Қазақстанда кеңес өкіметінің орнауы және нығаюы туралы қазақша

0

Қазақстан Кеңес өкіметінің орнауы және жеңуі жолындағы күрес Ресейдегі біртұтас револлюциялық процестің ажыратылмас құрамдас бір бөлігі болып табылады. Бүкіл елдегі сияқты, мұнда да революциялық және ұлт-азаттық қозғалыс өрістей берді. Жұмысшылар жетекші рөл атқарды, олар соғыстың тоқтатылуын, 8 сағаттық жұмыс күнін талап етті, ал кейбір кәсіпорындарда мұндай тәртіп рұқсатсыз-ақ енгізілді. Фабриктерде, зауыттар мен шахталарда интернационалдық құрамда фабрик-зауыттық комитеттер мен кәсіподақтар құрыла бастады.

1917 жылдың көктемі мен жаздың басындағы революциялық және ұлт-азаттық қозғалыс әлі де бейбіт сипатта еді. Уақытша үкіметтің 18 маусымда майданда шабуылға шығу жөніндегі контрреволюциялық саясаты масқара болды, 10 күн ішінде орыс әскері өлгені және жараланғаны бар 60 мыңдай адамынан айырылды. Мұнын өзі жұмысшылар мен солдаттардың ашу-ызасын туғызып, зығырданын қайнатты. 3 шілдеде шеруге қатысушылардың саны 500 мындай болды.


Уақытша үкімет халықтың бас көтеруін басып тастау үшін майданнан өзіне берілген әскер бөлімшелерін алдырды, сөйтіп революцияшыл жұмысшылар мен солдаттарды аямай жазалады.

Ақпаннан қазанға дейінгі кезеңде Ресейдің отар шет аймақтарында мұсылман қозғалысы қаулап дамыды, ол бірқатар исламдық партиялардың құрылуына алып келді. 1917 жылы қыркүйекте мұсылмандар ұйымының съезі тұңғыш мұсылман партиясы — Түркістан федералистер партиясын құрды. Съезд Ферғана, Сырдария, Каспий сырты, Жетісу облыстары құрамындағы Түркістан өлкесін «Ресей Республикасымен Федерациялық байланыстағы автономиялы ел» деп жариялайтын тұғырнама қабылдады.

Түркістан, Орал және Торғай облыстары мұсылмандарының делегаттары қатысқан, сол тұста өткен съезд «Мұсылмандар одағы» партиясының құрылғанын жариялады. Ол Ресей Республикасы құрамындағы аймақтық автономия идеясын ұсынды. Съез «Түркістан Федерациялық Республикасы» парламенттік республика негізінде құрылуға тиіс деп белгіледі.

Діни сипатына қарамастан, бұл саяси ағымдар сонымен бірге Түркістан мен Қазақстан жерінде тұратын халықтардың жалпы ұлттық мүдделерін де білдірді. Революцияның дамуына, саяси тайталастың өрістеуіне қарай күштердің ұлттық негізде топтасуы жүріп жатты.

Ақпаннан кейінгі кезенде Қазақстанда Ресейдегі сияқты көп партиялы жүйе қалыптасты. Эсерлер, кадеттер және басқа саяси партиялар еңбекшілерді соғысқа қарсы, бүкіл өкімет билігін жүмысшылар мен солдаттар депутаттары Кеңестерінің қолына көшуі жолындағы күреске шақырды.

Ресейде 3-4 шілдедегі сан мың адамның бейбіт шеруі жаншылғаннан соң саяси жағдай күрт өзгерді, қос үкіметтілік бітті. Революция дамуының бейбіт кезеңі аяқталды. Бүкіл билік контрреволюцияшыл буржуазияның қолына шоғырланды, ал эсерлік-меньшевиктік Кеңестер Уақытша үкіметтің шылауына айналды. Сондықтан большевиктер партиясы жаңа саяси жағдайда күрес тактикасын өзгертіп, «Бүкіл өкімет Кеңестерге берілсін!» деген ұранды күн тәртібінен уақытша алып тастады.

1917 жылы күзде Петропавлдың большевиктері қазақ және татар тілінде жазылған үндеу жариялады, онда былай делінген: «Жұмысшылар мен солдаттар, Совдептің төңірегіне тығызырақ топтасыңдар, барлық өкімет билігінің Кеңестерге берілуін талап етіңдер!». Ақмолада революциялық-демократтық «Тіршілік» газеті шыға бастады. Газеттің шығуы мен баспахананың құрылуына С. Сейфуллин белсенділікпен атсалысты. Ол қазақ еңбекшілерін Кеңес өкіметі үшін күреске құлшындыруда үлкен рөл атқарды.

