Қазақстан урологиялық қызметінің тарихы | туралы қазақша
Мамандандырылған медициналық қызметтердің дамуының тәжірибесі бұл процестің көптеген объективтік заңдылықтарға бағынышты болатын, денсаулық сақтау саласының жалпы даму деңгейімен тығыз байланысты екенін көрсетеді. Бұл орайда облыстық, қалалық және аудандық ауруханалардың қарым-қуатының, олардағы орындардың сауатты мамандандырылуының, сондай-ақ маман-дәрігерлер санының жеткілікті болуының шешуші маңызы бар.
Бұл қағидалардың бәрінің дұрыстығы Қазақстандағы мамндандырылған бағыттардың бірі болып отырған урологиялық қызметтік дамуыныңмысалында айқын көрінеді.
Медицинаның өз алдына дербес саласы ретінде урологиялық жәрдем республикада 1940 жылдан бері ғана дами бастады. Сол жылы Алматы мемлекеттік медицина институтында госпитальдық хирургия кафедрасының (меңг.-В.В.Зикеев) жанында алғаш рет 6 урологиялық орын жайғастырылды. 1952 жылы енді мұндай 12 орын болды. 1955 жылы Алматы қаласының №1 қалалық клиникалық ауруханасында өзалдына дербес урологиялық бөлім ашылып, бұл бөлім доценттік курстың, ал 1956 жылы урология кафедрасының (меңг.-проф. З.В.Файнштейн) базасы болды.
Қазақстанда мамандадырылған медициналық жәрдем саласын құрудың қажеттілігі өмір талабынан туындаған еді. Қазақстанда тың жерлердің игерілуі көп тармақты емдеу мекемелерін құруды талап етті. Кеңес Одағының барлық ремпубликаларынан келген сан мың жаңа қоныстанушылар жаңадан құрылған совхоздарға берік орнығып, өздерінің ендігі тіршілігі мен жұмысын Қазақстан жерімен байланыстырды. Мұндағы емдеу желісі шағын ауруханалар түрінде дамып, оларда негізгі мамандықтар дәрігерлері ғана жұмыс істеді.
Хирургияның мамандандырылған бір саласы ретіндегі урологяның дамуына бөгет болған басты фактор – уролог-дәрігерлер кадрларының жоқтығы болады. Сондықтан 1964 жылы жаңадан құрылған Алматы дәрігерлер мамандығын жетілдіру институтының жанынан урология кафедрасы ашылды (меңг.-доц. И.И.Ахундов, кейін проф. А.Ю.Свидлер). Бұл кафедра республиканың уролог-дәрігерлерін даярлау жөніндегі негізгі база болып, онда 370-тен астам мамандар даярланады.
80-жылдарда республиканың барлық облыс орталықтарында емдеу және ұйымдастыру – әдістемелік жұмысты жүргізетін, жақсы жабдықталған урологиялық бөлімдер болды.
Нақ сол жылдары 1350 ден астам урологиялық орын жайғастырылған еді, бұлардың 120-сы балаларға арналды. Халыққа урологиялық жәрдем көрсетуге және мамандар даярлауға Қазақстандағы Алматы (каф. меңг. — доц.Г.П.Шибаев), Ақтөбе (курс меңг. – доц. Е.С.Мәмбеталин), Семей(курс меңг. – доц. А.А.Пестерев), Целиноград (курс меңг. – доц. А.А.Ағзамов) медицина институттарының және Алматы дәрігерлер мамандығын жетілдіру институтының (каф.меңг. – проф. А.Ю.Свидлер) урология кафедралары мен курстары үлкен үлес қосты.
Қазақстандағы урологияның жеткен жетістіктері урологтардың мамандандырылған ғылыми қоғамға біріктірілуін талап етті. Урологиялық қоғам Қазақстанда 1956 жылы 17 мамырда ұйымдастырылды. Бастамашылар тобында проф. З.В.Файнштейн, доц.Л.М.Берман, доц. А.Ә.Сәтбаева, доц. В.Д.Грунда, м.ғ.к. Г.И.Раушенбах пен Н.В.Рошектаева, дәрігерлер И.И.Ахундов, А.А.Поливановская, В.А.Яковлев, И.И.Ибраев, Г.А.Нигай болды.
