Қазақстан және халықаралық ұйымдар — Қазақстан және қазақтар туралы — Рефераты на казахском языке — Библиотека

0

     
1-тапсырма. Ой шақыру.

–    Қазақстан қандай Халықаралық ұйымдарға мүше?
–    Халықаралық ұйымдарға мүше болудағы мақсатымыз неде деп ойлайсыздар?Пайдасы неде?
–    Біздің еліміздің Халықаралық ұйымдар алдындағы беделі қандай?
–    2010 жылы  еліміз қандай беделді ұйымға төрағалық етті?
–    Қазақстанды тағы да қандай Халықаралық ұйымдарға мүше болғанын қалайсыздар?

2-тапсырма. Жаңа сөздермен жұмыс. 

Ұлттық мүдделер, өмір болмысы, әлемдік қоғамдастық, алдыңғы шебі, бедел, шұғыл көмек, жасампаз бастамалары.

3-тапсырма. Мәтінді оқыңыздар.

Қазақстан және Халықаралық  ұйымдар

    Саясаттың ғаламдануы ұлттық  мемлекеттердің халықаралық қатынастардағы орны мен ролін өзгертуге әкелді.  Халықаралық қатынастар саласында жекелеген мемлекеттер өздерінің ұлттық мүдделерін іске асыру үшін бір-бірімен өзара қатынасқа түсті. Қалыптасқан геосаяси өмір болмысын және әлемдегі геосаяси күштердің қатарындағы өзінің орнын байсалды бағалай келіп, Қазақстан ТМД, әлем шеңберінде әр түрлі интеграциялық топтардың жұмысына белсенді қатысуда. Сол арқылы ол әлемнің ғаламдық проблемаларын шешуге өз үлесін қосып қана қоймай, сонымен бірге ұлттық мүдделерді де шешуге жол ашты. 

БҰҰ-дағы Қазақстанның қызметі.  1992 жылғы 2 наурызда Қазақстанның БҰҰ-ға кіруі өзінің маңызы жағынан тарихи акция болды. Осы қадам біздің еліміздің шынайы тәуелсіз мемлекет ретінде әлемдік қоғамдастық қатарына қабылдануын рәміздік тұрғыдан рәсімдеді. Қазақстан БҰҰ-ға әлемдік қоғамдастықтың жаңа мүшесі ретінде ғана емес, қазіргі заманның ең бір өзекті халықаралық проблемалары бойынша белсенді позиция ұстанатын, ядролық қарусыздану жолындағы қозғалыстың алдыңғы шебінде тұрған мемлекет ретінде енді.  1991 ж. Семей ядролық сынақ алаңының жабылуы және 1992 ж. Лиссабонда ядролық қаруы жоқ мемлекет ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылу жөнінде міндеттеме алуы Қазақстанға үлкен бедел сыйлады және БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары мінберінен халықаралық қауіпсіздік саласындағы жеке бастамаларын көтеруге моральдық құқық берді. 

БҰҰ-ның Балалар Қоры (ЮНИСЕФ) БҰҰ жүйесінің жетекші ұйымы болып табылады. Ол балалардың аман қалуын, қорғалуы мен дамуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шешумен айналысады. ЮНИСЕФ Қазақстандағы жұмысын 1992 ж. бастады. Негізінен денсаулық сақтау саласында шұғыл көмек көрсетуді насихаттайды. 1994 ж. Қазақстанда ЮНИСЕФ-тің Өкілдігі ашылғаннан кейін Қордың тұрақты бағдарламасы бойынша жұмыс басталды.

Халықаралық Еңбек Ұйымы (ХЕҰ) Қазақстанмен ынтымақтастығын          1993 ж. осы ұйымға кірген кезден бастады. Қазақстандық заңнаманы халықаралық еңбек құқығының нормаларымен сәйкес келтіру мақсатында ХЕҰ іс-шараларына еліміздің өкілдері қатысуы деңгейінде жүзеге асырылып келеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен  (ДДҰ) өзара іс-қимыл екі деңгейде жүзеге асырылады. ДДҰ-ның штаб-пәтері (Женева) осы халықаралық ұйымның біздің елімізбен өзара іс-қимылының принципті түрдегі саяси мәселелерін (бюджет, кадр саясаты, ғаламдық  бағдарламаларды ұйымдастыру) шешеді.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, (ШЫҰ) — 1996 жылы «Шанхай бестігі» деп атаумен құрылған халықаралық ұйым. Құрылтайшылар болып алдынан Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей және Тәжікстан кірген.

2001 жылдың маусымның 1 Өзбекстан ұйымға кіргеннен бастап Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) деген атпен тұрақты істейтін үкімет-аралық ұйым.

ШЫҰ және Қазақстан
ШЫҰ – қызметі басқа мемлекеттерге немесе халықаралық ұйымдарға қарсы бағытталған әскери блок болып табылмайды. Сонымен қатар, ШЫҰ өз мүшелерінің арасында әртүрлі салаларда кең ынтымақтастықтың дамуын қарастырады.

