Қазақша сценарий: Ұстаздар күніне арналған қойылым — Сценарилер — Bilim
Ұстаздар күніне арналған қойылым
Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы №31 орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Оразбаева Гүлсайран Кенжеғазықызы
Сахна сыртынан Ұстаз туралы өлең оқылады
Данышпан да, дана да оқып сенен,
Атақ-даңқын асырды бар әлемнен.
“Ұстаз” деген аяулы, асыл жанды,
Жақсы көрем, арнаймын жақсы өлең!
Жүргізушілер шығып:
1- жүрг. Армысыздар, бармысыздар, Қош келдіңіздер, Құрметті де аяулы ұстаздар!
2-жүрг. Ұстаз деген – жарық күні ғаламның,
Ұстаз деген – анасы ол адамның.
Бүкіл әлем мойындайды еңбегін,
Сен де одан адам болып жаралдың.
Ұстазыңды түсінген сен тереңнен,
Бар әлемге еңбегімен еленген.
Сенің бағың өрге қарай өрлесе,
Ол да бірге қуанышқа кенелген.
Сол арқылы сен де өмірді жалғадың,
Ізгі іс қой, ұстаз тілін алғаның.
Мақтау алсаң ұстаздардың алдында,
Ол өзіңнің орындалған арманың.
Ұстаз сөзін айтып жүрдік ән қылып,
Одан басқа жүрген кім бар жанды ұғып.
Ұстаз деген – ұлылардың ұлысы,
Қасиеті бас иелік мәңгілік!
1- жүрг. Аружан, Бүгін бізде үлкен мереке. Бүгін ұстаздар қауымының төл мерекесі. Олай болса бүгінгі күн ұстаздарға арналмақ. Ұстаз -ұлағатты есім. Күн сәулесі өмірге қандай жарық берсе, ұстаз есімі де шәкірттерге күндей жарық береді.
Ақырын жүріп анық бас.
Еңбегің кетпес далаға
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға, – деп Абай атамыз айтқандай, шәкірттерінің өзінен озғанын калаған ұстаздар қауымы, мерекелеріңіз құтты болсын!
II жүргізуші: Денсаулықтарыңыз мықты болсын, шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын, біздей шәкірттеріңіз көп болсын!
БІРГЕ: Мерекелеріңіз құтты болсын!
Ән. …………………………………………………………………………………………………..
1-жүргіуші: Сен қалай ойлайсың, Аружан? Менің ойымша, кез-келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Себебі ұстаздық-өнер, тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез-келген адамға қона бермейді. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген сөз тегін айтылмаса керек.
2-Жүргізуші: Әдемі, мен осы сөзің дәлелді бола түсу үшін мына жыр шумақтарын қосайын. Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы –
деп ақын Ғафу Қайырбеков ағамыз жырлағандай, біздің мектебімізде сөзі маржан, үні ән ұстаздардың бар болғанын мақтаныш етемін. Әрине, ұстаз жүгі–ауыр жүк. Адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу – бұл нағыз шеберлік емес пе?!
1-Жүргізуші: Ендеше, Ұрпақпен өмір жолы жалғанады,
Көңілді күндер тусын алдан әлі
Ән-шашу әсем әуен, түрлі өнер,
Бүгінгі күн сіздерге арналады.
Ұстаз туралы ән сіздерге арналады, аяулы ұстаздар, қабыл алыңыздар! (видеоролик)
Алдарыңызда «Ұстазым менің» әнімен Рахманберді Фарида.
2-жүрг.
Күллі өмірін жеткіншекке арнаған
Мұғалімді ардақтайды барша жан
Ол мектептен шықпаса да қыс- жазы,
Жемісі оның жердің жүзін шарлаған
Бала десе ойламайды өз қамын
Керсем дейді күнге де кол созғанын
Шәкірттерін өзінен де озғанын.
1- жүрг.
Ұстаздар! Қандай ғажап халықсыздар!
Шәкіртке шыңдай биік алыпсыздар.
Жан біткен жанарына нұр сыйлаған,
Күндей боп күлімдеген жарықсыздар.
2-жүрг. Әдемі, екеуміз ұстаздар туралы нақыл сөздер айтып жарысып көрсек қайтеді?
1-жүргізуші: Ал ендеше баста.