Қоғамның тұңғыш төрағасы болып мед. ғыл. докторы, проф. З.В.Файнштейн сайланды (1956 — 1964). Ұлы Отан соғысына қатысқан Белоруссия майданының бас урологы болған З.В.Файнштейн Орджоникидзе, Ярославль, Алматы қалаларындағы клиникалардың ұйымдастырушысы және басшысы болды. З.В.Файнштейннің басшылығымен мед. Ғылымдарының 6 кандидаты және І докторы даярланды(М.Т.Тәукенов – докторлық, Б.О.Жарбосынов, Г.А.Альферов, И.А.Тихонов, М.А.Кривцов, И.Г.Фейгин, В.Н.Стекольников – кандидаттық диссертациялар). З.В.Файнштейн несеп жүйесінің жарақаттарын, туберкулезі мен ісіктерін зерттеуге көп үлес қосты. Ол ұзақ уақыт бойы Қазақстанның бас урологы болды, республикада тұңғыш рет, Зиновий Вольфович жетекші болған кафедра жанынан урология жөніндегі субординатура ұйымдастырылды. З.В.Файнштейн Қазақстан мен Орта Азия урологтарының 1969 жылы тұңғыш конференциясының ұйымдастырушысы болды.
1969-1970 жылдары урологтардың ғылыми қоғамына доц. И.И.Ахундов басшы болды. Иман Ибрагимұлы Қазақстанда урологиялық көмекті ұйымдастыруға көп көңіл бөлді, нефроэктомиядан кейін қалатын жалғыз бүйректің функциялық жай-күйін зерттеуге үлкен үлес қосты. Иман Ибрагимұлының ғылыми және педагогтық қызметі Алматы мемлекеттік дәрігерлер мамандығын жетілдіру институтының урология кафедрасын ұйымдастырғанынан бастап кеңінен өрістеді.
Алматы мемлекеттік дәрігерлер мамандығын жетілдіру институты жоғары несеп жолдарына жасалатын пластикалық операцияларды талдап-белгілеуде, пиелонефритті зерттеуде пионер болды. Бұл клиникада доц. Н.А.Просекова, доц. Ш.И.Ысқақбаев, Л.В.Григорович, м.ғ.қ. асс. В.В.Брюшков жұмыс істеп, қала мен республика халқының құрметі мен сүйспешілігіне бөленді.
1971-75 жылдары урологтардың ғылыми қоғамына Алматы мединститутының урология кафедрасының меңгерушісі проф. Е.Б.Еганов басшылық жасады. Бұдан кейінгі 15 жыл бойында Қазақстан урологтарының ғылыми қоғамын проф. А.Ю.Свидлер(Алматы мемл. Дәрігерлер мамандығын жетілдіру институты урология кафедрасының меңгерушісі) басқарды.
1975 жылдан Б.О.Жарбосынов Алматы мединститутының урология кафедрасын басқарды, ҚР ДСМ бас урологы, ал 1990жылдан Қазақстан урологтары ғылыми қоғамының төрағасы болды.
Қазақстан урологтары Бүкілодақтықфорумдарға: урологтардың Баку қаласындағы бүкілодақтық І съезіне (1972 ж.), Киев қаласындағы ІІ съезіне (1978 ж.), Минск қаласындағы ІІІ съезіне (1984 ж.), урологтардың Мәскеу қаласындағы соңғы ІV съезіне (1990 ж.) қатынасты. Проф. Б.О.Жарбосынов, проф. А.Ю.Свидлер, доцент Е.С.Мәмбеталин Урологтардың Бүкілодақтық ғылыми қоғамы басқармасының мүшелері болды.
Қазақстандағы ғылыми зерттеулерді көтермелеуде 1972 жылы Шымкент қаласында урологтардың Бүкілодақтық пленумы өткізілуінің зор маңызы болды. Кеңес Одағының жетекші урологтары академиктер Н.А.Лопаткиннің (Мәскеу), Н.Е.Савченконың (Минск), М.Д.Джавад-Заденің (Баку), профессорлар В.С.Рябинскидің, Ю.А.Пытельдің, Д.В.Канның (Мәскеу), В.С.Карпенконың (Киев), Ф.А.Клепиковтың, В.И.Шаповалдың (Харьков), И.И.Шевцовтың, В.Н.Ткачуктың, О.Л.Тиктинскидің (Лениград), В.В.Войно- Ясенецкидің (Хабаровск), А.А.Мураванидзенің (Тбилиси), А.М.Мұхтаровтың (Ташкент) және басқаларының сөйлеген сөздерін республика урологтарының барлығы дерлік тыңдады.
Республикадағы урологияның маңызды тараулары: онкоурология, фтизиоурология, операциялық нефрология – бүйрек транплантациясы дамыды.
