Қазақстан және Каспий проблематикасы — Қазақстан және қазақтар туралы — Рефераты на казахском языке — Библиотека

0

 1-тапсырма. Ой шақыру.

–    КСРО ыдырағаннан кейін елімізде қандай өзгерістер болды?
–    КСРО-ның ыдырауы Қазақстанға не берді?
–    Пайдалы, пайдасыз жақтары қандай?
    
2-тапсырма. Жаңа сөздермен жұмыс.
  
Құрылым, түбірлі өзгерістер, күштердің арасалмағы, ыдырау, өркениетті жолмен бөлу, келіссөздер процесі, ымыра.

3-тапсырма. Мәтінді оқыңыз.

Қазақстан және Каспий проблематикасы

      Халықаралық қатынастар құрылымындағы түбірлі өзгерістерді және халықаралық сахнадағы күштердің арасалмағын белгілеген XX ғасырдың соңындағы басты саяси оқиға КСРО-ның ыдырауы болды. Бұрынғы метрополияның орнына жаңа тәуелсіздік мемлекеттердің пайда болуымен жаңа проблемалар жарыққа шықты. Оның ішінде республикалардың егемендігін халықаралық құқықтық тұрғыдан рәсімдеуге және оларды аумақтық межелеуге байланысты проблемалар бой көтерді. 
     Ең бір күрделі проблемалардың бірі – ауқымы 440 мың шаршы километрге жуық әлемдегі ең ірі құрлықішілік су айдыны каспий теңізінің құқықтық мәртебесін белгілеу болды. Каспий теңізін өркениетті жолмен бөлудің шынайы құқықтық қажеттілігі туды.
    Каспийдің бұрынғы құқықтық режимі  кеңестік-ирандық (1940) шарттармен белгіленген еді. 
1992 жылы Каспий теңізінің жаңа құқықтық мәртебесін жасау мақсатында Каспий мемлекеттері арасында келіссөздер процесі басталды. 
    Қазақстан бір-біріне қайшы Ресей мен Әзірбайжанның ортасында теңдестірілген, ымыралық позиция ұстанды. Оның мәнісі мынада: қолданылып жүрген халықаралық құқық нормаларын мейлінше пайдалану. 1982 ж. Теңіз құқығы жөніндегі БҰҰ конвенциясының жекелеген ережелерін теңіздің экологиялық ерекшеліктерін ескере отырып Каспийге  қолдану. Теңіздің түбі мен ресурстарын барлық Каспий мемлекеттері арасында экономикалық аймақтарға бөлу ұсынылды.  Тараптар осы аймақтардың шегінде табиғи ресурстарды барлауға және оларды игеруге ерекше құқықтары болады. Кеме қатынасы, балық аулау, табиғи ортаны қорғау және қызметтің басқа да түрлері саласындағы ынтымақтастық мақсатында теңіздің биологиялық ресурстарына, су пайдалануға қатысты қазақстандық тарап бірлесіп билік жүргізуге дейін ең бір ауқымды ымыраға дайын екенін білдірді. 

3-тапсырма. Түсінігіңізді тексеріңіз.

1.    КСРО ыдырағаннан кейінгі ең күрделі мәселе не болып отыр?
2.    Каспийдің бұрынғы құқықтық режимі қалай белгіленген еді?

4-тапсырма. Мәтінге сүйене отырып, сөйлемдерді толықтырыңыздар.

1.    Халықаралық қатынастар құрылымындағы …………белгілеген XX ғасырдың соңындағы басты саяси оқиға КСРО-ның ыдырауы болды.
2.    Ең бір күрделі проблемалардың бірі – …………. белгілеу болды.
3.    1992 жылы …………………………………………………………… басталды. 
4.    Қазақстан бір-біріне қайшы Ресей мен Әзірбайжанның ортасында ………….  .
5.    1982 ж. …………. теңіздің экологиялық ерекшеліктерін ескере отырып Каспийге  қолдану.

5-тапсырма. Мәтіннің жалғасын оқыңыз. 

       Алайда, әлі күнге дейін жағалау мемлекеттері арасында келіспеушіліктер бар және олар әлі сақталып отыр:

3.    Нені бөлу керек, теңіз түбін ғана ма немесе түбімен бірге судың қалыңдығын және су айдынын (теңіз бетін) бөлу керек пе;
4.    Теңізге мемлекеттік шекаралар қажет пе;
5.    Қандай жолмен бөлу керек.
Алғашқы екі тармаққа қатысты Астана мен  Мәскеудің көзқарастарында айырмашылық жоқ. Екі тарап та теңіз суын бөлуді, сондай-ақ мемлекеттік шекараларды орнатуды қажет деп санамайды. Өйткені бұл Каспий экожүйесіне теріс ықпал етуі мүмкін. Теңіз түбін әділетті түрде және тең бөлу принципіне қатысты олардың көзқарасы жақын. Алайда осы мәселелер Каспий жағалауы мемлекеттерінің арасындағы келіссөздер тақырыбы болуы тиіс. 
      Қазақстан позициясы 1982 жылғы теңіз құқығы жөнінде БҰҰ Конвенциясының кейбір ережелерін mutatıs mutandıs (қажетті өзгерістермен) Каспийге қолдануды жақтайды. Бұл ретте Каспийдің түбін орта сызық бойынша межелеуді, ені 12 мильге дейін аумақтық теңізді және келісуге жататын балық аулау аймағын белгілеуді ұсынады. Қазақстанның бастамасы әзірге Иранның, Әзербайжанның, Түркменстанның қолдауын тауып отырған жоқ. Қазақстан Каспийдің түбін межелеуге жауапкершілікпен әрі ұтымды келу қажет деп санайды (Қасымжомарт Тоқаев. Қазақстан Республикасының Дипломатиясы кітабынан).