2-Жүргізуші: «Ұстаз болу-өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау»,
1-Жүргізуші: «Ұстазға қарап шәкірт өседі»
2-Жүргізуші: «Аспаз көрген ат таныр, ұстаз көрген хат таныр»
1-Жүргізуші: «Ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла»
2-Жүргізуші: «Ұстазы жақсының-ұстамы жақсы»
1-Жүргізуші: Аружан, екеуміз Ұстаз туралы қанша мақтау сөз айтсақ та тауыса алмаспыз. Ендеше, қымбатты ұстаздар, шәкірттеріңіздің өздеріңізге арналған өлең-шумақтарына кезек берелік.
1-оқушы:
Әр сабағың өтіп жатыр білінбей,
Перне басқан оркестрдің үніндей
Әр баланың жүрегіне жол тауып,
Тұрасың сен, дирижер боп күлімдей.
Әр сабаққа кіресің сен сыйынып,
Жыр оқисың нөсер болып құйылып
Қас-қабағын қалт жібермей шәкірттің,
Қарайсың-ау нұр жүзіне сүйсініп
Жалын атып, от боп, бірге жанасың,
Білім беріп, содан бақыт табасың
Бар өмірің өрнектеліп баламен,
Жасарып бір мәңгі жас боп қаласың.
2-оқушы:
Мұғалімді анамдай жақсы көрем,
Қиналамын қымбат теңеу таба алмай
Өз баласын тастап кетіп үйіне,
Ел баласын оқытады, ой Алла-ай.
Мұғалімді жақсы көрем сезімтал,
Үлгі етемін өнегелі сөзін бал
Мұғалімнің мұғалімін танимын,
Көкіректе көретұғын көзім бар.
3-оқушы:
Ұстаздарға мың алғыс
Алғыстарым көп менің,
Асыл анам, мектебім!
Үйреткені адалдық,
Ұсынғаны адамдық,
Текті мінез, даналық
Бар ұстазға тілейміз:
Бақыт, табыс, амандық!
4-оқушы:
Мұғалім—ұстазысың балалардың,
Болашақ ғалымдардың, даналардың
Өмірде сенің алар орыныңды
Бәрі де жеткізе алмас бағалардың
Өткізіп өз алдыңнан талай бала,
Бойына құйдың ақыл , ой мен сана
Сарп етіп сан жылдық еңбегіңді,
Ақылшы, тәрбиеші, болдың аға
Атағым Алатаудай болып биік,
Тұрса да төбем өсіп көкке тиіп
Алдыңда әрқашанда тағзым етіп,
Тұрармын «Ұстазым!» деп басымды иіп.
1 жүргізуші:
Табан тіреп төзгенсің қанша ауырға
Тарап демде кетеді шаршауың да
Бал-бұл жанған балғын жүз, жәудір көздер
Тұрғанында солардың қоршауында
2 жүргізуші:
Қиындықта кезіксең көп асу да
Қанша терің төгіліп жол ашуға
Сен шәкірттің ұстазы болмайсың тек,
Сен өмірдің ұстазы боласың да!
1 жүргізуші: «Ұстаз» ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор.
2 жүргізуші: Ия, ұрпаққа айтар ақылы, көрсетер өнегесі бар, аналық, әкелік сезімнің, дана ойдың ыстық лебі бар аға ұрпақ өкілдері, мектептің жүрегі ардагер ұстаздарымыз ортамызда отыр. (қонақтарды таныстырады)
1 жүргізуші: Құрметті қонақтар, сіздер салып кеткен сара жол-ұстаз жолы – ұлы жол. Өткен жолдарыңызға көз жіберіп, еске ала отырып, өздеріңізге бірнеше сұрақ қоюға рұқсат етіңіздер.
1 қонаққа сұрақ: Ұстаздық өмірге қалай келдіңіз? Жүрек қалауымен бе, әлде осы мамандықты таңдауға себепші оқиға немес бір жағдай болды ма?
2 қонаққа сұрақ: «Ұстаз болу жүректің батырлығы» дейді, осы ұстаздық қызметті таңдауда батырлықпен қандай қасиет адам бойынан табылу керек деп ойлайсыз?
3 қонаққа сұрақ: Кешегі өзіңіз еңбек еткен мектебіңізден қандай өзгерістерді байқадыңыз? Мектебіңізге айтар тілегіңіз?