Жаңа өкімет органдарын құру кең қанат жайды. 3 қазанда жұмысшылар мен солдаттардың Перовск Кеңесі Уақытша үкіметтің учаскелік комиссарын орнынан түсірді. 4 қазанда Семей шаруалары депутаттарының облыстық II съезі қызу жарыссөзден кейін большевиктік қарар қабылдады, онда: Кеңестер елде билік орнатып, билікті өз қолдарына алулары керек! — делінген. 5 қазанда Әулиеатада жұмысшылар мен солдаттар депутаттарының съезі гарнизон басшылығының Кеңестің келісімінсіз әскери бұйрық беруіне тыйым салды. Барлық әскери бөлімшелерге Кеңестің рұқсатынсыз ешқандай жауынгерлік бұйрықтарды орындамау ұсынылды. 17 қазанда Орынбор гарнизонының әскери бөлімшелері өкілдерінің жиналысы мемлекеттің барлық өкіметтік билігі Кеңестерге берілуін талап етті.

1917 жылы жұмысшылардың, солдаттар мен матростардың 24 қазанда Петерборда басталған қарулы көтерілісі жеңіспен аяқталды. Астананың барлық маңызды объектілерін — вокзалдарды, телефон-телеграфты, электростанцияны, үкімет мекемелерін, Мемлекеттік банкті басып алды. Уақытша үкімет құлатылды, оның министрлері қамауға алынды.

25 қазанда кешкісін Смольныйда Кеңестердің Бүкілресейлік II съезі ашылды, ол В. И. Ленин жазған «жұмысшыларға, солдаттар мен шаруаларға» арналған үндеу қабылдады. Онда барлық өкімет билігінің орталықтан жергілікті жерге дейін жұмысшылар, солдаттар мен шаруалар депутаттарының Кеңестеріне көшкені жария етілді. Съезд Бітім туралы декретті және Жер туралы декретті бекітті, жұмысшылар мен шаруалардың тұңғыш үкіметі — Халық Комиссарлары Кеңесін құрды, оның төрағалығына В. И. Ленин сайланды.

Петроградтағы оқиғалар туралы, Ленин басқарған Кеңес үкіметінің құрылғаны туралы және Ресей халықтарының ғасырлар бойы арманын білдірген оның алғашқы декреттері туралы хабар, Қазақстанның қалалары мен селоларына лезде тарады, олар өлкеде бұрын-соңды болып көрмеген жаңа күш-қуат пен революциялық жігер туғызды. Өлкенің еңбекшілері революция жасаған жұмысшылар мен шаруалардың органы болған, Кеңес өкіметін орнату жолындағы күреске көтерілді.

1917 жылы 20 қарашада Кеңес өкіметінің «Ресей мен Шығыстың еңбекші мұсылмандарына» үндеуі жарияланды, оның айрықша мәні болды. Онда былай деп атап көрсетілген: «Бұдан былай сіздердің нанымдарыңыз бен әдет-ғұрыптарыңыз, сіздердің ұлттық және мәдени мекемелеріңіз ерікті және дербес құқықты деп жарияланады. Өздеріңіздің ұлттық тыныс-тіршіліктеріңізді ерікті және кедергісіз реттеңіздер. Ресейдің басқа халықтарындай, сіздердің де құқықтарыңызды революция және оның органдары, жұмысшы, солдат және шаруалар депутаттарының Кеңестері қорғайтынын біліп қойыңыздар». Үндеудің ұлттық шет отар аймақтарының езілген халықтарына дем бергені, Кеңес өкіметінің Қазақстанда жеңіске жетуін тездеткені сөзсіз.

Кеңес өкіметінің орнауы Қазақстанның облыстарында біркелкі болмады, ол таптық күштердің арақатынастарына, Урал мен Сібірге, темір жолға жақын-қашықтығына, жергілікті жұмысшылардың топтасқандығына және олардың село, ауыл, қышлақ т.б. жартылай пролетариатымен байланыстарының беріктігіне байланысты болды.