Қазақстанның ШЫҰ бойынша әріптес елдермен тең дәрежедегі диалогқа сындарлы және мақсатты қатысуы Қазақстанның өңірдегі ұстанымын күшейтеді, Ұйымның қағидаттарына толық сәйкес келетін мемлекеттер арасында өзара сенім мен түсіністіктің арта түсуіне көмектеседі. ШЫҰ-ның 2 жетекші ойыншысы – Ресей мен Қытайдың арасында орналасқан Қазақстан өңірлік  ынтымақтастықтың жасампаз бастамалары мен жобаларын белсенді қолдайтын Ұйымның маңызды буыны болып табылады  (Қасымжомарт Тоқаев. Қазақстан Республикасының Дипломатиясы кітабынан).

4-тапсырма. Мәтінмен жұмыс. 

1.    Қазақстанның әр ұйыммен қатынасын ретімен баяндап шығыңыз.
2.    Қазақстан тағы да қандай ұйымдарға мүше?

5-тапсырма. Адасқан әріптерді дұрыс орналастырып,  бүгінгі сабағымызға тән терминдерді жазыңыз.

йҰм ы,  ікӨлкід,  қалырықалХа        екеңб   ымйҰы, хайШан  мақЫнты ық таст Ұйымы,  кенБірік     лтҰтар ымыҰй. 

6-тапсырма. Мәтінге сүйене отырып, жаттығу жұмысын жүргізіңіздер.
Көп нүктенің орнына тиісті сөздерді жазыңыздар.

1.    Қазақстанның ШЫҰ бойынша ………………. Қазақстанның өңірдегі ұстанымын күшейтеді.
2.    Ресей мен Қытайдың арасында орналасқан Қазақстан өңірлік  ынтымақтастықтың жасампаз бастамалары мен жобаларын белсенді қолдайтын Ұйымның ………..болып табылады.
3.     ………………………….. БҰҰ жүйесінің жеткеші ұйымы болып табылады.
4.    …………………….. Қазақстанмен ынтымақтастығын          1993 ж. осы ұйымға кірген кезден бастады.
5.    …………….. басқа мемлекеттерге немесе халықаралық ұйымдарға қарсы бағытталған әскери блок болып табылмайды.

7-тапсырма. Грамматикалық анықтағыш. Мұны білгеніңіз жөн! Есімше.

Есім сияқты түрленіп, сөйлемде есімнің де, етістіктің де қызметінде қолданылатын етістіктің түрін есімше дейміз. Мысалы: Оқыған адам, Білгеннен үйрен. 

Есімше мынандай жұрнақтар арқылы жасалады:
1.    -қан, -кен, -ған, -ген: барған, кеткен.
2.    -ар, -ер, -р, -с: барар, келмес.
3.    –атын, -етін, -йтін: баратын, келетін.

8-тапсырма. Мына етістіктерге есімшенің жұрнақтарын жалғаңыздар.

Орнату, келісу, аулау, ықпал ету, белгілеу, бөлу, қорғау, күшейту, көмектесу, 

9-тапсырма. Мәтіннен есімшелі сөйлемдерді табыңыздар. Олардың қандай жұрнақтар арқылы жасалып тұрғанын ажыратыңыздар.

10-тапсырма. Мына сөздерге лексикалық түсініктеме жазыңыздар.

Ұйым. Халықаралық ұйым, қор, бағдарлама.

11-тапсырма. Сөз тіркестерін сәйкестендіріңіздер.

Еңбек            ~                     құқық
кадр              ~                     Ұйымы
ғаламдық      ~                     блок
маңызды       ~                    буыны
әскери           ~                     мүдделер
қауіпсіздік    ~                     бағдарламаларды
ғаламдық     ~                      проблемалар     
ұлттық          ~                     саласындағы
моральдық   ~                     саясаты

Тест тапсырмалары
 
1.    ШЫҰ қай ұйымның атауы?

А. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы  
Б. Халықаралық Еңбек Ұйымы
 С. Дүниежүзілік сауда ұйымы
Д. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы

2.    Есімшелі сөйлем қай қатарда?

А. Қазақстанның өңірдегі ұстанымын күшейтеді
Б. Қордың тұрақты бағдарламасы бойынша жұмыс басталды
С. Құрылтайшылар болып алдынан Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей және Тәжікстан кірген
Д. Қазақстанның БҰҰ-ға кіруі өзінің маңызы жағынан тарихи акция болды

3.    Қате жауапты табыңыздар.

А. ЮНИСЕФ Қазақстандағы жұмысын 1992 ж. бастады
Б. ШЫҰ – 1996 жылы «Шанхай бестігі» деп атаумен құрылған халықаралық ұйым
С. 2006 ж. Қазақстанда ЮНИСЕФ-тің Өкілдігі ашылды
Д. 1991 ж. Семей ядролық сынақ алаңы жабылды 

4. Қазақстан БҰҰ-ға қашан  кірді?

А. 1994 жылғы тамызда
Б. 1991 жылғы желтоқсанда
С. 1992 жылғы 2 наурызда
Д. 2010 жылғы қаңтарда

Студенттердің білімін тексеруге арналған бақылау сұрақтары:

1.     Қазақстан қандай Халықаралық ұйымдарға мүше?
2.    ЮНИСЕФ қандай ұйым?
3.    Халықаралық Еңбек Ұйымы Қазақстанмен ынтымақтастығын қашан бастады?
4.    Есімше дегеніміз не? Қалай жасалады?
5.     Қазақстанға  моральдық құқық берген қандай жағдай?

СӨЖ тапсырмасы:  «Қазақстан және ДСҰ»  туралы баяндама жазып келіңіздер.
 

Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!