Сіздерге көп рахмет, аяулы да мейірбан ұстаздар. Өздеріңізге арналған шағын сыйымызды қабыл алыңыздар.
2-жүргізуші: Ұстаз-шәкірт алдында сыйлы адам. Ұстаз жайлы айтылар сыр да, жыр да көп. Ұстаз сенімін ақтау-адамгершіліктің белгісі. Мұғалімнің жүрегі соғып тұруы үшін: жауаптылық, қажырлылық,, білімділік, жүректілік, сүйіспеншілік, сабырлылық керек екен.
1-жүргізуші: Шәкірттер санасына сәуле шашып, шырақ отын маздатқан ұстаздар қауымына ақ лебіз, жылы тілегін білдіру үшін ортамызға мектебіміздің басшысы Айнұр Сәнібекқызын шақырамыз.
2-жүргізуші: Асыға сәлем жолдап жүректен біз
Бірге өсіп ен жайлаған ұл менен қыз,
Тәтті күй, асқақ ән мен әсем биді,
Сіздерге тарту етіп ұсынамыз,-дей келе алдарыңызда мектебіміздің мың бұралған бишілерін ортаға шақырамыз.
ӨЗБЕК БИІ орындайтын………………………………………………………………………………….
1- Жүргізуші:
Қазақта жақсы сөз бар, «Әзілің жарасса атаңмен ойна» деген, ендеше сахна төрінен ұстаздар өмірінен аздап әзілге орын берсек.
Әзіл – қалжың отауы. ҰСТАЗДАР ӨМІРІНЕН.
Мұғалімдер кім болуды армандайды?
Мұғалімдер әсте әртіс, жазушы, сот, бастық, сылақшы, майлаушы, немесе еден сыпырушы болуды армандамайды. Өйткені:
-Әр мұғалімнің жұмыс бөлмесі, отыратын жұмыс үстелі, қармағында 30-40 оқушысы бар, кішігірім бастық емес пе? Ашса алақанында, жұмса жұдырығында, – дегендей ұрыс, төбелес жөніндегі бала мен ата-ана дауын да бір өзі шешіп отырады.
-Әр мұғалім өз сабағының шебері, яки режиссері, көбінесе басты рөлде де өзі ойнайды. Әртіс демей көр, кәне. Көпшілік көрініске де өзі қатысады.
-Бір тыным жоқ. Кабинет тазалығы да өз мойнында. Демек, майлаушы да өзі, сылаушы да өзі. Безендіруші де өзі.
-Жазушыларға келер болсақ, тіпті кейбір жазушыларыңыз да, мұғалім құсап күнде жазуға отырмас.
-Соңғы кезде бухгалтер мен кассир де өздері.
Ұстаздарымыз сан алуан қосымша мамандықтар меңгеруде. Ендеше қай мекемеге қандай мамандық иесі өте зәру болса, 2-3 айлық жазғы демалыс кезінде біздің ұстаздарды шақыруларыңызға болады.
Неге бармайсың?
Баласы шешесіне айтады:
— Мен енді мектепке бармаймын!
— Неге бармайсың?
— Сол … Асанов таспамен оқ атады, Сотқаров оқулықпен басымнан ұрады, тағы біреуі аяғымен шалады… Бармаймын!
— Жоқ, балам, сен қайткенде де баруың керек. Біріншіден, жасың қырықтағы адамсың, екіншіден, мектеп директорысың.
“Суретші”
Мұғалима Асанның әкесіне шағым айтады:
— Кеше сабақта сіздің ұлыңыз партаға шыбынның суретін салып қойыпты. Мен оны шын екен деп қолымды ұрып алдым.
— Сіз оны айтасыз, – дейді әкесі. -Бірде ол ваннаға крокодилдің суретін салыпты. Зәрем ұшқаны сондай, тұра қашамын деп қабырғадағы есіктің суретіне соғылдым.
* * *
Мұғалім:
— Картадан Ертіс өзенін көрсет.
Асан:
— ???
Мұғалім:
— Картадан Ертіс өзенін көрсет.
— Асан:
— ???
— Мұғалім:
— Неге көрсетпейсің, үнсіз қалдың ғой?