Қазақстанда жаңа өкіметтің орнауы 1917 жылғы қазанның аяғынан 1918 жылдың наурызына дейін созылды. Бұған Сырдария облысында аса қолайлы жағдай туды. Оның және бүкіл Түркістан өлкесінің орталығы болған Ташкентте 28 қазанда қарулы көтеріліс нәтижесінде 1 (14) қарашада Кеңестер өкіметі орнады. 30 қаңтарда Перовск, 6 қарашада Әулие-ата, Шымкент Кеңестері өкімет билігін өздерінің қолына алды. Мұнда Қызыл ұлан жасақтарын ұйымдастыру жұмысы басталды. Бұдан кейін Кеңес өкіметі Сырдария облысының барлық қалалары мен жұмысшы поселкілерінде, селоларда, ауылдарда және қышлақтарда бейбіт жолмен орнады. Облыстық Кеңестердің өкілдері 1917 жылы 15-22 қарашада өткен Түркістан Кеңестерінің өлкелік III съезінің жұмысына қатысты, онда «Түркістан Республикасының үкіметі -Халық Комиссарлары Кеңесі» сайланды.

1917 жылы қарашаның аяғында Қоқанда Түркістанның ұлттық және клерикалдық ұйымдарының съезі өтті, ол «Қоқан автономиясын» құрды. Оның құрамына «Алаш» партиясының лидерлері М. Шоқай мен М. Тынышбаев кірді. «Автономиялықтар» Англиямен байланыс жасады.

«Қоқан автономиясы» құрылғаннан кейін екі аптадан соң Орынборда «Жалпықырғыз съезі» аталған «Алаш» партиясының съезі өтті, ол Қазақ Автономиясы — Алашорда үкіметінің құрылғанын жариялады. Ә. Бөкейханов басқарған үкімет сайланды. Ол Кеңес өкіметімен күресу үшін қарулы жасақтар құру туралы шешім қабылдады.

Революцияның осы бір тарихи қиын кезінде билеуші партияға айналған большевиктер Алашордамен тіл табысуға болады деп санамады. 1917 жылдың қараша — 1918 жылдың қаңтар айлары аралығында өткен, сайлауда қазақ еңбекшілерінің басым көпшілігі «Алаш» партиясының бағдармалық талаптарын қолдайтынын көрсетті. «Алаш» партиясы өкімет билігі жолындағы күресте большевиктерге елеулі оппозиция болды.

Алашорданы Дутовпен, Оралдық, Сібірлік және Жетісулық қазақтармен және шетел мемлекеттерімен байланыс жасамақ болған реакцияшыл контрреволюциялық ұйым, ол бұқараны алдау және контрреволюциялық арам пиғылдарын бүркемелеу үшін «ұлттық туды» пайдаланбақ болды деп қаралаған большевиктер қазақ интеллигенциясы мен еңбекшілер арасында оған қарсы үгіт жүргізді, ол нәтижесін берді де. 16 желтоқсанда Ақмолада қазақ еңбекшілерінің оң мың адам қатысқан шеруі болды, олар алашордалықтардың іс-әрекетін арандатушылық деп бағалап, Ленинге жеделхат жолдады. Онда былай делінген: «Қырғыз еңбекшілеріне Алашорда автономиясы керек емес». Сталиндік жазалау науқаны кезінде оның басшылары жойылып кетті.

Қазақ даласында Кеңес өкіметінің жеңуі үшін болған күресте большевиктер өздерін жақтаған ұсақ буржуазиялық топтар және ұйымдармен — солшыл эсерлермен, интернационалдық-меньшевиктермен, «Үш жүз» партиясымен уақытша келісімге барды.

1917 жылы қарашада Солтүстік Қазақстанда «Үш жүз» немесе «Қырғыздың социалистік партиясы» ұйымдастырылды, оның Омбыда (200 адам), Петропавлда (87), ал Семей, Көкшетау және Зайсанда бірнеше адамнан тұратын ұйымдары болды. «Үш жүз» социалистік партия аталғанымен өзінің құрамы мен сипаты жағынан солшыл эсерлердің бағытын ұстанған ұсақ буржуазиялық ұйым еді.

1917 жылғы 27 желтоқсанда Ақмолада өткен еңбекшілердің бұқаралық жиналысы биліктің Кеңестерге көшкені туралы қарар қабылдады. Көп ұзамай Ақтөбеде де Кеңес өкіметі орнады.

