, сөзсіз, ағаштан жасалсын деген шарт та жоқ. Қазіргі ғылым техниканың озық жетістігінен пайдаланып, дәстүрлі өнерді дәуір көшімен жалғасақ, несі бар. Осы тұрғыдан алғанда, Кәрібайдың киіз үйі кәдеге жарайды деп ойлаймыз. Оның үстіне, үй ағаш басушы шеберлер азайып, киіз үй жасаудың өлшемдері ұмытыла бастаған қысылтаяң сәтте, деректерге және қолда бар киіз үйлерге негізделе отырып, киіз үйдің өлшемін тұрақтандрып, қазіргі заман техникасымен өндіруге бет алудың өзі киіз үй тарихындағы үлкен төңкеріс емес пе?!

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

«Астана ақшамы» газеті

киіз үйдің курылысы

киіз үйдің жабдықтары

киіз үй құрылысы

киіз үй бөліктері

киелі киіз үй қмж 7 сынып

киіз үй түрлері

киіз үй мен қазіргі үйдің ұқсастықтары

киіз үй неше бөліктен тұрады