Онкоурологияның дамуына м.ғ.д. М.Т.Тәукенов (докторлық диссертациясы қуық ісіктерін емдеуге арналған) және м.ғ.к. Л.Р.Минакова, м.ғ.к. А.Т.Тоқсанбаев елеулі үлес қосты. Республикада және облыс орталықтарында қуық ісіктері кезіндегі орган сақтаушы операциялар мен цистэктомия енгізілді (М.Т.Тәукенов, Б.О.Жарбосынов, А.А.Пестерев, Е.С.Мәмбеталин және басқалар).
Фтизиоурологиялық қызметті ұйымдастыруға, қуықтың туберкулезден зақымдалуы кезіндегі жасалатын пластикалық операцияларды талдап-белгілеу мен енгізуге Туберкулез ҒЗИ фтизиоурология бөлімшесінің меңгерушісі м.ғ.к. А.Т.Төлегенов елеулі үлес қосты.
ҚСРО-да тұңғыш рет Алматы мемл. Дәрігерлер мамандығын жетілдіру институты клиникасының негізінде проф. А.Ю.Свидлер урогинекологиялық бөлімше ұйымдастырды. А.Н.Сызғанов атындағы Хирургия ғылыми орталығында 1978 жылы бүйрек ауыстырып салу жөніндегі орталық ұйымдастырылды (меңг. – м.ғ.д. А.Д.Сутыко).
1970-80 жылдары республикада простата аденомасы, уролитиаз, еркектердің белгісіздігі, қуық рагы проблемалары талдап-зерттелді.
Несеп жолдарына тас байлануын операциялық емдеуге қатысты козқарастар өзгерді, атап айтқанда бүйректердің коралл тәрізді тастары кезіндегі операцияның қажеттілігі көрсеткіштері неғұрлым кеңірек қойылатын болды (А.Ю.Свидлер, Б.О.Жарбосынов, Г.П.Шибаев, А.А.Пестерев).
Простата аденомасы ілімін дамытуда да елеулі өзгерістер болды. Егер 1960-70 жылдары екі кезеңдік аденомэктономия неғұрлым жиі жүргізілген болса, одан бергі он жылдықтарда қуықтың бітеу тігісті бір кезеңдік аденомэктомиясын құптайтын көрсеткіштер едәуір ұлғайтылды (Б.О.Жарбосынов, А.Ю.Свилдер, К.А.Азнаметов, Ш.И.Ысқақбаев, А.А.Песин, Е.С.Мәмбеталин, С.Б.Гайлевич және басқалар), осының нәтижесінде асқынулар саны, сондай-ақ леталдық жағдайлар едәуір азайды.
Алматы мемл. Мединститутының урология клиникасында (каф. меңг. – проф. Б.О.Жарбосынов) еркектің бедеулігі проблемаларын талдап – зерттеу жүргізіліп, әлеуметтік үлкен мәні бар бұл зерттеу Б.О.Жарбосыновтың докторлық диссертациясымен тәмамдалды.
Қазақстанның уролог-дәрігерлерінің елеулі сандық және сапалық құрамы ғылыми және практикалық форумдарымызды өз алдына өткізуге мүмкіндік берді. Қазақстан урологтарының үш конференциясы (1974 ж. Қарағанды, 1979ж. Жамбыл, 1984 ж. Ақтөбе қалаларында) практикалық денсаулық сақтау саласы үшін өте пайдалы болып, ойдағыдай өткізілді.
Урологиялық қызметтің өркендеуіне республиканың облыстарында жұмыс істеп жүрген урологтар елеулі үлес қосты. Урологиялық жәрдем Орталық Қазақстанда, атап айтқанда Қарағанды және Теміртау қалаларында неғұрлым табысты дамыды. Қарағанды облысында урологиялық қызметтің төсек қоры 1987 жылы 255 орынға дейін көбейді. Облыстың урологиялық қызметін көп жылдар бойы Қарағанды мединститутының урология кафедрасының меңгерушісі доц. Г.П.Шибаев басқарды.
К.А.Азнаметов 1957 жылы Алматы мединститутын бітіргеннен кейін жолдама бойынша Көкшетау облысына жұмыс істеуге барған еді; облыстық ауруханада урологиялық бөлімшенің меңгерушісі болып жұмыс істеді. К.А.Азнаметов – жоғары дәрежелі уролог-хирург, оның еңбегі Халықтар достығыорденімен марапатталды, науқасынан сауыққан мыңдаған адамның алғысы мен құрметіне бөленді.
