Қазақша тақпақ: Төрт түлік (Жылқы, Түйе, Қой, Сиыр)
Қой
Қой баласы қоңырым,
Қойдан жуас момыным.
Шопан ата түлегі
Қошақаным қайдасың.
Түйе
Тарпаң — тарпаң тайлағым,
Ботақаным, маймағым.
Қара — көзің мөлдіреп,
Жібек жүнің желбіреп
Желк — желк етіп желесің
Енеңе еріп келесің.
Түйе, түйе, түйелер
Тұзың қайда,түйелер
Балқан таудың басында
Балдыр қоян қасында
Еніп кеттім егіске
Қойным толды егіске
Жемісімді жерге бердім
Жер жусанын берді
Жусанын мен қойға бердім
Қой маған қошақаным берді.
Жылқы, Құлын
Құлдыр — құлдыр құлыншақ,
Тынымсыз бір ұрыншақ
Ұршықтай боп бұлтылдап
Жұмыр, жоның жылтылдап.
Құлыншақ, құлыншақ,
Шапқылайсың даламен.
Дос болсайшы құлыншақ,
Мен сияқты баламен.
Бұзау
Томпаң — томпаң торпағым
Шошаладан қорқағым
Сүзісуге батырым
Жарысуға шорқағым.
Тентек болма, ақ бұзау,
Еріншек болма, ақ бұзау.
Кең далада сенімен,
Жарысып мен жүгірем.
Сиыр
Көк сиыр бұзау туғанда,
Қамап қойдық қораға.
Көк сиыр тұрды мөңіреп,
«Қайда менің балам», деп.