Қазақстанның қалған аймақтарында, атап айтқанда, Орал, Торғай, Жетісу және Семей облыстарында оқиғалар басқаша түрде өрбіді. Бұларда, әсіресе қазақтардың станицаларында контрреволюцияның көптеген әскери кадрлары болды. Оның үстіне ескі режимді жан-тәнімен жақтаушы патша армиясының офицерлері осында қашып келген болатын. Жетісу облысындағы атаман-офицерлердің жоғары тобы 1 қарашада өздерінің диктатурасын орнатқаны, «әскери үкімет» құрғаны туралы хабарлады. Дәл осындай үкімет Оралда да жарияланды. Мұндағы контрреволюциялық күштерді атаман Дутов басқарды. 1917 жылғы 5 қарашаға қараған түні ақгвардияшылар большевик С. М. Цвиллингом басқарған Орынборлық әскери-революциялық комитетті қамауға алды.

Торғай облысының орталығы — Орынбордағы билік бастаған контрреволюционерлердің қолына өтті, бірақ олардың жүгенсіздігі көпке ұзамады. Кеңес өкіметінің өкімімен келген балтық теңізшілерінің жасақтары, Петроградтың, Поволжье мен Сібірдің қызылұландары Дутовқа қарсы аттандырылды.

1918 жылы 18 қаңтарда Орынбор азат етілді. Кеңес өкіметінің Орынбордағы жеңісінің үлкен саяси мәні болды: елдің орталық аудандарын Орта Азия және Қазақстанмен байланыстыратын Орынбор-Ташкент темір жолы қалпына келтірілді. Орынборды азат ету күресі жүріп жатқан кезде, Қостанайдың жұмысшылары мен сондағы солдаттар 1917 жылы 25 желтоқсанда өкімет билігін өз қолдарына алады. Оралда Кеңес өкіметі кейінірек, азамат соғысы жылдарында түпкілікті орнады.

Қазақстанның солтүстік және солтүстік-шығыс аймақтарында орталығы Омбыда болған Далалық өлке құрамындағы Ақмола мен Семей облыстарында Кеңес өкіметін орнату үшін күрес табандылықпен жүрді. 1917 жылғы 22 қарашада Петропавлда, 27 желтоқсанда Ақмола мен Көкшетауда, 1918 жылғы қаңтарда Атбасарда Кеңес өкіметі орнады. Большевиктер С. Сейфуллин, Н.М. Монин, Ф.Н. Кривогуз Уақытша революциялық комитет құрамына кірді. Жергілікті Кеңестердің қызметіне басшылық жасағандар: Көкшетауда И.М. Демецкий мен С. Шәріпов; Атбасарда — А. Майкөтов, П. Бабаев т.б.

1918 жылғы 18 қаңтарда Өскеменде, 19 қаңтарда Павлодарда, 19 ақпанда Ридцерде билік көтеріліске шыққан жұмысшылар мен солдаттардың қолдарына көшті. Контрреволюцияшыл күштер шоғырланған Семейде жаңа өкімет үшін күрес созыла түсті. Қаладағы ақгвардияшылар жанталаса қарсыласты. Осыған қарамастан, Қызыл ұланның жасақтары ақпанның 15-інен 16-сына қараған түні темір жол стансасын, поштаны, телеграфты, Мемлекеттік банкті, аймақты және басқа маңызды мекемелер мен өнеркәсіп орындарын басып алды.

Кеңес өкіметін орнату жолындағы күрес орталығы Верный болған Жетісу облысында қызу жүрді. Жетісуды билеп төстеуші офицер-кулактар тобы 1917 жылғы 7 қарашада ақгвар дия диктатурасын орнатты, жұмысшылар мен солдаттар депутаттарының Верный Кеңесін таратып жіберді. «Семиреченская крестьянская» газеті жабылды, большевиктік пиғылда болған әскери құрамалар мен бөлімшелер таратылды. 1918 жылы наурыздың 2-сінен 3-іне қараған түні Верныйда қарулы көтеріліс болды, ол жеңіспен аяқталды, қалада Кеңес өкіметі орнады. 1918 жылы наурыздың ішінде Кеңес өкіметінің билігі Жетісудың барлық жеріне тарады.

Революция жеңгеннен кейін өкіметтің жаңа органдары ретінде Кеңестерді қайта ұйымдастыру міндеттері алға қойылды. 1917 жылдың аяғында 22 желтоқсан күні Кеңес өкіметінің маңызды екі құжаты халыққа жарияланды, олар: «Барлық Кеңестерге» деген үндеу және «Кеңестердің құқықтары мен міндеттері туралы» нұсқау еді.