Оңтүстік Қазақстанда урологиялық көмек көрсетуде және урологиялық қызметті дамытуда урологтар м.ғ.к. А.А.Песин, А.И.Якимиди баға жетпес үлес қосты. Шымкентте облыс орталықтарының арасында бірінші болып уронефрологиялық орталық ұйымдастырылып, гемодиалық бөлімшесіне дәрігер А.Н.Иванаев басшылық жасады. Қазіргі уақытта Оңтүстік Қазақстан облысының урологиялық қызметін м.ғ.д. М.О.Бәйдібеков басқарды.
Ақтөбе облысында урологиялық қызмет Ақтөбе мединститутының урологиялық клиникасы негізінде дамыды. Облыстың урологиялық қызметінің ұйымдастырушылары дәрігерлер Б.О.Жарбосынов, С.Л.Жолковский, А.Ф.Рейфман, Б.В.Тарасенко, Л.Л.Забелина болды. Ақтөбе ММИ урологиялық клиникасының алғашқы басшысы, доцент Л.А.Гинзбург болды (1963 – 1973 жж.). 1974 – 1994 жж. бойында Ақтөбе ММИ урологиялық клиникасын проф. Е.С.Мәмбеталин басқарды, бұдан кейінгі жылдарда облыстың урологиялық қызметін доцент О.М.Құрманғалиев, м.ғ.д. Ж.Д.Жұмағазин басқарып келеді.
Ақтөбе ММИ урологиялық клиникасының басым ғылыми бағыты атап айтқанда хромдық интоксикация кезіндегі урологиялық патологияның экологиялық аспектілерін талдап-зерттеу болды.
Қазақстанның шығыс аймағында (бұрынғы Семей, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары) урологиялық қызметтің дамуы көбіне 1956 жылы Семей мединститутының урология курсының ашылуымен байланысты болды. Оны әр түрлі уақыт кезеңдерінде доценттер м.ғ.к. Мальков А.С., Шницер Л.Я, Ташиев Ю.С. басқарды. Соңғы 15 жыл бойында урология курсына доцент А.А.Пестерев жетекшілік етті. СММИ урологиялық курсының басым бағыты пластикалық уралогияны дамыту болды. 1958 жылдан бері қуықтың экстрафиясы кезіндегі пластикалар ойдағыдай жасалып келеді. 1962 жылдан бері тотальдық цистэктомиядан кейінгі қуықтың ішектік пластикасы, несепағар сағаларының эктопиясы кезіндегі уретероцистропластика, несеп шығару өзегінің стриктуралары кезіндегі уретропластика сәтті жасалуда. 1993 жылдан бері СММИ-дің урология курсын доцент Е.Р.Жиенбаев басқарады, бұрынғы Семей облысының бас урологы С.Т.Әбуов болып келеді.
Ақмола облысында урологиялық көмектің дамуының бастамасы деп 1961 жылы алғашқы урологиялық қабылдаудың ашылуын, ал 1964 жылы 20 орны бар алғашқы урологиялық бөлімшенің (меңг. Л.М.Ким) ашылуын айтуға болады. 1972 жылы 40орны бар урологиялық бөлімшені м.ғ.к. А.Я.Циркин басқарды, 1982 жылдан бөлімшеге В.А.Чичеров басшылық жасап келеді.
1967 жылы Ақмола ММИ-інің жанынан доценттік урология курсы жұмыс істеді (меңгерушісі – доц. Д.А.Ағзамов), 1997 жылдан уралогия курсына доцент Е.Д.Еңсебаев басшылық жасап келеді.
Алматы ММИ-інің урология кафедрасын 1975 – 1994 жылдар аралығында профессор Б.О.Жарбосынов басқарды, әр жылдары кафедрада доцент Т.А.Алферов, доцент А.Т.Тоқсанбаев, доцент И.Г.Фейгин, доцент К.М.Бишманов, ассистенттер Е.Р.Ақышев, Б.У.Шәлекенов, С.М.Құсымжанов жұмыс істеді.
Алматы ММИ урология кафедрасының негізінде 1985 ж.андрология лабораториясы ұйымдастырылып, оның қызметкерлері Б.У.Шәлекенов, М.К.Алшынбаев, С.М.Құсымжанов, А.И.Ізбасаров, Н.В.Меркушева, Р.Х.Ақназарова және басқалар болды.
