Қазақстан өнеркәсібі слайд,презентация — География — Презентация на казахском языке — Қазақша презентация
Қазақстан өнеркәсібі слайд,презентация
Өнеркәсіп – ұлттық экономиканың шикізат, отын, энергия өндірумен, ағаш өнімдерін дайындаумен, өнеркәсіп және ауыл шаруашылық шикізатын өндіріс құрал-жабдығы мен тұтыну заттарына өңдеумен (қайта өңдеумен) айналысатын кәсіпорындарды (зауыттарды, фабрикаларды, кеніштерді, шахталарды, электр стансаларын, т.б.) біріктіретін аса маңызды саласы. Екі үлкен топтан – 1) өндіруші өнеркәсіптен – мұнай, газ, көмір, шымтезек, тақтатас, тұз, қара және түсті металл кентастарын, металлургия үшін кентасқа жатпайтын құрылыс материалдарын өндіру, ағаш дайындау, энергетикалық шикізат алу, т.б.; 2) өңдеуші өнеркәсіптен – қара және түсті металдар, қақтама, машиналар мен жабдықтар, химиялық өнімдер, цемент және басқа құрылыс материалдарын, ағаш өңдеу, жеңіл өнеркәсіп пен тамақ өнеркәсіпі өнімдерін өндіру, өнеркәсіп бұйымдарын жөндеу, т.б. құралады.
Қазақстанда нарықтық экономиканың қалыптасуы барысында өнеркәсіптің түрлі салаларындағы кәсіпорындардың техникасы мен технологиясы, ұйымдастырылу деңгейі төмен екендігі байқалды. 20 ғасырдың 90-жылдары басталған экономикалық реформа нәтижесінде өнеркәсіп орындары мемлекет иелігінен алынып, жекешелендіріле бастады. 2003 жылғы мәліметке қарағанда, Қазақстан Республикасындағы барлық меншік нысандары бойынша кәсіпорындардың саны және олардың үлесі айтарлықтай өзгерді. Мемлекеттік меншіктегі кәсіпорындар саны 1184 (9,3%), жеке меншікте 11217 (88,3%), ал басқа мемлекеттердің (олардың заңды тұлғалары мен азаматтарының) меншігінде 306 (2,4%) кәсіпорын болды. Бірақ меншік нысандары бойынша өндірілген өнімнің (көрсетілген қызметтің) жалпы көлеміндегі өнеркәсіптік өндірістің құрылымы тиісінше 1,3; 82,1 және 16,5% болды.
Жаңа жағдайда өнеркәсіп орындары ірі, орта, шағын кәсіпорын және өнеркәсіптік қызметті жүзеге асыратын бейөнеркәсіптік кәсіпорын түрлеріне жіктелді. Сондай-ақ нарықтық экономиканың дамуы барысында ірі-ірі корпоративтік құрылымдар да қалыптасты. Олардың тұрпаттары алуан түрлі: ұлттық және мемлекеттік компаниялар (“Қазақойл”, “Қазтрансойл”, “Қазатомөнеркәсіп”, т.б.), мемлекеттік және жеке жобалармен жекешелендірілген акционерлік компаниялар (“Испат-Қармет”, “Қазақмыс” корпорациясы”, “Қазақстаналюминий”, “Өскемен титан-магний комбинаты”, “Маңғыстаумұнайгаз”, “Ақтөбемұнайгаз”, “Қазхром” ҰАҚ”, т.б.), нарықтың дамуы барысында пайда болған жеке компаниялар (“Қазкоммерцбанк”, “ҚазақстанКаспийшельф”, “Тұран Әлембанк”, т.б.), ұлтаралық компаниялардың Қазақстандағы бөлімшелері (“Теңіз Шевройл”, “OKІOK”, “PeтроҚазақстан”, “Алматы темекі фабрикасы”, “Қазхром” “ҰаҚ”, т.б.) мен өкілдіктері (“АВВ LTD” – электротехикалық жабдықтар өндіретін компания, “PGS Onshore” – мұнай барлау, геофизикалық қызмет компаниясы, т.б.).