Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңы слайд,презентация — Қазақ тілі
Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңы слайд,презентация
1 тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
диаспора — өзiнiң тарихи шығу тегiнен тысқары елде тұрып жатқан халықтың бiр бөлiгi (этникалық қауымдастық);
ономастика — тiл бiлiмiнiң жалқы есiмдердi, олардың пайда болуы мен өзгеруiнiң тарихын зерттейтiн бөлiмi;
орфография — дұрыс жазу ережесi, сөйленген сөздi (сөздер мен грамматикалық тұлғаларды) жазбаша беру тәсiлдерiнiң бiрiздiлiгiн белгiлейтiн ережелер жүйесi;
топонимика — ономастиканың географиялық объектiлердiң атауларын, олардың пайда болуы, өзгеру, қолданылу заңдылықтарын зерттейтiн бөлiмi;
транслитерация — бiр графикалық жүйедегi мәтiндер мен жекелеген сөздердi басқа графикалық жүйенiң құралдарымен әрiппе-әрiп арқылы беру.
терминологиялық комиссия — экономиканың, ғылымның, техниканың, мәдениеттiң барлық салалары бойынша қазақ тiлiнiң терминологиялық лексикасы саласындағы ұсыныстарды әзiрлейтiн консультативтiк-кеңесшi орган;
ономастикалық комиссия — географиялық объектiлердiң атауына және олардың атауларын өзгертуге бiрыңғай көзқарас қалыптастыру, топонимикалық атауларды қолдану мен есепке алуды ретке келтiру, Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасының құрамдас бөлiгi ретiнде тарихи атауларды қалпына келтiру, сақтау жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлейтiн консультативтiк-кеңесшi орган;
уәкiлеттi орган — тiлдердi дамыту саласындағы бiрыңғай мемлекеттiк саясатты iске асыруға жауапты орталық атқарушы орган.
Қазақстан Республикасындағы тiл туралы 1997 ж. 11 шiлдедегі № 151-I Қазақстан Республикасының Заңы 2008.21.11.
Осы Заң Қазақстан Республикасында тiлдердiң қолданылуының құқықтық негiздерiн, мемлекеттiң оларды оқып-үйрену мен дамыту үшiн жағдай жасау жөнiндегi мiндеттерiн белгiлейдi, Қазақстан Республикасында қолданылатын барлық тiлге бiрдей құрметпен қарауды қамтамасыз етедi.