Алғашқы күндерде өлкеде өкімет жергілікті Кеңестердің және оларға қосылған ұйымдардың өкілдерінен ұйымдастырылған революциялық комитеттердің қолында болды. Олар контрреволюциялық бүліктерді баса отырып, революциялық тәртіп орнатты. Революциялық комитеттер жергілікті Кеңестермен тығыз байланысып, уездік және облыстық съездерді әзірлеу және шақыру жөнінде бірқатар жұмыс атқарды. Бұл съездерге жұмысшы және солдат Кеңестері мен шаруа депутаттары Кеңестерін біріктіру негізінде мемлекеттік біртұтас өкімет органдарын құру ісі жүктелді.

Кеңестер съезінің бәрі ең алдымен ескі мемлекеттік машинаны қиратып, жаңа, кеңестік мемлекет аппаратын құру мәселелеріне назар аударды. Қазақстанда Кеңес өкіметінің барлық жерде бір мезгілде орнамауына қарай бұл процесс те біркелкі жүрмеді. Егер оңтүстік пен Ақмола облысында кеңестік органдар тұрақты жұмыс істеп жатқан болса, көптеген басқа аудандарда олар енді ғана құрыла бастаған еді.

Кеңестік мемлекеттік құрылыс саласындағы алғашқы қадамдар орасан зор қиыншылықтарға кезікті — контрреволюциялық күштер қастандық жасауларын, бүлік шығаруларын тоқтатпады. 1918 жылы наурызда Оралда, Петропавл мен Көкшетауда, сәуірде Верныйда, маусымда Семейде осылай болды. Революцияның жаулары жаңа өкіметке қарсы күресте ашықтан-ашық қарулы көтеріліске шықты, басқа да арамдық әрекеттер жасады: арандатушы өсек-аяндар тарату, партия және кеңес қызметкерлеріне жала жабу, террористік актілер жасау т.с.с.

Революция жауларының барлық қастандық әрекеттеріне қарамастан, Қазақстан Кеңестері жергілікті өкімет органдарын құру секілді күрделі жұмысқа кірісіп кетті. 1918 жылдың көктемінде жер-жерде облыстык, және ояздық земство басқармалары таратылып, олар Кеңестердің облыстық және ояздық атқару комитеттерімен алмастырылды.

Ескі мемлекеттік машинаны қирату және жаңа мемлекеттік аппаратты ұйымдастыру ісіндегі маңызды буын-бұрынғы сот жүйесін жойып, жаңа кеңестік сотты құру болды. Бұған көнгісі келмеген ескі сот шенеуніктері, заңгерлер, қорғаушылар кеңес органдарында жұмыс істеуден бас тартты. 1918 жылғы қаңтар — наурыз айларында барлық ояздық және облыстық орталықтарда ескі мемлекеттік аппарат қиратылып, Кеңес өкіметінің атқарушы органдар жүйесі құрылды.

Облыстық және ояздық орталықтарда жұмысшылар мен шаруалар өкіметін нығайту ауылдық және селолық Кеңестерді құру және нығайту ісімен қабат жүргізілді. 1918 жылы көктемде ауылдарға партия, кеңес органдарының көптеген жауапты қызметкерлері, жас жүмысшы табының саналы өкілдері көмекке жіберілді. Жүргізілген нақты ұйымдастыру және саяси жұмыс, еңбекшілердің революциялық ынтасы көп кешіктірмей өз жемісін берді. 1918 жьілдың бірінші жартысында толық емес мәліметтерге қарағанда, барлық болыстардың 60-70 процентінде ауылдық және селолық Кеңестер орнаған. Орыс-қазақ аралас елді мекендерде біріккен селолық Кеңестер құрылды.

Жер мәселесі күн тәртібінде өткір тұрды, оның қазақ ауылында Кеңес өкіметін нығайту ісіне де тікелей қатысы бар еді, өйткені мұның әсері ұлтаралық қатынастарға да әкеліп соғатын. Қазақстанда помещиктік иеліктер өте аз болғанымен талай миллион десятина құнарлы жерлер отаршыл кулактардың, Сібір, Жетісу, Орал және Орынбор казак әскерлерінің қолдарында еді. Қазақтың ірі бай-феодалдары да орасан зор егіндік пен жайылымдық жерлерді иемденген.

Облыстық және ояздық Кеңестері атқару комитеттерінің жанынан жер бөлімдері мен комитеттер құрылды, кейбір аудандарда артельдер мен коммуналар пайда болды, олар ауыл шаруашылығындағы социалистік укладтың негізін қалап, өз төңірегіне деревня кедейлерін топтастырды, олар пролетарлық ұйымшылдық пен тәртіптің үлгісін көрсете отырып, кулактарға, казак станицаларының үстем тобына қарсы батыл күрес жүргізді.