Асан:
— Мұғалім, картада ағып жатқан өзен көрінбей тұр.
ТҮСІНДІРМЕ СӨЗДІК
Каникул – жылдың ең қысқа күндері.
Күнделік – үлкендерге көп көрсете бермейтін құпиям.
Математика – мен түгіл әкемнің де тісі бата бермейтін “жаңғақ”.
Дос – бақылау жұмысында дәптеріне жазғандарын бақылатып отыратын я қыз, я ұл.
Сабақ – үзілісті зарықтыра күттіретін 45 минут.
Спорт секциясы – әжеме айтатын басты сылтауым.
“Апайға айтам” – қыздардың негізгі қаруы.
1- Жүргізуші: Әдемі, Мұғалімдер бізден емтихан алғанды жақсы көреді, осы сәтті пайдаланып, біз де ұстаздарымыздан сынақ алып көрсек қайтеді?
1- жүргізуші: Сен сонда ұстаздарымызбен орнымызды ауыстырып көрсек қайтеді дегің кеп тұр ма?
2- Жүргізуші: Иә, иә, тура солай, бүгін ұстаздар оқушы болсын, біз мұғалім болып емтихан алып көрейік.
1-Жүргізуші:
-ендеше тыныштық сақтаңыздар! Мұғалімдерге арналған емтиханымызды бастаймыз. /Мұғалімдерге шарлар үлестіріледі. Әр шардың ішінде сұрақтар бар. Мұғалімдер шарды жарып, сұрақтарға жауап беруі керек/.
Сұрақтар:
1. Домбырада – жетеу, сырнайда – алтау, қобызда бесеу. Бұл не? /әріп/
2. Бұл санда қанша әріп бар болса, сонша сан бар. Ол қай сан? /Жүз/
3. Жел соққанда тау ық бола ма? /Ық болады/
4. Теңізде қандай тас болмайды? /Құрғақ/
5. Ертістің ортасында не бар? /Т әріпі/
6. Өзі судан шығады, бірақ судан қорқады. Бұл не? /Тұз/
1-Жүргізуші:
Енді, ұстаздар, кезек-кезек билет алыңыздар. Сол билеттегі сұрақтарға дұрыс жауап берулеріңізді сұраймыз.
№1 билет. Сыныпта сіз үшін ең сүйікті оқушы болу керек пе?
№2 билет. Сабақта ұйықтап қалған оқушыны оятасыз ба?
№3 билет. Сабаққа жиі кешігіп келесіз бе?
№4 билет. Ата-аналарға балалардың тәртібі туралы хат жазасыз ба?
№5 билет. Сабақта анекдот айтқан кезіңіз болды ма?
Көп рахмет сіздерге, ұстаздар! Барлығыңыз да емтиханнан сүрінбей өттіңіздер.
2-жүргізуші:
Жақсы жандар жанымызда әрқашан
Ұлағатты сөзін биік ұстаған
Ардақты ұстаз асыл анаң секілді
Тәрбиелейді балапандай жасыңнан
1-жүргізуші:
Ұстаз мейірі-Ана мейірімі пара-пар,
Тұла бойға қуат болып таралар
Көп жасаңдар бұл өмірде шуақ боп,
Айналайын білім берген ұстаздар.
2-жүргізуші:
Ұстаз мектепте ұстаз болса, отбасында ол -аяулы ана. Ана туралы ән сіздерге арналады, аяулы ұстаз-аналар!
Ана туралы ән. Орындайтын …………………………………………………………………………..
1-Жүргізуші:
Мұғалім, ғазиз мұғалім—
Төгілген арай, шуағым
Арманым қонса, қолыма,
Арқаң деп сенің ұғамын
Мұғалім, ғазиз мұғалім—
Сарқылса мәңгі бұлағым
Ұланың бүгін тойыңда
Арнайды саған бұл әнін.
Ән «Ұстазыма» орындайтын ……………………………………………………………
2- Жүргізуші:
«Ұстаз» деген ардақты, киелі, үлкен құрметпен айтылатын сөз, ол әр адамның жастайынан сауатын ашатын, өнеге үйретіп, тәрбие беретін «Білім» атты кемеге отырғызып, болашаққа жол көрсететін, анаңдай әлпештеп, маңдайынан сипайтын адам.