6-тапсырма.  Мәтінмен жұмыс. Түсінігіңізді тексеріңіз.

1.     Әлі күнге сақталып отырған нендей келіспеушіліктер?
2.     Астана мен Мәскеу көзқарастарының ортақтығы  қай жерде?
3.     Қазақстан ұстанымы қандай?

7-тапсырма. Сөйлемді мәтінге сүйене отырып толықтырыңыз.

1.    Алғашқы екі тармаққа қатысты Астан мен  Мәскеудің …….айырмашылық жоқ.
2.     Екі тарап та теңіз суын бөлуді, сондай-ақ мемлекеттік …….. .
3.     Өйткені бұл ….. теріс ықпал етуі мүмкін. 
4.    Теңіз түбін …… қатысты олардың көзқарасы жақын. 
5.    Алайда осы мәселелер Каспий жағалауы мемлекеттерінің арасындағы ……. болуы тиіс. 

8- тапсырма. Грамматикалық анықтағыш. Мұны білгеніңіз жөн! Біріккен сөздер.

Екі не одан да көп сөз бірігіп, жаңа лексикалық мағынада айтылған сөз тұлғасын  біріккен сөздер дейміз. Мысалы: Болат+бек, Ақ+төбе, тас+бақа. 

9-тапсырма. Жоғарыдағы мәтіннен біріккен сөздерді табыңыздар. 

10-тапсырма. Адасқан сөздерді дұрыс орналастырып, сөйлем құрайық.

1. Каспийдің 1940) шарттармен бұрынғы кеңестік-ирандық (құқықтық режимі  белгіленген еді.
2. Тараптар шегінде табиғи және оларды игеруге болады ресурстарды барлауға осы аймақтардың ерекше құқықтары.
3.    Қазақстан позициясы теңіз құқығы жөнінде кейбір ережелерін mutatıs mutandıs (қажетті өзгерістермен)  Каспийге қолдануды жақтайды1982 жылғы БҰҰ Конвенциясының.
 4. Алайда арасындағы келіссөздер тақырыбы болуы тиіс осы мәселелер Каспий жағалауы мемлекеттерінің. 
5. 1992 жылы жаңа құқықтық мәртебесін жасау мақсатында Каспий мемлекеттері арасында басталды Каспий теңізінің келіссөздер процесі. 

11-тапсырма. Лексикалық минимум. Мына сөздерге лексиаклық түсініктеме жазыңыздар.

Тәуелсіздік мемлекеттер –
Құқықтық мәртебе – 
Бастама – 

12-тапсырма. Көру диктанты. Мына сөздердің дұрыс жазылуына назар аударыңыздар.  Жатқа жазыңыздар.

Құқықтық мәртебе, жауапкершілік,  межелеу, көзқарас, келіссөз.

13-тапсырма.  Ойнайық, әрі ойлайық.

Қай қатардың студенттері біріккен сөздерді көп ойлап табады?

Тест тапсырмалары

1.    Каспийдің құқықтық мәртебесін белгілеуге қанша ел қатысады?

А. 2 ел
Б. 5 ел
С. 4 ел
Д. 3 ел

2.    XX ғасырдың соңындағы басты саяси оқиға…

А. Каспийдің түбін орта сызық бойынша межелеу
Б. Республикалардың егемендігін халықаралық құқықтық тұрғыдан рәсімдеу
С. Балық аулау аймағын белгілеуді
Д. КСРО-ның ыдырауы

3.    Біріккен сөз қай қатарда?

А. Экономикалық аймақтарға бөлу ұсынылды
Б. Ірі құрлықішілік су айдыны Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін белгілеу болды
С. Каспий теңізін өркениетті жолмен бөлудің шынайы құқықтық қажеттілігі туды
Д. Қазақстан    теңдестірілген, ымыралық позиция ұстанды

Студенттердің білімін тексеруге арналған бақылау сұрақтары:

1. XX ғасырдың басты саяси оқиғасы не?
2. Ең үлкен проблема не болып отыр?
3. Қазақстан қандай позиция (ұстаным) ұстап отыр?
4. Біріккен сөз дегеніміз не? Қалай жасалады?
5. Каспийдің құқықтық мәртебесі жөніндегі келіссөздер процесі қашан басталды?

СӨЖ тапсырмасы: Каспий теңізіне байланысты басқа мемлекеттер позициясы жайында реферат дайындап келу. 

Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!