Алматы ММИ урология кафедрасының республикалық урология орталығының базасында Қазақ КСР Мин. Кеңесінің 1990 жылы 14 желтоқсандағы № 4847 қаулысының негізінде Урология Ғылыми – Зерттеу Институтының ашылуы Қазақстанда урология ғылымының дамуындағы жаңа белес болды. Урология ғылыми-зерттеу институтын ұйымдастырудың бастамашысы, негізін салушы, институттың тұңғыш директоры академик, профессор Б.О.Жарбосынов, директордың орынбасары м.ғ.д. К.А.Мәжібаев (1991-1994жж), доцент Б.У.Шалекенов (1991-1996жж.) болды.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министірлігі Урология ҒЗИ ТМД мемлекеттеріндегі төртінші ғылыми-зерттеу институты болып табылады; оның алдында Урология ҒЗИ Грузияда (Тбилиси қ.), Украинада (Киев қ.), РСФСР-де (Мәскеу қ.) ашылған болатын.
ҚР Үкіметінің 1996 ж. 11 қарашадағы №1367 қаулысымен ҚР ДМ Урология ғылыми-зерттеу институты оның негізін салушы Академик Б.О.Жарбосынов атындағы Урология Ғылыми Орталығын профессор М.К.Алшынбаев басқарады; ол ҚР ДМ бас урологы, С.Д.Асфендияров атындағы Алматы медицина университетінің урология кафедрасының меңгерушісі. Қазіргі мезгілде директордың орынбасарлары болып м.ғ.д. профессор Е.Қ.Сәрсебеков (1996 жылдан), м.ғ.д. профессор Е.С.Мәмбеталин (1994 жылдан) қызмет атқаруда.
1996 жылдан бері республика урологтарының ғылыми қоғамын проф. Е.С.Мәмбеталин басқарады. Алматы мемлекеттік дәрігерлердің мамандығын жетілдіру институтының урология кафедрасы 1995 жылы ҚР ДМ Урология ғылыми-зерттеу институтының постдипломдық оқыту бөлімі болып қайта құрылды (бөлім меңгерушісі проф. Б.У.Шәлекенов).
Урология ғылыми-зерттеу институтының құрылысы мен ұйымдастырылуына, оның республиканың жетекші емдеу және ғылыми орталығы болып қалыптасуына оның тұңғыш бас дәрңгері, институттың негізін салған академик Б.О.Жарбосыновтың серігі, жоғары дәрежелі уролог И.С.Халыков орасан зор еңбек сіңірді.
Соңғы он жылда (1987-1997 жж.) дәрігер-кадрлар одан әрі кемелденіп, мамандандырылған урологиялық орындар көбейе түсті. 1987 жылы республикада мұндай орын саны – 2320, 1992 жылы – 2560 болған еді; одан бергі жылдарда денсаулық сақтау саласындағы реформаға байланысты орын саны 2286 болып кеміді. Уролог-дәрігердің саны 1991 жылы 433 болса, 1996 жылы 446 болды.
Урологиялық көмекті ұйымдастыру мен жетілдірудегі, урологиялық бөлімдердің орын қорын арттырудағы, уролог-дәрігерлер даярлаудағы қол жеткен жетістіктерде республикамыздағы облыстардың бас урологтарының, Қазақ темір жолы урологиялық қызметін ұйымдастырушыларының, республика үкіметі жанындағы емдеу басқармасы урология бөлімі қызметкерлерінің сіңірген еңбектері көп. Атап айтқанда олардың есімдерінің қатары Р.Н.Гизитдинов (Алматы қ.), В.С.Стекольников (Алматы қ.), Ю.Г.Козловский (Алматы қ.), республикалық еңбек сіңірген дәрігерлері доцент Ш.И.Ысқақбаев, Б.И.Коган (Алматы қ.), К.С.Смадияров м.ғ.к. Нұрбердиев (Атырау қ.), Н.К.Құрманов, Г.З.Хайрлиев (Ақтау қ.), Б.Қ.Омаров (Қызылорда қ.), Б.К.Шыныбаев (Алматы обл.), Н.Р.Сүлейманов (Алматы қ.), Ш.Сүлейманов, Н.Е.Бейсенов (Тараз қ.), М.Б.Жанұзақов (Арқалық қ.), Л.Н.Гольцова (Қостанай қ.), С.П.Лысенко, Р.М.Қыстаубаев (Павлодар қ.), С.В.Гайлевич, В.С.Шарапов (Өскемен қ.), Н.Ізбасаров, М.А.Ахметжанов (Талдықорған қ.), Н.Х.Хамзин (Жезқазған қ.) болып жалғасады.
Денсаулық сақтау саласының нарықтық экономикаға өту кезеңінің қиыншылықтарына қарамастан, Қазақстан Республикасындағы урологиялық қызмет пен урология ғылымының болашақ ХХІ ғасырда одан әрі ойдағыдай дамуына объективті алғышарттар жеткілікті.
#Қазақстан #урологиялық #қызметінің #тарихы