Білдіріп шәкірттердің ақ ниетін,
Ұстаздың алып жүрген атын еркін
Біз сізге өлеңнен өріп ұсынамыз,
Жүректің алғысы мен рақметін.
Оқитын …………………………………………………………………………………………..
1-Жүргізуші: Аружан, Мен саған жұмбақ жасырайын, табасың ба?
2-Жүргізуші: Жасырып көр
1-Жүргізуші: Бір сандық бар өзгеше,
Қасыңа алып жүресің.
Ішін ашып ақтарсаң
Өмір сынын білесің.
Ол не? /Кітап./
2-Жүргізуші: мм, (сәл ойланады) иә, бұл, меніңше, кітап қой
1-Жүргізуші: Иә, дұрыс таптың. Ендеше сен кітап туралы не білесің?
2-Жүргізуші: Кітап-біздің ақылшы досымыз, барлық білім, ғылым кітапта. Оны неге сұрадың?
1-Жүргізуші: Иә, дұрыс айтасың. Кітап туралы сұрауымның себебі, біздің арамызда сол кітапқа немқұрайды қарап, таза ұстамайтын оқушыларымыз да бар екен.
2-Жүргізуші: Ендеше сондай балалардың қолына түскен кітаптардың мұңын тыңдап көрелік.
Көрініс. Кітаптар мұңы
Автор:/Мектептің отын қоймасы. Бір құшақ кітапты әкеліп тастай салды. Есік жақтағы бір кітап басын көтеріп қарап қояды. Ыңырсыған дауыстар/.
1.Қазақ әдебиеті:-Ей, /жанындағысын түртіп/ тұрсаңшы, қайда келдік?
2.Дүние жүзі тарихы: -Ойбай, басым! Мазамды алмашы, бүйткен тіршілігі құрысын! Мұнан да парақтарымның пәре-пәресін шығарып, желмен ұшырып жібергені жақсы еді.
1.Қазақ әдебиеті: -Не болды? Жалғыз сенің басыңа келген қасірет қой дейсің бе? Көтер басыңды. Кімсің өзің? Сыртың бүп-бүтін ғой.
2.Дүние жүзі тарихы: -Сыртымды қайтесің? Сыртым бүтін болғанмен, ішім түтін. Мен үшін авторлар түн ұйқысын төрт бөліп қанша қызмет етті, баспа қызметкерлері әр әрпімді жекелей теріп көз майын тауысты. Сонда кім үшін? Балалар оқысын, сауатын ашсын, адам болсын деген ізгі ниеті еді ғой бәрінікі.
3.Табиғаттану: -Иә, достар, менің де күнім сендердікіндей. Мен де қолымнан келгенше бойымдағы білімімді беріп, балаларды адамгершілікке, парасаттылыққа, өз жерінің табиғатын тануға тәрбиелеуге тырыстым, бірақ Адырбай деген бала мені әбден шимайлап, жыртып, қорлады.
1.Қазақ әдебиеті: -Біздің де оңып тұрған жеріміз жоқ, әріптестерім. Енді мұңдас болдық. Мен де Сотқарбай деген баланың қолына түстім. Әдепкіде оқулық болып, мектеп босағасын аттағаныма қуанып едім. Оным көпке бармады. Сотқарбай көзімді бақырайтып қойып, суретімді сиямен бастырып, сызып тастады.
2.Дүние жүзі тарихы: /асығып, тұтығып/ -Әуелі көтеріп жүруге ауырсынды ма, кейде өзіне керекті бір беттерімді жыртып алатынды шығарды. Оқу жылы аяқталған күні мектеп ауласында доп қылып тепкілеп, сілікпемді шығарды да, тастап кетті.
1.Қазақ әдебиеті: -Әріптестер, ең құрығанда кіші сынып оқушыларына неге жоғары сынып оқушылары айтып қоймайды екен?! Олар да кінәлі-ау!
4.Математика: -Дұрыс айтасыңдар! Менің оқушым үйінде парақтарымды жыртып алып, кептер жасап ұшырып ойнағанда, 10-сыныпта оқитын ағасы қой демеді-ау!
1.Қазақ әдебиеті: -Бірақ әр оқушы өз дүниесіне ұқыпты болу керек қой. Ондай ұқыпты балалар да жоқ емес. Бірақ олар Адырбай мен Сотқарбайларға ақыл айта алмай келеді.