Азық-түлік мәселесі және жұмыссыздықпен күресу Кеңестердің қызметінде үлкен орын алды. Олар Ресей пролетарлық орталықтарының байырғы жұмысшыларының азық-түлік жасақтарына көмек көрсетті, жалдаптыққа және саудагерлердің саботажына қарсы, самогон қайнатушылармен күресті.

Кеңестік мәдениет саласындағы басты буын халыққа білім беру болды, мектепті қайта құруда алғашқы қадамдар жасалынды. Кеңестер мектептер желісін кеңейту, әсіресе қазақтарға арнап мектептер салу және мұғалім кадрларын даярлау шараларын жүзеге асырды, мектеп қорлары жасалынды: оқу орындарын оқулықтармен және мектеп бұйымдарымен жабдықтау жөнінде нақты шаралар жүзеге асырылды. 1918 жылы көктемде Семейде ауыл мұғалімдерін даярлайтын үш айлық курстар ұйымдастырылды.

1918 жылдың көктемі мен жазында мектептерде мұғалімдер мен лауазымды адамдардың қайта сайлануы өткізілді. Бұл шараның қажет болған себебі, ескі мұғалімдердің, ең алдымен қаладағылардың біразы Кеңес өкіметін мойындамады, халық ағарту органдарының өкімдерін орындамады. Аталмыш шараларды жүзеге асырудың нәтижесінде мектептерге, жаңа өкіметке шын берілген адамдар келді.

Мектепте білім беру жүйесін түбегейлі қайта құру ісінде маңызды шара — шіркеуді мемлекеттен және мектепті шіркеуден айыру. Барлық мемлекеттік және қоғамдық мектептерде діни сенімдерді оқытуға жол берілмеді. Сауатсыздықты жою мақсатымен жергілікті жерде халыққа білім беру енгізілді.

Кеңестердің жұмысындағы тағы бір басты буын -еңбекшілердің арасында мәдени-саяси ағарту ісі қолға алынды. Мұнда алғашқы Кеңес газеттері зор рөл атқарды. Әлі шығып тұратын буржуазиялық газеттер Кеңес өкіметін құлатуға ашықтан-ашық шақырып бақты. Кеңес өкіметі органдарының өкімімен ең реакцияшыл баспасөз органдары жабылып, олардың баспаханалары кеңестік газеттер шығаруға пайдаланылды.

Театрлар еңбекшілер арасында бұқаралық үгіт жүргізіп, оларды тәрбиелеу құралына айнала бастады. Ол үшін қажетті жағдай жасалынды. 1918 жылы мамырда Семейде театр қызметкерлерінің екі: Семей және Омбы сахна қайраткерлері одақтары жұмыс істеді. Олар көп ұзамай бір одаққа бірікті.

Жергілікті Кеңестер өткендегі мәдени мұраларды: кітапханаларды, мұражайларды, мұрағаттарды сақтау жөнінде өте маңызды жұмыс жүргізді, бірқатар облыс орталықтарында олар жалпы халықтық мүлік болып жарияланды.

Халыққа медициналық көмек көрсетудің жаңа жүйесін ұйымдастыру жұмысы атқарылып жатты. Ауруханалар қалаларда ғана болған, онда да төсек саны өте аз еді, кейбір ояздарда аурухана атымен жоқ еді.

Сонымен Кеңес өкіметін нығайту жолындағы күрестің барысында өлкеде ескі мемлекеттік машина қиратылып, жаңа мемлекеттік аппарат құрылды. Жергілікті Кеңестер жасампаздық жұмысқа кірісті, сонымен қатар революция жеңістерін контрреволюциялық күштердің қол сұғуынан қорғау жөнінде қажетті шаралар қолданылды; экономика мен мәдениетті социалистік жолмен қайта құру саласында алғашқы қадамдар жасалды.

Солай болғанымен бұл жұмыста онды жақтарымен қатар келеңсіз жәйттар де орын алды, атап айтқанда, жеке және ұсақ кәсіпорындарды мемлекетттендіруді дұрыс жасалынған шаруа деуге болмайды, өйткені олар басқару тәсілін жете білетін кадрлардың жетіспеуінен толық қуатымен жұмыс істемеді немесе халықтың зәру болған тауарларын өндірмей, бос тұрып қалды.

Пайдаланылған әдебиеттер: Рысбай К., Қазақстан Республикасының тарихы. – Алматы, 2005. – 368 б.

#Қазақстанда #кеңес #өкіметінің #орнауы #және #нығаюы