2.Дүние жүзі тарихы: -Иә, иә, сен дұрыс айтасың. Менің өзім сияқты құрдасым болды. Ол екеуміз мектеп кітапханасынан бірге шықтық. Қызық болғанда, сыныпта да парталас болдық. Міне, оқушы деп оның иесін айт. Ондай баланың қолына түссең, арманың болмас, шіркін! Кітабына кір жуытпайды. Керек бетін белгілеу үшін, парағын қайтармайды, арасына қағаз салып қояды, сызбайды, сия тамызбайды. Оның кітабы су жаңа күйінде шықты.
3.Табиғаттану: -Енді бізді не істер екен? Әлде отқа тамыздық етер ме екен.
(Бәрі селк ете түсті. Бір сәтке үндері шықпай, іштен тынды.)
1.Қазақ әдебиеті: -Қой, мүмкін бір кәдеге жаратар. Қайтадан түптер.
4.Математика: /кекетіп/ -Түптер. Түптесе сені түптер, ал түптеуге келмейтін тұттай жалаңаш бізді қайтеді? Бізден енді оқулық шықпайды. Осы отырған бәріміз де жарымжанбыз.
2.Дүние жүзі тарихы: /басу айтып/ -Әріптестер, мен тарихты білсем, бізді фабрикада қайта жуып, тазартып, сиямыздан, бояуымыздан арылтып, баяғыдай ақ қағаз жасап, баспаханаларға жөнелтеді. Баспахана қайтадан кітап етіп шығарады. Тек келесі жолы ұқыпты оқушының қолына түссек екен деп тілейік.
Бәрі: -Иә, иә, соны айтсаңшы. Ылайым солай болсын. Бізді аялап ұстаса ғой.
/Бәрі үміттеніп кетеді/.
1-Жүргізуші: -Иә, балалар, кітаптардың мұңы, шынында да адам аярлықтай екен. Олай болса, кітапты күтіп ұстау – бәріміздің міндетіміз. Кітап біздің ақыл-ойымызды өсіреді, ғылым мен техниканың жаңалықтарымен таныстырады, өмірде не болып жатқанынан хабардар етеді. Білім бастауы болған кітапты ұқыпты ұстау, оны жан досыңдай қадірлеуге әрқайсысың міндеттісіңдер. Кітап адамға қандай кезде де ақылшы, дос бола алады.
2-ЖҮРГІЗУШІ: Мерекемізді жалғастырайық. Ендігі кезекті қазақтың мақал-мәтеліне берсек. Бұл біздің мектебіміздің оқушыларына арналады. Сенің сүйікті мақалың қандай?
1-ЖҮРГІЗУШІ:
Менің ең сүйікті мақалым: Оқу-күрекпен құдық қазғандай / инемен
Мен шамасы дұрыс айтпадым-ау деймін. әріптер де, сөздер де бытырап, біртүрлі шашырап кетті ме, қалай?
Ендеше мен сендерді көмекке шақырайын, менің айтқан мақал-мәтелдерімді түзетуге көмектесіңдер.
1. Қына басқа бітеді / тасқа
Білім шашқабітеді /басқа
2. Біліп тұрсаң да, сұрама / сұрап ал
3. Аз біл, көп сөйле /Көп біл, аз сөйле
4. Көрмес – шошқаны да көрмес /түйені
5. Өнер алды – ұзын тіл /қызыл тіл
6. Жығылып жатып, жығылғанға күлме /сүрінгенге
2 — Жүргізуші:
Қадіріңді кезінде
Білмепті ғой ұланың.
Қазір әрбір сөзіңе,
Елеңдейді құлағым.
Бірдей етіп ұстадың.
Демей бізге бөтенсің.
Кейде акылын ұстаздың,
Сағынады екенсің.
Сол ұстазға жаны нұр,
Демек үлкен адаммын.
Есейсек де бәрі бір,
Баяғы шәкірт, балаңмын-деп қанша есейіп кетсек біз сіздерді ешқашан ұмытпаймыз.
1-Жүргізуші:
Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған, сондықтан ұлағатты ұстаздар сіздерге бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
/Көңілді күй, сахнаға оқушылар шығады, олар ұстаздарға біркелкі бас иеді/